«Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Іс Басқармасы туралы»
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 18 тамыздағы № 914 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 1995.04.20. № 515 қаулысымен күші жойылды
І. Жалпы ережелер
1. Іс Басқармасы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің атқарушы-жарлық беруші органы болып табылады және оның қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа ала отырып қамтамасыз етеді.
Іс Басқармасы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің мына бағыттардағы жұмысын ұйымдастырады:
экономикалық реформаларды дәйекті түрде өмірге енгізу, экономиканың, әлеуметтік-мәдени саланың, сыртқы экономикалық байланыстардың жағдайына талдау жасау, оларды дамыту және болжамдар әзірлеу, республиканың халық шаруашылығы салалары мен аймақтарының ынтымақтасуы арқылы шешілетін мәселелерді анықтау, тиісті ұсыныстар әзірлеу;
республикада заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық және қоғамдық тәртіпті, мемлекеттік және еңбек тәртібін, ұлттық қауіпсіздікті, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды нығайту;
Қазақстан Республикасының Президентімен, Қазақстан Республикасының Вице-Президентімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Аппаратымен бірлесіп іс-қимыл жасау;
атқарушы өкімет пен басқарудың барлық органдарының қызметін үйлестіру, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті мен оның Төралқасы шешімдерінің жобаларын, әлеуметтік-экономикалық саясатты қалыптастыратын заң жобаларын, тұжырымдамаларды, болжамдарды тереңдете әзірлеу үшін олардан дер кезінде ақпарат алып тұру, осы жобаларды әзірлеу мен сараптауға қатысу;
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесімен, Жоғарғы Кеңес депутаттарымен және жергілікті жерлердегі өкілдік органдарымен бірлесіп іс-қимыл жасау;
мемлекеттің халықаралық қызметі мәселелері жөнінде ұсыныстар дайындау, Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық байланыстарын нақты жүзеге асыру шараларын әзірлеу, олардың орындалуын қадағалау;
республикада жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік өзгерістер туралы қоғамдық пікірді зерттеу, экономикадағы және қоғамдық өмірдегі келеңсіз құбылыстардың алдын алу және оларды жою;
заңдар мен басқа да актілерді жүзеге асыру тетігі жөнінде ұсыныстар әзірлеу, оларды қолдану дағдысын талдау; министрліктердің, мемлекеттік комитеттер мен ведомстволардың, басқа да ұйымдардың және жергілікті атқару органдарының Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің актілерін орындауына бақылау жасау;
республиканың Министрлер Кабинеті мен оның Төралқасының мәжілістерін, халықаралық кеңестер мен кездесулерді, Премьер-министр мен оның орынбасарлары өткізетін басқа да шараларды ұйымдастыру-техникалық жағынан дайындау және ақпаратпен қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті мәжілістерінің қаулыларын, хаттамаларын, Премьер-министрдің өкімдерін рәсімдеу, Үкімет шешімдерін тиісті министрліктерге, жергілікті әкімдерге, кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге жеткізу;
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетіп отыру;
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетіне түсетін хаттар мен арыздарды қарау, азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру, олардың жазбаша және ауызша өтініштеріндегі ұсыныстарды қорыту және негізделген шағымдар туғызатын себептерді жою жөнінде шаралар қолдану, министрліктердегі, мемлекеттік комитеттердегі, ведомстволар мен жергілікті басқару органдарындағы, кәсіпорындардағы, ұйымдар мен мекемелердегі хаттармен жұмыс жүргізудің жай-күйін тексеру;
қазақ, орыс және басқа ұлт тілдерінің қолданылу аясын кеңейтуге жағдай жасау;
республика Үкіметінің кадр саясаты және мемлекеттік басқару органдарының құрылымын жетілдіру мәселелеріндегі бағытын нақты іске асыру;
нарықтық қатынастардың дамуы жағдайына жұмыс істеу үшін кадрлар даярлау; Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті тағайындайтын лауазымдарға кадрлар резервін даярлау; республикалық басқару органдарының кадрларын есепке алуды ұйымдастыру, олардың құрамы мен алмасушылығын талдау;
Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетіне, оның құрылымдық бөлімшелеріне шаруашылық, қаржы және материалдық-техникалық қызмет көрсету.
2. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Іс Басқармасы бөлімдерден, басқа да құрылымдық бөлімшелерден және оған бағынысты ұйымдардан тұрады.
Іс Басқармасының құрылымы мен штатын Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті бекітеді.
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Іс Басқармасы заңды ұйым болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген қазақ және орыс тілдерінде атауы жазылған мөрі болады.
II. Іс Басқармасының басшылығы
3. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Іс Басқармасын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын Іс Басқарушы басқарады.
4. Іс Басқарушы Министрлер Кабинеті Төралқасының мүшесі болып табылады. Оның Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті тағайындайтын орынбасарлары болады. Орынбасарлар арасында міндеттерді Іс Басқарушы бөледі.
5. Іс Басқарушы:
Іс Басқармасының құрылымы мен штатын бекітеді;
Іс Басқарушының орынбасарларының міндеттерін белгілейді;
өзі немесе орынбасарлары арқылы бөлімдердің, басқа құрылымдық бөлімшелер мен бағынысты ұйымдардың жұмыстарын ұйымдастырып, бағыт беріп отырады;
Қазақстан Республикасын Министрлер Кабинетінің Жоғарғы Кеңеспен, Президент Аппаратымен, министрліктер мен ведомстволардың басшыларымен, жергілікті өкімет және басқару органдарымен тұрақты байланысты қамтамасыз етеді; қабылданған шешімдердің орындалуын қадағалау жұмыстарын үйлестіреді; Премьер-министрге қаулылардың, өкімдердің жобаларын және басқа материалдарды баяндап отырады;
Іс Басқармасы аппараттарындағы ішкі еңбек тәртібін белгілейді;
Іс Басқармасының кредиттерін бөледі;
Іс Басқармасының құрылымына кіретін лауазымдарға жауапты қызметкерлер, бағынысты бөлімшелердің бастықтарын тағайындау туралы ұсыныстар жасайды және техникалық қызметкерлерді тағайындайды;
емдеу-сауықтыру бірлестігінің қызметін, оның медициналық және санатория-сауықтыру мекемелеріне бақылау жасайды;
Іс Басқармасы бойынша жарлықтар мен нұсқаулар шығарады;
6. Іс Басқарушыға:
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің тапсыруы бойынша республиканың министрліктері мен ведомстволарына Үкіметтің қарауына ұсынылатын мәселелерді әзірлеу мен келісу жөнінде нұсқаулар беру;
министрліктерден, ведомстволардан, жергілікті әкімдерден, кәсіпорындардан, ұйымдар мен мекемелерден Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетіне қажетті материалдарды, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулыларын, Премьер-министрдің өкімдерін орындау жөнінде есеп талап ету;
материалдарды, сондай-ақ заңдардың жобаларын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулыларын және Премьер-министрдің өкімдерін белгіленген талаптарға және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қарауына енгізу тәртібіне сай келмеген жағдайда министрліктерге және ведомстволарға, жергілікті әкімдерге қайтару;
шаруашылық жағынан қамтамасыз ету мәселелері бойынша отандық және шет елдік ұйымдармен келісімдер (контрактылар) жасасу құқығы беріледі.
III. Іс Басқармасының бөлімдері
7. Іс басқармасының бөлімдері:
Министрлер Кабинетіне министрліктерден, мемлекеттік комитеттерден, ведомстволардан, жергілікті әкімдерден келіп түскен ұсыныстарды дер кезінде қарайды және оларды қолданылып жүрген заңдарға сәйкестендіре отырып Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімдерінің жобаларын жасайды;
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті шешімдерінің жобаларын және халық шаруашылығының тиісті салаларының жұмысын жақсарту мен дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің және оның Төралқасының мәжілістерінде, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі мен оның орынбасарлары өткізетін кеңестерде қаралуға тиісті мәселелер бойынша қажетті материалдар мен ұсыныстар әзірлейді;
министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің, ведомстволардың, кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің, жергілікті әкімдердің Қазақстан Республикасы Үкіметінің, оның Төралқасының шешімдерін, Премьер-министр мен оның орынбасарларының тапсырмаларын орындауын қадағалайды; ақпараттық және талдау сипатындағы құжаттарды әзірлейді;
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті мен оның Төралқасының, Премьер-министрдің, Премьер-министрдің орынбасарларының, сондай-ақ Іс Басқарушы мен оның орынбасарларының тапсырмаларын орындайды;
бөлімдерге келіп түскен хаттарды, өтініштер мен шағымдарды қарап, олар бойынша ұсыныстар енгізеді, азаматтарды қабылдайды;
Қазақстан Республикасы Заңдарының сақталуы мен сәйкес келтірілуін қамтамасыз етеді.
8. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Іс Басқармасының бөлімдері осы Ереженің және Іс Басқарушы бекітетін бөлімдер туралы ережелер негізінде жұмыс істейді.
9. Бөлімдердің, басқа құрылымдық бөлімшелердің басшылары Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі мен оның орынбасарларының тапсырмаларының дер кезінде және толық орындалуына, өз бөлімшелеріне жүктелген міндеттердің орындалуына жауап береді, қызметкерлер арасында міндеттерді бөледі, еңбекті ғылыми ұйымдастыруды және тиісті тәртіпті қамтамасыз етеді, сондай-ақ іс жүргізудің Іс Басқармасында қолданылып жүрген нұсқауларға сәйкес болуына жауап береді.
10. Іс Басқармасының жауапты қызметкерлеріне өз қызметтері аясында:
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті мен оның Төралқасының мәжілістеріне, республиканың министрліктері мен ведомстволары, жергілікті әкімдер өткізетін шараларға қатысу;
министрліктер мен ведомстволардың, жергілікті әкімшіліктер жанындағы аппараттардың қызметкерлерін, кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің өкілдерін Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Іс-әрекеті шеңберінде туындайтын мәселелерді қарауға қатыстыруға және олардан заңдардың, жарлықтармен үкімет шешімдерінің орындалуы, сондай-ақ азаматтардың хаттары мен өтініштерінің қаралуы туралы қажетті ақпараттар сұрату;
қойылатын талаптарға сай келмейтін нормативтік құжаттардың жобаларын қайтару жөнінде белгіленген тәртіппен басшылыққа ұсыныс жасау, басқа мемлекеттік басқару органдарының, жергілікті әкімдердің, кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің қарауына жататын материалдарды қайтару құқығы беріледі.
IV. Бағынысты кәсіпорындардың жұмысын
ұйымдастыру
Дербес балансы бар мынадай бағынысты кәсіпорындар Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті Іс Басқармасының қарамағында болады: өндірістік-пайдалану бірлестігі баспаханасымен қоса;
қонақ үй шаруашылығы бірлестігі "Алматы", "Жетісу", "Қазақстан" қонақ үйлері филиалдарымен қоса.
Аталған ұйымдардың қызметі олар туралы тиісті ережелерге сәйкес белгіленеді.