Жоба
Қазақстан Республикасының
Заңы
Тамақ өнімінің қауіпсіздігі туралы
ҚР Үкіметінің 2006.25.05. № 452 қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында адам өмірінің, денсаулығының, тұтынушылардың мүдделерінің және қоршаған ортаны қорғаудың кепілдігі үшін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін белгілейді.
1 тарау.
Жалпы ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасының тамақ өнімінің,
қауіпсіздігі саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерден және өзге де Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінен турады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) қауіп-қатерлерді талдау - өзара байланысқан үш компоненттерден: қауіп-қатерлерді бағалау (ғылыми пікір мен ақпаратты талдау), қауіп-қатерді басқару (заңдар мен бақылау) және қауіп-қатер туралы ақпараттан тұратын қауіпті факторлар мен қауіп-қатерді бағаларды айқындау үшін ақпаратқа қол жеткізуді пайдалану процедурасынан тұрады;
2) тамақ өнімінің қауіпсіздігі - оның салдарының қауіпті әсер мен ауыртпалық деңгейін іске асыру мүмкіншілігін байланыстыруын қоса есептегенде адам өміріне, денсаулығына зиян келтіруімен және тұтынушылардың мүдделерін бұзуымен байланысты тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жаратудың және жоюдың барлық процестерінде (сатыларында) жол берілмейтін қауіп-қатердің болмауы;
3) тамақ өнімінің биологиялық құндылығы - тамақ өнімінің қуаттылық, белоктар, майлар, көмірсутегілер, витаминдер, макро- және микроэлементтерді қамтыған сипаттамасы;
4) тағамға қосатын биологиялық белсенді қоспалар - жеке қолдану немесе тамақ өнімінің құрамына енгізуге арналған табиғи (табиғи заттармен бірдей) биологиялық белсенді заттар;
5) биологиялық таза тамақ өнімі - биологиялық таза тамақ өнімін өндіру стандарттарына сәйкес дайындалған тамақ өнімі;
6) ветеринарлық сертификат - шекарада және көлікте ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның лауазымды тұлғаларының әрбір өнімнің партиясына беретін белгіленген нысандағы ветеринариялық құжат;
7) генетикалық түрлендірілген объектілер - гендік инженерия әдістерін қолдана отырып, өсімдіктен және (немесе) малдан алынған шикізат пен өнім, оның ішінде генетикалық түрлендірілген көздер мен организмдер;
8) дайындау күні - тамақ өнімін өндіру (дайындау) процесінің (сатысының) аяқталған күні;
9) тамақ өнімінің қауіпсіздігін куәландыратын құжат - тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарымен тамақ өнімінің әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жарату және жою процестерінде пайдаланатын машиналар мен жабдықтардың, материалдар мен жабдықтардың сәйкестігі, тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жарату және жою процестерінің (сатыларының) сәйкестігін, тамақ өнімінің сәйкестігін куәландыратын, ветеринариялық-санитарлық қорытынды немесе сәйкестік сертификаты, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды немесе ветеринариялық куәлік;
10) тамақ өнімін бірдейлендіру - тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым және қайта кәдеге жаратудың барлық процестерінде (сатыларында) ерекшелейтін белгілері бойынша өнімді бірмағыналы тануды қамтамасыз ететін рәсім;
11) қауіп-қатер туралы хабар - тамақ өнімі қауіпсіздігіне жауапты адамдар, сондай-ақ барлық басқа да мүдделі тараптар арасында қауіп-қатер туралы мәліметтермен өзара уақытылы алмасу;
12) мал азығы - адам үшін тамақ көзі болып табылатын малға сіңімді түрдегі қоректік заттары бар өсімдіктен, малдан және микробиологиялық, минералдық жолдармен алынған өнімдер;
13) мал азығына қоспалар - адам үшін тамақ көзі болып табылатын мал рационында жетіспейтін тағамдық, минералдық заттар және витаминдердің көздері ретінде пайдаланылатын органикалық, минералдық және (немесе) синтетикалық жолдармен алынған заттар;
14) таңбалау - тамақ өнімін дайындаушы тұтыну ыдысына (орамаға), этикеткаға қосымша параққа, жапсырмаға (стикерге) түсіретін ақпарат;
15) тамақ өнімімен байланыста болатын материалдар мен бұйымдар (бұдан әрі - материалдар мен бұйымдар) - тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жарату және жою процестерінде (сатыларында) пайдаланылатын материалдар мен бұйымдар, оның ішінде технологиялық жабдықтар, аспаптар мен қондырғылар, ыдыс, буып-түйетін материалдар, ыдыс-аяқ, асханалық керек-жарақтар;
16) жол берілмейтін қауіп-қатер - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленгеніндей тамақ өнімінің қауіпсіздігі мүмкін деңгейінен артық қауіп-қатер;
17) нормативтік-техникалық құжаттама - тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жарату және жою процестерін (сатыларын) реттеу үшін қажетті құжаттар;
18) байытылған (фортификацияланған) тамақ өнімі - тамақтың құндылығын арттыру үшін бір немесе одан да көп қажетті ингредиенттер және тамақ өнімінде бастапқыда болмаған немесе өндіру (дайындау) процесінде (сатыларында) жоғалтылған басқа да заттар қосылған, ауруды болдырмау мақсатында енгізілген тамақ өнімі;
19) тамақ өнімінің айналымы - тамақ өнімдерін кіргізуді және шығаруды қоса алғанда, тамақ өнімін сату (сату немесе жеткізіп беру), сонымен қоса соған байланысты бөлшектеп өлшеп салу, буып-түю, таңбалау, сақтау және тасымалдау процестері (сатылары);
20) қауіпті тамақ өнімі - пайдаланған кезде адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін жол берілмейтін қауіп-қатер тудыруы мүмкін өнім;
21) қауіп-қатерді бағалау - зиянкестердің немесе аурулардың кіру, тамырлану немесе таралу ықтималдығын және осымен байланысты әлеуетті биологиялық және экономикалық салдарын бағалау немесе тамақ өнімдерінде қоспалардың, ластанған заттардың, токсиндердің немесе ауру тудыратын организмдердің қосылуынан адам мен мал денсаулығына жағымсыз әсерлердің мүмкіншілігін бағалау;
22) тамақ өнімінің партиясы - бірыңғай өнімдердің оның қауіпсіздігін куәландыратын, бір құжатпен сүйемелденетін, бірдей жағдайларда өндірілген (даярланған) және (немесе) буып-түйілген кез-келген жиынтығы;
23) ауыз су - адамның тұтынуы үшін немесе өнімдерді өндіру үшін арналған адам тұтынатын және қауіпсіздік талаптарына сай келетін су;
24) азық-түлік өнімі - шикізаттар, тамақ өнімдері, арнайы арналған тағамдар, ауыз су, адам тұтынатын тамаққа қосылатын тағамдық қоспалар және биологиялық белсенді қоспалар, адам үшін тамақ көзі болып табылатын малға берілетін азықтар және азық қосындылары;
25) ветеринарлық бақылауға жататын тамақ өнімі - тамаққа тиісті өңдеусіз пайдаланылмайтын мал өнімдері мен шикізаттары, сонымен қоса азық және азық қоспалары;
26) санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын тамақ өнімі - ветеринарлық бақылауға жататын тамақ өнімінен басқа тамақ өнімі;
27) өнімнің тағамдық құндылығы - қоректік заттардағы энергетикалық құндылығымен, құрамы және дәмдік қасиетімен анықталынатын организмді қанағаттандыру дәрежесі;
28) тамақ қоспалары - олардың биологиялық және энергиялық құндылықтарына әсері тимейтін, оларға берілген құрамды сақтап қалу мақсатында өндіру (дайындау) процестерінде (сатыларында) тамақ өніміне арнайы енгізілетін табиғи және жасанды заттар мен олардың қоспалары;
29) тамақ өнімі - адам тамақ ретінде тұтыну үшін арналған табиғи немесе қайта өңделген түрдегі өнім;
30) тамақ өнімінің қауіпсіздік көрсеткіші - адам мен мал денсаулығы үшін қауіп төндіретін химиялық, радиоактивтік, токсиологиялық заттар және олардың қоспалары, микроорганизмдер және басқа да биологиялық организмдердің рұқсат етілген деңгейі;
31) балалар тағамы өнімі - балалардың тамақтануына арналған және бала организмінің физиологиялық қажеттіліктеріне сәйкес келетін арнайы белгіленген тамақ өнімі;
32) азық түлік өнімін өндіру (дайындау) - тамақ өнімін бөлшектеп өлшеп салу, орау, таңбалау, сондай-ақ ішкі өндірісті сақтау және тасымалдаумен байланысты технологиялық кезеңді қоса алғандағы тамақ өнімін әзірлеу процестері (сатылары);
33) тамақ өнімін бақылап отыру - бұл тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта жарату және жою кезіндегі барлық процестерінде (сатыларында) оның шыққан жерін, қозғалысын және тұрған жерін бақылап отыру мүмкіншілігі;
34) әзірлеу (жасау) - жаңа өндірісті және (немесе) жаңа тамақ өнімдерін ұйымдастыру үшін қажетті үлгілер мен (немесе) техникалық құжатты жасау процесі;
35) жарамдылық мерзімі - тамақ өнімінің өндіру (дайындау), айналым кезеңдері шарттарын ұстанған жағдайда мақсаты бойынша пайдалану үшін тамақ өнімінің қауіпсіз деп саналатын кезеңі;
36) субъект - тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жарату және жою жөніндегі жұмысты жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
37) шикізат - тамақ өнімін өндіру (дайындау) үшін пайдаланылатын өсімдіктен, малдан, микробиологиялық, химиялық және минералдық жолдармен алынған объектілер;
38) тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламент - тамақ өнімінің қауіпсіздігіне және (немесе) оларды әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жарату және жою процестеріне (сатыларына) техникалық реттеу бойынша қойылатын қажетті ең аз міндетті талаптарды белгілейтін және Үкімет бекітетін нормативтік-құқықтық акт;
39) тамақ өнімін жою - тұтынуға және (немесе) ары қарай өңдеуге жарамайтын тамақ өнімдеріне адам мен малдың тамақ мақсаты үшін пайдалануына және қол жетуіне жол бермейтін әсер ету;
40) тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы заңдық актілерімен белгіленген, тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарымен тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, кәдеге жарату және жою процестері (сатылары) кезінде пайдаланатын машиналар мен жабдықтардың, материалдар мен бұйымдардың сәйкестігін, тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жарату және жою процестерінің (сатыларының) сәйкестігін, тамақ өнімінің мемлекеттік саясаты мен қауіпсіздікті бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
41) қауіп-қатерді басқару - қауіп-қатерді төмендету үшін қолданылатын шараларды анықтау, таңдау, сонымен қоса оларға мониторинг және тексеру жүргізу;
42) тамақ өнімін қайта кәдеге жарату - мақсатты бағыты бойынша жарамсыз тамақ өнімдерін пайдалану үшін басқа тамақ өніміне технологиялық қайта өңдеу;
43) экологиялық белгі - биологиялық таза тамақ өнімін таңбалау;
44) тамақ өнімінің энергетикалық құндылығы - адам мен малдың тұтыну нәтижесінде тамақ өнімінен бөлінетін және физиологиялық функцияларды қамтамасыз ететін қуаттың мөлшері.
3-бап. Осы заңның қолданылу саласы
1. Осы заң адам өмірі мен денсаулығы, тұтынушылар мүдделері мен қоршаған ортаны қорғау үшін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі анықтау, белгілеу, қолдану және ең аз қажетті талаптарды орындау бойынша қатынастарды реттейді.
2. Осы заңның реттеу объектілеріне Қазақстан Республикасында өндірілетін және Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін тамақ өнімдері, сонымен қоса тамақ өнімдерін әзірлеу (жасау) өндіру (дайындау) айналым, қайта кәдеге жарату және оларды жою процестері (сатылары) жатады.
2-тарау.
Тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеу
4-бап. Тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен принциптері
1. Тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары:
1) адам өмірі мен денсаулығын және қоршаған ортаны қорғау үшін тамақ өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
2) тұтынушылар мүддесін қорғауды қамтамасыз ету;
3) кәсіпкерліктің дамуына көмектесу;
4) отандық өнімдердің бәсекелестік қабілеттілігін арттыру;
5) халықаралық сауданы дамыту үшін жағдайлар жасау;
6) адам өмірін, денсаулығын және тұтынушылардың мүдделерін қорғау кепілдігінің қажеттілігін есепке ала отырып Қазақстан Республикасының заңнамасын халықаралық нормалармен және ережелермен үйлесімділігіне көмектесу;
7) қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
8) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
2. Тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеулер мынадай принциптер негізінде:
1) адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау үшін тамақ өнімі қауіпсіздігінің басымдылығы;
2) адам денсаулығына және қоршаған ортаға зиян әсер ету мүмкіншілігін ескерту;
3) мемлекет жүзеге асыратын шаралардың ашықтығы;
4) ақпараттың жариялығы, қол жеткізімділігі, шынайылығы;
5) қауіп-қатерлерді бағалаудың ғылыми негізділігі;
6) тамақ өнімін әзірлеудің (жасаудың), өндірудің (дайындаудың), айналымның, қайта кәдеге жаратудың және жоюдың барлық процестерінде (сатыларында) тамақ өнімін бақылап отыру;
7) тамақ өнімінің барлық процестерінде (сатыларында) оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге субъектілердің жауаптылығы жүзеге асырылады.
5-бап. Қазақстан Республикасы Yкіметінің тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы құзыретіне:
1) тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді, сонымен қоса тамақ өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы техникалық регламенттерді бекіту;
3) Қазақстан Республикасының аумағында алғаш өндірілетін және алғаш енгізілетін мал азығы қоспаларын, тағамдық биологиялық белсенді қоспаларын, генетикалық түрлендірілген объектілерді тіркеу тәртібін бекіту;
4) тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы салалық (секторлық) бағдарламаларды бекіту;
5) тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік органдардың салааралық қызметтерін үйлестіру;
6) адам өмірі мен денсаулығына және малға қауіп төндіретін тамақ өнімін алдырып тастау, қайта кәдеге жарату және жою тәртібін бекіту;
7) мемлекеттік тіркеуге жататын тамақ өнімінің әкелу (импорттан) тәртібін бекіту;
8) Қазақстан Республикасының тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасы талаптарымен әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, кәдеге жарату және жою процестері (сатылары) кезінде пайдаланатын машиналар мен жабдықтардың, материалдар мен бұйымдардың сәйкестігі тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, кәдеге жарату және жою процестерінің (сатыларының) сәйкестігін, тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органдармен келісу тәртібін бекіту;
9) санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын байытылған (фортификациялауға) тамақ өнімдерінің тәртібін бекіту;
10) тамақ өнімін өндіретін объектілерді тіркеу тәртібін бекіту;
11) ветеринариялық бақылауға жататын экспортқа шығаратын тамақ өнімінің объектілерін тіркеу тәртібін бекіту және осы өнімге ветеринариялық сертификат беру;
12) Қазақстан Республикасының тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарымен тамақ өнімінің сәйкестігін растау тәртібін бекіту;
13) Қазақстан Республикасының тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарымен тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, кәдеге жарату және жою процестері (сатылары) сәйкестігімен оны әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, кәдеге жарату және жою процестерінде (сатыларында) тамақ өнімінің сәйкестігіне бақылауды жүзеге асыратын тәртіпті бекіту;
14) генетикалық түрлендірілген объектілердің айналым тәртібін бекіту;
15) генетикалық түрлендірілген объектілердің қауіпсіздігін ғылыми негіздеуі бойынша растайтын жұмыстарды жүргізу тәртібін бекіту;
16) консервіленген тамақ өнімінің тіркеу тәртібін бекіту;
6-бап. Уәкілетті органдардың тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы құзыретi
1. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы саласындағы уәкілетті органдардың құзыретіне:
1) санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттің саясатын іске асыру;
2) санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық және аймақтық ұйымдарда Қазақстан Республикасын ұсыну;
3) санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүргізу бойынша ұйымдастыру, үйлестіру;
4) санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтерді, нормативтік құжаттарды әзірлеу;
5) санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын тамақ өнімі қауіпсіздігінің мәселелері бойынша консультативтік-кеңес органдарын құру;
6) тамақ өнімінің жарамдылық мерзімі мен сақтау жағдайларын анықтайтын нормативтерді бекіту;
7) адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті, санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын тамақ өнімнің сатылуына жол бермеу жөніндегі шараны айқындау және жасау мақсатында тұтыну нарықтарына санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және мониторинг жүргізу;
8) санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласында нормативті-техникалық құжаттарды келісу;
9) Қазақстан Республикасының аумағында алғаш өндірілетін және алғаш әкелінетін тағамға қосылатын биологиялық белсенді қоспаларды, генетикалық түрлендірілген объектілерді мемлекеттік тіркеу және олардың тізілімін жүргізу;
10) тамақ өнімін өндіретін, сақтайтын, тасымалдайтын және сататын объектілерге санитарлық құжаттар беру нысаны мен тәртібін бекіту;
11) Қазақстан Республикасының тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарымен әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жарату және жою кездерінде пайдаланатын машиналар мен жабдықтардың, материалдар мен бұйымдардың сәйкестігі тамақ өнімін әзірлеу (жасау) өндіру (дайындау), айналым, кәдеге жарату және жою процестерінің (сатыларының) сәйкестігін келісу;
12) Қазақстан Республикасының тамақ өнімінің қауіпсіздігі туралы заңнамасының талаптарымен тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жарату және жою кездерінде пайдаланатын машиналар мен жабдықтардың, материалдар мен бұйымдардың сәйкестігіне тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жарату және жою сатыларының сәйкестігіне әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жарату процестеріндегі (сатыларындағы) тамақ өнімінің сәйкестігіне санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды ұйымдастыру және жүргізу;
13) тамақ өнімінің қауіпсіздігін анықтау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүргізу тәртібін бекіту;
14) тамақ өнімін әзірлеумен (жасаумен), өндірумен (дайындаумен), айналыммен, қайта кәдеге жаратумен және жоюмен байланысты қызметшілерді медициналық қараулар және гигиеналық оқу тәртібін бекіту;
15) табиғи минералды суларды пайдалануға ғылыми орталықтардың курортологиялық бальнеологиялық қорытынды беру тәртібін бекіту жатады.
2. Ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның құзыретіне:
1) ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық және аймақтық ұйымдарда Қазақстан Республикасын ұсыну;
3) ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүргізу бойынша ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары;
4) ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы нормативті құжаттарды әзірлеу;
5) ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімі қауіпсіздігінің мәселелері бойынша консультативтік-кеңес органдарын белгілеу;
6) Қазақстан Республикасының аумағында алғашқы өндірілетін және алғашқы әкелінетін мал азығы қоспаларын мемлекеттік тіркеу;
7) Қазақстан Республикасының аумағында өндіруге, әкелуге, қолдануға және сатуға рұқсат берілген мал азығы қоспаларының мемлекеттік тізілімін жүргізу;
8) ветеринариялық бақылауға жататын экспортқа шығаратын тамақ өнімінің объектілерін тіркеу тәртібін бекіту және осы өнімге ветеринариялық сертификат беру;
9) Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарымен ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімінің сәйкестігі туралы қорытынды беру;
10) ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы нормативті-техникалық құжаттарды келісу;
11) Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарымен ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым, қайта кәдеге жарату және жою процестерінің (сатыларының) шарттарын бұзбауын бақылауды жүзеге асыру;
12) адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімін сатуға жол бермеу жөніндегі шараларды айқындау және жасау мақсатында тұтыну рыноктарына бақылауды және мониторингті жүзеге асыру;
13) тамақ өнімін өндіру (дайындау) және айналым процестерінде (сатыларында) ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігіне ветеринариялық бақылауды жүзеге асыру жатады.
3. Тамақ өнімі өндірісін мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органдардың құзыретіне:
1) тамақ өнімін өндірудегі объектілерді тіркеу және олардың тізілімін жүргізу;
2) консервіленген тамақ өнімдерін тіркеу;
3) тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу жатады.
4. Техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның құзыретіне:
1) тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу туралы мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалардың салааралық жұмыстарын үйлестіру;
2) санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринариялық бақылауға жататын процедурадан басқа оны сату кезеңдеріне тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттер талаптарына тамақ өнімінің сәйкестігіне бақылау.
5. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) атқару органдарының құзіретіне:
1) санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
2) тамақ өнімін өндіру, сақтау, тасымалдау және сату объектілеріне санитарлық құжаттар беру есебін жүргізу және орнату;
3) тамақ өнімін әзірлеумен (жасаумен), өндірумен (дайындаумен), айналыммен, қайта кәдеге жаратумен және жоюмен байланысты қызметкерлерді медициналық қарауды және гигиеналық оқытуды жүргізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
4) тамақ өнімінің қауіпсіздігін анықтау бойынша сараптама жүргізу;
5) Қазақстан Республикасының тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасы талаптарымен тамақ өнімін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым және қайта кәдеге жарату кезінде пайдаланатын машиналар мен жабдықтар, материалдар мен бұйымдардың сәйкестігіне тамақ өнімдерін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым және қайта кәдеге жарату процестерінің (сатыларының) сәйкестігіне оны әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналым және қайта кәдеге жарату процестерінде (сатыларында) тамақ өнімінің қауіпсіздігіне санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру жатады.
7-бап. Тамақ өнімінің қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылау
1. Тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгілеген өз құзыреті шеңберінде тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.