33-бап. Ақыл-естiң кемдiгi
Осы Кодексте көзделген құқыққа қарсы әрекет жасаған кезде ақыл-есi кем жағдайда болған, яғни өзiнiң iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) нақты сипаты мен қауiптілігiн түсiне алмаған немесе созылмалы психикалық сырқатының, уақытша психикасы бұзылуының, ақыл-ес кемдiгiнiң немесе психиканың өзге де сырқатты жай-күйiнiң салдарынан ақыл-есi кем жағдайда болған жеке адам әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылмайды.
34-бап. Лауазымды адамдардың және басқару функциясын орындайтын өзге де
тұлғалардың, дара кәсiпкерлердiң, жеке нотариустар мен адвокаттардың
әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Лауазымды адам қызметтiк мiндеттерiн орындамауына немесе тиiсiнше орындамауына байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жағдайда әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылады. Мұндай мән-жайлар болмаған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалуына кiнәлi лауазымды адам жалпы негiздерде жауаптылықта болуға тиiс.
2. Заңнамада белгiленген тәртiппен тiркелген және заңды тұлға құрмай дара кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар (бұдан әрi - дара кәсiпкерлер), жеке нотариус, адвокат, сол сияқты дара кәсiпкердiң және заңды тұлғаның ұйымдық-билiк ету немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын жұмыскерлерi, сондай-ақ заңды тұлғаның басшылары лауазымды адамдар ретiнде әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
3. Егер осы Кодекстiң нормаларында олардың лауазымды адамдар, дара кәсiпкерлер, жеке нотариустар, адвокаттар болып табылатын жеке тұлғаларға қолданылатыны көрсетiлмесе, осы нормалардың мазмұны бойынша лауазымды адамдар, дара кәсiпкерлер, жеке нотариустар, адвокаттар болып табылатын жеке тұлғаларға ғана қатысты және соларға ғана қолданылуы мүмкiн болатын жағдайларды қоспағанда, осы нормалар барлық жеке тұлғаларға қатысты қолданылады.
Ескерту. Осы Кодексте тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша билiк өкiлiнiң функцияларын жүзеге асыратын (яғни оларға қызмет жағынан тәуелдi емес адамдарға қатысты заңда белгiленген тәртiппен мемлекет атынан немесе оның органдарының атынан заңдық маңызы бар актiлер шығару құқығы немесе билiк ету өкiлеттiгi берiлген) не мемлекеттік органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа әскерлерi мен әскери құралымдарында ұйымдық-билiк ету немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар лауазымды адамдар деп танылады.
34-бап Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 қаңтардағы № 123-ІІІ Заңының редакциясында.
35-бап. Тәртiптiк жарғылардың не арнайы ережелердiң күшi қолданылатын әскери
қызметшiнiң, прокурордың және өзге де адамдардың әкiмшiлiк құқық
бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Әскери қызметшiлер мен әскери жиында жүрген азаматтар әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн тәртiптiк жарғылар бойынша жауаптылықта болады. Прокурорлар, iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдары, қаржы полициясы мен кеден органдарының қызметкерлерi әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн тиiстi органдарда қызмет өтеу тәртібін регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жауаптылықта болады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы режимiн, Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткізу бекеттеріндегі режимдi, санитариялық заңдарды, өрт қауiпсiздiгiнiң талаптарын, жолда жүру ережелерiн, қызмет орындарынан тыс кеден ережелерiн, аң аулау, балық аулау ережелерiн, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қорғаудың басқа да ережелерi мен нормаларын бұзғаны үшiн жалпы негiздер бойынша әкiмшiлiк жауаптылықта болады. Аталған адамдарға - атылатын және суық қаруды алып жүру мен сақтау құқығынан айыру және әкiмшiлiк қамауға алу түрiнде, ал шақыру бойынша әскери қызметiн өтеп жүрген әскери қызметшiлерге, әскери және арнаулы оқу орындарының курсанттарына (тыңдаушыларына) айыппұл түрiнде де әкiмшiлiк жаза қолдануға болмайды.
3. Қызмет туралы тәртiптiк жарғылардың немесе арнайы ережелердiң күшi қолданылатын, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталғандардан басқа адамдар осы актiлерде тiкелей көзделген жағдайларда - қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылықта, ал қалған жағдайларда жалпы негiздер бойынша әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
4. Әкiмшiлiк жаза қолдану құқығы берiлген органдар (лауазымды адамдар) осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға әкiмшiлiк жаза қолданудың орнына, кiнәлi адамдарды тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы мәселенi шешу үшiн тиiстi органдарға құқық бұзушылық туралы материалдарды беруi мүмкiн.
5. Тәртiп туралы жарғылардың күшi қолданылатын темір жол, теңiз, өзен көлiгi мен азаматтық авиацияның қызметкерлерi қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мынадай құқық бұзушылық жасағаны үшiн осы жарғыларға сәйкес:
темір жол көлiгiнiң қызметкерлерi - осы Кодекстiң 439, 440, 441-баптарында, 477-бабының бiрiншi бөлiгiнде, 479, 480-баптарында көзделген құқық бұзушылық үшiн;
теңiз көлiгiнiң қызметкерлерi - осы Кодекстiң 441, 448, 449, 450-баптарында, 477-бабының екiншi бөлiгiнде, 479, 480-баптарында көзделген құқық бұзушылық үшiн;
өзен көлiгiнiң қызметкерлерi - осы Кодекстiң 441, 450-453, 455-баптарында, 477-бабының екiншi бөлiгiнде, 479, 480-баптарында көзделген құқық бұзушылық үшiн;
азаматтық авиация қызметкерлері - осы Кодекстің 443, 446-баптарында, 447-бабының бірінші бөлігінде, 477-бабының үшінші бөлігінде, 479, 480-баптарында көзделген құқық бұзушылық үшін тәртіптік жауаптылықта болады.
35-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 12 шiлдедегi № 240-II, 2003 жылғы 3 шiлдедегi № 464-II Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 желтоқсандағы № 506-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
36-бап. Заңды тұлғалардың әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнде көзделген жағдайларда заңды тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс.
2. Егер осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнде көзделген әрекеттi заңды тұлғаны басқару функциясын жүзеге асыратын орган немесе адам жасаса, рұқсат берсе, мақұлдаса, заңды тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс.
3. Егер осы Кодекстiң нормаларында олар жеке адамға немесе заңды тұлғаға қолданылатын-қолданылмайтыны көрсетiлмесе, осы нормалардың мәнi бойынша олар тек жеке адамға қатысты және соған ғана қолданылуы мүмкiн жағдайларды қоспағанда, осы нормалар жеке адамға және заңды тұлғаға қатысты бiрдей дәрежеде қолданылады.
3-1. Егер осы Кодекстiң нормаларында олардың шағын немесе орта кәсiпкерлiк, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға немесе өзге ұйымдарға қолданылатыны көрсетiлмесе, осы нормалардың мазмұны бойынша олар шағын немесе орта кәсiпкерлiк, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға ғана қатысты және соларға ғана қолданылуы мүмкiн болатын жағдайларды қоспағанда, осы нормалар барлық заңды тұлғаларға қатысты бiрдей дәрежеде қолданылады.
4. Дербес салық төлеушi болып табылатын және салық салу саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерi заңды тұлғалар ретiнде әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
36-бап Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 қаңтардағы № 123-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріс және толықтырумен.
37-бап. Шетелдiктердiң, шетелдiк заңды тұлғалардың және азаматтығы жоқ адамдардың әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Қазақстан Республикасының аумағында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған шетелдiктер, шетелдiк заңды тұлғалар және азаматтығы жоқ адамдар жалпы негiздерде әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс.
1-1. Шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзғаны үшiн заңды тұлға ретiнде әкiмшілiк жауапқа тартылады.
2. Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңында Қазақстан Республикасының егемендiк құқықтарына қол сұғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн шетелдiктер, шетелдiк заңды тұлғалар, азаматтығы жоқ адамдар жалпы негiздерде әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс.
3. Шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерi және қорғанышты пайдаланатын өзге де шетелдiктер Қазақстан Республикасының аумағында жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы мәселе халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешiледi.
37-бап Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 23 ақпандағы № 33-ІІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
5-тарау
Әкімшілік жауаптылықты болдырмайтын мән-жайлар
38-бап. Қажеттi қорғану
1. Қажеттi қорғану жағдайында, яғни жеке басын, тұрғын үйiн, меншiгiн, жер учаскесiн және қорғанушының немесе өзге де адамдардың басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне қол сұғушыға зиян келтiру арқылы құқыққа қарсы қол сұғылудан қорғау кезiнде, егер бұл ретте қажеттi қорғану шегiнен шығып кетуге жол берiлмеген болса, осы Кодексте көзделген әрекеттi жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Өздерiнiң кәсiби немесе өзге де арнаулы даярлықтарына және қызмет жағдайына қарамастан, барлық адамдар бiрдей дәрежеде қажеттi қорғаныс құқығына ие. Құқыққа қарсы қол сұғушылықтан аулақ болу не басқа адамдарға немесе мемлекеттік органдарға көмек сұрап жүгiну мүмкiндiгi болғанына қарамастан, бұл құқық адамға тиесiлi болады.
3. Қол сұғу сипаты мен дәрежесiне қорғанудың айқын сәйкес келмеуi, осының нәтижесiнде қол сұғушыға жағдайдан туындамаған шектен тыс айқын зиян келтiру қажеттi қорғану шегiнен шығып кету деп танылады. Мұндай шектен шығушылық тек қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
4. Құқыққа қарсы қол сұғудан туындаған үрейдiң, қорқудың немесе сасқалақтап қалудың салдарынан қажеттi қорғаныс шегiнен асып кеткен адам әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс емес.
39-бап. Қол сұғушылық жасаған адамды ұстау
1. Құқыққа қарсы қол сұғушылық жасаған адамды ұстау кезiнде, бұл адамды мемлекеттік органдарға жеткізу және оның жаңа қол сұғушылықтар жасауын болдырмау үшiн, егер мұндай адамды басқаша құралдармен ұстау мүмкiн болмаса және бұл ретте осы үшiн қажеттi шараларды асыра қолдануға жол берiлмесе, осы Кодексте көзделген әрекеттi жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Адамға қажеттіліктен асып, шектен тыс, жағдайдан туындамаған айқын зиян келтiрген кезде, олардың ұсталған адам жасаған қол сұғушылықтың сипаты мен қауiп дәрежесiне және ұстаудың мән-жайына көрiнеу сәйкес келмеуi қол сұғушылық жасаған адамды ұстау үшiн қажеттi шараларды асыра қолданушылық деп танылады. Мұндай асыра қолдану тек қасақана зиян келтiру жағдайларында ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Қол сұғушылықты жасаған адамды ұстау құқығына оған арнаулы уәкiлеттiгi бар адамдармен қатар жәбiрленушiлер мен басқа жеке тұлғалар да ие болады.
39-бап Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 қаңтардағы № 123-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен.
40-бап. Аса қажеттілік
1. Аса қажеттілік жағдайында, яғни осы адамның немесе өзге де адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру, егер бұл қауiптi өзге құралдармен жою мүмкiн болмаса және бұл орайда аса қажеттілік шегiнен асуға жол берiлмесе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Қатер төндiрген қауiптiң сипаты мен дәрежесiне және қауiп жойылған, құқық қорғау мүдделерiне тең немесе зиянды болдырмаудан айтарлықтай көбiрек зиян келтiрген, жағдайға анық сәйкес келмейтiн зиян келтiру аса қажеттілік шегiнен асып кету деп танылады. Мұндай асып кету тек қасақана зиян келтiрген жағдайда ғана жауаптылыққа әкеп соғады.
41-бап. Негiздi тәуекел
1. Қоғамдық пайдалы мақсатқа жету үшiн негiздi тәуекел жасалған кезде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Егер тәуекелмен байланысты емес iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) аталған мақсатқа қол жеткізу мүмкiн болмағанда және тәуекел жасаған адам осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келуiн болдырмау үшiн жеткiлiктi шаралар қолданса, тәуекел негiздi деп танылады.
3. Егер тәуекел адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрумен, экологиялық апатпен, қоғамдық жұтау немесе өзге де аса ауыр зардаптармен көрiнеу ұштасса, тәуекел негiздi деп танылмайды.
42-бап. Күштеп немесе санаға әсер етiп мәжбүрлеу
1. Егер мәжбүрлеу салдарынан адам өз iс-әрекеттерiн (әрекетсiздiгiн) басқара алмаса, күштеп немесе санаға әсер етiп мәжбүрлеу нәтижесiнде осы Кодексте көзделген әрекеттi жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Санаға әсер етiп мәжбүрлеу нәтижесiнде, сондай-ақ күштеп мәжбүрлеу нәтижесiнде, адам соның салдарынан өз iс-әрекеттерiн басқару мүмкiндiгiн сақтаса, осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлгендiгi үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 40-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi.
43-бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау
1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшiн әрекет еткен адамның осы Кодексте көзделген әрекеттi жасауы әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды. Осындай әрекеттiң жасалуына заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшiн қасақана әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адам жалпы негiздерде әкiмшiлiк жауаптылықта болады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау әкiмшiлiк жауаптылықты болдырмайды.
6-тарау
Әкімшілік жаза және әкімшілік-құқықтық
ықпал ету шаралары
44-бап. Әкiмшiлiк жаза ұғымы және мақсаттары
1. Әкiмшiлiк жаза, осыған заңмен уәкiлеттiк берiлген судья, органдар (лауазымды адамдар) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн қолданатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы болып табылады және осындай құқық бұзушылық жасаған адамның осы Кодексте көзделген құқықтары мен бостандықтарынан айыруға немесе оларды шектеуге саяды.
2. Әкiмшiлiк жаза әлеуметтiк әдiлеттіліктi қалпына келтiру және құқық бұзушылықты жасаған адамды заңдар талаптарын сақтау және құқық тәртібін құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, сол сияқты басқа адамдардың да жаңа құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатында қолданылады.
3. Әкiмшiлiк жаза әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамға тән азабын тарттыруды немесе оның адамгершiлiк қадiр-қасиетiн қорлауды, сондай-ақ заңды тұлғаның iскерлiк беделiне зиян тигiзудi мақсат тұтпайды.
3-1. Әкiмшiлiк жаза мүлiктiк залалдың орнын толтыру құралы болып табылмайды. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан келтiрiлген зиянның орны осы Кодекстiң 64-бабында көзделген тәртiппен толтырылады.
44-бап Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 қаңтардағы № 123-ІІІ Заңымен енгізілген толықтырумен.
45-бап. Әкiмшiлiк жазалардың түрлерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн жеке адамға мынадай әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкiн:
1) ескерту жасау;
2) әкiмшiлiк айыппұл салу;
3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы немесе оның тiкелей объектiсi болған затты өтемiн төлеп алып қою;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы немесе оның тiкелей объектiсi болған затты, сол сияқты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу;
5) арнаулы құқықтан айыру;
6) лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлiктен) айыру немесе қызметтiң белгiлi бiр түрiне не белгiлi бiр iс-әрекеттер жасауға оның қолданылуын тоқтата тұру;
7) жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу;
8) заңсыз салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзып тастау;
9) әкiмшiлiк қамауға алу;
10) шетелдiктi немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен кетiру.
Осы Кодекстiң 461-472, 476-баптарында көзделген жағдайларда қолданылған әкiмшiлiк жаза түрлерi туралы ақпарат уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүргiзушi куәлiгiнiң талонына енгiзiледi.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн заңды тұлғаларға осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1)-6), 8) тармақшаларында аталған әкiмшiлiк жазалар, сондай-ақ заңды тұлғаның қызметiн немесе қызметiнiң жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу қолданылуы мүмкiн.
45-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-ІІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 қаңтардағы № 123-ІІІ Заңымен енгізілген өзгерістер және толықтырумен.
46-бап. Негiзгi және қосымша әкiмшiлiк жазалау шаралары
1. Ескерту, әкiмшiлiк айыппұл салу және әкiмшiлiк қамауға алу тек негiзгi әкiмшiлiк жазалар ретiнде ғана қолданылуы мүмкiн.
2. Арнаулы құқықтан айыру, лицензиядан (арнайы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлiктен) айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру, кәсiпкерлiк қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, сондай-ақ шетел азаматтарын немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкiмшiлiк жолмен кетiру негiзгi, сол сияқты қосымша әкiмшiлiк жазалар ретiнде қолданылуы мүмкiн.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы немесе оның тiкелей объектiсi болған затты өтемiн төлеп алып қою, тәркiлеу, салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзып тастау тек қосымша әкiмшiлiк жаза ретiнде ғана қолданылуы мүмкiн.
46-бап Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 қаңтардағы № 123-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен.
47-бап. Ескерту
Ескерту әкiмшiлiк жаза қолдануға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) жасалған құқық бұзушылыққа ресми түрде терiс баға беруiнен және жеке немесе заңды тұлғаны құқыққа қарсы мiнез-құлыққа жол беруге болмайтындығы туралы сақтандырудан тұрады. Ескерту жазбаша түрде жасалады.
48-бап. Әкiмшiлiк айыппұл
1. Әкiмшiлiк айыппұл (бұдан әрi - айыппұл) - әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн осы бөлiмнiң ерекше бөлiмiнiң баптарында көзделген жағдайларда және шекте, әкiмшiлiк жаза қолдану кезiнде қолданылып жүрген заңнамалық актiге сәйкес белгiленетiн айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр мөлшерiне сай келетiн көлемде салынатын ақшалай жаза.
Осы бөлiмнiң ерекше бөлiмiнiң баптарында көзделген жағдайларда, айыппұл мөлшерi Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген салық мiндеттемелерiнiң орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған сомасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары бұзыла отырып жүргiзiлген операция сомасының процентiмен не қоршаған ортаға келтiрiлген зиян сомасының мөлшерiмен не монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған табыс (түсiм) сомасының процентiмен көрсетiледi.
2. Осы бөлiктiң екiншi абзацында көрсетiлгендi қоспағанда, жеке тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерi айлық есептiк көрсеткiштiң бестен бiр бөлiгiнен кем болмайды.
Осы бөлiктiң үшiншi абзацында көрсетiлгендi қоспағанда, лауазымды адамға, дара кәсiпкерге, жеке нотариусқа, адвокатқа, сондай-ақ заңды тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерi бес айлық есептiк көрсеткiштен кем болмайды.
Ірi кәсiпкерлiк субъектiсi болып табылатын заңды тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерi жиырма айлық есептiк көрсеткiштен кем болмайды.
3. Осы бөлiктiң екiншi абзацында көрсетiлгендi қоспағанда, жеке тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерiн екi жүз айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Осы бөлiктiң үшiншi абзацында көрсетiлгендi қоспағанда, лауазымды адамға, дара кәсiпкерге, жеке нотариусқа, адвокатқа, сондай-ақ заңды тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерiн төрт жүз айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Ірi кәсiпкерлiк субъектiсi болып табылатын заңды тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерiн екi мың айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң екiншi абзацына сәйкес есептелген айыппұл осы бапта көрсетiлген айыппұлдардың белгiленген мөлшерiнен асатын немесе одан кем мөлшерде белгiленуi мүмкiн.
5. Айыппұл заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекеттік бюджет кiрiсiне өндiрiп алынады.
6. Заңды тұлғаларды шағын немесе орта кәсiпкерлiк, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жатқызу заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
48-бап Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 қаңтардағы № 123-ІІІ Заңының редакциясында; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі № 174 Заңымен енгізілген толықтырумен.
49-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы немесе оның тiкелей объектiсi
болған затты өтемiн төлеп алып қою
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы немесе оның тiкелей объектiсi болған затты өтемiн төлеп алып қою, оны судья қаулысының негiзiнде мәжбүрлеп алып қоюдан және сот актілерін орындау үшiн көзделген тәртiппен кейiннен өткізуден тұрады. Осындай затты өткізуден түскен соманы сот орындаушысы оларды өткізу жөніндегі шығыстарды шегере отырып, меншiк иесiне бередi.
2. Аңшылық қаруды, атыс оқ-дәрiлерiн және аңшылықтың басқа да қаруларын өтемiн төлеп алып қоюды аң аулау өмiр сүруiнiң негiзгi заңды көзi болып табылатын адамдарға қолдануға болмайды.
3. Өтемiн төлеп алып қою осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында әкiмшiлiк жаза ретiнде көзделген жағдайларда да, тек қасақана құқық бұзушылық үшiн ғана қолданылуы мүмкiн.
49-бап және тақырыбы Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 қаңтардағы № 123-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен.
50-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы немесе оның тiкелей объектiсi
болған затты, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан
алынған мүлiктi тәркiлеу
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы немесе оның тiкелей объектiсi болған затты, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу оларды заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекет меншiгiне мәжбүрлеп өтеусiз өндiрiп алудан тұрады.
Меншiк иесiне қайтарып беруге жататын не айналымнан алынған затты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамның заңсыз иелiгiнен алып қою тәркiлеу болып табылмайды. Айналымнан алынған зат мемлекет меншiгiне өндiрiп алынуға немесе жойылуға тиiс.
2. Тәртiп бұзушының меншiгi болып табылатын зат қана тәркiленуге жатады.
3. Аңшылық қаруды, оның оқ-дәрiлерiн және басқа да рұқсат етiлген аң аулау және балық аулау құралдарын тәркiлеудi аң аулау (балық аулау) өмiр сүруiнiң негiзгi заңды көзi болып табылатын адамдарға қолдануға болмайды.
4. Тәркiлеудi судья қолданады және ол осы бөлiмнiң ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында әкiмшiлiк жаза ретiнде көзделген жағдайларда тағайындалуы мүмкiн.