Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы
2004 жылғы 28 ақпандағы № 528-II
Қазақстан Республикасының Заңы
(2006.05.06. берілген толықтырулармен)
Осы редакция 2006 ж. 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 3 баптар)
2-тарау. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау (4 - 11 баптар)
саласындағы мемлекеттік басқару
3-тарау. Еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға (12 - 16 баптар)
қызметкерлер құқықтарының кепілдіктері
4-тарау. Қызметкер мен жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі (17 - 20 баптар)
және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
5-тарау. Еңбек қауіпсіздігін және (21 - 23 баптар)
еңбекті қорғауды ұйымдастыру
6-тарау. Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі (24 - 33 баптар)
және еңбекті қорғау туралы заңдарының
сақталуын бақылау
7-тарау. Қорытынды ережелер (34 - 35 баптар)
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы еңбектi қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және еңбек қызметi процесiнде еңбек қауіпсiздігін қамтамасыз етуге, қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған, сондай-ақ еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi принциптерiн белгілейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Heгізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) өндiрiстiк объектiлердi еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау - өндiрiстiк объектілердi, цехтарды, учаскелерді, жұмыс орындарын оларда орындалатын жұмыстардың қауіпсiздігiнің, зияндылығының, ауырлығының, қауырттылығының жай-күйiн, еңбек гигиенасын айқындау және өндiрiстік орта жағдайларының еңбек жағдайлары нормативтерiне сәйкестiгiн айқындау мақсатында оларды бағалау жөніндегi қызмет;
2) еңбек қауіпсiздiгi - еңбек қызметi процесiнде қызметкерлерге зиянды және қауiптi әсердi болдырмайтын iс-шаралар кешенiмен қамтамасыз етiлген қызметкердiң қорғалу жай-күйi;
3) еңбектiң қауіпсiз жағдайлары - қызметкерге зиянды және қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерi жоқ не олардың әсерiнің деңгейi қауіпсiздiк нормаларынан аспайтын, жұмыс берушi жасаған еңбек жағдайлары;
4) өндiрiстiк жабдықтың қауіпсiздiгi - өндiрiстiк жабдықтың өз функцияларын орындауы кезiнде нормативтiк-техникалық және жобалау құжаттамасында белгiленген жағдайларда еңбек қауiпсiздiгiнiң талаптарына сәйкестігі;
5) өндiрістік процестің қауiпсiздiгi - өндiрiстік процестiң нормативтiк-техникалық құжаттамада белгіленген жағдайларда еңбек қауіпсіздiгiнің талаптарына сәйкестігі;
6) зиянды өндiрiстiк фактор - оның әсерi қызметкердiң сырқаттануына немесе еңбекке қабілеттiлiгінің төмендеуiне әкеп соқтыруы мүмкін өндірістік фактор;
7) зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайы - белгiлi бiр өндiрiстік факторлардың әсерi қызметкердiң еңбекке қабiлеттiлiгiнiң төмендеуiне немесе сырқаттануына әкеп соқтыратын еңбек жағдайлары;
8) еңбек гигиенасы - қызметкерлердiң денсаулығын сақтау, өндiрiстiк ортаның және еңбек процесiнiң қолайсыз әсерiнiң алдын алу жөніндегі санитарлық-гигиеналық шаралар мен құралдар кешенi;
9) еңбек қауіпсiздiгi мен еңбектi қорғау мониторингі - өндiрiстегi еңбек қауіпсiздігі мен еңбектi қорғаудың жай-күйін қадағалау жүйесi, сондай-ақ республикадағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың жай-күйін бағалау және болжау;
10) өндірістегі жазатайым оқиға - өзінің еңбек (қызмет) міндеттерін немесе жұмыс берушінің тапсырмаларын орындау кезінде қызметкердің жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан оның еңбекке қабiлеттiлiгiнен уақытша немесе тұрақты айрылуына, кәсіби ауруға шалдығуына не өліміне әкеп соқтырған өндiрiстiк фактордың әсерi;
11) қауiпсiздiк нормалары - қызметкерлердiң еңбек қызметi процесiнде олардың өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдық, техникалық, санитарлық-гигиеналық биологиялық және өзге де нормаларды, ережелердi, рәсiмдер мен өлшемдердi қамтамасыз ету тұрғысынан өндiрiс жағдайларын, өндiрiс және еңбек процесiн сипаттайтын сапалық және сандық көрсеткiштер;
12) еңбек жағдайларының нормативтерi - еңбектiң қалыпты жағдайларын қамтамасыз ететiн эргономикалық, санитарлық-гигиеналық және психофизиологиялық және өзге де талаптары бар нормативтер;
13) еңбектi қорғау жөніндегі қоғамдық инспектор - ұйымның кәсiподақ органы, ал ол болмаған кезде қызметкерлердiң жалпы жиналысы тағайындайтын, еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлер өкiлi;
14) қауiптi өндiрiстiк фактор - әсерiн тигiзуi қызметкердің еңбекке қабiлеттiлiгiнен уақытша немесе тұрақты айрылуына (еңбек жарақатына немесе кәсiби ауруына) немесе өлiмiне әкеп соқтыруы мүмкiн өндiрiстiк фактор;
15) қауiптi (ерекше қауiптi) еңбек жағдайлары - еңбектi қорғау ережелерi сақталмаған жағдайда белгiлi бір өндiрiстік факторлардың әсерiн тигiзуi қызметкер денсаулығының кенеттен нашарлауына немесе жарақаттануына не өлiмiне әкеп соқтыратын еңбек жағдайлары;
16) еңбектi қорғау - құқықтық, әлеуметтiк-экономикалық, ұйымдық-техникалық, санитарлық-гигиеналық, емдеу-алдын алу, оңалту және өзге де іс-шаралары мен құралдарын қамтитын, еңбек қызметi процесiнде қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жүйе;
17) қызметкерлер өкiлдерi - қызметкерлерi уәкiлеттiк берген кәсiптік одақтар органдары және олардың бiрлестiктерi, ал олар жоқ болғанда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен құрылған өзге де өкiлдер немесе ұйымдар;
18) өндiрiстiк жабдық - машиналар, тетiктер, аппараттар мен өзге де техникалық құралдар;
19) өндiрiстiк санитария - зиянды өндiрiстiк факторлардың қызметкерлерге әсерiн болғызбайтын немесе азайтатын санитарлық-гигиеналық, ұйымдастыру iс-шаралары мен техникалық құралдар жүйесi;
20) кәсiби ауру - қызметкердiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн орындауымен байланысты оған зиянды өндiрiстiк факторлардың әсер етуiнен туындаған созылмалы немесе қатты ауруы;
21) жұмыс орны - қызметкердiң еңбек қызметi процесiнде өзiнiң еңбек мiндеттерiн орындау кезіндегі тұрақты немесе уақытша болатын орны;
22) арнаулы киiм - қызметкердi зиянды және қауiптi өндiрiстiк факторлардан қорғауға арналған киiм, аяқ киiм, бас киiм, қолғап;
23) жеке қорғану құралдары - қызметкердi зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен қорғауға арналған құралдар;
24) ұжымдық қорғану құралдары - жұмыс iстейтiн екі және одан да көп адамдарды зиянды және (немесе) қауiптi өндipicтiк факторлардың әсерiнен бiр мезгілде қорғауға арналған техникалық құралдар;
25) еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның аумақтық бөлiмшелерi (бұдан әрi - аумақтық бөлiмшелер) - уәкiлеттi мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиiстi әкiмшілік-аумақтық бiрлiк шегiнде еңбек қатынастары саласындағы өкiлеттiктi жүзеге асыратын еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі құрылымдық бөлiмшелерi;
26) ауыр қол еңбегi - ауыр заттарды қолмен көтеруге немесе орнын ауыстыруға байланысты қызмет түрлерi не 360 ккал/сағаттан астам күш-қуат жұмсалатын басқа да жұмыстар;
27) өнеркәсiп қауіпсiздiгі саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - өнеркәсiп қауіпсiздігі саласындағы мемлекеттік саясатты берілген өкiлеттік шегiнде iске асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
28) еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау жөніндегі уәкілеттi мемлекеттік орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - еңбек қатынастары саласындағы өкiлеттіктi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
29) еңбек қауiпсіздiгiнің жағдайлары - еңбек процесiнде қызметкердiң жұмысқа қабілеттiлігі мен денсаулығына әсер ететiн өндiрiстік орта мен еңбек процесi факторларының жиынтығы.
2-бап. Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiлeнce, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының азаматтарына, еңбек қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
2. Жұмыс берушiлер мен қызметкерлер арасында еңбек қатынастары туындаған кезде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды бәрi орындауы міндеттi.
3. Жеке еңбек шартында, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушiнiң актілерінде көзделген жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсiздiгі және еңбектi қорғау жағдайлары осы Заңда көзделген еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау деңгейiнен төмен болмауға тиiс.
2-тарау. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
саласындағы мемлекеттік басқару
4-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік басқару, бақылау және қадағалау
Еңбек қауiпсіздігі және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды, бақылау мен қадағалауды Қазақстан Республикасының Үкіметі, уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мен өзге де уәкілетті органдар жүзеге асырады.
5-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясат:
1) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерін, мемлекеттік стандарттарды, ережелерді, нормаларды әзірлеу мен қабылдауға;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламаларды әзірлеуге;
3) еңбек жағдайларын, қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды әзірлеу мен жақсарту, қауіпсіз техника мен технологияларды әзірлеу және енгізу, еңбекті қорғау, қызметкерлердің жеке және ұжымдық қорғану құралдарын шығару жөніндегі қызметті экономикалық ынталандыру жүйесін құруға және іске асыруға;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мониторингті жүзеге асыруға;
5) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау проблемалары бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізуге;
6) өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіби ауруларды есепке алудың бірыңғай тәртібін белгілеуге;
7) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңдары талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалау мен бақылауға;
8) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға жәрдемдесуге;
9) өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардан зардап шеккен қызметкерлердің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің заңды мүдделерін қорғауға;
10) өндірістің және еңбекті ұйымдастырудың қазіргі заманғы техникалық деңгейінде жойылмайтын ауыр жұмыс үшін және еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыс үшін өтемақылар белгілеуге;
11) еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауды жақсарту жөніндегі жұмыстың отандық және шетелдік озық тәжірибелерін таратуға;
12) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мамандарды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға;
13) еңбек жағдайлары туралы, сондай-ақ өндірістік жарақат, кәсіби ауру туралы және олардың салдары туралы мемлекеттік статистикалық есептілікті ұйымдастыруға;
14) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында бірыңғай ақпараттық жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
15) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған.
6-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы негізгі принциптер
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы негізгі принциптер мыналар болып табылады:
1) өндірістік қызмет нәтижелеріне қатысты алғанда қызметкердің өмірі мен денсаулығының басымдығы;
2) қызметкердің өмірі мен денсаулығына өндірістік факторлардың зиянды әсерінің қайтымсыз салдарына жол бермеу;
3) қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына құқықтарын қорғауға мемлекеттің кепілдік беруі;
4) нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау арқылы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында бірыңғай талаптарды белгілеу;
5) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін мемлекеттік реттеу;
6) уәкілетті орган, оның аумақтық бөлімшелері және жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдері арасында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы келісілген iс-қимылдарды қамтамасыз ету;
7) еңбек қауіпсiздiгiнің және еңбекті қорғаудың жай-күйi туралы ақпараттың жариялылығы, толымдылығы және дұрыстығы;
8) мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруға, нормативтiк құқықтық актiлерді әзiрлеуге, еңбек қауiпсiздігі және еңбекті қорғау саласында ғылыми жұмыстар мен зерттеулер жүргiзуге мемлекеттiң қатысуы;
9) қызметкерлер өкiлдерiнiң еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегi мемлекеттік бағдарламаларды қалыптастыруға, еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау нормаларынан тұратын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға қатысуы.
7-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік нормативтiк талаптар
1. Еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегі мемлекеттік нормативтiк талаптар Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерімен белгіленедi және олар қызметкерлердiң еңбек қызметi процесінде өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған ережелерден, рәсiмдерден және өлшемдерден тұруға тиіс.
2. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асырған кезде еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау жөніндегі талаптарды орындауға мiндеттi.
3. Мемлекеттік органдардың еңбек қауiпсіздігі және еңбектi қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актiлерді әзірлеуi мен бекітуінің тәртібiн Қазақстан Республикасының Үкіметi белгілейді.
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгі бағыттарын әзiрлейдi және оның iске асырылуын қамтамасыз етедi;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік бағдарламаны әзiрлеудi және оның орындалуын ұйымдастырады;
3) еңбек қауіпсiздігі және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылауды және қадағалауды ұйымдастырудың және жүргiзудің тәртібін белгілейді;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау саласында деректер банкiн құра отырып ақпарат берудiң және мемлекеттік статистика жүргізудiң тәртібін айқындайды;
5) еңбек қауіпсiздiгі және еңбектi қорғау проблемалары бойынша зерттеулер жүргізудi қамтамасыз етедi.
9-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкiлеттi орган:
1) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты iске асырады;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау проблемалары бойынша зерттеу бағдарламаларын әзірлейді;
3) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде мониторинг өткізеді;
4) басқа мемлекеттік органдармен, сондай-ақ қызметкерлердің және жұмыс берушілердің өкiлдерiмен еңбек қауiпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету саласында үйлестірудi және өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы салааралық нормативтік құқықтық актілерін әзiрлейдi және бекітеді;
6) мемлекеттік еңбек инспекторларын оқытуды және аттестаттауды жүргізеді;
7) Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздігі және еңбекті қорғау туралы заңдарының сақталуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен өндiрiстегi жазатайым оқиғаларға дер кезiнде және объективті тергеу жүргiзiлуiн бақылауды жүзеге асырады;
9) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
10) еңбектің физиологиялық негізделген нормаларын әзірлейдi және олардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
11) қызметкерлердi жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, сондай-ақ санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен, емдеу-алдын алу құралдарымен жұмыс берушiлердiң қаражаты есебiнен қамтамасыз етудiң тәртібін белгiлейдi;
12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
10-бaп . Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің құзыретi
Аумақтық бөлімшелер:
1) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздiгі және еңбектi қорғау туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
2) өндiрiстiк жарақаттанудың, кәсiби аурудың себептерiне талдау жүргізедi және олардың алдын алу жөнiнде ұсыныстар әзірлейді;
3) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен тергейді;
4) уәкiлетті орган бeкіткeн ережелерге сәйкес ұйымдағы еңбек қауiпсiздiгiн және еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге жауапты басшылар мен адамдардың еңбек қауiпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерi бойынша біліміне тексеру жүргізеді;
5) өндірістік мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау жөнiндегі комиссияның құрамына қатысады;
6) қызметкерлердiң, жұмыс берушілердің және олардың өкілдерiнiң еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi жөніндегі өтініштерiн қарайды;
7) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау нормативтерiн жетiлдiру мәселелерi бойынша кәсіподақтармен және жұмыс берушiлердің бiрлестіктерiмен өзара iс-қимыл жасайды;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
11-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
жөніндегi іс-шараларды қаржыландыру
Еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау жөніндегі iс-шараларды қаржыландыру жұмыс берушінің қаражаты мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздердің есебінен жүзеге асырылады. Қызметкерлер бұл мақсатқа шығыстаp шығармайды.
Жұмыс беруші жыл сайын еңбек қауiпсіздігіне және еңбекті қорғауға қажетті қаражат бөледi. Қаражат көлемi жеке және (немесе) ұжымдық шарттарда белгіленедi.
3-тарау. Еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға
қызметкерлер құқықтарының кепілдіктері
12-бап. Жұмысқа қабылдау кезiндегі еңбек қауiпсіздiгіне және еңбекті қорғауға құқықтарының кепілдіктерi
Жеке еңбек шартының талаптары Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау туралы нормативтiк құқықтық актілерiнiң талаптарына сәйкес келуге тиiс.
Азаматтарды олардың денсаулық жағдайына терiс әсер ететiн жұмысқа қабылдауға тыйым салынады.
Қауiптi және зиянды өндiрiстiк факторларды қоса алғанда, жеке еңбек шартында жұмыс орнының шынайы сипаттамасы, Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау туралы заңдарында және ұжымдық шартта көзделген осындай жағдайларда жұмыс iстегенi үшiн берiлетін жеңiлдiктер мен өтемақылар көрсетiлуге тиiс.
Еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарға қабылдау кезiнде жұмыс беруші қызметкердi кәсiби аурудың туындау мүмкiндігі туралы ескертуге мiндеттi.
13-бап. Қызметкерлерді мiндеттi медициналық тексерулер
1. Ұйымдарда зиянды (ерекше зиянды), қауiптi (ерекше қауіптi) және қолайсыз өндiрістiк факторлары бар жұмыстарға, сондай-ақ жер асты жұмыстарына адамдар қабылдауды жұмыс берушi олар алдын ала медициналық тексеруден өткеннен кейiн және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген талаптарға сәйкес денсаулық жағдайына қайшы келмейтiнi айқындалғаннан кейiн жүзеге асыруға тиіс.
2. Он сегiз жасқа толмаған адамдар мiндеттi алдын ала медициналық тексеруден өткеннен кейiн ғана жұмысқа қабылданады және одан әрi, он сегіз жасқа толғанға дейiн жыл сайын мiндеттi медициналық тексеруден өтуге тиiс.
3. Жұмыс берушi еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда iстейтiн қызметкерлерді мерзiмдiк медициналық қаралудан және тексеруден өткізудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өз қаражаты есебiнен ұйымдастыруға мiндеттi.
4. Қауiптілігі жоғары өндiрiстiк жабдықтармен байланысты жұмыстармен айналысатын қызметкерлер ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуге тиiс. Ауысым алдындағы медициналық куәландыруды талап ететiн кәсiптердiң тізімін денсаулық сақтау саласындағы уәкілеттi орган айқындайды. Медициналық қаралудан және тексеруден өтуден жалтарған қызметкерлер жұмысқа жіберiлмейдi.
14-бап. Қызметкерлердің еңбек қызметi процесiндегі еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға құқықтарының кепілдiктерi
1. Ұйымдардағы, әрбiр жұмыс орнындағы еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жағдайлары еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік стандарттар, ережелер талаптарына сәйкес болуға тиіс.
2. Ұйымның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды бұзуы салдарынан жұмысын тоқтатқан уақытқа қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады.
3. Қызметкердің өзiнiң немесе айналадағы адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауіп туындаған жағдайда жұмысты орындаудан бас тартуы оны тәртіптiк және (немесе) материалдық жауапқа тартуға әкеп соқтырмайды.
4. Қызметкер жеке және (немесе) ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киiммен қамтамасыз етілмеген жағдайда жұмыс берушiнiң қызметкерден еңбек мiндеттерiн орындауды талап етуге құқығы жоқ және сол себептен бос тұрып қалған уақытқа орташа жалақысы мөлшерiнде ақы төлеуге тиiс.
5. Қызметкер еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда оған келтiрілген зиянды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Қызметкерде еңбек жарақаты, кәсiби ауру немесе зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерi салдарынан денсаулығының өзге де зақымдалу белгілерi байқалған жағдайда жұмыс берушi медициналық қорытындының негiзiнде қызметкердi өзiнің келісімi бойынша денсаулығына терiс әсерiн тигiзбейтін басқа жұмысқа ауыстыруға тиiс.