10-бап. Үстем (монополиялық) жағдайды теріс пайдалану
Үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектісінің тиісті тауар нарығына кіруді шектейтін не бәсекені шектейтін, жоятын және (немесе) тұтынушылардың заңды мүдделеріне қысым жасайтын іс-әрекеттеріне, оның ішінде:
1) монополиялық жоғары (төмен) бағалар белгілеу;
2) субъектілермен жасалған бірдей келісімдерге объективті негізделмеген себептермен әртүрлі бағалар не әртүрлі шарттар қолдану;
3) өзінен сатып алынған тауарларды қайта сатуға аумақтық белгілер, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары, сондай-ақ саны, бағасы бойынша шектеулер белгілеу;
4) келісім жасауға нарық субъектісіне өз мазмұны бойынша немесе іскерлік айналым дәстүріне сай осы келісімдердің нысанасына қатысы жоқ қосымша міндеттемелер қабылдату жолымен себеп табу не күштеп таңу;
5) тиісті тауарды өндіру немесе өткізу мүмкіндігі бола тұрып жекелеген сатып алушылармен шарт жасасудан негізсіз бас тарту;
6) тауарлар ұсынуды бәсекелестер өндіретін не өткізетін тауарларды сатып алу кезінде шектеулер қабылдаумен себептестіру;
7) тұтынушылардың сұраныстары немесе тапсырыстары бар тауарларды өндіру немесе жеткізу мүмкіндігі бола тұрып, оларды өндіру көлемін негізсіз қысқарту немесе өндіруді тоқтату;
2007.27.07. № 316-III ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) Үкімет белгілеген баға белгілеу тәртібін бұзу сияқты іс-әрекеттеріне тыйым салынады және олар жарамсыз деп танылады.
11-бап. Мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерi
1. Бәсекені шектеуге әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін актілер не шешімдер, жазбаша не ауызша нұсқаулар қабылдау, келісімдер жасасу және (немесе) өзге де іс-әрекеттер мемлекеттік органдардың бәсекеге қарсы іс-әрекеттері болып табылады.
2. Атап айтқанда, мыналар:
1) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, қызметтің қандай да бір саласында нарық субъектілерінің құрылуына тыйым салу не кедергі келтіру, сондай-ақ қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыруға, тауарлардың белгілі бір түрлерін өндіруге, сатып алуға немесе өткізуге тыйым салуды белгілеу;
2) нарық субъектілерін шарттарды басымдықпен жасасуға, тауарларды тұтынушылардың белгілі бір тобына бірінші кезекте беруге не белгілі бір сатушылардан тауарларды бірінші кезекте сатып алуға тікелей немесе жанама мәжбүрлеу;
3) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, тауарларды бір орталықтан бөлуге, сондай-ақ рыноктарды нарық субъектілерінің арасында аумақтық белгілері, тауарлардың түр-түрі, оларды өткізу немесе сатып алу көлемі бойынша немесе тұтынушылар әйтпесе сатушылар тобы бойынша бөлуге бағытталған кез келген іс-әрекеттер;
4) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, белгілі бір тауарларды Қазақстан Республикасының бір өңірінен екінші өңіріне өткізуге (әкетуге) тыйым белгілеу;
5) нарықтың жекелеген субъектілеріне оларды бәсекелестерге қатысты артықшылық жағдайға қоятын жеңілдіктер немесе басқа да артықшылықтар беру, мұның өзі бәсекені шектеуге алып келеді немесе алып келуі мүмкін;
6) соның салдарынан нарықтың жекелеген субъектілеріне бәсекелестермен салыстырғанда қызметте қолайсыз немесе кемсітушілік жағдайлар жасалатын іс-әрекеттер;
7) нарық субъектісінің дербестігіне, оның ішінде тауарларды сатып алуға немесе өткізуге, баға белгілеуге, қызмет және даму бағдарламаларын қалыптастыруға, тауарлар өткізуден түскен табысқа (ақшалай түсімге) билік етуге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тыйым салулар мен шектеулер белгіленетін іс-әрекеттер мемлекеттік органдардың бәсекеге қарсы іс-әрекеттері деп танылады.
4-тарау. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ШОҒЫРЛАНУҒА МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
12-бап. Экономикалық шоғырлану
1. Мыналар:
1) тиісті тауар нарығындағы үлесі отыз бес проценттен асатын нарық субъектісін құру;
2) тиісті тауар нарығындағы үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектісін қайта ұйымдастыру (қосу, біріктіру, қайта құру);
3) тұлғаның (тұлғалар тобының) нарық субъектісінің жарғылық капиталындағы дауыс беретін акцияларды (үлестерді, пайларды) иеленуі, сөйтіп осы субъектіде мұндай тұлғаның (тұлғалар тобының) аталған акциялардың (үлестердің, пайлардың) жиырма бес процентіне және одан астамына билік етуге құқық алуы, егер осы иеленуге дейін мұндай тұлға (тұлғалар тобы) аталған нарық субъектісінің акцияларына (үлестеріне, пайларына) билік етпесе немесе аталған нарық субъектісінің жарғылық капиталындағы дауыс беретін акциялардың (үлестердің, пайлардың) жиырма бес проценттен кеміне билік етсе, экономикалық шоғырлану деп танылады.
Осы талап заңды тұлға құрылтайшылары құрылған кезде оған қолданылмайды;
4) егер мәміленің (өзара байланысты мәміленің) нысанасын құрайтын мүліктің баланстық құны мүлікті иеліктен шығаратын немесе біреуге беретін нарық субъектісінің негізгі өндірістік құрал-жабдықтары мен материалдық емес активтері баланстық құнының он процентінен артық болса, нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) нарықтың басқа субъектісінің негізгі өндірістік құрал-жабдықтары мен материалдық емес активтерін меншікке алуы, оның ішінде жарғылық капиталды төлеу (беру) есебінен иеленуі және пайдалануы;
5) нарық субъектісінің бір немесе бірнеше мәмілелер нәтижесінде (оның ішінде сенімгерлік басқару туралы шарт, бірлескен қызмет туралы шарт, тапсырма шарты) немесе өзге де тәсілмен нарық субъектісінің кәсіпкерлік қызметін жүргізу жағдайларын анықтауға не оның атқарушы органының функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін құқықтар алуы;
6) белгілі бір жеке тұлғалардың нарықтың екі және одан да көп субъектілерінің атқарушы органдарында, директорлар кеңесінде (байқаушы кеңестерінде) қатысуы экономикалық шоғырлану деп танылады.
2. Мыналар:
1) нарық субъектісінің акцияларын (үлестерін, пайларын) қаржы ұйымдарының сатып алуы, егер осы сатып алу, оларды кейін қайта сату мақсатында аталған ұйым нарық субъектісінің басқару органдарында дауыс беруге қатыспайтын жағдайда жүзеге асырылатын болса;
2) оңалтушы немесе конкурстық басқарушыны, уақытша әкімшілікті (уақытша әкімшіні) тағайындау экономикалық шоғырлану деп танылмайды.
13-бап. Экономикалық шоғырлануды мемлекеттік бақылау
1. Нарық субъектілерінің өзінің үстем (монополиялық) жағдайын теріс пайдалану мүмкіндігін немесе бәсекені шектеуді болдырмау мақсатында монополияға қарсы органның осы Заңның 12-бабында көзделген мәмілелерді (іс-әрекеттерді) жүзеге асыруға алдын ала келісімін алу түрінде көрінетін экономикалық шоғырлануға мемлекеттік бақылауды монополияға қарсы орган жүзеге асырады.
2. Егер тиісті мәмілелерге қатысушы тұлғалар активтерінің баланстық құны немесе соңғы қаржы жылында өткізілген тауарлардың жиынтық көлемі айлық есептік көрсеткіштің бір жарым миллион есе мөлшерінен асса немесе олардың біреуі тиісті тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектici болып табылса, не осы тармақта аталған нарық субъектілерінің қызметін бақылайтын тұлғалар тобы иеленуші болған жағдайларда осы Заңның 12-бабының 1-тармағының 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында аталған мәмілелерді жүзеге асыруға монополияға қарсы органның алдын ала келісімі талап етіледі.
Монополияға қарсы орган тиісті тауар нарықтарына талдау жасау негізінде осы тармақта аталған мәмілелерді жүзеге асыруға монополияға қарсы органның алдын ала келісімі қажет нарықтар үшін активтер құны мен тауарлар өткізу көлемінің неғұрлым жоғары мөлшерін белгілеуге құқылы.
3. Егер қаржы ұйымы активтерінің құны не жеке өз капиталының шамасы уәкілетті орган қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп белгілеген мөлшерден асатын болса, қаржы ұйымдары қатысатын экономикалық шоғырлануға рұқсат алу жүзеге асырылады.
4. Осы баптың 2-тармағына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) өткізу көлемдерін есептеген кезде экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініш берілген жылдың алдындағы соңғы қаржы жылы үшін қосылған құн салығының және акциздің сомасы шегеріліп, тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) өткізуден түскен табыс (ақшалай түсім) сомасы пайдаланылады.
5. Егер нарық субъектісі экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініш берілген жылдың алдындағы соңғы қаржы жылынан кем мерзім ішінде жұмыс істеген болса, осы баптың 2-тармағына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) өткізу көлемдерін есептеген кезде экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініш бергенге дейінгі, бірақ бір жылдан аспайтын уақыт ішінде алынған кіріс сомасы пайдаланылады.
6. Осы Заңның 12-бабының 1-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда тіркеуші орган нарық субъектілерін мемлекеттік тіркеуді, қайта тіркеуді монополияға қарсы органның алдын ала келісімімен жүзеге асырады.
Осы бап бұзылып жүзеге асырылған нарық субъектілерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу монополияға қарсы органның талап қоюы бойынша сот тәртібімен жарамсыз деп танылуы мүмкін.
7. Монополияға қарсы органның рұқсатынсыз жасалған экономикалық шоғырлануды монополияға қарсы органның талап қоюы бойынша сот жарамсыз деп тануы мүмкін.
14-бап. Экономикалық шоғырлануға рұқсат беру
1. Егер экономикалық шоғырлану нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) үстем (монополиялық) жағдайын орнықтыруға немесе күшейтуге және (немесе) бәсекені шектеуге алып келмейтін болса, монополияға қарсы орган оған рұқсат береді.
2. Монополияға қарсы орган, егер тиісті мәмілеге қатысушылар олардың іс-әрекеттерінен болған оң әсер тиісті тауар нарығындағы келеңсіз салдардан асып түсетінін дәлелдесе, бәсекенің шектелу мүмкіндігі кезінде экономикалық шоғырлануға рұқсат беруге құқылы.
5-тарау. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ШОҒЫРЛАНУҒА РҰҚСАТ БЕРУ ТУРАЛЫ
ӨТІНІШТЕРДІ ҚАРАУ
15-бап. Нарық субъектілерінің экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініштер беруi
1. Экономикалық шоғырлануды жүзеге асыруға ниеттенген нарық субъектілері экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтінішпен монополияға қарсы органға жүгінеді.
Экономикалық шоғырлануға қатысушылар ортақ өтініш береді. Өтінішті қарау үшін қажетті құпия ақпаратты осы тұлғалар монополияға қарсы органға жеке-жеке береді.
2. Егер экономикалық шоғырлану конкурстық рәсімдер (аукциондар, тендерлер, конкурстар) қолданыла отырып жүргізілсе, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, өтініш конкурс рәсімі басталғанға дейін де, одан кейін де, бірақ жеңімпаз жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей, берілуге тиіс.
3. Экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініштерді беру және қарау тәртібін монополияға қарсы орган белгілейді.
16-бап. Экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініштерді қарау
1. Егер өтініш түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде, монополияға қарсы орган өзінің және басқа да құжаттар монополияға қарсы орган белгілеген талаптарға сай келмейді деген хабарламамен қоса оны өтініш берушіге қайтармаса, осы уақыт өткеннен кейін өтініш қарауға қабылданды деп есептеледі.
2. Егер қосымша ақпараттың болмауы өтінішті қарауға кедергі келтіретін болса, монополияға қарсы орган өтініш берушіден және басқа тұлғалардан оны сұрата алады, сондай-ақ сараптама тағайындай алады.
3. Экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтінішті қарау мерзімі отыз күннен аспауға тиіс. Сараптама тағайындалған жағдайда көрсетілген мерзім өтінішті қарауға қабылдаған кезден бастап алпыс күннен аспауға тиіс. Көрсетілген мерзім ішінде монополияға қарсы орган экономикалық шоғырлануды жүзеге асыруға тиісті шешім қабылдауға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген өтінішті қарау мерзімінің соңғы күні экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы шешім қабылданған күн болып есептеледі.
4. Экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтінішті қарау монополияға қарсы орган немесе сот онымен байланысты басқа өтініш бойынша шешім қабылдағанға дейін оның қаралуы мүмкін болмаған жағдайда тоқтатыла тұрады. Монополияға қарсы орган экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініштерді қарауды тоқтата тұру және оны қайта бастау туралы шешім қабылдайды, ол туралы өтініш беруші хабардар етіледі.
Монополияға қарсы орган экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтінішті қарауды тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлар жойылғаннан кейін қарауды қайта бастайды.
Экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініштерді қарау мерзімінің өтуі монополияға қарсы орган өтінішті қарауды тоқтата тұру туралы шешім шығарған күннен бастап тоқтатыла тұрады. Экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініштерді қарау мерзімінің өтуі қарау қайта басталған күннен бастап жалғасады.
5. Егер монополияға қарсы органның шешімі үшінші тұлғалардың осы Заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін елеулі түрде қозғайтын болса, олар экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініштерді қарауға қатыса алады.
Экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтінішті қарауға қатысуға үшінші тұлғаларды тарту туралы мәселені монополияға қарсы орган шешеді, бұл туралы осы өтінішті қарауға қатысатын тұлғалар хабардар етіледі.
17-бап. Экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініштер бойынша шешім
1. Экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтінішті қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган:
1) экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы;
2) дәлелді қорытындысымен экономикалық шоғырлануға тыйым салу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
2. Монополияға қарсы органның экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы шешімі экономикалық шоғырлануға қатысушылардың экономикалық шоғырланудың бәсекеге теріс әсерін жоятын немесе жұмсартатын белгілі талаптар мен міндеттемелерді орындауымен байланыстырылуы мүмкін. Мұндай шарттар мен міндеттемелер, атап айтқанда, мүлікті басқару, пайдалану немесе оған билік ету жөніндегі шектеулерге қатысты болуы мүмкін.
3. Егер монополияға қарсы органның шешімінде өзгеше белгіленбесе, экономикалық шоғырлану монополияға қарсы орган экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы шешім қабылдаған күннен бастап бір жыл ішінде жүзеге асырылуға тиіс. Егер экономикалық шоғырлану белгіленген мерзімде жүзеге асырылмаса, экономикалық шоғырлануға қатысушылар экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы жаңа өтініш береді.
4. Өтініш берушіге - шешім не шешімде қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер болған жағдайда монополияға қарсы орган шешімінің үзінді көшірмесі жіберіледі.
18-бап. Экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініштерді қарауды тоқтату негіздерi
1. Экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтініштерді қарау:
1) өтініш берушілерден өтініштерін кері қайтарып алу туралы хабарлама түскен;
2) егер ақпараттың болмауы өтінішті қарауға кедергі келтіретін болса, өтініш беруші мұндай ақпаратты монополияға қарсы орган белгілеген мерзімде бермеген;
3) өтініш беруші дәйексіз ақпарат берген жағдайларда тоқтатылуға жатады.
2. Өтінішті қарау тоқтатылғаннан кейін өтініш беруші монополияға қарсы органға экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы жаңа өтініш беруге құқылы.
6-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МОНОПОЛИЯҒА
ҚАРСЫ ЗАҢНАМАСЫН САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ТЕКСЕРУ НЫСАНАСЫ
19-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын сақтау мәселесі бойынша тексерудің түрлері мен нысанасы
1. Нарық субъектілерінің, мемлекеттік органдардың (бұдан әрі - тексерілетін субъектілер) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын сақтауы монополияға қарсы орган жүргізетін тексерудің нысанасы болып табылады.
2. Нарық субъектілері мен мемлекеттік органдарды Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының сақталуы тұрғысынан монополияға қарсы орган жүзеге асыратын тексеру жоспарлы және жоспардан тыс болуы мүмкін.
20-бап. Жоспарлы тексерулер
1. Жоспарлы тексерулер тексерілетін субъектілердің монополияға қарсы заңнаманы сақтауына байланысты мәселелердің бүкіл кешенін қамтиды.
2. Жоспарлы тексерулер жылына бір реттен жиі жүргізілмейді.
3. Жоспарлы тексерулер тексерілетін субъектінің орналасқан жері бойынша немесе оның құрылымдық бөлімшесінің орналасқан жері бойынша жүргізілуі мүмкін.
4. Монополияға қарсы органның басшысы жыл сайын бекітетін жұмыс жоспары жоспарлы тексеруге негіз болып табылады. Жоспар тексеру жүргізу көзделіп отырған тексерілетін субъектілер тізбесін және тексеру жүргізу мерзімін қамтуға тиіс.
21-бап. Жоспардан тыс тексерулер
1. Монополияға қарсы органның жұмыс жоспарында көзделмеген тексеру жоспардан тыс тексеру болып саналады және Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылғаны туралы монополияға қарсы органға келіп түскен не өзі дербес анықтаған ақпаратты растау үшін жүргізіледі.
2. Жоспардан тыс тексеруді жүргізуге:
1) жеке және заңды тұлғалардың монополистік қызмет нәтижесінде өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы өтініші;
2) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылғаны туралы мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар;
3) монополияға қарсы органның тауар нарықтарын зерделеуі, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары және өзге де мәліметтер негізіндегі бастамасы негіз болады.
22-бап. Тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізу тәртібінің ерекшеліктерi
1. Тексеру жүргізу үшін монополияға қарсы орган оның басшысы қол қойған, мөрімен куәландырылған және заңнамада белгіленген тәртіппен құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркелген қатаң есептілік бланкісіндегі нұсқама және тексеруді тағайындау туралы бұйрық қабылдайды, сондай-ақ тексеру жүргізу жоспарын бекітеді.
2. Тексеру жүргізу туралы нұсқама екі дана етіп жасалып, олар тіркеу үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органына беріледі. Тіркелгені туралы белгісі бар бір данасы іс материалдарына қоса тіркеледі.
3. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органында тіркелгені туралы белгісі бар нұсқама көшірмесі, сондай-ақ тексеру жоспары тексеру жүргізілетін күні тексерілетін субъектінің басшысына тапсырылады.
Тексерілетін субъектіге тапсырылатын құқықтық статистика және арнайы есепке алу органында тіркелгені туралы белгісі жоқ тексеру жүргізу туралы нұсқаманың көшірмесі жарамсыз болып табылады.
4. Тексеру жүргізу үшін монополияға қарсы орган басшысының бұйрығымен жұмыс тобы құрылып, оның құрамы бекітілуі, жұмыс тобының басшысы мен басшысының орынбасары айқындалуы мүмкін.
5. Тексерілетін субъекті тексеру жүргізу туралы нұсқаманы қабылдаудан бас тартқан немесе тексеруді жүзеге асыратын монополияға қарсы органның лауазымды адамдарының тексеру жүргізу үшін қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға монополияға қарсы органның тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамы және тексерілетін субъектінің уәкілетті адамы қол қояды.
Тексерілетін субъектінің уәкілетті адамы бас тартудың жазбаша негіздемесін бере отырып, хаттамаға қол қоюдан бас тарта алады.
Тексеру жүргізу туралы нұсқаманы алудан бас тарту тексеруді болдырмау үшін негіз болып табылмайды.
Тексеруді монополияға қарсы органның тексеруді тағайындау туралы нұсқамада көрсетілген лауазымды адамы (адамдары) ғана жүргізе алады.
23-бап. Тексеру жүргізу жоспары және мерзімi
1. Тексеру жүргізу жоспарында:
1) тексеру жүргізу мерзімі;
2) тексеру жүргізудің негізгі міндеттері мен мақсаттары, оларды іске асыру рәсімі;
3) тексеру барысында анықталуға тиіс мәселелер тізбесі мен мән-жайлар тобы;
4) тексеру жүргізу кестесі;
5) тексерілетін субъект қызметінің ерекшелігіне сәйкес өзге де ақпарат қамтылуға тиіс.
2. Тексеруді жүргізу мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі мен алға қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және тексеруді жүргізу туралы нұсқама құқықтық статистика және арнайы есепке алу органында тіркелген кезден бастап күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
3. Тексерілетін субъект қызметінің ерекшелігіне және жұмыс көлемінің ауқымдылығына байланысты тексерудің заңда белгіленген мерзімде аяқталуы мүмкін болмаған жағдайларда монополияға қарсы органның тексеру жүргізуге жауапты лауазымды адамы монополияға қарсы органның басшысына атқарылған жұмыстың нәтижелері мен тексеру жүргізу мерзімін ұзарту қажеттігінің негіздемелері жазылған қызметтік жазбаны табыс етеді.
4. Монополияға қарсы органның басшысы тексеру жүргізудің мерзімін ұзарту туралы бұйрық шығаруға құқылы. Монополияға қарсы органның басшысы тексеру жүргізу туралы бұйрық пен нұсқамаға, сондай-ақ тексеру жоспарына тексеру мерзімінің ұзартылғаны туралы белгіні енгізеді.
Тексеру жүргізу мерзімін ұзарту күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
5. Тексеру жүргізу мерзімін ұзарту туралы бұйрықтың көшірмесі тіркелген күні тексерілетін субъектінің басшысына тапсырылады.
6. Тексерілетін субъектіге тексеру нәтижелері туралы анықтама тапсырылған күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі, бірақ ол тексеру жүргізу туралы нұсқамада көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірілмеуге тиіс.
24-бап. Монополияға қарсы органның тексеру жүргізу кезіндегі құқықтары
1. Монополияға қарсы органның лауазымды адамдарының тексеру жүргізген кезде:
1) тексерілетін субъектінің аумағына және үй-жайына кедергісіз кіруге:
2) тексеру нысанасына сәйкес тексерілетін субъектінің автоматтандырылған деректер базасына (ақпараттық жүйелеріне) қол жеткізуге;
3) тексерілетін субъектінің басшыларынан, лауазымды адамдарынан және басқа да қызметкерлерінен тексеру нысанасына қатысты қажетті ақпарат, құжаттар немесе олардың көшірмелерін, тексеру барысында туындаған мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түрде түсініктер сұратуға және алуға құқығы бар.
2. Тексерілетін субъектінің басшысы мен лауазымды адамы монополияға қарсы органның тексеру жүргізуге жауапты лауазымды адамының ауызша сауалы бойынша ақпарат, құжат немесе олардың көшірмелерін беруден бас тартқан жағдайда оларға тиісінше жазбаша сауал табыс етіледі. Жазбаша сауалды тексерілетін субъект басшысына тапсыру мүмкін болмаған жағдайда сауал тексерілетін субъект басшысының атына хабарлама берілетін тапсырыс хатпен пошта байланысы арқылы жіберіледі.
3. Монополияға қарсы органға жүктелген функцияларды іске асыру үшін қажетті коммерциялық құпия монополияға қарсы органның тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдарына ақпарат беруден бас тарту үшін негіз бола алмайды.
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпарат басқа мемлекеттік органдарға жіберілетін жағдайларды қоспағанда, тексеру барысында монополияға қарсы орган тексерілетін субъект туралы алған кез келген ақпарат таратылмауға тиіс.
4. Монополияға қарсы орган тексеру жүргізу үшін Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттік органдарының мамандарын, сондай-ақ ғалымдар мен сарапшыларды тартуға құқылы.
5. Тексеруді жүзеге асыратын монополияға қарсы органның лауазымды адамдарына тексеру нысанасына қатысы жоқ талаптар қоюға және өтініштер жасауға тыйым салынады.
25-бап. Тексерулер нәтижелерi
1. Тексеру жүргізу кезінде монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық анықталған жағдайда, монополияға қарсы органның лауазымды адамы тексеру аяқталғанға дейін тексерілетін субъектіге қатысты осы Заңға және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес монополияға қарсы ден қоюдың қажетті шараларын қолдануға құқылы.
2. Тексеру нәтижелері барлық тексерілетін мәселелер бойынша талдау, қорытындылар мен ұсыныстар қамтылған анықтамамен ресімделеді және анықтама екі дана етіп жасалады, оның біреуі тексерілетін субъектінің басшысына тапсырылады.
3. Тексеру нәтижелері тиісті құжаттармен расталатын тексерілген мәліметтер және фактілер негізінде анықтамада баяндалады. Құжаттармен расталмаған қорытындыларды, ұсыныстар мен деректерді анықтамаға енгізуге жол берілмейді.
4. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылық болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері бойынша анықтамаға тиісті жазба жазылады.
5. Тексеру нәтижесі бойынша ескертпелер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда тексерілетін субъект басшысы оларды жазбаша түрде көрсетеді.
Ескертпелер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргізу нәтижелері туралы анықтамаға қоса берілуі мүмкін, ол туралы тиісті белгі жасалады.
6. Тексерілетін субъектінің басшысы тексеру жүргізудің нәтижелері туралы анықтамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда монополияға қарсы органның тексеруді жүргізуге жауапты лауазымды адамы анықтамаға тиісті жазба енгізеді.
7. Анықтаманың екінші данасын монополияға қарсы органның тексеру жүргізуге жауапты лауазымды адамы тексеру аяқталғаннан кейін тексерілетін субъект басшысына тапсырады.