1) сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiмен;
2) судьяның сот төрелiгiн iске асыру жөніндегі қызметiне араласқаны үшiн, сондай-ақ сотты және судьяларды сыйламағандық үшiн заңда жауаптылық белгiлеумен;
3) судьяға ешкiмнiң тиiспеуiмен;
4) Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген судьяны қызметке сайлау, тағайындау, судьяның өкiлеттiгiн тоқтату және тоқтата тұру тәртібімен, судьяның орнынан түсу құқығымен;
5) судьяларға мемлекет есебiнен олардың мәртебесiне сәйкес материалдық жағдай жасау және әлеуметтiк қамсыздандыру, сондай-ақ оны нашарлатуға тыйым салу арқылы қамтамасыз етiледi.
2. Судьялар, олардың отбасы мүшелерi мен мүлкi мемлекеттiң қорғауында болады, оның тиiстi органдары судьялар мен олардың отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, оларға тиесiлi мүлiктi сақтауға, егер судьядан немесе оның отбасы мүшелерiнен тиiстi өтiнiш түскен жағдайда, дер кезiнде және барлық шараларды қолдануға мiндеттi.
Судьяға және оның мүлкiне кәсiптiк қызметiне байланысты келтiрiлген зиян республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен өтеледi.
27-бап. Судьяларға ешкiмнiң тиiспеуi
1. Судьяны, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайларды қоспағанда, тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімiнсiз, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында белгiленген жағдайда, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келісімiнсiз оны қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
2. Судьяға қатысты қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ғана қозғай алады.
3. Судьяға Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген тәртiппен куәлiк берiледi.
28-бап. Судьяға қойылатын талаптар
1. Судья:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын бұлжытпай сақтауға;
2) сот төрелiгiн iске асыру жөніндегі өзiнiң конституциялық мiндетiн орындаған кезде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынаста судья әдебi талаптарын сақтауға және судьяның беделi мен қадiр-қасиетiн түсiретiн немесе оның әдiлдiгi мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болуға;
3) сот төрелiгiн iске асыру жөніндегі қызметке заңсыз араласудың кез келген әрекеттерiне қарсы тұруға;
4) судьялар кеңесiнiң құпиясын сақтауға мiндеттi.
2. Судьяның лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
Судьялар партияларға, кәсiптiк одақтарға кiре алмайды, қандай да бiр саяси партияны қолдап немесе оған қарсы сөз сөйлеуiне болмайды.
29-бап. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар
1. Аудандық соттың судьясы болып:
жиырма бес жасқа толған;
жоғары заң білімi бар, еңбек жолы мiнсiз және заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар;
біліктiлiк емтиханын тапсырған;
сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заң мамандығы бойынша кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар, соның iшiнде, әдетте, кемiнде екi жыл судья болған азамат жоғары тұрған соттың судьясы бола алады.
3. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарты мен тәртібі Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен белгiленедi.
30-бап. Судья лауазымына кандидаттарды iрiктеу
1. Судья қызметiне кандидаттарға тегiне, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, қай нәсiлге және ұлтқа жататындығына, жынысына, саяси көзқарасына, дiни нанымына және өзге де мән-жайларға қарамастан тең құқық қамтамасыз етiледi.
2. Аудандық соттың судьясы қызметiнiң бос орнына кандидат iрiктеудi осы Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағының талаптарына сай келетiн адамдар, сондай-ақ судья қызметiнiң бос орнына орналасуға өтiнiш берген, қызмет iстеп жүрген судьялардың арасынан конкурстық негiзде Әдiлет біліктiлiк алқасы жүзеге асырады.
Аудандық сот төрағасы лауазымының бос орнына кандидатураларды Жоғарғы Сот Төрағасы тиiстi облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын ескере отырып енгiзген ұсыныс бойынша Әдiлет біліктiлiк алқасы қарайды.
Әдiлет біліктiлiк алқасы аудандық сот төрағасы немесе судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатты Әдiлет министрiне ұсынады, ол заңда белгiленген тәртiппен оны қызметке тағайындау үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады.
3. Облыстық сот судьясы қызметiне кандидат iрiктеудi бос қызмет орнында жұмыс iстеуге өтiнiш берген және осы Конституциялық заңның
29-бабының 2-тармағының талаптарына сай келетiн адамдар арасынан конкурстық негiзде Жоғары Сот Кеңесi жүзеге асырады.
Жоғары Сот Кеңесi конкурстың қорытындысы бойынша облыстық соттың судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатты қызметке тағайындау үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады.
4. Облыстық сот төрағасы және оның алқасының төрағасы қызметiнiң бос орнына кандидатураны Жоғарғы Сот Төрағасы Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысын ескере отырып енгiзген ұсыныс бойынша Жоғары Сот Кеңесi қарайды.
Жоғары Сот Кеңесi облыстық сот төрағасы және оның алқасының төрағасы қызметiнiң бос орнына кандидатты қызметке тағайындау үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады.
5. Жоғарғы Сот алқасының төрағасы және судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатураны Жоғарғы Соттың Төрағасы Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысын ескере отырып енгiзген ұсыныс бойынша Жоғары Сот Кеңесi қарайды.
Жоғарғы Сот Төрағасы қызметiне кандидатураны Жоғары Сот Кеңесi қарайды.
Жоғары Сот Кеңесi Жоғарғы Соттың Төрағасы, алқа төрағасы және судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатураны Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсынуы үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады.
31-бап. Судьяға өкiлеттiктер беру тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын Қазақстан Республикасы Президентінің Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесiне негiзделген ұсынуы бойынша Сенат сайлайды.
2. Облыстық соттың судьясын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды.
3. Аудандық соттың судьясын Әдiлет министрiнiң Әдiлет біліктiлiк алқасының кепiлдемесiне негiзделген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды.
4. Жоғарғы Соттың Төрағасы мен осы соттың алқаларының төрағаларын Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша тиiстi қызметтерге бес жыл мерзiмге Сенат сайлайды.
5. Облыстық соттардың төрағалары мен алқаларының төрағаларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайды.
6. Аудандық соттардың төрағаларын Әдiлет біліктiлiк алқасының кепiлдемесiне негiзделген Әдiлет министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайды.
7. Жоғарғы Соттың Төрағасы мен алқаларының төрағалары, облыстық соттың төрағасы мен алқаларының төрағалары, аудандық соттың төрағасы өкiлеттiк мерзiмдерi аяқталғаннан кейiн, егер олар бұрынғы қызметтерiне немесе басқа соттағы осындай қызметке тиiсiнше қайтадан сайланбаған немесе тағайындалмаған болса, тиiстi соттың судьясы өкiлеттiгiн жүзеге асыруды жалғастырады.
32-бап. Судьяның ант беруi
1. Судья лауазымына алғаш рет сайланған немесе тағайындалған адам мынадай мазмұнда ант бередi:
"Өз мiндеттерiмдi адал және абыройлы атқаруға, сот төрелiгiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына ғана бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретіндегі борышым мiндеттегендей бейтарап және әдiл болуға салтанатты түрде ант етемiн".
2. Жоғарғы Соттың Төрағасы, Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары мен судьялары Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының отырысында ант бередi.
3. Облыстық соттардың төрағалары Жоғарғы Соттың жалпы отырысында ант бередi.
4. Облыстық соттар алқаларының төрағалары мен судьялары, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары тиiстi облыстық соттардың жалпы отырысында ант бередi.
33-бап. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру
1. Судьяның өкiлеттiгi, егер:
1) судья Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе мәслихатының депутаттығына кандидат болып тiркелсе;
2) судья заңды күшiне енген сот шешiмiмен хабарсыз кеткен деп танылса;
3) судьяны қылмыстық жауапқа тартуға келісім берiлсе;
4) басқа жұмысқа ауысса, тоқтатыла тұрады.
2. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұруды:
Жоғарғы Соттың Төрағасына қатысты - Қазақстан Республикасының Президентi;
Республиканың қалған барлық судьяларына қатысты - Жоғарғы Сот Төрағасы жүзеге асырады.
3. Егер судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға негiз болған мән-жай жойылса, судьяның өкiлеттiгi қалпына келтiрiледi.
34-бап. Судьяны қызметтен босату және оның өкiлеттiгiн тоқтату
1. Судьяның өкiлеттiгi мынадай негiздерде:
1) орнынан түскенде немесе өз тiлегi бойынша судья қызметiнен босағанда;
2) медициналық қорытындыға сәйкес кәсiптiк мiндеттерiн одан әрi атқаруға кедергi болатын денсаулық жағдайы бойынша;
3) судьяны iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешiмi заңды күшiне енгенде;
4) осы судьяға қатысты айыптау үкімі заңды күшiне енгенде;
5) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылғанда;
6) судья қайтыс болған немесе соттың оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмi заңды күшiне енген жағдайда;
7) судья басқа лауазымға тағайындалған, сайланған және ол басқа жұмысқа ауысқан жағдайда;
8) соттың таратылуына немесе өкiлеттiк мерзiмiнiң өтуiне байланысты, егер судья басқа соттағы бос қызмет орнына орналасуға келісімiн бермесе, тоқтатылады.
2. Судьяның өкiлеттiгi судьялардың тәртiптiк-біліктiлiк алқасының судьяны тәртiптiк терiс қылықтар жасағаны немесе осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетiлген талаптарды орындамағаны үшiн қызметiнен босату қажеттiгi туралы шешiмiне байланысты тоқтатылуы мүмкiн.
3. Сот төрағасының не алқа төрағасының өкiлеттiктерi олар осы Конституциялық заңның 9, 14, 15, 20, 21 және 28-баптарында көрсетiлген талаптарды орындамаған жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
4. Судьяны қызметтен босату туралы шешiм:
1) Жоғарғы Соттың Төрағасы, алқа төрағалары мен судьяларына қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысымен;
2) облыстық соттың төрағасы, алқа төрағалары мен судьялары, аудандық соттың төрағасы мен судьясына қатысты - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қабылданады.
5. Судьяны қызметiнен босату сонымен бiр мезгiлде тиiстi соттың төрағасы немесе алқа төрағасы өкiлеттiктерiнiң тоқтатылуына әкеп соғады.
Тиiстi соттың төрағасын немесе алқа төрағасын өкiлеттiк мерзiмiнiң өтуiне байланысты қызметтен босату оларды осы соттың судьясы қызметiнен босатуға әкеп соқпайды.
6. Осы баптың 1-тармағының 3) - 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда, судьялық қызметтен босатуға және судьяның өкiлеттiгiн тоқтатуға Жоғары Сот Кеңесiнiң немесе Әдiлет біліктiлiк алқасының ұсыныстары талап етiлмейдi.
35-бап. Судьяның орнынан түсуi
1. Судьяны орнынан түсуi нысанында қызметiнен босату осы Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 8) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша жүзеге асырылады.
2. Бұл ретте орнынан түскен судьяның:
1) судьялар қоғамдастығында болуы және жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiктерi сақталады;
2) судья ретіндегі жұмыс стажы он бес жылдан кем болмаған жағдайда осы Конституциялық заңның 51, 55-баптарында көзделген жеңiлдiктер сақталады;
3) екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде бiржолғы шығу жәрдемақысы төленедi.
Зейнеткер жасына жеткенде және тиiстi стажы мен еңбек сiңiрген жылдары болған жағдайда судьяға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шарттармен зейнетақы тағайындалады.
3. Судьяның орнынан түсуi:
судья қызметiне тағайындалғанда немесе оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетiн қызметке тұрғанда;
ол қылмыс жасағанда немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасағанда;
өз тiлегi бойынша;
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылғанда;
ол қайтыс болғанда тоқтатылады.
36-бап. Жоғары Сот Кеңесi және Әдiлет біліктiлiк алқасы
1. Жоғары Сот Кеңесiне Республика Президентi қызметке тағайындайтын Төраға басшылық жасайды және Конституциялық Кеңестiң Төрағасынан, Жоғарғы Соттың Төрағасынан, Бас Прокурордан, Әдiлет министрiнен, Парламент Сенатының депутаттарынан, судьялардан және Республика Президентi тағайындайтын басқа да адамдардан тұрады.
2. Әдiлет біліктiлiк алқасы Парламент Мәжілісiнiң депутаттарынан, судьялардан, прокурорлардан, құқық пәнiнiң оқытушыларынан және заңгер ғалымдардан, әдiлет органдарының қызметкерлерiнен құрылатын дербес, тәуелсiз мекеме болып табылады. Әдiлет біліктiлiк алқасының төрағасын Республика Президентi тағайындайды.
Жоғары Сот Кеңесi мен Әдiлет біліктiлiк алқасының мәртебесi, құрылу тәртібі мен жұмысын ұйымдастыру заңмен анықталады.
37-бап. Судьялар қоғамдастығы мен оның органдары
1. Судьялар қоғамдастығының ортақ мүдделерiн iске асыру мен қорғау мақсатында судьялардың қоғамдық бiрлестiктер құруға құқығы бар.
2. Судьялық бiрлестiктер қажет болған жағдайларда заңдарда белгiленген тәртiппен өз мүшелерiнiң мүдделерiн бiлдiредi, қорғайды және сот төрелiгiнiң iске асырылуына ықпал етуге құқылы емес, сондай-ақ саяси мақсаттарды көздемеуге тиiс.
38-бап. Судьялардың тәртiптiк-біліктiлiк алқалары
Судьяларға біліктiлiк сыныптарын беру үшiн, сондай-ақ судьялардың тәртiптiк жауапкершiлiгi мәселелерiн шешу не судьяның өкiлеттiгiн тоқтату үшiн, осы Конституциялық заңмен көзделген жағдайларда, Республикалық және облыстық тәртiптiк-біліктiлiк алқалары құрылады.
Тәртiптiк-біліктiлiк алқаларын құру және оның жұмысын ұйымдастыру тәртібі, сондай-ақ тәртiптiк iстердi қарау тәртібі Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен анықталады.
2-тарау. СУДЬЯЛАРДЫҢ ТӘРТIПТIК ЖАУАПКЕРШIЛIГI
39-бап. Судьялардың тәртiптiк жауапкершiлiгiнiң негiздерi
1. Судья:
1) сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұзғаны үшiн;
2) судья әдебiне қайшы келетiн терiс қылық жасағаны үшiн;
3) еңбек тәртібін өрескел бұзғаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуы мүмкін.
2. Сот төрағалары және сот алқаларының төрағалары осы Конституциялық заңда көзделген лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшін тәртiптiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.
3. Сот актiсiнiң күшiн жою немесе өзгерту, егер бұл орайда заңды өрескел бұзуға жол берiлмеген және ол туралы жоғары тұрған сот орнының сот актiсiнде көрсетiлмеген болса, өздiгiнен судьялардың жауаптылығына әкеп соқпайды.
40-бап. Судьяларға қатысты қолданылатын жазалардың түрлерi
1. Судьяларға тәртiптiк жазаның мына түрлерi қолданылуы мүмкiн:
1) ескерту;
2) сөгiс;
3) біліктiлiк сыныбын төмендету;
4) қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше атқармағаны үшiн сот төрағасы немесе сот алқасының төрағасы қызметiнен босату;
5) осы Конституциялық заңда көзделген негiздер бойынша судья қызметiнен босату.
2. Әрбiр тәртiп бұзушылық үшiн тәртiптiк терiс қылықтың сипаты, судьяның жеке басы туралы деректер және оның кiнәсiнiң дәрежесi ескерiле отырып, тек бiр тәртiптiк жаза қолданылады.
41-бап. Тәртiптiк iс қозғау құқығы
Тәртiптiк iс қозғау құқығы:
1) Республиканың кез келген судьясына қатысты - Жоғарғы Сот Төрағасына;
2) облыстық соттың алқа төрағасы мен судьяларына, аудандық соттың төрағасы мен судьяларына қатысты - облыстық сот төрағасына тиесiлi болады.
42-бап. Тәртiптiк iс қозғау және қарау мерзiмдерi
1. Судьяға қатысты тәртiптiк iс қарау, қызметтiк тексеру мен судьяның дәлелдi себептермен жұмыста болмаған уақытын есепке алмағанда, терiс қылық анықталған күннен бастап - үш айдан кешiктiрiлмей және терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктірiлмей қозғалуы мүмкiн.
Жоғарғы тұрған сот инстанциясының заңдылықтың бұзылу фактiсi анықталған сот актiсi заңды күшiне енгiзiлген күн судьяның сот iсiн қарау кезiнде заңдылықты бұзуына байланысты тәртiптiк терiс қылықтың анықталған күнi болып есептеледi, ал заңсыз сот актiсi шығарылған күн осындай терiс қылықтың жасалған күнi болып есептеледi.
2. Тәртiптiк iс қозғалған күнiнен бастап екi ай мерзiм iшiнде қаралуға тиiс.
43-бап. Тәртiптiк iстердi қарау жөніндегі органдар
1. Республикалық тәртiптiк-біліктiлiк алқасы Жоғарғы Соттың алқа төрағалары мен судьяларына, облыстық соттардың төрағалары мен алқа төрағаларына қатысты тәртiптiк iстердi, сондай-ақ облыстық тәртiптiк-біліктiлiк алқаларының шешiмдерiне қатысты шағымдарды қарайды.
2. Облыстық тәртiптiк-біліктiлiк алқалары облыстық соттардың судьяларына, сондай-ақ аудандық соттардың төрағалары мен судьяларына қатысты тәртiптiк iстердi қарайды.
3. Тәртiптiк iстердi қарау тәртібі және тәртiптiк алқалардың қызметi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен регламенттеледi.
44-бап. Тәртiптiк iстер бойынша қабылданатын шешiмдер
Тәртiптiк iс жөніндегі тәртiптiк-біліктiлiк алқа:
1) ескерту және сөгiс түрiнде тәртiптiк жаза қолдану туралы;
2) тәртiптiк iс жүргiзудi қысқарту туралы;
3) қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшiн судьяның біліктiлiк сыныбын төмендету сот төрағасын немесе алқа төрағасын қызметiнен босату және судьяның өкiлеттiгiн тоқтату жөнiнде тиiстi органдарға немесе лауазымды тұлғаға ұсыныс жiберу туралы;
4) төменгi тұрған тәртiптiк-біліктiлiк алқаның шешiмiн өзгерту не оның күшiн жою және iстi жаңадан қарауға жiберу туралы шешiмдердiң бiрiн шығарады.
45-бап. Тәртiптiк жазаның қолданылу мерзiмi
1. Егер судья жаза қолданылған күннен бастап бiр жыл бойы жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда ол тәртiптiк жазаға тартылмаған деп есептеледi.
2. Судья мiнсiз тәртібімен өз мiндеттерiн адал атқарған жағдайда, тәртiптiк жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн мерзiмiнен бұрын алынуы мүмкiн.
Тәртiптiк жазаны берген тәртiптiк-біліктiлiк алқасы оны мерзiмiнен бұрын алуы мүмкiн.
46-бап. Тәртiптiк-біліктiлiк алқаларының шешiмдерiне шағымдану
1. Облыстық тәртiптiк-біліктiлiк алқасының шешiмiне өзiне қатысты шешiм шығарылған судья, сондай-ақ тәртiптiк iс қозғаған тұлға Республикалық тәртiптiк-біліктiлiк алқасына шағымдануы мүмкiн.
2. Республикалық тәртiптiк-біліктiлiк алқасының шешiмi түпкiлiктi болып табылады және шағымдануға жатпайды.
3-тарау. СУДЬЯЛАРДЫ МАТЕРИАЛДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ
ӘЛЕУМЕТТIК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ
47-бап. Судьяларды материалдық қамтамасыз ету
1. Судьяларды материалдық қамтамасыз ету оның мәртебесiне сай болуға және сот төрелiгiн толық әрi тәуелсіз жүзеге асыру мүмкiндiгін қамтамасыз етуге тиiс және оны азайтуға болмайды.
2. Судьялардың еңбегiне ақы төлеудi Конституцияның 44-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
48-бап. Судьялардың біліктiлiк сыныптары
1. Судьяларға атқарып жүрген қызметiне, кәсiби даярлығының деңгейiне, еңбек сiңiрген жылдарына және өзге де мән-жайларға байланысты біліктiлiк сыныптары берiледi.
2. Судьяларға біліктiлiк сыныптарын беру мен олардан айыру тәртібі осы Конституциялық заңмен және Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен белгiленедi.
49-бап. Судьялардың жыл сайынғы демалыстары
Судьяларға сауығуы үшiн лауазымдық екi айлықақы мөлшерiнде жәрдемақы төлене отырып, күнтiзбелiк отыз күнге жыл сайынғы демалыс берiледi.
50-бап. Ауысқан кездегi өтемақы
Қызметi бойынша Қазақстанның бiр аймағынан екiншi аймағына ауысқан судьяларға және олардың отбасы мүшелерiне көшуге байланысты шығыстары шыққан шығынының көлемiнде төленедi.
51-бап. Тұрғын үй жеңiлдiктерi
1. Судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет есебiнен жүргiзiледi.
2. Судьяға және оның отбасы мүшелерiне кезектен тыс, бiрақ қызметiне кiрiскен күнiнен бастап алты айдан кешiктiрiлмей, нақты жер жағдайына қарай, мемлекеттік тұрғын үй қорынан, судьяны тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтардың санатына жатқызбайтын нормалар бойынша тұрмысқа жайлы тұрғын үй берiледi. Лауазымында он жылдан астам уақыт жұмыс iстеген судьялардың тұрақты тұруға арналған қызметтiк тұрғын үйi оның қалауы бойынша қалдық құны бойынша сатып алынуы мүмкiн.
3. Судья қызметiнен босатылғанда оны және отбасы мүшелерiн басқа тұрғын үй бермей тұрып қызметтiк тұрғын үйден шығаруға болмайды.
52-бап. Судьяларды мантиямен қамтамасыз ету
Барлық соттардың судьялары республикалық бюджет қаражаты есебiнен судьялық мантиямен қамтамасыз етiледi.
53-бап. Судьяларға медициналық қызмет көрсету
1. Судьялар және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi тиiстi мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық қызмет көрсетумен белгiленген тәртiппен қамтамасыз етiледi.
2. Судьяларға медициналық қызмет көрсетудiң тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
54-бап. Судьяларды сақтандыру
Судьялар заңдарға сәйкес республикалық бюджет қаражатының есебінен мiндеттi сақтандырылуға тиiс.
55-бап. Жерлеуге жұмсалатын шығыстардың өтемақысы
Қайтыс болған немесе қаза тапқан судьялар мен судья қызметiнен зейнеткерлiкке шыққан зейнеткерлердi жерлеу үшiн судья қайтыс болған сәттегi тиiстi лауазымы бойынша судьяның үш айлық жалақысы мөлшерiнде бiржолғы ақшалай өтемақы төленедi.
4-бөлiм. СОТТАРДЫҢ ҚЫЗМЕТIН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
56-бап. Соттардың қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi Жоғарғы Соттың Аппараты жүзеге асырады.
Жергiлiктi соттардың қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Президентi құратын уәкiлеттi мемлекеттік орган жүзеге асырады.
2. Уәкiлеттi органдардың бiрыңғай жүйесiн тиiстi орталық мемлекеттік орган және облыстардағы, астана мен республикалық маңызы бар қалалардағы соттардың әкiмшiлерi құрайды.
3. Уәкiлеттi органның қызметi соттың тәуелсiздiгi мен судьялардың қызметiне араласпау принциптерiн сақтау жағдайында жүзеге асырылады.
4. Уәкiлеттi органның құзыретi мен қызметiнiң ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен айқындалады.
5. Соттарда сот кеңсесi құрылады, ол судьялардың сот төрелiгiн жүзеге асыру, сот тәжiрибесiн жинақтау және сот статистикасын жүргiзу, сондай-ақ соттың басқа да функцияларын орындау жөніндегі жұмысын қамтамасыз етедi.
6. Сот кеңсесi қызметкерлерiнiң құқықтық жағдайы мен еңбегiне ақы төлеу мемлекеттік қызмет туралы заңдармен реттеледi.
7. Жоғарғы Сот Аппаратының құрылымы мен штат санын - оның Төрағасы, ал жергiлiктi соттар кеңселерiнiң құрылымы мен штат санын тиiстi сот төрағасының ұсынуы бойынша уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн штат санының лимитi шегiнде бекiтедi.
57-бап. Соттарды қаржыландыру
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотын және жергiлiктi соттарын қаржыландыру республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.
2. Жоғарғы Соттың және жергiлiктi соттардың бюджетi соттардың конституциялық өкiлеттiктерiн орындауын толық қамтамасыз етуге тиiс.
5-бөлiм. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР
58-бап. Күшi жойылды деп танылған заң актілері
Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1. "Қазақ ССР-iнiң сот құрылысы туралы" 1990 жылғы 23 қарашадағы Қазақ ССР-ның Заңы (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1990 ж., № 48, 443-құжат; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1992 ж., № 8, 206-құжат; № 11-12, 293-құжат; 1993 ж., № 8, 161-құжат; 1995 ж., № 23, 140-құжат).
2. "Қазақ ССР-iнiң сот құрылысы туралы" Қазақ ССР Заңын күшiне енгізу тәртібі туралы" Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң 1990 жылғы 23 қарашадағы қаулысы (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1990 ж., № 48, 444-құжат).