геологиялық зерттеулер мен жер қойнауын пайдалануды ақпараттық қамтамасыз ету;
геологиялық зерттеулердiң басым бағыттарын ғылыми-техникалық қолдау; жер қойнауының тереңдегi құрылымын зерттеу жөнiндегі геофизикалық зерттеулер жүргiзу.
Төменде аталған жұмыстар бағыттарының сипаттамасы берiледi.
мұнай және өздiгiнен асып төгілетiн гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және консервациялау;
5. Бағдарламаның негiзгі бағыттары мен iске асыру тетігі
ҚР Yкіметінiң 2005.11.07. № 716 (бұр. ред. қара) қаулысымен 5.1 бөлімшесінің атауы өзгертілді
5.1. 1:200000 масштабтағы алаңдарды жете геологиялық зерттеу.
Жете геологиялық зерттеудiң негiзгi мiндетi - неғұрлым маңызды мұнай-газ бен тау-кен аудандарындағы кенге бай әрi жылдам байытылатын кендерi бар кен орындарын анықтау үшiн базалық материал ретiнде жаңа буындағы картографиялық негiз жасау болады.
Жете геологиялық зерттеудiң бiрiншi кезеңiнде қазiргi заманғы компьютерлiк технологияны қолданып, қолда бар өткен жылдардағы геологиялық-геофизикалық материалдарды талдау мен қайта түсiндiру жүргiзiледi, нәтижесiнде: бұрын жасалған карталарды пайдалану мүмкiндiгiнiң дәрежесi, қайта түсiрiлуi немесе жете зерттелуi тиiс алаңдар көлемдерi дәл белгіленiп, геологиялық зерттеулер жүргiзудiң бiрыңғай технологиясы әзiрленедi, бәсекеге қабiлеттi жаңа кен орындарын анықтау үшiн алғышарт жасалады, орындалуы тиiс геологиялық барлау жұмыстарының түрлерi мен көлемдерi анықталады.
Жете геологиялық зерттеу геофизикалық, геохимиялық әдiстермен, ұңғымаларды бұрғылаумен қатар жүредi, мұның өзi кен орындарының геологиясы, стратиграфиясы, тектоникасы, металлогениясы мен қалыптасуы мәселелерiн ашып көрсету үшiн жаңа материал бередi. Үстiңгi бетiне шығатын жыныстарды эндогендiк геохимиялық картирлеу және мақсаты - желмен мүжiлген қыртыстары мен мезо-кайнозойлық кеуек шөгінділер астынан жаңа кен объектілерiн табу болып табылатын тереңдегі геохимиялық картирлеу геологиялық зерттеулердiң маңызды бағыты болып табылады. Бұл әдiстер кешенiн қолдану нәтижесiнде перспективалы объектiлердiң көп саны анықталады деп болжануда. Тереңдегi геохимиялық картирлеу, бiрiншi кезекте қазiргi заманғы шөгiндiлермен жабылған белгiлi кендi құрылымдар жалғасында және желмен мүжiген қыртыстары дамыған телiмдерде жүргiзiледi. Жұмыстар қазiргi заманғы бұрғылау техникасы қолданылып, 500x1000 м дейiн тәптiштелiп, 2000х200 м желісі бойынша перспективалы алаңдар мен телiмдердi бұрғылау жолымен орындалады. Ұңғымаларды бұрғылау геохимиялық сынамалар iрiктелiп орындалады.
ҚР Үкіметінің 2005.11.07. № 716 Қаулысы 5.1-1 бөлімшемен толықтырылды
5.1-1. Кендi аудандарды геологиялық-минерагендік картаға түсiру
Геологиялық-минерагендiк картаға түсiрудiң мақсаты берiлген түрдегi минералдық шикiзат кен орындарын табуға қатысты перспективалы алаңдарды жедел табу, контурлау және болжамды ресурстарын бағалау болып табылады. Кен алаңдары немесе телімдер болжау объектiлерi болады. Болжамды ресурстар қоса алғанда Р1 санатына дейiн анықталатын болады. Геологиялық-минерагендiк картаға түсiру минералдық шикiзат экономикасында негiзгi мәнi бар кен орындарының геологиялық-өнеркәсiптiк типтерiн құрайтын белгiлі бір кен формациялар шегiнде жүргiзiлетiн болады. Геологиялық-минерагендiк картаға түсiрудi жүргiзу нәтижесiнде кенденудiң әр түрлi типтерінің минерагендік карталары, iздеу жұмыстарының одан арғы бағыты бойынша болжам мен ұсынымдар карталары жасалады.
2006 жылы - Темірлiк-Тұйық алаңы (Оңтүстiк Қазақстан) мен Ақбастау-Қосмұрын металлогендік аймағы (Орталық және Шығыс Қазақстан шекарасы) шегiнде геологиялық-минерагендiк картаға түсiрудi жүргiзу.
2007 жылы - Темірлiк-Тұйық алаңы мен Ақбастау-Қосмұрын металлогендік аймағы шегiнде геологиялық-минерагендік картаға түсiрудi жалғастыру.
2008-2010 жылдары - Темірлiк-Тұйық алаңы мен Ақбастау-Қосмұрын металлогендiк аймағы шегiнде геологиялық-минерагендiк картаға түсiрудi жалғастыру.
5.2. 1:200000 масштабында жер қойнауын жете геологиялық зерттеу және
мемлекеттік аймақтық гидрогеологиялық және инженерлiк-геологиялық
зерттеулер
Зерттеулердiң негiзгі мiндетi - жер асты суларының (тұщы, жылу энергетикалық, минералдық және құрамында бағалы компоненттерi бар өнеркәсiптiк және т.б.) таралуы мен қалыптасуының заңдылықтарын анықтау, iздеу-бағалау жұмыстарын жүргiзiп, перспективалы алаңдарды анықтау мен бағалау, ластанған жер асты суларының, су басқан, сортаңданған және басқа да қауiптi геологиялық процестер құбылыстарына ұшыраған алаңдар мен телiмдердi анықтау әрi картирлеу, өндiрiстiк күштердi орналастырып, ел халқын қоныстандыру схемаларын, сондай-ақ облыстарды аудандық жоспарлау схемаларын негiздеу.
ҚР Үкіметінің 2004.19.04. № 433 Қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда
5.3. Iздеу, iздеу-бағалау және iздеу-барлау-жұмыстары
ҚР Үкіметінің 2005.11.07. № 716 Қаулысымен 5-3 бөлімше өзгертілді (бұр.ред.қара)
Бұрыннан белгiлi объектiлер, сондай-ақ жете геологиялық зерттеу және геологиялық-минерагендiк картаға түсiру кезiнде анықталған перспективалы кендi аймақтар, тораптар мен телімдер геофизикалық, геохимиялық, тау-кен және бұрғылау жұмыстарымен бағаланады. Пайдалы қазбалар үлгiсiне, физикалық қасиеттерiне, кен объектiлерiнiң орналасу тереңдiгi мен параметрлеріне қарай геологиялық барлау жұмыстарының неғұрлым тиiмдi кешендерi мен әдiстерi таңдалып алынады. Бастапқы жұмыстар перспективалы телiмдерде 100x20м желісі бойынша кейiн перспективалы телімдерде тәптiштелiп 200х40м желісі бойынша литогеохимиялық және жеңiл геофизикалық әдiстермен жүргiзiледi. Гравибарлау мен электрлі барлау объектiлердi бұрғылық iздеуге дайындау кезеңінде шағын көлемде жүргiзiледi. Анықталған геофизикалық және геохимиялық ауытқулар тереңдігі 200-300 метрге дейiнгi ұңғымаларда бұрғылық iздеудiң бiрнеше бейінімен бағаланады. Зерттеудiң сейсмикалық әдiстерiмен және ұңғымалар бұрғылау арқылы перспективалы мұнай-газ құрылымдарын бағалау көзделедi.
ҚР Yкіметінiң 2005.11.07. № 716 Қаулысымен 5.3.1 бөлімше жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5.3.1. Қатты пайдалы қазбаларды iздеу-бағалау жұмыстары.
2005 жылы Бахрушинский және Лиманный кен орындарындағы, Алтын-Борлыкөл телiміндегі, Жекедуан кен алаңындағы iздеу-бағалау жұмыстары аяқталып келедi; Селекционный кен аймағы мен Құндызды кен орнындағы жұмыстар жалғастырылатын болады; Спасск кен аймағы шегіндегі Қамқор телiмiнде мысқа арналған жұмыстар жүргiзу жоспарланып отыр.
Қамқор телiмi Қарағанды қаласынан оңтүстiк шығысқа қарай 140 км жерде орналасқан. Алаңы 20 ш.км құрайтын телiмде габбройдтардың қойнауқатаралық интрузивтерiнде және вулканогендiк-шөгiндiлерге жапсарлас қабаттарда жергiлiктенген кен денелерi табылған. Кендену 280 м тереңдiкке дейiн қадағаланған. Кен денелерiнiң ұзындығы - 60-тан 150-300 м дейiн, қалыңдығы - 12-29 м, мыс құрамы 0,1-2,2 %. Мыс қорларының күтiлетiн өсiмi 100 - 150 мың тонна.
2006 жылы Құндызды кен орнында, Селекционный кен аймағында іздеу-бағалау жұмыстары аяқталады; Спасск кен аймағы шегіндегі Қамқор телiміндегі жұмыстар жалғастырылатын болады; Вавилон кен білінуi мен Глебовский, Қаратас, Қорғантас, Қадыр телiмдерiнде жұмыстарды орындау жоспарланып отыр.
Вавилон кен бiлінуi Семей қаласынан шығысқа қарай 70-80 км жерде орналасқан. Кендi алаң шегiнде табылған Вавилон кен орны мыспирротин типіне жатады. Кендегi мыстың құрамы 0,85 %. Р1 санатындағы мыстың күтiлетiн болжамды ресурстары - 200 мың тонна. Шығыс Қазақстандағы Вавилон кен алаңында іздеу-бағалау жұмыстарын жолға қою мыс кен өнеркәсiбiнiң минералдық-шикiзаттық базасын толықтыру проблемаларына негiзделген.
Глебовский телімі Жiтiқара қаласынан солтүстiк шығысқа қарай 30 км жерде орналасқан. Телiмде ұзындығы 3-5 км, енi 300-500 м үш алтынды аймақ белгiлендi. Олардың шегiнде алтынның орташа құрамы 2,1 - 6,6 г/т 12 кен денелері айқындалды. Кен денелерiнiң қалыңдығы 1,5 м болған кездегi жайылу ұзындығы 500 м дейiн, еңiстенуi - 110 м дейiнгi жердi алынып жатыр. Кен денелерi үстiңгi бетпен астасып жатыр. Телiм алаңы 20 ш.км. Жұмыстың мақсаты Жітiқара тау-кен ауданының минералдық-шикiзаттық базасын нығайту болып табылады. Алтын қорларының күтiлетiн өсiмi - 3000 кг.
Қаратас телiмi Алматы қаласынан батысқа қарай 150 км жерде Жамбыл облысында орналасқан. Телiмде гидротермалдық өзгерiстерге ұшыраған таужыныстарымен жиектелген кварц тастамырларымен және қысқа тастарамыстармен қалыптасып, тiк еңiстелген минералданған аймақтар айқындалған. Аймақ шегiнде 26 кен денелерi белгiленген. 13 кен денелеріндегі алтын құрамы 3 г/т астам, қалғандарында - 1-3 г/т, кен бағаналарында - 5-тен 23 г/т дейiн. Телiм алаңы 2,5 ш.км құрайды. Алтын қорларының күтiлетiн өсiмi - 26,7 тонна.
Қорғантас телiмi Қарағанды облысында Балқаштан солтүстiк-батысқа қарай 170 км жерде орналасқан. Мыс кенінiң білінуi қайталама кварциттер алабымен байланысты. Ұңғымалардың 100-200 м тереңдiгi аралығында кварц-сирициттiк метасоматиттермен байланысты мыспорфирлiк типтегi кендену ашылды. 60-тан 120 м дейiнгi қалыңдықтағы мыс құрамы 0,64 %, көзге көрiнетiн қалыңдық 12 м болғанда 2,17%-ға жетедi. Мыстың болжамды ресурстары 400 мың тонна деп бағаланады.
Қадыр телiмi Солтүстiк Қазақстан облысында Көкшетау қаласынан солтүстiк-батысқа қарай 100 км жерде орналасқан. Телiм орлиногор кешенiнiң сирек кездесетiн металды граниттері жарып шыққан, зеренді свитасының метаморфикалық таужыныстарымен қалыптасқан. Телiм шегіндегі iздеу ұңғымаларымен құрамында бестотықты тантал 0,01 % шегiнде және 0,03-тен 0,08 %-ға дейiн бестотықты ниобий бар сирек кездесетiн металды граниттердiң желмен мүжілген қыртыстары ашылды. Бестотықты танталдың болжамды ресурстары 500 тонна деп бағаланады.
2007 жылы Қамқор, Глебовский, Қаратас, Қорғантас және Қадыр телiмдерiнде іздеу-бағалау жұмыстары аяқталатын болады.
2008-2010 жылдары пайдалы қазбалардың маңызды түрлерiне іздеу-бағалау жұмыстарын жүргiзу көзделiп отыр, атап айтқанда: алтын (Оңтүстiк Шығыс Бұйрақой кен білінуi, Тұз кен орны, Шуақ кен алаңы); мыс (Жангелдi кен алаңы, Соқырқой, Сәмембет, Ай кен білінулерi); тантал (Володар кен аймағы).
Төменде іздеу-бағалау жұмыстарына неғұрлым тән объектiлердiң сипаттамалары келтiрiледi.
Соқырқой кен орны Балқаш қаласынан оңтүстiк-батысқа қарай 100 км жерде орналасқан. Мыс-порфир және алтын кенденуі қайталама кварциттер алабына қосылған. Ұңғымаларды сынамалау деректерi бойынша қалыңдығы алғашқы метрлерден 10-20 м дейiнгi, 20,0 - 30,0-ден 160,0 м дейiнгi тереңдiкте өте тiк астасқан, етегi еңістенген 3 кен денесi бөлiніп алынды. Кендену қайталама сульфид байыту аймағына орайластырылған. Кендi аймақтың көлемi 1200 х 300 - 400 м шамасында. Мыстың болжамды ресурстары 200 мың тонна деп бағаланып отыр. Мыс кенi кенiштерiнiң батыс қанатында алтынның мол құрамы айқындалды, оның болжамды ресурстары 12,5 тоннаны құрайды.
Шуақ кен алаңы Көкшетау қаласынан оңтүстiк-шығысқа қарай 220 км жерде орналасқан және Манғұл VI, Шайтанды, Шуақ кен көрiнiстерiн қамтиды. Желмен мүжiлген желiлiк қыртыстар және негiзгi метасоматикалық өзгерiстерге ұшыраған таужыныстарында орташа қалыңдығы 22 м болған кездегi ұзындығы 1200 м дейiн тастарамысты-сеппелi алтынмен кендену аймағы айқындалды. Аймақ шегiнде алтынның орташа құрамы 5 - 6 г/т кен денелерiнiң бар екенi анықталды. Алтынның серiктесi, құрамы 2 - 4 % дейiнгi мыс болып табылады. Жүргiзiлетiн жұмыстардың мақсаты - инвесторлар тарту үшiн кейiн тендерлік ұсыныстар жасап, экономикалық рентабельдi алтын кен объектiлерiн айқындау болып табылады. Алтын қорларының күтiлетiн өсiмi 8-10 тонна.
Сәмембет кен білінуi Қарағанды қаласынан оңтүстiк-шығысқа қарай 150 км жерде орналасқан. Кен орнында ұзындығы 800-1500 м, қалыңдығы 20-150 м 5 скарндық кен денесi белгiлi. Еңiстенуi бойынша анықталған тереңдiгi 150-250 м. Кендену халькопирит, борнит, халькозин, висмутин, галенит, сфалерит себеленген қысқа тастарамыстарды бiлдiредi. Кендерде мыстан басқа, 0,14-0,17% висмут, 1,16-1,62% - қорғасын, 1,73% - мырыш бар. 100 м дейiнгi тереңдiктегi мыстың болжамды ресурстары, кендегi орташа құрамы 1,25% болған кезде, 168,5 мың тонна деп бағалануда.
ҚР Yкіметінiң 2005.11.07. № 716 Қаулысымен 5.3.2 бөлімше жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5.3.2. Көмiрсутектi шикiзатты іздеу жұмыстары
2005 жылы Арал маңы телiмiнiң шегiнде iздеу-бағалау жұмыстарын жүргiзу жоспарланып отыр. МОГТ - 2Д сейсмикалық зерттеулер жүргiзiлетiн, "Қазақойл-Жапон ұлттық мұнай компаниясы" жобасы бойынша мұрағаттық сейсмикалық деректер өңделетiн және қайта пайымдалатын, iздеу ұңғымасы бұрғыланатын болады. Жәнiбек аймағында сейсмикалық және гравиметриялық зерттеулердi жалғастыру көзделiп отыр.
2006 жылы - Арал маңы телiмiнде геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыру және Жәнiбек аймағында геологиялық барлау жұмыстарын аяқтау.
2007 жылы - Арал маңы телiмiнде iздеу-бағалау жұмыстарын аяқтау.
2008-2010 жылдары Шығыс Iле, Теңiз ойпаттарында, Арал маңында, Қарағанды және Екiбастұз көмiр бассейндерi шегiнде геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыру, Сырдария ойпатында жұмыстар жүргiзу.
.
ҚР Yкіметінiң 2005.11.07. № 716 Қаулысымен 5.3.3 бөлімшесі жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5.3.3. Iздеу-барлау жұмыстары
Бағдарламада:
2005 жылы - Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстiк Қазақстан облыстарындағы 33 елдi мекендi сумен қамтамасыз етуге арналған iздеу-барлау жұмыстарын аяқтау және Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстiк Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы 34 елдi мекенге арналған iздеу-барлау жұмыстарын жүргiзудi бастау;
2006 жылы - Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстiк Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы 34 елдi мекендi сумен қамтамасыз етуге арналған iздеу-барлау жұмыстарын аяқтау және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк облыстарындағы 35 ауылдық елдi мекен үшiн iздеу-барлау жұмыстарын жүргiзудi бастау;
2007 жылы - 35 ауылдық елдi мекендi сумен қамтамасыз етуге арналған iздеу-барлау жұмыстарын аяқтау және Қазақстан Республикасы әкiмшiлiк облыстарындағы 36 ауылдық елдi мекен үшiн iздеу-барлау жұмыстарын жүргiзудi бастау;
2008-2010 жылдары - 36 ауылдық елдi мекендi сумен қамтамасыз етуге арналған iздеу-барлау жұмыстарын аяқтау және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк облыстарындағы 119 ауылдық елдi мекенге арналған іздеу-барлау жұмыстарын жүргiзудi бастау көзделiп отыр.
ҚР Yкіметінiң 2005.11.07. № 716 Қаулысымен 5.4 бөлімше өзгертілді (бұр. ред. қара)
5.4. Минералдық-шикiзаттық база мен жер қойнауын
пайдаланудың мониторингі
Минералдық-шикiзаттық база мен жер қойнауын пайдаланудың мониторингi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 27 қаңтардағы № 106 қаулысымен бекiтілген "Қазақстандағы жер қойнауының мемлекеттік мониторингі туралы ережеге" сәйкес жүзеге асырылатын Қазақстандағы жер қойнауы мемлекеттік мониторингiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады.
1999 жылдан бастап Қазақстан Республикасының минералдық-шикiзаттық кешенiн дамытуды болжау және 2030 жылға дейiнгi кезеңге арналған минералдық-шикiзаттық базаның жай-күйiн үлгiлеу жөнiнде жұмыс жүргiзiлуде. Осы бағыт шеңберiнде қорғасын, мырыш, мыс, алтын, темір (2000 жылы), барит, фосфор, марганец, бокситтер, көмiр (2001 жылы), мұнай, газ, конденсат (2002 жылы), хром, никель, тантал, ниобий, уран, агрономиялық кендер (2003 жылы), вольфрам, молибден, қалайы, бериллий, литий, кобальт (2004 жылы), алмас, цирконий, талшықтас және бор (2005 жылдың 1-тоқсаны) бойынша жұмыстар аяқталды. Қалайының, тантал мен платинаның (2004 жылы) болжамды ресурстарына баға берiлді.
Бағдарлама пайдалы қазбалардың болжамды ресурстарын бағалауды жүргiзудi; барлау әдiстемесiн, пайдалы қазбалар қорын есептеу әрi жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргiзу тәртібін реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер жасауды; өндiрiс салалары бойынша жер қойнауын ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі мамандандырылған журнал, анықтамалар мен талдамалық шолуларды дайындау әрi басып шығаруды көздеуде.
Қазақстан Республикасы минералдық-шикізаттық базасының мониторингi Қазақстан Республикасы минералдық-шикiзаттық базасының ұдайы өндiрісiн болжау мiндеттерiн шешу үшiн 20 жылдық кезеңге ретроспективасымен бірге пайдалы қазбалардың 35 түрi бойынша анықтамалық-талдау жүйесiнiң негізiнде жүзеге асырылады. Қазақстанның аумағында қатты пайдалы қазбалар мен көмiрсутекті шикiзат жөніндегі лицензиялық әрi тендерлік объектілер бойынша мониторингiлiк карталарды тоқсан сайын жаңарту, оларды редакциялау мен басып шығару жүргiзiледi.
Бағдарламада минералдық-шикiзаттық базасының мониторингiн тұрақты негiзде жүзеге асыру көзделеді. Мониторинг нәтижелерi Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық кешенiнiң әлеуетiн нақтылауға, оның әлемдiк рынокқа кiрiгуi ықтималдығын арттыруға мүмкiндiк бередi.
ҚР Yкіметінiң 2005.11.07. № 716 Қаулысымен 5.5 бөлімше жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5.5. Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестердiң мониторингi
Мемлекеттік қадағалау торабы жер қойнауының жай-күйi мен жер асты суларының 150-ден астам көрсеткiштерiн бақылайды. Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мониторингiн жүргiзу жұмыс iстеп тұрған пункттерде режимдiк қадағалауды жалғастыруды, жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мониторингiнiң полигондарын құрумен қатар мемлекеттік торапты кеңейтудi (оңтайландыру), Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мемлекеттік мониторингiнiң дерекқорын толықтыруды және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттардың Орталық деректер банкi құрамында жұмыс iстеудi, "Жер асты сулары" кiшi жүйесi бойынша Мемлекеттік су кадастрын жүргiзудi, Ақпараттық компьютерлiк жүйенi жетiлдiрудi қоса алғанда, кезең-кезеңiмен жүзеге асырылады.
Бағдарламада:
2005 жылы - жер асты суларының 5005 пунктiнде мониторинг жүргiзу, қауiптi геологиялық процестердi қадағалау, жер асты сулары мониторингiнiң мемлекеттік торабын кеңейту (оңтайландыру), қауiптi геологиялық процестердiң (сырғымалар, селдер, құламалар) мониторингiн жүргiзу үшiн 20 бекеттi қалпына келтiру, жер асты сулары ластануының Елек полигонын құруды жалғастыру, Луговой сейсмомониторинг бекетiн, қауiптi геологиялық процестердi зерттеу бойынша Қаскелең-Талғар полигонын құруды аяқтау, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мемлекеттік мониторингiнiң дерекқорын жүргiзу және оның Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттардың Орталық деректер банкi құрамында жұмыс iстеуi, "Жер асты сулары" кiшi жүйесi бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік су кадастрын жүргiзудi, ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізу, жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестердiң мемлекеттік мониторингiн қамтамасыз ету үшiн нормативтiк құқықтық кесiмдер мен нормаларды даярлау, мемлекеттік қадағалау пункттерiне жер бөлiнiстерiн ресiмдеудi бастау;
2006 жылы - 5005 қадағалау пунктiнде жер асты суларының, 22 пунктте қауiптi геологиялық процестердiң мониторингiн жүргiзу, жер асты сулары мониторингiнiң мемлекеттік торабын кеңейту (оңтайландыру), 5 жаңа бекет құру және Шығыс Қазақстан облысындағы 20 бекет негiзiнде қауiптi геологиялық процестердiң (сырғымалар, селдер, құламалар) Ертіс және Бұқтарма полигондарын құру мен қадағалау жүргiзудi жалғастыру, жер асты суларының техногендiк ластануының Елек, Мiрғалымсай-Түркiстан полигондарын құру, қауiптi геологиялық процестердi зерттеу бойынша Қаскелең-Талғар полигонын құру, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мемлекеттік мониторингiнiң дерекқорын жүргiзу және оның Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттардың Орталық деректер банкi құрамында жұмыс iстеуi, "Жер асты сулары" кiшi жүйесi бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік су кадастрын жүргiзу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестердiң мемлекеттік мониторингiн қамтамасыз ету үшiн нормативтiк құқықтық кесiмдер мен нормаларды даярлау, мемлекеттік қадағалау пункттерiне жер бөлiнiстерiн ресiмдеу;
2007 жылы - 5005 қадағалау пунктiнде жер асты суларының, 13 пунктте қауiптi геологиялық процестердiң, Ертіс, Бұқтырма және Талғар-Қаскелең қауiптi геологиялық процестер полигондарында мониторингiн жүргiзу, қауiптi геологиялық процестердiң 3 жаңа бекетiн құру, мемлекеттік торапты кеңейту (оңтайландыру), қауiптi геологиялық процестердiң (сырғымалар, селдер, құламалар) жаңа бекеттерi мен полигондарын Жер асты суларының мемлекеттік мониторингiн құру, Елек, Қошқарата, Мiрғалымсай-Түркiстан, Тобыл-Обаған, Ертіс полигондарында жер асты суларының техногендiк ластануына қадағалау жүргiзу, жер сiлкiнiсiнiң хабаршыларын зерттеу бойынша Алматы болжау полигонында қадағалау жүргiзу, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мемлекеттік мониторингiнiң дерекқорын жүргiзу және оның Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттардың Орталық деректер банкi құрамында жұмыс iстеуi, "Жер асты сулары" кiшi жүйесi бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік су кадастрын жүргiзу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізу, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестердiң мемлекеттік мониторингiн қамтамасыз ету үшiн нормативтiк құқықтық кесiмдер мен нормаларды даярлау, мемлекеттік қадағалау пункттерiне жер бөлiнiстерiн ресiмдеу;
2008-2010 жылдары жұмыс iстеп тұрған қадағалау пункттерiне жер асты суларының мониторингiн жүргiзу, инфрақұрылымы анағұрлым дамыған және халқы тығыз орналасқан әрi қауiптi құбылыстарға үдемелi ұшыраған аумақтарда қауiптi геологиялық процестердiң (сырғымалар, селдер, құламалар) жаңа бекеттерi мен полигондарын және Жер асты суларының мемлекеттік мониторингiн құру, жер асты суларының техногендiк ластануының Iле, Қошқарата, Мiрғалымсай-Түркiстан, Тобыл-Обаған, Ертіс полигондарында қауiптi геологиялық процестердi зерттеу бойынша Қаскелең-Талғар полигонында, жер сiлкiнiсiнiң хабаршыларын зерттеу бойынша Алматы болжау полигонында қадағалау жүргiзудi жалғастыру, Балқаш-Алакөл, Ташкент маңы және Батыс Қазақстан артезиандық бассейндерiнде полигондардың автоматтандырылған үлгiсiн құруды бастау, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мемлекеттік мониторингiнiң дереққорын жүргiзу және оның Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттардың Орталық деректер банкi құрамында жұмыс iстеуi, "Жер асты сулары" кiшi жүйесi бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік су кадастрын жүргiзу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізу, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестердiң мемлекеттік мониторингiн қамтамасыз ету үшiн нормативтiк құқықтық кесiмдер мен нормаларды даярлау, мемлекеттік қадағалау пункттерiне жер бөлiнiстерiн ресiмдеудi бастау көзделiп отыр.
ҚР Yкіметінiң 2005.11.07. № 716 Қаулысымен 5.6. бөлімше өзгертілді (бұр. ред. қара)
5.6. Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы қазiргi заманғы
ақпараттық жүйе құру. Геологиялық зерттеулердi ақпараттық қамтамасыз ету
Геология саласының тиiмдi жұмыс iстеуi үшiн жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы толық, шынайы және жедел ақпарат қажет. Қазіргi уақытта жинақталған геологиялық-геофизикалық және талдамалық ақпараттың 90%-ға жуығы әлi күнге дейiн қағаз күйiнде сақталуда әрi тозуда, көбiнесе қалпына келтiрiлмейдi. Әлемнің озық елдерi, iс жүзінде ақпараттың түрлерiн, соның iшінде геологиялық та есепке алу, сақтау мен толықтыруды толық автоматтандыруға көштi. Минералдық-шикiзаттық база Қазақстан экономикасының стратегиялық негiзi екенiн ескере отырып, геологиялық ақпаратты қағаздан магниттiк-сандық негiзге көшiру әрi жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттың мемлекеттік компьютерлiк банкінің бiрыңғай жүйесiн құру қажеттiгi әлдеқашан пiсiп-жетілдi. Осы жүйенің көмегiмен мынадай міндеттep шешiлетiн болады:
жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттық компьютерлiк банкiн құру әрi серпіндi жүргiзу;
жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттық компьютерлiк банкiн рұқсатсыз енуден қорғауды қамтамасыз ету;
нәтижесiн мәтiн, кесте және графика нысандарында берiп, ақпаратты автоматтандырылған кешендi өңдеу мен талдау;
әртүрлi сатылық деңгейде (жергілiктi, аймақтық және республикалық) салалық міндеттер шешу үшiн автоматтандырылған технологиялар әзiрлеу әрi енгізу;
жер қойнауы мен жер қойнауын пайдаланудың автоматтандырылған мониторингiн жүзеге асыру, геологиялық ақпарат ағындарын басқару;
жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы деректер банкін дамыту шеңберiнде қазiргі заманғы компьютер кешендерi мен бағдарламалық құралдарын сатып алу.
Геологиялық ақпаратты қалыптастыруды "Қазгеоақпарат" республикалық геологиялық ақпарат орталығы орындайды, ол Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетiнiң қарауында әрi Қазақстан Республикасының минералдық-шикiзаттық кешенiнiң жай-күйiн талдау, геологиялық ақпаратпен қамтамасыз ету, жер қойнауын пайдалануды тiркеу, жер қойнауын пайдалану мониторингi, жер қойнауын пайдаланушылар қызметiнiң нәтижелерiн мемлекеттік статистикалық есепке алу, жер қойнауы туралы ақпаратты жинау, сақтау әрi пайдалануға беру, жер қойнауы туралы деректердің мемлекеттік компьютерлiк банкiн құру мен жүргізу жөніндегі басты үйлестiру орталығы болып табылады.