Жоба
Қазақстан Республикасының кодексi
Қазақстан Республикасының экологиялық кодексi
Қабылданды- 2007 ж. 9 қаңтардағы № 212-III ҚР Заңың қара
ҚР Үкіметінің 2006.21.06. № 567 Қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді
Осы Кодекс қазіргі және болашақ ұрпақтың сұранысын қанағаттандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік-экономикалық міндеттерді теңдестіре шешуді, қоршаған ортаны, биологиялық әртүрлілікті және табиғи экологиялық жүйелерді сақтау мен қалпына келтіруді қамтамасыз ететін қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін белгілейді.
Жалпы бөлім
I-бөлім. Жалпы ережелер
1-тарау. Негізгі ережелер
1-бап. Осы Кодексте қолданылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ағынды сулар - табиғи немесе жасанды су объектілеріне немесе жергілікті жер бедеріне жіберілетін пайдаланылған немесе ластанған аумақтан келген су;
2) биологиялық ресурстар - өсімдік және жануарлар дүниесінің ресурстары, организмдер мен олардың бөліктері, популяциялар немесе өз-өзін жаңғыртуға қабілетті және қоршаған ортаның бөлігі болып табылатын экологиялық жүйелердің кез келген басқа да биотикалық компоненттері;
3) генетикалық түрлендірілген организмдер - адам организмін қоспағанда, генетикалық материалдың гендік инженерия әдістерін пайдалану көмегімен алынған жаңа комбинациясы бар кез келген организмдер;
4) генетикалық түрлендірілген өнімдер - генетикалық инженерияның пайдаланып табылған өсімдік және (немесе) жануарлар тұрғысынан шыққан өнімдер;
5) инерттік қалдықтар - қауіпті қасиеті жоқ қалдықтар;
6) коммуналдық қалдықтар - елді мекендерде, оның ішінде адамның өмірі мен қызметі нәтижесінде жиналатын тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы жағынан және жиналу сипаты бойынша осыларға ұқсас өндіріс қалдықтары;
7) қалдықтарды есепке алу - қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамалары және олармен жұмыс істеу тәсілдері туралы ақпаратты ұдайы құжаттамалық көрсету жүйесі;
8) қалдықтарды жою - қалдықтарды көму және жою жөніндегі операциялар;
9) қалдықтарды кәдеге жарату - қалдықтарды қайталама материалдық немесе энергетикалық ресурстар ретінде пайдалану;
10) қалдықтарды көму - қалдықтарды шектеусіз мерзім ішінде қауіпсіз сақтау үшін арнайы белгіленген орындарға орналастыру;
11) қалдықтарды қайта өңдеу - қалдықтардың көлемін немесе қауіпті қасиеттерін азайту үшін олардың сипатын өзгертетін, олармен жұмыс істеуді жеңілдететін немесе оларды кәдеге жаратуды жақсартатын сұрыптауды қoca алғанда, физикалық, жылу, химиялық немесе биологиялық процестер;
12) қалдықтарды залалсыздандыру - механикалық, физикалық-химиялық немесе биологиялық өңдеу жолымен қалдықтардың қауіпті қасиеттерін азайту немесе жою;
13) қалдықтардың қауіптілік паспорты - қалдықтардың шығу көзі бойынша жиналу процестерінің, олардың сандық және сапалық көрсеткіштерінің, мұндай қалдықтармен жұмыс істеу ережелерінің, оларды бақылау әдістері, бұл қалдықтардың қоршаған ортаға, адам денсаулығына және (немесе) тұлғалар мүлкіне зиянды әсер ету түрлерінің стандартталған сипаттамасы, өндірістік қалдықтарды өндірушілер, меншігінде қалдықтар бар өзге де тұлғалар туралы мәліметтер қамтылған құжат;
14) қалдықтар жіктелімі - қалдықтар жіктелімінің нәтижелері бар, қолданбалы сипаттағы ақпараттық-анықтамалық құжат;
15) қалдықтардың түрі - шығу көзіне, қасиеттеріне және жұмыс істеу технологиясына сәйкес жалпы белгілері бар, қалдықтар жіктелімінің негізінде белгіленетін қалдықтар жиынтығы;
16) қалдықтармен жұмыс істеу - қалдықтар жиналуының алдын алу және азайту, есепке алу мен бақылау, сондай-ақ қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, залалсыздандыру, тасымалдау, сақтау (қоймада сақтау), көму және жоюды қоса алғанда, қалдықтармен байланысты қызмет түрлері;
17) қауіпті қалдықтар - құрамында қауіпті қасиеттері (уыттылығы, жарылыс қаупі, өрт шығу қаупі, жоғары реакциялық қабілеті) бар зиянды заттар болатын не дербес немесе басқа заттармен байланысқа түскен кезде қоршаған ортаға және адам денсаулығына тікелей немесе әлеуетті қауіп төндіретін қалдықтар;
18) қолайлы қоршаған орта - табиғи объектілерінің жай-күйі экологиялық қауіпсіздікті және халықтың денсаулығын сақтауды, биоәртүрлілікті сақтауды, ластануға жол бермеуді, экологиялық жүйелердің тұрақты жұмыс icтeуі, табиғи ресурстарды молықтыруды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін орта;
19) қоршаған орта - табиғи объектілердің, өзара қарым-қатынастағы атмосфералық ауаны, Жердің озон қабатын, жер бетіндегі және жер асты суларды, жерді, жер қойнауын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін, сондай-ақ климатты қоса алғанда жиынтығы;
20) қоршаған ортаға келтірілетін залал - қоршаған ортаны ластау немесе табиғи ресурстарды белгіленген нормалардан тыс не экологиялық рұқсатсыз және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен табиғи ресурстарды алуға арналған құқығының берілуінсіз алу;
21) қоршаған ортаға эмиссиялар - ластағыш заттардың шығарындылары мен тастатылуы, қоршаған ортада өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру, зиянды физикалық ықпал;
22) қоршаған ортаға эмиссияларға арналған квота - табиғат пайдаланушыға белгіленген мерзімге берілетін қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттің бір бөлігі;
23) қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттер - белгіленген мерзімге берілетін қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтік көлемі;
24) қоршаған орта сапасының нормативтері - қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың қолайлы жай-күйін сипаттайтын көрсеткіштер;
25) қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштері - қоршаған ортаның сапасын біртіндеп жақсарту қажеттілігін ескерумен қоршаған ортаның белгіленген уақыт мерзіміне нормаланатын өлшемдердің шекті деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер;
26) қоршаған ортаны қорғау - табиғат пен адамның үйлесімді өзара ықпалдасуына, қоршаған ортаның сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралар жүйесі;
27) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган - қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу мен іске асыру мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ оның аумақтық бөлімшелері;
28) қоршаған ортаның авариялық ластануы - жеке және (немесе) заңды тұлғалардың шаруашылық қызметінің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыруы кезінде болған авариядан туындаған және зиянды заттарды атмосфераға шығару және (немесе) суға тастау немесе жер беті учаскесінде, жер қойнауында қатты, сұйық немесе газ түріндегі ластаушы заттардың жайылуы немесе иістің, шудың, тербелістің, радиацияның пайда болуы немесе электромагниттік, температуралық әсер, жарықтың әсері немесе рұқсат етілген деңгейден асатын өзге де физикалық, химиялық, биологиялық зиянды әсер ету болып табылатын қоршаған ортаның кенеттен абайсызда ластануы;
29) қоршаған ортаның ластану учаскелері - жер бетінің және су объектілерінің қауіпті химиялық заттармен белгіленген нормативтен артық ластанған шекті учаскелері;
30) қоршаған ортаны ластау - қоршаған ортаға ластаушы заттардың, радиоактивті материалдардың, өндіріс және тұтыну қалдықтарының түсуі, сондай-ақ шудың, тербелістердің, магниттік кеңістіктердің және өзге де зиянды физикалық әсерлердің қоршаған ортаға ықпалы;
31) қоршаған ортаның сапасы - қоршаған ортаның құрамы мен қасиеттерінің сипаттамасы;
32) мекен ету орны - жер үлгісі немесе қандай да бір организмнің немесе популяцияның табиғи мекен ету орны;
33) мемлекеттік экологиялық бақылау - экологиялық заңнаманың, қоршаған орта сапасы нормативтерінің және экологиялық талаптардың сақталуын бақылау;
34) өндіріс және тұтыну қалдықтары (қалдықтар) - антропогендік қызмет нәтижесінде жиналған, жиналу орнында одан әрі пайдалануға жатпайтын, иесі құтылатын, құтылғысы келетін немесе құтылуға тиіс кез келген заттар, материалдар және бұйымдар;
35) радиоактивті қалдықтар - шаруашылық қызмет нәтижесінде пайда болған және одан әрі пайдалануға жатпайтын, осы Кодексте регламенттелген мәндерден асатын сандағы және қосындыдағы радиоактивті заттарды қамтитын кез келген агрегаттық жай-күйдегі заттар мен материалдар;
36) сараптама объектісін іске асыру - жоспарлау алдындағы, жобалау алдындағы және жобалық құжаттамада көзделген шешімдерге сәйкес өнеркәсіптік және өзге де объектілерді салу, пайдалану, жою, қызмет көрсету, бұйымдар мен технологиялардың шаруашылық айналымға түсуі жөніндегі жұмыстардың басталуы мен барысы, сондай-ақ заңнамалық актінің күшіне енуі, сараптама объектісінің өзге де нақты пайдаланылуы;
37) су объектілері - құрылық және Жер қойнауы бетіндегі рельефтерде шоғырланған, шекаралары, көлемі мен су режимі бар сулар;
38) сұйық қалдықтар - ағынды суларды қоспағанда, сұйық түрдегі кез келген қалдықтар;
39) табиғат объектілері - шекарасы, көлемі және жасау режимі бар табиғи объектілер;
40) табиғат пайдаланушы - осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен табиғи ресурстарды пайдалануды және (немесе) қоршаған ортаға эмиссияны жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлға;
41) табиғи ресурстар - тұтынушының құндылығы бар табиғи объектілер: cу, жер, оның қойнауы, өсімдіктермен жануарлары дүниесін пайдалану;
42) табиғи ресурстарды қорғау - табиғи ресурстардың әрбір түрін тұтынушылық қасиеттерін жоғалтуға әкеп соғатын тиімсіз пайдалану, құрып кету, деградациядан қорғауға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралар жүйесі;
43) табиғи ресурстардың сарқылуы - табиғи ресурстар қорларының сапалық және/немесе сандық сипаттамаларын ішінара немесе толық жоғалту;
44) шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрі - заңды және (немесе) жеке тұлғалардың халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін тікелей немесе жанама шаруашылық және өзге де қызметі, оның нәтижесінде қоршаған орта авариялық ластанады немесе ластануы мүмкін;
45) шығарылудың, тасталудың үлестік нормативі - өнімнің, қуаттың, көлік немесе өзге де жылжымалы құралдарының бірлігіне шаққанда атмосфераға, су объектілеріне зиянды (ластағыш) заттарды шығарудың, тастаудың барынша массасының нормативі, ол шығарылудың, тасталудың жылжымалы, тұрақты көздері, технологиялық процестер мен жабдықтар экожүйе үшін белгіленеді;
46) экологиялық жүйе - организмдердің және олар мекендейтін жансыз ортаның өзара байланысты біртұтас функционалдық жиынтығы;
47) экологиялық қауіп - антропогендік және табиғи ықпалдар әсерінің, соның ішінде дүлей зілзалаларды қоса алғанда, зілзалалар мен апаттар себептерінен қоршаған ортаның жай-күйі бұзылуының, өзгеруінің болуымен немесе ықтималдығымен сипатталатын және осыған байланысты жеке адам мен қоғамның өмірлік маңызы бар мүдделеріне қауіп төндіретін жағдай;
48) экологиялық қауіпсіздік - жеке адамның, қоғамның өмірлік маңызды мүдделері мен құқықтарын қоршаған ортаға антропогендік және табиғи ықпал ету нәтижесінде туындайтын қатерден қорғалуының жай-күйі;
49) экологиялық қауіпті объект - салынуы мен қызметі адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсерін тигізуі мүмкін немесе зиянды әсерін тигізетін шаруашылық объектісі мен өзге де объект;
50) экологиялық мониторинг - қоршаған ортаның жай-күйі мен оған әсерді жүйелі түрде бақылау мен бағалау;
51) экологиялық нормалау - адамның өмір сүруі мен биологиялық әртүрлілікті сақтау үшін қолайлы ортаны айқындайтын және қамтамасыз ететін ережелердің (нормалардың) және олардағы қоршаған ортаның жай-күйі мен оған ықпал ету дәрежесін бағалаудың сан және сапа көрсеткіштерінің (нормативтерінің) жүйесі;
52) экологиялық рұқсат - экологиялық заңнамада белгіленген шарттарға және талаптарға сәйкес қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру үшін жеке және заңды тұлғаларға міндетті түрде берілетін құжат;
53) экологиялық сараптама - шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған орта сапасының нормативтері мен экологиялық талаптарға сәйкестігін, осы қызметтің қоршаған ортаға жасауы ықтимал теріс әсерлерінің және оларға байланысты зардаптардың алдын алу мақсатында сараптама объектісінің іске асырылуға қол жеткізілетіндігін белгілеу;
54) экологиялық таза өнім белгісі - таңбаланған өнімнің стандарттарға сәйкестігін растайтын тіркелген белгі;
55) экологиялық талаптар - Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен нормативтік-техникалық құжаттарында қамтылған, қоршаған ортаға және халық денсаулығына теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметтерді шектеу және тыйым салу;
56) экологиялық таңбалау - сәйкестігін растаудан өткен өнімге экологиялық таза өнім белгісін беру;
57) экологиялық тәуекел - белгіленген факторлардың әсері салдарынан қоршаған орта және (немесе) қолайсыз табиғи объектілер жай-күйінің өзгеру ықтималдылығы;
58) эмиссиялар нормативтері - қоршаған ортаның сапасы нормативтерінің сақталуы қамтамасыз етілетін рұқсат етілген эмиссиялар көрсеткіштері;
59) эмиссиялардың техникалық үлестік нормативтері - қоршаған ортаға эмиссиясының уақыт бірлігіне немесе шығарылатын өнім бірлігіне немесе еліміздің экономикасына тән шығындар кезінде оларды нақты техникалық құралдармен қамтамасыз ету мүмкіндігі негізінде белгіленетін басқа да көрсеткіштерге қатысты шамалар.
2. Экологиялық заңнамадағы өзге арнайы түсініктер мен терминдер, осы Кодекстің сәйкес баптарында белгіленетін мәнде қолданылады.
2-бап. Осы Кодекс реттейтін қарым-қатынастар
1. Осы Кодекс Қазақстан Республикасы аумағының шегінде қоршаған ортаны қорғау, қалпына келтіру мен сақтау, табиғи ресурстарды пайдаланумен және қоршаған ортаға ықпал етумен байланысты шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезінде табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтыру саласындағы қарым-қатынастарды реттейді.
2. Жеке және заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану саласында реттеуді және басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар осы Кодекс реттейтін қарым-қатынастардың қатысушылары болып табылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен, және осы кодексте ескерілген Қазақстан Республикасының өзге де нормативті құқықтық актілерден тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекстің алдында басым болып табылады және халықаралық шартта оны қолдану үшін заң шығару қажет болатын кезден басқа жағдайларда тікелей қолданылады.
3. Осы Кодекс пен қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін нормалары бар өзге де заңнамалық акт арасында қайшылық болған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады. Экологиялық құқықтың Қазақстан Республикасының заңнамасында қамтылған және осы Кодекстің нормаларына қайшы келетін нормалары осы Кодекске тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана қолданыла алады.
4. Қоршаған орта объектілерін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау және пайдалану мәселелері осы Кодекспен реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
5. Қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қарым-қатынастар осы Кодекспен реттеледі. Көрсетілген қарым-қатынастар осы Кодекспен реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
4-бап. Қазақстан Республикасы тұрақты дамуының экологиялық негіздерi
Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының экологиялық негіздері:
1) адамдарға қамқорлық және олардың табиғатпен үйлесімді салауатты өмір сүру құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарға мемлекеттің қол жеткізуі;
2) қоршаған ортаны қорғау және биологиялық әртүрлілікті сақтау;
3) Қазақстан Республикасының өз табиғи ресурстарын өндіруге құқықтарын қамтамасыз ету мен іске асыру және табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету мәселелерінде ұлттық мүдделерін қорғау;
4) қазіргі және болашақ ұрпақтардың сұранысын әділ қанағаттандыру;
5) өндіріс пен тұтынудың тұрақты үлгілерін дамыту;
6) экологиялық нормативтердің өздері қолданатын қоршаған ортаның жай-күйін есепке алғанда, әлеуметтік және экономикалық даму талаптарына сай келуі;
7) әрбір адамның қоршаған ортаға қатысты ақпаратқа қол жеткізу құқығын сақтау және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты даму мәселелерін шешуге жан-жақты қатысуы;
8) қоршаған ортаны қорғау саласында қабылданатын шаралардың ашықтығын қамтамасыз ету;
9) Жердің экожүйесінің салауатты жай-күйі мен тұтастығын сақтау, қорғау мен қалпына келтіру мақсатындағы жаhандық әріптестік және дамыған елдердің басым жауаптылығы;
10) қоршаған ортаға залал келтіргені үшін жауаптылыққа қатысты халықаралық құқықтың дамуына көмектесу;
11) қоршаған ортаға елеулі залал келтіретін немесе адам денсаулығы үшін зиянды деп есептелетін қызмет пен заттардың кез келген түрлерін басқа мемлекеттерге көшіру мен ауыстыруды тоқтату, алдын алу, сондай-ақ қоршаған ортаға елеулі немесе орны толмайтын залал қатері төнген жағдайларда сақтандыру шараларын қолдану;
12) басқа мемлекеттердің қоршаған ортасы үшін күтілмеген зиянды салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін кез келген дүлей зілзала немесе басқа да төтенше жағдайлар туралы осы мемлекеттерді дереу хабардар ету, сондай-ақ одан зардап шеккен мемлекеттерге мүмкіндігінше көмек көрсету болып табылады.
5-бап. Экологиялық заңнаманың принциптері Экологиялық заңнама мынадай:
1) Қазақстан Республикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету;
2) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
3) экологиялық қарым-қатынастарды экожүйелілік көзқарас негізінде реттеу;
4) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеудің міндеттілігі;
5) қоршаған ортаны ластаудың және оған кез келген басқа түрде залал келтірудің алдын алу жөнінде ымырасыз іс-шаралардың міндетті түрде болуы;
6) экологиялық құқықбұзушылық үшін жауаптылықтың болмай қалмауы;
7) қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу міндеттілігі;
8) қоршаған ортаға әсер етудің ақылы болуы мен рұқсат алу тәртібі;
9) табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезінде неғұрлым экологиялық таза және ресурс үнемдеуші технологияларды қолдану;
10) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік органдар қызметінің ықпалдастығы, үйлесімділігі мен ашықтығы;
11) табиғат пайдаланушыларды қоршаған ортаны ластаудың алдын алуға және оны азайтуға, қалдықтарды қысқарту мен тарихи ластануды жоюға ынталандыру;
12) табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезінде ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету;
13) экологиялық заңнаманың халықаралық құқық принциптерімен және нормаларымен үйлесуі;
14) халықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізуін және оның экологиялық проблемаларды шешуге қатысуын қамтамасыз ету;
15) жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіптілігі презумпциясы және оны жүзеге асыру туралы шешімдер қабылдаған кезде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсерін бағалау міндеттілігі;
16) халықтың барлық табиғи ресурстарға әділ және тең қолжетімділігі принциптеріне негізделеді.
6-бап. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу мен басқарудың негізгі ережелерi
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) экологиялық нормалауды;
2) мемлекеттік экологиялық сараптаманы;
3) экологиялық рұқсаттар беруді;
4) мемлекеттік экологиялық бақылауды;
5) қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеу жүйесін, озық экологиялық таза технологияларды енгізуді ынталандыруды, табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру жүйесін;
6) мемлекеттік экологиялық мониторингіні;
7) қоршаған ортаны ластау көздері мен учаскелерін мемлекеттік есепке алуды;
8) қоршаған орта мен табиғи ресурстардың бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесін жүргізуді;
9) мемлекеттік экологиялық статистиканы;
10) экологиялық білім беру мен тәрбиелеуді қамтиды.
2. Табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару:
1) табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік жоспарлауды;
2) табиғи ресурстарды қорғауға, пайдалануға және молықтыруға мемлекеттік бақылау жасауды;
3) табиғи ресурстарды пайдалану құқығын беретін лицензиялар, рұқсаттар беруді және шарттар (келісім-шарттар) жасасуды;
4) табиғи ресурстарды қалпына келтіру мен молықтыруды, pecypc үнемдейтін технологияларды енгізуді ұйымдастыруды;
5) табиғи ресурстардың кадастрларын жүргізуді;
6) табиғи ресурстарды пайдалануға лимиттер белгілеу мен квоталар бөлуді;
7) табиғи ресурстарды пайдалануды, қалпына келтіру мен молықтыруды жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерді басқаруды;
8) табиғи ресурстарды қорғауды ұйымдастыруды қамтиды.
7-бап. Қоршаған ортаны қорғау объектілерi
1. Жойылудан, деградациядан, зақымданудан, ластанудан және өзге де зиянды ықпал етуден жер, оның қойнауы, жер бетіндегі және жер асты сулары, атмосфералық ауа, ормандар мен өзге де өсімдіктер, жануарлар дүниесі; тірі организмдердің тектік қоры; табиғи экологиялық жүйелер, климат және Жердің озонды қабаты қорғалуға жатады.
2. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сондай-ақ табиғи экологиялық жүйелер, табиғи ландшафттар және антропогендік әсерге ұшырамаған табиғи кешендер ерекше қорғалуға жатады.
8-бап. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры
1. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры - табиғат эталондары, уникумдар және реликттер, генетикалық резерв, ғылыми зерттеулер, ағарту, білім беру, туризм мен рекреация нысанасы ретінде қоршаған ортаны қорғаудың экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды, мемлекеттік қорғауға алынған объектілердің жиынтығы.
2. Мемлекеттік табиғи-қорық қорына Қазақстан Республикасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жөніндегі заңнамалар арқылы белгіленеді.
3. Мемлекеттік табиғи-қорық қорын қорғау ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жолымен, сондай-ақ қоршаған ортаның экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды объектілерін пайдалану ісінде тыйым салу және шектеулер белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.
9-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар - ерекше қорғаудың құқықтық режимі бар не шаруашылық қызметтің мемлекеттік табиғи-қорық қорын сақтау мен қалпына келтіруді қамтамасыз ететін режимімен реттелетін жер, су, орман және жер қойнауы учаскелері.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың түрлері, тәртібі, қорғау және пайдалану режимдері сонымен қатар, олардың қызмет жағдайлары Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасында белгіленеді.
2-тарау. Меншік құқығы.
Табиғи ресурстарды пайдалану құқығы және өзге құқықтар
10-бап. Табиғи ресурстарды пайдалану құқығы
1. Табиғи ресурстарға меншік түрі Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгіленеді.
2. Меншік иесінің өз құқығын жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға, қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына нұқсан келтірмеуге тиіс.
3. Меншік иесінің өз құқығын жүзеге асырған кезде қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына нұқсан келтірудің алдын алатын шаралар қабылдауға міндетті.
4. Табиғи ресурстарға меншік құқығын іске асыру экономикалық дамуды, қолайлы қоршаған орта мен әлеуметтік әл-ауқаттылықты қоса алғанда, қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін барынша пайданы қамтамасыз етуді мақсат тұтады.
11-бап. Өндіріс пен тұтыну қалдықтарына меншік құқығы