Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қөн
процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 5-6, 24-құжат; № 17-18, 241-құжат; № 21-22, 281-құжат; 2002 ж., № 4, 33-құжат; № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 1-2, 3-құжат; № 4, 25-құжат; № 5, 30-құжат; № 11, 56, 64, 68-құжаттар; № 14, 109-құжат; № 15, 122, 139-құжаттар; № 18, 142-құжат; № 21-22, 160-құжат; № 23, 171-құжат; 2004 ж., № 6, 42-құжат; № 10, 55-құжат; № 15, 86-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 139, 140-құжаттар; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 7-8, 19-құжат; № 9, 26-құжат; № 13, 53-құжат; № 14, 58-құжат; № 17-18, 72-құжат; № 21-22, 86, 87-құжаттар; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 19, 20-құжаттар; № 3, 22-құжат; № 5-6, 31-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 72, 77-құжаттар; № 13, 85, 86-құжаттар; № 15, 92, 95-құжаттар; № 16, 98, 102-құжаттар):
1) 377-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«377-бап. Қазақстан Республикасында тіркеусіз не жеке
басты куәландыратын құжаттарсыз тұру
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлікпен, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша немесе уақытша болатын жері бойынша үш айдан астам мерзімде тіркеусіз тұруы -
ескерту жасауға немесе бір айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасында шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның тұруға ықтиярхатсыз немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігінсіз не жарамсыз тұруға ықтиярхатпен, азаматтығы жоқ адамның куәлігімен үш айдан астам мерзімде тұрақты тұруы -
айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
2) 378-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«378-бап. Қазақстан Республикасында тіркеусіз не жеке
басын куәландыратын құжаттарсыз тұруға жол беру
1. Құжаттау және халықты тіркеу ережелерін сақтауға жауапты адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз Қазақстан Республикасында тұруға жол беруі, -
ескерту жасауға немесе айлық есептік көрсеткіштің жиырмаға дейінгі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет, -
айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Құжаттау және халықты тіркеу ережелерін сақтауға жауапты адамдардың шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың тұруға ықтиярхатсыз немесе азаматтығы жоқ адамның куәліксіз не жарамсыз ықтиярхатпен немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігімен Қазақстан Республикасында тұрақты тұруына жол беруі, -
ескерту жасауға немесе айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет, -
айлық есептік көрсеткіштің елуден жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.».
2. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2337 заң күші бар Жарлығына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 9-10, 68-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 184-құжат; 2001 ж., № 8, 50, 54-құжаттар; № 21-22, 285-құжат; 2006 ж., № 5-6, 31-құжат):
1) актінің нысаны мен тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы»;
2) кіріспе алып тасталсын;
3) бүкіл мәтін бойынша «Жарлықтан», «Жарлықта», «Жарлық», «Жарлықтың», «жарлықтың» деген сөздер тиісінше «Заңнан», «Заңда» «Заң», «Заңның» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) бүкіл мәтін бойынша «шетел азаматтарының», «шетел азаматтары», «Шетел азаматтарының», «шетелдік азаматтың», «шетелдік азаматтар», «шетел азаматтарына», «шетел азаматына», «Шетел азаматтары», «шетелдік азаматтардың», «шетел азаматтарын», «Шетел азаматының», «Шетел азаматы» деген сөздер тиісінше «шетелдіктердің», «шетелдіктер», «Шетелдіктердің», «шетелдіктің», «шетелдіктерге», «шетелдікке», «Шетелдіктер», «шетелдіктерді» «Шетелдіктің», «Шетелдік» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 1-баптың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.»;
6) 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«4-бап. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын және
уақытша жүрген шетелдіктер
Тұрақты тұруға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен рұқсат және тұрақты тұру құқығына құжат алған шетелдіктер Қазақстан Республикасында тұрақты тұрушылар деп танылады.
Оралмандарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында тұрған адамдарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берудің міндетті шарты мұндай рұқсатты алуға үміткер адамның Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мөлшерде өзінің төлем қабілеттілігін растауы болып табылады.
Қазақстан Республикасында өзгедей заңды негізде жүрген, сондай-ақ оларға қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыстар деп танылатын әрекеттер жасалуы салдарынан жәбірленуші деп танылған шетелдіктер Қазақстан Республикасында уақытша жүрген деп есептеледі. Олар белгіленген тәртіппен тіркелуге және өздеріне белгіленген болу мерзімі өткен соң Қазақстан Республикасынан кетуге міндетті.»;
7) 5-баптың бірінші бөлігінде «және азаматтығы жоқ адамдарға» деген сөздер алып тасталсын;
8) 6-бап мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасында уақытша жүрген шетелдіктер жеке кәсіпкерлік субъектілері бола алады. Бұл ретте, заңды тұлға құрмай шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.»;
9) 20-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«20-бап. Әскери міндеттілікке қатыстылығы
Әскери міндеттілік Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге қолданылмайды.»;
10) 22-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«22-бап. Қазақстан Республикасына келу
Егер Қазақстан Республикасының тиісті тараппен келісімінде өзгеше тәртіп белгіленбесе, шетелдіктер жарамды паспорт пен оны алмастыратын құжаттармен Қазақстан Республикасының келу визасы болған жағдайда Қазақстан Республикасына келе алады.
Шетелдікке Қазақстан Республикасына келуге:
а) мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын сақтау мүдделеріне орай;
б) егер оның іс-әрекеті конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталса;
в) егер ол Қазақстан Республикасының егемендігіне қарсы шықса, оның аумағының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақырса;
г) егер ол мемлекетаралық, ұлтаралық және діни араздықты тұтандырса;
д) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қажет болса;
e) егер ол террористік әрекеті үшін сотталған болса не сот оны аса қауіпті рецидивист деп таныса;
ж) егер ол, оралмандарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында тұрған адамдарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасында болу және одан шығып кету үшін қажетті қаражатының бар екендігі туралы растауды ұсынбаса;
з) егер оның Қазақстан Республикасында бұрын болған кезінде шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнаманы, Қазақстан Республикасының кеден, валюта немесе өзге де заңнамаларын бұзған фактілері анықталған болса;
и) егер ол келу туралы өтініш хатпен жолданған кезде өзі жөнінде жалған мәліметтер хабарлаған болса немесе қажетті құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде табыс етпесе, тыйым салынуы мүмкін.
Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген шетелдіктерге шығарып жіберу туралы шешім шығарылған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.
Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнаманы шақырылған шетелдіктердің сақтауын бұрын бірнеше рет қамтамасыз етпеген жеке және заңды тұлғалар тарапынан шетелдіктерді Қазақстан Республикасына шақыру туралы берілген өтініш хаттар қаралмайды.
Қазақстан Республикасына келу кезінде шетелдіктерге Қазақстан Республикасының Үкіметі көздеген тәртіппен көші-қон карточкалары беріледі.
Келу визаларын немесе оларға сәйкес келетін басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері және консулдық мекемелері немесе жекелеген жағдайларда бұған арнайы уәкілдік берілген Қазақстан Республикасының өкілдері береді.
Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, қабылдаушы тараптардың шақыруы және Қазақстан Республикасының рұқсат беруге уәкілетті органдарының рұқсаты виза беру үшін негіз болып табылады.»;
11) 26-бапта орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
12) 27-баптағы «Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы заңдарды» деген сөздер «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнаманы» деген сөздермен ауыстырылсын;
13) 28-баптың бірінші бөлігінің в) тармақшасындағы «Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы заңдарды» деген сөздер «шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнаманы» деген сөздермен ауыстырылсын.
3. «Халықтың көші-қоны туралы» 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 24, 341-құжат; 2001 ж., № 8, 50-құжат; № 21-22, 285-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 6, 76-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат):
1) 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«4-бап. Көші-қон субъектілері және оларды тіркеу
Басқа мемлекеттерден Қазақстан Республикасына қоныс аударған көшіп келушілерге, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, оралмандар, босқындар мәртебесі не Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген өзге де мәртебе беріледі.
Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге заңды негіздерде қоныс аударған адамдар көшіп кетушілер мәртебесін алады. Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің, консулдық мекемелерінің және халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің қызметкерлері, шет елдерде уақытша еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары, бітімгершілік борышын орындап жүрген әскери қызметшілер, сондай-ақ шет елдерде оқып, емделіп жүрген, туристік сапарда, ұйымдар мен жеке адамдардың шақыруы бойынша, қызметтік іссапарда жүрген адамдар көшіп кетушілерге жатпайды.
Қазақстан Республикасына келген кезде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен көші-қон карточкалары беріледі.
Қазақстан Республикасының аумағындағы әрбір көші-қон субъектісі өзінің тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткен күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде тіркелуге міндетті. Көші-қон субъектілерін тіркеу жеке басты куәландыратын құжаттар бойынша жүзеге асырылады. Жеке басты куәландыратын құжаттар тізбесін және тіркеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.»;
2) 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«8-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың
Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлік
қызметті жүзеге асыруының шарттары
Қазақстан Республикасында уақытша жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жеке кәсіпкерлік субъектілері бола алады.
Бұл ретте заңды тұлға құрмай шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.
Шетелдік жұмыс күшін тартатын, жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өз қаражаты есебінен қазақстандық азаматтарды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асырады.»;
3) 11-баптың екінші бөлігіндегі «шетелдік азаматтар» деген сөздер «шетелдіктер» деген сөзбен ауыстырылсын;
4) 14-баптың төртінші бөлігіндегі «Аумақтық қызметтердің шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында» деген сөздер «Уәкілетті органның аумақтық қызметтерінің шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 15-баптың үшінші бөлігінің үшінші абзацындағы «аумақтық көші-қон қызметтерін» деген сөздер «уәкілетті органның аумақтық қызметтерін» деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 22-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«22-бап. Шетелдіктің және азаматтығы жоқ адамның
Қазақстан Республикасына келуіне бас тарту
негіздерi
Шетелдіктің және азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасына:
а) мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын сақтау мүдделеріне орай;
б) егер оның іс-әрекеті конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталса;
в) егер ол Қазақстан Республикасының егемендігіне қарсы шықса, оның аумағының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақырса;
г) егер ол мемлекетаралық, ұлтаралық және діни араздықты тұтандырса;
д) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қажет болса;
е) егер ол террористік әрекеті үшін сотталған болса не сот оны аса қауіпті рецидивист деп таныса;
ж) егер ол, оралмандарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында тұрған адамдарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасында болу және одан шығып кету үшін қажетті қаражатының бар екендігі туралы растауды табыс етпесе;
з) егер оның Қазақстан Республикасында бұрын болған кезінде шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнаманы, Қазақстан Республикасының кеден, валюта немесе өзге де заңнамаларын бұзған фактілері анықталса;
и) егер ол келу туралы өтініш жасаған кезде өзі жөнінде жалған мәліметтер хабарласа немесе қажетті құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде табыс етпесе, келуіне бас тартылуы мүмкін.
Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға шығарып жіберу туралы шешім шығарылған күннен бастан бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.»;
7) 24-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«24-бап. Шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға
Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат
беруден бас тартудың не тұрақты тұруға рұқсатты
жоюдың негізi
Шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға:
1) көрінеу заңсыз көшіп-қонушыларға, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшін өздері шыққан елдердің заңнамасы бойынша қудалауға ұшыраған адамдарға;
2) сотталғанға дейін тұрақты тұратын жері Қазақстан Республикасының шегінен тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға;
3) адамзатқа қарсы қылмыс жасаған адамдарға;
4) оралмандарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында тұрған адамдарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, өзінің төлем қабілеттілігін растауды Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен және мөлшерде табыс етпеген адамдарға;
5) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау органдарының қорытындысына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында эпидемияның таралуына себепші болуы мүмкін сырқаты бар адамдарға;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен уәкілетті органның, ішкі істер органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шешімдері негізінде шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнаманы бұзған адамдарға;
7) мемлекетаралық, ұлтаралық және діни араздықты тұтандыратын адамдарға;
8) әрекеті конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған адамдарға;
9) Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігіне қарсы шыққан, оның бірлігі мен аумағының тұтастығын бұзуға шақырған адамдарға;
10) террористік әрекеті, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы бар адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылуы не бұрын берілген рұқсат жойылуы мүмкін. Бұл ретте қылмыстың ауырлығы, сотталғандығының болуы немесе болмауы Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады;
11) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу туралы өтінішхатпен жолданған кезінде өзі туралы жалған мәліметтер хабарлаған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде қажетті құжаттарды дәлелсіз себептермен тапсырмаған адамдарға;
12) Қазақстан Республикасынан бұрын шығарып жіберілген адамдарға;
13) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қажет болса, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылуы не бұрын берілген рұқсат жойылуы мүмкін.
Тұруға ықтиярхат және азаматтығы жоқ адамның куәлігін беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.»;
8) 29-1-баптағы «Қазақстан Республикасының шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтық жағдайы туралы заңдарында белгіленетін» деген сөздер «Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасында белгіленген» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) 40-бапта орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.
Қазақстан Республикасының
Астана, Ақорда, 2007 жылғы қаңтардың 12-сі.
№ 227-III ҚРЗ