Егер өсиет қалдырушы дене кемiстiктерiне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиеттi өзi оқи алмайтын болса, ол үшiн оның мәтiнiн нотариустың қатысуымен куә оқып бередi, ол туралы өсиет қалдырушының өсиеттi өзi оқи алмауының себептерi көрсетіліп, өсиетте тиiстi жазба жасалады.
3. Егер нотариат куәландырған өсиет куәның қатысуымен жасалса, өсиетте куәның тегi, аты және тұрақты тұратын жерi көрсетiлуге тиiс. Осындай мәлiметтер өсиетке өсиет қалдырушының орнына қол қойған адамға қатысты да енгiзілуi тиiс.
4. Өсиет қалдырушының тiлегi бойынша нотариус өсиеттiң мазмұнымен таныспай-ақ оны куәландырады (құпия өсиет).
Құпия өсиет, оның жарамсыз болып қалу қаупiмен, өсиет қалдырушының өз қолымен жазылуға және қолы қойылуға, екi куәның және нотариустың қатысуымен куәлар қол қоятын конвертке салынып, желiмденуге тиiс. Куәлар қол қойған конверт куәлардың және нотариустың қатысуымен, нотариус куәландырып қол қоятын басқа конвертке салынып желiмденедi.
5. Нотариус жоқ елдi мекендерде тұратын адамдардың өсиетiн заң актілерінде нотариат әрекеттерiн жасауға уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдар куәландырады.
1052-бап. Нотариатта куәландырылғандарға теңестiрiлетiн өсиеттер
1. Нотариатта куәландырылған өсиеттерге:
1) ауруханаларда, санаторийлерде, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнде емделiп жатқан, сондай-ақ қарттар мен мүгедектерге арналған үйлерде тұратын азаматтардың осы ауруханалардың, санаторийлердiң, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнiң бас дәрiгерлерi және кезекшi дәрiгерлерi, сондай-ақ қарттар мен мүгедектерге арналған үйлердiң директорлары, бас дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi;
2) госпитальдарда, санаторийлерде және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлер мен басқа адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлердiң және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнiң бастықтары, олардың медицина бөлiмi жөніндегі орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi;
3) жүзу кезiнде Қазақстан Республикасының жалауымен теңiз кемелерiнде немесе iшкi жүзу кемелерiнде жүрген азаматтардың осы кемелердiң капитандары куәландырған өсиеттерi;
4) барлау және басқа да экспедицияда жүрген азаматтардың осы экспедициялардың бастықтары куәландырған өсиеттерi;
5) нотариустары және нотариат әрекеттерiн жасауға уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдары жоқ әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, әскери-оқу орындарының орналасқан мекендеріндегі әскери қызметшiлердiң өсиеттерi, сондай-ақ осы бөлiмдерде жұмыс iстейтiн жай адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және әскери қызметшiлердiң отбасы мүшелерiнiң де әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелер мен оқу орындарының командирлерi (бастықтары) куәландырған өсиеттерi;
6) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған өсиеттерi теңестiрiледi.
2. Өсиет қалдырушы, осы баптың 1-тармағында көзделген өсиеттерге, өсиетке өзi де қол қоятын куәның қатысуымен қол қоюға тиiс.
Осы баптың 1-тармағында келтiрiлген лауазымды адамдар куәландырылған өсиеттiң бiр данасын нотариат туралы заңдарға сәйкес нотариустың сақтауына беруге мiндеттi.
Өсиеттiң нотариатта куәландырылуы туралы талаптарды қоспағанда, мұндай өсиеттердiң өзгелерiне тиiсiнше осы Кодекстiң 1051-бабының ережелерi қолданылады.
1053-бап. Өсиеттiң күшiн жою және оны өзгерту
1. Өсиет қалдырушы өзi жасаған өсиеттiң кез келген уақытта күшiн жоюға немесе оны өзгертуге құқылы.
2. Өсиеттiң күшi:
1) нотариат кеңсесiне бұрын өзi жасаған өсиеттiң толық күшiн жою туралы өтiнiш беру;
2) жаңа өсиет жасау жолымен жойылуы мүмкiн.
3. Өсиет:
1) нотариат кеңсесiне бұрын өзi жасаған өсиеттiң белгiлi бiр бөлiгiн өзгерту туралы өтiнiш беру;
2) бұрын жасалған өсиетті бөлiктерi бойынша өзгертетiн жаңа өсиет жасау жолымен өзгертiлуi мүмкiн.
4. Бұрын жасалып, кейiнгi өсиет арқылы толық немесе iшiнара күшi жойылған өсиет, егер өсиет қалдырушы өз кезегiнде соңғысының күшiн жойса немесе өзгертсе, қалпына келтiрiлмейдi.
1054-бап. Өсиеттiң құпиясы
Нотариустың, өсиеттi куәландыратын басқа адамның, куәлардың, сондай-ақ өсиет қалдырушының орнына өсиетке қол қоятын азаматтың мұра ашылғанға дейін өсиеттің мазмұнына, оның жасалуына, күшi жойылуына немесе өзгертiлуiне қатысты мәліметтерді жария етуге құқығы жоқ.
1055-бап. Өсиетке түсiнiк беру
Нотариус, өсиеттi орындаушы немесе сот өсиетке түсiнiк берген кезде ондағы сөздер мен тiркестердiң дәлме-дәл мәнi назарға алынады. Өсиеттiң қандай да болсын ережесінiң дәлме-дәл мағынасы түсiнiксiз болған кезде ол осы ереженi басқа ережелермен және өсиеттiң тұтас мағынасымен салыстыру арқылы анықталады.
1056-бап. Өсиеттiң жарамсыздығы
1. Тиiстi нысанда жасалмаған өсиет жарамсыз болады. Өсиеттiң жарамсыздығы осы Кодекстiң 4-тарауының мәмiлелердiң жарамсыздығы туралы ережелерiне де негiзделедi.
2. Өсиеттi жасаудың, оған қол қоюдың және оны куәландырудың осы Кодекспен белгiленген тәртібінiң бұзылуы салдарынан өсиеттi жарамсыз деп танудан мүлiктiк зардап шеккен адамның талабы бойынша өсиет жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
3. Өсиеттегi жекелеген өкiмдердiң жарамсыздығы өсиеттiң қалған бөлiгiнiң жарамдылығын қозғамайды.
4. Өсиет жарамсыз деп танылған жағдайда, осы өсиет бойынша мұрадан айрылған мұрагер, осы Кодекстiң 1060-бабында белгiленген тәртiппен заң бойынша мұра алу құқығына ие болады.
1057-бап. Өсиеттiк бас тарту (легат)
1. Өсиет қалдырушы өсиет бойынша мұрагерге мұра есебiнен өсиеттiк бас тартуды орындауды талап ету құқығын алатын бiр немесе бiрнеше адамның (бас тартылушылардың) пайдасына қандай да болсын мiндеттеменi (өсиеттiк бас тарту) орындауды жүктеуге құқылы.
Заң бойынша мұрагерлер қатарына кiретiн адамдар да, кiрмейтiн адамдар да бас тартылушылар (легатарийлер) болуы мүмкін.
2. Өсиеттiк бас тартудың нысанасы мұраның, иеленудiң құрамына кiретiн заттарды бас тартылушының меншiгiне, пайдалануына немесе өзге заттық құқықта беру және оған мұра құрамына кiрмейтiн мүлiктi беру, ол үшiн белгiлi бiр жұмысты орындау, оған белгiлi қызмет көрсету және т.б. болуы мүмкiн.
3. Өсиет қалдырушы өсиеттiк бас тартуды жүктеген мұрагер, оны тек оған ауысқан мұраның шын мәніндегі құны шегiнде және мұра қалдырушы қарыздарының өзiне артылған бөлiктерiн шығарып тастап орындауға тиiс.
Егер өсиеттiк бас тарту жүктелген мұрагердiң мұрадағы мiндеттi үлеске құқығы болса, оның бас тартуды орындау мiндетi өзіне ауысқан мұраның оның міндетті үлесінің құнынан асатын құнымен шектеледi.
Егер өсиеттiк бас тарту барлық немесе бiрнеше мұрагерге жүктелсе, өсиетте өзгеше көзделмесе, ол мұрагерлердiң әрқайсысына мұрадағы үлесiне мөлшерлес салмақ салады.
4. Тұрғын үй немесе өзге де тұрғын үй-жай ауысатын мұрагерге өсиет қалдырушы тұрғын үй-жайды немесе оның белгiлi бiр бөлiгiн басқа адамға өмiр бойы пайдалануға беру мiндеттемесiн жүктеуге құқылы. Тұрғын үй-жайға меншiк құқығы кейiннен ауысқан жағдайда өмiр бойы пайдалану құқығы күшiн сақтайды.
Өмiр бойы пайдалану құқығы иелiктен айырылмайды, берiлмейдi және бас тартылушының мұрагерлерiне ауыспайды.
Бас тартылушыға берiлген өмiр бойы пайдалану құқығы, егер өсиетте өзгеше көрсетiлмесе, оның отбасы мүшелерiнiң тұруына негiз болмайды.
5. Өсиеттiк бас тарту жүктелген мұрагер қайтыс болған жағдайда немесе ол мұраны қабылдамаған жағдайда өсиеттiк бас тартуды орындау оның үлесiн алған басқа мұрагерге, не мүлiк иесiз қалса, мемлекетке ауысады.
Өсиеттiк бас тарту мұра ашылғанға дейiн немесе ашылғаннан кейiн бас тартылушы қайтыс болған жағдайда, бiрақ өсиет бойынша мұрагер оны қабылдап үлгерген кезге дейiн орындалмайды.
6. Бас тартылушы мұра қалдырушының борыштары үшiн жауап бермейдi.
1058-бап. Жүктеу
1. Өсиет қалдырушы өсиет бойынша мұрагерге қандай да болсын әрекет жасау немесе кредит берушi ретiнде осы мiндеттi атқаруды талап ету құқығын ешкiмге ұсынбастан одан тартыну мiндетiн жүктей алады. Жалпыға пайдалы мақсатты жүзеге асыру үшін осындай мiндет мұра қалдырушы жүктеудi атқаруға мүлiктiң бiр бөлiгiн бөлiп шығарған кезде өсиеттi орындаушыға жүктелуi мүмкiн.
2. Мүлiктiк сипаты бар әрекеттер мәнi болып табылатын жүктеуге, тиiсiнше осы Кодекстiң 1074-бабының ережелерi қолданылады.
3. Егер осы Кодексте көзделген мән-жайлар бойынша мұраның жүктеудi орындау мiндетi мойнында болған мұрагерге есептелетiн немесе оған тиесiлi үлесi басқа мұрагерлерге ауысса, жүктеудi орындау міндеті тоқтатылады.
1059-бап. Өсиеттiң орындалуы
1. Өсиет қалдырушы өсиеттi орындауды мұрагер болып табылмайтын, өсиетте өзi көрсеткен адамға (өсиеттi орындаушыға), өсиет жүктелген өкiлге тапсыра алады. Бұл адамның өсиеттi орындаушы болуға келісімi оның не өсиеттiң өзiне өз қолымен жазған жазбада не өсиетке қоса берiлген өтiнiште көрсетiлуге тиiс.
Егер өсиетте оның орындаушысы көрсетiлмесе, мұрагерлер өзара келісім бойынша өсиеттi орындауды мұрагерлердiң бiрiне не басқа адамға тапсыруға құқылы. Мұндай келісімге қол жетпеген жағдайда бiр немесе бiрнеше мұрагердiң талап етуiмен өсиеттi орындаушыны сот тағайындауы мүмкiн.
Өсиеттi орындаушы өсиет бойынша мұрагерлердi бұл жөнiнде күнi бұрын хабардар етiп, өзiне өсиет қалдырушы жүктеген мiндеттердi атқарудан кез келген уақытта бас тартуға құқылы. Өсиеттi орындаушы өз мiндеттерiнен мұрагерлердiң арызымен соттың шешiмi бойынша да босатылуы мүмкiн.
2. Өсиеттi орындаушы:
1) мұраны қорғауды және оны басқаруды жүзеге асыруға;
2) мұраның өз пайдасына ашылуы туралы барлық мұрагерлер мен бас тартылушыларды хабардар ету үшiн мүмкiн болған барлық шараларды қолдануға;
3) мұра қалдырушыға тиесiлi ақша сомасын алуға;
4) мұра қалдырушының еркi мен заң актілеріне сәйкес мұрагерлерге өздерiне тиесiлi мүлiктi беруге;
5) мұрагерлердiң оларға жүктелген өсиеттiк бас тартуды орындауын қамтамасыз етуге (осы Кодекстiң 1057-бабы);
6) өсиеттiк жүктеудi атқаруға не өсиет бойынша мұрагерлерден өсиеттiк жүктеудi атқаруды талап етуге (осы Кодекстiң 1058-бабы);
7) мұраны борыштардан тазартуға тиiс.
3. Өсиеттi орындаушы өз атынан сот iстерiне және мұраны басқару мен өсиеттi орындауға байланысты басқа iстерге араласуға құқылы, сондай-ақ мұндай iстерге қатысуға тартылуы мүмкiн.
4. Өсиеттi орындаушы мұраны борыштардан тазарту, мұра қалдырушыға тиесiлi сомаларды өндiрiп алу және барлық мұрагерлердiң мұраны иеленуге кiрiсуi үшiн қажеттi қисынды мерзiм iшiнде өз қызметiн жүзеге асырады.
5. Өсиеттi орындаушының мұраны басқару мен өсиеттi орындау жөніндегі қажеттi шығындарды мұраның есебiнен өтеуге құқығы бар. Өсиетте өсиеттi орындаушыға мұраның есебiнен сыйақы төлеу көзделуi мүмкiн.
6. Өсиет орындалғаннан кейiн өсиеттi орындаушы мұрагерлерге олардың талап етуi бойынша есеп беруге мiндеттi.
59-тарау. Заңды мұрагерлік
1060-бап. Жалпы ережелер
1. Заң бойынша мұрагерлер осы Кодекстiң 1061-1066-баптарында көзделген кезек тәртібімен мұрагерлiкке шақырылады.
2. Заң бойынша мұрагерлiк кезiнде, бiр жағынан, асырап алынған және оның ұрпақтары және екiншi жағынан, асырап алушы мен оның туыстары қандас туыстарға теңестiрiледi.
Асырап алынғандар мен олардың ұрпақтары асырап алынушының туған ата-анасы, оның басқа да қандас туыстары қайтыс болғаннан кейiн заң бойынша мұрагер болмайды.
Асырап алынушылардың ата-анасы мен оның басқа да қандас туыстары асырап алынушы және оның ұрпақтары қайтыс болғаннан кейiн заң бойынша мұрагер болмайды.
3. Заң бойынша мұрагерлердiң әрбiр келесi кезегi алдыңғы кезектегi мұрагерлер болмаған, оларды мұрадан шеттеткен, олар мұраны қабылдамаған не одан бас тартқан жағдайда, осы кодекстiң 1074-бабының 5-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, мұрагерлiк құқығын алады.
4. Осы Кодекстiң заң бойынша мұрагерлердi мұрагерлiкке шақырудың кезектілігi туралы және олардың мұрадағы үлестерiнiң мөлшерi туралы ережелерi мүдделi мұрагерлердiң мұра ашылғаннан кейiн жасалып, нотариат куәландырған келісімiмен өзгертiлуi мүмкін. Мұндай келісім оған қатыспайтын мұрагерлердiң, сондай-ақ мiндеттi үлеске құқығы бар мұрагерлердiң құқықтарын қозғамауы тиiс.
1061-бап. Заң бойынша мұрагерлердiң бiрiншi кезегi
Заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының балалары, соның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы мен ата-анасы алады.
1062-бап. Заң бойынша мұрагерлердiң екiншi кезегі
Заң бойынша мұрагер болу құқығын екiншi кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының ата-анасы бiр, ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi (қарындастары), сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесi алады.
1063-бап. Заң бойынша мұрагерлердiң үшiншi кезегi
Заң бойынша мұрагер болу құқығын үшiншi кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының туған немере ағалары мен апалары алады.
1064-бап. Заң бойынша мұрагерлердiң төртiншi кезегi
1. Заң бойынша мұрагер болу құқығын төртiншi кезекте мұра қалдырушының алтыншы атаға дейiнгiлерiн қосқанда басқа туыстары алады, бұл ретте туыстық дәрежесi неғұрлым жақын туыстар туыстықтың неғұрлым алысырақ дәрежедегi туыстарын мұрагерлiктен шеттетедi.
2. Туыстық дәрежесiнiң жақындығы ортақ ата-бабасынан туу саны негiзiнде анықталады. Әрбiр дүниеге келу бiр ата (бiр туыстық) дәрежесi деп аталады.
3. Мұрагерлiкке шақырылған төртiншi кезектегi мұрагерлер тең үлесте мұрагер болады.
1065-бап. Заң бойынша мұрагерлердiң бесiншi кезегi
Заң бойынша мұрагер болу құқығын бесiншi кезекте, егер мұра қалдырушымен бiр отбасында кемiнде он жыл бiрге тұрса, тең үлеспен оның туыстас аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, (қарындастары), өгей әкесi мен өгей шешесi алады.
1066-бап. Заң бойынша мұрагерлердiң алтыншы кезегi
Заң бойынша мұрагер болу құқығын алтыншы кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының асырауындағы еңбекке жарамсыз адамдар алады.
1067-бап. Ұсыну құқығы бойынша мұрагерлiк
1. Егер заң бойынша мұрагер мұра ашылғанға дейiн қайтыс болса, ашылатын мұрадағы оның үлесi ұсыну құқығы бойынша оның ұрпақтарына ауысады. Қайтыс болған мұрагердiң үлесi заң бойынша мұрагер ұсынған туыстығы бiрдей дәрежедегi ұрпақтар арасында тең бөлiнедi.
2. Тiкелей өзiнен тарайтын туыстық бойынша мұрагерлiк жағдайында ұсыну құқығы туыстық дәреже шектелмей қолданылады, ал көлденең туыстық бойынша мұрагерлiк жағдайында ұсыну құқығын тиiсiнше оның туған аға-iнiлерiн (апа-сiңлiлерiн, қарындастарын) ұсына отырып, мұра қалдырушының жиендерi не оның туған немере ағасын немесе апасын ұсына отырып, немере аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары) алады.
1068-бап. Мұра қалдырушының асырауындағы еңбекке жарамсыз адамдар
1. Мұра қалдырушы қайтыс болғанға дейiн кемiнде бiр жыл оның асырауында болған және онымен бiрге тұрған еңбекке жарамсыз адамдар заң бойынша мұрагерлер қатарына жатады. Басқа да заң бойынша мұрагерлер болған кезде олар мұрагер болуға шақырылатын кезектегi мұрагерлермен бiрге мұра алады.
2. Егер мұра қалдырушымен бiрге тұрған-тұрмағандығына қарамастан, мұра қалдырушы қайтыс болғанға дейiн кем дегенде бiр жыл оның асырауында болса, осы Кодекстiң 1061-1066-баптарында аталған заң бойынша мұрагерлердiң қатарына жататын, бiрақ мұрагерлiкке шақырылатын кезектегi мұрагерлердiң тобына кiрмейтiн еңбекке жарамсыз адамдар, осы кезектегi мұрагерлермен бiрге мұра алады.
3. Осы баптың негiзiнде мұрагерлiкке шақырылатын адамдар, басқа да заң бойынша мұрагерлер болған кезде мұраның төрттен бiрiнен аспайтын бөлiгiн мұраға алады.
1069-бап. Мұрадағы мiндеттi үлеске құқық
1. Мұра қалдырушының кәмелетке толмаған немесе еңбекке жарамсыз балалары, сондай-ақ оның еңбекке жарамсыз жұбайы мен ата-анасы, өсиеттiң мазмұнына қарамастан, заң бойынша мұрагерлiк кезiнде олардың әрқайсысына тиесiлi болатын үлестiң (мiндеттi үлес) кемінде жартысын мұраға алады.
2. Мұндай үлеске құқығы бар мұрагер өсиет бойынша және (немесе) заң бойынша мұрадан алатынның барлығы, оның iшiнде әдеттегi үй жабдықтары мен үй-iшi тұрмысында ұсталатын заттардан тұратын мүлiктiң құны және мұндай мұрагердiң пайдасына белгiленген өсиеттiк бас тартудың құны, мiндеттi үлеске есептеледi.
3. Мұрадағы мiндеттi үлеске құқығы бар мұрагер үшiн өсиетте белгіленген кез келген шектеулер мен жүктеулер өзіне ауысатын мұраның мiндеттi үлесiнен асатын бөлігіне қатысты ғана жарамды болады.
1070-бап. Мұра алу кезіндегі ерлi-зайыптылардың құқықтары
1. Ерлi-зайыптыларға өсиетке немесе заңға орай тиесiлi мұрагерлiк құқықтың мұра қалдырушымен некеде тұру жағдайына байланысты оның басқа да мүліктік құқықтарына, оның ішінде мүліктің некеде тұрғанда бірге тапқан бөлігіне меншiк құқығына қатысы жоқ.
2. Егер мұра қалдырушымен неке мұра ашылғанға дейiн iс жүзінде тоқтатылғандығы және ерлі-зайыптылардың мұра ашылғанға дейін кемінде бес жыл бөлек тұрғандығы дәлелденсе, сот шешiмiмен ерлi-зайыптылар заң бойынша мұрагерлiктен шеттетiлуi мүмкiн.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара)
1071-бап. Мұраны қорғау және заң бойынша мұрагерлiк кезiнде оны басқару
1. Мүлiктiң бiр бөлiгi өсиет бойынша мұраға қалдырылған жағдайда мұра қалдырушы тағайындаған өсиеттi орындаушы мұраның заң бойынша мұрагерлiк тәртібімен ауысатын бөлiгiн де қоса алғанда, барлық мұраны қорғауды және оны басқаруды жүзеге асырады.
Егер заң бойынша мұрагерлер мұраның заң бойынша мұрагерлiк тәртібімен ауысатын бөлiгiне қатысты көрсетiлген мiндеттердi атқару үшiн мұраны сенімгерлiкпен басқарушыны тағайындауды талап етпесе, тұтас алғанда бүкiл мұраны қорғау және оны басқару жөніндегі мiндеттердi осы Кодекстiң 1059-бабына сәйкес өсиет бойынша мұрагерлер немесе сот тағайындаған өсиеттi орындаушы жүзеге асырады.
2. Мұраны сенімгерлiкпен басқарушыны заң бойынша бiр немесе бiрнеше мұрагердiң өтiнiшiмен мұраның ашылған жерi бойынша нотариус тағайындайды. Мұраны басқарушыны тағайындаумен немесе оны таңдаумен келiспеген заң бойынша мұрагер сотта мұраны сенімгерлiкпен басқарушының тағайындалуына дау айтуға құқылы.
3. Егер заң бойынша мұрагерлер болмаса не белгiсiз болса, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінiң аппараты мұраны сенімгерлiкпен басқарушыны тағайындау туралы нотариусқа жүгiнуге тиiс. Заң бойынша мұрагерлер келген жағдайда, олардың талап етуi бойынша мұраны сенімгерлiкпен басқарушы мұраның есебiнен оған қажеттi шығындар өтелiп, қисынды сыйақы төлене отырып керi шақырып алынуы мүмкiн.
4. Мұраны сенімгерлiкпен басқарушы заңды мұрагерліктiң ерекшелiктерiнен өзгеше туындамағандықтан, өсиеттi орындаушыға қатысты осы Кодекстiң 1059-бабында көзделген өкiлеттiктi жүзеге асырады.
5. Мұраны сенімгерлiкпен басқарушының мұра есебiнен мұраны қорғау және оны басқару жөніндегі қажеттi шығындарды өтеттiруге, ал егер оның мұрагерлермен келісімiнде өзгеше көзделмесе, сыйақы алуға да құқығы бар.
60-тарау. Мұра алу
1072-бап. Жалпы ережелер
Егер мұрагер кейiн мұрадан бас тартпаса (осы Кодекстiң 1074-бабы), мұрагерлiк құқығынан айырылмаса (осы Кодекстiң 1045-бабы) және оны мұрагер етiп тағайындау туралы өсиеттiк өкiмдi жарамсыз деп танудың салдарынан мұрагерлiк құқығын жоғалтпаса (осы Кодекстiң 1056-бабы), ол мұра ашылған уақыттан бастап өзiне тиесiлi мұраға немесе оның бiр бөлiгiне (үлесiне) құқық алады.
1073-бап. Мұраға құқық туралы куәлiк беру
1. Мұра ашылған жер бойынша нотариус мұрагердiң өтiнiшiмен оған мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк беруге мiндеттi.
2. Мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк мұра ашылған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн берiледi.
Өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлiк кезiнде, егер нотариуста куәлiк берiлуiн сұраған адамдардан басқа тиiстi мүлiкке не бүкiл мұраға қатысты басқа мұрагерлер туралы анық деректер болмаса, куәлiк аталған мерзiм өткенге дейiн де берiлуi мүмкiн.
1074-бап. Мұрадан бас тарту құқығы
1. Мұрагер өзiнiң мұрагерлiкке шақырылғандығы туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап алты айдың iшiнде мұрадан бас тартуға құқылы. Дәлелдi себептер болған жағдайда бұл мерзімді сот ұзартуы мүмкін, алайда бұл екі айдан аспауға тиіс.
2. Мұрадан бас тарту мұрагердiң мұраның ашылған жерi бойынша нотариусқа арыз беруiмен жасалады.
Егер сенімхатты бас тартуға өкілеттік арнайы көзделсе, мұрадан өкiл арқылы бас тартуға болады.
3. Мұрадан бас тартуды кейiннен күшiн жоюға немесе қайтарып алуға болмайды.
4. Мұрагер өзiне сол үшiн берiлген мерзiм өткеннен кейiн мұрадан бас тарту құқығын жоғалтады. Егер ол мұраға қалдырған мүлiктi iс жүзiнде иеленуге кiрiссе не оған билiк етсе, не оның осы мүлiкке құқықтарын куәландыратын құжаттарды алуға өтiнiш жасаса, ол бұл құқықты аталған мерзiм өткенге дейiн де жоғалтады.
5. Мұрагер мұрадан бас тартқан кезде өзiнiң өсиет бойынша немесе кез келген кезектегi заң бойынша мұрагердiң қатарындағы басқа адамдардың пайдасына бас тартатындығын көрсетуге құқылы.
Өсиет қалдырушы мұрадан айырған мұрагерлердiң пайдасына мұрадан бас тартуға жол берiлмейдi.
6. Егер мұрагер өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлiкке шақырылса, ол осы негiздемелердiң бiреуi бойынша немесе екi негiздеме бойынша өзiне тиесiлi мұрадан бас тартуға құқылы.
7. Мұрагер мұраның басқа бөлiгi мұраға қалдырылуына қарамастан, үстелу құқығы бойынша өзiне тиесiлi мұрадан бас тартуға құқылы (осы Кодекстiң 1079-бабы).
8. Осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, мұраның бiр бөлігінен бас тартуға, мұрадан ескерту жасап немесе шарт қойып бас тартуға жол берiлмейдi.
1075-бап. Өсиеттiк бас тартуды алудан бас тарту құқығы
1. Бас тартылушы өсиеттiк бас тартудан бас тартуға құқылы. Ішiнара бас тартуға, ескерту жасап, шарт қойып немесе басқа адамның пайдасына бас тартуға жол берiлмейдi.
2. Осы бапта көзделген құқық бiр мезгiлде мұрагер болып табылатын бас тартылушының мұрадан бас тарту құқығына байланысты емес.
3. Егер бас тартылушы осы бапта көзделген құқықты пайдаланса, өсиеттiк бас тарту жүктелген мұрагер оны орындау мiндетiнен босатылады.
1076-бап. Мұраны бөлу
1. Мұраны қабылдаған кез келген заң бойынша мұрагер мұраны бөлудi талап етуге құқылы.
Мұраны бөлу мұрагерлердiң келісімi бойынша оларға тиесiлi үлестерге сәйкес, ал келісімге қол жетпеген кезде - сот тәртібімен жүргiзiледi.
2. Осы баптың ережелерi барлық мұра немесе оның бiр бөлiгi мұрагерлерге нақты мүлiк көрсетiлмеген үлеспен өсиет етiлген жағдайда, мұрагерлердiң арасында мұраны өсиет бойынша бөлуге қолданылады.
1077-бап. Болмаған мұрагерлердiң құқықтары
1. Егер мұрагерлердiң арасында тұратын жерi белгiсiз адамдар болса, қалған мұрагерлер, өсиеттi орындаушы (мұраны басқарушы) және нотариус олардың тұратын жерiн анықтауға және оларды мұрагерлiкке шақыруға қисынды шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Егер тұратын жерi анықталған, мұрагерлiкке шақырылып, болмай қалған мұрагер осы Кодекстiң 1074-бабында көзделген мерзiм iшiнде мұрагерлiктен бас тартпаса, қалған мұрагерлер өздерiнiң мұраны бөлiсудi жүргiзу ниетi туралы хабардар етуге мiндеттi.
Егер осының алдындағы бөлiкте көзделген хабардар ету кезiнен бастап үш айдың iшiнде болмай қалған мұрагер мұраны бөлу туралы келісімге қатысу тiлегi туралы қалған мұрагерлердi хабардар етпесе, қалған мұрагерлер болмаған мұрагерге тиесiлi үлестi бөлек шығарып, өзара келісім бойынша бөлiстi жүргiзуге құқылы.
3. Егер мұра ашылған күннен бастап бiр жылдың iшiнде болмаған мұрагердiң тұратын жерi анықталмаса және оның мұрадан бас тартқандығы туралы мәлiметтер болмаса, қалған мұрагерлер бөлiстi осы баптың 2-тармағы екiншi бөлiгiнiң ережелерi бойынша жүргiзуге құқылы.