1883 жылғы 20 наурыздағы Өнеркәсіптік меншікті қорғау туралы Париж Конвенциясы;
1944 жылғы 15 сәуірдегі Зияткерлік меншік құқықтарының сауда-саттық аспектілері жөніндегі келісім (бұдан әрі - ТРИПС Келісімі);
1891 жылғы 14 сәуірдегі Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімі;
1970 жылғы 19 маусымдағы Патенттік кооперация туралы шарт (бұдан әрі - РСТ шарты);
1958 жылғы 31 қазандағы Тауар шығарылған жерлердің атауларын қорғау және оларды халықаралық тіркеу туралы Лиссабон келісімі;
1961 жылғы 2 желтоқсандағы Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау туралы халықаралық конвенция (бұдан әрі - УПОВ конвенциясы);
1968 жылғы 8 қазанда Локарнода қол қойылған Өнеркәсіптік үлгілердің халықаралық сыныптамасын құру туралы Локарно келісімі;
1967 жылғы 14 шілдеде Стокгольмде және 1977 жылғы 13 мамырда Женевада қайта қаралған, 1957 жылғы 15 маусымдағы Таңбаларды тіркеу үшін тауарлар мен қызметтердің халықаралық сыныптамасы туралы Ницца келісімі;
1971 жылғы 24 наурыздағы Халықаралық патент сыныптамасы туралы Страсбург келісімі;
1925 жылғы 6 қарашадағы Өнеркәсіп үлгілерін депозиттеу туралы Гаага келісімі.
Бұл шарттар әрбір елдегі Зияткерлік меншікті қорғаудың халықаралық деңгейде келісілген негізгі стандарттарын белгілейді. Бірақ жеделдетілген техникалық прогресс пен сауданы жаһандандыру қысқа мерзім ішінде жаңа өнертабыстар мен көптеген елдерде тауар таңбалары мен өнеркәсіптік үлгілер болып табылатын коммерциялық құндылығы бар активтерді қорғауды қамтамасыз ететін тетіктерді құру қажеттілігін туғызады. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Өнертабыстарды, тауар таңбалары мен өнеркәсіптік үлгілерді қамтитын төрт шарты: Патенттік кооперация туралы шарт, Тауар таңбаларын халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімі, Тауар шығарылған жерлердің атауларын қорғау және оларды халықаралық тіркеу туралы Лиссабон келісімі, Өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық депозитке салу туралы Гаага келісімі бір халықаралық тіркеу немесе берілген өтінім қатысушы мемлекеттердің кез келгенінде күшін сақтайтындай жағдайды қамтамасыз етеді. Қазақстандық өтінім берушілерге, сонымен бірге осы өнеркәсіптік меншік объектісіне қорғау сұралатын барлық елдерде өтінімдерді оңайлатылған тәртіппен беру мүмкіндігі берілген.
1970 жылы құрылған ДЗМҰ сәйкес жағдайларда кез келген басқа халықаралық ұйымдармен өзара әрекет жасау және мемлекеттердің ынтымақтастығы арқылы зияткерлік меншікті қорғауға көмектесуге шақырылған, сондай-ақ Париж одағы мүшелерінің қол қойған бірнеше шарттарының шеңберінде сонымен қатар Париж және Берн конвенцияларының шеңберінде құрылған одақтардың әкімшілік ынтымақтастығын қамтамасыз ететін Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі - БҰҰ) жүйесінің мамандандырылған халықаралық ұйымы болып табылады.
ДЗМҰ әкімшілік ететін халықаралық келісімдерден басқа, зияткерлік меншік саласындағы елдердің ынтымақтастығы мынадай аймақтық ұйымдар аясында жүзеге асырылады:
1. Еуропалық патенттік ұйым (ЕПҰ);
2. Еуразиялық патенттік ұйым (ЕАПҰ);
3. Африка зияткерлік меншік ұйымы (ОАРИ);
4. Африка аймақтық өнеркәсіптік меншік ұйымы (АRІРО).
Сонымен қатар, Дүниежүзілік сауда ұйымы шегінде (бұдан әрі - ДСҰ) жасалған ТРИПС келісімі әлемдік зияткерлік меншікті қорғау жүйесінде аса маңыздысы болып табылады. Бұл Келісім зияткерлік меншік құқықтарының барлық дәстүрлі түрлерін - авторлық құқықтарды, сабақтас құқықтарды, өнеркәсіптік меншік құқықтарын және жабық коммерциялық ақпараттар құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. ТРИПС келісімі осы келісімге қатысушы барлық елдер үшін міндетті ең төменгі стандарттарды белгілейді.
Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне байланысты зияткерлік меншікті қорғау саласындағы заңдар толығымен ТРИПС Келісімінің нормаларына сәйкестендірілді деуге болады.
Соңғы кезде белсенді дамып келе жатқан экономикалық байланыстарды жаһандандыру және халықаралық сауданы одан әрі ырықтандыру инновациялардың және олардың әлемдік нарықта сенімді құқықтық қорғалу қажеттілігін күшейте түсіп, бәсекелестік сайысты шиеленістіре түсті. Ол өз кезегінде жалпы зияткерлік меншікті және әсіресе өнеркәсіптік меншікті құқықтық қорғау жүйесінің рөлін арттырады, өйткені соңғысы өнеркәсіптік меншік зерттеулер мен өңдемелердің нәтижелерін қорғауды қамтамасыз етеді, сонымен қатар, ғылыми-техникалық дамуды ынталандырады. Жапония, АҚШ, Австралия, Қытай сияқты алдыңғы қатарлы әлемдік державалар зияткерлік меншікті қорғау саласында XXI ғасырға арналған өзіндік стратегияларын қабылдаған. Мысалы, Ұлыбритания мен АҚШ-та олар басқыншылық. Олардың мәні өнертабыстардың көпшілігін басқа елдерде, көбінесе дамушы елдерде тіркеуде. Бұл стратегия ертеңгі тауарлар және қызметтер нарығын жабуға және өзіндік технологияларды ілгері тартуға көмектеседі. Осындай зияткерлік экспансияның мүмкін болуына мемлекеттік протекционизм саясаты қосымша күш береді. Жапонияның осы саладағы стратегиялық бағдарламасы «зияткерлік меншікке негізделген ұлтты қалыптастыруға» бағытталған.
1985 жылдан бастап экономикалық дамыған елдердің шетелге жіберетін өтінімдер ағынының елеулі өсуі белгіленеді. 2001 жылғы деректер бойынша АҚШ шетелдік патенттеуі ең жоғары деңгейдегі ел болып табылады, жалпы әлемдік ағында американдық өтініш білдірушілерден келіп түскен өтінімдер үлесі 28 % құрайды. Жапон және Германия фирмалары өз үлестерін өсіруде, олар тиісінше 14,3% және 19%-ға ие, келесі орында Ұлыбритания мен Франция.
РТС Шарты бойынша берілетін өтінімдер статистикасы мына кестеде ұсынылады.
Ел | 2004 жылғы бүкіл әлемде берілген РСТ өтінімдерінің жалпы санынан пайыздық үлесі |
АҚШ | 34,99 |
Жапония | 16,9 |
Германия | 12,4 |
Франция | 4,4 |
Ұлыбритания | 4,2 |
Финляндия | 1,4 |
Ресей | 0,4 |
Қазақстан | 0,006 |
Қалған елдер | 25,304 |
Барлығы | 100% (120100 өтінім) |
Жоғарыда келтірілген статистикалық деректерге сүйенсек, шетелдік патенттеу деңгейі бойынша және РСТ тәртібімен берілген өтінімдер саны бойынша, мемлекеттік деңгейде қабылданатын нақты стратегиялары мен бәсекеге қабілетті патенттік жүйелері бар әлемнің жетекші елдері көш басқаратыны айқын.
Экономикалық қатынастарды жаһандандыру зияткерлік меншікті құқықтық қорғау жүйесін интернационалдандыру және ұлттық патенттік рәсімдердің үйлесімді болу қажеттілігін тудырады.
Бүгінгі таңда зияткерлік меншікті қорғаудың әлемдік жүйесінде ұлттық жүйелер арасындағы ерекшеліктерді жоюға әкеп соғатын тұрақты үрдіс байқалып отыр, ол зияткерлік меншік иегерлеріне жаһандық құқық қорғауды пайдалануға мүмкіндік береді.
Ұлттық жүйелер көбінесе дамыған елдер болып табылатын мейлінше ұйымдасқан зияткерлік меншік жасаушылар мүдделерінің тұтынушылардың мүдделерінен іс жүзінде басым болуы тәуекеліне қақтығысып отыр.
Әлемдік патенттік жүйені дамытудың қалыптасып отырған жалпы әлемдік үрдісіне орай инновациялық даму мақсатында Қазақстан зияткерлік меншікті сенімді қорғауды қамтамасыз ететін, икемді әрі тиімді, қазіргі заманғы, бәсекеге қабілетті патенттік жүйенің жаңа үлгісін жасауға ұмтылып отыр.
3.2. Қазақстанның патенттік жүйесінің даму тарихы мен проблемалары
Қазақстан Республикасының ұлттық патенттік жүйесінің құрылуы «Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Ұлттық патенттік ведомство туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің № 806 Жарлығына қол қойған күннен, яғни 1992 жылғы 23 маусымнан бастау алады. Ұлттық патенттік жүйені құрудың негізгі мақсаттары республиканың ғылыми-техникалық потенциалын сақтап қалу және қорғау, өнеркәсіптік меншік саласындағы өркениетті нарықтық қатынастарды құру, отандық өнертапқыштардың шығармашылығын демеу болып табылады.
Қазақстан Республикасының Патенттік ведомствосы өзінің қызмет ету кезеңінде бірқатар ұйымдастырушылық өзгерістерді басынан кешті және қазіргі кезде мемлекеттік басқару органы - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті мен сараптама жасау ұйымы - «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМҚК-ны қамтитын екі деңгейлі құрылым болып табылады.
Ұлттық патенттік жүйенің негізін 1992 жылғы маусымда ТМД елдері арасында алғаш қабылданған Қазақстан Республикасының Патент заңы (бүгінде 1999 жылғы 16 шілдедегі Заң қолданылып жүр) және 1993 жылғы қаңтарда қабылданған «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бүгінде 1999 жылғы 26 шілдедегі Заң қолданылып жүр) құрған.
Кейінгі жылдары зияткерлік меншік саласындағы заңдар «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы», «Интегралды микросхемалар топологиясын құқықтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарымен толықтырылды.
Қазақстанда ұлттық заңдарға сәйкес, үстірт тексеру, формальды патенттеудің жүйесі әрекет етеді, бұл жағдайда өнертабысқа, өнеркәсіптік үлгіге екі түрлі қорғау құжаты беріледі.
Үстірт тексеру жүйесі бойынша өтінім материалдарының формальды сараптамасы әлемдік жаңашылдық, өнертабыстың өнертапқыштылық деңгейі және өнеркәсіптік қолдану, Патентке қабілеттілігі сияқты өлшемдерді тексерусіз өткізіледі, ал қорғау құжаты (алдын ала патент) 5 жыл мерзімге өтініш білдірушінің тәуекелі мен жауапкершілігіне беріледі.
Патенттеудің тексеру жүйесі патент алу үшін өтінім материалдарының толық сараптамасын (мәні бойынша сараптама) жасау кезінде қолданылады, ол өнертабысты патентке қабілеттіліктің барлық өлшемдері - әлемдік жаңашылдық, өнертапқыштық деңгейі мен өнеркәсіптік қолдану бойынша тексеруді қамтиды. Мәні бойынша сараптаманы өткізу кезінде, әлемде басымдықтың күніне дейін жалпыға қолжетімді болған және РСТ құжаттарының минимумы болып саналатын ақпарат көздері бойынша ақпараттық іздестіруді жүргізу қажет. Бұл жетекші елдердің: Германияның, АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Францияның, Швейцарияның (тек неміс және француз тілдерінде), Жапонияның, КСРО-ның, Ресейдің, осы елдерде берілген патенттерді қоса алғанда, патенттік құжаттары; РСТ жүйесі бойынша жарияланған халықаралық өтінімдер; Еуразиялық патенттік ведомствоның КСРО-ның 1920 жылдан бері мүмкін болған жерде жарияланған патенттеріне, ретроспективасы бар авторлық куәліктерге өтінімдер; Еуразиялық патенттік ведомствоның жарияланған өңірлік патенттері, КСРО-ның ретроспективасы бар авторлық куәліктері, сонымен бірге 5 жылдан кем емес (басымды 30 жыл шамасында) ретроспективасы бар ғылыми-техникалық ақпарат. Өнертабыстың жаңалығын анықтау кезінде Қазақстан Республикасында патенттелген өнертабыстар мен пайдалы модельдер ескеріледі, сондай-ақ Қазақстан Республикасында өнертабыстарға және пайдалы модельдерге басқа адамдар тапсырған өтінімдер (олардың басымдығы бұрынырақ болған жағдайда). Патент өзінің иесіне 20 жыл мерзімге объектіні рұқсатсыз пайдаланудан толыққанды қорғауға мемлекет кепілдік беретін қорғау құжаты болып табылады.
Қазақстан Республикасының патент жүйесі әрекет еткен уақытта өнертабыстарға берілген 18377 қорғау құжатының ішінде алдын ала патенттеудің үлесі 13446 немесе олардың жалпы санының 73 % құрайды.
Бұл жағдай елдегі инновациялық қызметке теріс әсер етеді, өйткені бизнес пен өндірушілер алдын ала патентті өндірісте іс жүзінде жүзеге асыру үшін орта және ұзақ мерзімді салымдардан ұстанады, себебі ол формальды сараптама жасау негізінде өтінім берушінің, патент иеленушінің тәуекелі мен жауапкершілігіне беріледі.
1993-2005 жылдар аралығындағы алдын ала патенттер
мен патенттердің берілу серпіні
Кестеде көрсетілгендей, өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғау көбінесе патенттеудің үстірт тексеру жүйесі негізінде берілген алдын ала патенттермен жүзеге асырылады. Патенттеудің үстірт тексеру жүйесін басым жүйе ретінде айырып қарастырудың бірден бір себебі, патентке қабілеттіліктің барлық өлшемдерін тексерумен бірге өтінімдерге қажетті мәні бойынша сараптама жүргізу үшін Қазақстанда әлемдік патенттік құжаттаманың сараптамалық қорының болмауынан туындады. Мұндай қорлардың негізгісі РСФСР-да (Өнертабыстар бойынша мемлекеттік комитет), резервтік қор Украина КСР-да орналасқан болатын. Тәуелсіздікке ие болғаннан кейін, Қазақстан аталған қорларды пайдалану мүмкіншілігінен айырылды. Сондықтан да ұлттық өтінім берушілердің өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғауды қамтамасыз ету тек формальды сараптама қамтитын үстірт тексеру жүйесін пайдалану арқылы жүзеге асырылды, бұл мәселенің бірден бір шешімі болып табылды.
Бұл жүйенің жағымды жағы өтінім материалдарын жылдам қарап, өтінім берушінің алдын ала патент алуы еді, ол өтінім берушіге өзге тұлғалардың тарапынан жосықсыз бәсекелестіктен қорықпай өзінің объектісін құқық иеленуші ретінде қолдануға мүмкіндік берді. Бірақ ҚР Патент заңының кейінгі редакцияларында алдын ала патент беру мерзімі патент беру мерзімімен теңестірілген. Алдын ала патенттің оның тез берілуіндегі негізгі артықшылығы іс жүзінде жойылған, бұл өнертапқыштардың өз құқықтарын қорғауына теріс әсерін тигізді.
Сондай-ақ, алдымен алдын ала патент алу, тек содан кейін патент алу туралы өтініш беруді қамтитын, өнертабыстар мен пайдалы модельдерге қорғау құжатын алудың қатаң реттелген кезектілігі сараптама жасау мерзімінің негізсіз созылуына және өтінім берушілердің өз объектілеріне тиісті қорғауды алудағы әрекет ету еркіндігін шектеуге әкеп соқты не өтінім берушілер патент алудан мүлдем бас тартты.
Бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кірген бір қатар жоғары дамыған елдердің патенттеу жүйелеріне талдау жасай отырып (АҚШ, Швейцария, Австралия, Жапония, Үлыбритания, Канада, Германия, Австрия, Франция) бұлардың басым көпшілігі өтінімнің формальды (алдын ала) сараптамасынан кейін жарияланымды көздейтін патенттеудің мерзімі ұзартылған тексеру жүйесін пайдаланатындығын атап өтуге болады.
Бұлардан ерекшеленетін АҚШ-та өтінімдерді жарияланымсыз тексеру жүйесі пайдаланылады, Швейцарияда тексеру жүйесі тоқыма және сағат өнеркәсібі объектілері үшін қолданылады, ал қалған объектілер үшін үстірт сараптама жасау жүйесі қолданылады.
Қазіргі кезде Қазақстандағы инновациялық үдерістердің жеделдетілуіне байланысты қорғау құжаттарын беру мерзімін айтарлықтай қысқарту қажеттілігі туындап отыр. Бірқатар елдердің тәжірибесі патенттік өтінімдердің сараптамасын өткізуді жеделдету патенттің қолданылу мерзімін ұзартуға әкеп соғатынын көрсетті, ол ғылыми-техникалық прогреске объектіні өндіріске мейлінше ерте енгізуге әсерін тигізеді және өнертапқыштарды патент алуға ынталандыра түседі.
Сондықтан, жаңарып отырған ұлттық патенттік жүйе берілетін қорғау құжаттарының сапасы мен сенімділігін қамтамасыз етуге тиіс және елдің ғылыми-техникалық потенциалын дамытуға ықпал етуге тиіс.
Сондай-ақ, географиялық сілтемелер, фирмалық атаулар, генетикалық ресурстар, фольклор және т.б. сияқты дәстүрден тыс зияткерлік меншік объектілерін қорғау мәселесін шешу керек.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
Қазақстан Республикасының патенттік жүйесін дамытудың 2007 - 2011 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы № 1096 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2003 - 2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асырудың қосымша құралдарын қамтиды.
Сервистік-технологиялық экономика жағдайында зияткерлік меншік пен оны пайдаланудың әр түрлі стратегиялары компаниялардың бәсекеге қабілеттіліктерінің өсуінің күшті құралына айналады. Әсіресе, бұл құбылыс әлемнің бәсекеге барынша қабілетті он бес елдің шағын және ірі компанияларының қызметінен белгілі. Сондықтан «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» Қазақстанның ұлттық патенттік жүйесінің осы үрдіске сәйкес дамуын талап етеді. Қазақстанда да зияткерлік ресурстар бизнес активтеріне айналуы қажет, ал бизнестің бәсекелестік стратегиясын құруда әр компания өзінің ұзақ мерзімді бәсекелестік басымдықтарына қол жеткізудегі патенттік стратегиясын құру қажет.
Ол үшін республикада зияткерлік меншік құқықтарымен қорғалатын тауарлар мен қызметтерді өндіру үшін қолайлы инновациялық ахуал орнату қажет.
Бағдарлама мемлекеттің зияткерлік меншік объектілерін пайдалана отырып, бәсекелестік сайыстың құралдарын құру мен дамытудағы инновациялық кәсіпкерлікті қолдау және патенттік жүйенің дамуы бойынша мемлекеттік бағдарламаны құрайды.
Осы өнімнің көлемі қарқынының өсуіне қарай, әлемдік экономикалық айналымға қосылу мүмкіндігіне ие болу үшін, экспорттық нарықта орнықты орын алу мақсатында әлемдік патенттік жүйесінің беретін барлық артықшылықтарын қолдану қажет. Нәтижесінде жаңа экономиканың жағдайында құн қалыптастыру тізбегінде патенттік жүйенің ең маңызды буындарының бірі екендігі көрінеді.
Бағдарламаның мақсаты ұлттық патенттік жүйенің тиімділігін арттыру болып табылады.
Бағдарламаның негізгі міндеттері:
1. Өнеркәсіптік меншік объектілерін патенттеу рәсімін жаңғырту, оның ішінде патенттік өтінімнің сараптамасын уақтылы қамтамасыз ету, қорғау құжаттарын беру мерзімін қысқарту және олардың сенімділігін арттыру.
2. Зияткерлік меншік объектілерін қорғау саласын кеңейту және жетілдіру.
3. Толыққанды патенттік-ақпараттық ресурстарды құру.
4. Патенттік қызмет инфрақұрылымының институционалдық негіздерін жасау.
5. Өнертапқыштық және патенттік-лицензиялық қызметті қолдау және жандандыру.
6. Ішкі нарықты жалған тауарлардан қорғауға ықпал ету және өнеркәсіптік меншік объектілерін заңсыз пайдаланудың жолын кесу жөніндегі шараларды жетілдіру, контрафактілік өнім деңгейін қысқарту.
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары мен іске асыру тетіктері
1. Зияткерлік меншік объектілерін патенттеу рәсімдерін жаңғырту
1.1. Өнертабыстар мен пайдалы модельдерді патенттеу
Қазіргі кезде Қазақстанда өнертабыстарды патенттеудің үстірт қарау және тексеру жүйесі, ал пайдалы модельдер үшін - үстірт қарау жүйесі әрекет етеді. Қазақстан Республикасының өнертабыстарға берілетін патенті алдын ала патент берілгеннен кейін ғана беріледі.
Қазақстан Республикасының қорғау құжаттарының статистикалық талдауы ұлттық патент иеленушілерге берілген қорғау құжаттарының арасындағы патенттердің саны шамамен 10 пайызды, ал алдын-ала патенттер 90 % құрайтындығын көрсетіп отыр. Біздің еліміздің аумағындағы 3299 аса еуразиялық патенттерді есепке алғанда толыққанды патенттік қорғанысқа негізінен шетелдік өтінім берушілер ие. Патенттік нарық үшін бәсекелестік сайыста ұлттық патент иеленушілер көбінесе алдын ала патентті пайдаланады, олар өздерінің міндетті әрі дәйекті екі сатылы патент алу рәсімдерінің нәтижесі болып табылатын ұзақ мерзімді патенттік позицияны ұстап тұру мүмкіндігін жүзеге асырмайды.
Қазақстан зияткерлік меншік саласындағы барлық маңызды халықаралық конвенциялар мен шарттарға қосылды, ол қазақстандық өтінім берушілерге халықаралық патенттеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бірақ өнертабыстарға берілетін қазақстандық өтінімдердің көп дегенде 1 %-дан кемі әлемнің өзге елдерінде патенттеледі. Ал халықаралық патенттеу жаһандық нарыққа шығуға дайындық, экспортты қорғау және халықаралық ауқымдағы инновация тәуекелдерін сақтандыру құралы болып табылады.
Ұлттық өтінім берушілердің мүдделерін, ұлттық зияткерлік меншікті қорғау үшін, сондай-ақ Қазақстанның жақында ДСҰ-ға кіруіне байланысты отандық патенттік нарықты жандандыру, күшейту және ұлттық патенттік жүйені халықаралық патенттік тәжірибемен өзара үйлестіру қажет.
Өнеркәсіптік меншік объектісін патенттеу рәсімін модернизациялау келесі негізгі жайғасымдарды қамтиды:
- алдын ала патенттен бас тарту;
- инновациялық патентті енгізу;
- ТРИПС келісімінің ережелеріне сәйкес «өнертабыс объектісі» деген ұғымды ырықтандыру;
- Беру рәсімін өтінім құжаттарын ДЗМҰ-дың патенттік құқық туралы шартының (РLТ) ережелері негізінде ұсыну арқылы жеңілдету;
Өнертабысты құқықтық қорғау инновациялық патентке немесе балама негіздегі патентке өзара өзгерту мүмкіндігін қарастыра отырып, өтінім беру жолымен жүзеге асырылатын болады, бұл ретте инновациялық патентке дауласу және оны жарамсыз деп тану стандартты патенттерге қойылатын негіздемелер бойынша жүзеге асады, соның ішінде мәлімделген объектінің патенттік қабілеттілігінің барлық шарттарына сәйкессіздігі бойынша да жүзеге асады.
Жергілікті жаңашылдығы мен өнеркәсіпте қолдануға жарамдылығына сараптама қорытындысы бойынша берілетін инновациялық патент өнеркәсіптік меншікке айрықша құқықтың жедел құжаты ретінде инновацияларды нарыққа жылдам шығару құралдарының бірі болып табылады.
1.2. Өнеркәсіптік үлгілерді патенттеу
Қазақстанда өнеркәсіптік үлгілерді қорғау Патент заңына сәйкес үстірт қарау-тексеру жүйесі бойынша іске асырылады. Формальды сараптаманың нәтижесі бойынша өтінім берушіге өтінім берген күннен бастап бес жыл бойы күшін сақтайтын алдын ала патент беріледі, мәні бойынша сараптаманың нәтижесі бойынша өтінім берілген күннен бастап он жыл бойы күшін сақтайтын және бес жылға ұзарту мүмкіншілігі бар патент беріледі.
2006 жылдың 1 қаңтарына Қазақстан Республикасының патенттік ведомствосына өнеркәсіптік үлгіге 938 өтінім келіп түсті, 500 астам қорғау құжаты берілді, оның ішінде жартысына жуығы қорғау құжаттарын күшінде ұстап тұрмаған салдарынан жойылды. Статистика негізінен шетелдік өтінім берушілерден келіп түсетін өтінімдердің бестен бір бөлігіне ғана мәні бойынша сараптама жасалатындығын көрсетеді, олар ұлттық өтінім берушілердің әзірлемелерінің көркемдік-конструкторлық деңгейін көтеру және шетелдік аналогиялардан көшірме жасамай бәсекеге қабілетті бұйымдарды өндіру мақсатында өнеркәсіптік үлгілерді патенттеудің тексеру жүйесін енгізу жоспарланады. Патент заңындағы осы сияқты өзгерістер ұлттық өтінім берушілерден келіп түсетін өтінімдердің санын азайтатыны күмәнсіз, бірақ келешекте жаңа, бірегей көркемдік-конструкторлық бұйымдардың жасалуына мүмкіндік туғызады. Бір сатылы мәні бойынша сараптама жасауға көшу өнеркәсіптік үлгіге патентті алудың мерзімін анағұрлым қысқартады және бөтен біреудің патенттелген үлгілерін пайдалануына байланысты соттық істердің санын азайтады.
Өнеркәсіптік үлгілерді патенттеудің тексеру жүйесіне көшу, ведомстволары мәні бойынша сараптама жүргізетін елдердің ұлттық заңнамаларының ерекшеліктерін ескере отырып жасалған, 1999 жылғы 2 шілдеде ДЗМҰ-дың дипломатиялық конференциясы қабылдаған, өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық тіркеу туралы Гаага келісімінің Женева актісіне Қазақстанның қол қоюына мүмкіндік береді.
Ұлттық патенттік заңнаманың негізгі нормалары Гаага келісімінің Женева актісінің негізгі ережелеріне қайшы келмейді және халықаралық жүйе бойынша тіркеуге келетін объектілерге қатысты дербес шешім қабылдауға, атап айтқанда:
- өнеркәсіптік үлгіні тіркеуге халықаралық өтінім берілген күнді оның патенттік ведомствоға түскен күні бойынша белгілеуге;
- көп объектілік өтінімді қарауға қабылдамауға және бөлініп алынған өтінім үшін қосымша баж салығын төлетуге;
- бас тарту туралы ведомствоның қорытындысын шығару мерзімін 12 айға дейін ұзартуға;
- уағдаласушы тараптың заңнамасында осы сияқты норманың болмауына байланысты өтінім берушіге жарияланымның мерзімін ұзартуды қабыл алмауға мүмкіндік береді;
Женева актісі жеке баж жүйесін енгізеді. Уағдаласушы тарап баж салығының көлемін өзі белгілей алады, бірақ ол ДЗМҰ-дың Халықаралық бюросы белгілеген баж салығының көлемінен артық болмау керек.
Қазақстанның Женева актісіне қол қоюы шетелдік өтінім берушілерден өнеркәсіптік үлгілерді тіркеуге келіп түскен өтінімдердің легін көбейтеді және бөтен біреулердің патенттеген объектілерін пайдалануды болдырмау үшін жаңа бұйымдарды құрастырып өндіруде отандық өтінім берушілердің жауапкершілігін арттырады, сонымен қатар патенттік ведомствоның штатын шетел тілін жетік білетін білікті сарапшылармен толықтыруды талап етеді.
1.3. Тауар таңбаларын және тауарлар шығарылған
жерлердің атауларын тіркеу
Қазақстан Республикасында жыл сайын халықаралық өтінімдерді қосқанда тауар таңбаларын тіркеуге 6500-ден астам өтінім беріледі. Пайыздық арақатынаста жалпы өтінімдердің санынан қазақстандық өтінім берушілердің ұлттық тіркеу жүйесіндегі үлесі - 76%, ал шетелдіктердің үлесі - 24%. Ұлттық өтінім берушілерден түсетін өтінімдердің тұрақты саны өндірушілердің өз тауар таңбаларына құқықтық қорғау алып, олардың рұқсатсыз пайдаланылуын болдырмауға ұмтылатынын куәландырады.