3. Өсімпұлды төлеу, өндіріп алу және қайтару кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуге, өндіріп алуға және қайтаруға қолданылатын осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
350-бап. Берешек пен өсімпұлды өтеу туралы хабарлама
1. Берешек пен өсімпұлды өтеу туралы хабарлама белгіленген мерзімде төленбеген кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар сомасы туралы, сондай-ақ кедендік төлемдердің, салықтар мен өсімпұлдардың төленбеген сомасын осы хабарламада белгіленген мерзімде өтеу міндеттемесі туралы төлеушіге жіберілген кеден органының жазбаша хабарын білдіреді.
Хабарламада оны ресімдеу үшін негіздеме, сондай-ақ төлеуші хабарламаны орындамаған жағдайда қолданылатын осы Кодекстің 348-бабында көзделген іс-әрекеттер туралы мәліметтер болуы тиіс.
2. Хабарлама төлеушіге оны әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға қарамастан жіберіледі.
3. Хабарлама берешектің туындау фактісі белгіленген күннен бастап бір айдан кешіктірмей төлеушіге жіберілуге тиіс.
4. Хабарлама төлеушіге өз қолын қойғызып немесе хабарламаны жіберу және алу фактісін растайтын өзге тәсілмен тапсырылуы тиіс.
5. Төлеуші хабарламаға шағымдануды осы Кодекстің 15-тарауында көзделген тәртіппен және мерзімде жүргізеді.
6. Хабарламадағы талаптарды орындау мерзімі, төлеушінің осындай хабарламаға шағымдану жағдайларын қоспағанда, төлеушіге хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күнінен аспайды.
7. Шағымдану жағдайларын қоспағанда, осы баптың 6-тармағында көзделген мерзімде хабарламадағы талаптарды орындамаған кезде кеден органдары осы Кодекстің 348-бабына сәйкес іс-әрекеттер жасайды.
8. Хабарламаның нысанын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен тақырып және 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
351-бап. Кедендiк төлемнiң немесе салықтың нақ сол түрі бойынша артық төленген сома
есебінен не депозит есебінен берешекті және өсімпұлды өндіріп алу
1. Хабарламадағы талаптар орындалмаған кезде, кеден органы қайтаруға тиісті кедендік төлемнің немесе салықтың нақ сол түр бойынша артық төленген кедендiк төлемдер және салықтар сомасы есебінен не депозит есебінен берешек пен өсімпұлды өндіріп алуға құқылы.
2. Кеден органы осы бапқа сәйкес өндіріліп алынған берешек пен өсімпұлдар туралы өндіріп алу күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде төлеушіге жазбаша хабарлайды.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Кедендiк төлемдердiң және салықтардың артық төленген сомаларын кедендiк төлемнiң немесе салықтың нақ сол түрi бойынша берешектi өтеу есебiне не депозит есебiне жатқызу кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген тәртіппен жүзеге асырылады.
352-бап. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Кедендiк төлемнiң және салықтың артық төленген сомалары не депозит кедендiк төлемнiң немесе салықтың нақ сол түрi бойынша берешектi және өсімпұлды өтеу үшін жеткіліксіз болған жағдайда Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы кеден органының өкімі шығарылады.
2. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру, берешек пен өсімпұлды өтеу жөніндегі операциялардан басқа, төлеушінің барлық шығыс операцияларына қолданылады.
3. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгілеген нысан бойынша шығарылады және банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым оны алған күннен бастап күшіне енеді.
4. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімді банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым сөзсіз орындауға тиіс.
5. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімнің күшін банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудың себебі жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, осындай өкімді шығарған кеден органы жояды.
353-бап. Берешек пен өсімпұлды өтеу есебіне төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешім шығару
1. Жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығарылған күннен бастап он жұмыс күнінің ішінде берешекті және өсімпұлды өтемеген жағдайда, төлеушінің мүлкіне билік етуіне шектеу жүргізіледі.
2. Төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешімді Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгіленген нысан бойынша кеден органы шығарады.
3. Төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешім мүліктің баланстық және рыноктық құны бағаны айқындау тәсіліне қарай берешек пен өсімпұл сомасына сәйкес келетін меншік немесе шаруашылық жүргізу құқығындағы мүлікке қатысты шығарылады.
Қаржы лизингі мен кепілді қоса алғанда, төлеушінің жалға берілген мүлікке билік етуін шектеу туралы шешім шығарылған кезде кеден органы осы мүлікке қатысты шешім шығарған кезден бастап оны жойғанға дейін жалға алушы мен кепіл ұстаушыға мұндай мүлікке меншік құқығын беруге тыйым салынады.
4. Осындай шешімнің негізінде кеден органы мүлікті иелену, пайдалану және билік ету шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы салық төлеушіге ескерте отырып, Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгіленген нысанда билік ету шектелген мүліктің тізімдеме актісін жасайды.
Билік ету шектелген мүліктің тізімдемесі төлеушінің бухгалтерлік есебінің деректері немесе Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заң актілеріне сәйкес жүргізілетін тәуелсіз бағалау негізінде айқындалатын оның бағасы көрсетіле отырып жасалады және екі дана етіп жасалған актімен ресімделеді.
5. Кеден органы мүлікке билік етуді шектеу туралы шешім мен мүліктің тізімдеме актісін бір-бір данадан төлеушіге тапсыруға міндетті.
6. Мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімнің күшін мүлікке билік етуді шектеудің себептері жойылғаннан кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей осындай шешім шығарған кеден органы жояды.
354-бап. Берешек пен өсімпұлды төлеушінің банк шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алу
1. Белгіленген мерзімдер ішінде төлеуші берешек пен өсімпұлды өтемеген жағдайда, кеден органдары жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шоттарынан даусыз тәртіппен ақша өндіріп алу туралы шешім шығарады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Даусыз өндіріп алу туралы шешім төлеушінің шоты ашылған банкке қажетті ақшаны төлеушінің шотынан есептен шығаруға және бюджетке аударуға кеден органының инкассолық өкімін жіберу нысанында қабылданады.
3. Банк төлеушінің бір банк шотынан берешекті өндіріп алу туралы кеден органының инкассолық өкімін орындаған жағдайда, егер кеден органы төлеушінің көрсетілген банкте ашқан басқа банк шоттарына дәл осы сомаға және берешек түріне инкассолық өкім шығарған болса, банк кеден органының инкассолық шешімін орындау фактісін растайтын төлем құжатын қоса тіркей отырып, мұндай инкассолық шешімді орындамай, кеден органына қайтарады.
4. Шоттардан даусыз тәртіппен берешекті және өсімпұлды өндіріп алу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен және шетел валютасымен жүргізіледі. Шоттардан берешек пен өсімпұлды шетел валютасымен өндіріп алу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленуге тиісті сомаға барабар сомада жүргізіледі.
5. Кеден органының инкассолық өкімін орындауды банк Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырады.
355-бап. Берешек пен өсімпұл сомасын қолма-қол ақша есебінен өндіріп алу
1. Берешек пен өсімпұлды қолма-қол ақша есебінен өндіріп алу жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шотында ақша болмаған жағдайда жүргізіледі.
2. Кеден органының төлеушіден бухгалтерлік (кассалық) құжаттар бойынша көрсетілген қолма-қол ақшаны, оның ішінде шетел валютасымен де көрсетілген қолма-қол ақшаны алып қоюы берешек пен өсімпұлды қолма-қол ақша есебінен өндіріп алу деп танылады.
Берешек пен өсімпұлды қолма-қол ақша есебінен өндіріп алуды кеден органы хабарлама негізінде жүргізеді.
3. Қолма-қол ақшаны алып қою Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгіленген нысан бойынша алып қою туралы актімен ресімделеді.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 4- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Төлеушіден алынған қолма-қол ақша алынған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей бюджетке есептелуге тиіс.
356-бап. Төлеушінің берешегі мен өсімпұлын оның дебиторларының шоттарынан өндіріп алу
1. Төлеушінің - жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шоттарында ақша болмаған және қолма-қол ақшасы болмаған жағдайда, кеден органы пайда болған берешек пен өсімпұл шегінде төлеушінің алдында берешегі бар үшінші тұлғалардың (бұдан әрі - дебиторлардың) банк шоттарындағы ақшасынан өндіріп алуға құқылы. Бұл ретте, төлеушінің берешегі мен өсімпұлын өтеу есебіне, шарттарға сәйкес осы кезде дебитор төлеушінің алдындағы дебиторлық берешек сомасы ретінде танитын сома шегінде, олардың банк шоттарындағы ақшадан өндіріліп алынатыны туралы дебиторларға хабарлама жіберіледі.
Дебитор хабарламаны алған кезден бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей, хабарламаны алған күнге төлеушімен бірлесіп жасалған өзара есеп айырысулардың салыстыру актісін хабарламаны жіберген кеден органына табыс етуге міндетті.
2. Төлеуші мен оның дебиторының арасындағы өзара есеп айырысуларды салыстыру актісінде мынадай мәліметтер:
1) төлеуші мен оның дебиторының атауы, олардың тіркеу нөмірлері;
2) төлеуші мен оның дебиторы есепте тұрған кеден органының атауы;
3) төлеуші мен оның дебиторының банк шоттарының деректемелері;
4) төлеуші алдындағы дебитор берешегінің сомасы;
5) төлеуші мен оның дебиторының заңды мекен жайлары, мөрі және қолдары;
6) салыстыру актісі жасалған күні болуға тиіс.
3. Өзара есеп айырысуларды салыстыру актісінің негізінде кеден органы дебитордың банк шотына төлеушінің берешегі мен өсімпұлын өндіріп алу туралы инкассолық өкім шығарады.
4. Дебитор-төлеушінің банкі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымы осы Кодекстің 354-бабында белгіленген талаптарға сәйкес төлеушінің берешек және өсімпұл сомасын өндіріп алу туралы кеден органы шығарған инкассолық өкімді орындауға міндетті.
5. Осы бапқа сәйкес ресімделген өзара есеп айырысуларды салыстыру актісі болған жағдайда, кеден органы хабарламаны тапсырған кезден бастап тоқсан жұмыс күні ішінде дебитордың банк шотына берешек пен өсімпұлды өндіріп алу туралы инкассолық өкім ұсынуға құқылы.
357-бап. Берешек пен өсімпұлды төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өткізу есебінен өндіріп алу
1. Кеден органдары төлеушінің банк шоттарында ақша болмаған, қолма-қол ақшасы және оның дебиторларының банк шоттарында ақша болмаған жағдайда, төлеушінің келісімінсіз берешек және өсімпұл шегінде жеке кәсіпкердің және заңды тұлғаның билік етуі шектелген мүлкінен өндіріп алуға құқығы бар.
2. Төлеуші шектеу алып тасталғанға дейін билік етуі шектелген мүліктің сақталуын және оның тиісінше күтіп-ұсталуын қамтамасыз етуге міндетті. Көрсетілген міндеттемелерді орындамаған жағдайда, төлеуші билік етуі шектелген мүлікті аукционға дайындау бойынша шығындарды өтеуге міндетті және көрсетілген мүлікке қатысты заңсыз іс-әрекеті үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
3. Билік ету шектелген мүлікті өткізу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
4. Егер төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өткізгеннен кейін берешек пен өсімпұл өтелмесе, кеден органы берешек пен өсімпұл туралы, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өндіріп алудың қабылданған шаралары туралы төлеушінің тіркелген орны бойынша салық органына ақпарат жібереді.
358-бап. Берешек пен өсімпұлды өтеу тәртібі
Берешек пен өсімпұлды өтеу кезектілігі Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес айқындалады.
9-Бөлім. Кедендік ресімдеу
46-тарау. Кедендік ресімдеуге қатысты негізгі ережелер
359-бап. Осы тараудың қолданылу саласы
Осы тарауда көзделген ережелер, талаптар мен шарттар Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік мақсаттар үшін құжаттарды ресімдеуге байланысты барлық кеден операцияларына қолданылады.
360-бап. Кедендік ресімдеуді жүргізу тәртібі
1. Кедендік ресімдеу осы Кодексте және соған сәйкес қабылданатын кеден ісі саласындағы нормативтік құқықтық актілерде айқындалатын тәртіппен жүргізіледі.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес кедендік ресімдеуді оңайлату және жеделдету мақсатында басқа мемлекеттердің кедендік ресімдеу үшін пайдаланылатын кедендік құжаттары қолданылуы мүмкін.
361-бап. Кедендік ресімдеуді жүргізу технологиясы
1. Кедендік ресімдеуді жүргізудің тәртібі мен технологиясы мыналарға:
1) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың санаттарына;
2) осындай өткізу үшін пайдаланылатын көлік түріне;
3) тауарларды өткізетін тұлғаларға байланысты сараланған.
2. Кедендік рәсімдер тауарлар шығарылатын, жөнелтілетін және жеткізілетін елге қарамастан бірдей қолданылады.
362-бап. Кедендік ресімдеудің басталуы мен аяқталуы
1. Тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу - кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты құжаттарды кеден органына берген, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда тұлғаның ауызша мәлімдеуі не кедендік ресімдеуді жүзеге асыру ниетін куәландыратын өзге де іс-әрекеттер жасаған кезінен басталады.
2. Ветеринариялық, фитосанитариялық және мемлекеттік бақылаудың басқа да түрлеріне қатысты кедендік ресімдеу осындай бақылауды жүзеге асыратын тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен келіскеннен кейін ғана аяқталуы мүмкін.
3. Кедендік ресімдеу тауарларды кедендік режимге орналастыру үшін осы Кодекске сәйкес қажетті кедендік операциялар жасалғаннан кейін, сондай-ақ кедендік төлемдер және салықтар есептеліп, өндіріліп алынғаннан кейін аяқталады.
363-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын негізгі кедендік ресімдеу жөніндегі операциялар жасаудың орны мен уақыты
1. Тауарлар мен көлік құралдарын декларациялау және оларды белгілі бір кедендік режимге орналастыру бойынша іс-әрекет негізгі кедендік ресімдеу деп танылады.
2. Тауарларды негізгі кедендік ресімдеу жөніндегі кедендік операциялар кеден органдары орналасқан жерде және олардың жұмыс уақытында жасалады.
3. Декларанттың дәлелді сұрауы бойынша тауарларды негізгі кедендік ресімдеу жөніндегі кедендік операциялар осы Кодекстің 20-22-баптарына сәйкес кеден органдары орналасқан жерден тыс және олардың жұмыс уақытынан тыс жасалуы мүмкін.
4. 2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
364-бап. Құжаттар мен мәліметтер
1. Кедендік ресімдеуді жүргізу кезінде осы Кодексте белгіленген тұлғалар кеден органдарына кедендік мақсаттар үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді беруге міндетті.
2. Кеден органдары орындалуын бақылау кеден органдарына жүктелген Қазақстан Республикасы заңдары талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді талап етуге құқылы.
Кедендік мақсаттар үшін қажетті құжаттардың тізбесі және оларды беру мерзімі осы Кодексте белгіленеді.
3. Кеден органдарының кедендік ресімдеу кезінде құжаттарда кеден органдарының шешімдерін қабылдауға әсер ететін негізгі деректерді өзгертпейтін қате басылған жазбалар, техникалық немесе грамматикалық қателер болуы себепті құжаттарды қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ.
4. Кеден органдарына кедендік мақсаттар үшін қажетті құжаттар электронды түрде берілуі мүмкін. Бұл құжаттарды беру мен сақтау шарттарын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
365-бап. Өкілетті тұлғалар мен олардың өкілдерінің кедендік ресімдеу кезінде қатысуы
1. Тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар мен олардың өкілдері кедендік ресімдеу кезінде қатысуға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар мен олардың өкілдері кеден органының дәлелді талап етуі бойынша кедендік ресімдеу кезінде қатысуға және оны жүргізуде кеден органдарының лауазымды адамдарына жәрдем көрсетуге міндетті.
366-бап. Кедендік ресімдеу жүргізілетін тіл
Кедендік мақсаттар үшін құжаттарды толтыруды қоса алғанда, кедендік ресімдеу мемлекеттік тілде және орыс тілінде жүргізіледі.
Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган шет тілдерінде жасалған құжаттар мен мәліметтерді кедендік мақсаттар үшін кеден органдарының қабылдауы және пайдалануы мүмкін жағдайларды белгілеуге құқылы.
367-бап. Тауарлармен жасалатын жүк және өзге де операциялар
Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, тауарлармен жасалатын жүк және өзге де операциялар кеден органдарының рұқсатымен ғана жүргізілуі мүмкін және кеден органы үшін қандай да бір қосымша шығыстарға әкеп соқпауға тиіс.
368-бап. Кедендік ресімделуі аяқталмаған тауарлар мен көлік құралдарын пайдалану және оларға билік ету
Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік ресімдеу аяқталмаған болса, оларды пайдалануға және оларға билік етуге жол берілмейді.
369-бап. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу
1. Кедендік бақылаудағы тауарлардың сынамалары мен үлгілерін тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар, олардың өкілдері, сондай-ақ кеден органымен келісе отырып, тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар іріктеп алуы мүмкін.
2. Сынамалар мен үлгілер осы сынамалар мен үлгілерді зерттеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін ең аз мөлшерлерде іріктеп алынады. Кеден бақылауындағы тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу туралы кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін нысан бойынша акт жасалады.
3. Тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар мен олардың өкілдері тауарлардың сынамалары мен үлгілерін кеден органдарының лауазымды адамдары, сондай-ақ тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар іріктеп алған кезде қатысады.
Кеден органдарының лауазымды адамдары тауарлардың сынамалары мен үлгілерін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар, сондай-ақ тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар және олардың өкілдері іріктеп алған кезде қатысады.
Аталған тұлғалар және олардың өкілдері кеден органдарының лауазымды адамдарына тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуы кезінде жәрдем көрсетуге, соның ішінде сынамалар мен үлгілер алу үшін қажетті жүк және өзге де операцияларды өз есебінен жүзеге асыруға міндетті.
4. Кеден органдары тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар іріктеп алған тауарлардың сынамалары мен үлгілеріне өткізілген зерттеу нәтижелері туралы хабардар етілуге тиіс.
5. Кеден органдары тауарлардың осы Кодекстің талаптарына сәйкес іріктеп алынған сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуға байланысты шығыстарды өтемейді.
6. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу тәртібін, оларды зерттеу мерзімі мен тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
47-тарау. Кедендік ресімдеуге қатысты қосымша ережелер
370-бап. Тауарлардың жекелеген санаттарын кедендік ресімдеудің басым тәртібі
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына табиғи зілзаланың, авариялардың, апаттардың зардаптарын жоюға қажетті тауарларды, сондай-ақ тез бұзылатын тауарларды, тірі жануарларды, радиоактивті материалдарды, жарылғыш заттарды, экспресс-жүктерді, ізгілік және техникалық көмекті, бұқаралық ақпарат мақсаты үшін хабарламалар мен материалдарды және осы тектес басқа тауарларды әкелу және осы аумақтан әкету кезінде кедендік ресімдеу басым тәртіпте жүргізіледі.
2. Кеден брокері ретіндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар мамандандырылған көлік-экспедициялық ұйымдар жетпіс екі сағат ішінде алушыға дейін жеткізу мақсатында көліктің кез келген түрімен өткізілетін тауарлар экспресс-жүк деп танылады.
3. Кедендік ресімдеудің басым тәртібінде жүктің толық кедендік декларациясын кеден органына кейіннен бере отырып, уақытша кедендік декларация ретінде қаралатын өтініш және тауардың ілеспе құжаттарын беру көзделеді.
Өтініште тауарларды жіберушілер мен алушылар, тауарлар жіберетін және жеткізілетін елдер туралы мәліметтер, тауарлардың атауы, сипаты, саны, брутто салмағы және құны, тауарларды пайдалану мақсаты туралы, сондай-ақ, мәлімделетін тауарларды орналастыру болжанатын кедендік режим туралы мәлімет, жүктің кедендік декларациясын, кедендік мақсат үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді белгіленген мерзімде беру туралы міндеттеме болуға тиіс.
4. Жүктің толық кедендік декларациясы тауарлардың шартты шығу күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей кеден органына беріледі.
Кедендік ресімдеу кезінде декларанттың өтініші мен тауардың ілеспе құжаттарын кеден органы тіркеген күні қолданыста болған нормативтік құқықтық актілер қолданылады.
Кедендік төлемдер және салықтар салынатын тауарлар кедендік төлемдердің және салықтардың төленуі қамтамасыз етілген жағдайда ғана басым тәртіппен ресімделеді.
5. Авариялық жағдай туындаған кезде электрэнергиясы берілген жағдайда авариялық жағдай туындаған кезден бастап үш тәулік ішінде кеден органына берілетін диспетчерлік өтінімді уақытша кедендік декларация деп қарауға болады.
371-бап. Кедендік ресімдеудің оңайлатылған тәртібі
Кедендік ресімдеуді жетілдіру мақсатында кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган тауарлар мен көлік құралдарын бірдейлендіру үшін қажетті мәліметтердің ең аз көлемі берілген кезде тауарлар мен көлік құралдарын шығаруды көздейтін, тауарлар мен көлік құралдарын ресімдеудің оңайлатылған тәртібін белгілеуге құқылы.
48-тарау. Тауарларды декларациялау
372-бап. Декларациялануға жататын тауарлар
Тауарлар сот шешімі бойынша мемлекет меншігіне айналдырылғаннан басқа жағдайларда, олар Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілген, кедендік режим өзгерген кезде кеден органдарында декларациялануға тиіс.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 373 - бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
373-бап. Декларациялау орны
Егер Қазақстан Республикасының кеден заңдарында өзгеше белгіленбесе, тауарларды декларациялау тауарларды кедендік ресімдеу жүзеге асырылатын кеден органында жүргізіледі.
Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган тауарлардың жекелеген санаттарын декларациялау белгілі бір кеден органында ғана жүргізіле алатынын айқындауға құқылы.
374-бап. Декларант
Мына тұлғалар:
1) қазақстандық тұлғалар;
2) шетелдік жеке тұлғалар (оңайлатылған немесе жеңілдетілген тәртіппен өткізген кезде);
3) осы Кодекстің 36-тарауына сәйкес кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктерді пайдаланатын шетелдік тұлғалар;
4) Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген шетелдік ұйымдардың өкілдіктері осындай өкілдіктердің өз қажеті үшін әкелінетін тауарлардың уақытша әкелінуінің, транзитінің сондай-ақ еркін айналыс үшін шығарылуының кедендік режимдерін мәлімдеген кезде декларант бола алады.
375-бап. Декларанттың құқықтары
Кедендік ресімдеу кезінде тауарларды декларациялау және өзге де кедендік операциялар жасау барысында декларант:
1) Қазақстан Республикасының кеден аумағына әкелінетін тауарларды кеден органының бақылауымен тексеруге, өлшеуге және жүк операцияларын орындауға, сондай-ақ кедендік декларация мен кедендік мақсаттар үшін қажетті құжаттарды бергенге дейін тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуға құқылы. Тауарлардың сынамалары мен үлгілері тауарларға берілген кедендік декларацияда көрсетілетін жағдайда оларға жеке кедендік декларация берілмейді;
2) кеден органдарының лауазымды адамдары кедендік бақылау өткізгенде, олар сынамалар мен үлгілерді іріктеп алған кезде қатысуға;
3) кеден органдары іріктеп алған сынамалар мен үлгілерге жүргізілген зерттеу нәтижелерімен танысуға;
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3- 1- тармақшамен толықтырылды
3-1) кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкілеттi орган белгілеген тәртіппен сарапшылар тартуға;
4) өзінің құқығы бұзылған жағдайда кеден органдарының шешіміне, кеден органдары лауазымды тұлғаларының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
376-бап. Декларанттың міндеттері
Декларант:
1) тауарлар мен көлік құралдарына декларация жүргізуге;
2) кеден органының талабы бойынша декларацияланатын тауарлар мен көлік құралдарын көрсетуге;
3) кеден органына кедендік мақсаттар үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді беруге;
4) осы Кодекстің 8-бөліміне сәйкес кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуге немесе олардың төленуін қамтамасыз етуге;
5) кеден органдарының осы Кодексте көзделген өзге де талаптарын орындауға міндетті.
377-бап. Декларанттың жауапкершілігі
1. Декларант:
1) кедендік декларацияда және өзге де ұсынылатын құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыс еместігі үшін;