2. Үлестi меншiкке барлық қатысушылардың келісімiмен олардың әрқайсысының ортақ мүлiктi құру мен көбейтуге қосқан салымдарына қарай қатысушылардың үлестерiн анықтау мен өзгерту тәртібі белгiленуi мүмкiн.
211-бап. Үлестi меншiкке қатысушының оны жақсартуға байланысты құқықтары
1. Ортақ мүлiктi пайдаланудың белгiленген тәртібін сақтай отырып, оны бөлмей жақсартуды өз есебiнен жүзеге асырған үлестi меншiк қатысушысының ортақ мүлiкке құқықтағы өз үлесiн тиiсiнше ұлғайтуға құқығы бар.
2. Ортақ мүлiктi бөлiп алып жақсарту, егер үлестi меншiкке қатысушылардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, оны жасаған қатысушының меншiгiне түседi.
212-бап. Үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету
1. Үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету оның барлық қатысушыларының келiсуiмен жүзеге асырылады.
2. Үлестi меншiкке әрбiр қатысушы өзiнiң үлесiн өз қалауы бойынша сатуға, сыйға тартуға, өсиет етуге, кепiлге беруге, не осы Кодекстiң 216-бабында көзделген шарттарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
213-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi иелену және пайдалану
1. Үлестi меншiктегi мүлiктi иелену және пайдалану оның барлық қатысушыларының келiсуiмен, ал келісімге келмеген жағдайда - сот белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Үлестi меншiктiң әрбiр қатысушысы ортақ мүлiктiң өз үлесi мөлшерiне тең бөлiгi өзiнiң иеленуiне және пайдалануына берiлуiне құқылы, ал бұл мүмкiн болмаған жағдайда - өз үлесiне тиесiлi мүлiктi иеленетiн және пайдаланатын басқа қатысушылардан тиiстi ақша сомасын немесе өзге де өтем төлеудi талап етуге құқылы.
214-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi пайдаланудан алынатын жемiстер, өнiмдер мен табыстар
Үлестi меншiктегi мүлiктi пайдаланудан алынатын жемiстер, өнiмдер мен табыстар ортақ мүлiктiң құрамына келiп түседi. Жемiстiң, өнiм мен табыстың одан кейiнгi бөлiнуi, үлестi меншiктiң қатысушылары арасында, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, олардың үлестерiне сәйкес жүргiзiледi.
215-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi күтiп ұстауға байланысты шығындар
Үлестi меншiктiң әрбiр қатысушысы ортақ мүлiк бойынша өз үлесiне сәйкес салықтар, алымдар және өзге де төлемдер төлеуге, сондай-ақ оны күтiп ұстау мен сақтауға байланысты шығындарға қатысуға мiндеттi.
216-бап. Сатып алудың басым құқығы
1. Үлестi меншiк құқығындағы үлестi бөгде адамдарға сату кезiнде сатылатын үлестi оның сатылатын бағасы бойынша және жария саудаға салып сату реттерiнен басқа тең жағдайларда үлестi меншiктiң қалған қатысушыларының сатып алуға басым құқығы болады.
Үлестi меншiкке барлық қатысушылардың келісімi болмаған жағдайда үлестi меншiк құқығындағы үлестi сату үшiн жария саудаға салу осы Кодекстiң 222-бабының 2-тармағында көзделген реттерде және заң құжаттарында көзделген өзге де реттерде жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Үлесiн сатушы оның сату бағасын және оны сатудың басқа да шарттарын көрсете отырып, үлестi меншiктiң басқа қатысушыларына өз үлесiн бөтен адамға сату ниетi туралы жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi. Егер үлестi меншiктiң басқа қатысушылары сатып алудан бас тартса немесе қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығындағы сатылатын үлестi бiр ай iшiнде, ал басқа мүлiк жөнiнен - хабар алған күннен бастап он күн iшiнде сатып алмаса, сатушы өз үлесiн кез келген адамға сатуға құқылы.
3. Үлес сатып алудың басым құқығы бұзыла отырып сатылған жағдайда үлестi меншiктiң кез келген басқа қатысушысы үш айдың iшiнде сотта өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды талап етуге құқылы.
4. Үлестi сатып алудың басым құқығын басқа бiреуге беруге рұқсат етiлмейдi.
5. Осы баптың ережелерi айырбас шарты бойынша үлестi иелiктен айыру кезiнде де қолданылады.
217-бап. Үлестi меншiк құқығындағы үлестiң шарт бойынша сатып алушыға ауысатын кезi
Үлестi меншiк құқығындағы үлес, егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, шарт жасасқан кезден бастап шарт бойынша сатып алушыға ауысады.
Мемлекеттік тiркеуге немесе нотариат куәландыруға тиiстi шарт бойынша үлестi меншiк құқығындағы үлестiң ауысатын кезi осы Кодекстiң 238-бабының 2-тармағына сәйкес белгiленедi.
218-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктiң бөлiнуi және одан үлестi бөлiп шығару
1. Үлестi меншiктегi мүлiк оған қатысушылар арасындағы келісім бойынша өздерiнiң арасында бөлiнуi мүмкiн.
2. Үлестi меншiкке қатысушы ортақ мүлiктен өз үлесiн бөлiп шығаруды талап етуге құқылы.
3. Үлестi меншiкке қатысушылар ортақ мүлiктi бөлу немесе бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығарудың әдiстерi мен шарттары жөнiнде келісімге келе алмаған жағдайда үлестi меншiкке қатысушы ортақ мүлiктен өз үлесiн заттай бөлiп берудi талап етуге құқылы.
Егер үлестi заттай бөлiп беруге заң құжаттарында жол берiлмесе немесе ол ортақ меншiктегi мүлiкке шамадан тыс залал келтiрмейiнше мүмкiн болмаса, бөлiнiп шығушы меншiк иесi үлестi меншiктiң басқа қатысушыларынан өз үлесiнiң құнын төлетуге құқылы.
4. Осы бап негiзiнде үлестi меншiктiң қатысушысына заттай бөлiп берiлетiн мүлiктiң меншiк құқығындағы оның үлесiне сәйкессiздiгi тиiстi ақша сомасын немесе өзге өтем төлеу арқылы жөнге келтiрiледi.
Басқа меншiк иелерiнiң үлестi меншiкке қатысушыға оның үлесiн заттай бөлiп берудiң орнына өтем төлеуiне қатысушының келiсуiмен жол берiледi. Тиiстi меншiк иесiнiң үлесi шамалы болып, нақты бөлiп шығару мүмкiн болмай және ол ортақ мүлiктi пайдалануға онша мүдделi болмаса, сот бұл меншiк иесiнiң келісімi болмаған күнде де үлестi меншiкке қатысушыларды оған өтем төлеуге мiндеттей алады.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес өтем алғаннан кейiн меншiк иесi ортақ мүлiктегi үлеске құқығын жоғалтады.
6. Осы баптың 3-5-тармақтарында баяндалған ережелер бойынша ортақ мүлiктi бөлу iсiн жүргiзудiң не одан үлестi бөлiп шығарудың тиiмсiздiгi айқын болған жағдайда сот мүлiктi жария саудаға салып сатып, кейiн одан түскен соманы ортақ меншiкке қатысушылар арасында олардың үлестерiне сәйкес бөлiп беру туралы шешiм шығаруға құқылы.
219-бап. Ортақ бiрлескен меншiк
1. Ортақ бiрлескен меншiк:
1) ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi;
2) шаруа (фермер) қожалығының ортақ меншiгi;
3) жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк түрiнде болады.
2. Заң құжаттарында ортақ бiрлескен меншiктiң басқа да түрлерi көзделуi мүмкiн.
3. Ортақ бiрлескен меншiк, егер оған қатысушылар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, тағайындалады және қолдануда болады.
220-бап. Бiрлескен меншiктегi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету
1. Бiрлескен меншiкке қатысушылар, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, ортақ мүлiктi бiрлесiп иеленедi және пайдаланады.
2. Мүлiкке билiк ету жөніндегі мәмiленi қатысушылардың қайсысы жасағанына қарамастан бiрлескен меншiктегi мүлiкке билiк ету барлық қатысушылардың келісімi бойынша жүзеге асырылады.
3. Егер барлық қатысушылардың келісімiнен өзгеше туындамайтын болса, бiрлескен меншiкке қатысушылардың әрқайсысы ортақ мүлiкке билiк ету жөнiнде мәмiлелер жасасуға құқылы. Бiрлескен меншiкке қатысушылардың бiреуi ортақ мүлiкке билiк етуге байланысты жасаған мәмiле басқа қатысушылардың талап етуiмен мәмiле жасаған қатысушының қажеттi өкiлеттiгi болмады деген себеппен мәмiледегi екiншi тарап бұл жөнiнде бiлгенi немесе көпе-көрiнеу бiлуге тиiс болғандығы дәлелденген ретте ғана жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
Нотариаттың куәландыруын немесе мемлекеттік тiркеудi керек ететiн мәмiлелер жасасу кезiнде бiрлескен мүлiкке басқа қатысушылардың мәмiле жасауға келісімi нотариалдық тәртiппен расталуға тиiс.
4. Егер осы Кодексте немесе өзге де заң құжаттарында бiрлескен меншiктiң жекелеген түрлерi үшiн өзгеше белгiленбесе, осы баптың 1-3-тармақтары қолданылады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 221-бап өзгертiлдi
221-бап. Бiрлескен меншiктегi мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару
1. Ортақ меншiктi бiрлескен меншiкке қатысушылар арасында бөлу, сондай-ақ олардың бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығару қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүлiкке құқығындағы үлесi алдын ала анықталған жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Ортақ мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару кезiнде, егер заң актілерімен немесе қатысушылардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, олардың үлестерi тең деп танылады.
3. Ортақ мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару негiздерi мен тәртібі осы Кодекстiң 218-бабының ережелерiмен белгiленедi, өйткенi ол осы Кодекспен, басқа да заң құжаттарымен бiрлескен меншiктiң жекелеген түрлерi үшiн өзгеше белгiленбеген және бiрлескен меншiкке қатысушылар қатынастарының мәнiнен туындамайды.
222-бап. Ортақ мүлiктегi үлестен ақы өндiрiп алу
1. Үлестi немесе бiрлескен меншiкке қатысушыға несие берушi қатысушыда басқа мүлiк жеткiлiксiз болған жағдайда борышқордың ортақ мүлiктегi үлесiн одан ақы өндiрiп алу үшiн бөлiп беру туралы талап қоюға құқылы.
2. Ортақ меншiктiң өзге қатысушылары борышқордың үлесiн сатып алудан бас тартқан реттерде несие берушi борышқордың ортақ меншiк құқығындағы үлесiн жария саудаға салу жолымен осы үлестен сот арқылы ақы өндiрiп алуға талап етуге құқылы.
3. Егер мұндай жағдайда үлестi заттай бөлiп шығару мүмкiн болмаса, не үлестi немесе бiрлескен меншiктiң қалған қатысушылары бұған қарсылық бiлдiрсе, несие берушi борышқордан өз үлесiн ортақ меншiктiң өзге қатысушыларына осы үлестi нарықтық құнына сәйкес бағамен сатып, сатудан түскен қаражатты борышты өтеуге салуды талап етуге құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 223-бап өзгертiлдi
223-бап. Ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi
1. Ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкi, егер бұл мүлiк ерлi-зайыптылардың үлестi меншiгi болатыны, не олардың әрқайсысына тиесiлi немесе меншiк құқығында тиiстi бөлiктерде ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi екенi олардың арасындағы шартта көзделмесе, олардың бiрлескен меншiгi болып табылады.
2. Ерлi-зайыптылардың некеге тұрғанға дейiн тиесiлi болған, сондай-ақ олардың некеде тұрған кезiнде сыйға тартылған немесе мұрагерлiк тәртiппен алған мүлкi олардың әрқайсысының меншiгi болып табылады.
Қымбат бағалы және басқа әсемдiк заттарын қоспағанда, жеке пайдаланудағы заттар (киім-кешек, аяқ киім және т.б.), некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ қаражатына сатып алынғанымен, оларды пайдаланған жұбайдың меншiгi деп танылады.
Егер некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнiң есебiнен сол мүлiктiң құнын едәуiр арттырған қаражат жұмсалғаны (күрделi жөндеу, қайта жаңғырту, қайта жабдықтау және т.б.) анықталса, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкi олардың бiрлескен меншiгi деп танылуы мүмкiн.
3. Ерлi-зайыптылардың бiрiнiң мiндеттемелерi бойынша жаза өз меншiгіндегі мүлiкке ғана, сондай-ақ бұл мүлiктi бөлiсу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрiне тиесiлi болатын ортақ мүлкіндегі өз үлесiне ғана қолданылуы мүмкiн.
4. Ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiк құқықтарының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы заңдарымен белгiленедi.
224-бап. Шаруа (фермер) қожалығының меншiгi
1. Шаруа (фермер) қожалығының мүлкi, олардың арасындағы шартта өзгеше белгiленбегендiктен, бiрлескен меншiк құқығында оның мүшелерiне тиесiлi болады.
2. Шаруа (фермер) қожалығы мүшелерiнiң бiрлескен меншiгiнде оның мүшелерiнiң ортақ қаражатына шаруашылық үшiн сатып алынған жер учаскесіндегі екпелер, шаруашылық және өзге де қора-қопсы құрылыстары, мелиорациялық және басқа да құрылыстар, өнiм беретiн мал мен күш көлiгi, құс, ауыл шаруашылық және өзге техника мен жабдықтар, көлiк құралдары, құрал-сайман және басқа мүлiк болады.
3. Шаруа (фермер) қожалығының қызметi нәтижесiнде алынған жемiстер, өнiм және табыс шаруа (фермер) қожалығы мүшелерiнiң ортақ мүлкi болып табылады және олардың арасындағы келісім бойынша пайдаланылады.
225-бап. Шаруа (фермер) қожалығының мүлкiн бөлу
1. Барлық мүшелерiнiң шығып кетуiне байланысты немесе өзге де негiздер бойынша шаруа (фермер) қожалығы тоқтатылған жағдайда ортақ мүлiк осы Кодекстiң 218 және 221-баптарында көзделген ережелер бойынша бөлiнуге тиiс.
2. Шаруа (фермер) қожалығы мүшелерiнiң бiрi одан шыққан кезде, шаруашылықтың өндiрiс құрал-жабдықтары бөлiнуге жатпайды. Қожалықтан шыққан адамның бұл мүлiкке ортақ меншiктегi өз үлесiне сәйкес ақшалай өтем алуға құқығы бар.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде бiрлескен меншiк құқығындағы шаруа (фермер) қожалығы мүшелерiнiң, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, қожалық мүлкiне үлестерi тең деп танылады.
226-бап. Шаруа (фермер) қожалығын шаруашылық серiктестiгi немесе кооператив етiп қайта құрған кездегi мүлiктiң құқықтық режимi
1. Қожалық мүлкi негiзiнде шаруа (фермер) қожалығының мүшелерi шаруашылық серiктестiгiн немесе өндiрiстiк кооператив құруы мүмкiн. Қайта құрылған мұндай шаруа (фермер) қожалығының заңды тұлға ретiнде фермер қожалығының мүшелерi өзiне салымдар және басқа жарналар түрiнде берген мүлiктiң, сондай-ақ оның қызметi нәтижесiнде алынған және заңдарға қайшы келмейтiн өзге де негiздер бойынша сатып алынған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
2. Шаруа (фермер) қожалығының серiктестiкке қатысушылары немесе кооператив мүшелерi болып табылатын мүшелерi салымдарының мөлшерi осы Кодекстiң 225-бабының 3-тармағында көзделген тәртiп бойынша белгiленетiн шаруа (фермер) қожалығының мүлкiне ортақ меншiк құқығындағы өз үлестерiн негiзге ала отырып белгiленедi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 227-бап өзгертiлдi
227-бап. Жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк
Жекешелендiру туралы заңдарға сәйкес жалдаушы сатып алған немесе тегiн алған мемлекеттік тұрғын үй қорының үйіндегі тұрғын жай, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жалдаушының және онымен бiрге тұрақты тұратын отбасы мүшелерiнiң, соның iшiнде кәмелетке толмаған және уақытша тұрмайтын мүшелерiнiң бiрлескен меншiгiне көшедi.
Жекешелендiрiлген тұрғын үйге бiрлескен меншiк құқығының ерекшелiктерi тұрғын үй қатынастары туралы заң актілерінде белгiленедi.
12-тарау. Бірлескен қызмет туралы шарт
(жай серiктестiк)
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 228-бап өзгертiлдi
228-бап. Жай серiктестiк
1. Жай серiктестiк бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде құрылады.
Бiрлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) бойынша тараптар табыс табу немесе заңға қайшы келмейтiн өзге де мақсатқа қол жеткізу үшiн бiрлесiп әрекет жасауға мiндеттенедi.
Жай серiктестiк заңды тұлға болмайды.
2. Бiрлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) азаматтардың, азаматтар мен заңды тұлғалардың арасында, заңды тұлғалар арасында жасалады (консорциум).
3. Жай серiктестiк қатысушыларының бiрлескен қызметi туралы шартқа байланысты мiндеттемелерi, егер бiрлескен қызмет туралы шартта өзгеше көзделмесе, үшiншi жақтар алдында ортақ болып табылады.
229-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ iстерiн жүргiзу
Бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың ортақ iстерiн жүргiзу олардың жалпы келісімi бойынша жүзеге асырылады. Өзара келісім бойынша олар бiрлескен қызметке басшылық етудi және ортақ iстердi жүргiзудi қатысушылардың бiреуiне тапсыра алады, ал ол қатысушы бұл орайда шартқа өзге қатысушылар берген сенімхат негiзiнде әрекет етедi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 230-бап
230-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ мүлкi
1. Бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар өз мақсаттарына жету үшiн жарналарын ақшалай немесе басқа мүлiкпен, не еңбек үлесi арқылы қосады.
2. Шартқа қатысушылардың ақшалай немесе өзге де мүлiктiк жарналары, сондай-ақ олардың бiрлескен қызметi нәтижесiнде жасалған немесе сатып алынған мүлiк олардың ортақ үлестi меншiгi болып табылады.
3.алынып тасталды
4. Шартқа қатысушылардың мүлкiне осы Кодекстiң ортақ үлестi меншiк туралы қалыптары қолданылады, егер осы тараудың нормаларында өзгеше көзделмесе, басқа заң актілерімен немесе бiрлескен қызмет туралы шартпен.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 231-бап өзгертiлдi
231-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ шығындары мен залалдары
Бiрлескен қызметi бойынша ортақ шығындарды және соның нәтижесiнде пайда болған залалдарды жабу тәртібі қатысушылардың шартымен белгiленедi. Егер шартта мұндай тәртiп көзделмесе, ортақ шығындар мен залалдар шартқа қатысушылардың ортақ мүлкi есебiнен жабылады, ал жетпей қалған сомалар олардың арасында осы мүлiктегi үлестерiне қарай бөлiнiп салынады.
232-бап. Бiрлескен қызметке қатысу құқығын беру және қатысудан бас тарту
1. Бiрлескен қызметке қатысу құқығын беру бiрлескен қызмет туралы шартқа (жай серiктестiк шартына) қатысушылардың келісімiмен ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Бiрлескен қызмет туралы шартқа (жай серiктестiк шартына) қатысушы өз қалауы бойынша бiрлескен қызметке қатысудан бас тартуға құқылы.
3. Бiрлескен қызметке қатысушылардың қайсы бiреуiнiң қатысудан бас тартуы салдарынан келтiрiлген залалдар, егер бiрлескен қызмет туралы шартта (жай серiктестiк шартында) өзгеше көзделмесе, толық көлемiнде өндiрiлiп алынады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 233-бап өзгертiлдi
233-бап. Консорциум
1. Консорциум - бiрлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негiзiнде заңды тұлғалар нақты шаруашылық мiндеттерiн шешу үшiн белгiлi бiр ресурстарды бiрiктiрiп, күш-жiгердi үйлестiретiн ерiктi түрде тең құқықты уақытша одақ (бiрлестiк).
2. Консорциумға қатысушылар өздерiнiң шаруашылық дербестiгiн сақтап қалады және басқа консорциумдардың, қауымдастықтардың қызметiне қатыса алады.
Консорциумға қатысушылардың арасындағы қатынастар шарт негiзiнде құрылады.
3. Консорциумды басқару консорциумға қатысушылардың консорциалдық келісімiне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Консорциумға қатысушылар, егер консорциалдық келісімде өзгеше ескертiлмесе, консорциум қызметiне байланысты мiндеттемелер бойынша ортақ жауапты болады.
5. Консорциум өз қызметiн алдына қойған мiндеттерiн орындағаннан кейiн немесе оған қатысушылардың шешiмi бойынша тоқтатады.
234-бап. Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi туралы ережелер
Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi осы Кодекске Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
13-тарау. Меншік құқығына жғне өзге
де заттық құқықтарға ие болу
235-бап. Меншiк құқығына ие болу негiздерi
1. Егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, жаңа затқа меншiк құқығы оны дайындаған немесе жасаған тұлғаға тиедi.
Мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған жемiстерге, өнiмге, табысқа меншiк құқығы осы Кодекстiң 123-бабына сәйкес алынады.
2. Меншiк иесi бар мүлiкке меншiк құқығына басқа адам сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе осы мүлiктi иелiктен айыру туралы өзге мәмiленiң негiзiнде ие болуы мүмкiн.
Азамат қайтыс болған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы өсиетке немесе заңға сәйкес мұрагерлiк бойынша басқа адамдарға көшедi.
Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорларына заңды тұлғаларға көшедi (осы Кодекстiң 46-бабы).
Меншiк иесiнiң мүлкiн меншiк иесiнiң еркiнен тыс басқа тұлғаға беруге осы Кодексте көзделгеннен басқа реттерде жол берiлмейдi.
3. Осы Кодексте көзделген реттер мен тәртiп бойынша тұлға меншiк иесi жоқ мүлiкке, меншiк иесi белгiсiз мүлiкке, не меншiк иесi бас тартқан немесе өзге негiздер бойынша ол меншiк құқығын жоғалтқан мүлiкке меншiк құқығын алу мүмкiн.
4. Тұтыну (тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж немесе өзге) кооперативiнiң мүшелерi, жарна жинақтауға құқығы бар, пәтер, саяжай, гараж және кооператив осы адамдардың пайдалануына берген өзге де үй-жай үшiн өзiнiң үлестiк жарнасын толық төлеген басқа да адамдар аталған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
236-бап. Жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының пайда болуы
1. Салынып жатқан үйлерге, құрылыстарға, өзге де мүлiк кешендерiне, сондай-ақ өзге де жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығы осы мүлiктi жасау аяқталған кезден бастап пайда болады.
2. Егер заң құжаттарында немесе шартта құрылысы аяқталған объектiлердi қабылдап алу көзделген болса, онда тиiстi мүлiктi жасау осылайша қабылдап алынған кезден бастап аяқталған болып есептеледi.
3. Қозғалмайтын мүлiк мемлекеттік тiркелуге тиiс реттерде, оған меншiк құқығы осылайша тiркелген кезден бастап пайда болады.
4. Қозғалмайтын мүлiктi жасау аяқталғанға дейiн, ал тиiстi жағдайларда - оны мемлекеттік тiркеуден өткiзгенге дейiн мүлiкке қозғалмайтын мүлiк жасалатын материалдармен басқа мүлiкке меншiк құқығы туралы ережелер қолданылады.
237-бап. Өңдеу
1. Шартта өзгеше көзделмегендiктен, адам өзiне тиесiлi емес материалдарды өңдеу арқылы дайындаған жаңа қозғалатын затқа меншiк құқығын материалдардың меншiк иесi алады.
Алайда, егер өңдеу құны материалдардың құнынан едәуiр асып кетсе, жаңа затқа меншiк құқығын адал жұмыс iстеп, өңдеудi өзi үшiн жүзеге асырған адам алады.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, өз материалдарынан дайындалған затқа меншiк құқығын алған материалдардың меншiк иесi ол затты өңдеудi жүзеге асырған адамға оның құнын өтеуге, ал ол адам жаңа затқа меншiк құқығын алған ретте соңғысы материалдардың меншiк иесiне олардың құнын қайтаруға мiндеттi.
3. Өңдеудi жүзеге асырған адамның ықылассыз әрекеттерiнiң нәтижесiнде материалынан айрылған меншiк иесi жаңа затты өз меншiгiне берудi және өзiне келтiрiлген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
238-бап. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы пайда болатын кез
1. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, зат берiлген кезден бастап пайда болады.
2. Егер мүлiктi иелiктен айыру туралы шарт мемлекеттік тiркеуге немесе нотариалдық куәландыруға жататын болса, алушының меншiк құқығы тiркелген немесе нотариат куәландырған кезден бастап, ал шартты нотариаттың куәландыруы да, мемлекеттік тiркеу де қажет болған жағдайда ол тiркелген кезден бастап пайда болады.
239-бап. Заттардың берiлуi
1. Заттардың алушыға тапсырылуы, сол сияқты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, алушыға жөнелту үшiн көлiк ұйымына өткізу және иелiктен айырылған заттарды жеткiзiп беру мiндеттемесiнсiз алушыға салып жiберу үшiн почтаға өткізу-берiлу деп танылады.
2. Егер затты иелiктен айыру туралы шартты жасасу кезiнде-ақ ол алушының иелiгiнде болса, зат оған сол кезден бастап берiлген деп танылады. Затқа коносамент немесе өзге де өкiмшi құжат беру заттарды беруге теңестiрiледi.
240-бап. Иелену мерзiмi
1. Мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын, бiрақ өзiнiң жеке қозғалмайтын мүлкiндей он бес жыл бойы, не өзге мүлiктi кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлiкке меншiк құқығын (иелену мерзiмiн) алады.
Мемлекеттік тiркеуге жататын қозғалмайтын және өзге де мүлiкке меншiк құқығы бұл мүлiктi иелену мерзiмiне сәйкес алған тұлғада осындай тiркеу кезiнен бастап пайда болады.
2. Мүлiкке меншiк құқығын алғанға дейiн оларды өз мүлкiндей иеленушi азамат немесе заңды тұлға өз иелiгiн мүлiктiң меншiк иелерi болып табылмайтын, сондай-ақ заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiздерге сәйкес оларды иеленуге құқығы жоқ үшiншi жақтардан қорғауға құқылы.
3. Иелену мерзiмiне жүгiнетiн азамат немесе заңды тұлғаның өздерi құқықты мирасқорлары болып табылатын тұлғаның осы затқа иелiк еткен уақытының бәрiн өз иелiгiне қосып алуына болады.
4. Тұлғада болып, оның иеленуiнен осы Кодекстiң 260-263, 265-баптарына сәйкес талап етiлуi мүмкiн мүлiктер жөніндегі иелену мерзiмiнің өтуi тиiстi талаптар бойынша талап мерзiмi бiтуiнен ерте басталмайды.
5. Егер тұлғаға сотта оның меншiк құқығын танудан бас тартылған ретте мүлiктi иеленушi тұлға меншiк иесiне айналады.
241-бап. Жинауға не аулауға арналған көпшiлiк қолды заттарды меншiкке айналдыру