2-параграф. Келіссөздер, екіжақты құжаттарға қол қою, баспасөзге мәлімдеме жасау
75. Қазақстан тарапынан келіссөздерге қатысушылардың құрамы бойынша ұсыныстарды Сыртқы істер министрлігі жұмыс бабындағы сапардың мақсатын ескере отырып әзірлейді, оны Президент Әкімшілігі бекітеді.
76. Тараптардың келісуі бойынша шет мемлекет басшысының жұмыс бабындағы сапары шеңберінде Президентпен және Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарымен келіссөздер, бірлескен құжаттарға қол қою рәсімі өткізіледі, баспасөз конференциясы немесе баспасөзге мәлімдеме жасалады.
3-параграф. Жұмыс бабындағы қабылдау
77. Тараптардың келісуі бойынша жұмыс бабындағы сапар бағдарламасында шет мемлекет басшысының құрметіне немесе көпжақты іс-шараның (саммит, форум, съезд) өткізілуіне орай жұмыс бабындағы қабылдау көзделеді.
Жұмыс бабындағы қабылдауда концерттік бағдарлама ұсынылады. Жұмыс бабындағы қабылдау кезінде техникалық үстел ұйымдастыру көзделеді.
6-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының жеке сапары
78. Шет мемлекеттер басшыларының жеке сапарының форматы, протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз етілуі және бағдарламасы тараптардың келісуі бойынша айқындалады.
7-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының жол-жөнекей сапары
79. Тараптардың келісуі бойынша шет мемлекеттер басшыларының жол-жөнекей сапары шеңберінде Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарымен кездесулер мен келіссөздер ұйымдастырылады.
Басқа елдерге барар жолда ұшағы Қазақстан Республикасының әуежайларына қонған кезде шет мемлекет басшысын Қазақстан Республикасының лауазымды адамы қарсы алады.
80. Мейман елінің мемлекеттік туы ілінбейді, құрмет қарауылы сап түземейді.
81. Тараптардың келісуі бойынша мейманның құрметіне жұмыс бабындағы қабылдау және техникалық үстел ұйымдастыру көзделеді.
8-тарау. Шет мемлекеттердің басшыларын қабылдау тәртібі
82. Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы сапардың мерзімін келіседі.
83. Сапарды дайындау жөніндегі жұмыс тобы халықаралық практикаға сәйкес Қазақстан Республикасына алдын ала келеді. Жұмыс тобының жүріп-тұруы бойынша барлық шығыстарды жіберуші тарап төлейді.
84. Сыртқы істер министрлігі және мейман елінің тиісті инстанциялары сапардың бағдарламасын жасайды, делегацияның қауіпсіздігіне, орналасуына, көлікпен қамтамасыз етілуіне, тамақтануына және жүріп-тұру шығыстарын төлеуге байланысты мәселелерді пысықтайды.
Сапар бойынша ақпарат (сапар бағдарламасының жобасы, делегациялардың құрамы, рәсімдерге, келіссөздерге, қабылдауға қатысушылардың тізімдері, қол қойылатын бірлескен құжаттардың тізімі, мейман елінің мемлекеттік гимнінің партитурасы (аудиожазбасы), мемлекеттік туының үлгісі) Президент Әкімшілігіне жолданады.
85. Мемлекеттік сапар кезінде ресми делегацияның он екі адамға дейінгі, ресми сапарда он адамға дейінгі, ал жұмыс бабындағы сапар мен жол-жөнекей сапарда сегіз адамға дейінгі мүшесі Қазақстан тарапы есебінен қабылданады. Әрбір нақты жағдайда өзара сыйластық қағидаты ескеріледі.
86. Президенттің Протокол қызметі Президент Сарайында ресми қарсы алу рәсімін, келіссөздерді, бірлескен құжаттарға қол қою рәсімін, Президент атынан қабылдауды және мемлекет басшыларының бірлесіп қатысуын көздейтін басқа да іс-шараларды өткізу бойынша протоколдық-ұйымдастыру мәселелеріне жауапты болып табылады.
87. Мемлекеттік протокол қызметі әуежайда қарсы алудың (шығарып салудың), монументке гүл себетін (гүл шоғын, гүлдесте) қою рәсімінің протоколдық-ұйымдастыру мәселелеріне және мәдени бағдарламаны қамтамасыз етуге, сондай-ақ мейман зайыбының (жұбайының) болу бағдарламасын дайындауға жауапты болып табылады.
88. Күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалпы үйлестіруді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі - Мемлекеттік күзет қызметі) жүзеге асырады.
89. Шет мемлекеттер басшыларының мемлекеттік, ресми және жұмыс бабындағы сапарын дайындау мен өткізу бойынша өзара іс-қимылды үйлестіру және ұйымдастыру Мемлекеттік протокол қызметіне және Президенттің Протокол қызметіне жүктеледі.
9-тарау. Сайланған Президенттің қызметіне кірісуі салтанатты рәсімін дайындау және өткізу тәртібі
90. Сайланған Президенттің қызметіне кірісуі салтанатты рәсімі (ұлықтау) Конституциялық заңда белгіленген мерзімде өткізіледі.
91. Ұлықтау рәсіміне Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экс-Президенттері қатысады.
92. Ұлықтауға Премьер-Министр, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі (бұдан әрі - Мемлекеттік кеңесші), Президент Әкімшілігінің Басшысы, Үкіметі мүшелері, Қазақстан Республикасының өзге орталық мемлекеттік органдарының басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әкімдері, шет мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері, қазақстандық және халықаралық қоғам, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері қатысуға құқылы.
93. Ұлықтауға дейін сайланған Президент тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін сайланған Президенттің қызметіне кірісуі салтанатты рәсімін дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес дайындық іс-шаралары жүзеге асырылады.
94. Құрмет қарауылының әскери қызметшілері марш әуенімен ұлықтау өткізілетін залға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Президенттің байрағын және Қазақстан Республикасының Конституциясын әкеледі.
95. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабына сәйкес Президент Қазақстан халқына ант берген сәттен бастап қызметіне кірісетінін хабарлайды.
96. Сайланған Президент Қазақстан халқына ант берген кезде оң қолын Қазақстан Республикасының Конституциясына қойып, мемлекеттік тілде анттың мәтінін айтады: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.».
97. Ант берілгеннен кейін қызметіне кіріскен Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына жақындап, оның матасының шетінен сүйеді.
Бұдан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады.
Президент Резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріледі.
98. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы өткен сайлау қорытындысы бойынша сайланған Президентке сөз арнайды және оған Президенттің куәлігін, омырауға тағатын белгісін, байрағын және арнайы үлгідегі «Алтын Қыран» орденін табыстайды.
99. Қызметіне кіріскен Президент сөз сөйлейді, оны аяқтаған соң Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің баянатын қабылдайды.
100. Президент Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскерлерінің түрлері мен тектерінің парадтық есептоптарына ықылас білдіреді.
101. Қызметіне кіріскен Президенттің алдында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскерлерінің түрлері мен тектерінің парадтық есептоптары салтанатты шерумен әскери сәлем беріп өтеді.
102. Ұлықтау артиллерия дүркінімен қосталып тұрады.
10-тарау. Президенттің шетелге және ел ішіндегі сапарларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету
1-параграф. Шетелге сапар
103. Президенттің шетелге сапары форматы бойынша мемлекеттік, ресми, жұмыс бабындағы, жеке және жол-жөнекей сапарлар болып бөлінеді.
104. Президенттің шетелге сапарын өткізу мерзімін Сыртқы істер министрлігі келіседі.
105. Шет мемлекетке сапарды ұйымдастыру үшін Президент Әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының (бұдан әрі - Президенттің Іс басқармасы) және Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдерінен құрылған жұмыс тобы жіберіледі.
Жұмыс тобы шет мемлекетке сапар басталғанға дейін бес жұмыс күні бұрын келеді (егер тараптар өзге мерзімдер туралы ескертпесе).
Президенттің Іс басқармасы мен Мемлекеттік күзет қызметі болжанатын шығу күніне дейін кемінде он жұмыс күні бұрын Президент Әкімшілігіне өз өкілдерін жұмыс тобының құрамына енгізу жөнінде ұсыныстар жібереді. Жұмыс тобының түпкілікті құрамын Президент Әкімшілігі айқындайды және сапарды одан әрі пысықтау үшін Сыртқы істер министрлігіне жібереді.
106. Шетелдік және қазақстандық тараптардан қатысушылардың құрамы, кездесуді өткізу тәртібі жөніндегі ұсыныстарды Сыртқы істер министрлігі енгізеді, оны Президент Әкімшілігі бекітеді.
107. Президент шет мемлекетке (шет мемлекеттен) кеткен (келген) кезде әуежайда шығарып салатын (қарсы алатын) лауазымды адамдардың тізбесін Президент Әкімшілігі айқындайды.
2-параграф. Ел ішіндегі жұмыс бабындағы сапарлар
108. Ел ішіндегі жұмыс бабындағы сапарлар кезінде әуежайда және баратын жерлерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ілінеді. Президенттің автомашинасына және резиденциясына Президенттің байрағы орнатылады.
109. Президенттің жұмыс бабындағы сапарының бағдарламасын дайындау және қамтамасыз ету үшін ол жерлерге алдын ала Президенттің Протокол қызметінің, Президенттің Баспасөз қызметінің қызметкерлері, баратын өңірге жетекшілік ететін Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Президенттің Іс басқармасының және Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері барады.
110. Президенттің ел ішіндегі жұмыс бабындағы сапары кезінде әуежайда шығарып салатын (қарсы алатын) лауазымды адамдардың тізбесін Президент Әкімшілігі айқындайды.
11-тарау. Шет мемлекеттердің үкімет басшыларының ресми сапары
111. Шет мемлекеттердің үкімет басшылары (бұдан әрі - шетелдік үкімет басшысы) қатысатын протоколдық іс-шаралар елдердің мемлекеттік басқару нысаны ескеріле отырып өткізіледі.
Басқару нысаны парламенттік шетелдік үкімет басшысы келген жағдайда оны қабылдау шет мемлекеттің басшысын қабылдау протоколына сәйкес жүзеге асырылады.
112. Әуежайда екі елдің мемлекеттік тулары ілінеді. Ұшу алаңында құрмет қарауылы сап түзейді.
113. Ұшақ басқышы алдында шетелдік үкімет басшысын бекітілген лауазымды адам (орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасарына теңестірілген деңгейдегі, ал екіжақты үкіметаралық комиссия болған жағдайда тиісті үкіметаралық комиссияның өкілі), Сыртқы істер министрлігінің өкілі, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі (келісу бойынша) және әкімнің орынбасары қарсы алады (шығарып салады).
Мейман зайыбымен (жұбайымен) келген жағдайда оны зайыбына (жұбайына) бекітілген лауазымды адам (тиісті жыныстағы) қарсы алады (шығарып салады) және бірге жүреді.
Ұшақ басқышы алдында қазақтың ұлттық киімін киген бойжеткен мен (немесе) бозбала мейманға гүл ұсынады (егер мейман зайыбымен (жұбайымен) бірге келсе, мейманға және зайыбына (жұбайына) гүл ұсынады).
114. Өзара сәлемдескеннен кейін шетелдік үкімет басшысы бекітілген лауазымды адаммен және (немесе) Сыртқы істер министрлігінің өкілімен бірге құрмет қарауылы бойлай сап түзеп тұрған ұзын кілемшенің үстімен жүріп, қысқаша әңгімелесу үшін әуежай ғимаратының VІР-бөлмесіне өтеді (әңгімелесу уақытында шай, сусындар беріледі).
Ресми делегация мүшелері, еріп жүретін адамдар, мейман елінің баспасөз және күзет өкілдері жайғасу схемасына сәйкес автомашиналардан орын алады.
115. Мейман бекітілген лауазымды адаммен және (немесе) Сыртқы істер министрлігінің өкілімен қысқаша әңгімелескеннен кейін автомашинаға өтіп, отырады. Мейманның автомобиліне мейман елінің мемлекеттік туы орнатылады.
116. Ішкі істер органдарының экипаждары еріп жүретін кортеж қалаға бет алады. Мейманның әуежайдан жүретін жолының бойына екі елдің мемлекеттік тулары ілінеді.
117. Мейман қонақүйінің (резиденциясының) үстінде оның елінің мемлекеттік туы тігіледі.
118. Шетелдік үкімет басшысының ресми сапарының бағдарламасы шеңберінде:
1) Президентпен келіссөздер (тараптардың келісуі бойынша);
2) Премьер-Министрмен келіссөздер;
3) екіжақты құжаттарға қол қою (қажет болған кезде);
4) баспасөз конференциясы немесе баспасөзге мәлімдеме жасау;
5) ресми қабылдау;
6) Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарымен кездесу;
7) гүл себетін (гүл шоғын, гүлдесте) қою (тараптардың келісуі бойынша);
8) ел аралау сапары (тараптардың келісуі бойынша).
Сапарда мейманмен бекітілген лауазымды адам және (немесе) Сыртқы істер министрлігінің өкілі, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі (келісу бойынша) бірге жүреді;
9) тараптардың келісуі бойынша басқа да іс-шаралар өткізіледі.
119. Қазақстан тарапынан келіссөздерге қатысушылар құрамын Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты (бұдан әрі - Үкімет Аппараты) бекітеді.
120. Мейман зайыбымен (жұбайымен) келген жағдайда ол үшін болудың жеке бағдарламасы көзделеді.
12-тарау. Шетелдік үкімет басшыларының жұмыс бабындағы сапары
121. Шетелдік үкімет басшыларының жұмыс бабындағы сапары бағдарламасында:
1) Премьер-Министрмен келіссөздер жүргізу;
2) бірлескен құжаттарға қол қою (қажет болған кезде);
3) баспасөз конференциясы немесе баспасөзге мәлімдеме жасау;
4) жұмыс бабындағы қабылдау көзделеді.
122. Әуежайда шетелдік үкімет басшысын бекітілген лауазымды адам (екіжақты үкіметаралық комиссия болған жағдайда тиісті үкіметаралық комиссияның өкілі), Сыртқы істер министрлігінің өкілі және Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі (келісу бойынша) қарсы алады (шығарып салады).
13-тарау. Шетелдік үкімет басшыларының жол-жөнекей сапары
123. Тараптардың келісуі бойынша шетелдік үкімет басшыларының жол-жөнекей сапары шеңберінде Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарымен кездесулер мен келіссөздер ұйымдастырылады.
Басқа елдерге барар жолда ұшағы Қазақстан Республикасының әуежайларына қонған кезде шетелдік үкімет басшысын Қазақстан Республикасының лауазымды адамы қарсы алады.
Мейман елінің мемлекеттік туы ілінбейді, құрмет қарауылы сап түземейді.
124. Тараптардың келісуі бойынша мейманның құрметіне жұмыс бабындағы қабылдау ұйымдастырылады.
14-тарау. Шетелдік үкімет басшыларын қабылдау тәртібі
125. Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы шетелдік үкімет басшысы сапарының мерзімін келіседі.
Мейман демалыс және (немесе) мереке күндері, таңертең ерте немесе тым кешкі уақытта келген жағдайда Қазақстан тарапынан қарсы алатын лауазымды адамдардың деңгейі төмендетілуі мүмкін.
126. Сапарды дайындау жөніндегі жұмыс тобы халықаралық практикаға сәйкес Қазақстан Республикасына алдын ала келеді. Жұмыс тобының жүріп-тұруы бойынша барлық шығыстарды жіберуші тарап төлейді.
127. Сыртқы істер министрлігі және мейман елінің тиісті инстанциялары сапардың бағдарламасын жасайды, делегацияның қауіпсіздігіне, орналасуына, көлікпен қамтамасыз етілуіне, тамақтануына және жүріп-тұру шығыстарын төлеуге байланысты мәселелерді пысықтайды.
Сапар бойынша ақпарат (сапар бағдарламасының жобасы, делегациялардың құрамы, келіссөздерге, қабылдауға қатысушылардың тізімдері, қол қойылатын бірлескен құжаттардың тізімі) Үкімет Аппаратына жолданады.
128. Ресми сапар кезінде ресми делегацияның жеті адамға дейінгі, ал жұмыс бабындағы сапар және жол-жөнекей сапар кезінде бес адамға дейінгі мүшесі Қазақстан тарапы есебінен қабылданады. Әрбір нақты жағдайда өзара сыйластық қағидаты ескеріледі.
129. Сапарды дайындау барысында Үкімет Аппараты «Үкімет үйі» ғимаратында қарсы алу рәсімін, келіссөздерді, бірлескен құжаттарға қол қою рәсімін, Премьер-Министрдің атынан қабылдау өткізу бойынша протоколдық-ұйымдастыру мәселелеріне жауапты болып табылады.
130. Мемлекеттік протокол қызметі әуежайда қарсы алу (шығарып салу), гүл себетін (гүл шоғын, гүлдесте) қою рәсімінің протоколдық-ұйымдастыру мәселелеріне және мәдени бағдарламаны қамтамасыз етуге, сондай-ақ мейман зайыбының (жұбайының) болу бағдарламасын дайындауға жауапты болып табылады.
131. Күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалпы үйлестіруді Мемлекеттік күзет қызметі жүзеге асырады.
132. Шетелдік үкімет басшыларының ресми және жұмыс бабындағы сапарларын дайындау мен өткізу бойынша өзара іс-қимылды үйлестіру және ұйымдастыру Мемлекеттік протокол қызметіне және Үкімет Аппаратына жүктеледі.
15-тарау. Премьер-Министрдің шетелге және ел ішіндегі сапарларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету
1-параграф. Шетелге сапар
133. Сыртқы істер министрлігі Премьер-Министрдің шетелге сапарының мерзімін келіседі.
134. Премьер-Министрдің шетелге сапарын ұйымдастыру үшін шет мемлекетке Үкімет Аппаратының, Сыртқы істер министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдерінен құрылған жұмыс тобы жіберіледі.
Мемлекеттік күзет қызметі болжанатын шығу күніне дейін кемінде он жұмыс күні бұрын Үкімет Аппаратына өз өкілдерін жұмыс тобының құрамына енгізу жөнінде ұсыныстар жібереді.
Жұмыс тобының түпкілікті құрамын Үкімет Аппараты айқындайды және сапарды одан әрі пысықтау үшін Сыртқы істер министрлігіне жібереді.
135. Премьер-Министр шет мемлекетке (шет мемлекеттен) кеткен (келген) кезде әуежайда шығарып салатын (қарсы алатын) лауазымды адамдардың тізбесін Үкімет Аппараты айқындайды.
2-параграф. Ел ішіндегі сапар
136. Премьер-Министрдің ел ішіндегі жұмыс бабындағы сапарының бағдарламасын Үкімет Аппараты айқындайды.
137. Ұйымдастыру мәселелерін шешу және Премьер-Министрдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Үкімет Аппаратының және Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдерінен құрылған жұмыс тобы өңірлерге алдын ала барады.
138. Премьер-Министрдің ел ішіндегі жұмыс бабындағы сапарлары кезінде әуежайда шығарып салатын (қарсы алатын) лауазымды адамдардың тізбесін Үкімет Аппараты айқындайды.
16-тарау. Шет мемлекеттердің орталық өкілді органдары басшыларының, мемлекеттік кеңесшілерінің, үкімет басшылары орынбасарларының, сыртқы саясат ведомстволары басшыларының Қазақстан Республикасына сапары
1-параграф. Шет мемлекеттердің орталық өкілді органдары басшыларының сапары
139. Шет мемлекеттердің орталық өкілді органдары басшыларының (бұдан әрі - шетелдік парламент басшысы) сапары Қазақстан Республикасы Парламентінің (оның Палаталарының) шақыруы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағалары бекітетін бағдарламаның негізінде жүзеге асырылады.
Шетелдік парламент басшысы сапарының бағдарламасында тараптардың келісуі бойынша кездесулер мен келіссөздер, баспасөз конференциясы, қабылдау және басқа да іс-шаралар көзделеді.
140. Әуежайда қарсы алу (шығарып салу) кезінде екі елдің мемлекеттік тулары ілінеді.
141. Қарсы алуға (шығарып салуға) Қазақстан Республикасы Парламентінің Палатасы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палатасының халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы және Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі (келісу бойынша) қатысады.
Қонақүйдің (резиденцияның) үстіне мейман елінің мемлекеттік туы тігіледі.
142. Мейман зайыбымен (жұбайымен) келген жағдайда ол үшін болудың жеке бағдарламасы көзделеді.
143. Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палатасының ұсынысы бойынша мейманның қауіпсіздігін Мемлекеттік күзет қызметі қамтамасыз етуі мүмкін.
2-параграф. Шет мемлекеттердің мемлекеттік кеңесшілерінің сапары
144. Мемлекеттік кеңесшілер қатысатын протоколдық іс-шаралар шет мемлекеттің мемлекеттік құрылысындағы мемлекеттік кеңесшінің мәртебесіне байланысты өткізіледі.
145. Мемлекеттік кеңесшінің шақыруы бойынша келетін шет мемлекеттердің мемлекеттік кеңесшілерінің сапары Мемлекеттік кеңесшінің хатшылығы бекіткен бағдарлама негізінде жүзеге асырылады.
146. Бағдарламада тараптардың келісуі бойынша кездесулер мен келіссөздер, қабылдау және басқа да іс-шаралар көзделеді.
147. Сапардың іс-шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының құрамын Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша Мемлекеттік кеңесшінің хатшылығы айқындайды.
148. Делегацияны қабылдау және оған қызмет көрсету деңгейі екіжақты қатынастар деңгейімен, сондай-ақ өзара сыйластық қағидаты ескеріле отырып айқындалады.
3-параграф. Шетелдік үкімет басшылары орынбасарларының сапары
149. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шақыруы бойынша келетін шетелдік үкімет басшылары орынбасарларының сапары Үкімет Аппараты бекіткен бағдарлама негізінде жүзеге асырылады.
150. Бағдарламада тараптардың келісуі бойынша кездесулер мен келіссөздер, баспасөз конференциясы немесе баспасөзге мәлімдеме жасау, қабылдау және басқа да іс-шаралар көзделеді.
151. Сапардың іс-шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының құрамын Үкімет Аппараты айқындайды.
152. Делегацияны қабылдау және оған қызмет көрсету деңгейі екіжақты қатынастар деңгейімен, сондай-ақ өзара сыйластық қағидаты ескеріле отырып айқындалады.
Үкімет Аппаратының ұсынысы бойынша шетелдік үкімет басшылары орынбасарларының жүріп-тұру қауіпсіздігін Мемлекеттік күзет қызметі қамтамасыз етуі мүмкін.
153. Қарсы алуға (шығарып салуға) Үкімет Аппаратымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының лауазымды адамдары қатысады.
4-параграф. Шет мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволары басшыларының сапары
154. Шет мемлекеттің сыртқы саясат ведомствосы басшысының ресми сапары кезінде мейманды әуежайда Сыртқы істер министрлігінің құрылымдық бөлімшесінің басшысы, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі (келісу бойынша) және Мемлекеттік протокол қызметінің қызметкері қарсы алады (шығарып салады).
Әуежайда екі елдің мемлекеттік тулары ілінеді.
Автомобильге мейман елінің мемлекеттік туы орнатылады.
155. Егер мейман зайыбымен (жұбайымен) бірге келсе, ол үшін жеке бағдарлама көзделеді.
156. Жұмыс бабындағы сапарлар, жол-жөнекей сапарлар кезінде мейманды әуежайда Сыртқы істер министрлігінің өкілі және Мемлекеттік протокол қызметінің қызметкері қарсы алады (шығарып салады).
157. Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша шет мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволары басшыларының жүріп-тұру қауіпсіздігін Мемлекеттік күзет қызметі қамтамасыз етуі мүмкін.
158. Қазақстан Республикасында болған кезеңде шет мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволары басшыларына жүретін бағыттары бойынша ілесіп жүруді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі қамтамасыз етеді.
159. Шет мемлекеттің сыртқы саясат ведомствосы басшысының ресми сапарының бағдарламасында Президентпен, Премьер-Министрмен, Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталарының төрағаларымен және басқа да лауазымды адамдарымен кездесу көзделеді.
160. Шет мемлекеттің сыртқы саясат ведомствосы басшысының ресми және жұмыс бабындағы сапарларының бағдарламасында тараптардың келісуі бойынша кездесулер мен келіссөздер, баспасөз конференциясы немесе баспасөзге мәлімдеме жасау, қабылдау және басқа да іс-шаралар көзделеді.
161. Сапардың іс-шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының құрамын Сыртқы істер министрлігі айқындайды.
162. Шет мемлекеттің сыртқы саясат ведомствосы басшысының ресми сапары кезінде сапар бағдарламасында ел аралау сапары көзделеді (тараптардың келісуі бойынша). Сапарда шет мемлекеттің сыртқы саясат ведомствосының басшысымен Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері бірге жүреді.
Жергілікті атқарушы органдар Сыртқы істер министрлігіне жәрдемдесуді қамтамасыз етеді.
17-тарау. Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталары төрағаларының, Мемлекеттік кеңесшінің, Сыртқы істер министрінің шетелге және ел ішіндегі сапарларын қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық мәселелері
163. Шетелге және ел аралауға бара жатқан Қазақстан Республикасының Парламенті Палатасының Төрағасын әуежайда Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палатасы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палатасының халықаралық істер комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палатасы аппаратының басшысы шығарып салады (қарсы алады).
Жергілікті жерлерде Қазақстан Республикасының Парламенті Палатасының Төрағасын әкім қарсы алады (шығарып салады).
Қазақстан Республикасы Парламенті Палатасы Төрағасының шетелге сапарының бағдарламасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жасалады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағалары қатысатын іс-шараларды, оның ішінде шет мемлекеттердің өкілдерімен кездесулер мен келіссөздерді Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палатасының аппараты белгіленген тәртіппен жоспарлайды, келіседі және қамтамасыз етеді.
164. Мемлекеттік кеңесшінің шетелге сапарының бағдарламасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жасалады.
Мемлекеттік кеңесші қатысатын іс-шараларды, оның ішінде шет мемлекеттердің өкілдерімен кездесулер мен келіссөздерді Мемлекеттік кеңесшінің хатшылығы белгіленген тәртіппен жоспарлайды, келіседі және қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік кеңесшінің ел ішіндегі жұмыс бабындағы сапарлары кезінде әуежайда шығарып салатын (қарсы алатын) лауазымды адамдардың тізбесін Мемлекеттік кеңесшінің хатшылығы айқындайды.
165. Сыртқы істер министрінің шетелге сапарының бағдарламасын Мемлекеттік протокол қызметі жасайды.
Сыртқы істер министрі шет мемлекетке (шет мемлекеттен) кеткен (келген) кезде әуежайда шығарып салатын (қарсы алатын) лауазымды адамдардың тізбесін Мемлекеттік протокол қызметі айқындайды.