Аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиялары қабылдаған шешімдерді тексеру нәтижелері осы Ережеге 8-қосымшаға сәйкес облыстық (республикалық маңызы бар қала мен астананың) шақыру комиссиясының хаттамалар кітабына енгізіледі.
35. Жергілікті әскери басқару органдары Заңға сәйкес жабдықталған жиын пункттерімен мынадай мақсатта қамтамасыз етіледі:
шақырылушылармен әскери командаларды жасақтау;
командаларды әскери командаларды қабылдап алу және ілесіп жүру үшін әскери бөлімдерден келген өкілдерге беру;
әскери командаларды қажетті мүлікпен және тағайындалған жерге дейінгі жолға қажетті тамақпен қамтамасыз ету;
командаларды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына ұйымдасқан түрде жөнелту.
Облыстық жиын пункттерінде шақырылғандардың ішінен жекелеген адамдар науқастану немесе басқа да себептермен кейінге қалдырылған жағдайда командаларды толықтыру үшін қажеттілігіне қарай пайдаланылатын әскери командамен жөнелтілетіндердің санынан 1 пайызға дейінгі мөлшерде шақырылушылар резервінің болуына рұқсат етіледі. Облыстық жиын пункттерінде резервте тұрған шақырылушыларды 2 күннен артық ұстауға жол берілмейді.
36. Облыстық жиын пунктінде:
қорғаныс істері жөніндегі басқармалардан (бөлімдерден) келетін жеке құрамды орналастыру үшін үй-жай;
жеке құрамды санитарлық тазартуға арналған (монша, сусебезгі) үй-жайлар;
шақырылушы азаматтар арасында олар жиын пунктінде болған кезде тәрбие жұмысын жүргізуге арналған үй-жайлар;
әрбір дәрігер-маманға бір бөлме есебінен медициналық тексеруге арналған бөлмелер;
флюорографиялық тексеруге арналған кабинет;
әскери командаларды жасақтау бөлімшелері үшін үй-жай;
әскери командаларды әскери бөлімдерге қабылдап алу және ілесіп жүру үшін әскерлерден келген жеке құрамды орналастыруға арналған үй-жай;
тамақтану пункті, буфет;
дезинфекциялық камералары бар санитарлық өткізуші, екі инфекция изоляторы, санитарлық тораптар;
жеке құрамды сапқа тұрғызу және олармен саптық және спорттық жаттығуларды өткізуге арналған орын болуы тиіс.
Барлық үй-жайлар, кабинеттер, санитарлық өткізуші санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкес болуы тиіс.
Бұдан басқа, жиын пунктінде жиын пунктінің қолбасшылығын, кезекші қызметті және әскери тәртіпті сақтау үшін тағайындалатын басқа да адамдарды орналастыруға арналған орындар қарастырылуы тиіс.
37. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер бастықтары және олардың тәрбие, әлеуметтік және психологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарлары облыстық жиын пункттерінде әзірленген жоспарларға сәйкес шақырылушылар арасында қажетті тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастырады, шығарып салуға келген ата-аналармен түсіндіру жұмысын жүргізеді, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен шақырылушылардың ата-аналарының қатысуымен әскери командалардың жеке құрамын салтанатты түрде шығарып салуды ұйымдастырады.
Облыстық жиын пункттерінде, сондай-ақ жүру жолында шақырылушылармен тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысты жүргізу кезінде жоғары ұйымдастырушылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге, жергілікті тұрғындарға қатысты бұзақылық және басқа да адамгершілікке жат қылықтар жасауға жол бермеуге назар аударылады. Жүру жолында және тоқтаған жерлерде мінез-құлық ережелері мен қауіпсіздік шаралары, жеке құрамның әскери тәртіпті, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қатаң сақтау қажеттілігі түсіндіріледі.
38. Әскери командаларды қабылдап алуға және ілесіп жүруге тағайындалған жеке құрам облыстық жиын пункттеріне әскери командалардың жөнелтілуіне дейін 2 тәулік бұрын келуге тиіс.
Әскери командаларды қабылдап алу және ілесіп жүру үшін әскерлерден келген жеке құрам облыстық жиын пунктінің бастығына бағынады. Ол облыстық жиын пунктінің қолбасшылығымен бірлесіп әскери командаларды құрады, жеке істері бойынша әңгімелесу жолымен шақырылушыларды зерделейді, жеке құрамды ас ішуге, санитарлық қараудан өтуге ілесіп жүреді және облыстық жиын пунктінің жұмыс тәртібіне сәйкес басқа да іс-шараларға қатысады.
39. Команда жетекшілеріне әскери командаларға ілесіп жүру құқығына сенімхат беріледі.
40. Облыстық жиын пункттерінде шақырылған азаматтар осы Ережеге 9-қосымшаға сәйкес атаулы тізім бойынша команданың бастығына тапсырылады.
Атаулы тізім жөнелтілетін әскери команданың әрқайсысына 4 данада жасалады. № 1 және 2 даналары есептік-қызметтік карточкаларымен, амбулаторлық науқастың медициналық картасына шақырылушыға қосымша парақтарымен әскери команданың бастығына табыс етіледі. Тізімнің № 3 данасы әскери команда бастығының шақырылушыларды қабылдағаны туралы қолхатымен қорғаныс істері жөніндегі департаментте қалады. Тізімнің № 4 данасы әскери билеттерді беру ведомосімен бірге тігіледі.
Бұдан басқа, әскери команда бастығына әскери бөлімге дейінгі жүру жолына тасымалдау құжаттары тапсырылады.
41. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды тасымалдау шығыстарын өтеуді олар ұсынған шоттар бойынша тиісті мемлекеттік органдарға республикалық бюджетте осы мақсаттарға көзделген қаражат шегінде тікелей тасымалдауды жүзеге асыратын ұйымдар жүргізеді.
42. Команда жетекшілері белгіленген жерге келгеннен кейін жеке құрамды атаулы тізім мен есептік-қызметтік карточкалар бойынша қабылдау пункттерінің бастықтарына тапсырады. Осымен бір уақытта тиісті бастықтарға әскери тәртіптің жағдайы туралы және жүру жолындағы оның барлық бұзылу оқиғалары туралы баяндайды.
Қабылдау пункттерінде тізімнің бірінші данасының 8-бағанында әрбір тегінің тұсына шақырылушының қашан және қандай әскери бөлімге (орналасу пунктін көрсетпей бөлімнің шартты нөмірі) мерзімді әскери қызметті өткеруге жіберілгені туралы белгі қойылады. Тізімнің осы данасы шақырылушыларды қабылдау аяқталған соң командирлердің (бастықтардың) өкімімен қабылдау пункті құрылған әскери бөлімге беріледі. Жаңа буынды қабылдау туралы белгісі бар, елтаңбалы мөрмен куәландырылған екінші данасы жаңа буын келген қорғаныс істері жөніндегі департаментке жіберіледі. Әскери бөлімдерден келген атаулы тізімдері бар істер 10 жыл бойы сақталады.
3-тарау. Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыруды
ұйымдастыру мен өткізу тәртібi
43. Запастағы офицерлерді офицерлік құрам лауазымына әскери қызметке шақыру Заңның 24-бабына сәйкес жүргізіледі.
44. Запастағы офицерлерді шақыру үшін іріктеуді өткізу кезінде жасақтау үшін офицерлер тағайындалатын әскери бөлімдердің өкілдері іріктеу жөніндегі комиссияның құрамына енгізілуі мүмкін.
45. Жергілікті әскери басқару органының бастығы әскери бөлімнің (мекеменің) өкілімен бірлесіп, шақырылуға жататын запастағы офицерлерді зерделеу және іріктеу жөніндегі жұмысты жүргізеді.
46. Запастағы офицер шақырылатын Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары, әскери бөлімдердің командирлері, мекемелер бастықтары:
1) денсаулық жағдайына, моральдық-іскерлік қасиеттеріне, отбасы жағдайына назар аудара отырып жеке әңгімелеседі, қажет болған жағдайда кандидатты қосымша тексеру мен медициналық тексеру туралы шешім қабылдайды, кәсіби даярлық деңгейін анықтау үшін жалпы сауалнама өткізеді;
2) әңгімелесуді жүргізу нәтижелері бойынша іріктелген кандидатпен зерделеу парағын ресімдейді;
3) шақыруға кандидатты алдын ала зерделеу және іріктеу үшін қажетті білім деңгейі және қызмет тәжірибесі бар офицерлер қатарынан өкілдер тағайындайды;
4) аумақтық жасақтау қағидатын ескере отырып, одан әрі әскери қызмет өткеру үшін запастағы офицерлерді әскери лауазымдар бойынша алдын ала бөлуді жоспарлайды;
5) әскери бөлімнің (бөлімшелердің) тәрбие құрылымының командирлерімен, офицерлерімен запастан шақырылған офицерлермен жұмыс жүргізу нысандары мен әдістері бойынша сабақтар (нұсқамалар) өткізеді.
ҚР Үкіметінің 2006.18.10. № 1005 Қаулысымен 47-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
47. Шақыру үшін іріктелген кандидаттарға материалдарды ресімдеу тек Ереженің 45 және 46-тармақтарында көрсетілген лауазымды адамдар зерделегеннен кейін жүргізіледі.
48. Запастағы офицерлер қатарынан шақыруға іріктеліп алынған кандидаттар әскери қызметке жарамдылық тұрғысында медициналық куәландыруға жіберіледі.
Бұл ретте кандидаттарды іріктеуді жүзеге асыратын лауазымды адам медициналық тексеру картасының, жеке ісінің және басқа да шақыру құжаттарының толық және сапалы толтырылуын тексереді. Жергілікті әскери басқару органының бастығы арнайы тексеру өткізу үшін тиісті органдарға сұрау салуды ресімдейді.
Кандидаттың әскери қызметке жарамдылығы туралы шешім медициналық куәландыру мен арнайы тексеруді жүзеге асыратын тиісті органдардың жауаптарының нәтижелері бойынша қабылданады.
49. Әскери бөлімдердің лауазымды адамдары іріктеп алған және әскери қызметке шақыруға жарамды кандидаттардың тізімі тиісті командирмен (бастықпен) келісілгеннен кейін жергілікті әскери басқару органдарына жіберіледі.
50. Запастағы офицерлерді шақыру кезінде жергілікті әскери басқару органының бастығы мынадай құжаттарды ресімдейді және ұсынады:
1) қызметтік карта;
2) жеке ісі;
3) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі көшірмесі;
4) шақыруға кандидаттың зерделеу парағы;
5) туберкулез, тері-венерологиялық, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден, флюорография, ЭКГ нәтижелері, зәр мен қанның жалпы анализдерінің, RW (Вассерман реакциясы) және АҚТҚ инфекциясына қан анализдерінің анықтамаларын қоса медициналық куәландыру картасы;
6) тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарының анықтамасы;
7) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінен анықтама;
8) зейнеткерлік шартының көшірмесі;
9) әлеуметтік жеке кодтың көшірмесі.
51. Уәкілетті органның басшысы офицерлер лауазымына шақыруға жататын запастағы офицерлерге жергілікті әскери басқару органдарынан ұсынылған материалдар бойынша жеке құрам бойынша шақыру туралы бұйрық шығарады.
52. Запастағы офицерлерді шақыру туралы жеке құрам бойынша бұйрықтардан үзінді көшірмелер тиісті әскери бөлімдер (мекемелер) мен жергілікті әскери басқару органдарына жіберіледі.
53. Әскери бөлімнің (мекеменің) командирі жеке құрам бойынша бұйрықтан үзінді көшірмені алған сәттен бастап жергілікті әскери басқару органдарына сұрау салуды жібере отырып, запастан шақырылған офицерлердің келуін бақылауды жүзеге асырады, қызмет орнына кету мерзімін нақтылайды.
54. Шақырылған офицердің жеке ісі алдын ала белгіленген тәртіппен әскери қызмет орнына кетуі туралы ұйғарымды бергенге дейін жіберіледі.
55. Жергілікті әскери басқару органының бастығы шақырылушы офицерге ұйғарымды тапсырады және оның әскери бөлімге (мекемеге) кетуін бақылауды жүзеге асырады. Офицерлердің әскери бөлімге келуін жергілікті әскери басқару органының бастығы мен әскери бөлімнің командирі бақылайды.
56. Әскери бөлімнің (мекеменің) командирі офицер әскери бөлімге (мекемеге) келісімен әскери бөлімнің жеке құрамының тізіміне қабылдау туралы бұйрық шығарады және үлестің барлық түріне қоюды жүргізеді, баяндауды жүзеге асырады, жергілікті әскери басқару органын хабардар етеді және офицерлердің есептік мәліметтерін нақтылауды жүргізеді.
57. Запастан шақырылған офицерлер әскери бөлімге келгеннен кейін командир (бастық) мынадай нұсқаулар береді:
1) әлеуметтік-демографиялық деректерін, бейімін, қабілеті мен даярлық деңгейін зерделеу мақсатында әңгіме жүргізу туралы;
2) взвод (рота) өмірінің, тұрмысының және жауынгерлік жаттығудың барлық ерекшеліктерімен, техника мен қару-жарақтың жай-күйімен таныстыру туралы, бөлімше алдында тұрған негізгі міндеттерді жеткізеді;
3) сынақ тапсырумен функционалдық міндеттерін, жауынгерлік даярлықты ұйымдастыруды, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануды регламенттейтін басшылық құжаттарды зерделей отырып, жиындар өткізу туралы;
4) оқу пәндері бойынша әдістемелік-нұсқамалық сабақтар өткізу туралы;
5) атыстан, жауынгерлік машиналарды жүргізуден, техниканы пайдалану мен қызмет көрсету кезінде нормативтерді орындаудан бақылау сабақтарын өткізу туралы;
6) даярланған офицерлер қатарынан тәлімгерлер тағайындау қалыптасуға, тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсету туралы;
7) тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы;
8) қызмет орнына үй заттарын жеткізу, әйелдерін жұмысқа орналастыру, балаларын мектеп жасына дейінгі мекемелер мен мектептерге орналастыру мәселелерін шешуге көмек көрсету туралы.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскер тектері мен түрлерінің, өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдердің кадр органдары офицер қызмет орнына келмеген жағдайда себебін нақтылайды және офицердің есептік деректерін, жеке құрам бойынша бұйрықтың нөмірін көрсете отырып, облыстардың қорғаныс істері жөніндегі департаменттеріне сұрау салады.
Нақтылаудан кейін әскери полиция органдарымен бірлесіп, іздестіру іс-шараларын жүргізеді, қабылданған шараларды көрсете отырып, шақырылған офицердің белгіленген мерзімде келмегені туралы жоғары тұрған кадр органына баяндауды жүзеге асырады.
4-тарау. Әскери жиындарға шақыру
58. Әскери жиындар деп Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын арттыру мақсатында оларды әскери бөлімдерге шақырумен әскери қызметшілердің, сондай-ақ әскери міндеттілердің әскери дайындық, әскери білімін жетілдіру бойынша өткізілетін іс-шаралар түсініледі.
Әскери жиындардың негізгі мақсаты бейбіт уақытта қысқартылған санда ұсталынатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтарын арттыру, соғыс уақытында жасақтау аудандарында жұмылдыру және жасақтау кезінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын өрістетуге қажетті әскери-оқытылған ресурстарды даярлау және запаста жинақтау болып табылады.
59. Әскери міндеттілер әскери жиындарға жоспарлы жылға запастағы контингенттің шақыру көлемін анықтайтын Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының негізінде шақырылады.
60. Әскери жиындарды өткізу жөніндегі нақты міндеттер жыл сайын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрықтарымен айқындалады.
61. Әскери міндеттілерді даярлау сипаты мен мақсаттары бойынша әскери жиындар мынадай түрлерге бөлінеді:
1) оқу-жаттығу жиындары;
2) арнайы жиындар;
3) тексеру жиындары.
62. Тіркелген құрамның оқу-жаттығу жиындарында мыналар өткізіледі:
жұмылдыру мақсатына сәйкес міндеттерді шешу үшін запастағы офицерлерді, сержанттарды және солдаттарды даярлау;
есепшоттарды, бөлімшелерді, бөлімдер мен құрамаларды соғыс уақытының штаттары мен ұйымдастырылуына жақындатылған жағдайда жауынгерлік үйлестіру;
жұмылдыру жоспарларымен көзделген жекелеген іс-шараларды тексеру.
63. Әскери міндеттілерді даярлау, қайта даярлау және әскери білімдерін жетілдіру бойынша оқу-жаттығу жиындарында мыналар өткізіледі:
запастағы офицерлерді жоғары лауазымдарға даярлау;
запастағы сержанттар мен солдаттар қатарынан запастағы офицерлерді даярлау;
жұмылдыру жоспары бойынша әскери міндеттілердің әскери білімін жетілдіру және қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін жасақтау үшін қажетті басқа да мамандықтарға даярлау.
64. Қару-жараққа, техникаға және жұмсалмайтын қор мен ұзақ сақталатын қордағы мүліктерге қызмет көрсету жөніндегі оқу-жаттығу жиындарында әскери міндеттілердің қызмет көрсетілетін техниканы зерделеуі, сондай-ақ оларды пайдалану мен жауынгерлік қолдану жөніндегі практикалық дағдыларға баулу жүргізіледі.
65. Тексеру жиындарында жұмылдыру жоспарына сәйкес әскери бөлімдерге тіркелген әскери міндеттілермен олардың әскери даярлықтары мен практикалық дағдыларын талап етілетін деңгейде ұстау жөнінде сабақтар, сондай-ақ қару-жарақ пен техниканың жаңа түрлерінде оларды жауынгерлік қолдану жүргізу және қызмет көрсету жөніндегі өздерінің міндеттерін атқару бойынша жаттығулар өткізіледі.
66. Қарулы Күштерде әскери жиындарды жалпы жоспарлауды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құрамалары, бөлімдері мен бөлімшелері командирлерінің ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әскери жиындарға шақыруға жататын әскери-оқытылған мамандардың жыл сайынғы мөлшері негізінде Қорғаныс министрлігінің Штабтар бастықтары комитеті жүзеге асырады.
67. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің түрлері, әскер тегі немесе қызметі бойынша әскери жиындар өткізу жөніндегі ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Штабтар бастықтары комитеті белгілеген бақылау тапсырмалардың негізінде тиісті штабтар мен басқармалар әзірлейді. Ұсыныстарда жиындар түрі, олардың өткізілетін орны мен мерзімі, әр мамандық бойынша жиындарға шақырылуға жататын әскери міндеттілердің және жиынға өрістету үшін жоспарланған нақты құрамалар, бөлімдер мен мекемелер саны көрсетіледі.
Режимдік бөлімдер мен мекемелерде, сондай-ақ әскери міндеттілер аса маңызды жұмыстармен, өте құпия және құпия техникамен және құжаттармен байланысты бөлімдер мен мекемелерде әскери жиындарды жоспарлау кезінде осы бөлімдерге жиындарға шақырылған әскери міндеттілердің рұқсат нысаны ұсыныстарда көрсетіледі. Әскери міндеттілер үшін рұқсат нысаны мерзімді әскери қызмет пен келісім-шарт бойынша әскери қызметшілердің үлгісіндегідей белгіленеді.
Офицерлік құрамды даярлауға, сондай-ақ тікелей штабтар мен басқармаларға бағынбайтын бөлімдердің, құрамалар мен әскери оқу орындарының базасында мамандар даярлауға қатысты ұсыныс бөлімдері тиісінше Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадрлар және ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменттерімен келісіледі.
Тиісті штабтармен және басқармалармен әскери жиындарды жоспарлау жөніндегі келісілген ұсыныстар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Штабтар бастықтары комитетіне жыл сайын 15 қаңтарға қарай ұсынылады.
68. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің нұсқаулары және әскери жиындарды өткізудің жалпы жоспары негізінде штабтар мыналарды әзірлейді:
1) бағынысты әскери бөлімдермен әскери жиындар өткізу жоспарлары;
2) әскерлерді жұмылдыру даярлығы жөніндегі іс-шараларды ескере отырып, бағынысты бөлімдерде әскери міндеттілердің әскери жиындарын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша алдағы оқу жылына оқу бағдарламалары, әдістемелік ұсыныстар мен қажетті нұсқаулар;
3) жиындарды материалдық және қаржылық қамтамасыз етуді жоспарлау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Тыл бастығы басқармасымен және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Экономика және қаржы департаментімен келісілген әскери міндеттілердің саны және оларды бірлестіктер, құрамалар, әскери бөлімдер бойынша әскери жиындарға тарту мерзімі туралы мәліметтер;
4) әскери бөлімдер үшін әскери міндеттілерді мамандықтар бойынша шақыру мөлшерін, жиындарды өткізу мерзімін көрсете отырып, әскери жиындарды, сондай-ақ жиындарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, оқу-жаттығу алаңдарын, атыс орындарын бөлу мен мемлекеттік және әскери құпияларды сақтау жөніндегі іс-шараларды өткізу жоспарлары.
Жиындарды өткізу мерзімдері облыстардың, қалалардың, аудандардың әкімдерімен келісіледі.
Әскери жиындарда әскери міндеттілерді даярлаудың жиынтық жоспары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Штабтар бастықтары комитетіне жыл сайын 1 ақпанға қарай ұсынылады.
Әскери жиындардың жоспарларында оқу-жаттығу жиындарға тіркелген құрамдағы запастағы офицерлерді әскери бөлімдерді өрістетуден 10 күн бұрын шақыру қарастырылады. Әскери міндеттілер техникалық қызмет көрсету бөлімшелері мен бөлімдеріне жиындарды қамтамасыз етуге қажетті мөлшерде шақырылады.
69. Қазақстан Республикасы бойынша жиынтық жоспар әзірлеу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Республикалық ұлан құрамаларының, бөлімдері мен мекемелерінің штабтары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Штабтар бастықтары комитетіне жыл сайын
1 ақпанға дейін қажетті есептерді ұсынады.
70. Облыстардың (республикалық маңызы бар қала мен астананың) қорғаныс істері жөніндегі департаменттеріне әскери міндеттілерді әскери бөлімдерге әскери жиындарға шақыруға нұсқаулар мен нарядтарды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Штабтар бастықтары комитеті береді.
71. Бірлестіктердің, құрамалардың, бөлімдердің командирлері мен қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтары облыстардың әкімдеріне (республикалық маңызы бар қала мен астананың) алдағы жылы әскери жиындарға шақырылатын әскери міндеттілердің мөлшері, шақыру мерзімі және техника жеткізу туралы мәліметтерді жеткізеді.
72. Әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыруды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің нұсқаулары мен нарядтарының негізінде қорғаныс істері жөніндегі департаменттер (басқармалар) жүргізеді. Әдетте жұмылдыру жоспары (бойынша әскери бөлімдерге тағайындалған әскери міндеттілер бірінші кезекте жиынға шақыруға жатады.
73. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер (басқармалар, бөлімдер) әскери міндеттілерді іріктеу сапасына, әскери жиындарға уақтылы жіберуге және нарядтардың толық орындалуына жауап береді. Әскери жиындарға әскери міндеттілерді іріктеуді қорғаныс істері жөніндегі департаменттер (басқармалар, бөлімдер) ресурстар дайындалып жатқан әскери бөлімдердің тиісті командирлерімен бірлесіп жүргізеді.
74. Денсаулық жағдайы, отбасы жағдайлары және өзге де себептер бойынша әскери жиындарды өткеруден босатылған әскери міндеттілер тиісті мамандықтар бойынша жиындарды өткеру талаптарына жауап беретін бос ресурстағы әскери міндеттілермен алмастырылады.
75. Әскери міндеттілерді даярлау және тапшы мамандықтар бойынша олардың әскери білімдерін жетілдіру бойынша әскери жиындарға мыналар шақырылады:
1) әскери білімдерін жетілдіру үшін - басым көпшілігі жоғарғы кәсіптік білім беру ұйымдарында әскери даярлықтан өткен және офицерлер лауазымында армияда қызмет өткермеген запастағы офицерлер, сондай-ақ теориялық және практикалық әскери даярлығы төмен запастағы офицерлер. Жоғары лауазымдарға даярлау үшін әскери даярлығы жақсы және әскерлерде практикалық жұмыс тәжірибесі бар запастағы офицерлер шақырылады;
2) запастағы сержанттар мен солдаттардан офицерлер даярлау үшін:
командалық бейіні бойынша - жоғары және орта арнаулы білімі бар, әскер тектерінде тиісті мамандықтар бойынша әскери қызмет өткерген және денсаулық жағдайы, іскерлік пен моральдық қасиеттері бойынша белгіленген талаптарға жауап беретін 30 жасқа дейінгі запастағы сержанттар мен солдаттар;
инженерлік-техникалық және басқа бейіндер бойынша - әскери даярлық бейініне жақын жоғары немесе арнаулы орта білімдері бар немесе осы бейін бойынша әскери қызметтік тәжірибесі бар, денсаулық жағдайы бойынша жарамды әрі іскерлік және моральдық қасиеттері бойынша талаптарға жауап беретін 35 жасқа дейінгі сержанттар мен солдаттар;
3) әскери міндеттілерді жаңа және тапшы мамандықтар бойынша даярлау және қайта даярлау үшін - әскериге жақын азаматтық мамандықтары бар және тиісті жалпы немесе орта білімі бар 1 разрядты запастағы офицерлер, сержанттар, старшиналар, солдаттар мен матростар шақырылады.
Тапшы мамандықтарға даярлау мен жетілдіру бойынша әскери жиындарға жіберу үшін әскери міндеттілерді алдын ала іріктеу мен зерделеу қорғаныс істері жөніндегі басқармаларға (бөлімдерге) шақырусыз дербес есебін жүргізудің деректері бойынша алдын ала жүргізіледі.
Денсаулық жағдайы немесе басқа да себептер бойынша жекелеген адамдарды жиындарды өткеруден босатқан жағдайда кандидаттарды белгіленген саннан асыра іріктеу жүргізіледі.
Режимдік бөлімдерде жиындарды өткеру үшін, сондай-ақ батальон (дивизион) командирлері орынбасарларының және оларға сәйкес әрі одан жоғары лауазымдар бойынша даярлау үшін кандидат болып іріктеліп алынған запастағы офицерлерді облыстың (республикалық маңыздағы қала мен астананың) қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы жеке өзі қарайды және бекітеді.
76. Әскери барлау мамандықтары бойынша даярлау үшін әскери жиындарға запастағы офицерлерді, сержанттар мен солдаттарды шақыру құрама штабтарының атаулы тізімдері бойынша жүргізіледі.
77. Әскери жиындарға тапшы мамандықтар бойынша даярлау және әскери білімдерін жетілдіру үшін денсаулық жағдайы және тиісті әскер тектерінде (қызметтерінде) белгілі бір лауазымдарда қызметке жарамды әскери міндеттілер жіберіледі, сол үшін жиынға жөнелту алдында олар міндетті түрде аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) және облыстық (республикалық маңызы бар қала мен астананың) шақыру комиссияларының медициналық комиссияларымен медициналық куәландырудан өтеді.