2006 ж. 20 ақпандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылған 8- баптын редакциясы
8-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асырудың ерекшеліктері
1. Сақтандыру ұйымы ретінде тіркелген заңды тұлға тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензия алғанға дейін, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорын құру және оның қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңында айқындалған тәртіппен аталған қордың қатысушысы болуға міндетті.
2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушы өзінің қаржылық есебін Қазақстан Республикасының барлық аумағына таратылатын кемінде екі мерзімді баспасөз басылымында мемлекеттік тілде және орыс тілінде тоқсан сайын жариялауға міндетті.
3. Бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, бір сақтандырушыларға басқалар алдында тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі негізсіз артықшылықтар беруге немесе оларды алуына, сақтанушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасауға бағытталған қызметке жол берілмейді.
4. Мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алулар туралы заңдарына сәйкес тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша көрсететін сақтандыру қызметін алуға міндетті.
5. Сақтандырушылар тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру тәуекелдері, сақтандыру жағдайлары және сақтандыру төлемдері бойынша деректердің ақпараттық базасын қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыратын ұйымды құруға қатысуға құқылы.