10. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық акт жобасының түпкiлiктi редакциясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қабылдау үшiн ұсынылады.
11. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнi қабылдау күнi мен қолданысқа енгізу немесе күшiн жою күнi аралығында оның талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыру үшiн қажеттi уақыт кезеңi көзделуге тиiс.
12. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнi төтенше жағдайларға (адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе ұлттық қауiпсiздiкке тiкелей қауiп төнуiне) байланысты әзiрлеу, қабылдау және қолданысқа енгізу қажет болған кезде техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық акт жария талқылаусыз қабылданады.
Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнi қабылдау туралы хабарлама уәкiлеттi органның ресми басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде жариялануға, сондай-ақ Дүниежүзiлiк сауда ұйымының Хатшылығына жолдануға тиiс.
3-тарау. Стандарттау. Жалпы ережелер
20-бап. Қазақстан Республикасының стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттары
Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарға:
1) халықаралық стандарттар;
2) өңiрлiк стандарттар және техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi, стандарттау жөніндегі ережелер мен ұсынымдар;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттары мен техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi;
4) ұйымдар стандарттары;
5) Қазақстан Республикасының стандарттау жөніндегі ұсынымдары;
6) шет мемлекеттердiң ұлттық стандарттары, ұйымдар стандарттары, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi, стандарттау жөніндегі ережелерi, нормалары мен ұсынымдары жатады.
21-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттары
1. Мемлекеттік стандарттарды әзiрлеу, келiсу, қабылдау, есепке алу, өзгерту және оның күшiн жою тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
2. Мемлекеттік стандарттар:
1) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiнiң жалпы ұйымдастыру-әдiстемелiк ережелерiн белгiлейтiн, негiзге алынатын стандарттар;
2) өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң бiртектi топтарына, қажет жағдайда нақты өнiмге, көрсетiлетiн қызметке қойылатын талаптарды белгiлейтiн өнiмге, көрсетiлетiн қызметке арналған стандарттар;
3) процестерге арналған стандарттар;
4) өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi, процестердi бақылау әдiстерiне арналған стандарттар болып бөлiнедi.
3. Негізге алынатын мемлекеттік стандарттарды уәкiлетті органның кәсiпорындары әзiрлейдi.
4. Шет мемлекеттердiң, халықаралық ұйымдардың нормалары мен стандарттары, осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға жету үшiн тиiмсiз немесе қолайсыз болып табылатын жағдайларды қоспағанда, олар Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарын әзiрлеу кезiнде негiз ретiнде толық немесе ішінара қолданылуы мүмкiн.
5. Мемлекеттік стандарттарда:
1) техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ететiн өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң, процестердiң қауiпсiздiгі жөніндегі қажеттi талаптар;
2) өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi жiктеуге қойылатын талаптар;
3) өнiмнiң бiрiздiлiк, үйлесiмдiлiк және өзара алмастырушылық көрсеткiштерi;
4) терминдер мен анықтамалар;
5) өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң тұтыну қасиеттерi мен сипаттамаларын қоса алғанда, функционалдық мақсатының көрсеткiштерi;
6) қабылдау, буып-түю, таңбалау, тасымалдау, сақтау, кәдеге жарату және жою ережелерi;
7) сапасы мен қауiпсiздiгiн сынау әдiстерi;
8) ресурстардың барлық түрлерiн сақтауға және ұтымды пайдалануға қойылатын талаптар;
9) сапа менеджментi жүйелерi мен экологиялық менеджменттi енгізудi қамтамасыз ететiн, өндiрiстi ұйымдастыруға қойылатын талаптар;
10) белгiлi бiр қызмет саласына арналған ұйымдастырушылық-әдiстемелiк сипаттағы ережелер, сондай-ақ жалпы техникалық нормалар мен ережелер белгiленуi мүмкiн.
6. Мемлекеттік стандарттар өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң шығарылған жерiне қарамастан, ерiктi негiзде тең дәрежеде қолданылады.
22-бап. Қазақстан Республикасының техникалық- экономикалық ақпаратының мемлекеттік жiктеуiштерi
1. Экономика салаларында қолданылатын және есепке алынуға тиiс техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуге және код қоюға жатады.
2. Техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттік жiктеуiштерiн әзiрлеу мемлекеттік стандарттау жөніндегі жұмыстардың жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүргiзiледi.
3. Мемлекеттік органдар өз құзыретi шегiнде техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттік жiктеуiштерiн әзiрлеудi, жүргiзудi және оларға өзектi сипат берудi жүзеге асырады.
Техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттік жiктеуiштерiнiң тiзiлiмiн уәкiлеттi орган жүргізедi.
4. Қазақстан Республикасында техникалық-экономикалық ақпаратты жiктеу және оларға код қою жүйесiн құру мен оның қызметiне бақылау жасау жөніндегі жұмыстарды үйлестiрудi уәкiлеттi орган белгiлейдi.
23-бап. Қазақстан Республикасындағы ұйымдар стандарттары және стандарттау жөніндегі ұсынымдар
1. Ұйымдар стандарттарын осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттар үшiн ұйымдар өздерi дербес әзiрлейдi және бекiтедi.
Ұйымдар стандарттарын әзiрлеу, бекіту, есепке алу, өзгерту, күшiн жою, тiркеу, белгiлеу, басып шығару тәртібін оларды бекiтетiн ұйымдар осы Заңның 4-бабының ережелерiн ескере отырып, дербес белгiлейдi.
Ұйымдар стандарттары қолдану үшiн ерiктi сипатта болады және техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға қайшы келмеуге тиiс.
2. Ұсынымдар стандарттау, өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз ету, сәйкестiктi растау жөніндегі жұмыстар жүргiзуге қатысты, қолданылу үшiн ерiктi ұйымдастыру-әдiстемелiк ережелерiн қамтиды.
Ұсынымдардың жасалуына, ресiмделуiне, мазмұнына, баяндалуына, оларды әзiрлеу, келiсу, бекіту, тiркеу және қолдану тәртібіне қойылатын талаптарды оларды бекiтетiн ұйым белгiлейдi.
24-бап. Халықаралық, өңiрлiк стандарттарды, шет мемлекеттердiң ұлттық стандарттары мен стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарын қолдану
1. Қазақстан Республикасының аумағында осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға сай келетiн халықаралық және өңiрлiк стандарттар, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi, ережелер, нұсқаулықтар мен ұсынымдар, шет мемлекеттердiң ұлттық стандарттары, ұйымдар стандарттары, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi, стандарттау жөніндегі ережелерi, нормалары мен ұсынымдары қолданылуы мүмкін.
2. Халықаралық және өңiрлiк стандарттарды, шет мемлекеттердiң ұлттық стандарттарын Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттары ретiнде қолдану үшiн:
1) Қазақстан Республикасының стандарттау, метрология және аккредиттеу жөніндегі халықаралық және өңiрлiк ұйымдарға мүшелiгі;
2) Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттер арасында стандарттау саласындағы ынтымақтастық туралы екi жақты (көп жақты) шарттардың (келісімдердiң) болуы қажеттi талап болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы мүше болып табылмайтын халықаралық және өңiрлiк ұйымдардың стандарттарын Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының қолдануы көрсетiлген стандарттарға келісім-шарттар мен шарттарда сiлтеме болған жағдайда жүзеге асырылады.
4. Халықаралық және өңiрлiк стандарттарды, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуіштерiн, ережелер мен ұсынымдарды, сондай-ақ шет мемлекеттердiң ұлттық стандарттарын Қазақстан Республикасының аумағында қолдану тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
5. Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуға тиiс халықаралық және өңiрлiк стандарттар Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға және олармен үйлестiрiлген стандарттарға қайшы келмеуге және олардың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен келісілуге тиiс.
6. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық және өңiрлiк стандарттар мен стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттар Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарымен және стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарымен бiрдей әрi тең дәрежеде қолданылады.
7. Шет мемлекеттер ұйымдарының стандарттарын қолдану көрсетiлген стандарттарды қолдануға құқық беретiн олардың түпнұсқасын ұстаушы ұйымдармен жасалған шарттар (рұқсаттар) негiзiнде жүзеге асырылады.
25-бап. Мемлекеттік стандарттау жөніндегі жұмыстарды жоспарлау
1. Қазақстан Республикасы экономикасының салаларындағы басым бағыттарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерiнiң, жеке және заңды тұлғаларының ұсыныстары негізіндегі стандарттау жөніндегі жұмыстардың жоспарлары мен бағдарламалары уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен бекітіледi.
2. Мемлекеттік стандарттау жөніндегі жұмыстардың жоспарлары мен бағдарламаларын әзiрлеген кезде Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкіметінiң нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген талаптар, Қазақстан Республикасының әлеуметтiк және экономикалық дамуының жоспарлары мен ғылыми-зерттеу жұмыстары, жылдық және ұзақ мерзімдi мемлекеттік және салалық ғылыми-техникалық бағдарламалар ескерiледi.
3. Мемлекеттік стандарттау жөніндегі жұмыстардың бекітілген бағдарламалары мен жоспарлары уәкiлеттi органның ресми баспа басылымдарында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде жарияланады.
4. Мемлекеттік стандарттау жоспарлары мен бағдарламаларын әзiрлеу тәртібін уәкiлеттi орган бекiтедi.
4-тарау. Сәйкестікті растау
26-бап. Өнiмнiң және процестердiң белгiленген
талаптарға сәйкестігін растау
1. Өнiм, процестер сәйкестiктi растау объектiлерi болып табылады.
2. Өнiмнiң техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растауды:
1) өнiмдi өндiрушi (орындаушы) сәйкестiк туралы декларацияны қабылдау нысанында;
2) өнiмдi тұтынушы оның тапсырмасы бойынша сәйкестiктi растау жөніндегі органның сертификаттау жүргiзуi нысанында;
3) сәйкестiктi растау жөніндегі орган сертификаттау жүргiзу және сәйкестiк сертификатын беру нысанында жүргiзедi.
3. Сәйкестiктi растау жөніндегі жұмыстарды басқару мемлекеттік техникалық реттеу жүйесi шеңберiнде жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесi сәйкестiктi растау саласында бiртұтас саясат жүргiзудi қамтамасыз етедi және сәйкестiктi растаудың, сарапшы-аудиторларды даярлау мен аттестаттаудың, жүйе тiзiлiмiн жүргiзудiң негiзгi ережелерi мен рәсiмдерiн және сәйкестiктi растау мақсаттарын iске асыруға қажетті өзге де талаптарды белгiлейдi.
5. Қазақстан Республикасының аумағында өнiмнiң сәйкестiгiн растау мiндеттi немесе ерiктi сипатта болады.
27-бап. Сәйкестiктi мiндеттi растау
1. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын өнiм техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде айқындалады.
2. Сәйкестiктi мiндеттi растау:
1) дайындаушы (орындаушы) кәсiпорынның сәйкестiк туралы декларация қабылдауы;
2) мiндеттi сертификаттау жүргiзу нысанында жүзеге асырылады.
3. Өнiмнiң сәйкестiгiн мiндеттi растау техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға сәйкестiгі және сәйкестiктi растау схемалары бойынша жүзеге асырылады.
4. Сәйкестiктi растау схемаларында сәйкестiктi белгiлеу тәсiлдерi (сынау, өндiрiстi бағалау, сапа менеджментi жүйесiн бағалау, техникалық құжаттаманы талдау, инспекциялық тексеру) болады және сәйкестiктi растау жөніндегі органдар мен (немесе) өнiмдi дайындаушылар (орындаушылар) оларды мiндеттi сертификаттау жүргiзген немесе сәйкестiк туралы декларация қабылдаған кезде қолданады.
Өнiмнiң сәйкестігін мiндеттi растау кезiнде техникалық сарапшылар тартылуы мүмкiн.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, бұрын тұтынуда болған, сондай-ақ iзгiлiк көмек желісі бойынша жеткiзiлетiн өнiм сәйкестiктi мiндеттi растау объектiлерiне жатпайды.
28-бап. Өнiмдi дайындаушылардың (орындаушылардың), сатушылардың сәйкестiктi растау саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Өнiмдi дайындаушылар (орындаушылар) мен сатушылар:
1) осы өнiм үшiн техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға сәйкестiктi растау нысаны мен схемасын таңдауға;
2) аккредиттеу саласы өтiнiм берiлген өнiмге қолданылатын сәйкестiктi растау жөніндегі кез келген органға жүгiнуге;
3) егер бұл сәйкестiктi растаудың таңдалған схемасында көзделсе, сәйкестiгі мiндетті растаудан өткен өнiмге сәйкестiктi растау саласындағы мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiнiң сәйкестiк белгiсiн қолдануға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сәйкестiктi растау жөніндегі органдар мен аккредиттелген зертханалардың заңсыз әрекеттерiне уәкiлеттi органға шағым жасауға;
5) өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн сотқа шағым жасауға құқылы.
2. Сәйкестiгі мiндеттi расталуға тиiс өнiмдi дайындаушылар (орындаушылар), сатушылар:
1) өнiмнiң техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн қамтамасыз етуге;
2) өнiмнiң сәйкестiгi расталуын жүргiзудi қамтамасыз етуге;
3) егер бұл сәйкестiктi растаудың таңдалған схемасында көзделсе, сәйкестiгi расталудан өткен өнiмге, инспекциялық тексеру жүргiзуге арналған жағдайларды қамтамасыз етуге;
4) өнiмдi сәйкестiгi расталғаннан кейiн ғана өткізуге;
5) мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргiзiлген кезде мүдделi тараптарға қажеттi ақпаратты, өнiмнiң сәйкестiк сертификаттарын (сәйкестiк сертификаттарының көшiрмелерiн), сәйкестiк туралы декларацияларды (сәйкестiк туралы декларациялардың көшiрмелерiн) табыс етуге;
6) iлеспе құжаттамада сәйкестiк сертификаты немесе сәйкестiк туралы декларация жөніндегі мәлiметтердi көрсетуге;
7) егер сәйкестiк сертификатының немесе сәйкестiк туралы декларацияның қолданылу мерзiмi аяқталса, не сәйкестiк сертификатының немесе сәйкестiк туралы декларацияның қолданысы тоқтатыла тұрса, күшi жойылса немесе тоқтатылса, өнiмдi өткізудi тоқтата тұруға немесе тоқтатуға;
8) сәйкестiктi растау жөніндегі органды техникалық құжаттамаға немесе сертификатталған өнiм өндiрiсiнiң технологиялық процестерiне енгiзiлетiн өзгерістер туралы хабардар етуге;
9) сәйкестiктi растау нәтижелерi бойынша техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға сәйкес келмейтiн өнiмнiң өндiрiлуiн тоқтата тұруға мiндеттi.
29-бап. Сәйкестiк сертификаты
1. Сәйкестiк сертификатын өтiнiм берушiге сәйкестiктi растаудың таңдалған схемасына сәйкес барлық рәсiмдердi орындаудың оң нәтижелерi болған жағдайда өнiмге сәйкестiктi растау жөніндегі орган бередi.
2. Сәйкестiк сертификатында:
1) өтiнiм берушiнiң, өнiмдi дайындаушының (орындаушының), сәйкестiк сертификатын берген органның атауы және орналасқан жерi;
2) сертификатталған өнiмнiң бiрдейлендiруге мүмкiндiк беретiн атауы;
3) оның талаптарына сәйкестiкке сертификаттау жүргiзiлген техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнiң атауы;
4) жүргiзiлген зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер туралы ақпарат;
5) өнiмнiң техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiне дәлел ретiнде өтiнiм берушiнiң сәйкестiктi растау жөніндегі органға ұсынған құжаттары туралы ақпарат;
6) сертификаттың қолданылу мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
3. Сәйкестiк сертификаты бланкiде ресiмделедi, оның нысаны мен толтырылу тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Сәйкестiк сертификаты оны берген сәйкестiктi растау жөніндегі органда тiркелуге тиiс.
4. Сериялы шығарылатын өнiмге сәйкестiк сертификаты сәйкестiктi растау схемасында белгiленген мерзiмге берiледi.
Сәйкестiк сертификатының күшi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына қолданылады.
30-бап. Сәйкестiк белгiсi
1. Сәйкестiк белгiсi сәйкестiктi растау рәсiмiнен өткен өнiмдi таңбалауға арналады.
2. Сәйкестiк белгiсiнiң бейнесiн, оған қойылатын техникалық талаптар мен таңбалау тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Сәйкестiк сертификатын алған дайындаушы (орындаушы), сатушы сәйкестiк белгiсiн сәйкестiктi растау саласындағы мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiнiң ережелерiнде белгiленген өзi үшiн қолайлы кез келген тәсiлмен қолдануға құқылы.
4. Сәйкестiгі мiндеттi расталуға жататын және техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға сәйкестiгі растаудан өтпеген өнiмге сәйкестiк белгiсiн қоюға жол берiлмейдi.
31-бап. Сәйкестiк туралы декларация
1. Егер бұл техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актілерде көзделген жағдайда, сәйкестiк туралы декларацияны сәйкестiгі мiндеттi расталуға жататын өнiмдi дайындаушы (орындаушы) ресiмдейдi, сондай-ақ ол сәйкестiгі мiндеттi расталуға жатпайтын кез келген өнiмге қатысты ерiктi түрде ресiмделедi.
2. Сәйкестiк туралы декларацияны Қазақстан Республикасында заңды тұлға ретiнде тiркелген дайындаушылар (орындаушылар) қабылдауға құқылы.
3. Сәйкестiк туралы декларацияда:
1) өтiнiм берушiнiң атауы мен орналасқан жерi;
2) сәйкестiктi растау объектiсiн бiрдейлендiруге мүмкiндiк беретiн осы объект туралы ақпарат;
3) оның талаптарына сәйкестiгiне өнiм расталатын техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнiң атауы;
4) өтiнiм берушiнiң өнiмдi нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланған кезде оның қауiпсiз екендiгi және өнiмнiң техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға сәйкестiгін қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдағаны туралы өтiнiшi;
5) жүргiзiлген зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер, сапа менеджментi жүйесiнiң сертификаты туралы, сондай-ақ өнiмнiң техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау үшiн негiз болған құжаттар туралы мәлiметтер;
6) сәйкестiк туралы декларацияның қолданылу мерзiмi;
7) техникалық реттеу саласындағы тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген өзге де мәлiметтер болуға тиiс.
Сәйкестiк туралы декларацияның нысанын, декларацияларды ресiмдеу және тiркеу тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
4. Сәйкестiк туралы декларация осы өнiмдi шығарудың жоспарланған мерзiмiне сүйене отырып өнiмдi дайындаушы (орындаушы) белгiлеген, бiрақ бiр жылдан аспайтын мерзiмге қабылданады.
5. Өнiмнiң сәйкестiгi туралы декларация аккредиттеу саласына осы өнiм кiретiн сәйкестiктi растау жөніндегі органда тiркелуге тиiс.
6. Сәйкестiктi растау саласындағы мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiнiң ережелерiнде белгiленген тәртiппен ресiмделген және тiркелген сәйкестiк туралы декларацияның Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында сәйкестiк сертификатына тең заңдық күшi бар.
7. Сәйкестiктi декларациялау:
1) өз дәлелдерi негiзiнде сәйкестiк туралы декларацияны қабылдау;
2) сәйкестiктi растау жөніндегі органның қатысуымен алынған дәлелдер негiзiнде сәйкестiк туралы декларацияны қабылдау арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн.
Сәйкестiктi растау үшiн дәлел ретiнде пайдаланылуы мүмкiн материалдардың тiзбесi техникалық реттеу саласындағы тиiстi нормативтiк құқықтық актiде айқындалады.
Дәлел ретiнде техникалық құжаттама, өз зерттеулерi (сынақтары) мен өлшемдерiнiң нәтижелерiн және (немесе) өнiмнiң техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға сәйкестiгін растау үшiн негiз болған басқа да құжаттар пайдаланылады.
Өз дәлелдерi және сәйкестiктi растау жөніндегі органның қатысуымен алынған дәлелдер негiзiнде сәйкестiктi декларациялау кезiнде өтiнiм берушi өз дәлелдерiне қосымша таңдауы бойынша зертханада жүргiзiлген зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдер хаттамаларын пайдалануға, сапа менеджментi жүйесiнiң сертификатын ұсынуға құқылы.
Өнiмнiң сәйкестiгi туралы декларацияны қабылдаған кезде, осындай өнiм үшiн техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде сәйкестiктi растаудың өзге де нысандары көзделген жағдайды қоспағанда, сапа менеджментi жүйесiнiң сертификаты дәлелдердiң құрамында пайдаланылуы мүмкiн.
8. Сәйкестiк туралы декларацияның қолданылу мерзiмi аяқталған кезден бастап үш жыл бойы сәйкестiк туралы декларацияның бiрiншi данасы мен сәйкестiктi растаудың дәлелi ретiнде пайдаланылатын материалдар өтiнiм берушiде, ал сәйкестiк туралы декларацияның екiншi данасы оны тiркеген сәйкестiктi растау жөніндегі органда сақталады.
32-бап. Сәйкестiгі мiндеттi расталуға жататын өнiмнiң нарықтағы айналыс шарттары
1. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға (сертификаттауға немесе декларациялауға) жататын өнiмнiң белгiленген тәртiппен расталған, техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкестiгі оның нарықтағы айналысының қажеттi шарты болып табылады.
2. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын, сәйкестігі растаудан өтпеген өнiмдi өткізуге тыйым салынады.
Мiндеттi сертификатталуға жататын және Қазақстан Республикасында одан өтпеген өнiмдi жарнамалауға жол берiлмейдi.
3. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын импортталатын өнiмдi жеткізуге жасалған шарттарда сәйкестiктi растау жөніндегі мiндеттеме көзделуге тиiс.
4. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын және саудаға арналған импортталатын өнiмдi жеткізуге жасалған шарттарда өнiмнiң, елдiң және дайындаушы кәсiпорынның (орындаушының) атауын, сақталу (жарамдылық, пайдалану) мерзiмiн, сақтау шарттарын, қолдану тәсiлiн қамтитын мемлекеттік тiлдегi және орыс тiліндегі ақпараттың (егер аталған ақпараттың болуы техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiде регламенттелсе) өнiммен қоса жүруi көзделуге тиiс.
33-бап. Шет мемлекеттердiң сәйкестiктi растау нәтижелерiн тану
1. Шет мемлекеттердiң сәйкестiк сертификаттары, өнiмдi сынау хаттамалары, сәйкестiк белгiлерi халықаралық шарттарға сәйкес танылады.
2. Шетелдiк сәйкестiк сертификаттарын, сынақ хаттамаларын, сәйкестiк белгiлерiн және сәйкестiктi растау саласындағы өзге де құжаттарды тану тәртібін уәкiлеттi орган айқындайды.
34-бап. Өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң, процестердiң сәйкестiгін ерiктi растау
1. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптар қолданылмайтын өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң, процестердiң сәйкестiгiн ерiктi растау өтiнiм берушiнiң бастамасы және талаптары бойынша жүргiзiледi.
Сәйкестiктi ерiктi растау, егер бұл техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiде белгiленсе, өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң сәйкестiгін мiндеттi растауды алмастыра алмайды.
2. Сәйкестiктi ерiктi растауды сәйкестiктi растау жөніндегі орган шарт негiзiнде жүргiзедi.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң сәйкестiгін ерiктi растау жүргiзуге дайындаушыларды (орындаушыларды), сатушыларды мiндеттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер қабылдауға құқылы емес.
5-тарау. Сәйкестікті растау жөніндегі органдарды және
зертханаларды аккредиттеу
35-бап. Аккредиттеу
1. Сәйкестiктi растау жөніндегі органдарды және зертханаларды аккредиттеу техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жүзеге асырылады.
2. Аккредиттеу субъектiлерi:
1) сәйкестiктi растау жөніндегі органдар;
2) зертханалар болып табылады.
3. Субъектiлердi аккредиттеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен заңды тұлғалардың өтiнiмi бойынша жүзеге асырылады.
36-бап. Аккредиттеу аттестаты
1. Аккредиттеу аттестаты аккредиттелген субъектiнiң сәйкестiктi растау жөніндегі нақты жұмыстарды орындауға құқылы екенiн ресми тану фактiсiн куәландыратын құжат болып табылады.
Уәкiлеттi орган берген аккредиттеу аттестаты Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында жарамды.
Аккредиттеу аттестаты аккредиттелген субъектiлердiң мемлекеттік тiзiлiмiнде тiркелуге тиiс.
Аккредиттеу аттестатының нысанын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
2. Аккредиттеу аттестатымен бiрге мiндеттi қосымша ретiнде аккредиттеу саласын белгiлейтiн құжат берiледi, онда өтiнiм берiлген қызмет саласындағы жұмыстардың нақты түрлерi көрсетiледi.
3. Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзiмi аяқталса, оның қолданылуы тоқтатылады.
Мынадай жағдайларда, егер:
1) инспекциялық тексеру кезiнде аккредиттелген субъектiнiң қызметiнде оның белгiленген аккредиттеу саласында сәйкестiктi растау жөніндегі жұмыстарды орындау біліктілігiне күмән тудыратын қиғаштықтар анықталса;
2) аккредиттеу субъектiсi аттестат алған кезде көрiнеу жалған ақпарат берсе, аккредиттеу аттестатының күшi жойылады.
4. Аккредиттеу жөніндегі шетелдiк органдар берген аккредиттеу аттестатын немесе оған балама құжаттарды уәкiлеттi орган жасалған халықаралық шарттарға сәйкес таниды.
6-тарау. Техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық
актілерде белгіленген талаптардың сақталуын мемлекеттік
бақылау мен қадағалау
37-бап. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды
жүзеге асыратын мемлекеттік органдар
1. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды (бұдан әрi - мемлекеттік бақылау мен қадағалау) уәкiлеттi орган, оның аумақтық органдары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкiлеттi өзге де мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары жүзеге асырады.