«Қазақстан Республикасында құс тұмауы таралуының алдын алу жөніндегі
2007-2008 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 тамыздағы № 801 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2007.05.10 № 908 қаулысымен күші жойылды
Құс тұмауы бойынша эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және осы аурудың ел аумағына әкелінуі мен таралуына жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында құс тұмауы таралуының алдын алу жөніндегі 2007-2008 жылдарға арналған бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар Бағдарламада көзделген іс-шаралар жоспарының уақтылы орындалуын және жыл сайын 1 желтоқсанға қарай Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне олардың іске асырылу барысы туралы ақпарат беруді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын 20 желтоқсанға қарай Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысына жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2006 жылғы 23 тамыздағы
№ 801 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында
құс тұмауы таралуының алдын алу жөніндегi
2007-2008 жылдарға арналған
Бағдарлама
Мазмұны
1. Бағдарламаның паспорты
2. Кіріспе
3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттерi
5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктерi
6. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздерi
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтиже
8. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
9. Ескертпелер
1. Бағдарламаның паспорты
Бағдарламаның атауы Қазақстан Республикасында құс тұмауы
таралуының алдын алу жөніндегі
2007-2008 жылдарға арналған
бағдарлама
Бағдарламаны әзірлеу үшін Қазақстан Республикасының
негіздеме Премьер-Министрі Д. Ахметов
өткізген "Қазақстан Республикасында
құс тұмауы таралуының алдын алу
жөніндегі шаралар туралы" 2006 жылғы
28 ақпандағы кеңестің № 17-621007-337
хаттамасы
Әзірлеуші мемлекеттік Қазақстан Республикасы Ауыл
орган шаруашылығы министрлігi
Бағдарламаның мақсаты Қазақстан Республикасында құс тұмауы
бойынша эпизоотиялық және
эпидемиологиялық ахуалды
тұрақтандыруды қамтамасыз ету
Бағдарламаның міндеттері Қазақстан Республикасының аумағына құс
тұмауының әкелінуін және таралуын
болдырмау жөніндегі кешендi
іс-шараларды жүзеге асыру
Қазақстан Республикасының аумағында
құс тұмауының эпизоотиялық және
эпидемиологиялық мониторингін жүргізу
Құс тұмауы ошақтарының алдын алу және
оларды жою үшін ic-шараларды жүргізу
бойынша мемлекеттік органдар мен
оларға ведомстволық бағынысты
ұйымдардың өзара іс-қимыл жасауы
Емдеу-алдын алу мекемелерінде қажеттi
іс-шараларды дайындау
Жұртшылықпен байланыс орнату және
ақпарат алмасу
Қаржыландыру көлемі мен Талап етілмейдi
көздерi
Күтілетін нәтижелер Бағдарламаны іске асыру құс тұмауы
бойынша қолайлы эпизоотиялық және
эпидемиологиялық ахуалды қамтамасыз
етуге мүмкіндік бередi
Аталған аурудың Қазақстан
Республикасының аумағына әкелінуіне
және таралуына жол бермеу жөніндегi
кешенді іс-шараларды жүргізуге
жұмылдырылған қызметтердің әзірлігін
арттыруға алып келедi
Қазақстан Республикасының аумағына құс
тұмауының әкелінуіне және таралуына
жол бермеу, сондай-ақ оны жою жөнінде
кешенді іс-шаралар жүргізілетін болады
Қазақстан Республикасының аумағында
құс тұмауының эпизоотиялық мониторингi
жүргізілетін болады
Iске асыру мерзімі 2007-2008 жылдар
2. Кіріспе
Құс тұмауы - үй құстарының, синантропты және жабайы құстардың эпизоотия немесе энзоотия түрінде өтетін, респираторлық органдар мен асқазан-ішек жолдарының зақымдануымен, жалпы әлсіреумен, өнімділіктің төмендеуімен сипатталатын жоғары зардапты ауруы және ол тұмаудың А қосалқы типінің әртүрлі антигендік нұсқаларынан пайда болады.
Үй құстары арасындағы құс тұмауының А қосалқы типі (H5N1) қоғамдық денсаулық сақтауға айтарлықтай қауіп төндіреді, себебі вирустар өлім қаупін күшейтіп, адамға ауыр дертке шалдықтыратын ауру жұқтыруы мүмкін. Бұдан басқа, вирустың адам тұмауының штаммдарымен араласу қабілеті жоққа шығарылмайды, бұл адамнан адамға оңай берілетін жаңа вирустың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкін. Мұндай вирустың пайда болуы тұмау пандемиясына себепкер болып, болжаусыз шығындарға, өлім көрсеткіштерінің ұлғаюына және қомақты экономикалық шығыстарға әкеп соқтыруы мүмкін.
Халықаралық эпизоотиялық бюро құс тұмауын аса қауіпті трансшекаралық антропозооноздық (адам мен жануарлар үшін қауіпті) аурулар тізіміне жатқызады. Вирустың 5 (бесінші) және 7 (жетінші) қосалқы типтерімен негізделген жедел өтетін індеттің өршуі неғұрлым қауіпті және әдетте ошақтарда 75-тен 100 %-ға дейін құс басының шығынына себеп болатын және кең аумақты қамтитын апатты салдарлары болады.
Қазақстан Республикасы аумағында құс тұмауы таралуының алдын алу жөніндегі бағдарламаны әзірлеу мен іске асырудың әлеуметтік-экономикалық маңызы бар.
3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау
Әлемде құс тұмауымен науқастану бойынша бүгінгі күні қалыптасып отырған эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуал, сондай-ақ аурудың үй құстары арасында шапшаң таралуы мазасыздық туғызып отыр.
Тұмау пандемиясы науқасқа шалдығудың, өлім-жітімнің болжап болмайтын ауқымында орын алып және орасан зор экономикалық шығынға алып келген XX ғасырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдегі құс тұмауы жөніндегі ахуалды мұқият және ұдайы қадағалап отырды, қажетті есептеулерді және тұмау эпидемиялары мен төніп келе жатқан пандемияларына алдын ала болжамдар жасады.
«Құс тұмауының" алғашқы күрделі өршуі 1997 жылы Гонконгте болды. Ол кезде жиырмадан астам адам науқасқа шалдығып, олардың алтауы көз жұмды. Медицина қызметкерлері бұл адам тұмауының қандай да бір жаңа штамының салдары болар деп шешті, алайда аурудың себебі бұрын тек құстарда ғана кездесетін вирустың қосалқы типі екендігі анықталды. Сол жылы Гонконг билігі шешуші шаралар қабылдады. Қаланың бүкіл аумағы бойынша шамамен 1,5 млн. тауық өлтірілді. Көгершін мен басқа құстың едәуір көлемі жойылды. Екі жыл өткеннен кейін «құс тұмауы» Гонконгте қайта пайда болды, бірақ бұл жолы адам шығыны болмады - ауырған екі бала сауығып кетті. Гонконгте болған H9N2 вирусын сол жылы Қытайда адамдар жұқтырып алған бірнеше жағдай болды. Өткен жылы Қытайға туристік саяхат жасаған гонконгтік жұп "құс тұмауымен" ((H5N1) штамы) ауырды. Бір адам жазылып, екіншісі қайтыс болды. Бұдан басқа, Нидерландыда H7N7 штамы фермерлер мен олардың отбасы мүшелері - 80-нен артық адамның ауыруына себеп болды. Үстіміздегі жылы «құс тұмауы»: Вьетнам, Камбоджа, материктік Қытай, Лаос, Индонезия, Пәкістан, Корея Республикасы, Таиланд, Тайвань және Жапония сияқты Азия елдеріне таралуда. Қытайға, Вьетнамға, Сингапурға, Таиландқа және Филиппинге туристік саяхат жасаған Еуропа, Америка және Израиль тұрғындарының арасында ауру жұқтырған жағдайлар тіркелген. Үнемі өзгергіш вирустың қазірдің өзінде екі жүз елуге жуық түрі бар. Эпидемиологтардың өзі перспективада бұл ауру атын ауызға алудың өзі қорқынышты болған типтік емес өкпе қабынуынан (SARS) да асып түсуі мүмкін деп санайды. «Құс тұмауының» вирусы тіпті өлі құстың өлексесінде бір жылға дейін тіршілік ете алады. Егер ол адам тұмауының вирусымен қосылатын болса, барлық әлемде жүздеген емес, миллиондаған адамдар пандемияның құрбаны болғалы отыр. Халықаралық эпизоотиялық бюроның директоры Бернар Валлаттың айтуынша, «адамдар ауыратын кәдімгі тұмау мен жануарлардан жұқтырылған «құс тұмауының» қоспасы қазіргі жағдайда өте жылдам таралуы мүмкін және таяудағы болашақта планеталық ауқымға жетуі мүмкін». Британдық зерттеушілер қазіргі құс тұмауы XX ғасырдың басында әлем бойынша 20 млн. астам адамның өмірін қиған «испанка» вирусына ұқсайды деп пайымдайды.
Қазіргі уақытта аурудың Оңтүстік Шығыс Азия және Еуропа елдерінде адам өлімінің жиілеуімен ұштаса өршуі тіркеліп отырғаны белгілі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректері бойынша адамдарда А/H5N1 тұмауымен ауыру анықталған жағдайдың жалпы саны 166-ға жеткен, олардың 88 жағдайында өлім-жітімге ұшырау тіркелген.
ДДСҰ сарапшыларының болжамы бойынша тұмау пандемиясы үлкен қауіп төндіріп тұр (эпидемияның материктерге және континенттерге таралуы) және оған дайындық жасау мен қарсы шаралар қолдану жөнінде жедел шаралар қабылдау қажет. Вирус пандемиялық әлеуетке ие болған жағдайда 2,0-7,4 млн. адам құрбан болуы ықтимал деп болжануда.
Осы мақсатта көптеген халықаралық ұйымдарда және әлем елдерінде мынадай ic-шаралар жүргізілген.
БҰҰ. Құс тұмауы қаупіне қарсы күрес бойынша халықаралық бастама қабылданып, оған 80-нен астам мемлекет қосылып отыр.
ДДСҰ. Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен ынтымақтастықта бағдарлама және вирусқа қарсы препараттарды құс тұмауына қарсы шоғырландыру жөніндегі ортақ банк құрылды.
АҚШ. Құс тұмауы пандемиясы қаупіне қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық стратегия қабылданды. Құс тұмауына қарсы күрес бағдарламасына 7,1 млрд. АҚШ долларын бөлу жоспарланып отыр.
Еуроодақ. 20 мүше ел вирусқа қарсы вакцинаның ұлттық қорын құрады. Құс тұмауына қарсы вакцина әзірлеуге 1 млрд. евро бөлу жоспарланып отыр.
Ресей. Құс тұмауының алдын алу және оны жою жөнінде, диагностикалық тест-жүйе әзірлеу және құс тұмауына қарсы вакцина әзірлеу жөнінде бағдарламалар қабылданды. 1 млрд. рубль бөлінді.
Солтүстік Еуропа елдері (Финляндия, Дания, Швеция, Норвегия және Исландия) құс тұмауына қарсы күрес блогын құрды.
Африка елдері. Құс тұмауына қарсы күрес жөніндегі ұлтаралық бағдарлама қабылданды.
Жапония. 2005 жылғы 14 қарашада Жапония үкіметі Құс тұмауы пандемиясын болдырмау жөніндегі іс-қимыл жоспарын жария етті.
Құс тұмауы эпизоотиясының толқыны біздің республикада да болмай қалған жоқ. 2005 жылы Павлодар, Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл аурудың өршуінің 7 ошағы тіркелді.
Павлодар облысы Ертіс ауданынан жабайы және үй құстарынан алынған патологиялық материалдар мен қан сары суы сынамаларын зертханалық тексеру кезінде "H5N1 антигендік формуласы бар А типті жоғарғы зардапты құс тұмауы" деген түпкілікті диагноз белгіленді. Көрсетілген облыстардың барлық қолайсыз пункттерінен 12 860 бас үй құстары алынып жойылды. Алынған және жойылған құс иелеріне республикалық бюджет қаражатының есебінен 5 449 444,2 теңге өтемақы төленді.
Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде құс тұмауы бойынша эпизоотиялық жағдайдың күрделенуі байқалып отыр. Республика аумағының географиялық орналасуын ескере отырып, Қазақстанның су тоғандары Азиядағы аса маңызды резерваттар, құстардың суда және су жағалауында мекендейтін түрлерін шығарушы болып табылады. Республикада ұялау, түлеу, маусымды миграция және қыстау кезеңінде құстардың 130 түрі тіркелген. Жыл сайын құстардың ұялайтын түрлерінің саны 10 миллионға дейін жетеді, түлеуге 2-3 миллион құс ұшып келеді, ал 50 миллионға жуық жыл құстары күзгі және көктемгі миграция кезеңінде біздің су тоғандарында аялдайды.
Қазақстан Республикасының аумағында құс тұмауының шығу мүмкіндігі көктемде күшейе түседі, себебі осы ауру бойынша қолайсыз елдерден жыл құстары ұялауға ұшып келеді. Бұл ретте құстардың ұшып өтетін жолдары мен шоғырланатын орындары айрықша қауіпті болып табылады. Қазіргі уақытта аурудың таралу аймағы кеңейді және оңтүстік Азия елдерінен де, оңтүстік Еуропа елдерінен де инфекцияның әкеліну қаупі күшейді. Құстардың ұшу жолдарын талдау республика аумағы арқылы үш негізгі маусымдық ұшу жолы өтетінін көрсетеді:
пәкістандық қыстаулардан;
үндістандық қыстаулардан;
оңтүстік-еуропалық және солтүстік-африкалық қыстаулардан.
Бұл ретте жыл құстары республиканың бүкіл дерлік аумағына ұшып келеді немесе ұялайды. Көктемгі кезеңде кейінгі уақытта құстардың жаппай өлімі тіркеліп отырған оңтүстік-еуропалық қыстаулардан келетін құстар неғұрлым қауіпті.
Әлемдегі эпизоотиялық ахуал осы ауруға қарсы күрес тәсілдерін дайындау, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөнінде шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүрлейді.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттерi
Бағдарламаның мақсаты Қазақстан Республикасында құс тұмауы бойынша эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруды қамтамасыз ету болып табылады.
Бағдарламаның неғұрлым маңызды міндеттерінің қатарында мыналарды атап айтуға болады:
1) Қазақстан Республикасының аумағына құс тұмауының әкелінуін және таралуын болдырмау жөніндегі кешенді іс-шараларды жүзеге асыру;
2) Қазақстан Республикасының аумағында құс тұмауының эпизоотиялық және эпидемиологиялық мониторингін жүргізу;
3) құс тұмауының өршуін болдырмау және оны жою үшін іс-шараларды жүргізу жөнінде мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың өзара іс-қимыл жасауы;
4) емдеу-алдын алу мекемелерінде қажетті іс-шаралар дайындау;
5) жұртшылықпен байланыс орнату және ақпарат алмасу.
5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен
тетіктерi
Осы инфекция жөніндегі деректерді үздіксіз жинауды қамтамасыз ету, келіп түсетін материалдарды талдау және қорыту Қазақстан Республикасында құс тұмауына шалдығу жөніндегі эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуал бойынша мониторинг жүргізуді қажет етеді. Осы аурудың эпизоотологиялық үдерісінің уақыттық үрдістері мен қарқынын анықтау құс тұмауын эпидемиологиялық және ветеринарлық бақылау жүйесін жетілдіруді, ауруға шалдығу, оның маусымдық өзгеруі және адамдар мен малдың арасында құс тұмауының өршуі туралы ақпаратты уақтылы алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ахуалды мониторингтеуді және бағалауды көздейді.
Алдын алу және құс тұмауына қарсы күрес мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар тарапынан үйлестірілген іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында құс тұмауы пандемиясының қаyпі кезінде ден қою жүйесін жоспарлауды және үйлестіруді әрі құс тұмауын жою және оның одан әрі таралуының алдын алу бойынша іс-шараларды жүргізу жолымен олардың құс тұмауы пандемиясы жағдайындағы төтенше жұмыс режиміне көшуін көздеу қажет, бұл мыналарды қамтиды:
адамдар мен малдың арасында құс тұмауының өршуін оқшаулау және жою мақсатында эпизоотиялық және эпидемиологиялық бақылау деректеріне жүйелі талдау жүргізу;
госпитальданған, ауруханадан шығарылған, қайтыс болған тұлғалардың санын, ашылған медициналық құрылымдардың санын ескере отырып, дамып жатқан ахуалды мониторингтеуді және бағалауды қамтамасыз ету;
емдеу-алдын алу мекемелерінде қарсы іс-шараларды дайындау (құс тұмауымен ауыратын науқастарға медициналық көмекті және аурухана ішінде жұқтырып алудың алдын алу жөніндегі кешенді іс-шараларды ұйымдастыру, адамдарды құс тұмауынан иммунизациялауға және емдеуге арналған препараттардың, дәрілік заттардың және басқа да шығыс материалдарының қорын құру және сақтау).
Халықпен ауру жұқтырудың алдын алу шаралары туралы жүйелі түрде түсіндіру жұмысын жүргізу және құс тұмауы вирусының пайда болу және таралу қаупіне байланысты ахуал туралы тұрақты түрде дұрыс ақпарат беріп отыру мыналарды қамтиды:
жұртшылықты уақтылы хабардар ету және құс тұмауының алдын алу және оның таралмауын бақылау үшін халықтың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыру;
БАҚ-ты пандемияға дайындық жөніндегі іс-шаралардың орындалуы бөлігінде Бағдарламаның іске асырылу барысымен, сондай-ақ құс тұмауының маусымдық және пандемиялық таралуына қарсы күреске бағытталған шешімдермен таныстыру;
пандемиялық тұмау қаупі кезінде халықтың білім деңгейін анықтау үшін "кері байланыс" тетігін дамыту және қолдау.
Құс тұмауы пандемиясының пайда болуына және таралуына жол бермеу жөніндегі алдын алу іс-шараларын уақтылы және тиімді жүзеге асыру материалдық қорды, шұғыл қажеттіліктерді бағалауды жүйелі жүргізуді және құс тұмауына қарсы алдын алу құралдарын пайдалану қолданудың тәртібін әзірлеуді көздейді.
6. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздерi
Бағдарламаны іске асыру республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржы қаражатын талап етпейді.
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтиже
Құс тұмауы бойынша эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру.
Қазақстан Республикасының аумағына құс тұмауының әкелінуіне және таралуына жол бермеу, сондай-ақ оны жою жөніндегі кешенді іс-шараларды жүргізуге жұмылдырылған қызметтердің әзірлігін арттыру.
Қазақстан Республикасының аумағында құс тұмауының пайда болуының және таралуының алдын алу жөніндегі кешенді алдын алу іс-шараларын жүзеге асыру. Қазақстан Республикасының аумағында құс тұмауының эпизоотиялық мониторингі жүргізілетін болады.
8. Қазақстан Республикасында құс тұмауы таралуының
алдын алу жөніндегі 2007-2008 жылдарға арналған
бағдарламаны іске асыру жөніндегі
іс-шаралар жоспары
№ | Іс-шаралардың атауы | Аяқтау нысаны | Орындауға жауаптылар | Орындау мерзімі | Болжалды шығыстар (мың теңге) | Қаржыландыру көздері |
2007 ж. | 2008 ж. |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
1. Қазақстан Республикасының аумағында құс тұмауының эпизоотиялық және эпидемиологиялық мониторингін жүргізу |
1.1 | Қазақстан Республикасында құс тұмауына шалдығу жөніндегі эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуалдың мониторингін жүргізу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат | АШМ (жинақтау), ДСМ | Жыл сайын 20 желтоқсанға қарай | талап етілмейді |
2. Құс тұмауы пандемиясының қаупі кезінде ден қою жүйесін жоспарлау және үйлестіру |
2.1 | Мемлекеттік мекемелердің ведомстволық бағынысты ұйымдарының құс тұмауы өршуінің алдын алу және оны жою жөніндегі іс-шараларды жүргізуде өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат | АШМ | Жыл сайын 20 желтоқсанға қарай | талап етілмейді |
3. Құс тұмауын эпидемиологиялық және ветеринарлық бақылау жүйесін жетілдіру, ахуалды мониторингтеу және бағалау |
3.1 | Адамдар мен малдың арасында құс тұмауымен ауыру, маусымдық өзгерістері және өршуі туралы уақтылы ақпарат алуды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс | АШМ (жинақтау), ДСМ | 2008 жылғы І тоқсан | талап етілмейді |
4. Құс тұмауы бойынша алдын алу және шектеу іс-шаралары |
4.1 | Құс тұмауына қарсы алдын алу құралдарын пайдалану тәртібін әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс | АШМ | 2007 жылғы ІІ тоқсан | талап етілмейді |
5. Емдеу-алдын алу мекемелерінде қажетті іс-шараларды дайындау |
5.1 | Пандемия кезеңінде құс тұмауымен ауыратын науқастарға медициналық көмекті және аурухана ішінде жұқтырып алудың алдын алу жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру жөнінде ұсыныс дайындау | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс | ДСМ | 2007 жылғы ІІІ тоқсан | талап етілмейді |
5.2 | Емдеу-алдын алу ұйымдарында халықты құс тұмауына қарсы иммунизациялау үшін препараттардың, дәрілік заттардың және басқа да шығыс материалдарының қорын құру және сақтау жөнінде ұсыныс енгізу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс | ДСМ | 2007 жылғы І тоқсан | талап етілмейді |
6. Құс тұмауы пандемиясы жағдайында жұртшылықпен байланыс орнату және ақпарат алмасу |
6.1 | Құс тұмауының алдын алу және таралмауын бақылау үшін жұртшылықты уақтылы хабардар етуді және халықтың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруды қамтамасыз ету | АШМ-ге ақпарат | Орталық және жергілікті атқарушы органдар | Жыл сайын 1 желтоқсанға қарай | талап етілмейді |
6.2 | БАҚ-ты пандемияға дайындық жөніндегі іс-шаралардың орындалуы бөлігінде Бағдарламаның іске асырылу барысымен, сондай-ақ құс тұмауының маусымдық және пандемиялық таралуына қарсы күреске бағытталған шешімдермен таныстыру | АШМ-ге ақпарат | Орталық және жергілікті атқарушы органдар | Жыл сайын 1 желтоқсанға қарай | талап етілмейді |
6.3 | Пандемиялық тұмау қаупі кезінде халықтың білім деңгейін анықтау үшін "кері байланыс" тетіктерін дамыту және қолдау | АШМ-ге ақпарат | Орталық және жергілікті атқарушы органдар | Жыл сайын 1 желтоқсанға қарай | талап етілмейді |
7. Құс тұмауы пандемиясы жағдайында министрліктердің, ведомстволардың және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жұмыс тәртібіне көшуі |
7.1 | Адамдар мен малдың арасында құс тұмауының өршуін оқшаулау және жою мақсатында эпизоотиялық және эпидемиологиялық бақылау деректеріне жүйелі талдау жүргізу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат | АШМ (жинақтау), ДСМ, жергілікті атқарушы органдар | Жыл сайын 20 желтоқсанға қарай | талап етілмейді |
7.2 | Госпитальданған, ауруханадан шығарылған, қайтыс болған тұлғалардың санын, ашылған медициналық құрылымдардың санын ескере отырып, дамып жатқан ахуалды мониторингтеуді және бағалауды қамтамасыз ету жөнінде ақпарат дайындау | АШМ-ге ақпарат | ДСМ (жинақтау), жергілікті атқарушы органдар | Жыл сайын 1 желтоқсанға қарай | талап етілмейді |
8. Құс тұмауы пандемиясын таратпау жөніндегі алдын алу іс-шаралары |
8.1 | Вакциналарды пайдалану тәртібін енгізу үшін материалдық қорды және шұғыл қажеттіліктерді жүйелі түрде бағалауды жүргізу | АШМ-ге ақпарат | ДСМ (жинақтау), жергілікті атқарушы органдар | Жыл сайын 1 желтоқсанға қарай | талап етілмейді |