9) байланыс құралдарының, объектілері мен құрылыстарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелуі және Қазақстан Республикасының аумағында радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану талаптарының орындалуы;
10) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың пайдалану-техникалық сипаттамасының радиожиілік спектрін пайдалану рұқсатында көрсетілген деректерге сәйкестігі;
11) байланыс объектілері мен құрылыстарына санитарлық паспорттардың және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы мемлекеттік органның қорытындысының болуы;
12) байланыс операторының коммутациялық жабдықтары құрамында арнайы жедел іздестіру іс-шараларын өткізу үшін құралдардың болуын тексеру анықталады.
6. Почта байланысы операторын тексеру почта байланысын пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызмет көрсетілуін тексеруді қамтиды.
28-4-бап. Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын
жеке және заңды тұлғаларды тексеруді жүргізу
тәртібi
1. Материалдық залал келтіруге әкеп соқтыруы мүмкін, технологиялық процестердегі еріксіз тоқтап қалулар мен үзілістерді болғызбау мақсатында жоспарлы тексерудің басталуынан кемінде екі апта бұрын тексерілетін тұлға алдағы тексеру туралы жазбаша хабарланады. Мұндай хабарлама алған соң тексерілетін жеке және заңды тұлғалар алдағы тексеруге қатысу үшін өзінің тексеру нәтижелері бойынша жасалған құжаттарға қол қоюға уәкілеттік берілген өкілін жібереді.
2. Тексеру мынадай кезеңдерден тұрады:
1) істің мән-жайын алдын ала зерделеу;
2) тексеру жүргізу;
3) тексеру жүргізу кезінде алынған нәтижелерді талдау және жинақтау, қорытындыларды шығару, тиісті құжаттарды ресімдеу;
4) тексерілген тұлғаны тексеру нәтижелері туралы хабарландыру;
5) жұмыс қорытындысын шығару;
6) егер бұзушылықтар анықталса, ондай фактілер бойынша шаралар қабылдау.
3. Тексеруді жүзеге асырған кезде лауазымды адамдар:
1) тексерілетін тұлғаға қызмет куәлігі мен тексеру тағайындау туралы актіні көрсетуге;
2) тексеру процесінде тексерілетін тұлғаның құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге;
3) лицензиялар мен радиожиілік спектрін пайдалану талаптарын бұзуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға және өз өкілеттігі шегінде оларды жою шараларын қабылдауға міндетті.
4. Тексеру жүргізу кезінде байланыс саласындағы лицензияланатын қызметті жүзеге асыратын тексерілетін тұлғалар, уәкілетті органның лауазымды адамдарының талаптары бойынша лицензияның түпнұсқасын қосымшасымен немесе олардың нотариалдық куәландырылған көшірмелерін және радиожиілік спектрін (радиожиілік спектрі пайдаланылған жағдайда) пайдалануға рұқсат қағазының түпнұсқасын, сондай-ақ жүзеге асырылатын қызметтің лицензиялық талаптарға сәйкестігін растайтын өзге де құжаттарды көрсетеді.
5. Тексеру нәтижесі бойынша тексеру нәтижесі туралы акті жасалады, онда мыналар көрсетіледі:
1) тексеру өткізілген жер, акт жасалған күн;
2) тексерудің түрі;
3) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы;
4) тексеру объектісі;
5) тексеру тағайындау туралы актінің деректемелері;
6) алдыңғы тексеру туралы және бұрын анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралар туралы мәліметтер (тек шағын кәсіпкерлік субъектілері - жеке және заңды тұлғалар үшін);
7) тексеру жүргізілген мерзім;
8) тексеру нәтижелері;
9) анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар;
10) тексерілетін жеке және заңды тұлғалардың тексеру нәтижелеріне шағым жасау құқығы;
11) тексеру жүргізген лауазымды адамдардың қолдары.
6. Тексеру нәтижелері туралы акт екі данада жасалады. Бір данасы тексеру жүргізуге қатысқан тексерілетін тұлғаның өкіліне беріледі, екінші данасы тексеру жүргізетін уәкілетті органның лауазымды адамында қалады.
7. Тексеру нәтижелері туралы акт жасаған кезінде уәкілетті органның лауазымды тұлғасы:
1) анықталған бұзушылықтар фактілерін тиісті нормативтік құқықтық актілерге сілтеме жасай отырып, дәйекті, объективті, нақты және толықтай сипаттауға;
2) тексеру нәтижелері туралы актінің мәтінінде актінің қосымшаларында көрініс табуға тиіс, анықтамалық деректер, қосымша фактілер, қайталанатын біртекті бұзушылықтарды тізбелеу болмауы керек;
3) анықталған бұзушылықтар туралы тек қана нақты, негізделген және құжаттамамен расталған деректерді ғана көрсетуге міндетті.
8. Тексеру нәтижелері туралы актіге құжаттамамен расталмаған әртүрлі қорытындыларды, ұсыныстар мен деректерді енгізуге жол берілмейді.
9. Тексеру нәтижелері туралы актіге, тексеру аяқталғаннан кейін бірден тексеруді жүргізген лауазымды адам мен тексерілген тұлғаның осы тексеруді жүргізуге қатысқан өкілі қол қояды.
Тексерілетін тұлға өкілінің тарапынан тексеру нәтижелері туралы акті бойынша қарсылықтар немесе ескертпелер болған жағдайда ол өзі қол қояр алдында бұл туралы ескертпе жасайды және жазбаша түсіндірмені қоса береді. Тексерілген тұлғаның өкілі тексеру нәтижелері туралы актіге қол қоюдан бас тартқан жағдайда, актіде тиісті жазба жасалады.
10. Тексеруді жүзеге асыру барысында лицензия талаптарын және Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасы талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті органның лауазымды адамы:
1) тексерілетін тұлғаға анықталған кемшіліктерді жою мерзімін белгілей отырып, оларды жою туралы нұсқама беруге;
2) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға;
3) радиоэлектрондық құралды және жоғары жиілікті құрылғыны пайдалану құқығына рұқсат болмаған жағдайда, оларды ажыратып тастауға;
4) егер аталған қызмет лицензияланатын болса, онда уәкілетті органның алдында жабдықтардың техникалық сипаттамасы стандарттарға толығымен сәйкес келтірілгенге дейін немесе радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін берешек өтелгенге дейін алты айға дейінгі мерзімге лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы өтініш жасауға;
5) егер лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың себептері жойылмаса, уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензияны кері қайтарып алу туралы өтініш жасауға құқылы.
11. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы уәкілетті органның тексеру жүргізген лауазымды адамы екі данада жасайды. Нұсқаманың бірінші данасы тексерілетін тұлғаның тексеруге қатысқан өкіліне беріледі, екіншісі тексеру жүргізген уәкілетті органда қалады.
12. Тексерілетін тұлға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген мерзім ішінде бұзушылықтарды жояды және бұл туралы тексеру жүргізген уәкілетті органға жазбаша түрде хабарлайды.
13. Бұзушылықтар жойылғаны туралы жазбаша жауап алғаннан кейін немесе ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде берілмеген жағдайда, уәкілетті органның лауазымды адамы жеке немесе заңды тұлғаны анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау нысанына тексеруді жүзеге асырады.
14. Тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеру аяқталған мерзімнен кешіктірілмей, сол тексеру жүргізуге қатысқан тексерілген тұлғаның өкіліне тексеру нәтижелері туралы акт берілген күн тексерудің аяқталған күні болып есептеледі.
28-5-бап. Радиобақылауды жүргізу тәртібi
1. Азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың сәуле таратуын радиобақылау радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың техникалық құжаттамасын және өлшемдеріне рұқсаттарын (құжаттамалық бақылау) тексеру, сондай-ақ олардың жұмыс режимдерін бақылау-өлшеу аппаратурасы мен радиотехникалық бақылау құралдарының көмегімен тексеру (аспаптық бақылау) жолымен жүзеге асырылады.
Радиобақылауды уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері уәкілетті органның басшысы не оны ауыстыратын адам бекіткен радиобақылау жоспар-кестелеріне сәйкес жүргізеді.
Радиобақылаудың жоспар-кестесін аумақтық бөлімшелер әрбір тоқсанға жасайды.
Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдаланушылар жол берген бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті орган оларға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жібереді.
Азаматтық мақсаттағы тіркелген радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың жұмысында бөгеуіл туындаған жағдайда:
1) бөгеуіл жасалып отырған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың иелері радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың техникалық өлшемдерінің, соның ішінде қабылдау құрылғыларының таңдау немесе қорғаныш қасиеттерінің нормалар мен стандарттарға сәйкестігіне көз жеткізуі қажет. Егер олар нормаларға сәйкес болмаса, радиоэлектрондық құралдардың иелері сипаттамалардың нормаларға сәйкес келтірілуі жөнінде шаралар қабылдауға немесе радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды ауыстыруға тиіс. Басқа радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың сәуле таратуы салдарынан бөгеуіл туындаған кезде бөгеуіл жасалып отырған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың иелері уәкілетті органға жүгінеді;
2) уәкілетті орган бөгеуілдердің көздерін және сипатын, олардың туындау себептерін анықтау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады және оларды жою шараларын қабылдайды;
3) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың белгіленген өлшемдерінің және (немесе) жұмыс режимінің бұзылуы, олардың қабылдау құрылғыларының таңдау немесе қорғаныш қасиеттерінің нашарлауы қатар құрған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың өзара әсеріне негізделген интермодуляциялық сипаттағы бөгеуілдер салдарынан болғанда уәкілетті орган бөгеуілдерді жою жөнінде нұсқама немесе ұсыным береді;
4) тағайындалған жиіліктердегі бөгеуілдерді жою мүмкін болмаған кезде уәкілетті орган радиожиіліктерді жаңадан тағайындауды жүргізеді;
5) қапияда болған, өнеркәсіптік немесе технологиялық сипаттағы бөгеуілдер болғанда уәкілетті орган бөгеуіл көзін анықтау және оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.
2. Шет мемлекеттердің байланыс әкімшіліктерінен Қазақстан Республикасының аумағындағы көздерден болған радиобөгеуілдерге шағымдар түскен кезде уәкілетті орган халықаралық келісімге сәйкес осы шағымдардың құқықтық негізін анықтайды, егер шағымдар негізделген болса, бөгеуілдердің себептерін белгілейді және оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.
3. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға басқа мемлекеттердің аумағында орналасқан көздерден бөгеуіл жасалып отырған жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар иелерінің мүдделерін қорғау мақсатында халықаралық келісімге сәйкес бөгеуілдерді жою жөнінде шаралар қабылдайды.
4. Радиобөгеуілдер мен тиісті рұқсаты жоқ радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың қолданысын анықтау және олардың жолын кесу жөніндегі іс-шараларды уәкілетті орган жүргізеді.
28-6-бап. Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиіліктi
құрылғылар иелерінің құқықтары
Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар иелері:
1) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға тағайындалған радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) берілген рұқсат талаптарына сай қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланады;
2) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға тағайындалған радиожиіліктегі (радиожиілік арнасындағы) бөгеулерді жою үшін уәкілетті органға жүгінеді;
3) лауазымды адамдардың, уәкілетті органның әрекетіне (әрекетсіздігіне), шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасайды.
28-7-бап. Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиіліктi
құрылғылар иелерінің міндеттерi
Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар иелері:
1) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың техникалық сипаттамалары мен пайдалану жағдайларының рұқсатта жазылған талаптарға, сондай-ақ белгіленген ережелер мен нормаларға сай келуін қамтамасыз етеді;
2) қызмет куәлігін көрсеткен кезде уәкілетті органның лауазымды адамдарының радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға қолжетімділігін қамтамасыз етеді;
3) уәкілетті органның радиоэлектрондық құралдардың радиожиіліктерін (радиоарналарын) пайдалануды тоқтата тұру (соның ішінде, уақытша тыйым салуды енгізу салдарынан) немесе тоқтату туралы, соның ішінде радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдаланушыларға берілген рұқсат талаптарын бұзушылықты жою жөніндегі нұсқаманы орындайды.
6-тарау. Байланыс желілерін дамыту
29-бап. Байланыс желілерін дамыту
1. Байланыс операторлары байланыс желілерін дамытуды дербес жоспарлайды және жүзеге асырады. Пайдаланушыларға телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ететін байланыс желілерін дамыту Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағдарламаларға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Байланыс желілерін дамытуға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру өз қаражатының және қарыз қаражатының есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен инвестицияларды тарту есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Тұрғын үйлер мен басқа да объектiлердi салу кезiнде iшкi және орамдар iшіндегі байланыс желiлерiн жобалау мен тарту, сондай-ақ абоненттiк почта шкафтарын орнату қолданыстағы техникалық нормалар мен ережелер негiзiнде құрылысқа тапсырыс берушiлердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
4. Тұрғын жай массивтерiнiң кешендi құрылысын, өндiрiстiк объектiлер мен оған iргелес жатқан елдi мекендердi салу кезiнде, азаматтық ғимараттар мен почта бөлiмшелерiнiң үй-жайларын қоса алғанда, барлық байланыс құралдарын жобалау мен салу тапсырыс берушiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. Үйлердi, ғимараттарды, жолдарды, көпiрлердi және басқа да объектiлердi салу немесе қайта жаңарту кезiнде байланыс желiлерiн қайта салу мен көшiру жөніндегі жұмыстар стандарттарға сәйкес және байланыс желiлерiнiң меншiк иелерi және (немесе) пайдаланушылар беретiн техникалық шарттар бойынша құрылысқа тапсырыс берушiнiң есебiнен орындалады.
6. Жалпыреспубликалық магистральдық, халықаралық байланыс жолдары мен желiлерiн жобалауды, салуды құрылыс саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган беретiн лицензия негiзiнде жеке және заңды тұлғалар уәкiлеттi органмен келiсе отырып жүзеге асырады.
7. Қызметкерлерi үкiметтiк байланыс желісінiң абоненттерi болып табылатын мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ғимараттарын, құрылыстары мен объектiлерiн салу кезiнде, сондай-ақ олар орналасқан жерiн ауыстырған кезде қосу желiлерiн және арнаулы мақсаттағы iшкi байланыс желiлерiн жобалау мен тартуды құрылысқа тапсырыс берушiлер өз қаражаты есебiнен жүзеге асырады.
30-бап. Көлiк құралдарын пайдалану
1. Фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiне шарт талаптарымен темір жол, теңiз, iшкi су, әуе және автомобиль көлiгiнiң барлық бағдарлары мен жолдары бойынша почта байланысы қызметкерлерiнiң, фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметкерлерiнiң алып жүруiмен почта және арнаулы жөнелтiмдердi тасымалдауға, сондай-ақ почта жөнелтiмдерiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес тасымалдау үшiн тапсыруға құқық берiледi.
2. Облыс iшіндегі қалааралық, қалааралық, облысаралық және халықаралық бағдарлар бойынша тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын көлiк ұйымдары, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тасымалдау жөніндегі қызметтердi көрсетуге мүмкiндiгi болмаған жағдайларды қоспағанда, почта және арнаулы жөнелтiмдердi тасымалдауға шарт жасасудан бас тартуға құқылы емес, сонымен қатар:
1) фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметкерлерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде кезексiз билет сатып алу;
2) фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерi автомобиль көлiгi құралдарының темір жол, теңiз, iшкi су, әуе және автомобиль көлiктерi тұрақтарына өту;
3) фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерi қарулы қызметкерлерiнiң жолаушыларды жаппай отырғызуға дейiн көлiкке отыру құқығын қамтамасыз етедi.
3. Фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiнiң автомобиль көлiгi құралдары қандай да бiр ерекше жазбаларсыз "арнаулы" санатқа жатқызылады және соғыс жағдайын енгізу немесе соғыс уақытын жариялау жағдайларын, сондай-ақ төтенше жағдай енгізу кезiн не табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдай болған кездi қоспағанда, оларды осы қызметтердiң келісімiнсiз мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдардың мүдделерiне пайдалануға болмайды.
4. Бүлiнген байланыс желiлерi мен құралдарында авариялық ахуал туындаған жағдайда байланыс ұйымдары тасымалдаушыдан көлiк құралдарын бiрiншi кезекте жалға алуға құқылы.
Байланыс ұйымдарына тиесiлi автомобиль көлiгi құралдарының арнаулы рәмiздерi болуы мүмкiн және оларды байланыс ұйымдарының келісімiнсiз байланыс саласындағы қызметке жатпайтын қызметтер көрсету мен жұмыстарды орындау үшiн пайдалануға болмайды.
31-бап. Байланыс жерiн беру және пайдалану
1. Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес байланыс операторларына меншiкке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлген, сондай-ақ жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану (сервитут) құқығымен берiлген жер учаскелерi байланыс жерiне жатады.
2. Автостанциялар мен темір жол станциялары, әуежайлар, теңiз, өзен порттары мен айлақтары жанынан почта тасымалдау бөлiмшелерi үшiн үйлер, құрылыстар немесе ғимараттар салуға арналған жер учаскелерi вокзал үйiне таяу жерден, ал қалалық почтамттар мен почта байланысы тораптарын салуға - автомобиль көлiгi құралдарымен, почта вагондарымен, ұшақтармен, теңiз және өзен кемелерiмен жеткiзiлген почта жөнелтімдерін алмастыруға жағдай туғыза отырып, қаланың орталық бөлiгiнен бөлiнуге тиiс.
3. Байланыс операторларына берiлетiн жер учаскелерiнiң, оның iшiнде күзетiлетiн аймақтар мен соқпақтардың көлемi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен осы қызмет түрi үшiн жер учаскелерiн бөлудiң нормаларына және жобалау-техникалық құжаттамаға сәйкес айқындалады.
4. Байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында ұсынылатын талаптар сақталған жағдайда көпiрлер, туннельдер, көшелер, автомобиль және темір жолдар, құрылыстар, коллекторлар, тыйым салынған аймақтар, ормандар мен сулар арқылы байланыс желiлерiн тартуға құқылы.
5. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiне және жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтарына телекоммуникация желiлерi мен объектiлерiн салу Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес аталған жерде (аумақтарда) жер пайдаланудың белгiленген режимiн ескере отырып жүзеге асырылады.
6. Жер учаскесіндегі, үйдегi, құрылыстағы немесе ғимараттағы жұмыстар аяқталғаннан кейiн байланыс операторы немесе тапсырыс берушi жер учаскесiн, үйдi, құрылысты немесе ғимаратты өз есебiнен бастапқы қалпына келтiруге не жер учаскесiнiң меншiк иесiне, жер пайдаланушыға немесе үйдiң, құрылыстың немесе ғимараттың меншiк иесiне келтiрiлген шығындарды өтеуге мiндеттi.
7. Байланыс операторлары желiлер мен объектiлердi салу кезiнде табиғат қорғау технологияларын қолдануға және қызметiн жүзеге асыру кезiнде экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеуге мiндеттi. Бұл орайда қоршаған ортаға және халықтың экологиялық қауiпсiздiгiне келтiрген залалы үшiн операторлар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.
8. Елдi мекендердi жаңадан салуға, кеңейтуге, қайта жаңартуға, жердi игеруге, мелиорация жүйелерiн қайта орналастыруға, пайдалы қазбаларды шығаруға байланысты байланыс ғимараттарын көшiрудi немесе қайта орналастыруды құрылыс тапсырысшылары стандарттарға сәйкес және байланыс желiлерiн иеленушiлердiң және (немесе) пайдаланушылардың техникалық шарттары бойынша өз есебiнен жүргiзедi. Бұл ретте байланыс құралдарының қуатын ұлғайту байланыс ғимараттары меншiк иелерiнiң есебiнен жүзеге асырылады.
9. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өзiне меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесілі жер учаскесiн шектеулі нысаналы пайдалану құқығын мүдделi байланыс операторларына табыстауға мiндеттi.
10. Байланыс объектiлерi үшiн жер учаскелерiне құқықтар табыстау жергiлiктi атқарушы органдар шешiмiнiң, жер учаскесiн сатып алу-сату шартының, жер учаскесiн жалдау шартының негiзiнде, сондай-ақ жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану туралы шарт (сервитут шарты) бойынша жүзеге асырылады.
7-тарау. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтері
32-бап. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерi
1. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерi - дауыстық телефония мен жеткізу жолдарын пайдалану секторында бекітілген байланыс қызметтерi, оларды уәкiлеттi орган белгiлеген қызмет көрсету сапасының параметрлерiмен халыққа беру мiндеттi болып табылады.
2. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн берудiң негiзгi өлшемдерiне:
1) байланыс қызметтерiн пайдаланушылар үшiн бағаның қолжетiмдiлiгi;
2) тұрған жерi бойынша елдi мекен санатын және тұрғындар санын ескере отырып айқындалатын қолжетiмдiлiк;
3) белгiленген уақыт кезеңi iшiнде жеке телефондар орнатуға немесе қолжетiмдi жолдың белгiлi бiр санын енгізуге (қоғамдық телефондар орнатуға) өтiнiмдердi қанағаттандыруды ескере отырып айқындалатын уақыт бойынша қолжетiмдiлiк жатады.
3. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісінде қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын беру құқығы үшiн мемлекеттік бюджетке қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы берiлгенi үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында айқындалатын тәртiппен төлемақы енгiзiледi.
4. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiне тарифтер мiндеттi мемлекеттік реттеуге жатады және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
33-бап. Әмбебап қызмет көрсету операторы
1. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсетудi байланыс операторлары конкурстық негiзде жүзеге асырады немесе ол осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалады.
2. Облыстағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ аумағында (оның ерекшелiктерiн ескере отырып) жұмыс iстейтiн телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсету жөніндегі байланыс операторларының саны барлық ықтимал пайдаланушыларды телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiмен қамтамасыз ету қажеттілігiн негiзге ала отырып айқындалады.
Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсету құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртiппен, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi байланыс операторларының арасында жүргiзiлген конкурс нәтижелерi бойынша берiледi.
Конкурсқа қатысуға өтiнiмдер болмаған немесе жеңiмпазды анықтау мүмкiн болмаған жағдайда, уәкiлеттi орган телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсетудi осы аумақта ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнiң қызметтерiн көрсететiн басым байланыс операторына жүктейдi.
3. Басым байланыс операторы өзiне жүктелген әмбебап байланыс қызметтерiн көрсету жөніндегі мiндеттерден бас тартуға құқылы емес.
34-бап. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсеткенi үшiн өтемақы
1. Селолық елдi мекендерде телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсететiн байланыс операторларының шығындары, егер бұл конкурс нәтижелерiмен немесе телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсету жөніндегі мiндеттемелердi осы аумақта ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнiң басым байланыс операторына шарт негiзiнде жүктеу талаптарымен айқындалған болса, өтелуге тиiс.
Қалаларда телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсететiн байланыс операторларының шығындары өтелмейдi.
2. Өтемақы мөлшерiн айқындау кезiнде әмбебап қызмет көрсету операторы қызмет түрлерi бойынша, көрсетiлетiн байланыс қызметтерi және осы қызметтердi көрсету үшiн пайдаланылатын байланыс желісінiң бөлiктерi бойынша кiрiстер мен шығыстардың бөлек есебiн жүргiзуге мiндеттi.
Қызмет түрлерi, көрсетiлетiн байланыс қызметi және осы қызметтердi көрсету үшiн пайдаланылатын байланыс желісінiң бөлiктерi бойынша кiрiстер мен шығыстардың бөлек есебiн жүргiзуге мүмкiндiк болмаған жағдайда, әмбебап қызмет көрсету операторларына өтемақы мөлшерi конкурс нәтижелерi немесе басым байланыс операторына әмбебап телекоммуникация қызметтерiн беру жөнiнде мiндеттемелер жүктеу шарттары бойынша айқындалады.
3. Халыққа телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсететiн байланыс операторларының шығындарын өтеу үшiн телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiнiң құнын субсидиялау ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Телекоммуникацияның қалалық желiлерiнiң абоненттерi болып табылатын әлеуметтiк қорғалатын азаматтарға телефон үшiн абоненттiк төлемақы тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеу мөлшерi мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.