77. Әскери жиындарға тапшы мамандықтар бойынша даярлау және әскери білімдерін жетілдіру үшін денсаулық жағдайы және тиісті әскер тектерінде (қызметтерінде) белгілі бір лауазымдарда қызметке жарамды әскери міндеттілер жіберіледі, сол үшін жиынға жөнелту алдында олар міндетті түрде аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) және облыстық (республикалық маңызы бар қала мен астананың) шақыру комиссияларының медициналық комиссияларымен медициналық куәландырудан өтеді.
Тіркелген құрамды жиындарға жіберу кезінде медициналық куәландыруға тек денсаулық жағдайына шағым білдірген, сондай-ақ Әуе десанттық әскерлер, авиацияның ұшу-көтеру лауазымдарындағы және сүңгуірлер бөлімдерінің тіркелген құрамының жиындарына жіберілетін әскери міндеттілер тартылады.
Ұшу-көтерілу құрамы дәрігерлік-ұшу комиссияларында медициналық тексеруге жатады.
Медициналық тексеру нәтижелері тиісті әскери-дәрігерлік комиссиялардың анықтамалары салынатын запастағы офицерлердің жеке істерінде көрсетіледі. Запастағы сержанттар мен солдаттардың ілеспе атаулы тізімдеріндегі «Ескерту» бағанында арнаулы белгілер жасалады.
78. Рұқсат талап етілетін режимдік және басқа да бөлімдерге, мекемелер мен әскери оқу орындарына әскери жиындарға жіберуге жататын әскери міндеттілердің кандидатуралары Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісіледі.
Келісу туралы деректер әскери міндеттілердің әскери билеттеріне, жеке істері мен басқа да әскери-есептік құжаттарына белгіленген тәртіппен енгізіледі, олар әскери жиындарға шақырылғандарды аса маңызды, өте құпия және құпия жұмыстарға, техникаға және құжаттарға рұқсат ету үшін негіз болып табылады.
Егер әскери міндеттінің әскери билетінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсаты (келісімі) туралы тиісті белгісі болса және оның әрекет ету мерзімі бітпеген болса, жиынды режимдік бөлімдерде өткеру құқығына құжаттарды қайта ресімдеу жүргізілмейді.
Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсаты (келісімі) жоқ әскери міндеттілер рұқсат талап етілетін режимдік және басқа да бөлімдерге, мекемелер мен әскери оқу орындарына әскери жиындарға жіберілмейді.
79. Әскери міндеттілерді тапшы мамандықтар даярлау жөніндегі әскери жиындарға шақыру үшін іріктелген кандидаттарды, сондай-ақ тіркелген құрамның жиындарына шақыру үшін іріктелген запастағы офицерлерді хабардар ету есептік деректерді тексеру және медициналық куәландырудан өткізу кейіннен жөнелту үшін келу мерзімі мен жиын ұзақтығы көрсетілген белгіленген үлгідегі шақыру қағаздарын тапсыру үшін алдын ала жүргізіледі. Кәсіпорын басшысына жіберілген хабарламада әскери міндеттілердің әскери жиындарда болу мерзімі жиында болу уақыты мен әскери бөлімге дейінгі жолына және жиыннан қайтуға жұмсалатын уақытты ескере отырып көрсетіледі.
Запастағы сержанттар мен солдаттарды тіркелген құрамның әскери жиындарына шақыру туралы хабардар ету жұмылдыру жоспарында көзделген мерзімде және тәртіппен жүргізіледі.
80. Әскери міндеттілерді әскери жиындарға жіберуді жергілікті әскери басқару органдары алынған нарядтарға сәйкес ұйымдастырады және жүзеге асырады.
Жұмылдыру жоспарларының жекелеген іс-шараларын тексеру мақсатында әскери міндеттілерді тіркелген құрамның әскери жиындарына шақыру және жөнелту жұмылдыру жоспарлары есебіне сәйкес жасалған, арнайы әзірленген құжаттар бойынша жұмылдыру терминдерін көрсетпей жүргізіледі. Запастағы сержанттар мен солдаттар осы жиындарға көрсетілген есептерде көзделген мерзімде және тәртіппен, ал запастағы офицерлер, егер олар алдын ала шақырылса - таңдау тәртібімен жөнелтіледі.
Тапшы мамандықтар бойынша жетілдіру және даярлау үшін әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер бөлімдерге олардың жиындар өткізілетін жерге сабақтар басталуынан бір күн бұрын жетуі есебімен жөнелтіледі.
Осы әскери міндеттілерді жиындарға және кері тасымалдау темір жол немесе автомобиль көлігімен ал олар болмаған жекелеген учаскелерде - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі есебінен әуе көліктерімен жүргізілуі тиіс.
Саны 90 адамға дейінгі әскери міндеттілердің командалары темір жол көлігімен жол жүрген жағдайда жолаушы пойыздарымен тасымалданады, ал саны 90 адамнан жоғары болса, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің нұсқауымен әскери эшелондармен тасымалдануы мүмкін. Эшелон бастығы болып тек офицер тағайындалады.
90 адамнан кем командаларды жөнелту кезінде команда жетекшісі әскери жиынға жол жүретін әскери міндеттілер қатарынан тағайындалады, жекелеген жағдайларда команда жетекшісі болып қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының шешімі бойынша жергілікті әскери басқару органының офицері тағайындалуы мүмкін.
81. Тапшы мамандықтар даярлау бойынша әскери жиындарды өткеру үшін шақырылған әскери міндеттілерге арнап жергілікті әскери басқару органдары бөлім командирлеріне мынадай құжаттар жібереді:
1) запастағы офицерлерге - атаулы тізім және жеке істер;
2) запастағы сержанттар мен солдаттарға - атаулы тізім;
3) ұшу құрамына - атаулы тізім, жеке істер, ұшу және медициналық кітапшалар.
Атаулы тізімдер, ұшу және медициналық кітапшалар мөр басылған түрде команда жетекшісіне қол қойғызып табыс етіледі. Ұшу кітапшалары жоқ адамдар ұшу құрамын даярлау жөніндегі әскери жиындарға шақырылмайды.
82. Әскери жиындарға жіберуге жататын запастағы офицерлердің жеке істері құпия поштамен жіберіледі, ал режимдік бөлімдерге және мекемелерге атаулы тізімдер, ұшу және медициналық кітапшалар оларды бөлімдерде жиын басталардан екі күн бұрын алуын ескере отырып құпия поштамен жіберіледі.
83. Айрықша режимдік бөлімдерге жиындарға жалқы тәртіппен немесе команда құрамында жіберілетін әскери міндеттілерге ұйғарым режимдік бөлімдер мен мекемелер үшін белгіленген тәртіппен беріледі. Команда жетекшісіне берілген атаулы тізімдерде команда құрамында бара жатқан әскери міндеттілердің тек тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі.
84. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының бөлімдері мен мекемелеріне оқу-жаттығу жиындарына әскери міндеттілерді шақыру олардың қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге жиындардың басталуынан бір ай бұрын жіберетін дербес тізімдер (сандық өтінімдер) бойынша жүргізіледі.
85. Әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілердің жауынгерлік даярлығы әдістемелік нұсқауларға және жиынның бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі. Тіркелген құрамның және армия үшін тапшы мамандықтарды даярлау жөніндегі әскери жиындардағы барлық оқу уақыты жауынгерлік даярлық бағдарламаларына сәйкес әскери міндеттілердің әскери және арнаулы білімдерін арттыруға пайдаланылады. Техникаға қызмет көрсету жөніндегі жиындарда оқу уақытының 25 пайызы әскери міндеттілердің жауынгерлік даярлығына, қалғаны - техникаға қызмет көрсету және күтім жасау жұмыстарына бөлінеді.
86. Әскери жиындар өткізілетін әскери бөлімдердің командирлері запастағы офицерлердің, сержанттар мен солдаттардың жауынгерлік даярлығының ұйымдастырылуына және өткізілу сапасына, жиындардың уақтылы және толық материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне, оқу-жаттығу базаларын дайындауға, әскери міндеттілерді қабылдау мен жиындардан жөнелтуді ұйымдастыруға жауап береді. Құпия жұмыстарды жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасауға және құпия құжаттардың, техника мен қару-жарақтың сақталуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуы тиіс. Әскери міндеттілерге құпия құжаттарды, техника мен қару-жарақты сақтау және ұстау, жеке хат алмасуды жүргізу тәртібі мен мемлекеттік және әскери құпияны сақтауға дербес жауапкершілік, жеке блокноттарында құпия жазбалар, суреттер, есептер жасауды және әскери объектілер мен құпия техниканы фото-кино түсірулерге жол бермеу жөніндегі негізгі талаптар жеткізілуі тиіс.
87. Бөлімдердің командирлері әскери жиындар өткізуге тапсырмалар алған кезде:
1) алдын ала жиын бастығын тағайындайды және жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру мен өткізуден тәжірибелері мен білімдері бар даярланған офицерлер мен сержанттарды оларды осы уақытқа басқа міндеттерден босатып, бөледі;
2) жиын басталардан кемінде екі ай бұрын құрамалардың тиісті штабтарының бастықтарына әскери міндеттілердің әскери жиындарын толық қамтамасыз ету үшін қажетті жетіспейтін қару-жарақ, оқ-дәрі, техника және әскери мүлікке өтінімдер ұсынады;
3) жиын басталардан бір апта бұрын оқу бағдарламасына және сағаттар есебіне сәйкес әскери міндеттілермен сабақтардың кестесін жасайды және бекітеді;
4) жиын басталардан екі-үш күн бұрын әскери міндеттілерді оқытуға тағайындалған офицерлермен және сержанттармен нұсқаушылық-әдістемелік сабақтар жүргізіледі;
5) қару-жарақ, әскери техника, оқу және көрнекі құралдардың қажетті мөлшерін бөледі және оларды жиынға бекітеді;
6) әскери міндеттілерді орналастыру үшін үй-жайларды және жеткілікті мөлшерде киім-кешек пен аяқ киімді алдын ала дайындайды;
7) әскери жиынға келген әскери міндеттілердің жеке заттарын қабылдауды ұйымдастырады;
8) әскери жиындарға взвод және бөлімшелер командирлерінің бос лауазымдарында тағылымдамадан өту үшін шақырылған запастағы офицерлермен лауазымға тағайындалу алдында және тағылымдама барысында жүйелі түрде нұсқамалық-әдістемелік сабақтар жүргізеді.
88. Әскери міндеттілермен оқу процесі әскери жиындар өткізіліп жатқан, әскери бөлімдерді жарақталған жауынгерлік техниканы және қаруды пайдаланумен ұйымдастырылады.
89. Әскери жиындарда әскери міндеттілердің оқу-жаттығу сабақтарының ұзақтығы кадрлық құрамына бөлімдер мен олар жиын өткеріп жатқан әскери оқу орындарына арналған сияқты белгіленеді.
90. Жиындарға шақырылған барлық әскери міндеттілер казармалық жағдайда болады. Оларды бөлім орналасқан жерден босатуды рота командирлері (жиын бастықтары) Ішкі қызмет жарғысында белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Әскери және қоғамдық тәртіпті бұзу, қылмыс жасағаны, сондай-ақ мемлекетке тигізген материалдық зияны үшін әскери жиынға шақырылған әскери міндеттілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
91. Әскери міндеттілерді әр түрлі шаруашылық және құрылыс жұмыстарына және жиын өткеруге қатысы жоқ қызмет атқаруға тартуға жол берілмейді.
92. Тіркелген құрамның әскери жиындарын өткізу кезінде әскери бөлімдердің шынайы нөмірлерімен және атауларымен, өрістетілетін және жасақталатын бөлімдер үшін белгіленген соғыс уақытының дала поштасы нөмірімен, сондай-ақ жұмылдыру жоспарының түпнұсқа құжаттарымен пайдалануға қатаң тыйым салынады. Әскери жиындар кезеңінде ресми құжаттарда және хат алмасуда әскери бөлімдер тек бейбіт уақытта оларға берілген шартты атаулар бойынша аталады. Әскери жиындар кезінде бейбіт уақытта әрекет ететін әскери бөлімдердің шартты литерлік нөмірлері жасақталатын бөлімдерге беріледі.
93. Әскери жиындарға шақырылған және бұрын әскери ант қабылдамаған әскери міндеттілер 5 күн мерзімде әскери антқа келтіріледі, ол туралы әскери билеттерінде тиісті белгі жасалады.
94. Әскери жиындар аяқталған соң тапшы мамандықтар бойынша әскери міндеттілердің өткен бағдарламалық материалдарды меңгергендігін тексеру жүргізіледі және даярлық дәрежесі туралы қорытынды шығарылады. Емтихандар (сынақтар) қабылдау үшін әскери бөлімдердің, мекемелер мен әскери оқу орындарының даярланған және тәжірибелі офицерлері қатарынан арнайы комиссиялар құрылады.
95. Әскери бөлімдер командирлері мен штабтары әскери жиындар аяқталғаннан кейін:
1) запастағы офицерлерге, сондай-ақ офицерлік құрамға даярлықтан өткен запастағы сержанттар мен солдаттарға жиындардың оқу бағдарламасын меңгеру дәрежесі көрсетілген, әскери істі зерделеуге қатынасы мен танытқан моральдық қасиеттері, соғыс уақытында офицердің тағайындалуы мүмкін лауазымы, әскери-есептік мамандығы (егер офицер жаңа мамандық бойынша қайта даярлаудан өткен жағдайда) ол бойынша кезекті (бірінші) әскери атақ берілу мүмкіндігін ескеретін мінездемелер жасайды;
2) офицердің, сондай-ақ сержант пен солдаттың жеке ісінде және әскери билетінің тиісті бөлімінде жиындарды өткергендігі туралы әскери бөлім командирінің (штаб бастығының) қолымен және мөрімен расталған белгі қояды;
3) әскери жиындарды (тапшы мамандықтар немесе тіркелген құрам бойынша) табысты өткерген және онда жиын ұзақтығын, әскери-есептік мамандықтар нөмірін және алдағы уақытта ескерілуі қажет лауазымдық біліктілігін көрсете отырып, тиісті лауазымдар бойынша қажетті даярлық алған (жиындар мерзіміне қарамастан) запастағы сержанттар мен солдаттардың атаулы тізімдерін жасайды. Жиындарды өткергендігі туралы әскери билеттің тиісті тармағында әскери бөлім командирінің (штаб бастығының) қолымен және мөрімен расталған белгі қойылады;
4) жиындарда оқу бағдарламасын табысты аяқтаған және кезекті әскери атақтар беруге тұратын запастағы сержанттар мен солдаттарға әскери билетте тиісті жазба жүргізе отырып, әскери атақ береді және бұйрықтан көшірмені шақырылған жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына жібереді;
5) жиындарда пайдаланылған құпия материалдардың, техниканың, қару-жарақ пен жекелеген тораптардың, блоктардың, оларға бөлшектердің болуын тексереді;
6) әскери міндеттілерді бөлімнен салтанатты түрде шығарып салуды ұйымдастырады, ал жиындар бағдарламасын жақсы меңгерген адамдарды көтермелейді;
7) он күн мерзімде жергілікті әскери басқару органдарына әскери жиындардан өткен запастағы офицерлердің жеке істері мен мінездемелерін және запастағы сержанттар мен солдаттардың атаулы тізімдерін жібереді.
96. Әскери бөлімге дейін және кері жол жүрген уақытын қоса алғанда, жиындар кезеңінде шақырылған әскери міндеттілердің жұмыс орны және атқаратын лауазымы сақталады, республикалық бюджет есебінен орташа айлық жалақысы төленеді.
97. Әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді тамақтандыруды және тұрғылықты жерлерінен жиын өткеретін пунктке дейін, сондай-ақ жиындар аяқталғаннан кейін тұрғылықты жерлеріне тасымалдауды қамтамасыз ету тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен жүргізіледі:
жергілікті әскери басқару органдары - жиындарды өткізетін әскери бөлімдер орналасқан жерге дейін;
әскери бөлімдер (жиындар аяқталғаннан кейін) - әскери міндеттілердің тұрғылықты жерлеріне дейін.
98. Әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер жиындар уақытында мыналармен қамтамасыз етіледі:
жиындарды өткізетін әскери бөлімдердің жеке құрамы үшін белгіленген үлес нормалары бойынша азық-түлікпен;
әскери міндеттілердің тиісті санаттары үшін белгіленген нормалар бойынша заттай мүлікпен, әскери қызметшілермен бірдей ұйымдастырылатын медициналық қызмет көрсетумен.
99. Офицерлік құрамға даярлау үшін жиындарға шақырылатын запастағы сержанттар мен солдаттар запастағы сержанттар мен солдаттар үшін белгіленген нормалар бойынша үлестің барлық түрімен қамтамасыз етіледі.
100. Әскери міндеттілердің әскери жиындарын өткізу Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің түрлері мен тектерінің басқармалары, Қорғаныс министрлігі департаменттерінің, бас басқармалары мен басқармаларының бастықтары, өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары мен құрамалар командирлері жүзеге асыратын тұрақты бақылауда болуы тиіс.
101. Бақылаудың негізгі түрі тікелей осы жиындарды өткізетін әскери бөлімдерде әскери жиындардың ұйымдастырылуы мен барысын тексеру болып табылады.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қашан және кіммен, қандай мерзім ішінде, қандай әскери бөлімдерде тексеру жүргізілетінін айқындай отырып, тексеру жүргізуді жоспарлайды.
Жауынгерлік даярлықты тексеру және әскерлерді инспекциялау кезінде әскери міндеттілердің әскери жиындары міндетті түрде тексерілуі қажет.
5-тарау. Азаматтарды жұмылдыру бойынша және соғыс
уақытында әскери қызметке шақыру
102. Азаматтарды жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының негізінде және Заңда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
103. Қазақстан Республикасының запаста тұрған, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында және министрліктердің арнайы құралымдарында тіркелген азаматтарын соғыс уақытының штаттарында көзделген әскери лауазымдарда әскери қызмет өткеру немесе оларды әскери бөлімдер мен арнайы құралымдардың азаматтық персоналы лауазымдарында қызмет атқаруға жіберу үшін жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру деп мынадай іс-шаралар түсіндіріледі:
1) жалпы немесе ішінара жұмылдыруды жариялау;
2) азаматтарды жалпы немесе ішінара жұмылдыруды өткізу туралы хабардар ету;
3) азаматтардың жергілікті әскери басқару органдарының алдын ала жинау пункттеріне (жиын пункттеріне) немесе тікелей әскери бөлімдерге және арнайы құралымдарға келуі (жеткізілуі);
4) азаматтарды алдын ала жинау пункттерінен (жиын пункттерінен)жеткізу;
5) әскери бөлімдер мен арнайы құралымдар;
6) азаматтарды әскери қызметке шақыру (жұмысқа жіберу) фактісін құжаттамалық ресімдеу.
104. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру (жұмысқа жіберу) Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы, «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы, «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі заңдарының және мемлекет қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз ету саласындағы өзге де нормативтік құқықтық кесімдері негізінде жүзеге асырылады.
105. Облыстың (республикалық маңызы бар қала мен астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында жалпы немесе ішінара жұмылдыру жариялау туралы бұйрықтарды Қазақстан Республикасы Президентінің жалпы немесе ішінара жұмылдыру жариялау туралы Жарлығын орындау үшін және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тиісті бұйрығы негізінде жергілікті әскери басқару органдары шығарады.
106. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру (жұмысқа жіберу) әскери бөлімдер мен арнайы құралымдардың оларды соғыс уақытының ұйымдары мен құрылымына көшіруді көздейтін жұмылдыру жоспарларында белгіленген көлемде жүзеге асырылады.
107. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақыруға (жұмысқа жіберуге) жататын азаматтардың келу мерзімі мен орындары әскери бөлімдер мен арнайы құралымдардың жұмылдыру жоспарларында айқындалады және азаматтарға тапсырылатын жұмылдыру ұйғарымдарында және дербес шақыру қағаздарында көрсетіледі.
108. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақыруға (жұмысқа жіберуге) жататын, сондай-ақ шақырудан кейінге қалдырылған немесе шақыруға жатпайтын азаматтар санаты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
109. Азаматтарды әскери бөлімдерге тіркеуді (арнайы құралымдарға тағайындауды) тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы әскери бөлімдер мен арнайы құралымдардың командирлерімен өзара әрекет ете отырып, жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады.
Бейбіт уақытта әскери бөлімдерде және арнайы құралымдарда азаматтық персонал лауазымдарында жұмыс істейтін азаматтар осы әскери бөлімдерге бірінші кезекте тіркелуге (арнайы құралымдарға тағайындалуға) жатады.
110. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке жоспарлы шақыру (жұмысқа жіберу) туралы шешімді жергілікті әскери басқару органдары азаматтарға жұмылдыру ұйғарымдарын тапсыру және әскери билеттерінде ол туралы тиісті белгі қою жолымен алдын ала жеткізеді. Бұдан басқа, әскери бөлімдерге тіркелген (арнайы құралымдарға тағайындалған) барлық азаматтарға, сондай-ақ жергілікті әскери басқару органдарын күшейту аппараттарына тағайындалған азаматтарға тиісті жергілікті әскери басқару органдары дербес шақыру қағаздарын жазады. Жұмылдыру ұйғарымдарына, дербес шақыру қағаздарына жергілікті әскери басқару органдарының бастықтары қол қояды және елтаңбалы мөрмен расталады.
Жұмылдыру ұйғарымдары мен дербес шақыру қағаздары түрлерін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Штабтар бастықтары комитеті белгілейді.
111. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақыруды (жұмысқа жіберуді) жүзеге асыру үшін әрбір облыста (республикалық маңызы бар қалада және астанада), ауданда (облыстық маңызы бар қалада) жергілікті атқарушы органдардың шешімімен азаматтарды жұмылдыру жөніндегі шақыру комиссиялары құрылады.
112. Шақыру комиссияларының дербес құрамы және жұмыс тәртібі жергілікті атқарушы органдардың шешімімен бекітіледі. Жергілікті әскери басқару органының бастығы осы комиссиясының төрағасы болып тағайындалады.
Комиссия мүшелерінің бірінің болмай қалу жағдайына белгіленген тәртіппен оның резервтік құрамы бекітіледі.
113. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті әскери басқару органдары арқылы азаматтарды жалпы немесе ішінара жұмылдыру жүргізу туралы және олардың алдын ала жиын пунктіне келуінің қажеттілігін хабардар етуді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді. Хабардар етуге ұйымдардың лауазымды адамдары және жергілікті әскери басқару органдарының күшейту аппараттарына тағайындалған адамдары тартылады, бұл ретте техникалық байланыс құралдары мен хабаршылар қолданылады.
Ұйымдардың басшылары азаматтарды жұмыс орындары бойынша хабардар ету yшін хабардар ету штабтарын құрады.
Жалпы немесе ішінара жұмылдыру жүргізу туралы жергілікті әскери басқару органы бастығының бұйрығын тарату үшін радиохабарынтарату желілерін, телевиденияны, өзге де бұқаралық ақпарат құралдарын, соның ішінде электрондық құралдарды қолдану тәртібі бейбіт уақытта Қазақстан Республикасы жергілікті атқарушы органдарының шешімімен айқындалады.
Азаматтардың алдын ала жиын пункттеріне немесе тікелей әскери бөлімдерге, және арнайы құралымдарға келуі (жеткізілуі) жұмылдыру ұйғарымдары және дербес шақыру қағаздары негізінде жүзеге асырылады.
114. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған азаматтарды тасымалдау үшін, ең алдымен, қоғамдық жолаушылар көліктері, қала маңы поездары мен кемелері пайдаланылады. Белгіленген тәртіппен ұйымдардың автокөліктері және әскери бөлімдер мен арнайы құралымдарды жасақтау үшін азаматтардан алынған автокөліктер тартылады.
Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған (жұмысқа жіберілген) азаматтар әскери бөлімдерді және арнаулы құралымдарды толықтыратын кездесу пункттеріне немесе жиын пункттеріне жіберіледі.
Азаматтарды алдын ала жиын пункттерінен шығу кезінде алып жүру үшін және әскери бөлімдер мен арнайы құралымдарға тапсыру yшін әр командаға әскери қызметке шақыруға (жұмысқа жіберуге) жатпайтын запастағы офицер, сержант және старшина атақтары бар азаматтардан бастық тағайындалады.
Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған (жұмысқа жіберілген) азаматтарды әскери бөлімдерге немесе арнайы құралымдарға тапсыру әскери бөлімдердің немесе арнайы құралымдардың жеке құрамын қабылдау пункттерінде немесе тікелей алдын ала жиын пункттерінде өткізіледі.
115. Алдын ала жиын пункттері арқылы, әдетте, облыс аумағынан (республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан) тыс орналасқан әскери бөлімдерге тіркелген (арнайы құралымдарға тағайындалған) азаматтарды жөнелту жүзеге асырылады.
116. Тікелей әскери бөлімдерге немесе арнайы құралымдарға жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған (жұмысқа жіберілген) мына азаматтар жіберілуі мүмкін:
1) әскери бөлімдерде және арнайы құрамаларда соғыс уақытының ұйымдары мен құрылымына көшіру кезіндегі бірінші кезекті жұмыстарды орындауға тартылатындар;
2) бейбіт уақытта әскери бөлімдердің және арнайы құралымдардың азаматтық персонал штаттық лауазымдарында немесе жалдау бойынша (штаттық кестемен) жұмыс істейтіндер және оларға тіркелгендер.
117. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған (жұмысқа жіберілген) ауылды жерлерде тұратын азаматтардың жиындарын және олардың алдын ала жиын пункттеріне жеткізілуін поселкенің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері (бұдан әрі - әкімдер) жүргізеді. Көрсетілген азаматтарды алдын ала жиын пункттеріне тапсыру әкімдермен расталған атаулы тізімдер бойынша жүзеге асырылады. Атаулы тізімдермен бір мезгілде хабардар етілмеген азаматтардың хабардар етілмеу себептерінің көрсетілуімен дербес шақыру қағаздары ұсынылады. Атаулы тізім үлгісін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Штабтар бастықтары комитеті белгілейді.
118. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында азаматтарды әскери қызметке шақыруды және оларды жұмысқа жіберуді (оның ішінде ерікті түрде де) жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады.