Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының
Қылмыстық кодексiн күшiне енгізу туралы
1-бап
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енгiзiлсiн, бұған осы Заңмен күшiне енгізудiң өзге мерзiмдерi белгiленген ережелерi қосылмайды.
2-бап
1959 жылғы 22 шiлдедегi «Қазақ КСР-iнiң Қылмыстық кодексiн бекіту туралы» Қазақ КСР Заңымен бекітілген Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң, сондай-ақ 1959 жылғы 22 шiлдеден 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңде Қазақ КСР-iнiң Қылмыстық кодексiне өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлген барлық заңдардың 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының аумағында қолданылып жүрген заңдар мен нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес келтiрiлуге тиiс.
Алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес келтiрiлгенге дейiн аталған заңдар мен нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданыла бередi.
3-бап
1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн шығарылған сот үкiмдерi мен қылмыстық-құқықтық сипаттағы басқа шараларды қолдану туралы өзге де сот актілері, егер заң әрекеттiң қылмыстылығын жоятын, қылмыс жасаған адамның жазасын жеңiлдететiн немесе жағдайын өзге де түрде жақсартатын жағдайда, оларды Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнiң қылмыстық заңының керi күшi белгiленетiн 5-бабына сәйкес келтiру мақсатымен қайта қаралсын. Бұрын шығарылған сот үкiмдерiн және басқа да сот актілерін қайта қарауды үкiмдi шығарған соттың немесе сотталған адам жазасын өтеп жатқан жерде орналасқан соттың судьясы жүргiзедi.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес қылмыс деп танылмайтын әрекеттер жөнiнде қозғалған барлық қылмыстық iстер тоқтатылуға тиiс.
4-бап
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң қамауға алу түрiндегi жаза туралы ережелерi Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару кодексi күшiне енгiзiлгеннен кейiн жазалаудың осы түрiн орындау үшiн қажеттi жағдайлар жасалуына қарай, бiрақ 2008 жылдан кешiктiрiлмей күшiне енгiзiледi. Осы Кодекстiң қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазалау туралы ережелерi 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап, бас бостандығын шектеу түрiндегi жазалау туралы ережелерi 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап, өмiр бойы бас бостандығынан айыру туралы ережелерi - 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
4-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңымен енгiзiлген өзгерістермен; Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 30 казандағы № 349-IІ, 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 514-II Заңдарымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырулармен.
5-бап
Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 21-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 6) тармақшасы бойынша қызметтен босату, 21-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 8) тармақшасы бойынша жұрт алдында кiнәсiн бетiне басы, 21-бабының бiрiншi бөлiктiң 9) тармақшасы бойынша келтiрiлген залалды өтеу мiндетiн жүктеу түрiндегi жазаға сотталған адамдар жазасын өтеуден босатылып, соттылығы алынып тасталады.
6-бап
Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 25-бабы бойынша бас бостандығынан айырмай сотталған адамның жұмыс iстейтiн жерiнен басқа түрде жазасын өтеу арқылы еңбекпен түзеу жұмыстары түрiнде жазаға сотталған адамдарға белгiленген жаза мемлекет кiрiсiне ұстап қалуға жататын сома мөлшерiндегi айыппұлмен ауыстырылады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi күшiне енгiзiлген сәтке төленген сомалар есепке алынуға тиiс. Бұл жағдайда кесiлген айыппұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң тиiстi бабында көзделген айыппұлдың ең жоғары мөлшерiнен аспауға тиiс.
7-бап
Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 23-1-бабы бойынша аса қауiптi рецидивистер деп танылған адамдар жазасын ерекше режимдегi еңбекпен түзеу колонияларында бас бостандығынан айыру түрiнде өтейдi.
8-бап
Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 175-бабына Ескертудiң 4-тармағында бекітілген ереже «Қазақ КСР-iнiң Қылмыстық Кодексiн бекіту туралы» 1959 жылғы 22 шiлдедегi Қазақ КСР Заңымен бекітілген Қазақ КСР Қылмыстық Кодексiнiң 63 (бандитизм), 76 (ұрлық), 76-1 (тонау), 76-2 (шабуыл жасап тонау), 76-3 (алаяқтық), 76-4 (бөтен бiреудiң мүлкiн меншiктену немесе жұмсап қою жолымен немесе қызмет бабын пайдаланып, қиянат жасау жолымен талан-таражға салу), 76-7 (қорқытып алу), 203-бабында (атылатын қаруды, оқ-дәрiнi немесе жарылғыш заттарды ұрлау), 205-2 (радиоактивтi материалдарды ұрлау), 213-1 (есiрткi заттарды ұрлау) баптарында көзделген қылмыстардың қайсыбiреуiн бұрын жасаған адамдарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев
Алматы, 1997 жылғы 16 шiлде
№ 168-І ҚРЗ