Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы
Осы редакция 2006 ж. 7 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуме ттiк қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және мүгедектердi әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз етудiң, олардың тiршiлiк-тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшiн тең мүмкiндiктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы жүрiп-тұру құралдары - мүгедектердiң белсендi және баяу жүрiп-тұруына арналған техникалық көмек түрi;
2) әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттік стандарттары - мүгедектер мен мүгедек балаларға, сондай-ақ қарттарға медициналық-әлеуметтiк мекемелерде, үйде көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек бөлiмшелерiнде және әлеуметтiк қызмет көрсетудiң аумақтық орталықтарында берiлетiн әлеуметтiк қызметтердiң көлемiн және оларды ұсынудың тәртібін белгiлейтiн ережелер;
3) кәсiптiк бағдарлау - мүгедектiң еңбек қызметi түрлерiн таңдауына көмек көрсетуге бағытталған шаралар жүйесi;
4) қайта жасау хирургиясы - организмнiң бұзылған функцияларын қалпына келтiруге немесе олардың орнын толтыруға бағытталған хирургиялық емдеу әдiсi;
5) медициналық-әлеуметтiк сараптама - организм функциясының тұрақты бұзылуынан туындаған шектеулі тіршілік-тынысын бағалау негiзiнде куәландырылатын адамның әлеуметтiк қорғау шараларына деген қажеттіліктерiн белгiленген тәртiппен анықтау;
6) медициналық оңалту - аурулар мен мүгедектер организмiнiң бұзылған немесе жоғалтқан функцияларын және денсаулығын қалпына келтiруге бағытталған емдiк ықпал ету шараларының кешенi;
7) мүгедек - тiршiлiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған адам;
8) мүгедек бала - тiршiлiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған он сегiз жасқа толмаған адам;
9) мүгедектердi әлеуметтiк оңалту - мүгедектердiң тiршiлiк-тынысының шектелуiн жеңiп шығуы үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуiне бағытталған шаралар кешенi;
10) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау - мүгедектерге әлеуметтiк көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөніндегі шаралар кешенi;
11) мүгедектердi жұмысқа орналастыруға арналған арнаулы жұмыс орындары - мүгедектiң жеке мүмкiндiктерi ескерiле отырып жабдықталған жұмыс орындары;
12) мүгедектердi кәсiптiк оңалту - мүгедектердiң бұзылған не жоғалтқан кәсiптiк дағдыларын, білімi мен машықтарын алуына немесе қалпына келтiруiне және оларды бейiмдеу мен жұмысқа орналастыруға бағытталған шаралар кешенi;
13) мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасы - мүгедектердi медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалту жөніндегі iс-шаралардың кепiлдiк берiлген тiзбесi;
14) мүгедектердiң әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуi - мүгедектердiң өзiн-өзi қарап-күту, өз бетiмен өмiр сүру мүмкiндiгiне қол жеткiзу немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмiрдiң үйреншiктi жағдайларына қайта оралу процесi;
15) мүгедектiк - организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адамның тiршiлiк-тынысының шектелу дәрежесi;
16) мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасы - мүгедектi оңалтудан өткiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерiн белгiлейтiн құжат;
17) тармақша 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі
17) мiндеттi гигиеналық құралдар - табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттіліктердi қанағаттандыруға арналған құралдар;
18) протездiк-ортопедиялық көмек - мүгедектердi протездiк-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөніндегі медициналық-техникалық көмектiң мамандандырылған түрi және оларды пайдалануды үйрету;
19) протездiк-ортопедиялық құралдар - кем аяқ-қолды немесе дененiң басқа да мүшелерiн алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудiң салдарынан организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар;
20) сурдотехникалық құралдар - есiту кемiстiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға арналған, соның iшiнде байланыс құралдары мен ақпарат берудi күшейтетiн техникалық құралдар;
21) техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар - протездiк-ортопедиялық және сурдо-тифлотехникалық құралдар мен мiндеттi гигиеналық құралдар;
22) тифлотехникалық құралдар - мүгедектердiң көру кемiстiгi салдарынан жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар;
23) тiршiлiк-тынысының шектелуi - адамның өзiн-өзi қарап-күту, өздiгiнен жүрiп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзiнiң мiнез-құлқын бақылау, оқу және еңбекпен айналысу қабiлетiнен немесе мүмкiндiгінен толық немесе ішінара айрылуы.
2-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады, бұған халықаралық шарттан оның қолданылуы үшiн Қазақстан Республикасының заңын шығару талап етiлетiн жағдайлар қосылмайды.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы қатынастардың субъектiлерi болып табылады.
2-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУДЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
4-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттік саясаты
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттік саясаты:
1) мүгедектiктiң алдын алуға;
2) мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде оңалтуға;
3) мүгедектердiң қоғаммен етене араласуына бағытталған.
5-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау принциптерi
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттік саясаты:
1) заңдылық, iзгiлiк, адам құқықтарының сақталуы;
2) әлеуметтiк қорғауға кепiлдiк берiлу, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалтуға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету;
3) мүгедектердiң денсаулық сақтауға, білім алуға және қызмет түрiн, соның iшiнде еңбек қызметi түрiн еркiн таңдауға басқа азаматтармен қатар қол жеткiзуi мен тең құқылы болуы;
4) мемлекеттік органдардың мүгедектердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын қоғамдық бірлестiктермен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл жасауы;
5) мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтуге тыйым салу принциптерi негiзiнде жүргiзiледi.
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
2) мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламаларын бекiтедi;
3) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi шығарады;
4) мемлекеттік тапсырыс немесе грант бойынша оқып жүрген мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау мен төлеудiң тәртібін бекiтедi;
5) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласында үйлестiру кеңесiн құрады.
7-бап. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң құзыретi
1. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы, сондай-ақ медициналық-әлеуметтiк сараптама саласындағы нормативтiк құқықтық актілерін әзiрлейдi және бекiтедi;
2) мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламаларын әзiрлейдi;
3) мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттік стандарттарын әзiрлейдi;
4) басқа да мемлекеттік органдарды мүгедектердi әлеуметтiк қорғау мәселелерi жағынан әдiстемелiк және ұйымдастырушылық үйлестiрудi жүзеге асырады;
5) медициналық-әлеуметтiк сараптаманы және мүгедектердi оңалтуды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың жалпы принциптерiн белгiлейдi;
6) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсе отырып мүгедектiктi куәландыру, оның себептерiн, тобын және еңбек қабiлетiнен айырылу дәрежесiн белгiлеу, мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларын анықтау ережелерiн әзiрлейдi;
7) мүгедектердi есепке алу жүйесiнiң орталықтандырылған деректер банкiн қалыптастырады, мүгедектiк себептерiнiң, құрылымының және жай-күйiнiң мониторингiн жүргiзедi;
8) тармақша 2007 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі
8) мүгедектердi әлеуметтiк оңалту саласындағы кадрлардың, соның iшiнде, ымдау тілі мамандарының біліктілігiн арттыруды ұйымдастырады;
9) Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
2. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң құзыретiне мыналар жатады:
1) медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу;
2) мүгедектiк тобын, оның себептерiн, мерзiмiн, мүгедектiктiң басталған уақытын, еңбек қабiлетiнен айырылу дәрежесiн, организм функцияларының бұзылуы және тiршiлiк-тынысының шектелуi дәрежесiне қарай "мүгедек бала" санатын айқындау;
3) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларын жасау;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жәрдемақыларды және төлемдер мен өтемақылардың басқа да түрлерiн тағайындау;
5) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларының iске асырылуын бақылау;
6) халықтың мүгедектiгi деңгейi мен себептерiн зерделеу;
7) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы заңнамасының сақталуын бақылау.
8-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi
Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган:
1) халықтың салауатты өмiр салтын қалыптастыру, мүгедектiктiң алдын алу саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты жүргiзедi;
2) ауруға диагноз қоюдың және емдеудiң хаттамаларын айқындайды;
3) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес мүгедектердi медициналық оңалтуды жүзеге асырады;
4) медициналық-әлеуметтiк сараптама саласындағы мамандарды кәсiптiк даярлауды және қайта даярлауды қамтамасыз етедi.
9-бап. Білім беру саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi
Білім беру саласындағы уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектердiң білім алуын қамтамасыз етедi;
2) мемлекеттік тапсырыс немесе грант бойынша оқып жүрген мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау мен төлеудiң тәртібін әзiрлейдi;
3) мүгедектердi оқытуды жүзеге асыратын арнаулы білім беру ұйымдарының білім беру қызметiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерін әзiрлейдi және бекiтедi.
10-бап. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi мемлекеттік басқару органдарының құзыретi
1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары:
1) мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерiнiң мамандандырылған ұйымдарын қолдауды қоса алғанда, мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламасын бекiтедi;
2) мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламасының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
2. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерiнiң мамандандырылған ұйымдарын қолдауды қоса алғанда, мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлейдi және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) өкiлдi органдарының бекiтуiне ұсынады;
2) мүгедектердi оңалтуды жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер мен кәсiпорындарды құрады;
3) мүгедектердi оңалтуды жүзеге асыратын ұйымдарды құруға ықпал етедi;
4) осы Заңға және мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердi кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды) ұйымдастырады;
5) мүгедектердi оңалту жөніндегі мамандарды, оның iшiнде ымдау тілінiң мамандарын, Брайльдiң бедерлi-нүктелiк қарпі бойынша оқитын және жазатын мамандарды даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігiн арттыруды ұйымдастырады;
6) осы Заңға және мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тиiстi аумақта медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалтуды ұйымдастырады;
7) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердiң және мүгедек балалардың санаторий-курорттық емделуiн қамтамасыз етедi;
8) мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламаларының iске асырылуын қамтамасыз етедi;
9) мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердi техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен және (немесе) арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
10) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен және мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерiмен бірлесiп мүгедектер арасында сауықтыру және спорттық iс-шараларды өткiзудi ұйымдастырады;
11) мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерiмен, аумақтық уәкiлеттi мәдениет органдарымен бірлесiп мәдени-көпшiлiк және ағарту iс-шараларын ұйымдастырады;
12) мүгедектерге қайырымдылық және әлеуметтiк көмектiң көрсетiлуiн үйлестiредi.
11-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi мемлекеттік басқару органдарының құзыретi
1. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi өкiлдi органдары:
1) мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламасын бекiтедi;
2) мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламасының орындалуына бақылауды жүзеге асырады.
2. Ауданның (облыстық маңызы қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлейдi және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) өкiлдi органдарының бекiтуiне ұсынады;
2) мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламаларының тиiстi аумақта iске асырылуын қамтамасыз етедi;
3) мүгедектерге әлеуметтiк және қайырымдылық көмек көрсетудi ұйымдастырады.
12-бап. Мүгедектiктiң алдын алу
1. Мүгедектiктiң алдын алу - ерте диагноз қоюға, дене, ақыл-ой, психикалық, сенсорлық және басқа кемiстiктердiң туындауынан және кемiстiктiң тұрақты функционалдық шектелуге немесе мүгедектiкке ауысуынан сақтандыруға бағытталған шаралар кешенi, сондай-ақ денсаулықты қорғау, адамның тұратын экологиялық ортасын жақсарту, салауатты өмiр салтын қалыптастыру, еңбектiң қауiпсiз жағдайларын қамтамасыз ету, өндiрiсте жарақаттануды болдырмау, кәсiптiк ауруларды азайту жөніндегі iс-шаралар.
2. Мүгедектiктiң алдын алуды тиiстi мемлекеттік органдар, жергiлiктi мемлекеттік басқару органдары, ұйымдар мен жұмыс берушi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
3-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ
ОЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ
13-бап. Медициналық-әлеуметтiк сараптама
1. Адамның мүгедектiгi мен еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесiн белгiлеу халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзуi жолымен жүзеге асырылады.
2. Медициналық-әлеуметтiк сараптама Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен, куәландырылатын адамның клиникалық-функционалдық, әлеуметтiк, кәсiби және психологиялық деректерiн талдау негiзiнде организмнiң жай-күйiн кешендi бағалауға сүйенiп жүзеге асырылады.
3. Адамды мүгедек деп таныған және еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесiн белгiлеген кезде олардың себептерi, мерзiмi, басталған уақыты, қосымша көмек түрлерiне және техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етудегi қажеттіліктерi анықталады, сондай-ақ мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасы әзiрленедi.
4. Мүгедектiк тобы он алты жастан бастап белгiленедi.
14-бап. Мүгедектердiң құқықтары
Қазақстан Республикасында мүгедектер:
1) әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде оңалтуға, қоғамға етене араласуға;
2) әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне кiрiп-шығуын қамтамасыз етуге;
3) ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге;
4) білім алуға, қызмет түрiн, соның iшiнде еңбек қызметi түрiн еркiн таңдауға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiн алуға;
6) кәсiптiк даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек қабiлетiн қалпына келтiруге және жұмысқа орналасуға;
7) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге;
8) мемлекеттік және өзге ұйымдарда, соның iшiнде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлiк, қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда бірiншi кезекте қызмет көрсетiлуге;
9) мүгедектердiң шығармашылық қабiлеттерiн қолдауға арналған құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерімен бекітілген әлеуметтiк-экономикалық және жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толығымен ие болады.
15-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау
Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау әлеуметтiк көмек көрсету, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалту, білім беру және олардың қоғам өмiрiне басқа азаматтармен бірдей қатысуына мүмкiндiктер жасауға бағытталған өзге де шаралар арқылы қамтамасыз етiледi.
16-бап. Әлеуметтiк көмек
Мүгедектерге көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мемлекеттік жәрдемақылар, өтемақылар түріндегі төлемдердi және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де төлемдердi қамтиды.
Жергiлiктi атқарушы органдар мен жұмыс берушi әлеуметтiк көмектiң қосымша түрлерiн көрсетуге құқылы.
17-бап. Мүгедектердi оңалту
1. Мүгедектердi оңалту организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуынан тiршiлiк-тынысының шектелуiн жоюға немесе оның орнын мүмкiндiгiнше толықтай толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк iс-шаралар кешенiн қамтиды.
2. Мүгедектердi оңалту мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасына және медициналық-әлеуметтiк сараптама негiзiнде анықталатын мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
18-бап. Мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасы
Оңалтудың кешендi бағдарламасы мүгедектердi оңалтуға, оңалту ұйымдары мен мекемелерi желісін дамытуға, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мүгедектердi техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен, санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етуге, әлеуметтiк қызметтер көрсетуге және әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне кедергiсiз кiрiп-шығуын, мүгедектердi оңалту мәселелерiмен айналысатын қызметкерлердi даярлауға және олардың біліктілігiн арттыруға бағытталған iс-шаралардың кепiлдiк берiлген тiзбесiн көздейдi.
19-бап. Мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасы
1. Оңалтудың жеке бағдарламасы организмнiң бұзылған және жоғалтқан функцияларын қалпына келтiруге және (немесе) олардың орнын толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалту шараларын қамтитын оңалту iс-шаралары кешенiн айқындайды.
2. Оңалтудың жеке бағдарламасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедекке тегiн көрсетiлетiн оңалту iс-шараларын, сол сияқты ақысын төлеуге мүгедектiң өзi немесе оның жұмыста мертiгуiне немесе кәсiптiк ауруға шалдығуына кiнәлi жұмыс берушi қатысатын оңалту iс-шараларын да қамтиды.
20-бап. Мүгедектердi медициналық оңалту
1. Мүгедектердi медициналық оңалту:
1) қалпына келтiру терапиясын (дәрi-дәрмекпен, физикалық, санаторий-курорттық емдеудi және организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функциялары мен денсаулықты қалпына келтiруге бағытталған басқа да емдеу әдiстерiн);
2) қайта жасау хирургиясын;
3) протездiк-ортопедиялық көмектi қамтиды.
2. Медициналық оңалту жөніндегі iс-шараларды денсаулық сақтау ұйымдары мен меншiк нысанына қарамастан басқа да мамандандырылған ұйымдар жүргiзедi.
3. Санаторий-курорттық емдеу мүгедектер мен мүгедек балаларға жеке оңалту бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен берiледi.
4. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емделуге жолдама Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi.
5 тармақ 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі
5. Жұмыс берушi - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi.
21-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту
1. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту:
1) мүгедектердi жеке басы гигиенасының, өзiн-өзi қарап-күтудiң, жүріп-тұрудың, қарым-қатынастың негiзгі әлеуметтік дағдыларына үйретудi;
2) мүгедектердi техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етудi;
3) басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедектерге, соның iшiнде мүгедек балаларға үйде әлеуметтiк қызмет көрсетудi;
4) тармақша 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі
4) жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мынадай әлеуметтiк қызметтер көрсетудi:
жүрiп-тұруы қиын бірiншi топтағы мүгедектерге жеке көмекшi берудi;
естiмейтiндiгi бойынша мүгедектерге жылына отыз сағатқа ымдау тілі маманын берудi;
5) медициналық-әлеуметтiк мекемелерде әлеуметтiк қызмет көрсетудi;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық көмек көрсетудi;
7) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтiк оңалтудың өзге де түрлерiн қамтиды.
2. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалтуды: медициналық-әлеуметтiк мекемелер (қарттар мен мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған интернат-үйлер), қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететiн аумақтық орталықтар, әлеуметтiк қызметтi үйде көрсететiн бөлiмшелер, арнаулы білім беру ұйымдары (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерi) және меншiк нысанына қарамастан басқа да мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
22-бап. Мүгедектерге техникалық көмекшi (оpнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүрiп-тұру құралдарын беру
1. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектер протездiк-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайтын тiзбе бойынша және тәртiппен қамтамасыз етiледi.
2. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектер жеке оңалту бағдарламасына сәйкес техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен қамтамасыз етiледi.