2) жүк, багаж зақымданғанда (бүлiнгенде) - жүк, багаж құнының төмендеген сомасы мөлшерiнде, ал зақымданған жүктi, багажды қалпына келтiру мүмкiн болмағанда оның құны мөлшерiнде жауапты болады.
3. Тасымалдауға құндылығы жарияланып қабылданған жүктiң, багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушы жарияланған құндылық мөлшерiнде жауапты болады.
4. Егер жүк, багаж баратын портқа жеткізу мерзiмi аяқталған соң отыз тәулiк өткеннен кейiн келмеген болса, жоғалған деп есептелiп, мұндай жүктiң, багаждың құны осы баптың 2-тармағында көзделген мөлшерде өтелуге тиiс.
Жүк, багаж көрсетiлген мерзiмдер өткен соң келген жағдайда жүк алушы немесе багажды алуға уәкiлеттiк берiлген адам тасымалдаушыға бұған дейiн жүктi немесе багажды жоғалтқаны үшiн алынған соманы қайтара отырып, оны алуға құқылы.
5. Жүктiң немесе багаждың құны - оның сатушының есебiнде көрсетiлген немесе шартта көзделген бағасы негiзге алына отырып, ал есеп болмаған немесе шартта баға көрсетiлмеген жағдайда осымен салыстыруға болатын мән-жайларда, әдетте, осы сияқты тауарлар үшiн алынатын баға негiзге алына отырып айқындалады.
6. Тасымалдаушы жүктiң, багаждың жоғалуынан, кем шығуынан, зақымдануынан (бүлiнуiнен) туындаған белгiленген нұқсанды өтеумен қатар, егер тасымалдау ақысы жүктiң немесе багаждың құнына кiрмеген болса, жүк алушыға, жолаушыға немесе жүктi, багажды алуға уәкiлеттi тұлғаға мұндай жүктi немесе багажды тасымалдағаны үшiн алынған тасымалдау ақысын қайтарады.
7. Тасымалдаушы багаждың бүлiнуi тасымалдаушының кiнәсiнен болған жағдайдан басқа кезде жолаушы өзiмен бiрге қолжүгi ретiнде алып жүретiн багаждың сақталуына жауапты болмайды.
88-бап. Жүк тасымалдау немесе тiркеп сүйретiлетiн
объектiлердiң кемелерiн тiркеп сүйрету жоспары
бойынша тапсырысты орындамағаны үшiн
жауапкершiлiк
Тасымалдаушы, тiркеп сүйретушi қабылданған өтiнiмге немесе шартқа сәйкес жүк тасымалдауға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйретуге көлiк құралдарын бермегенi үшiн, жүк жөнелтушi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушi жүктi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi ұсынбағаны үшiн, сондай-ақ берiлген көлiк құралдарын өзге де себептерге байланысты пайдаланбағаны үшiн мынадай мөлшерлерде:
1) кемеде жүк тасымалдау және жүзу объектiсiн тiркеп сүйрету кезiнде - жүктiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң әрбiр тоннасы үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 0,3 айлық есептiк көрсеткiш шамасының мөлшерiнде;
2) жүктi контейнерлерде тасымалдау кезiнде:
қоса есептелгенде брутто салмағы 5 тоннаға дейiнгi әрбiр контейнер үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 1,5 айлық есептiк көрсеткiш шамасы мөлшерiнде;
қоса есептелгенде брутто салмағы 5 тоннадан 10 тоннаға дейiнгi әрбiр контейнер үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 3,5 айлық есептiк көрсеткiш шамасы мөлшерiнде;
брутто салмағы 10 тоннадан асатын әрбiр контейнер үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 7 айлық есептiк көрсеткiш шамасы мөлшерiнде айыппұл түрiнде жауапты болады.
89-бап. Жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының жауапкершiлiгi
1. Көлiктiк жүкқұжатта жүктiң атауын, ерекше белгiлерiн және жүктi тасымалдау кезiнде қажет болатын сақтық шараларын дұрыс көрсетпегенi үшiн, тасымалдауға тыйым салынған жүктi ұсынғаны немесе жүктiң қасиеттерiн дұрыс көрсетпегенi үшiн жүк жөнелтушiден осы мән-жайларға байланысты тасымалдаушыға келтiрiлген залалдардың өтелуiне қарамастан мұндай жүктi тасымалдаудың бүкiл қашықтығына тасымалданғаны үшiн төлемақының бес еселенген мөлшерiнде айыппұл өндiрiп алынады.
2. Жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының кiнәсiнен кемелердiң нормадан артық бос тұрып қалғаны және контейнерлердi қайтарудың кiдiртiлгенi үшiн тараптардың келісімiмен белгiленген мөлшерде олардан айыппұл өндiрiп алынады.
3. Жүктердi, түсiргеннен кейiн кемелердi немесе контейнерлердi тазаламағаны үшiн жүк алушы тасымалдаушыға тазалау жұмыстарының құнын екi еселенген мөлшерде төлеуге мiндеттi. Тасымалдаушы кеменiң немесе контейнердiң нормадан артық бос тұрып қалғаны үшiн айыппұл өндiрiп ала отырып, жүк алушы оларды тазалау жұмыстарын орындағанға дейiн тазаланбаған кеменi немесе контейнердi тазалаудан бас тартуға құқылы.
4. Кеменiң, контейнердiң немесе пакеттеу құралдарының зақымданғаны үшiн кiнәлi тараптан қажеттi жөндеудiң құны өндiрiп алынады.
90-бап. Тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жоғалғаны немесе
зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тiркеп
сүйретушiнiң жауапкершiлiгi
1. Тiркеп сүйретушi тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жоғалғаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн, егер жоғалу немесе зақымдану (бүлiну) оның кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, оны қабылдап алған кезден бастап оны алушыға берген кезге дейiн жауапты болады.
2. Тiркеп сүйретiлетiн объект жоғалған жағдайда тiркеп сүйретушiден жоғалған тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң құны мөлшеріндегі нұқсан және егер тiркеп сүйрету ақысы жоғалған тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң құнына кiрмеген болса, осындай ақы өндiрiп алынады.
3. Салды қоспағанда, тiркеп сүйретiлетiн объект зақымданған (бүлiнген) жағдайда тiркеп сүйретушiден тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушi немесе алушы айқындайтын тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөндеу құны өндiрiп алынады. Келiспеушiлiктер туындаған кезде тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жөндеу құнын тәуелсiз сарапшы белгiлеуi мүмкiн.
4. Сал тiркеп сүйретушiнiң кiнәсiнен зақымданған (бүлiнген) кезде ол:
салды жөнелтушiге (алушыға) жоғалған такелаждың құнын;
уәкiлеттi органның кәсiпорындарына тараптардың келісімiмен немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де органның шешiмiмен айқындалатын салдың сынықтарын (сүректердi) жинау жөніндегі қызмет көрсетулер құнын, бiрақ, әдетте осы сияқты тауар (салды құрастыруға арналған сүрек) үшiн алынатын баға негiзге алына отырып, салдың көлiк оқиғасына ұшыраған сәттегi толық құнынан аспайтын құнды төлейдi.
5. Тiркеп сүйретiлетiн объект, егер шартта көрсетiлген тiркеп сүйрету мерзiмi аяқталған соң он күн өткеннен кейiн баратын портына (пунктiне) келмеген болса, жоғалған деп есептеледi.
91-бап. Жүктi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi
жеткізу мерзiмдерiн бұзғаны үшiн жауаптылық
Жүктi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жеткізу мерзiмiн өткiзiп алудың әрбiр тәулiгi үшiн тасымалдаушы немесе тiркеп сүйретушi, егер мерзiмдi өткiзiп алу өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жүк алушыға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi алушыға тасымалдау ақысының тоғыз процентi мөлшерiнде, бiрақ тасымалдау ақысының елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
92-бап. Тiкелей аралас қатынаста жүк тасымалдауды
жүзеге асыру кезіндегі жауаптылық
1. Тiкелей аралас қатынаста тасымалдау мiндеттемелерiн орындау кезiнде жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүк жөнелтушi (жүк алушы) алдында ортақ жауапты болады.
Жүктi жеткізу мерзiмдерiн бұзғаны үшiн, егер мерзiмдi өткiзiп алу тасымалдаушылардың кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, соңғы тасымалдаушы жауапты болады.
2. Тiкелей аралас қатынаста тасымалдауға қабылданған жүктердiң сақталмағаны үшiн iшкi су көлiгіндегі және басқа да көлiк түрлеріндегі тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
93-бап. Жауапкершiлiктен босату
1. Тараптар тасымалдау, тiркеп сүйрету шарттарынан туындайтын мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген негiздер бойынша жауапкершiлiктен босатылуы мүмкiн.
2. Тараптар, егер мiндеттемелердi орындамау немесе тиiсiнше орындамау:
1) еңсерiлмейтiн күштiң, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың;
2) соғыс iс-қимылдарының, төтенше жағдай енгiзудiң;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жариялау арқылы жүктердiң орнын ауыстыруды, кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң қозғалысын тоқтату немесе шектеу салдарынан болса, жауапкершiлiктен босатылады.
3. Тасымалдаушы, тiркеп сүйретушi сондай-ақ:
1) мiндеттемелер жолаушының, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, жөнелтушiнiң, алушының, экспедитордың кiнәсiнен орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған;
2) көлiк ыдысының немесе олардың қасиеттерiнiң жасырын кемшiлiктерi салдарынан жүк, багаж сақталмаған;
3) жүк салмағында табиғи кему нормалары, ылғалдылығының төмендеу нормалары мен таразы аспаптарының көрсетулерiнде алшақтық нормалары шегiнде айырмашылықтар болған, сондай-ақ жүк жөнелтушi тасымалдаушының қатысуынсыз айқындаған салмақ бойынша тасымалдауға қабылданған жүк салмағында айырмашылықтар болған;
4) жүк жөнелтушiнiң немесе жүк алушының жол серiгiнiң iлесiп жүруiмен жүктi тасымалдаған кезде жауапкершiлiктен босатылады.
4. Егер жүк немесе тiркеп сүйретiлетiн объект тасымалдауға немесе тiркеп сүйретуге белгiлi бiр мән-жайлар салдарынан ұсынылмаған болса, жүк жөнелтушi, жөнелтушi жауапкершiлiктен босатылады.
16-тарау. Iшкі су көлігіндегі қызметті жүзеге асыру
кезінде келтірілген зиянды өтеу
94-бап. Iшкi су жолдары мен порттарда кеме қатынасы
мен өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде
келтiрiлген зиян үшiн жауаптылық
Жеке және заңды тұлғалардың навигациялық жабдықтардың құралдарын, кеме қатынасы гидротехникалық құрылыстарын, кеме жолдары мен басқа да объектiлердi зақымдауы немесе жоюы салдарынан келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес өтелуге тиiс.
95-бап. Кемелер соқтығысуының салдарынан келтiрiлген
зиян үшiн жауаптылық
1. Кемелер соқтығысқан кезде келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен өтеледi.
2. Егер кемелердiң соқтығысуы екi немесе одан көп тараптардың кiнәсiнен болса, келтiрiлген зиян үшiн жауаптылық олардың әрқайсысының кiнәлiлiк деңгейiне мөлшерлес айқындалады.
Егер соқтығысудың мән-жайларын негiзге ала отырып, әрбiр тараптың кiнәлiлiк деңгейiн айқындау мүмкiн болмаса, жауаптылық олардың арасында тең бөлiнедi.
3. Азаматтың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн тараптар Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес ортақ жауаптылықта болады.
96-бап. Кемелер соқтығысуының салдарынан келтiрiлген
зиян үшiн жауапкершiлiктен босатудың негiздерi
1. Кемелердiң соқтығысуы кезiнде келтiрiлген зиянға тараптар кiнәлi болмаған, еңсерiлмейтiн күш салдарынан соқтығысқан немесе соқтығысу себептерiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайда тараптардың ешқайсысы зиянды өтеудi талап етуге құқылы емес.
Бұл жағдайда әрбiр тарап өзiне келтiрiлген залалдар тәуекелiн көтередi.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген ережелер, егер кемелер немесе олардың бiрi соқтығысу сәтiнде зәкiрде тұрса не өзгеше тәсiлмен бекітілген жағдайда қолданылады.
17-тарау. Актілер, кінә қою, талап қою және
талап қою мерзімі
97-бап. Актiлер
1. Тасымалдаушылардың, тiркеп сүйретушiлердiң, жүк жөнелтушiлердiң, жүк алушылардың тiркеп сүйретiлетiн объектiлердi жөнелтушiлер мен оларды алушылардың, сондай-ақ жолаушылардың мүлiктiк жауапкершiлiгi үшiн негiз болуы мүмкiн мән-жайлар тиiстi тасымалдауларды жүзеге асыру кезiнде өтiнiштер арқылы коммерциялық актiлермен немесе жалпы нысандағы актiлермен куәландырылады.
Коммерциялық aктi мен жалпы нысандағы актiнiң нысандары, сондай-ақ оларды толтыру ережелерi жүк тасымалдау ережелерiмен және жолаушылар мен багаж тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
2. Тасымалдаушы жүктi, багажды немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi беру кезiнде мынадай мән-жайларды:
1) жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң нақты атауының, жүктiң немесе багаж салмағының, жүк орындары немесе багаж орындары санының тасымалдау құжатында көрсетiлген деректерге сәйкес болмауын;
2) жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жоғалуын, кем шығуын және зақымдануын (бүлiнуiн);
3) тасымалдау құжаттары жоқ жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң, сондай-ақ жүксiз, багажсыз немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiсiз тасымалдау құжаттарының анықталғанын;
4) зақымданған салдағы сүрек пен такелаждың кем шығуын;
5) ұрланған жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң тасымалдаушыға қайтарылғанын куәландыру үшiн коммерциялық акт толтыруға мiндеттi.
Тасымалдаушы тасымалдау құжаттарында коммерциялық актiнi толтырғаны туралы белгi қоюға мiндеттi.
Коммерциялық актiнi толтырудан бас тартуға немесе оны белгiленген талаптарды бұза отырып ресiмдеуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
3. Сұйық күйiнде тасымалданатын жүктердiң кем шығуы немесе бүлiнуi жүк тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiпте тасымалдау құжаттарымен куәландырылады.
4. Коммерциялық акт:
1) табиғи кему нормалары, жүк тасымалдау кезiнде ылғалдылық немесе қоқыстану процентiнiң төмендеу нормалары, таразылау құралдары көрсетулеріндегі алшақтық нормалары шегiнде жүк салмағының кем шығуы, навигация қорытындылары бойынша есеп жасау шарттары негiзге алына отырып, тасымалдауға қабылданған жүк салмағындағы айырмашылықтар болған;
2) техникалық ақаусыз кемеде немесе зақымданбаған жабу-пломбалау құрылғылары бар контейнерлерде немесе жүк жөнелтушi немесе жүк алушы өкiлiнiң iлесiп жүруiмен жеткiзiлген жүктi беру жағдайларында жасалмайды.
5. Жалпы нысандағы актiлер осы баптың 2-тармағында көзделмеген мән-жайлар куәландырылған жағдайда жасалады.
6. Акт жасауға қатысушы тараптар оған қол қоюдан бас тартуға құқылы. Акт мазмұнымен келiспеген жағдайда тараптар оған өз пiкiрлерiн жазуға құқылы.
7. Дәйексiз ақпарат жазылған актiнi толтырған немесе оған қол қойған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
98-бап. Кiнә қою және талап қою құқығы
1. Тасымалдаушыға немесе тiркеп сүйретушiге:
1) жүк немесе тiркеп сүйретiлетiн объект жоғалған жағдайда тасымалдаушының немесе тiркеп сүйретушiнiң жүктiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң келмегенi туралы белгiсi бар жүк тасымалдауға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйретуге қабылдағаны туралы түбiртегiн ұсына отырып, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушiнiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi алушының;
2) жүк кем шыққан немесе зақымданған (бүлiнген) не тiркеп сүйретiлген объект зақымданған жағдайда - көлiктiк жүкқұжатты, жүктердi сұйық күйiнде тасымалдағанда - коммерциялық актiнi немесе тасымалдау құжатын, ал коммерциялық акт болмағанда коммерциялық актiнi жасаудан бас тартуға шағым берiлгенi туралы құжатты ұсына отырып, жүктi алушының немесе тiркеп сүйретiлген объектiнi алушының;
3) тасымалдау ақысын және өзге де төлемдердi белгiленген мөлшерден артық төлеген жағдайда - көлiктiк жүкқұжатты ұсына отырып, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушiнiң, алушының;
4) багаж жоғалған жағдайда - багаж түбiртегiн ұсына отырып жолаушының;
5) багаж кем шыққан немесе зақымданған (бүлiнген) жағдайда тасымалдаушы берген багаждың кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) туралы коммерциялық актiнi ұсынушының;
6) жолаушы кемесiнiң шығуы кiдiртiлген немесе ол кешiгiп келген жағдайда - билетiн көрсете отырып жолаушының;
7) жүктiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жеткiзiлу мерзiмдерi сақталмаған жағдайда - көлiктiк жүкқұжатты ұсына отырып, жүк алушының немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi алушының кiнә қоюға және талап қоюға құқығы бар.
2. Осы бапта белгiленген кiнә қою мен талап қою құқығы тапсыру шарты немесе сенiмхат тиiстi түрде ресiмделген кезде жүк жөнелтушiге, жүк алушыға және өзге де жеке және заңды тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
99-бап. Кiнә қоюдың шарттары мен тәртібі
1. Тасымалдау (тiркеп сүйрету) шартынан туындайтын кiнә қоюлар жүк тасымалдаушыға талап қою мерзiмi iшiнде бiлдiрiлуi мүмкiн.
2. Жолаушыларды, багажды, жүктердi тасымалдауға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiлердi тiркеп сүйретуге байланысты туындайтын кiнә қоюлар тасымалдаушыларға немесе тiркеп сүйретушілерге олардың орналасқан жерлерi бойынша бiлдiрiледi.
3. Жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны және зақымданғаны (бүлiнгенi) туралы кiнә қоюларға тасымалдау құжаттарынан басқа, кiнә қою құқығын растайтын құжаттар және жөнелтiлген жүктiң саны мен құнын куәландыратын құжаттар қоса берiлуге тиiс. Тасымалдау құжаттары түпнұсқа түрiнде ұсынылады.
100-бап. Кiнә қоюларды қарау мерзiмi
1. Кiнә қою ол алынған күннен бастап екi апта мерзiмде қаралуға тиiс.
2. Тiкелей аралас қатынаста жүзеге асырылатын тасымалдау жөніндегі бiр құжат бойынша кiнә қою үш ай мерзiмде қаралуға тиiс.
Егер кiнә қою қабылданбаса немесе осы бапта белгiленген мерзiмде жауап алынбаса, арызданушының талап қою құқығы туындайды.
101-бап. Талап қою мерзiмдерi
1. Тасымалдаушыға (тiркеп сүйретушіге) iшкi су жолдары арқылы тасымалдау шартынан туындайтын талап қоюлар тасымалдаушы кiнә қоюды қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тартқан жағдайда не кiнә қоюға тасымалдаушыдан мерзiмiнде жауап алынбаған жағдайда ұсынылуы мүмкiн.
2. Талап қою мерзiмiнiң өтуi кiнә қоюға негiз болған оқиғалар туындаған күннен басталады.
3. Талап қою мерзiмi:
1) жүктердi тасымалдау (тiркеп сүйрету) шарты бойынша - бiр жыл;
2) жолаушылар мен багаж тасымалдау шарты бойынша - алты ай болып белгiленедi.
4. Кемелердiң соқтығысуына және құтқару операцияларын жүзеге асыруға байланысты туындаған қажеттiлiктер бойынша талап қоюлар екi жыл iшiнде ұсынылуы мүмкiн.
18-тарау. Қорытынды ережелер
102-бап. Дауларды қарау
Iшкi су көлiгi саласындағы қызметтi жүзеге асыру кезiнде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.
103-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауаптылық
Осы Заңның бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Қазақстан Республикасының