Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен
әскери құралымдарында солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар
лауазымдарында келісім-шарт бойынша әскери қызметтi өткеру туралы
ереженi бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2002 ж. 31 мамырдағы № 603 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 2005.21.07 № 761 Қаулысымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 28 сәуірдегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 20 наурыздағы Заңының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар лауазымдарында келісім-шарт бойынша әскери қызметтi өткеру ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И.Тасмағанбетов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2002 жылғы 31 мамырдағы
№ 603 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi
мен әскери құралымдарында солдаттар, матростар, сержанттар мен
старшиналар лауазымдарында келісім-шарт бойынша әскери қызмет
өткеру туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар лауазымдарында келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеру туралы ереже (бұдан әрi - Ереже) келісім-шарттың нысанын, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату, сондай-ақ солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар лауазымдарында келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеру тәртібін, олардың бейбiт уақыттағы құқықтары мен мiндеттерiн айқындайды.
2. Уәкiлеттi мемлекеттік органдар: Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Iшкi iстер министрлігінiң iшкi әскерлерi, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiк, Республикалық ұлан, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметi.
3. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарына (бұдан әрi - Қарулы Күштер) келісім-шарт бойынша ерiктi түрде әскери қызметке қабылданған Қазақстан Республикасының азаматтары келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлер (бұдан әрi - келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлер) болып табылады.
4. Әскери даярлығын және негiзгi функционалдық мiндеттерiн меңгергеннен немесе жетiлдiргеннен кейiн, бiрақ әскери бөлiмге келген күнiнен бастап екi айдан кешiктiрмей, бұрын әскери ант қабылдамаған келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлер оны белгiленген тәртiппен қабылдайды.
2. Келісім-шартпен реттелетiн қатынастар
5. Уәкiлеттi мемлекеттік орган мен келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiнiң (келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданушы адамның) арасындағы қатынастар "Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен, басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдермен, осы Ережемен және соларға сәйкес жасалған келісім-шартпен реттеледi.
6. Келісім-шарттың талаптарын бiр жақты тәртiппен өзгертуге болмайды.
7. Келісім-шарттың жекелеген талаптарының жарамсыздығы келісім-шартты бүтiндей жарамсыз деп тануға әкеп соқпайды.
8. Келісім-шарттың талаптары, егер олар Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, тараптардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
3. Келiсім-шарттың мазмұны
9. Келісім-шартта мыналар болуға тиiс:
1) тараптардың деректемелерi:
уәкiлеттi мемлекеттік органның атауы, оның орналасқан жерi;
уәкiлеттi мемлекеттік органның лауазымды адамының атағы, тегi, аты-жөнi мен лауазымы;
келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданған адамның тегi, аты-жөнi, оның жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi және берiлген күнi, әлеуметтiк жеке кодының (ӘЖК) нөмiрi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi (CTTH);
2) әскери қызметтi өткеру туралы келісім-шарт жасасқан адамның қабылданатын лауазымының (мамандығының) атауы;
3) келісім-шарттың мерзiмi;
4) қызметтiк мiндетiн атқаруды бастаған күнi және қызметке тағайындау туралы бұйрықтың нөмiрi;
5) қызмет жағдайының сипаттамасы, әскери қызметшiге кепiлдiктер мен өтемақылар;
6) жұмыс және демалыс уақытының режимi;
7) еңбекке ақы төлеу және еңбектi қорғау жағдайлары;
8) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
9) келісім-шартты өзгерту, бұзу және ұзарту тәртібі;
10) "Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағының 3) және 6) тармақшаларында көзделген талаптармен танысқаны туралы белгi;
11) тараптардың жауапкершiлiгi;
12) тараптардың қолы, уәкiлеттi мемлекеттік органның мөрi.
10. Тараптардың келісімi бойынша келісім-шартқа Қазақстан Республикасының заңнамасынa қайшы келмейтiн өзге де талаптар енгiзiлуi мүмкiн (1-қосымша).
4. Келісім-шарт мерзiмi және оның қолданылу тәртібі, әскери
қызметшінің еңбек сiңiрген жылдарын анықтау
11. Әскери қызмет өткеру туралы келісім-шарт әскери қызметте болудың шектi жасына жеткенге дейiн келісім-шартты ұзарту құқығымен үш жылға, бес жылға, он жылға, әскери (арнаулы) оқу орнында оқу мерзiмiне жасалуы мүмкін.
Әскери қызметте болудың шектi жасы Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
12. Әскери қызмет өткеру туралы келісім-шарт оған екi тарап та қол қойған күнiнен бастап күшiне енедi және келісім-шарт жасалған мерзiм аяқталған соң немесе оның бұзылуына байланысты өз күшiн тоқтатады.
13. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерушi әскери қызметшiнiң жалпы еңбек сiңiрген жылдарына әскери қызмет уақыты, соның iшiнде мерзiмдi әскери қызметте енгiзiледi.
5. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын
адамдарға қойылатын талаптар
14. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын адамдар мынадай талаптарға жауап беруi тиiс:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген разрядына және әскери атағына қарай он тоғыз жастан кiшi және әскери қызметте болатын шектi жастан үлкен болмауы;
2) қажеттi моральдық және психологиялық қасиеттерi, білімi, кәсiби және дене даярлығы деңгейiн иеленуi, белгiленген біліктілік нормативтерiне сай болуы.
6. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеруге байланысты
шектеулер
15. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшiнiң мыналарға құқығы жоқ:
1) саяси партияларда, кәсiподақтарда болуға, жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесi болуға;
2) педагогтiк, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, кәсiпкерлiк не ақы төленетiн басқалай қызметпен айналысуға;
3) әскери мүлiктi, техниканы және қызметтiк ақпаратты қызметтен тыс мақсаттарда пайдалануға;
4) мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтік мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн iс-қимылдарға, ереуiлдердi қоса алғандар, қатысуға.
16. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты болып сайланған келісім-шарт бойынша әскери қызметшi әскери қызметтен босатылады. Депутаттық өкiлеттiк мерзiмi аяқталғаннан кейiн ол заңнамада белгiленген тәртiппен жаңа келісім-шарт жасаса отырып, әскери қызметке қайта қабылдануға құқылы.
7. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдау, келісім-шарт
жасасу және оны бұзу
17. Әскери қызметке келісім-шарт бойынша қабылдау әскери қызмет өткеру туралы жасалған келісім-шарт негiзiнде ерiктілік тәртібімен жүзеге асырылады.
18. Әскери қызметке келісім-шарт бойынша қабылданатын адамға қатысты арнайы тексеру жүргiзiледi.
19. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке мынадай адам қабылданбайды:
1) белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған;
2) медициналық мекеменiң қорытындысына сәйкес әскери қызмет мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн науқасы бар;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген шектеулердi өзiне қабылдаудан бас тартқан;
4) соттылығы бар не өзiне қатысты қылмыстық іс қозғалған;
5) әскери қызметке қабылданардың алдындағы бір жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауапқа тартылған немесе қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртібімен әкiмшiлiк жаза қолданылған.
20. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын кандидаттан бас тартуға мыналар да негiз болып табылады:
1) Ереженiң 19-тармағында көрсетiлген мәлiметтердi бұрмалау немесе Ереженiң 25-тармағында көзделген құжаттарды табыс етпеу;
2) Қарулы Күштерде кандидаттың дайындық бейiнiне немесе әскери мамандығына сай келетiн бос әскери қызметтердiң болмауы;
3) келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданушы кандидаттың "Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы" Заңмен белгіленген талаптарға сай келмеуi.
21. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеру процесiнде Ереженiң 19 және 25-тармақтары талап ететiн мәлiметтердi жасырғаны не бұрмалағаны белгiлi болған жағдайда, бөлiм (мекеме) командирі (бастығы) "Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әскери қызметшiмен бiр жақты тәртiппен келісім-шартты бұзуға құқылы.
22. Келісім-шарт бойынша солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар лауазымдарында әскери қызметiн өткерiп жүрген әскери қызметшiлер 45 жасқа дейiн әскери қызметте бола алады. Көрсетiлген жасқа жеткеннен кейiн олар осы Ережеде белгiленген тәртiппен әскери қызметтен босатылуға жатады. Жоғары кәсiби даярлығын, атқарып жүрген лауазымы бойынша практикалық жұмыс тәжiрибесiн және әскери қызметтi өткеру үшiн денсаулық жағдайы бойынша жарамдылығын ескере отырып, олардың қызмет мерзiмi уәкiлеттi мемлекеттік орган басшысының шешiмiмен бес жылға дейiн ұзартылуы мүмкін.
Уәкiлеттi мемлекеттік орган басшысының шешiм қабылдауы үшiн командир кандидатуралардың уәкiлеттi мемлекеттік органға жолданатын тiзiмiн (2-қосымша) ағымдағы жылдың 15 қаңтары мен 15 шiлдесiне ұсынады. Шектi жастан тыс әскери қызметте болуға уәкілеттi мемлекеттік орган басшысының рұқсатын алған жағдайда, командир осы мерзiмге келісім-шартты ұзарту туралы саптық бөлiм бойынша бұйрық шығарады және келісім-шарттың екi данасына да (1 және 3-қосымшалар) тиiстi жазба жасайды.
23. Солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар лауазымдарында келісім-шарт бойынша әскери қызметке мыналар қабылданады:
1) орта немесе кәсiптiк орта білімi бар әскери мiндеттiлер;
2) мерзiмдi әскери қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшiлер қызмет мерзiмi аяқталғаннан кейiн;
3) тиiстi әскери лауазым бейiнi бойынша тектес орта немесе кәсiптiк орта білімi мен мамандығы бар, мерзiмдi әскери қызметтен өтпеген ер және әйел жынысты адамдар.
Бұл ретте, запастан қабылданатын әскери қызметшiлердi сержанттар мен старшиналар лауазымдарына тағайындау, егер олардың запастағы сержант әскери атағы болған және білiктілік нормативтерiне сәйкес келген жағдайда ғана жүргiзiледi.
24. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдау туралы уәкiлеттi мемлекеттік органнан нарядты (4-қосымша) немесе өкiмдi (5-қосымша) немесе әскери бөлiмнен командирдiң қатынас қағазын (6-қосымша) алған кезде:
1) әскери комиссарлар келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданушының жеке iсiн ресiмдейдi, бұл ретте бұрын әскери есепте тұрмаған әйелдердi есепке қояды. Жеке iсiн ресiмдеудi аяқтағаннан кейiн келісім-шарттың толтырылған формулярының екiншi данасы қабылданушылардың қолына берiледi, бiрiншi данасы жеке iсiнде тұрады. Көрсетiлген адамдарды әскери есептен шығарады және оларды қолдағы бар нарядтарға, өкiмдерге не қатынас қағаздарына сай қызмет өткеру орнына жолдайды. Қабылданушы адамдардың жеке iстерi белгіленген тәртiппен қызмет орны бойынша жiберiледi;
2) әскери бөлiмдердiң (мекемелердiң) командирлерi (бастықтары):
басқа әскери бөлiмдерге (мекемелерге) келісім-шарт бойынша әскери қызметке түсуге тiлек бiлдiрген мерзiмдi әскери қызмет әскери қызметшiлерi жөнiнде осы әскери қызметшiнiң жеке рапорты негiзiнде әскери қызметшiнiң жеке iсiн ресiмдейдi, оларды әскери бөлiмнiң (мекеменiң) тiзiмдерiнен шығарады және келісім-шарт жасасу үшiн нарядқа (өкiмге, қатынас қағазына) сай әскери бөлiмдерге (мекемелерге) жолдайды.
Жеке iстi әскери қызметшiнiң қызмет өткеру орны бойынша әскери бөлiмдерге (мекемелерге) жолдайды;
мерзiмдi әскери қызметтi өткеру орны бойынша әскери бөлiмде келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдануға тiлек бiлдiрген мерзiмдi әскери қызмет әскери қызметшiлерiне қатысты жеке рапорты негiзiнде жеке iсiн ресiмдейдi, мерзiмдi әскери қызметтен босатады, келісім-шарт жасасады және 7-қосымшаға сәйкес бұйрық шығарады;
бұрын берiлген қатынас қағазына (нарядқа, өкімге) сай әскери бөлiмге (мекемеге) келген адамдарға, соның iшiнде басқа әскери бөлiмнен келген әскери қызметшiлерге қатысты олар қызмет орнына келісімен келісім-шарт жасасады және 7-қосымшаға сәйкес бұйрық шығарады.
Азаматтарды әскери қызметке жаппай ұйымдастырылған қабылдау кезiнде iрiктеудi жасақтаушы бөлiмнiң (мекеменiң) өкiлi жүргiзедi. Әскери бөлiмнiң өкiлi қол қойған қатынас қағазы (5-қосымша) үмiткерлердi қызмет орнына жiберу үшiн негiз болып табылады.
Әскери бөлiм (мекеме) командирi (бастығы) бұйрығының көшiрмесiн осы азамат әскери есепте тұрған әскери комиссариатқа, ал бұдан басқа мерзiмдi әскери қызметтi өткерген адамдардiкiн ол келген әскери бөлiмге жiбередi.
Нарядты (өкiмдi, қатынас қағазын) және нұсқаманы ресiмдеген кезде мiндеттi түрде келісім-шарттың түрi мен атауы, ал келісім-шарт бойынша әскери қызметшiнi жаңа қызмет орнына ауыстыру кезiнде оның қашан, кiммен және қандай мерзiмге жасалғаны қосымша көрсетiледi.
Уәкiлеттi мемлекеттік органдардың штатында тұрғандарды келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдау және босату, осы адамдар ақшалай үлесте тұрған органның саптық бөлiм бойынша бұйрығымен ресiмделедi. Бұл ретте бұйрықтың көшiрмесi әскери комиссариатқа және осы адамдар штатында тұрған органға жiберiледi.
8. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдау үшiн
ресiмделетiн құжаттар
25. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданушы адамдар арнайы тексеруден өтуге және әскери есепте тұрған орны бойынша әскери комиссариатқа немесе мерзiмдi әскери қызмет өткеру орны бойынша әскери бөлiмге (мекемеге) мынадай құжаттарды ұсынуға мiндеттi:
1) әскери қызметке ерiктi түрде қабылдауға тiлек бiлдiргенi туралы жеке өтiнiшi (рапорты) (8-қосымша);
2) жеке куәлiгiнiң (төлқұжатының), әскери билетiнiң, еңбек кiтапшасының, білімi туралы құжатының, жүргiзушi куәлiгiнiң (басқа да құжаттар), әлеуметтiк жеке код беру туралы куәлiктiң және зейнетақы шартының нотариат куәландырған көшiрмелерi;
3) өмiрбаяны (басылған және өз қолымен жазылған);
4) соңғы қызмет (жұмыс, оқу) орнынан мiнездеме;
ҚР Үкіметінің 2005.21.07. № 761 қаулысымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара) (01.09.05. қолданысқа енеді)
5) азаматтарды тiркеу кiтабын берген аумақтық әдiлет органының мөрiмен расталған азаматтарды тiркеу кiтабының көшiрмесi;
6) 9x12, 3x4 сурет - 2 данадан;
7) әскери қызметке жарамдылығы туралы қорытындысымен медициналық куәландыру картасы (картаға туберкулез, терi-сөз, жүйке-неврология және наркология диспансерлерiнен анықтамалар, флюоро (рентген) грамма, ЭКГ нәтижелерi, жалпы зәр, қан және АҚТҚ-ға жалпы тексерулер қоса берiледi);
8) сотты болмағаны туралы анықтама.
26. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге рұқсатты ресiмдеу талап етiлетiн лауазымдарға орналасуға үмiткерлер мыналарды қосымша ұсынады:
1) сауалнама;
2) 4,5x6 - 2 суретi;
3) мемлекеттік құпиялармен жұмыс iстеуге рұқсат ресiмделетiн адамдар үшiн, онда медициналық жарамсыздықтар болуын медициналық куәландыру туралы анықтама.
27. Әскери комиссариаттар, әскери бөлiмдердiң (мекемелердiң) командирлерi (бастықтары) Ереженiң 26-тармағында көрсетiлген адамдарға жеке iстi мынадай құжаттармен толықтырады:
1) толтырылған келісім-шарт формуляры;
2) дене дайындығын тексеру нәтижелерi;
3) қызметке қабылданушының қатысуымен толтырылған қызметтерi тiзiмi;
4) кәсiби жарамдылығы туралы қорытындысымен бiрге психологиялық кәсiби iрiктеу картасы.
28. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдауға тiлек білдiрушi, бiрақ мерзiмдi әскери қызметке шақырудан кейiнге қалдырылуға құқығы бар адамдар әскери есепте тұрған орны бойынша әскери комиссариатқа алдын ала мынадай құжаттарды ұсынуға мiндеттi:
1) жеке өтiнiшi;
2) мүдделi адамдар мен халықты әлеуметтiк қорғау органдарынан нотариалдық куәландырылған құжаттар.
29. Әскери комиссарлар Ереженiң 28-тармағында көрсетiлген адамдарға қатысты уәкiлеттi мемлекеттік органға 28-тармақта көрсетiлген құжаттармен бiрге мынадай құжаттарды ұсынады:
1) шақырылуы кейінге қалдырылғаны және ол адамды әскери міндеттiлер есебiне ауыстырғаны туралы аудандық (қалалық) шақыру комиссиясының хаттамасынан көшiрме;
2) осы азаматты ерiктi тәртiппен Қарулы Күштерге қабылдауға рұқсат ету қажеттілігiнiң себептерi мен негiздемесi егжей-тегжейлi баяндалған түсiндiрме жазба.
Уәкiлеттi мемлекеттік орган көрсетiлген адамды келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдау туралы шешiм қабылдайды, ол өкiммен ресiмделедi (4-қосымша).
Барлық құжат өкiммен бiрге белгiленген тәртiппен әскери комиссариатқа жiберiледi.
30. Ереженiң 25, 26, 27-тармақтарында, ал уәкiлеттi мемлекеттік орган оң шешкен жағдайда Ереженiң 28, 29-тармақтарында көрсетiлген құжаттар келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын адамның жеке iсiне енгiзiледi.
Режимдiк бөлiмдерге әскери қызметшiлер лауазымдарына, сондай-ақ құпия жұмыспен байланысты басқа да лауазымдарға iрiктелген адамдардың құжаттары құзыреттi органдар арқылы ресiмделедi.
Бұйрық (7-қосымша) шығару мемлекеттік құпияларға рұқсат ету келiсілгеннен кейiн ғана жүргiзiледi. Осы бұйрық жеке құрамның тiзiмiне енгізу үшiн негiз болып табылады.
31. Келісім-шарт (1-қосымша) жазбаша түрде әскери қызметте болудың шектi жасына жеткенге дейiн екi данада жасалады және тараптар қол қояды. Келісім-шарттың бiр данасы әскери қызметке қабылданатын адамға беріледi. Келісім-шарт бланкiлердi тiркеу кiтабында (9-қосымша) есепке алынады.
Келісім-шартта және қызметке қабылданушыны лауазымға тағайындау туралы бұйрықта көрсетiлген күн келісім-шарт бойынша әскери қызметшiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқаруды бастаған күнi болып саналады.
Келісім-шарт бойынша әскери қызметке кандидаттар бөлiмге келісімен бөлiм командирiнiң өз шешiмiн негiздеген жазбаша бұйрығы бойынша мынаған жолдануы мүмкiн:
1) әскери-дәрiгерлiк комиссиялардың әскери-медициналық куәландыруына;
2) келісім-шарт бойынша әскери қызметке азаматтарды қабылдау үшiн дене дайындығы нормативi бойынша дене дайындығын тапсыруға;
3) психологиялық-кәсiби жарамдылығын айқындау жөніндегі тестiлeyгe.
Бұл жағдайда бұйрықтың көшiрмесi мен қорытындылары уәкілеттi мемлекеттік органға жiберiледi.
Келісім-шартқа және жеке iсiне енгізу үшiн бұйрықтың (7-қосымша) көшiрмесi келісім-шарт бойынша осы әскери қызметшi ақшалай үлесiнде және штатында тұрған органға жiберiледi.
Келісім-шарт қызметi мәселелерiмен айналысатын кадр құрылымы жоқ әскери бөлiмдерде (мекемелерде) жеке iстер келісім-шарт бойынша әскери қызметшi штатта тұрған әскери бөлiмнiң (мекеменiң) құпия iс қағаз жүргiзуiнде сақталады.
Бұл жағдайда келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлермен жұмыс жүргізу жөніндегі міндеттерді жүктеу жеке бұйрықпен ресiмделедi.
32. Қаржы органы жоқ әскери бөлiмдерде (мекемелерде) бұйрықтың көшiрмесi келісім-шарт бойынша әскери қызметшi ақша үлесiнде тұрған әскери бөлiмге (мекемеге) жiберiледi.
9. Келісім-шарттың түрлерi және оны жасасу тәртібі
33. Әскери қызметке қабылданатын адам осы Ереженiң 23-тармағына сәйкес әскери қызмет өткеру үшiн келісім-шарттың мынадай түрлерiнiң бiреуiн жасасады:
1) "А" - "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң кадрларында";
2) "Б" - "нақты әскери бөлiмнiң кадрларында";
3) "В" - "нақты әскери бөлiмнiң нақты лауазымында".
Бұл ретте командирлердiң (бастықтардың) құқықтарына сәйкес келісім-шарт жасасудың мынадай тәртібі белгiленедi:
"А" түрi бойынша - уәкiлеттi мемлекеттік органның келісім-шарт қызметi;
"Б" түрi бойынша - әскер түрiнiң, округiнiң, әскерлерiнің қолбасшылары және уәкiлеттi мемлекеттік органның департаменттерiнiң, бас басқармалары мен басқармаларының және оларға теңестiрілген құрылымдарының бастықтары;
"В" түрi бойынша - бригадаға, құрамаға дейiнгi әскери бөлiмдердiң (мекемелердiң) және уәкiлеттi мемлекеттік органның оларға теңестiрiлген құрылымдарының командирлерi (бастықтары).
34. "В" түрi бойынша алғашқы келісім-шартқа, әдетте, үш жылға қол қойылады, келесi келісім-шарттар әскери қызметте болудың шектi жасына жеткенге дейiн бес жыл және он жыл мерзiмге жасалады. Кадет корпусының түлектерiмен қабылдау емтихандары басталғанға дейiн бес жылға сержант лауазымдарында қызмет өткеруге келісім-шарт жасалады.
35. Келісім-шарт мына лауазымдарға әскери қызметке қабылдау кезiнде жасалады:
1) қатардағы құрам - үш жылға;
2) сержанттар, старшиналар - бес жылға (Кадет корпусының оқушылары 17 жасқа жеткеннен кейiн оқуы аяқталғанға дейiнгi, аяқтағаннан кейiн бес жыл мерзiмге "А" түрi бойынша келісім-шарт жасасу мiндетiмен).
Өз қызметiн әскери қызметте болудың шектi жасынан тыс ұзартуға тiлек білдiрген келісім-шарт бойынша әскери қызметшi шекті жасқа жетуге дейiн үш ай қалғанда әскери бөлімнің (мекеменiң) командирiне (бастығына) рапортпен (10-қосымша) өтiнiш жасайды.
Штат өзгерген кезде тиiстi санаттағы келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлердiң штат санын кемiтпестен лауазымдарға қайта тағайындау келісім-шарт бойынша әскери қызметшiнiң рапорты негiзiнде саптық бөлiм бойынша бұйрықтармен жүргiзiледi.
10. Келісім-шарт бойынша әскери қызметшiнiң құқықтары
мен мiндеттерi
36. Келісім-шарт бойынша әскери қызметшi мыналарға құқылы:
1) "Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы" ҚP Заңында көзделген шектеулер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңнамасымен кепілдік берiлген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) жеке қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, командирлер (бастықтар) және өзге де лауазымды адамдар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен қаралуына;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген нормалар бойынша және тәртiппен мемлекет есебiнен ақшалай және заттай үлеспен қамтамасыз етiлуге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақымен қамсыздандырылуға, әлеуметтiк және құқықтық қорғалуға;
5) біліктілігi, қабiлетi, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал атқаруы ескеріле отырып, қызмет бабында өсiрілуге;
6) негiзсiз айыптаулар болған кезде қызметтiк тергеу жүргiзiлуiн талап етуге;
7) өмiрi мен денсаулығының қорғалуына;
8) "Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген жағдайларда уәкілеттi мемлекеттік органмен келісім-шартты ұзартуға, өзгертуге және бұзуға;
9) қауiпсiздiк техникасы мен гигиена талаптарына жауап беретiн қызмет жағдайына;
10) демалуға;
11) әскери қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде өмiрiне және денсаулығына немесе жеке мүлкiне келтiрiлген зиянның орны толтырылуына;
12) тараптардың келісімi бойынша немесе сот тәртібімен қызметтiк мiндеттерiн атқаруға байланысты туындаған даулардың шешiлуiне;
13) келісім-шартта тараптың атынан әрекет ететiн лауазымды адамның өкiлеттiгiн уәкiлеттi мемлекеттік органның растауын талап етуге;
14) өзiнiң кәсiби біліктілігiн арттыруға;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жекешелендiру құқығымен тұрғын үй алуға;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да кепiлдiктер мен өтемақылар алуға.
37. Келісім-шарт бойынша әскери қызметшi мыналарға мiндеттi:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң жарғыларын сақтауға;
2) "Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген шектеулердi қабылдауға;
3) келісім-шартқа негiзделген әскери қызмет мiндеттерiн адал орындауға;
4) әскери тәртiп пен қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;
5) қызмет процесiнде мемлекеттік мүлiкке зиян келтiрiлуiне жол бермеуге;
6) өзiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерге сәйкес өкілеттiктерiн жүзеге асыруға;
7) келісім-шартқа сәйкес өзiне сенiп тапсырылған мемлекеттік, әскери, қызметтiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәлiметтердi, соның iшiнде әскери қызметтi тоқтатқаннан кейiн де Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген уақыт iшiнде жария етпеуге;