балық шаруашылығын басқару жүйесін одан әрі жетілдіру;
саланы дамытудың нормативтік құқықтық базасын одан әрі жетілдіру;
тауарлық балық өсіруді (аквакультураны) ұйымдастыру және дамыту, бекіре өсіруді қоса алғанда және оны өсіру көлемін 2015 жылға дейін 10 мың тоннаға дейін жеткізу;
кәсіпшілік балық аулаудың тұрақты шикізат базасын қалыптастыру мен саланың қазіргі заманғы өндіруші және өңдеуші базаларын құру;
ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді жетілдіру мен саланы мамандармен және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету міндеттерін шешуді қарастырады.
4. Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі шаралар мен кезеңдер
Негізгі мақсатқа қол жеткізу және жоғарыда келтірілген міндеттерді іске асыру мақсатында тиісті салалық бағдарлама мен оларды іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары аясында негізгі бағыттар бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет:
заңнамалық базаны жетілдіру, соның ішінде балық және басқа да су биологиялық ресурстарын қорғау, өсімін молайту және пайдалану заңнамасына, балық шаруашылығы, әкімшілік, су заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
балық шаруашылығын маркетингтік зерттеулер;
балық өндіруші, балық өңдеуші кәсіпорындарға, балық өсіру, соның ішінде тауарлық балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында оларды ауыл шаруашылық өндірушілеріне теңестіру;
балық шаруашылығы мамандарын даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс аясында саланы кадрлармен қамтамасыз ету (еліміздің жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік гранттар мен кредиттерді арттыру, арнайы орта оқу орындарында мамандарды даярлау);
бас тоғандардағы арнайы балық қорғау құрылыстарына талаптар мен нормаларды әзірлеу. Стратегиялық маңызы бар, соның ішінде ауыл шаруашылық маңызы бар объектілерді (СЭС, CPЭC) және ірі бас тоғандарды қазіргі заманғы арнайы балық қорғау құрылыстарымен жарақтандыру;
балық және балық өнімдерін заңсыз аулаумен және контрабандамен күрес бойынша шараларды күшейту;
балық шаруашылығының балық өндіру мен балық өңдеу салаларын, тауарлық балық өсіруді мемлекеттік реттеу және қолдау көрсету;
күрделі өңдеуден өткізілген қосымша құны жоғары балық өнімдерінің экспортын ынталандыру;
балық өндіруші флотты арттыру. Кеме жасауды, аулау құралдарын және басқа да балық шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуды ынталандыру және мемлекеттік қолдау көрсету;
балық және басқа да су биологиялық ресурстарының өсімін молайту үшін жағдайлар жасау;
тағамдық және шаруашылық жағынан неғұрлым құнды балық түрлерімен алмастыру мақсатында құндылығы аз балықтарды аулауға ынталандыру. Соңғы уақыттағы сұранысқа байланысты жалпы аулаудың 10-14%-нан аспайтын көксеркенің санын реттеу бойынша шараларды қабылдау;
тауарлық балық өсіруді, балық өңдеуді дамыту;
«қазақстандық брэнд» құру. Бекіре балық түрлерінің уылдырығын сатып алу, өңдеу және сатуға мемлекеттік монополия енгізу мәселесін қарастыру;
молықтыру маңызы бар кәсіпорындарды бәсекелес ортаға беру;
саланы ғылыми қамтамасыз етуді күшейту. Балық шаруашылығы ғылымының мамандарын, соның ішінде шетелде, даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру. Ихтиология және балық өсіру бойынша оқу құралдарын әзірлеу.
Тұжырымдаманы іске асыру мақсатында балық шаруашылығы, балық және басқа да су биологиялық ресурстарын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы салалық (секторалдық) бағдарлама әзірленеді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі, онда негізгі мақсаттар мен міндеттер, сондай-ақ оларды іске асыру бойынша нақты шаралар мен оларды іске асыру тетіктері анықталады.
Бірінші кезең (2007 - 2009 жылдар)
Аталған кезең мынадай шараларды қамтитын 2007 - 2009 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында іске асырылуы тиіс:
өңдеуші базаны, Каспий теңізіндегі майшабақтардың, шабақтардың және теңіз итбалығының теңіз кәсіпшілігін, тауарлық балық өсіруді және бекіре өсіруді дамытудың шараларын әзірлеу және мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жасау;
Арал-Сырдария өңірінде балық шаруашылығын дамыту жөнінде ұсыныстар жасау;
балық шаруашылығы су тоғандарында, бас тоған құрылыстарында ихтиологиялық мониторинг және бақылаулар жүргізудегі және оларды қазіргі заманғы зертханалық және басқа құрал-жабдықтармен, техникамен және жүзу құралдарымен қамтамасыз етудегі уәкілетті органның аумақтық органдарының ихтиологиялық қызметтерінің рөлін арттыру. Балық шаруашылығының бассейндік және облыстық басқармаларында ихтиологиялық зертханалар құру;
табиғи су тоғандарын көл-тауарлы және басқа да бейімделген шаруашылықтардың қатарына ауыстыру және оларды пайдалану режимінің тәртібін бекіту, сондай-ақ тауарлық балық өсіруді (судағы торлы балық шарбағы, тоған, бассейндік, жабық жүйедегі және басқаларды) құру және дамыту бойынша нормативтік құқықтық базаны әзірлеу;
жыл сайын бекірелердің шабақтарын өсіру көлемін 12-15 миллион данаға жеткізу және оларды сағалық кеңістікке жіберу арқылы Атырау облысының бекіре зауыттарын қайта жаңарту және жетілдіру;
уылдырық шашу-өсіру шаруашылықтары және балық питомниктері негізінде балық отырғызу материалын қолдан өсіруге бағдарланған инфрақұрылымы бар молықтыру кешенін құру және қызметі мен өндіретін өнім түрлері мемлекеттің стратегиялық мүддесіне жауап бермейтін кейбір кәсіпорындарды бәсекелес ортаға беру;
балық шаруашылығының мамандарын мақсатты даярлауға арналған гранттарды бөлу және одан әрі арттыру жолымен мамандарды (ихтиологтарды, балық өнімдерінің технологтары, кәсіпшілік балық аулау инженерлері, мемлекеттік балық инспекторлары, ихтиопатологтар, гидробиологтар, балық өсірушілерді) даярлау және қайта даярлау жүйесін жетілдіру;
туризмдік, спорттық, соның ішінде "ұстап алу-жіберу" қағидаты бойынша және әуесқойлық балық аулауды, тауарлық балық өсіруді және балық өнімдерін өндіруді дамыту саласындағы қарым-қатынастарды реттеу бойынша қолданыстағы заңнамаға толықтырулар енгізу;
балық және басқа қоректік организмдерді қолдан өсіру бойынша балық жемдерін өндіру, көл-тауарлы, тоған, балық ұстайтын және басқа да бейімделген шаруашылықтарды ұйымдастыру және пайдалану бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған салық салу жеңілдіктерін беру тетіктерін әзірлеу және заңды түрде бекіту;
Каспий теңізі және басқа трансшекаралық су тоғандарының биологиялық ресурстарын бірлесіп игеру және қорғау жөніндегі мемлекетаралық келісімді әзірлеу және келісу, бекіре балықтарының түрлерін және олардың мекен ету ортасын қорғау жөніндегі халықаралық инспекция құру бойынша мәселені пысықтау;
республиканың негізгі балық шаруашылығы өзендерінде мелиоративтік жұмыстар жүргізу;
Қазақ өндірістік-жерсіндіру станциясының базасы негізінде құрылған балық шаруашылығының селекциялық-генетикалық орталығында сирек кездесетін және жойылып бара жатқан балық түрлерін сақтау мен өсімін молайту биотехнологияларын әзірлеу.
Екінші кезең (2010 жылдан бастап 2012 жылдарға дейін)
Бұл кезеңде су тоғандарының тұрақты кәсіпшілік базасын құру, кәсіпкерлердің балық шаруашылығын жүргізу бойынша рөлін арттыру және шығарылатын өнімнің, Еуропалық Одақ стандарттарына сай келетін балық өнімдері экспортының сапасын жақсарту, тауарлық балық өсіру шаруашылықтарын тиімді басқару, аквакультураны дамыту, балық кластерлерін, тауарлы бекіре өсіруді құру, балық шаруашылығы су тоғандарын қорғау және өсімін молайту жүйесін жетілдіру көзделеді.
2010 мен 2012 жылдар аралығындағы кезеңге арналған даму бағдарламасы мынадай шараларды қабылдауды талап етеді:
балық шаруашылығы саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру;
балық шаруашылығы кешенінің тұрақты жағалық инфрақұрылымын құру;
балық өнімдерін биржалық, опциондық және фьючерстік саудалауды дамытудың тетіктерін әзірлеу және іске асыру;
жылына 12-15 миллион дана бекіре шабақтарын шығарумен айналысатын Атырау және Орал-Атырау бекіре өсіру зауыттарын толық өндірістік қуатқа шығару;
Қазақстанның әр түрлі өңірлерінде тауарлық бекіре шаруашылықтарын құру және оларды бекіре шабақтарымен қамтамасыз ету. Бекірелердің аналық-жөндеу бастарын қалыптастыру;
молықтыру кешенін балық өсірудегі түбегейлі жаңа бағыттармен қамтамасыз ету;
балық шаруашылығы үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін мамандарды даярлау және қайта даярлау жүйесін жетілдіру;
Каспий теңізінің бөгде қоныстанушыларымен күрес бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру. Олармен күрес бойынша бірлескен мемлекетаралық зерттеулерге қатысу;
қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға арналған шығындарды өтеуге субсидиялар бөлу және пайдалануға берілген мезеттен бастап алғашқы үш жылда салық салуға жеңілдіктер беру;
"Балық және балық өнімдері" халықаралық көрмелерін, балықтарды қорғау, өсімін молайту, өндіру, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды және аквакультураны дамыту мәселелері бойынша семинарлар өткізу;
су қоймаларын пайдалану режимін қамтамасыз ету және балық шаруашылығы талаптарына жауап беретін суды шығындаудың заңнамалық тәртібін белгілеу;
жойылып кету қаупі төнген және республиканың Қызыл кітабына тіркелген құнды балық түрлерінің өсімін жасанды молайту бойынша кешенді іс-шараларды әзірлеу. Селекциялық-генетикалық орталықтар құру және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін аналық балық үйірлерін ұстауға жағдайлар жасау арқылы құнды балық түрлері коллекциясының тектік қорын қалыптастыру;
су тоғандарын (учаскелерін) пайдаланушылардың Салина артемиясын, шаяндарды және басқа да гидробионттарды өндіру, өсіру мен пайдалану және оларды экспорттау тәртібін анықтау бойынша пайдалану туралы ереже әзірлеу;
су бассейндерімен шектесетін елдердің мамандарын қатыстыру арқылы ірі балық шаруашылығы су тоғандарының ихтиоценозын қалыптастыруға бағытталған ғылыми негіздерді әзірлеу.
Үшінші кезең (2013 жылдан бастап 2015 жылдарға дейін)
Аталған кезеңде мынадай шараларды қабылдау арқылы балық шаруашылығын тұрақты дамытуға және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын тиімді пайдалануға жағдайлар жасалады:
су биоресурстарының бар қорлары мен табиғи су тоғандарының балық өнімдерін өндіру мен өңдеу және тауарлық балық шаруашылықтарын дамыту мен пайдалану бойынша кәсіпшілік қуаттылығының арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу және сақтау;
балық шаруашылығы саласындағы нормативтік құқықтық базаны тиімді және тұрақты дамыту міндеттеріне сай келетіндей етіп одан әрі жетілдіру;
су биоресурстарын ұтымды пайдалану негізіндегі ұзақ мерзімді және тиімді басқару тетіктерін одан әрі іске асыру;
табиғи су тоғандарының бар балық қорларын сақтау мен ұтымды пайдалану және өсімді жасанды молайту мен тауарлық балық өсіру бойынша шараларды күшейту арқылы кәсіпшілік балық аулаудың тұрақты шикізаттық базасын қалыптастыру;
көл-тауарлы, тоған және судағы торлы балық шарбағы шаруашылықтарындағы балықтарды өсіру биотехникасын одан әрі дамыту мен 2015 жылға қарай жасанды өсіру көлемін 10 мың тоннаға дейін жеткізу;
балық шаруашылығы саласына алдыңғы қатарлы технологияларды, ғылыми зерттеулерді және әзірлемелерді енгізу;
балық өнімдерінің ішкі нарығын және оның функционалдық құрылымын қалыптастыру үшін жағдайлар жасау;
ірі балық шаруашылығы су тоғандарындағы балық ресурстарын басқару бойынша стратегиялар мен іс-шараларды әзірлеу.
5. Күтілетін нәтижелер
Балық шаруашылығын басқару жүйесін жетілдіру саласында балық шаруашылығының маркетингтік зерттеулері, балық ресурстарының мониторингі ұйымдастырылады, балық ресурстарын басқару әдістері жетілдіріледі. Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан балықтардың санын сақтау мен қалпына келтіру, балық және басқа да су жануарларын жасанды жолмен өсіру бойынша тауарлық балық шаруашылықтары мен индустриялық кәсіпорындарды дамыту және олардың қызмет етуі саласындағы қарым-қатынастарды реттеу бойынша шаралар қабылданды.
Саланы дамытудың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру бағытында балық және басқа да су биологиялық ресурстарын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы әкімшілік, қылмыстық, салық, су заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жолымен заңнамаларды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Балық шаруашылығын басқарудағы уәкілетті және аумақтық органдардың рөлі, соның ішінде су тоған құрылыстарын бақылау, мелиорациялық және балық шабақтарын құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша рөлі күшейтіледі, балық аулау туризмі, әуесқойлық және спорттық балық аулауды дамыту саласындағы қарым-қатынастар реттеледі. Тауарлық балық өсіруді (судағы торлы балық шарбағы, тоған, бассейндік, жабық жүйедегі және басқалар) құру және дамыту, сондай-ақ табиғи су тоғандарын көл-тауарлы және басқа бейімделген шаруашылықтар қатарына ауыстыру мен оларды пайдалану режимінің тәртібін бекіту бойынша нормативтік құқықтық база құрылады.
Тауарлық балық аулауды дамыту қажеттігі күннен күнге өсіп келе жатқан балық аулау қысымына байланысты ресурстардың шектеулілігімен сипатталады. Сонымен қатар республикадағы көптеген ұсақ су тоғандарының әлеуеті пайдаланылмайды, көл-тауарлы, тоған және интенсивті технология бойынша балық өндіре алатын басқа да балық өсіру тyрлері дамымаған. Осыған байланысты аталған бағытты дамытуға, соның ішінде аталған саладағы қарым-қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық базаны әзірлеу, балық өсіру технологиялық құрал-жабдықтарын, балық жемдері мен биоқосымшаларды және балық отырғызу материалын әкелуге (импорт) жеңілдіктер белгілеу жолымен мемлекеттік қолдау көрсету шаралары жүзеге асырылады. Осы шаралар 2015 жылға қарай республикадағы жасанды жолмен өсірілетін балық деңгейін 10 мың тонна тауарлық балық өнімдеріне дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді жетілдіру, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан балық және басқа да су жануарларының түрлерін сақтау және қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдау саласында балық шаруашылығының селекциялық-генетикалық орталығында сирек кездесетін және жойылып бара жатқан балық түрлерін сақтау және өсімін молайтудың биотехнологиялары енгізіледі. Сондай-ақ Қазақстан теңіз кәсіпшілік объектілерінің жағдайын бағалау, бөгде қоныстанушылармен күрес, балық ресурстарын қорғау өсімін молайту және пайдалану бойынша мемлекетаралық бірлескен зерттеулер мен іс-шараларға қатысады.
Жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдерді шығару үшін қазіргі заманғы өндіруші және өңдеуші салаларды құру мақсатында балық шаруашылығының балық өндіретін және балық өңдейтін салаларын, тауарлық балық өсіруді, балық жемдерін, кеме жасауды, ау-құралдарын және балық шаруашылығының басқа инфрақұрылымын шығаруды реттеу және мемлекеттік қолдау көрсету бойынша шаралар қабылданады. Осыған байланысты, жалпы алғанда, бәсекеге қабілетті, қосымша құны жоғары болатын өнім шығаруға мүмкіндік беретін және отандық балық өнімдері сапасының имиджін құратын Каспий теңізіндегі шабақ, майшабақ және теңіз итбалығының теңіз кәсіпшілігін, тауарлы балық өсіруді және бекіре өсіруді дамытуға жекелеген бағыттарды қаражаттандыру, әкелінетін тауарлар мен қызметтерге арналған төлемдердің немесе салықтық баждың, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа да артықшылықтардың төменгі немесе нөлдік ставкаларын белгілеу жолымен мемлекеттік қолдау көрсету тетігі жасалады.
Осы Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде су биологиялық ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүйелеу, Тұжырымдамада келтірілген негізгі міндеттерді шешуге бағытталған іс-шараларды әзірлеуді және іске асыруды аяқтау, Қазақстан Республикасының балық шаруашылығын тұрақты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттерді республикалық және өңірлік деңгейде үйлестіру, саланың қазіргі жай-күйі жөніндегі ақпаратты талдау мен бағалауды жүйелеу көзделеді. Нәтижесінде өнеркәсіптік өндірістің өсуіне, өркениетті бәсекеге қабілетті нарықтық орта қалыптастыруға және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті ел ретіндегі Қазақстанның рөлін арттыруға жағдай жасайды.
Саланың, соның ішінде балық өсіру және балық аулауды реттеуге қатысты, заңнамалық базасы жетілдіріледі. Су биологиялық ресурстарын зерттеу, сақтау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы құқықтық нормаларды біркелкі түсінуге және қолдануға мүмкіндік туады.