4. Кеден органы декларант, тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар өзге де адамдар және олардың өкілдері болмаған кезде, мынадай жағдайларда:
1) аталған адамдар тауарлар мен көлік құралдары тапсырылғаннан кейін он күн өткен соң келмеген жағдайда;
2) ұлттық қауіпсіздікке, адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, Қазақстан Республикасы халықтарының мәдени игілігін сақтауға қауіп болған жағдайда және кейінге қалдыруға болмайтын өзге де жағдайларда;
3) тауарларды халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберген кезде;
4) тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағында кедендік режимді бұза отырып қалдырған жағдайда тауарлар мен көлік құралдарына кедендік тексеріп қарау жүргізуге құқылы.
Аталған жағдайларда тауарлар мен көлік құралдарын кедендік тексеріп қарау екі куәгердің қатысуымен жүргізіледі және кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша кедендік тексеріп қарау актісі ресімделеді.
5. Егер кедендік декларацияда көрсетілген тауарлардың бір бөлігі бір атаудағы тауарлар ретінде кедендік тексеріп қарауға ұшыраған болса, онда мұндай тексеріп қараудың нәтижелері кедендік декларацияда көрсетілген осындай барлық тауарларға қолданылады.
6. Кедендік тексеріп қараудың нәтижелері бойынша екі дана етіп акт жасалады. Кедендік тексеріп қарау жүргізілгендігі туралы актіде мынадай мәліметтер:
1) кедендік тексеріп қарауды жүргізген кеден органының лауазымды тұлғалары мен оны жүргізу кезінде қатысқан адамдар туралы мәліметтер;
2) декларанттың, тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар өзге де адамның қатысуынсыз кедендік тексеріп қарау жүргізудің себептері;
3) кедендік тексеріп қараудың нәтижелері көрсетіледі.
Актінің екінші данасы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар адамға не оның өкіліне тапсырылады.
448-бап. Жеке тексеріп қарау
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Кедендік бақылаудың ерекше нысаны ретіндегі жеке тексеріп қарау Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өтетін не кедендік бақылау аймағындағы немесе халықаралық әуежайдың транзит аймағындағы жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу объектілері болып табылатын тауарларды өзінде жасырып, бермей тұр деп ойлауға жеткілікті негіздер болған жағдайда, кеден органы басшысының , оны алмастырушы адамның не Қазақстан Республикасының кедендік шекарасындағы бақылау-өткізу пункті уәкiлетті лауазымды адамының жазбаша шешімі бойынша жүргізіледі.
Жеке тексеріп қарау жүргізуге байланысты рәсімді және жеке тексеріп қарауды рәсімдеу тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
2. Жеке тексеріп қарау басталар алдында кеден органының лауазымды адамы жеке тұлғаға кеден органы басшысының немесе оны алмастырушы адамның жеке тексеріп қарауды жүргізу туралы шешімін көрсетуге, жеке тұлғаны мұндай тексеріп қарауды жүргізу кезіндегі құқықтарымен таныстыруға және жасырған тауарларын өз еркімен беру туралы ұсыныс жасауға міндетті.
3. Кеден органы лауазымды адамының жеке тексеріп қарау жүргізу кезіндегі іс-әрекеті жеке тұлғаның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірмеуге тиіс.
4. Өзіне қатысты жеке тексеріп қарау жүргізіліп отырған жеке тұлғаның:
1) жеке тексеріп қарау жүргізу басталғанға дейін оны жүргізу тәртібімен және жеке тексеріп қарау жүргізу туралы шешіммен танысуға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу объектілері болып табылатын өзінде жасырған тауарларын өз еркімен беруге;
3) жеке тексеріп қарау жүргізетін кеден органы лауазымды адамының жеке тексеріп қарау жүргізу туралы хаттамаға міндетті түрде енгізе отырып, мәлімдеме жасауға;
4) жеке тексеріп қарау жүргізудің нәтижелерімен және іс жүргізу құжаттарымен танысуға;
5) жеке тексеріп қарау жүргізетін кеден органы лауазымды адамдарының іс-әрекеттеріне осы Кодекске сәйкес шағым жасауға;
6) адвокаттың қызметтерін пайдалануға құқығы бар.
5. Өзіне қатысты жеке тексеріп қарау жүргізілген жеке адамға жеке тексеріп қараудың жүргізілгені туралы хаттаманың көшірмесі, тауарлардың алынып қойғаны туралы акті беріледі.
6. Жеке тексеріп қарауды тексеріліп қаралатын адаммен бір жыныстағы кеден органының лауазымды адамдары сол жыныстағы екі куәгердің қатысуымен санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келетін оқшауланған үй-жайда жүргізеді. Бұл үй-жайға басқа жеке тұлғалардың енуіне және олардың тарапынан жеке тексеріп қараудың жүргізілуін қадағалау мүмкіндігіне жол берілмеуге тиіс. Тексеріп қаралатын адамның дене органдарын тексеріп зерттеуді маман-дәрігер, қажет болған жағдайда арнайы медициналық техниканы пайдалана отырып жүргізуге тиіс.
Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, маман-дәрігердің кеден органы басшысының немесе оны алмастырушы адамның жеке тексеріп қарауды жүргізу туралы шешімін орындаудан жалтаруға құқығы жоқ.
7. Жеке тексеріп қараудың жүргізілгендігі туралы кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша хаттама жасалады.
Хаттамаға - жеке тексеріп қарауды жүргізген кеден органының лауазымды адамы, өзіне қатысты тексеріп қарау жүргізілген жеке тұлға, куәгерлер, ал тексеріп зерттеу жүргізілген кезде - дәрігер қолдарын қояды.
449-бап. Тауарларды арнаулы таңбалармен таңбалау, оларға бірдейлендіру белгілерін қою
1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда кеден органдары кедендік бақылауды тауарларда (олардың орамаларында) арнаулы таңбалардың, бірдейлендіру белгілерінің немесе оларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелудің заңдылығын растау үшін пайдаланылатын тауарларды белгілеудің өзге де тәсілдерінің болуын тексеру жолымен жүзеге асырады.
2. Тауарларда арнаулы таңбалардың, бірдейлендіру белгілерінің немесе тауарларды белгілеудің өзге де тәсілдерінің болмауы, егер өзінен мұндай тауарлар табылған адам, декларант не өзге де мүдделі адам басқаша дәлелдей алмаса, Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауарларды кедендік ресімдеу мен шығару жүргізілмей жүзеге асырылған тауарлар әкелу ретінде қаралады.
450-бап. Тауарлардың және көлік құралдарының есебі мен олар бойынша есептілік жүйесін тексеру
1. Кедендік бақылаудың нысаны ретіндегі тауарлардың және көлік құралдарының есебі мен олар бойынша есептілік жүйесін тексеру мынадай жағдайларда:
1) тұлға осы Кодекстің ережелеріне сәйкес кедендік ресімдеудің оңайлатылған рәсімдерін қолдану туралы мәлімдеген кезде;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен есепке алынуға тиіс тауарларды шартты түрде шығарған кезде;
3) кеден брокерлері, кедендік тасымалдаушылар ретіндегі қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ жекелеген кедендік режимдер шеңберінде және уақытша сақтау бойынша кеден қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қатысты;
4) кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды тексеру кезінде қолданылады.
2. Осы бапта көрсетілмеген жағдайларда, есеп пен есептілік жүйесін тексеру кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметті тексеруді пайдалана отырып кедендік бақылау жүргізу кезінде іске асырылуы мүмкін.
451-бап. Тауарлар мен көлік құралдарының есебін жүргізу
1. Шартты түрде шығарылған тауарлар мен көлік құралдарын, тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары белгіленген тауарларды бақылауды қамтамасыз ету мақсатында кеден органдары осы Кодекске сәйкес кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау кезінде тұлғалар беретін мәліметтер негізінде, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысандарда Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарының есебін жүргізеді.
2. Қазақстан Республикасының аумағында шартты түрде шығарылған тауарлар мен көлік құралдарын пайдаланатын тұлғалар және осы Кодексте белгіленген өзге де тұлғалар олардың есебін жүргізуге және кеден органдарына кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен есептілік тапсыруға міндетті.
452-бап. Үй-жайлар мен аумақтарды тексеру
1. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден бақылауын жүргізу мақсатында кеден органының лауазымды адамдары қызметтік куәлігін және кеден органының басшысы қол қойған нұсқаманы көрсеткен кезде, кедендік бақылауға жататын тауарлар мен көлік құралдары, кедендік бақылау үшін қажетті құжаттар болатын, не болуы мүмкін, не кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты қызмет жүзеге асырылатын аумақ пен үй-жайларға (тексеріп қарау мен тінту жүргізу құқығынсыз) кіруге құқығы бар.
2. Кіруге прокурор рұқсат ететін тұрғын үй-жайларды қоспағанда, аумаққа және үй-жайға кіргізуден бас тартқан жағдайда кеден органдарының лауазымды адамдары, аумаққа және үй-жайға екі куәгердің қатысуымен қарсылықтың жолын кесу және жабық үй-жайларды ашу арқылы кіруге құқылы. Үй-жайларға қарсылықтың жолын кесу және жабық үй-жайларды ашу арқылы кірудің барлық жағдайлары туралы кеден органдары жиырма төрт сағаттың ішінде прокурорды хабардар етеді. Кеден органдары лауазымды адамдарының аумақ пен үй-жайларға кіруіне қарсылық көрсеткен адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Кейінге қалдыруды күттірмейтін жағдайларда прокурордың рұқсаты талап етілетін әрекеттер рұқсатсыз да, бірақ кейіннен прокурорды жиырма төрт сағаттың ішінде жазбаша хабардар ете отырып жүргізілуі мүмкін. Прокурор аталған хабарламаны алғаннан кейін жүргізілген әрекеттердің заңдылығын тексереді және олар заңсыз болған жағдайда күшін жояды немесе тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды өз қаулысымен тоқтатады.
3. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының жекелеген объектілерге кіруінің арнаулы тәртібі белгіленсе, онда мұндай объектілерге кіру осы заң актілерінде айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
4. Кедендік бақылаудағы, оның ішінде шартты түрде шығарылған тауарлардың бар екендігін растау мақсатында жүргізілетін үй-жайлар мен аумақтарды тексеру уақытша сақтау қоймаларында, кеден қоймаларында, бос қоймаларда, арнаулы экономикалық аймақтарда, бажсыз сауда дүкенінің үй-жайларында, сондай-ақ осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдердің немесе кедендік режимдердің шарттарына сәйкес тауарлар болуы тиіс тұлғаларға жүргізіледі. Үй-жайлар мен аумақтарды тексеру тауарлардың жоғалғаны, оларды иеліктен айырғандығы не оларға осы Кодексте белгіленген талаптар мен шарттарды бұза отырып өзге де тәсілмен билік етілуі туралы ақпарат болған жағдайда, осындай ақпаратты тексеру үшін, сондай-ақ іріктеп тексеру негізінде жүргізіледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілмеген тұлғалардың үй-жайлары мен аумақтарын тексеруді кеден органдары осындай үй-жайларда немесе аумақтарда Қазақстан Республикасының кедендік аумағына осы Кодексте көзделген тәртіпті бұза отырып әкелінген тауарлардың бар екендігі туралы ақпарат болған жағдайда, осындай ақпаратты тексеріп шығу үшін жүргізеді. Тексеру нәтижелері жөнінде кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша акт жасалады, оның екінші данасы тексеру жүргізілген тұлғаға беріледі.
6. Үй-жайлар мен аумақтардың осы Кодекстің 89 104, 130, 145, 246-баптарында белгіленген бағалау талаптары мен шарттарына сәйкестігін анықтау үшін тексеруді де кеден органдары жүзеге асырады. Тексеру нәтижелері бойынша кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін нысан бойынша қорытынды жасалады.
58-тарау. Кедендік сараптама
453-бап. Кедендік сараптама тағайындау
1. Кедендік сараптаманың мақсаты Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың сапалық құрамын анықтау үшін, олардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес дұрыс жіктелуі үшін зерттеу жүргізу болып табылады.
2. Кеден органдары:
1) кедендік ресімдеу мен кедендік бақылауды жүзеге асырған;
2) алдын ала шешім қабылдаған;
3) кеден ісі саласында құқық бұзушылықтар анықталған жағдайларда кеден органдары лауазымды адамдарының тауардың сапалық құрамын айқындауы мүмкін болмаған кезде кедендік сараптама тағайындауы мүмкін.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Тауарлар, кедендік және өзге де құжаттардағы тауарлар туралы мәліметтер, бiрдейлендiру құралдары кедендік сараптамалардың объектілері болып табылады.
4. Кедендік сараптаманы кедендік зертханалардың сарапшылары жүргізеді.
Кедендік сараптаманы жүргізу үшін:
1) кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау сатысында немесе алдын ала шешім қабылдау кезінде, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың өтініштері бойынша - кедендік сараптамаға жолдама;
2) кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша - кедендік сараптама тағайындау туралы қаулы негіз болып табылады.
Жолдамада не қаулыда:
1) кедендік сараптама жүргізу үшін негіздеме;
2) кедендік сараптама жүргізілуге тиіс кеден зертханасының атауы;
3) сарапшының алдына қойылған мәселелер;
4) сарапшының қарауына берілетін материалдар көрсетіледі.
5. Кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органының лауазымды адамы декларантты кедендік сараптама тағайындау туралы жолдамамен не қаулымен таныстыруға, осы Кодекстің 375, 376-баптарында көзделген құқықтар мен міндеттерді түсіндіруге міндетті. Жолдамаға не қаулыға танысқандығы туралы белгі соғылады және декларант қол қояды.
454-бап. Кедендік сараптама жүргізу тәртібі
1. Кедендік сараптама кеден зертханасының үй-жайында да, егер бұл зерттеу сипаты бойынша қажет болса не зерттеу объектісін сараптауға жеткізу мүмкін болмауына байланысты, одан тысқары жерлерде де өткізіледі. Сарапшы кеден зертханасы басшысының жазбаша өкімі бойынша ғана кедендік сараптаманы жүргізуге кіріседі.
2. Кедендік сараптаманың нәтижесі бойынша сарапшының қорытындысы беріледі.
3. Кедендік сараптаманы кеден зертханаларында жүргізу тәртібін және қорытынды нысанын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
455-бап. Сарапшының құқықтары мен міндеттері
1. Сарапшы:
1) егер қойылған мәселелер өзінің құзыретіне жатпаса, сараптама жүргізуден бас тартуға;
2) өзінің құзыретіне кірмейтін сұрақтарға жауап беруден бас тартуға;
3) кедендік сараптама жүргізу үшін қажетті қосымша материалдар табыс ету туралы өтініш беруге құқылы.
2. Сарапшы:
1) кедендік сараптамаға қатысты материалдармен танысуға;
2) сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға кедендік сараптама мәселелері бойынша консультациялар беруге;
3) бұл тұрғыда мәселе қойылмаған, іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы ой-пікірін қорытындыға енгізуге;
4) кедендік сараптамаға ұсынылған тауарлардың сынамалары мен үлгілеріне зерттеу жүргізуге және зерттеулердің нәтижелерін толық, жан-жақты және объективті бағалау негізінде қорытынды беруге;
5) іс жүргізуінде немесе қарауында кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар туралы іс бар тұлғаның шақыруы бойынша өзі берген қорытындыны түсіндіру немесе толықтыру үшін келуге;
6) кедендік сараптама нәтижесінде алынған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.
3. Өзінің міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда сарапшы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
456-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сарапшы қорытындыны жазбаша нысанда өзінің атынан береді.
2. Сарапшының қорытындысында өзі жүргізген зерттеулер және қойылған сұрақтарға негізді жауаптары жазылады.
3. Күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда кеден зертханасы басшысының шешімі бойынша комиссиялық сараптама жүргізіледі, ол бір мамандықтағы бірнеше сарапшыға тапсырылады. Сарапшылар арасында келіспеушілік болған кезде олардың әрқайсысы немесе бір бөлігі жеке қорытынды беруге құқылы.
4. Кедендік сараптамаларды өз құзыреттерінің шегінде әр түрлі мамандықтағы сарапшылар жүргізу қажет болған жағдайда, кешенді сараптама тағайындалады. Әр сарапшы қорытындының өзі кедендік сараптама жүргізген бөлігіне қол қояды.
5. Табыс етілген материалдар бойынша қорытынды беру мүмкін болмаған кезде сарапшы кеден сараптамасын тағайындаған кеден органына бұл туралы, бас тарту дәлелін көрсете отырып, жазбаша хабарлайды.
457-бап. Қосымша және қайталап жүргізілетін кедендік сараптама
1. Қосымша кедендік сараптама жаңадан ашылған жағдайлар бойынша тағайындалады. Қосымша кедендік сараптама жүргізу бастапқы сараптаманы орындаған сарапшыға немесе басқа сарапшыға тапсырылуы мүмкін.
2. Қайталап жүргізілетін кедендік сараптама алдыңғы қорытындыға декларант шағымданған жағдайларда сол объектілерді зерттеу және сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады. Қайталап жүргізілетін кедендік сараптаманы тағайындау кезінде жолдамада немесе қаулыда алдыңғы сараптама нәтижелерімен келіспеу себебі көрсетілуге тиіс.
3. Қайталап жүргізілетін кедендік сараптама бойынша іс жүргізу кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
458-бап. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу
1. Кеден органдары кеден зертханаларында сараптама жүргізу мақсатында тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуға құқылы.
2. Сынамалар мен үлгілер оларды іріктеп алу нормаларын көздейтін нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес зерттеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін ең аз мөлшерде алынады. Кедендік бақылаудағы тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу туралы кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша акт жасалады.
3. Декларант кеден органдарының лауазымды адамдары тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуы кезінде қатысады. Декларант кеден органдарының лауазымды адамдарына тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу кезінде жәрдем көрсетуге, оның ішінде сынамалар мен үлгілер іріктеп алу үшін қажетті жүк және өзге де операцияларды өз есебінен жүзеге асыруға міндетті.
Тауарлар берілгеннен кейін күнтізбелік он күннен соң декларант келмеген жағдайда, сондай-ақ кейінге қалдыруға болмайтын жағдайлар кезінде кеден органдары декларант жоқ кезде тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуы мүмкін. Мұндай жағдайда тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу туралы акт жасай отырып, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу екі куәгердің қатысуымен жүзеге асырылады.
4. Сынамалар мен үлгілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жойылуға немесе кәдеге жаратылуға жататын жағдайларды қоспағанда, кедендік сараптама аяқталған соң сынамалар мен үлгілер декларантқа қайтарылады.
59-тарау. Кеден ісі саласындағы сыртқы
экономикалық және өзге де қызметке
қатысушыларды тексеру
459-бап. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеру
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді
1. Кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеру - сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңдарының орындалуын кеден органдары жүзеге асыратын тексеру. Кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеру осы баптың 3-тармағында көзделген негiздемелер бойынша түрлерге бөлінедi және жүргiзiледi.
2. Қажет болған жағдайда кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеруді кеден органдары басқа да мемлекеттік органдарды тарта отырып жүргізуі мүмкін.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3- тармақпен толықтырылды
3. Кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметтi тексеру мынадай түрлерге бөлінедi:
1) жоспарлы тексеру - кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке нақты қатысушыны алдын ала жоспарланған тексеру. Жоспарлы тексеру:
сыртқы экономикалық қызметке қатысушыны осы Кодекстiң 470-бабына сәйкес ең төменгi деңгейдегі тәуекел санатына жатқызу мәртебесін беру және бекіту;
шартты түрде шығарылған тауарларды пайдалану және оларға билiк ету жөніндегі шектеулер мен шарттарды сақтау;
кеден режимдерінiң шарттары мен талаптарын сақтау;
Қазақстан Республикасының валюталық заңдарын сақтау;
кеден iсi мәселелерi жөнiндегі уәкілетті орган берген лицензиялардың талаптарын сақтау;
мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдарының ресми өтiнiштерi;
тәуекелден сақтандыруға арналған алдын алу шараларын қолдану негiздемелерi бойынша тағайындалады;
2) жоспардан тыс тексеру - мынадай:
мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдары берген Қазақстан Республикасының кеден заңдары талаптарының бұзылуын куәландыратын, сондай-ақ кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкілеттi органның және мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдарының деректер базалары мен банктерiндегі ақпараттарды талдау нәтижелерi бойынша мәлiметтер алу;
шет мемлекеттердің салық, кеден және құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасу нәтижесiнде алынған мәліметтердi тексеру;
Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында көзделген жағдайлар негіздемелерi бойынша тағайындалатын тексеру;
3) рейдтiк тексеру - Қазақстан Республикасының құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдары кеден органдарымен бiрлесiп жүзеге асыратын тексеру;
4) үстеме тексеру - кеден органдары тексеру жүргiзген кезде тексерiлетiн субъект берген мәлiметтерінің дұрыстығын растау мақсатында үшінші тұлғаларға байланысты қосымша ақпарат алу қажеттiгi туындаған жағдайда, үшiншi тұлғаларға қатысты жүргізілетiн тексеру;
5) құжаттық тексеру - ұйғарым ресiмдеудi талап етпейтін және тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу кезінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар берген жүктің кедендік декларацияларындағы, тауарға ілеспе және өзге де құжаттардағы мәліметтерді зерделеу және талдау негізінде тікелей кеден органдары жүзеге асыратын тексеру. Құжаттық тексеру тiкелей кеден органы орналасқан жер бойынша жүргізіледі.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 459-1- баппен толықтырылды
459-1-бап. Кеден iсі саласындағы сыртқы экономикалық және
өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргізудiң
кезеңділігі
1. Кеден органдары кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргiзуді мынадай кезеңділікпен:
1) жоспарлы тексерудi - кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметтің нақты қатысушысына қатысты жылына бiр реттен жиi емес;
2) рейдтiк тексерудi - Қазақстан Республикасының құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдары белгiлеген мерзімдерге сәйкес жүзеге асырады.
2. Шектеу мына жағдайларда көзделмейдi:
1) жоспардан тыс тексерулер жүргiзу кезінде - аталған тексерулер Қазақстан Республикасының кеден заңдары талаптарының бұзылғандығын куәландыратын, мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдары берген мәлiметтер алынған кезде, сондай-ақ кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкілетті органның және мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдарының деректер базалары мен банктеріндегі ақпаратты талдау нәтижелерi бойынша; шет мемлекеттердiң салық, кеден және құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасу нәтижесінде алынған мәлiметтердi тексеру үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында көзделген жағдайларда тағайындалады;
2) үстеме тексерулер жүргізу кезiнде - аталған тексерулер тексерілетін субъект пен үшiншi тұлғаның өзара байланысының жекелеген мәселелерiн қозғайды;
3) құжаттық тексерулер жүргізу кезiнде - кеден органдары аталған тексерулердi кеден органының қарауында жатқан, кедендік ресiмдеу мақсаттары үшiн берiлген кедендiк декларациялар мен құжаттарды қайталап тексеру арқылы жүзеге асырады.
3. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын, кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметтің қатысушыларын тексерудің кезеңділігі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалады.
460-бап. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргізу үшін нұсқама
1. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеру кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган немесе кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері не кеден берген нұсқама ұсыныла отырып жүргізіледі.
2. Нұсқамаға кеден органының басшысы немесе оның орнындағы адам қол қоюға тиіс, ол елтаңбалық мөрмен расталған, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес арнаулы журналда тіркелген болуға тиіс.
3. Нұсқама Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес прокуратура органдарында тіркелуге тиіс.
4. Кеден органының нұсқамасында мынадай деректемелер:
1) нұсқаманың кеден органында тіркелген күні мен нөмірі;
2) нұсқаманы енгізген кеден органының атауы;
3) сыртқы экономикалық және өзге де қызметтерге қатысушының толық атауы;
4) салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
5) тексерудің мақсаты;
6) кеден органы тексеруші адамдарының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты;
7) тексеру жүргізудің мерзімі;
8) тексерілетін кезең болуға тиіс.
5. Бір нұсқаманың негізінде кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге қызметке қатысушыға бір ғана тексеру жүргізілуі мүмкін.