21. Тауарларға, жұмыстарға және көрсетiлетiн қызметтерге қойылатын техникалық талаптар қолданыстағы халықаралық және/немесе ұлттық стандарттарға, нормалар мен ережелерге негiзделуге тиiс.
22. Мемлекеттік орган мен мемлекеттік мекеме өткiзетiн тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурсқа қатысу үшiн ықтимал өнiм берушi ұсынатын конкурстық өтiнiмнiң қолданылу мерзiмi конкурстық өтiнiмдер ашылған күннен бастап кемiнде 45 күн, ал акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi мемлекеттік кәсiпорын мен акционерлік қоғам, сондай-ақ солармен аффилиирленген заңды тұлға өткiзгенде - кемiнде 35 күн болуға тиiс. Ықтимал өнiм берушi өзiнiң конкурстық өтінiмiнде оның қолданылу мерзiмiн көрсетуге тиiс.
Қолданылу мерзiмi конкурстық құжаттамада көрсетiлгендегiден неғұрлым қысқа конкурстық өтiнiм қабылданбайды.
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 23-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
23. Конкурстық өтiнiмдi ықтимал өнiм берушi тiгiлген түрде, нөмiрленген беттерiмен ұсынады және соңғы бетi оның қолымен, ал заңды тұлға үшiн - мөрiмен куәландырады. Егер ықтимал өнiм берушi конкурстық өтiнiмнiң бағасын конкурстық өтiнiмнен бөлек ұсынған жағдайда, бұл баға ұсынысын өзi қосымша растайды. Конкурсқа (лотқа) ықтимал өнiм берушi тек бiр баға ұсынады. Конкурстық өтiнiмнiң техникалық маманданымы (тiгiлген түрде, нөмiрленген беттерiмен, соңғы бетi қолымен, ал заңды тұлға үшiн - ықтимал өнiм берушiнiң мөрiмен расталған) және банктiк кепiлдеменiң түпнұсқасы конкурстық өтiнiмге бөлек тiркеледi. Бұл ретте егер техникалық ерекшелiк және/немесе банктiк кепiлдiк конкурстық өтiнiммен бiрге тiгiлсе, онда бұл осы конкурстық өтiнiмді қабылдамау үшiн негiздеме болып табылмайды.
24. Ықтимал өнiм берушi конкурстық құжаттамада қажеттілігіне қарай "Түпнұсқа" және "Көшiрме" деп көрсете отырып, конкурсты ұйымдастырушы көрсеткен конкурстық өтiнiм көшiрмелерiнiң қажет санын ұсынады. Олардың арасында алшақтық болған жағдайда түпнұсқаға басымдық берiледi.
Конкурстық өтiнiмнiң түпнұсқасы және барлық көшiрмелерi басылуға немесе өшпейтiн сиямен жазылуға және ықтимал өнiм берушi қол қоюға тиiс.
Конкурстық өтінiмде, ықтимал өнiм берушiнiң грамматикалық немесе арифметикалық қателердi түзетуi қажет болған жағдайларды қоспағанда, жол арасында ешқандай қосу, өшiру немесе қосып жазу болмауға тиiс.
25. Ықтимал өнiм берушi конкурстық өтiнiмнiң түпнұсқасы мен әрбiр көшiрмесiн әртүрлi конверттерге салып, мөрлейдi, оларға "Түпнұсқа" немесе "Көшiрме" деген белгi соғады. Бұл конверттерде ықтимал өнiм берушiнiң атауы мен мекен-жайы көрсетiлуге тиiс (Заңның 13-бабы 5-тармағының негiзiнде конкурстық өтiнiм ашылмай қайтарылған жағдайда). Бұдан кейiн конверттер сыртқы конвертке салынып, мөрленедi.
Iшкi және сыртқы конверттер:
1) конкурстық құжаттамада көрсетiлген мекен-жай бойынша конкурсты ұйымдастырушыға жiберiлуге;
2) "______________________ сатып алу жөніндегі конкурс" және
(конкурстың аты) "__________________________________________ дейiн
ашуға болмайды" (конверттердi ашудың конкурстық құжаттамада
көрсетiлген күнi мен уақыты) деген сөздер жазылуға тиiс.
Заңның 13-бабының 4-тармағында көзделген конкурстық өтінiмдi өзгертудi ықтимал өнiм берушi дайындауға, мөрленуге және ол конкурстық өтiнiмде ұсынылуға тиiс.
Керi қайтарып алу туралы хабарламаны ықтимал өнiм берушi жазбаша нысанда, бiрақ конкурстық өтiнiмдердi ұсынудың түпкiлiктi мерзiмiнен кешiктiрмей жiберуге тиiс.
Конкурстық өтiнiмдердi ұсынудың түпкiлiктi мерзiмi өткеннен кейiн конкурстық өтiнiмдерге ешбiр өзгерiс енгiзiлмеуге тиiс.
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 26-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
26. Ықтимал өнiм берушiнiң конверттердi ашуға қатысуға уәкiлеттi өкiлге берген сенiмхаты оны осы өкiл конверттердi ашу (ашылу) кезiнде (алдында) ұсынады. Ол болмаған жағдайда ықтимал өнiм берушiнiң өкiлi конверттердi ашу рәсiмiне жiберiлмейдi, ал конкурстық өтiнiм ашылады.
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 27-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
27. Конкурстық комиссия конкурстық өтiнiмдермен қоса ұсынылған конверттердiң түпнұсқалары мен көшiрмелерiн конкурстық құжаттамада белгiленген орында және уақытта ашады. Егер конкурсқа (лотқа) бiр конкурстық өтiнiм берiлген жағдайда, бұл конкурстық өтiнiм де ашылады. Конверттердi ашудың тiкелей алдында конкурстық комиссия ықтимал өнiм берушiге конкурстық өтiнiмнiң бiр бөлiгi ретiнде қосымша конверттер енгізуге құқық бередi, оларда сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бағасы көрсетiледi. Қосымша конверттер ұсынуды конкурстық комиссияның хатшысы тiркеу журналында тiркейдi. Осы рәсiмнен кейiн қандай да бiр қосымша конверттер қабылданбайды.
Конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу рәсiмi бойынша конкурстық комиссияның хатшысы осы Ережеге 7-қосымшаға сәйкес нысан мен мазмұны бойынша ашу жөніндегі хаттамасын жасайды, оған конкурстық комиссияның төрағасы, оның орынбасары, конкурстық комиссияның мүшелерi және хатшысы қол қояды.
Екi кезеңдi рәсiмдердi пайдалана отырып, конкурс өткiзiлген кезде конкурстық комиссия конкурстың әрбiр кезеңiне конверттердi ашу және конкурстың қорытындылары туралы хаттамалар жасайды.
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 28-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
28. Ықтимал өнiм берушi және оның аффилиирленген тұлғасы ашық конкурсқа (лотқа) қатысқан жағдайда конкурстық комиссия Заңның 7-бабының 3-тармағын iске асыру мақсатында конкурстың кез келген кезеңiнде мұндай тұлғалардың конкурстық өтiнiмдерiн қабылдамай тастайды.
Осы фактi конверттердi ашу және/немесе конкурстың қорытындысы туралы хаттамаларда көрiнiс табуға тиiс.
Егер осы конкурсқа (лотқа) қатысқан ықтимал өнiм берушiлердiң аффилиирленуi мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшiне енгеннен кейiн белгiленген жағдайда, тапсырысшы аффилиирленудi белгiлеу күнiнен бастап 10 күнтiзбелiк күнге дейiнгi мерзiмде осы шартты бұзуға бастамашылық етедi және бұл туралы уәкiлеттi органға хабарлайды.
29. Конкурстық комиссия ықтимал өнiм берушiлердің қойылған біліктілік талаптарға сай келетiн конкурстық өтiнiмдерiн бағалайды және салыстырады.
Егер конкурсқа (лотқа) қатысуға біліктілік талаптарына сай келетiн екеуден кем ықтимал өнiм берушi конкурстық өтiнiмдер берген жағдайда, конкурстық комиссия конкурс өтпедi деп таниды.
Конкурстық комиссия, сондай-ақ егер біліктілік талаптарына сай келетiн барлық конкурстық өтiнiмдер Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келмейтiндер ретiнде қабылданбаса, конкурс тұтастай немесе белгiлi бiр лот бойынша өтпедi деп таниды.
Конкурстық комиссия, сондай-ақ егер біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келетiн ықтимал өнiм берушiлер ұсынған барлық бағалар, осы сатып алуға көзделген сомадан асып кетсе, конкурс тұтастай немесе белгiлi бiр лот бойынша өтпедi деп таниды.
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 30-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
30. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысушы ықтимал өнiм берушiнiң жұмыс тәжiрибесiнiң болуы мәселесiн қарау кезiнде конкурстық комиссия осы конкурс нәтижесiнде сатып алынатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi беру, орындау және көрсету рыногындағы жұмыс тәжiрибесiн ғана қарайды. Бұл ретте конкурстық комиссия конкурстық өтiнiмнiң бағасын ықтимал өнiм берушiнiң сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер рыногындағы жұмыс тәжiрибесiнiң болуына қарай бiр жылдан бастап әрбiр екі жыл үшiн бip процентке шартты түрде азайтады, бiрақ он проценттен аспайды. Бiр жылға дейiн жұмыс тәжiрибесi болған немесе ол болмаған жағдайда мұндай процент белгiленбейдi.
Сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер рыногындағы жұмыс тәжiрибесiне ие болу қажеттiгi туралы талап шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне қолданылмайды, оларды қолдау Заңның 27-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 31-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
31. Конкурстық комиссия қабылданған конкурстық өтiнiмдердi бағалау мен салыстыру кезiнде конкурстық өтінiмнiң бағасынан басқа конкурстық құжаттамада ескертiлген және барлық конкурстық өтiнiмдерге бiрдей мөлшерде қолданылатын Заңның 16-бабы 6-тармағының 2) - 8) тармақшаларында немесе 7-тармағының 2) және 3) тармақшаларында тiзбеленген өлшемдердi ескередi, осы Ереженiң 30, 32, 33, 35 және 36-тармақтарында көрсетiлген элементтердiң конкурстық өтiнiм бағасына белгiлi бiр процент негiзiнде ықпалын белгiлейдi және конкурстық өтiнiмдердiң шартты бағаларын салыстыру жолымен жеңiмпазды анықтайды.
Заңның 16-бабы 6-тармағының 2) - 4), 6), 7) тармақшаларында немесе 7-тармағының 2), 3) тармақшаларында тiзбеленген өлшемдердiң конкурстық өтiнiмнiң бағасына жиынтық проценттiк ықпалы 15 проценттен аспауға тиiс.
Отандық тауар өндiрушілер болып табылатын ықтимал өнiм берушінің конкурстық өтiнiмiнiң бағасына Заңның 16-бабы 6-тармағының 2)-4), 6), 7), 9) тармақшаларында немесе 7-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларында санамаланған өлшемдердiң жиынтық проценттік әсерi 35 проценттен аспауы тиiс.
32. Ықтимал өнiм берушi өзiнiң конкурстық өтiнiмiнде тауарға байланысты пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге жұмсалған шығыстарды (пайдалану шығыстарын) конкурстық құжаттамада көрсетiлген мерзiм iшiнде көрсетуi және оларды есептеулермен растауы қажет. Конкурстық комиссия конкурстық өтiнiмдi пайдалану шығыстарының ең төменгi құнымен айқындайды және басқа конкурстық өтiнiмдердiң бағасына осындай проценттi шартты түрде қосады, оларда әрбiр конкурстық өтiнiмдi пайдалану шығыстарының құны пайдалану шығыстарының ұсынылған ең төменгi құнынан асып кетедi.
33. Егер конкурстық құжаттамада конкурстық өтiнiмдердi ықтимал өнiм берушiнiң тауар берудiң (жұмыстарды аяқтаудың, көрсетiлетiн қызметтердi ұсынудың) конкурстық құжаттамада көрсетiлген мерзiмдермен салыстырғанда неғұрлым кеш мерзiмiмен беру мүмкiндiгi көзделген болса, онда конкурстық комиссия конкурстық өтiнiм құнының белгілi бiр процентi негiзiнде тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетiлетiн қызметтердi берудiң, аяқтаудың немесе ұсынудың талап етiлген мерзiмiмен салыстырғанда кiдiрткен әрбiр апта үшiн бұл проценттi ақшалай мәнде көрсетуге және бұл проценттi берiлу (жұмыстарды аяқтау, көрсетiлетiн қызметтердi ұсыну) мерзiмi неғұрлым кеш конкурстық өтiнiм бағасына шартты түрде қосуға құқылы. Осы рәсiм тауарлар берудiң (жұмыстарды аяқтаудың, көрсетiлетiн қызметтердi ұсынудың) неғұрлым кеш мерзiмдерiн көздейтiн әрбiр конкурстық өтiнiмге қолданылады. Тауарларды (жұмыстарды аяқтауды, көрсетiлетiн қызметтердi ұсынуды) мерзiмiнен бұрын жеткiзгенi үшiн бағаны шартты түрде төмендету көзделмейдi.
34. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада төлемнiң талап етiлетiн шартын мәлiмдеуге тиiс және конкурстық өтiнiмдер төлемнiң осы шартының негiзiнде бағалануға тиiс. Сонымен бiрге, ықтимал өнiм берушi төлемнiң балама шартын немесе басқа шарттарды және сонымен байланысты нақты баға шегерiмдерiн ұсына алады. Конкурстық комиссия ықтимал өнiм берушi көрсеткен тапсырысшы үшiн қолайлы шартты қарайды, ықтимал өнiм берушiнiң конкурстық өтiнiм бағасын ұсынылған шегерiм сомасына азайтады. Бұл жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шарт конкурс жеңiмпазымен оның конкурс өтiнiміндегі баға сомасына, ол ұсынған шегерiмдi шығарып тастап және ол ұсынған шартпен жасалады.
35. Ықтимал өнiм берушi, берiлетiн тауарлар мен ұсынылатын қызметтердiң конкурстық құжаттамалардың техникалық талаптарына сәйкестiгiн қамтамасыз ете отырып, ұсынылатын тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң пайдалану сипаттамасына кепiлдiк беретiн кезеңдi көрсетедi. Конкурстық комиссия, егер конкурстық өтiнiмде ұсынылған кепiлдiк кезеңi конкурстық құжаттамада мәлiмделген базалық кезеңнен аз болса, конкурстық өтiнiмнiң бағасына әрбiр жыл үшiн белгiлi бiр проценттi шартты түрде қосады немесе егер кепiлдiк кезеңi базалық кезеңнен көп болса, шартты түрде алып тастайды.
36. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмдердiң шартты бағасына әсер ететiн проценттердiң белгiлi бiр мәнiн сатып алынатын тауарлардың функционалдық, техникалық және сапалық сипаттамалары бойынша, сондай-ақ неғұрлым жоғары экономикалық тиiмдiлiктi қамтамасыз ететiн тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi бағалаудың басқа да өлшемдерi бойынша белгiлейдi.
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 37-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
37. Конкурстық комиссия ұтқан конкурстық өтiнiмдi анықтаған кезде отандық тауар өндiрушiлер болып табылатын ықтимал өнiм берушiлердiң конкурстық өтiнiмдерiнiң бағасын конкурстық құжаттамада көрсетiлген белгiлi бiр процентке кемiтедi, сондай-ақ шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi мен мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiк ұйымдары беретiн және көрсететiн конкурстық құжаттамада көзделген тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң көлемiн ескередi.
Отандық тауар өндiруші - Қазақ Республикасының резидентi болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға (қолдануға) дайын тауар өндiретiн, жергiлiктi еңбек ресурстарының кемiнде 85 процентiн пайдаланатын заңды немесе жеке тұлға.
Осы конкурстың нәтижесiнде сатып алынатын отандық тауарлар өндiрушiнiң конкурстық өтiнiмiнiң бағасы шартты түрде 20 процентке азайтылады.
38. Конкурстық комиссия конкурстық құжаттамада көрсетiлген өлшемдердi ескере отырып анықталатын, неғұрлым аз жиынтық шартты бағамен ұтқан конкурстық өтiнiмдi дауыс беру жолымен анықтайды. Екi немесе бiрнеше конкурстық өтiнiмдердiң жиынтық шартты бағалары тең болған жағдайда тауарлар берудiң, жұмыстар орындаудың, қызметтер көрсетудiң неғұрлым жақсы шарттарын ұсынатын конкурстық өтiнiмге басымдық берiледi.
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 39-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
39. Жеткiлiктi бәсекелестiк орта болған кезде конкурстың қорытындысын шығарған кезде конкурстық комиссия конкурс жеңiмпазынан басқа, ұсыныстары неғұрлым басымдыққа ие болған екi ықтимал өнiм берушiге дейiн белгiлейдi.
Егер конкурс жеңiмпазы деп танылған ықтимал өнiм берушi мемлекеттік сатып алу туралы шартқа белгiленген мерзiмдерде қол қоймаса, тапсырысшы конкурс жеңiмпазының ұсынысынан кейiн ұсынысы неғұрлым басымдыққа ие болып табылатын конкурсқа басқа қатысушымен шарт жасасуға құқылы. Бұл жағдайда тапсырысшы конкурс жеңiмпазымен шартқа қол қою мерзiмi өткен сәттен бастап үш күн iшiнде конкурстық өтiнiмi неғұрлым басымдыққа ие деп танылған ықтимал өнiм берушiге оны өнiм берушi деп тану туралы хабарламаны және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын жiбередi.
Конкурстық өтiнiмi неғұрлым басымдыққа ие деп танылған ықтимал өнiм берушi, ол туралы хабарламаны және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын алған күннен бастап үш күннiң iшiнде шартқа қол қоюға немесе орын алған келiспеушiлiктер туралы немесе шартқа қол қоюдан бас тартатыны туралы тапсырысшыға жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
Егер конкурстық өтiнiмдердiң қолданыстағы мерзiмдерi өтiп кетсе және мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалмаса немесе ол бұзылса, онда тапсырысшы қайтадан ашық конкурс жариялайды немесе сатып алуды уәкiлеттi органмен келiсе отырып, Заңға сәйкес басқа тәсiлмен жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 40-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
40. Конкурс қорытындысы туралы хаттама нысаны мен мазмұны бойынша осы Ережеге 8-қосымшаға сәйкес жасалады және оған конкурстық комиссияның төрағасы, оның орынбасары, конкурстық комиссияның мүшелерi мен хатшысы қол қояды. Күрделi техникалық сипаттамалары мен ерекшелiктерi бар жабдықтарды мемлекеттік сатып алу, құрылыс мерзiмi алты айдан асатын күрделi объектiлердi салу жөніндегі жұмыстарды сатып алу жүргiзiлген кезде конкурс қорытындыларын шығару мерзiмдерi отыз күнтiзбелiк күнге дейiн ұзартылуы мүмкiн.
Конкурстың қорытындылары туралы хаттамада осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi әрбiр лот бойынша сатып алу үшiн бөлiнген сома көрсетiлуге тиiс.
Уәкiлеттi орган белгiленген тәртiппен осы конкурстың қорытындыларын қайта қарау туралы шешiм қабылдаған жағдайларды қоспағанда, конкурстың қорытындылары туралы хаттамаға өзгерістер енгізуге жол берiлмейдi.
§ 4. Сатып алуды өзге тәсiлдермен жүзеге асыру тәртібі
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 41-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
41. Баға ұсыныстарына сұрау салуды пайдалана отырып өнiм берушiнi таңдау тәсiлiмен тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде тапсырысшы ықтимал өнiм берушiден сатып алынатын тауарларға, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтерге жазбаша баға ұсыныстарын ауызша немесе жазбаша сұратады. Мұндай сұрау салу бағаға тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң өз құнынан басқа, тасымалдауға, сақтандыруға жұмсалатын шығыстарды, кеден баждары мен салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер төлеудi, сондай-ақ ықтимал өнiм берушi өзi ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң бағасына енгiзетiн өзге де шығыстарды енгізу туралы ақпаратты қамти алады.
Егер ықтимал өнiм берушілер Қазақстан Республикасының резидентi емес болып табылса, баға ұсынысы осы баға ұсынысы берiлген күнгi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген бағам бойынша шетел валютасымен көрсетілуі мүмкін.
Әрбiр ықтимал өнiм берушi жазбаша түрде ресiмделуi тиiс бiр ғана баға ұсынысын бередi (ақы төлеуге арналған шот, прайс-парақ). Жеке тұлғалардың баға ұсынысы жеке куәлiгiнiң нөмiрiн және егер ол болса банктiк деректемелерiн көрсете отырып, тапсырысшы басшысының атына өтiнiш түрiнде ресiмделедi. Сондай-ақ өтiнiшке салық төлеушiнiң куәлiгi мен әлеуметтiк жеке кодының көшiрмесi қоса тiркеледi.
Егер сатып алынатын тауарларды (жұмыстарды/көрсетiлетiн қызметтердi) сатуға және беруге (орындауға/көрсетуге) арналған қызмет мiндеттi түрде лицензиялануға тиiс болған жағдайда, тапсырысшы осындай лицензияның нотариатпен куәландырылған көшiрмесiн сұратады.
Тапсырысшы тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алған кезде ұсынылған шотқа сәйкес ақы төлейдi, ал Қазақстан Республикасының тиiстi қаржы жылына арналған заңнамасында белгiленген бiр жүз айлық есептік көрсеткiштен астам сомаға - тапсырысшының қажеттілігiн қанағаттандыратын ең төмен баға ұсынған ықтимал өнiм берушiмен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасады.
42. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкiлеттi органға сатып алу тәсiлiн келiсу үшiн заңнамада белгiленген жағдайларда тапсырысшы ғана жүгiнедi.
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 42-1-тармақпен толықтырылды
42-1. Жабық конкурс тәсілiн келiскен кезде тапсырысшы уәкiлеттi органға мұндай таңдауға негіздемемен жабық конкурсқа қатысуға шақырылатын ықтимал өнiм берушiлердiң тiзбесiн жiбередi.
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 42-2-тармақпен толықтырылды
42-2. Конкурсты ұйымдастырушы жабық конкурстың қорытындыларын өткiзген күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде барлық қатысқан ықтимал өнiм берушiлерге оның атауын, жеңiмпазды және мекен-жайын, конкурстың жеңiмпазы ұсынған тауардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң атауы мен бiрлiк бағасын көрсете отырып, конкурстың нәтижелерi туралы хабарлама жiберу жолымен хабарлайды. Жабық конкурстың қорытындылары туралы хабарлама осы Ережеге 13-қосымшаға сәйкес жасалады.
43. Мемлекеттік сатып алуды Заңда көзделген жағдайларда және шартпен бiр көзден сатып алу тәсiлiмен жүзеге асырған кезде конкурстық комиссия осы Ережеге 9-қосымшаға сәйкес нысан мен мазмұн бойынша бiр көзден сатып алу хаттамасын жасайды.
44. Ашық тауарлық биржалар арқылы мемлекеттік сатып алулар Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
§ 5. Құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарды
сатып алудың салалық ерекшелiктерi
45. Өндiрiстiк және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды салуға, қайта жаңартуға, техникалық қайта жарақтандыруға және күрделi жөндеуге арналған мердiгерлiк жұмыстарды, сондай-ақ өзге де көлемдi, жазықтағы немесе желiлiк объектiлердi мемлекеттік сатып алу кезiнде конкурсты ұйымдастырушы, сатып алудың нақты шарттарын ескере отырып, жекелеген конкурстарды өткізудiң мынадай сабақтастығын:
1) жобалау алдындағы және/немесе жобалау-сметалық құжаттаманы әзiрлеудi;
2) құрылысты (соның iшiнде, қажет кезiнде, жабдықтарды беру және монтаждау, сондай-ақ iске қосу-жөндеу жұмыстары және жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес басқа жұмыстар) белгiлейдi.
ҚР Үкіметінің 06.05.04 ж. № 508 қаулысымен 46-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
46. Жобалау алдындағы және/немесе жобалау-сметалық құжаттаманы әзiрлеуге арналған конкурстарға конкурстық құжаттама жасаған кезде конкурсты ұйымдастырушы Заңның 12-бабының 1-тармағында санамаланған ақпараттан басқа:
1) құрылыс алаңының, географиялық, инженерлiк-геологиялық және басқа айрықша табиғи жағдайлардың қысқаша сипатталуын, инфрақұрылым мен коммуникациялардың болуын, жергiлiктi ресурстардың, стандарттар жүйесiнiң және техникалық нормативтердiң, техникалық құжаттаманы әзiрлеудiң ресми тілінiң сипатталуын;
2) объектiнiң толық құрамын, аумақты инженерлiк әзiрлеу, өндiрiс технологиясы және жабдықтау, инженерлiк қамтамасыз ету, пайдаланылатын материалдар мен құрастырмалар, объектiнi жарақтандыру және басқа қажеттi ақпарат бойынша талаптарды;
3) конкурстық құжаттаманың техникалық тапсырмасымен көзделген бiрақ жобалау алдындағы және/немесе жобалау-сметалық құжаттаманың қателiктерiне (жете жасалмағандығына) байланысты туындаған жұмыстардың көлемi ұлғайған жағдайда, ықтимал өнiм берушiнiң осы жұмыстарды өзiнiң есебiнен төлеу мiндеттемесiн көздейдi.
ҚР Үкіметінің 2005.29.11. № 1173 қаулысымен 47-тармақ өзгертілді
47. Құрылыс және құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша конкурстарға конкурстық құжаттаманың құрамында конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттік сараптамадан өткен және белгіленген тәртiппен бекітілген, базалық бағаларға есептелген сметалық есептеулердi көздейтiн жобалау-сметалық құжаттаманың қажеттi бөлiмдерiн немесе көлемi жөнiнен қысқа жобалық материалдарды (жоба бөлiмдерi - түсiндiрме жазба, бас жоспар және көлiк, сәулет-құрылыс және технологиялық бөлiк, инженерлiк қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, техникалық-экономикалық бөлiк, құрылысты ұйымдастыру және басқа) бередi.
Құрылыс мерзімі бip жылдан асатын автомобиль жолдарын салу және қайта жаңарту жөніндегі конкурстарға арналған конкурстық құжаттаманың құрамында конкурсты ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мердігерге мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалу мерзімі ішінде, егер материалдардың, жұмыс күшінің және жанар-жағар май материалдарының құны сметадан кемінде он пайызға асып кетсе, сметаны қайта қарау жолымен осы құнның өсуіне байланысты шығындарды өтеуді қарастыруға құқылы.
Автомобиль жолдарын салу және қайта жаңарту жөніндегі конкурста жеңіп шыққан беруші жыл сайын мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан сәттен бастап азаматтық заңнамаға сәйкес тапсырыс берушіге белгіленген нысанда өтінім беруге құқылы, онда материалдардың, жұмыс күшінің және жанар-жағар май материалдарының өскен құнын көрсетуі тиіс.
Көрсетілген өтінімді қарау қорытындылары бойынша конкурста жеңіп шыққан беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын жобалау-сметалық құжаттамаға және техникалық-экономикалық негіздемеге заңнамада белгіленген тәртіппен қайта сараптауға жататын тиісті өзгерістер енгізеді.
Техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттаманы сараптаудың оң қорытындысына сәйкес бюджет қаражатын қосымша бөлу мәселелері заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.
48. Жобалау-сметалық құжаттама объектiнi салу шартының "кiлтпен қоса тапсыру" талабына есептелген жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы әзiрлеген кезде құрылыстың "кiлтпен қоса тапсыру" талабын көздей алады, бұл ретте мердiгер құрылысты салу және оны қамтамасыз ету жөніндегі барлық мiндеттердi өз мойнына алады және ол тапсырысшыға объектiнi пайдалануға дайын күйiнде өткізуге тиiс. Бұл орайда, егер объектiнi салу созылмалы сипатқа ие болса, конкурстық құжаттамада құрылысты салу кезеңдерi және/немесе жұмыстарды орындау кестесi көрсетiледi.