4. Өнертабыс бірлігі талаптарын бұза отырып берілген өтінім бойынша өтінім берушіге оған тиісті хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай мерзім ішінде өнертабыстың қайсысы қаралуға тиіс екенін хабарлау және қажет болған жағдайда, өтінім құжаттарына нақтылаулар енгізу ұсынылады. Бастапқы өтінім материалдарына енген басқа өнертабыстар бөлектелген өтінімдермен ресімделуі мүмкін. Бөлектелген өтінімдердің басымдығы осы Заңның 20-бабының 5-тармағына сәйкес белгіленеді.
Егер өтінім беруші өзіне өнертабыс бірлігі талаптарының бұзылғаны туралы хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай мерзімде өнертабыстардың қайсысын қарау қажет екенін хабарламаса және нақтыланған құжаттарды табыс етпесе, формулада бірінші көрсетілген объектіні, сондай-ақ онымен өнертабыс бірлігі талаптарын қанағаттандыратындай байланыстағы басқа да өнертабыстарды қарау жүргізіледі.
5. Егер сараптама нәтижесінде өтінімнің өнертабыстар ретінде қорғалатын объектілерге жататыны, құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкес келетіні анықталса және өтінім осы баптың 1-тармағына сәйкес жергілікті жаңалық және өнеркәсіптік қолданымдылық шартына жауап беретін ұсынысты сипаттайтын болса, өтінім берушімен келісілген формуладағы инновациялық патентке сараптама жасау ұйымының оң қорытындысы беріледі.
Сараптама жасау ұйымының қорытындысы негізінде уәкілетті орган өнертабысқа инновациялық патент беру туралы не оны беруден бас тарту туралы шешім шығарады.
6. Сараптама жасау ұйымының инновациялық патентке теріс қорытындысы:
1) егер өтінім өнертабыс ретінде қорғалмайтын объектіге қатысты;
2) егер өтінім беруші ұсынылған формулада өтінімнің бастапқы материалдарында жоқ белгілердің болуы туралы немесе өнертабыс ретінде қорғалатын объектіден басқа, өнертабыс ретінде қорғалатын объектіге жатпайтын ұсынысты да сипаттайтын немесе өнертабыс бірлігі талаптары бұзылуына байланысты оған қатысты қарау өткізілмегені туралы хабарланғаннан кейін өнертабыс формуласын өзгертпеген;
3) егер өтінім осы баптың 1-тармағына сәйкес жергілікті жаңалыққа және өнеркәсіптік қолданылымдық шартына жауап бермейтін ұсынысты қамтыған жағдайларда беріледі.
Өтінім беруші сараптама жасау ұйымының теріс қорытындысы жіберілген күннен бастап алты ай мерзімде оған қарсылығын уәкілетті органға бере алады. Қарсылықты апелляциялық кеңес ол түскен күннен бастап екі ай мерзімде қарауға тиіс.
7. Өтінім беруші өтінімді қараудың кез келген сатысында, сондай-ақ патент иеленуші және үшінші тұлғалар инновациялық патент беру туралы мәліметтер жарияланғаннан кейін техника деңгейін айқындау үшін ақпараттық іздестіру жүргізу туралы өтінішхат бере алады, өнертабыстың патентке қабілеттілігін бағалау онымен салыстырыла отырып жүзеге асырылуы мүмкін. Сараптама жасау ұйымы осы Заңның 6-бабының 3-тармағына сәйкес өнертабыстар болып танылмайтын объектілерге қатысты ақпараттық іздестіру жүргізбейді, бұл туралы ақпараттық іздестіру туралы өтінішхат беруші адам хабарланады.
8. Сараптама жасау ұйымы өтінім берушінің өтінімді қараудың кез келген сатысында берілген немесе үшінші тұлғалардың инновациялық патент беру туралы мәліметтер жарияланғаннан кейін берілген өтініш хаты бойынша, бірақ осы Заңның 5-бабының 3-тармағына сәйкес инновациялық патенттің қолданылу мерзімі ұзартылған жағдайда өтінім берілген күннен бастап үш жылдан кешіктірмей өтінімге мәні бойынша сараптама жүргізеді. Мәні бойынша сараптама өтінімге мәні бойынша сараптамаға тиісті ақысы төленген жағдайда, сондай-ақ егер өтініш хатты өтінім беруші жасаған болса, инновациялық патенттің күшінде болуын қолдау кезінде жүзеге асырылады.
Мәні бойынша сараптама осы Заңның 22-бабының 7-10 және 13-тармақтарында көзделген тәртіппен жүргізіледі.»;
12) 23-бапта:
тақырыптағы «модель өтініміне» деген сөздер «модельге патент беруге арналған өтінімге» деген сөздермен ауыстырылсын;
1-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Сараптама жасау ұйымына келіп түскен өтінім бойынша осы Заңның 18-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 1)-4) тармақшаларында көзделген құжаттардың бар екендігі тексеріледі, өтінім берілген күн белгіленеді. Егер өтінім осы Заңның 18-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 1)-4) тармақшаларының талаптарын қанағаттандырмаса, сараптама жасау ұйымы өтінім берушіге бұл туралы хабарлайды және жетіспейтін құжаттарды (мәліметтерді) осындай хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай ішінде табыс етуді ұсынады. Өтінім беруші сұратылған құжаттарды (мәліметтерді) белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда өтінім берілмеген болып есептеледі, ол туралы өтінім берушіге тиісті хабарлама жіберіледі.
Сараптама жүргізу барысында осы Заңның 18-бабының 2-тармағында көзделген қажетті құжаттардың бар екендігі және оларға қойылатын белгіленген талаптардың орындалуы тексеріледі, өтінімнің басымдық күні, мәлімделген ұсынысты пайдалы модель ретінде қорғалатын объектілерге жатқызу мүмкіндігі айқындалады, пайдалы модельдің бірлігі тексеріледі.»;
2-тармақта:
бірінші бөліктегі «ресми» деген сөз алып тасталсын;
екінші бөлікте:
«ресми» деген сөз алып тасталсын;
«патентке» деген сөз «пайдалы модельге патент беруге» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Сараптама жасау ұйымының қорытындысы негізінде уәкілетті орган пайдалы модельге патент беру не оны беруден бас тарту туралы шешім шығарады.«;
3-тармақтың бірінші бөлігіндегі «ресми» деген сөз алып тасталсын;
13) 24-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«24-бап. Өнеркәсіптік үлгіге берілетін өтінімге сараптама
1. Сараптама жасау ұйымы өнеркәсіптік үлгіге өтінім бойынша ресми сараптама және мәні бойынша сараптама жүргізеді.
2. Ресми сараптама жасау сатысында осы Заңның 19-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 4) тармақшаларында көзделген өтінім құжаттарының бар екендігі тексеріледі, өтінім берілген күн мен басымдық күні анықталады.
Өнеркәсіптік үлгіге берілетін өтінім құжаттарына қойылатын талаптарды бұза отырып ресімделген өтінім бойынша өтінім берушіге сауал жіберіліп, онда сауал жіберілген күннен бастап үш ай мерзімде түзетілген немесе жетіспейтін құжаттарды табыс ету ұсынылады.
Егер өтінім беруші белгіленген мерзімде сұратылған құжаттарды немесе белгіленген мерзімді ұзарту туралы өтініш хатты табыс етпесе, өтінім берілмеген болып есептеледі, ол туралы өтінім берушіге тиісті хабарлама жіберіледі.
Өнеркәсіптік үлгіге берілген өтінімге осы Заңның 21-бабына сәйкес қосымша материалдар табыс етілген кезде олардың өтінім берілген өнеркәсіптік үлгінің мәнін өзгертпейтіні тексеріледі.
Егер қосымша материалдарда өтінімнің бастапқы материалдарында жоқ белгілер болса, олар мәлімделген өнеркәсіптік үлгінің мәнін өзгертеді. Өтінімді қарау кезінде қосымша материалдардың мәлімделген өнеркәсіптік үлгінің мәнін өзгертетін бөлігі назарға алынбайды және оны өтініш беруші дербес өтінім ретінде ресімдей алады, бұл туралы өтінім берушіге хабарланады.
Ресми сараптама аяқталғаннан кейін ресми сараптаманың нәтижесі туралы өтінім берушіге хабарланады.
3. Ресми сараптама оң нәтижемен аяқталғаннан кейін сараптама жасау ұйымы өтінімге мәні бойынша сараптама жүргізеді.
Өтінімге мәні бойынша сараптама мәлімделген ұсыныстың өнеркәсіптік үлгі ретінде қорғалатын объектіге жатқызылуы мүмкіндігін анықтауды, көркемдік-конструкторлық шешім деңгейін айқындау үшін мәлімделген өнеркәсіптік үлгіге қатысты ақпараттық іздестіру жүргізуді, мәлімделген шешімнің осы Заңның 8-бабында белгіленген патентке қабілеттілік талаптарына сәйкес келетініне тексеру жүргізуді қамтиды және өтінімге мәні бойынша сараптамаға ақы төленгенін растайтын құжат ұсынылған жағдайда жүзеге асырылады.
Өтінімге мәні бойынша сараптамаға ақы төленгені туралы құжат ресми сараптаманың нәтижесі туралы хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай ішінде сараптама жасау ұйымына табыс етіледі.
4. Өтінімге мәні бойынша сараптама жүргізу кезеңінде сараптама жасау ұйымы өтінім берушіден онсыз сараптама жасау мүмкін болмайтын қосымша материалдарды, оның ішінде елеулі белгілердің өзгертілген тізбесін сұратуға құқылы.
Сараптама жасау ұйымының сұратуы бойынша қосымша материалдар сауал жіберілген күннен бастап үш ай мерзімде өнеркәсіптік үлгінің мәні өзгертілместен табыс етілуге тиіс.
Қосымша материалдарға өнеркәсіптік үлгінің мәнін өзгертетін бөлігінде осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіп қолданылады. Егер өтінім беруші сұратылған материалдарды немесе белгіленген мерзімді ұзарту туралы өтініш хатты белгіленген мерзімде ұсынбаса, өтінім кері қайтарып алынған болып есептеледі.
5. Сараптама жасау ұйымы, егер өтінімге мәні бойынша жүргізілген сараптама нәтижесінде өтінім беруші сұраған көлемдегі құқықтық қорғау мәлімделген ұсынысы осы Заңның 8-бабында айқындалған өнеркәсіптік үлгінің патентке қабілеттілік шарттарына сәйкес келетінін анықтаса, онда сараптама жасау ұйымы белгіленген басымдықты көрсете отырып, өтінім берушімен келісілген елеулі белгілер жиынтығымен бірге патентке оң қорытынды береді.
Сараптама жасау ұйымының қорытындысы негізінде уәкілетті орган өнеркәсіптік үлгіге патент беру туралы не патент беруден бас тарту туралы шешім шығарады.
6. Мәлімделген өнеркәсіптік үлгінің өтінім беруші сұраған құқықтық қорғау көлемінде өнеркәсіптік үлгінің патентке қабілеттілік шарттарына сәйкес келмейтіні анықталған кезде сараптама жасау ұйымының теріс қорытындысы беріледі.
Сараптама жасау ұйымының теріс қорытындысы, егер өтінім өнеркәсіптік үлгі ретінде қорғалмайтын объектіге жататын болса және, егер өтінім беруші ол туралы хабарланғаннан кейін елеулі белгілердің жиынтығын өзгертпеген, елеулі белгілердің ұсынылған жиынтығында өтінімнің бастапқы материалдарында жоқ белгілер болған немесе өнеркәсіптік үлгі ретінде қорғалатын объектіден басқа, өнеркәсіптік үлгі ретінде қорғалатын объектілерге жатпайтын ұсынысты да сипаттайтын немесе өнеркәсіптік үлгінің бірлігі талаптарының бұзылуына байланысты оған қатысты қарау жүргізілмеген жағдайда да беріледі.
7. Өтінім беруші сараптама қарсы қойған барлық материалдармен таныса алады. Сараптама жасау ұйымы өтінім берушінің сұратқан материалдарының көшірмелерін сұрау алынған күннен бастап бір ай мерзімде жібереді.
8. Сараптама жасау ұйымы осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген және өтінім беруші өткізіп алған мерзімдерді дәлелді себептер болған және өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруге ақы төленгені туралы құжат табыс етілген жағдайда қалпына келтіруі мүмкін.
Өтінім беруші мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш хатты өткізіп алынған мерзім аяқталған күннен бастап алты айдан кешіктірмей бере алады. Мұндай өтінішхат сараптама жасау ұйымына сараптаманың сұратылған материалдарымен немесе апелляциялық кеңеске жасалған қарсылықпен бір мезгілде ұсынылады.»;
14) 26-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Сараптама жасау ұйымы өнертабысқа патент беру туралы мәліметтерді өтінім берілген күннен бастап он сегіз ай, ал өнертабысқа инновациялық патент, пайдалы модельге патент, өнеркәсіптік үлгіге патент беру туралы мәліметтерді он екі ай өткен соң бюллетеньде жариялайды. Өтінім берушінің өтінішхаты бойынша сараптама жасау ұйымы мәліметтерді көрсетілген мерзімнен ерте жариялауы мүмкін.»;
2-тармақ алып тасталсын.
5. «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» 1999 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 21, 776-құжат; 2004 ж., № 17, 100-құжат; 2005 ж., № 21-22, 87-құжат):
1) 3-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1) және 2-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«2-1) тауар таңбасын жалпыға бірдей белгілі деп танудың тәртібін анықтау;
2-2) тауар шығарылған жерлердің атауын тіркеудің және (немесе) тауар шығарылған жерлердің атауын пайдалануға құқық берудің тәртібін анықтау;»;
2) 17-баптың бірінші бөлігіндегі «үш жыл» деген сөздер «бір жыл» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 19-баптың 4-тармағының бірінші бөлігіндегі «бес» деген сөз «үш» деген сөзбен ауыстырылсын;
4) 29-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
«5. Өтінімдерді жасауға, ресімдеуге және қарауға қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.».
2-бап. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2007 жылғы наурыздың 2-сі.
№ 237-III ҚРЗ