«Қазақстан Республикасында адам құқықтары саласындағы білім беру
жөніндегі 2006-2007 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарын бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 маусымдағы № 629 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2009.19.09. № 1411 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында адам құқықтары саласындағы білім беру жөніндегі 2006 - 2007 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары (бұдан әрі - Ұлттық жоспары) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ мүдделі ұйымдар Ұлттық жоспарда көзделген іс-шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етсін және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей жыл қорытындылары бойынша Ұлттық жоспар іс-шараларының орындалуы туралы ақпарат ұсынсын.
3. Жергілікті атқарушы органдарға адам құқықтары саласындағы білім беру мәселелері жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспарын әзірлеу және бекіту ұсынылсын.
4. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ұлттық жоспарды белгіленген тәртіппен Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі халықаралық гуманитарлық құқық және халықаралық шарттар жөніндегі ведомствоаралық комиссиясына енгізсін.
5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасының Үкіметіне 2007 жылғы 15 желтоқсанға қарай Ұлттық жоспар іс-шараларының орындалуы туралы жиынтық ақпарат ұсынуды қамтамасыз етсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2006 жылғы 30 маусымдағы
№ 629 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында адам құқықтары саласындағы
білім беру жөніндегі 2006 - 2007 жылдарға арналған
ұлттық іс-қимыл жоспары
Мазмұны
1. Кіріспе
2. Ұлттық жоспардың мақсаттары мен басымдықтары
3. Адам құқықтары саласындағы білімге шолу
4. Ұлттық жоспардың іс-шаралары
5. Қорытынды
6. Ұлттық жоспардың іс-шаралар жоспары
7. Ескертпелер
1. Кіріспе
Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы ұсынған Адам құқықтары саласындағы дүниежүзілік бағдарламаның мақсаттарын қолдайды және адам құқықтары саласындағы білім беру адам құқықтарын жүзеге асыру ісіне зор үлес қосатынын атап өтеді.
Дүниежүзілік бағдарламаның бірінші кезеңінің (2005-2007 жылдар) шеңберінде адам құқықтары жөніндегі комиссияның 2004/71 қарарында бастауыш және орта білім беру жүйелеріне басты назар аударылады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы өзіне орта мектеп жүйесінде адам құқықтары саласындағы білім беру мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу және Адам құқықтары саласындағы 2006 - 2007 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарын (бұдан әрі - Ұлттық жоспар) әзірлеу жөнінде міндеттемелер алды.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан заңнаманы жетілдіру және оны біздің ел ратификациялаған адам құқықтары туралы халықаралық құжаттардың нормаларына сәйкес келтіру жөнінде орасан зор жұмыстар атқарды.
Қазақстан өзіне алған міндеттемелерге сәйкес құқықтық реформаларды белсенді жүргізуде. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 19 шілдедегі № 999 қаулысымен Қазақстан Республикасында Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық іс-қимылдар жоспары бекітілді. Білім беру саласында да реформалар белсенді жүргізілуде. Қазақстанның Дакар іс-қимыл шеңберіне қол қоюы баршаға арналған Білім беру жөніндегі кешенді ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажеттілігін негіздеді.
Осыған байланысты Қазақстанның Адам құқықтары саласындағы дүниежүзілік білім беру бағдарламасы бойынша науқанға қатысуы адам құқықтарын қалыптастыру, дамыту және қамтамасыз ету жағына жасалған тағы да бір оң қадам деп бағалауға болады.
Аталған бағдарлама адам құқықтары саласындағы білім берудің көп жылдық процесіндегі алғашқы емес екендігін атап айту керек. Адам құқықтары мәселелері бойынша ағарту саласындағы бастамаларға жәрдем көрсету мақсатында ұлттық деңгейде адам құқықтары саласындағы білім беру мүддесінде бәрін қамтитын, тиімді және тұрақты стратегиялар әзірлеуге және жүзеге асыруға ықпал еткен БҰҰ-ның 1995 - 2004 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы білім берудің онжылдығы сияқты нақты халықаралық іс-қимыл шеңбері қабылданды.
Дүниежүзілік бағдарлама біліммен алмасу, дағдыларды бойына сіңірту және:
адам құқықтарын және негізгі еркіндіктерді құрметтеуді нығайтуға;
адамдық жеке тұлғаны және адамгершілік ар-намыс сезімін жан-жақты дамытуға;
өзара түсіністікке, шыдамдылыққа, ер адам мен әйел адам арасындағы теңдікке және барлық ұлттардың, байырғы халықтың және нәсілдік, ұлттық, этникалық, діни және тілдік топтар арасындағы достыққа жәрдем көрсетуге;
құқық үстемдік ететін еркін және демократиялық қоғам өміріне барлық адамдардың тиімді қатысу мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге;
бейбітшілікті құруға және қолдауға;
қоғам және әлеуметтік әділдік мүддесінде тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымдарды қалыптастыру жолымен адам құқықтарының жалпыға бірдей мәдениетін қалыптастыру үшін қабылданатын білім беру, оқыту мен ақпараттандыру жөніндегі күш ретінде айқындалуы мүмкін "адам құқықтары саласындағы білім беру" ұғымының контексін және оны айқындауды көздейді.
Тиімділікті арттыру және мәселеге неғұрлым сапалы келу мақсатында осы Ұлттық жоспарды әзірлеу процесінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі сарапшылар мен социологиялық ұйымдарды тарта отырып, жалпы орта білім беретін мектептерде адам құқықтары саласындағы білім беру мәніне ұлттық зерттеу жүргізді.
Осыған сәйкес адам құқықтары жөніндегі білім мониторингі үшін көрсеткіштер әзірленді. Олардың ішінде: адамның негізгі құқықтары туралы мектеп оқушыларының хабардар болу көрсеткіші, адам құқықтарын оқытуға бөлінетін сағаттар саны, адам құқықтары жөніндегі оқулықтармен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілу т.б. бар.
Жүргізілген зерттеулер жиынтығында орта мектептегі адам құқықтары саласындағы білім бойынша жалпы көріністі көруге мүмкіндік берді.
Әртүрлі сыныптарда адам құқықтарын оқытуға арналған сағаттар саны айына төрттен беске дейінгі сағатты құрайды, осыған қосымша факультативтер, сынып сағаттары, мектептен тыс іс-шаралар өткізіледі.
Сұрау салу нәтижелері оқушылардың мектептегі өз құқықтарын неғұрлым терең зерделеуге үлкен қызығушылық (96%) танытатынын көрсетті. Егер құқықтары бұзылса, қайда жүгінетінін білетін балалардың пайызы төменгіден жоғарғы сыныптарға қарай (43-тен 58-ға дейін) ұлғайып отырады.
Адам құқықтары мәселелері бойынша балалардың білімін қалыптастыруда және оларға практикалық көмек көрсетуде ата-аналар мен отбасылардың рөлі аса зор, өйткені оқушылардың жартысынан көбі адам құқықтары туралы ақпаратты өз ата-аналарынан алады және егер олардың құқықтары бұзылса, олар тағы да ата-аналарына жүгінеді.
Зерттеу нәтижелерін кеңінен талқылау, сондай-ақ әзірленген ұсынымдар мен ұсыныстар адам құқықтары саласындағы білім беруді жетілдіруге, азаматтануды және адам құқықтарын оқытудың маңыздылығын ескере отырып түзетуге жәрдемдеседі. Ұлттық зерттеу жобасын талқылау мақсатында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, ЕЫҚҰ орталығының қолдауымен бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Республикада адам құқықтары саласындағы білім беру жағдайындағы оң үрдістерді атап өту маңызды. Адам құқықтары барлық білім беру жүйесі шеңберінде және білім берудің барлық деңгейлерінде енгізіледі және іске асырылады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасында адам құқықтары саласындағы білім беру мәселелері нақты пысықтауды талап етеді. Ұлттық жоспарды әзірлеу кезінде министрліктер мен ведомостволардың түскен материалдар адам құқықтарына нақты тоқталмай-ақ, құқықтық және азаматтық білім беру туралы куәлік етеді.
2. Ұлттық жоспардың мақсаттары және басымдықтары
Адам құқықтары мәдениеті білімін жетілдіру;
адам құқықтары саласындағы білім берудің негізгі қағидаттары мен әдістерін жалпы түсінуге қол жеткізу;
ұлттық және халықаралық деңгейлерде адам құқықтары саласындағы білім беруге деген ерекше назарды күшейту;
барлық мүдделі тараптардың адам құқықтары саласындағы білім беруді дамыту мен жетілдіру ісіндегі өзара іс-қимылын және ынтымақтастығын кеңейту;
Қазақстан Республикасында мектептік және кәсіптік-техникалық білім берудің және формальды және формальды емес оқытулардың барлық деңгейлерінде адам құқықтары саласында білім беруді одан әрі дамытудың қажеттілігін бағалау және оның тиімді стратегияларын әзірлеу;
жаңа бағдарламалар әзірлеу және қолданыстағыларын түзету, адам құқықтары саласында білім беру үшін педагогтар мен оқытушыларды даярлау (қайта даярлау);
адам құқықтары саласында білім беруге арналған оқулықтар және оқу-әдістемелік материалдар әзірлеуді үйлестіру;
адам құқықтары саласындағы білім беруді көтермелеу ісінде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен мүмкіндіктерін нығайту.
3. Адам құқықтары саласындағы білімге шолу
Қазақстанда орта білім беру жүйесі 2,8 млн. оқушы контингенті бар 8171 мектепті қамтиды, оның ішінде 1246 - бастауыш, 218 - негізгі, 5423 - орта мектеп. Олардың 6034-і 1,3 млн. оқушылар контингенті бар ауылдық мектептер, 1853-і 1,4 млн. оқушы контингенті бар қалалық мектептер.
Республика заңнамасының нормативтік құқықтық базасы халықаралық деңгейде қолданылатын контексте және айқындамада орта білім беруде адам құқықтары саласындағы білім беруді жетілдіруге сәйкес келеді.
Нормативтік базаға енгізілетін бірқатар елеусіз өзгерістер адам құқықтары саласындағы білім беруді нақтылауға және жетілдіруге мүмкіндік береді.
Адам құқықтары білім беру мақсаттарының бірі ретінде және білім беруді бағалаудың сапалы өлшемдері сияқты білім беру мәселелері жөніндегі негізгі нормативтік құжаттарға енгізілуі қажет.
Адам құқықтары саласындағы білім беру жөнінде ғылыми-практикалық конференцияларды, семинарлар мен симпозиумдарды өткізу, халықаралық ынтымақтастық шеңберінде білімді тарату және ересектерді оқытудың қажеттілігін атап өткен жөн.
Адам құқықтары саласындағы білім беру мәселелерін көрсететін бағдарламалық нормативтік құқықтық кесімдерді талдау мемлекеттің салааралық деңгейде барлық билік құрылымдарының өзара іс-қимыл жасауы жолымен адам құқықтары саласындағы білім беру бойынша ұзақ мерзімді айқын саясат жүргізіп отырғанын көрсетеді.
«Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей құқықтық оқуды ұйымдастыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 21 маусымдағы № 2347 қаулысын орындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылғы 13 мамырдағы № 591 қаулысымен Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей құқықтық оқудың 1996 - 1998 жылдарға арналған кешендік бағдарламасы бекітілді. Yкіметтің 2004 жылғы 24 желтоқсандағы № 1382 қаулысымен Құқықтық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениетті қалыптастыру азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі 2005 - 2007 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы қабылданды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім алушылардың құқықтық дайындығын нығайту арқылы адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеу негізгі міндеттердің бірі болып табылады.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан әрі пайдалану жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 4 мамырдағы № 1568 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне білім беру ұйымдарында осы ұйымдарға қажетті әдістемелік көмек көрсете отырып, конституциялық құрылыстың негіздерін, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын оқытудың сапасын арттыру жөніндегі шаралар қабылдау тапсырылды.
Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға сәйкес жалпы білім беретін мектептерде қоғамдық-құқықтық пәндер топтамасы: бастауыш сыныптарда «Дүниетану», жоғары сыныптарда «Тарих», «Қоғамтану негіздері» мен «Құқықтану негіздері» пәндері оқытылады. Бұдан басқа әр түрлі курстар, мысалы 670 мектептің 44 мыңға жуық оқушысын қамтитын «Азаматтануға кіріспе» бағдарламасы бойынша Сайлау Жүйелерінің Халықаралық Қоры әзірлеген курс өткізілуде.
Адам құқықтары бойынша да, қоғамдық-құқықтық пәндер бойынша да жекелеген оқу құралдарының белгілі бір саны бар. Республика мектептерінде барынша кеңінен пайдаланылатын оқу құралдарына мыналарды жатқызуға болады:
Ғ.С Сапарғалиев. Қазақстан мемлекеті мен құқығының негіздері. - Алматы: Атамұра, 1998.
H.P. Күнқожаев. Адам және қоғам. - Алматы: Мектеп, 2002.
К.М. Жүкеш. Адам және қоғам. - Алматы: Глобус, 2003.
Дж. Пилон және басқалар. Азаматтық білім беруге кіріспе - Алматы: СЖХҚ, 2003.
Дж. Пилон және басқалар. Азаматтық және басқаруға қатысу - 21 ғасырдың азаматтық қоғамындағы сіздің рөліңіз. - Алматы: СЖХҚ, 2004.
Бірқатар құралдар үкіметтік емес ұйымдардың тікелей қатысуымен, ал құқықтық пәндер бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Халыққа құқықтық көмек және заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру комитетінің қатысуымен дайындалды және жарияланды. Бұл Ө. Акыпбековтың «Құқық әліппесі», Р. Завотпаевтың «Терроризм әліппесі», Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның сынып сағаттарын өткізу жөніндегі «He соглашайся на рабство» атты құралы, «Қамқор» дағдарыс орталығының «қазіргі заманғы қоғам балалары» деген материалдар жинағы, «Құқық және білім» деген электрондық материалдардың жинағы.
Адам құқықтары саласындағы білім беру контексіндегі білім беру қызметінің қосымша нысандары аудиториялық сабақ жүйесіне енбейтін түрлі мектептен тыс іс-шаралар түрінде іске асырылды. Республикада адам құқығы мен демократия мәселелері бойынша жасөспірімдердің құқықтарын қорғау форумдары, құқықтық олимпиадалар, семинар-тренингілер, құқықтық білім викториналары, құқықтың ең үздік білгірлеріне арналған конкурстар, құқықтық идеялар фестивалдары, әлемдегі және елдегі саяси оқиғаларды талқылау жөніндегі брифингтер сияқты іс-шаралар өткізіледі.
Қазақстанда адам құқықтары саласындағы білім беруге арналған кадрларды даярлау мәселелерімен Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрларының біліктілігін арттыру республикалық институты, облыстық біліктілікті арттыру институттары, әділет органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институттары, үкіметтік емес ұйымдар айналысады.
Адам құқықтары саласындағы білім беру жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметі тұтастай алғанда мемлекеттік қолдаудың қажетті деңгейін көрсетеді. Алайда, осы мәселе бойынша олардың өзара іс-қимылы мен келісімділігі әлі де пысықтауды талап етеді. Адам құқықтары саласындағы білім беру процесіне білім беру органдарымен қатар құқықтық мәдениет пен халықты ағартудың ұдайы және тұрақты өсуіне барынша мүдделілер ретінде әділет органдары мен құқық қорғау органдары белсенді түрде тартылған. Адам құқықтары саласындағы білім беруді жетілдіру мемлекеттің қаржылық-ұйымдастырушылық қолдаумен тікелей байланысты. Құқықтық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі 2005 - 2007 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру үшін ғана республикалық бюджет қаражатынан 198 млн. теңге бөлінді.
Адам құқықтары саласындағы білім беруді жүзеге асыру процесіне үкіметтік емес ұйымдардың қатысу үлесі елеулі. Yкіметтік емес ұйымдардың адам құқықтары саласындағы білім беруді жетілдіруге қатысуы қажеттілігін қосымша ұйымдастырушылық-қаржылық және оқу-әдістемелік ресурстар ретінде қарастыруға толық негізделген алғышарттар бар. Білім беру ұйымдарымен бірлесіп, адам құқықтары бойынша мектептік білім беру саласындағы белсенді қызметті мынадай үкіметтік емес ұйымдар: Сайлау Жүйесінің Халықаралық Қоры халықаралық ұйымдар өкілдігі, «Street-Law-Казахстан», «Ашық әлем» Қоғамдық ақпараттық орталығы», «Тең-теңге», «Бітімгершілік», Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросы, «Жас көшбасшылар ассоциациясы», «Конфликтологиялық орталық» қоғамдық ұйымдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Қызыл Жарты ай қоғамы және басқалар жүзеге асырады.
4. Ұлттық жоспардың іс-шаралары
Ұлттық жоспар мәлімделген басымдықтарды негізге ала отырып, іске асырылуы адам құқықтары саласында білім беру бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін іс-шаралар топтарын қамтитын өзара байланысты бірнеше блоктардан тұрады.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер енгізуді және БҰҰ Адам Құқықтарының Жалпыға бірдей Декларациясы қағидаттары мен ережелерін насихаттауды көздейтін блок шүбәсіз негізгі болып табылады. Негізгі министрліктердің осы блок бойынша келісілген жұмысы, белгіленген іс-шараларды іске асырып қана қоймай, сонымен бірге біздің елдегі орта білім беру саласын ғана қозғамайтын дайындалып жатқан заң жобаларына басқаша қарауға мүмкіндік береді.
Білім беру саласындағы және адам құқықтары саласындағы қызметтің мониторингі мен оны талдау жөніндегі іс-шаралар блогына келетін болсақ, осы блокта топтастырылған іс-шаралар кері байланысты, білім беру мекемелерінде адам құқықтары саласындағы білім беру жағдайын тиісті бағалауды қамтамасыз етеді, ал қажетті жағдайда Ұлттық жоспар іс-шараларына жедел ден қою және оларды түзету мүмкіндігін береді. Блоктың нақты мониторингтері адам құқықтары саласындағы білім беру ахуалын толық көрсетуге арналған.
Осы Ұлттық жоспарда ең көлемдісі іс-шаралардың үшінші блогы: жалпы орта білім беру жүйесінде құқықтық пәндерді оқытуды оқу-әдістемелік қамтамасыз ету болып табылады. Еш күмәнсіз, нақ осы блок мәлімделген мақсаттар мен басымдылықтарға барынша толық жауап береді.
Ең маңызды аспектілердің бірі - Ұлттық жоспардың іс-шараларын іске асыруға түрлі деңгейдегі үкіметтік емес ұйымдардың қатысуы.
Оқушылар, жастар, ата-аналар, оқытушылар өмір сүретін ортаның таптаурындарын жеңбестен, орта білім берудегі бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі әсерінсіз қоғамдық процестерге мүмкіндігінше, қатысушылардың барынша кең жігін тартпай, адам құқықтарының құндылықтарын қалыптастыру мүмкін емес. Ұлттық жоспардың іс-шаралары мемлекеттік басқару органдары мен биліктің қолда бар резервтері мен тетіктеріне олардың адам құқықтары саласындағы білім берудегі орнын анықтау үшін байыппен қарауға мүмкіндік береді, өйткені бірқатар ұстанымдар бойынша мемқұрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың (оның ішінде халықаралық) білім беру мекемелерінің өкілдерінің ынтымақтастық пен сындарлы диалогы шарттарында бірлескен қатысуы көзделеді.
5. Қорытынды
Осы Ұлттық жоспар ұлттық зерттеу жүргізу нәтижелері бойынша айқындалған мақсаттарды, басымдылықтарды, сондай-ақ оны іске асыру жөніндегі іс-шараларды қамтиды. Ұлттық жоспарда Адам құқықтары саласындағы дүниежүзілік білім беру бағдарламасы ұсынған орта мектепте адам құқықтары саласында білім беру компоненттері ескеріле отырып жасалған 8 басымдық көзделген.
Ұлттық жоспардың мақсатына қол жеткізудің 2006 - 2007 жылдарға арналған қысқа мерзімді сипаты бар, бұл Дүниежүзілік бағдарламаның бірінші кезеңін (2005 - 2007 жылдар) іске асыру қажеттілігінен туындаған. Осы Ұлттық жоспарды іске асыру қорытындылары бойынша жетістіктерді бағалау жөніндегі жұмыстарды жүргізу және Дүниежүзілік бағдарламаның келесі кезеңдерін іске асыру жоспарын әзірлеу жоспарланған.
Ұлттық жоспардың негізі мақсаттары: адам құқықтары білімінің мәдениетін жетілдіру, адам құқықтары саласында білім берудің негізгі қағидаттары мен әдістерін жалпы түсінуге қол жеткізу, адам құқықтары саласындағы білім беруге ұлттық және халықаралық деңгейде айрықша назар аудару барлық мүдделі тараптардың адам құқықтары саласындағы білім беруді дамыту және жетілдіру ісіндегі өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын кеңейту сондай-ақ адам құқықтары саласындағы білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларын жетілдіру болып табылады.
Ұлттық жоспар іс-шараларын іске асыру өз құқықтарын белсенді және сауатты пайдалануға қабілетті, мектеп оқушысында адам құқықтары мәдениетін қалыптастырудан, оқушылардың құқықтық санасы деңгейін көтеруден, балалар қылмысын азайтудан, сондай-ақ құқықтық тұрғыдағы басқа да оң көрінісінен белгісін тиімділік беруге арналған. Алайда, адам құқықтары саласындағы жүйелі білім беруді жетілдіру және оқушыларды адам құқықтарын құрметтеу рухында тәрбиелеу жөніндегі жұмыс үлкен қиындықтарға байланысты және оларды шешу ұзақ және мақсатқа сай жұмыстар жолымен ғана мүмкін болатынын еске сақтаған жөн.
Қойылған мақсаттарды іске асыру мақсатында осы процеске мүдделі барлық қатысушылардың: мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың, сондай-ақ педагогикалық қызметкерлер мен оқушылардың өздерінің тығыз ынтымақтастығы қажет.
Осы Ұлттық жоспар Қазақстан Республикасындағы орта білім беру шеңберінде адам құқықтары саласында білім беруді жетілдіруге бағытталған бірқатар бірінші кезектегі жоспарланған нақты іс-қимылды білдіреді.
6. Қазақстан Республикасында адам құқықтары саласындағы
білім беру жөніндегі 2006 - 2007 жылдарға арналған ұлттық
жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
Р/с № | Іс-шаралар | Аяқталу нысаны | Жауапты орындаушылар | Орындалу мерзімі | Қаржыландыру көздері |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 |
1. Нормативтік құқықтық база |
1.1. | Білім беру арқылы адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуді қалыптастыру туралы ережелерді (нормаларды) әзірлеу және оны»"Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы жаңа редакциясының жобасына енгізу | Үкіметке ақпарат | БҒМ | 2006 жылғы желтоқсан | Қаржыландыруды талап етпейді |
1.2. | Адам құқықтары саласындағы міндетті білім беруді регламенттейтін нормативтік құқықтық кесімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу бойынша жұмыс тобын құру | Бұйрық | БҒМ | 2007 жылғы ақпан | Қаржыландыруды талап етпейді |
1.3. | Баспаларға дәптерлерді, күнделіктерді, оқу және балалар әдебиетін басып шығару кезінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының, Бала құқықтары туралы конвенцияның, Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның, Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияның ережелерін пайдалану жөнінде және»"Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты баланың құқықтары туралы" Конвенцияның факультативтік хаттамасына, "Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты баланың құқықтары туралы" Конвенцияның факультативтік хаттамасына ұсынымдарды әзірлеу | Ұсынымдар | БҒМ (жинақтау), МАМ | 2006 жылғы тамыз | Қаржыландыруды талап етпейді |
1.4 | Қазақстан Республикасының 12 жылдық жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандартының жобасын әзірлеу кезінде Дүниежүзілік адам құқықтары саласындағы білім беру бағдарламасының ұсынымдарын ескеру | Бұйрық | БҒМ | 2006 жылғы тамыз | Қаржыландыруды талап етпейді |
2. Адам құқықтары саласындағы білім беру аясындағы қызметтің мониторингі және оны талдау |
2.1 | Адам құқықтары саласындағы білім беру жөніндегі ұлттық зерттеудің қорытындылары бойынша есепті бекіту | Бұйрық | БҒМ | 2006 жылғы тамыз | Қаржыландыруды талап етпейді |
2.2 | Адам құқықтары саласындағы білім беруді іске асырудың дәлме-дәл мониторингін мыналарда: түзеу мекемелері жанындағы жалпы білім беретін мектептерде; жалпы орта білім беретін арнайы ұйымдарда; балалар үйлерінде жүргізу | Облыстық БД-ға (ББ)-ға ұсынымдар | БҒМ (жинақтау), Әділетмині, ЮНИСЕФ | 2007 жылғы желтоқсан | Қаржыландыруды талап етпейді |
2.3 | "Балаға мейірімді қарым-қатынас мектебінің" (БМҚМ) сандық индикаторларын әзірлеу | Білім беру ұйымдарына ұсынымдар | БҒМ (жинақтау), "САНДЖ" ЗО ЮНИСЕФ | 2006 жылғы қазан | Қаржыландыруды талап етпейді |
2.4 | Бірқатар өңірлерде балалар құқықтарының бұзылуы туралы деректерді жинау және бағалау | Білім беру ұйымдарына ұсынымдар | БҒМ (жинақтау), АҚҰО | 2006 жылғы қараша | Қаржыландыруды талап етпейді |
2.5 | Балаларға арналған интернаттық және басқа да мекемелерде балалар құқықтарының бұзылушылықтарына мониторинг жүргізу | Білім беру ұйымдарына ұсынымдар | БҒМ (жинақтау), АҚҰО | 2007 жылғы желтоқсан | Қаржыландыруды талап етпейді |
3. Жалпы орта білім беру жүйесінде құқықтық пәндердің оқытылуын оқу-әдістемелік қамтамасыз ету |
3.1 | Жалпы білім беретін мектептердің кітапханаларын оқу құралдарымен және ғылыми-көпшілік басылымдармен қамтамасыз ету | Бұйрық | БҒМ (жинақтау), Әділетмині | 2006 жылғы қазан | Әділетминінің 006 "Құқықтық насихат" бағдарламасы шеңберінде |
3.2 | Жалпы білім беретін мектептерге арналған құқықтық пәндерді оқытуды ұйымдастыру, сабақта және сабақтан тыс уақытта адам құқықтарын оқыту жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу | Әдістемелік ұсынымдар | БҒМ | 2006 жылғы қыркүйек | Қаржыландыруды талап етпейді |
3.3 | Үздік оқу бағдарламаларына, оқулықтарға, әдістемелік әзірлемелерге, сынып сағаттарына, мектептен тыс іс-шараларға "Құқықтық мәдениет әлемінде" атты республикалық конкурс өткізу | Бұйрық | БҒМ (жинақтау), ЮНЕСКО, СЖХҚ | 2007 жылғы қазан | Бюджеттен тыс қаражат есебінен |
3.4 | Мектеп оқушылары үшін адам құқықтары, балалар құқықтары тақырыбы көрсетілетін ұсынылған әдебиет тізбесін қалыптастыру және бекіту | Бұйрық | БҒМ (жинақтау), Әділетмині, МАМ, АҚҰО | 2006-2007 жылдардағы желтоқсан | Қаржыландыруды талап етпейді |
3.5 | Баланың денсаулық сақтау құқықтары, оның ішінде балалар мен оқушы жастар арасында нашақорлықтың, маскүнемдіктің, темекі шегудің және АҚТҚ/ЖҚТБ-ның алдын алу жөніндегі тақырып көрсетілетін мұғалімдер мен ата-аналарға арналған әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу | Білім беру ұйымдарына арналған әдістемелік ұсынымдар | БҒМ (жинақтау), ДСМ, ІІМ | 2007 жылғы мамыр | Қаржыландыруды талап етпейді |
3.6 | Ата-аналарға арналған»"Сіздің балаңыздың Сізге деген сеніміне ие болуға көмектесетін кеңестер" жаднамасын, жасөспірімдерге арналған»"Егер Сен өмірде қиын жағдайға душар болсаң" жаднамасын (250 мың дана) әзірлеу және басып шығару | Жаднамалар | БҒМ | 2006 жылғы тамыз | Қаржыландыруды талап етпейді |
3.7 | Адам құқықтары жөніндегі халықаралық құжаттар жинағын әзірлеу және басып шығару | Құжаттар жинағы | АҚ және ЗСҚХБ | 2007 жылғы желтоқсан | Бюджеттен тыс қаражат есебінен |
4. Жалпы білім беретін мектептердің оқушыларына қосымша білім беруді ұйымдастыру |
4.1 | Мектеп оқушыларының облыстар, Астана және Алматы қалалары жергілікті атқару органдарының жұмысына қатысуы күнін өткізу | Облыстық БД-ға (ББ)-ға ұсынымдар | БҒМ (жинақтау), СЖХҚ, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері | 2006 - 2007 жылдардағы қараша | Қаржыландыруды талап етпейді |
4.2 | Елдің жалпы білім беретін мектептерінде оқушылардың өзін-өзі басқаруын үздік ұйымдастыруға арналған»"Мектеп өмірінің айнасы" атты өңірлік конкурстарды өткізу | Бұйрық | БҒМ (жинақтау), Облыстық БД-ға (ББ) | 2007 жылғы желтоқсан | Бюджеттен тыс қаражат есебінен |
4.3 | Жалпы білім беретін мектептердің 9-11 сыныптарының оқушылары арасында өткізілетін республикалық олимпиада пәндерінің тізбесіне құқықтық пәндерді енгізу | Бұйрық | БҒМ | 2007 жылғы сәуір | Қаржыландыруды талап етпейді |
4.4 | Барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында Адам құқықтары күніне, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына арналған іс-шаралар өткізу | Бұйрық | БҒМ (жинақтау), Әділетмині, АҚҰО | 2006-2007 жылдардағы желтоқсан | Қаржыландыруды талап етпейді |
4.5 | Оқушылардың ғылыми жобаларының республикалық конкурсы шеңберінде адам құқықтары саласындағы білім беру мәселелері бойынша оқушылардың ғылыми жобаларды әзірлеуі мен қорғауын практикаға енгізу | Бұйрық | БҒМ (жинақтау), Әділетмині, ІІМ | 2007 жылғы сәуір | Қаржыландыруды талап етпейді |
4.6 | Жалпы білім беретін мектептердің оқушылары мен ата-аналар үшін ғалым-заңгерлерді, саясаттанушыларды, нотариустарды, адвокаттарды, құқық қорғау органдарының мамандарын, ҮЕҰ-ның өкілдерін тарта отырып, құқықтық тақырып бойынша дәрістер циклдарын әзірлеу және өткізу | Дәрістер циклы | БҒМ (жинақтау), Әділетмині, ІІМ | 2006-2007 жылдардағы желтоқсан | Қаржыландыруды талап етпейді |
4.7 | "Қазақстан Республикасында бала құқықтары жөнінде уәкіл жүйесін құру" жобасын іске асыру | Үкіметке ақпарат | БҒМ (жинақтау), ЮНИСЕФ, АҚҰО | 2006 жылғы желтоқсан | Бюджеттен тыс қаражат есебінен |
5. Педагог кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру |
5.1 | БҒМ БАИ жүйесінде құқықтық пәндерді оқыту және жалпыға бірдей оқуды ұйымдастыру әдістемесі бойынша дәрістер циклы мен практикалық сабақтарды әзірлеу | Әдістемелік құралдар | БҒМ | 2007 жылғы қазан | Қаржыландыруды талап етпейді |
5.2 | Адам құқықтары саласында білім беру жөніндегі инновациялық педагогикалық технологиялардың деректер банкін құру | Деректер банкі | БҒМ | 2007 жылғы қараша | Қаржыландыруды талап етпейді |
5.3 | Астана қаласында бала құқықтары жөніндегі ақпараттық-ресурстық орталық құру | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат | БҒМ (жинақтау), ЮНИСЕФ, АҚҰО | 2006 жылғы желтоқсан | Бюджеттен тыс қаражат есебінен |
5.4 | Астана қаласы мектептерінің оқытушылары мен балалармен жұмыс істейтін ҮЕҰ үшін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің басым бағыттары бойынша "Қазақстандағы ұлттық омбудсмен кеңсесінің операциялық мүмкіндіктерін дамыту" атты екі жақты әріптестік бағдарламасы жобасының шеңберінде семинарлар өткізу | Семинар | АҚҰО | 2006 жылғы желтоқсан | Бюджеттен тыс қаражат есебінен |
6. Адам құқықтары саласындағы білім беруді іске асыруға Бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуы |
6.1 | БҒМ-ның веб-сайтында "Адам құқықтары бойынша білім беру" айдарын ашу ("Қазақстандағы білім беру" бөлімінде) | Айдар | БҒМ | 2006 жылғы қараша | Қаржыландыруды талап етпейді |
6.2 | "Внешкольник Казахстана", "Қазақстан тарихы", "История Казахстана: преподавание в вузах и школах", "Учитель Казахстана", "Қазақстан мұғалімі", Қазақстан мектебі", "Столичное образование" мерзімді журналдары мен газеттерінде адам құқықтары саласындағы білім беру проблемалары бойынша арнайы материалдар дайындау және жариялау | Жарияланымдар | БҒМ (жинақтау), МАМ, Әділетмині | 2006 - 2007 жылдар ішінде | Қаржыландыруды талап етпейді |
6.3 | Теледидардан көрсету үшін»"Адам құқығы бала құқығынан басталады" тақырыбында бейнероликтер дайындау | Бейнеролик | БҒМ (жинақтау), МАМ | 2007 жылғы қыркүйек | Бюджеттен тыс қаражат есебінен |
6.4 | "Заң газеті", "Юридическая газета", "Закон и правосудие", "Страна и мир" мерзімді баспасөз басылымдарында адам құқықтары саласындағы білім беру бойынша тұрақты айдарлар ашу | Жарияланымдар | БҒМ (жинақтау), МАМ | 2007 жылғы ақпан | МАМ-ның 016 "Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу" бағдарламасы шеңберінде |
7. Адам құқықтары саласындағы білім беру және насихаттау жұмыстарына жұртшылықты тарту |
7.1 | Балалар құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған Республикалық қоғамдық ата-аналар кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізу | Білім беру ұйымдарына ұсынымдар | БҒМ (жинақтау), Әділетмині | 2007 жылғы маусым | Қаржыландыруды талап етпейді |
7.2 | Заңгерлік жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерінің "Мектеп оқушыларына - құқықтық білім" республикалық акциясын өткізу | Бұйрық | БҒМ (жинақтау), Әділетмині | 2006 жылғы қараша | Бюджеттен тыс қаражат есебінен |
7.3 | Жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері үшін адам құқықтары бойынша қосалқы өңірлік семинар өткізу | Үкіметке ақпарат | БҒМ (жинақтау), ЮНЕСКО | 2006 жылғы қараша | Бюджеттен тыс қаражат есебінен |
7.4 | Бала құқықтарын қорғау бойынша Орталық Азия форумын өткізу | Білім беру ұйымдарына ұсынымдар | БҒМ (жинақтау), ЮНИСЕФ | 2006 жылғы қараша | Бюджеттен тыс қаражат есебінен |
7.5 | ҮЕҰ-ның балаларды адам құқықтарына оқыту саласындағы бірегей материалдарының озық тәжірибесіне республикалық конкурс өткізу | Білім беру ұйымдарына ұсынымдар | ОІГСҰК (жинақтау), МАМ, БҒМ, АҚҰО | 2007 жылғы қыркүйек | Бюджеттен тыс қаражат есебінен |
7.6 | ҮЕҰ-ның адам құқықтары саласындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларын әзірлеуге арналған конкурстарда лоттарды көздеу | БҒМ-ге ақпарат | МАМ | 2006 жылғы желтоқсан | МАМ-ның 018 "Ішкі саяси тұрақтылық және қоғамдық келісім саласында мемлекеттік саясатты жүргізу" бағдарламасы шеңберінде |
8. Адам құқықтары саласында білім беру аясындағы халықаралық ынтымақтастық |
8.1 | Халықаралық ұйымдармен, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттермен адам құқықтары, балалар құқықтары саласында білім беру мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейту | БҒМ-ге ақпарат | СІМ, Әділетмині ІІМ, Еңбекмині, Қорғанысмині, МАМ, ДСМ, ОІГСҰК | 2006 - 2007 жылдардағы желтоқсан | Қаржыландыруды қажет етпейді |