1) тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшы туралы және оны ауыстыратын адам туралы;
2) ұйымның қажетті құжаттарды (мәліметтерді) әзірлеуге, оларды уақытында тексеру тобына беруге және тексеру тобынан аралық есептерді алуға жауапты мамандары туралы деректерді қамтитын хатты табыс етеді.
5. Уәкілетті орган қажет болғанда тексеру жүргізу мерзімін ұзартуы мүмкін, бұл жөнінде ұйымға жазбаша хабарлама жіберіледі.
Хабарламаның екі данасы ұйымға беріледі, оның біреуі хабарламаны алғандығы туралы белгі қойылып уәкілетті органға қайтарылады.
6. Ұйым тексеру тобына уәкілетті орган тексеруге берген тапсырмада көрсетілген мәселелер бойынша жәрдем көрсетуге, сондай-ақ кез келген лауазымды адамдар мен қызметкерлерден жауап алу мүмкіндігін және ақпаратты тексеру үшін қажетті кез келген көздерге қол жетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.
7. Ұйым тексеру тобына жұмыс жасау үшін жеке үй-жай және өз әкімшілік ғимараттарына кіруге рұқсат береді, өз қызметкерлерінің тексеру тобы мүшелерінің сұрақтарына түсініктемелер (ауызша және жазбаша) беруін, ұйымның қызметіне қатысты ақпараттарға, оның ішінде автоматтандырылған жүйелер мен деректер базасына қол жеткізуді қамтамасыз етеді, тексеру тобына қажетті құжаттардың көшірмелерін түсіруге мүмкіндік береді, сондай-ақ тексеру тобына тексеруді уақтылы аяқтауға көмек көрсетеді.
8. Тексеру тобы ұйымға қарау үшін берілетін аралық есептер жасауы мүмкін.
Аралық есептерге тексеру тобының орындаушысы мен жетекшісі қол қояды.
9. Аралық есептің мазмұнында ескертулер бар болған жағдайда ұйым аралық есепті алған күннен бастап төрт жұмыс күні өткенде өздерінің жазбаша қарсылықтарын табыс етеді.
Аралық есептерде жазылған қорытындылар алдын ала болып табылады және ұйымнан алынған келіспеушіліктер мен қосымша, оның ішінде үшінші тұлғалардан алынған ақпарат ескеріліп, тексеру нәтижелері туралы жиынтық есепте қайта қаралуы мүмкін.
10. Тексеру тобы ұйымнан барлық қажетті құжатты, оның ішінде олардың көшірмелерін тексеру нәтижелері туралы аралық және жиынтық есепке қосу үшін алады.
Тексеру тобының жетекшісі ұйымның басшысына көрсетілген мерзімдерде орындалуға тиіс жазбаша сауалдар жібереді.
11. Тексеру тобының мүшелері тексеру жүргізу кезінде ұйымнан алған құжаттардың сақталуын және олардағы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді.
12. Тексеру аяқталғаннан кейін отыз күнтізбелік күн ішінде ұйымның бірінші басшысының атына тексеру жетекшісі мен оның тікелей басшысы қол қойған тексеру нәтижелері туралы қорытынды есептің екі данасы жіберіледі.
13. Басшы (орынбасар) не ұйымды тексеруді жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшы тексеру нәтижелері туралы қорытынды есептің бірінші данасын қабылдап алады, есептің екінші данасының әрбір парағына қол қояды, оның соңғы парағына лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын көрсете отырып, алған күні туралы белгі қояды және тексеру нәтижелері туралы қорытынды есепті алғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірмей оны уәкілетті органға жібереді. Тексеру нәтижелері туралы қорытынды есепте жазылған тексеру нәтижелерін ұйым ұйымның атқарушы және басқа басқару органдарына мәлімет үшін жеткізеді.
14. Тексеру нәтижелері туралы қорытынды есепте жазылған тексеру нәтижелері бойынша келіспеушіліктер болған кезде ұйым тексеру нәтижелері туралы қорытынды есепті алған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде оларды уәкілетті органға жазбаша түрде табыс етеді.
15. Тексеру нәтижелері туралы қорытынды есепте жазылған ұйымды тексерудің нәтижелері уәкілетті орган басшысының немесе оның орынбасарының, уәкілетті органның бөлімшесі басшысының немесе оның орынбасарының төрағалық етуімен өткізілетін мәжілісте ұйым басшыларын шақыра отырып қаралуы мүмкін.
16. Мәжіліс нәтижелері мәжіліс төрағасы қол қоятын хаттамамен ресімделеді және қол қойылған күннен бастап бес күнтізбелік күн ішінде ұйым басшысына танысуға жіберіледі. Ұйым келіспеушілігі болған жағдайда мәжіліс хаттамасын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны уәкілетті органға жазбаша түрде береді.
Уәкілетті орган ұйымның хаттамамен қарсылықтарымен келіспеген кезде соңғы шешімді уәкілетті органның басшысы немесе оның орынбасары қабылдайды.
17. Тексеру нәтижелері тек қана уәкілетті органның өз функцияларын орындауы мақсатында пайдалануға жатады.
18. Тексеру нәтижелері туралы қорытынды есепті ұйым өзінің қаржылық дәулеттілігін растау үшін жарнамалық немесе өзге де мақсатта пайдалана алмайды, сондай-ақ ол үшінші тұлғаларға, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті органның келісімінсіз берілмейді.
19. Ұйым уәкілетті органға табыс еткен қаржылық және өзге де есептіліктің құжаттық деректері мен тексеру нәтижелері туралы қорытынды есепте келтірілген мәліметтерінде алшақтық болған жағдайда, ұйым уәкілетті органның нұсқамасы бойынша өз есептілігін қорытынды есептің нәтижелеріне, оның ішінде алдыңғы есеп күндеріне сәйкес келтіреді.
20. Ұйым жоспарланған шаралары және тексеру кезінде анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөніндегі жауапты орындаушылары көрсетілген іс-шаралар жоспарын уәкілетті орган белгілеген мерзімде келісуге ұсынады.
Ұйым іс-шаралар жоспарын уәкілетті органмен келіскеннен кейін бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою туралы есептерді не іс-шаралар жоспары бойынша өзіне алған міндеттердің орындалмау себептері туралы түсініктерді табыс етеді.
21. Ұйым тексеруді белгіленген мерзімдерде жүргізуге мүмкіндік болмауына әкеп соқтырған, құжаттарды, ақпараттарды тексеру топтарының сұрауларында көрсетілген мерзімдерде беруден бас тартқан, осы баптың 7 және 10-тармақтарының шарттарын орындамаған жағдайда, тексеру жетекшісінің шешімі бойынша бұл жөнінде уәкілетті органның басшысы немесе оның орынбасары жазбаша хабардар етілгеннен кейін тексеру тоқтатылуы мүмкін.
22. Уәкілетті органның қызметкерлеріне ұйымның қызметін тексеру барысында алынған мәліметтерді жария етуге не үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады.
23. Тексеруді жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына ұйым қызметін тексеру барысында алынған және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін жауапты болады.
14-бап. Ақпарат алу жөніндегі өкiлеттiктер
Уәкiлеттi органға жүктелген қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау функцияларын сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету, осы Заңның талаптарын iске асыру мақсатында уәкiлеттi орган жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік органдардан өзiнiң қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпарат алуға құқылы, бұл орайда алынған мәлiметтер жария етуге жатпайды.
Уәкiлеттi органның қызметкерлерi өздерiнiң қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында алынған қызметтiк, коммерциялық, банктiк немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi жариялағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
15-бап. Уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттік органдарымен және басқа мемлекеттердiң қаржы рыноктары мен қаржылық ұйымдарды реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын органдарымен өзара әрекетi
1. Уәкiлеттi орган өз қызметiнде Қазақстан Республикасының заң актілерімен өзiне берiлген өкiлеттiктерi шегiнде ешкiмге тәуелсiз. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар уәкiлеттi органның заң тұрғысында бекітілген өкiлеттiктерiн iске асыру жөніндегі қызметiне араласуға құқылы емес.
2. Уәкiлеттi орган өз қызметiн басқа мемлекеттік органдармен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құзыретi шегiнде үйлестiредi.
3. Уәкiлеттi орган басқа мемлекеттердiң қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарымен ынтымақтастықта болады және олардың қадағалау функцияларын жүзеге асыруына қажеттi ақпарат алмасуға құқылы.
3-тарау. Қорытынды ережелер
16-бап. Қазақстан Республикасының қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы заңдарын бұзғаны үшiн кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
17-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының