Теңгенің айырбас бағамының серпіні сыртқы жағдайлармен де, Ұлттық Банктің бағамды ішкі валюта рыногына шетел валютасының ағынына байланысты қалыпты өзгеруін қамтамасыз ете отырып, теңге бағамының күрт ауытқуларын болдырмауға бағытталған саясатымен де айқындалатын болады.
Алдыңғы жылдардағыдай, бұл жылдары да өнеркәсіпті дамыту негізінен басты екі стратегиялық құжатта: Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 16 мамырдағы № 1095 Жарлығымен бекітілген Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасында және Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы № 1096 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясында (бұдан әрі - Стратегия) айқындалатын болады.
Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2003 жылға қатынасы бойынша 2005 жылы мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемін 2,7-3 есе ұлғайту ұйғарылып отыр.
Мұнай-газ секторын тұрақты дамыту Қазақстандағы экономикалық өсуді қамтамасыз етудің кепілі болып табылады.
Экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін Стратегияның екінші кезеңін іске асыру жалғасатын болады. Экономиканың басым салаларында кластерлік бастамаларды дамыту үшін негіз құру бұл кезеңнің негізгі қорытындысы болады.
Экономиканың басым секторларында пилоттық кластерлерді жасау мен дамыту жөніндегі жоспарларды бекіту бұл міндетті шешудегі бірінші қадам болды және бұл перспективада экспортқа бағдарланған жаңа өндірістер құруға мүмкіндік береді. Аталған Жоспарға жеті пилоттық кластерлер енгізілді: туризм, құрылыс материалдары, тоқыма өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі, металлургия, мұнай-газ машиналарын жасау, көліктік логистика. Қабылданған шаралар кейінгі жылдары экономиканың осы салаларына кластерлік ұстанымды кең ауқымда енгізу үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Кластерлік бастамаларды дамытуға бағытталған жекелеген басым инвестициялық жобалар, сондай-ақ инновациялық сипаты бар жобалар даму институттары арқылы қаржыландырылатын болады.
Қаржы даму институттарының инвестициялық жобаларының портфелі қаржыландыруда даму институттарының 530 млн. AҚШ долл. астам қатысу үлесі бар жалпы сомасы 1776 млн. астам АҚШ долл. қаржыландыру үшін мақұлданған 96 инвестициялық жобалардан тұрады.
Қазақстанның инвестициялық қоры үш жоба бойынша - құны 269,15 млн. АҚШ долл. табақ шыны, құны 80 млн. АҚШ долл. электрмен пісіру тік жікті құбырлар және Қарағандыда құны 269 млн. АҚШ долл. сортпрокат өндірісінің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді бастады. Өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған, перспективалы жобалар болып табылатын құны 150 млн. АҚШ долл. Шар-Өскемен темір жол желісін салу жөніндегі жобалау жұмыстары жүргізілуде.
2005 жылы даму институттарының 21,5 млн. АҚШ долл. қатысу үлесімен қаржыландыру үшін 525,2 млн. АҚШ долл. сомасында 29 жоба мақұлданды.
"Инжиниринг және технологиялардың трансферті орталығы" АҚ қатысуымен 2004-2005 жылдары Қарағанды, Орал және Алматы қалаларында жарғылық капиталдарының жалпы сомасы миллиард теңгеден асатын үш өңірлік технопарк құрылды.
Технопарктер қызметінің негізгі мақсаты отандық ғылыми-техникалық әзірлемелерді және перспективалы шетелдік технологиялар трансфертін енгізудің тиімді тетігін жасау арқылы экономиканың нақты секторының технологиялық дамуына жәрдемдесу.
Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2005 жылғы 25 сәуірдегі № 387 қаулысымен Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесін қалыптастыру және дамыту жөніндегі 2005-2015 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.
Бағдарлама мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен конкурстық негізде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық гранттық қаржыландыру жүйесін енгізуді көздейді.
Республикада инвестициялық преференциялар беру 2003 жылғы 8 қаңтарда қабылданған "Инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. 2005 жылғы мамырда "Кейбір заңнамалық актілерге инвестициялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Онда бірқатар басымдықтарға ие инвестициялар беруді мемлекеттік қолдау шараларының жаңа тетігі қаланған. Олар:
- отандық, сол сияқты шетелдік инвесторларды тең деңгейде қолдау және ынталандыру;
- инвестициялық преференциялар беруге арналған өтінімдерді қарау мерзімдері едәуір қысқартылған (отыз жұмыс күніне дейін);
- оларды беру тәртібі және инвесторларға инвестициялық жобаны іске асыру үшін әкелінетін жабдықтар мен оған құрамдауыштардың импорты кезінде кедендік баждарды төлеуден босату тетігі оңайлатылды;
- 10 жылға дейін корпорациялық салықтан босату түрінде салық преференциясының әрекет ету мерзімі Салық кодексіне сәйкес келтірілген;
- келісім-шарт бойынша инвесторлардың инвестициялық міндеттемелерді орындау мониторингінің барынша ашық және нақты рәсімдері белгіленді;
- мемлекеттік заттай гранттар беру схемасы өзгертілді.
"Инвестициялар туралы" Заң инвестициялар көлемінің төменгі шегін белгілемейді, ол қызметтің басым түрлерінде инвестицияны жүзеге асыратын шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қоса алғанда, оны қолдану аясын кеңейтеді.
Мемлекеттік мүлікті басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында активтерді басқару жөніндегі бірқатар мемлекеттік функцияларды рыноктық ортаға беру арқылы мемлекеттік меншіктің құрылымын оңтайландыру жүргізіледі.
2006-2008 жылдары әлемдік рынокта мұнайға қолайлы баға конъюнктурасының сақталуы экономика өсуінің негізгі факторларының бірі болады.
Тауарлар мен инвестициялық ресурстарға ішкі сұраныстың кеңеюі инвестициялық ресурстардың импортын едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді.
3. Қазақстан Республикасын дамытудың 2006-2008 жылдарға
арналған мақсаттары, міндеттері және басымдықтары
§ 1. Стратегиялық міндеттерді шешу саласында
2000 жылмен салыстырғанда 2008 жылы ЖІӨ-ні екі еселеу Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында" Жолдауына сәйкес экономикалық саясат саласындағы Үкіметтің басты стратегиялық міндеті болып табылады. Бұл міндетті шешу үшін орташа 8,5%-ға жыл сайын экономиканың өсуін қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Азаматтардың өмір сүруінің жоғары стандарттарын жасау орта мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады, бұл Қазақстанның әлемнің тиімді дамушы елдерінің қатарына кіруін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін 2010 жылға қарай жан басына шаққанда 5000 АҚШ долларынан асатын, ал 2015 жылға қарай 9000 АҚШ доллары деңгейіне дейінгі ЖІӨ-ге қол жеткізу қажет.
1-сурет. ЖІӨ-ні еселеу жөніндегі кесте
Рис.1 График по удвоению ВВП
Көзі: Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі
§ 2. Орта мерзімді міндеттерді шешу саласында
2006-2008 жылдары әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттары Президенттің "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан халқына Жолдауында, стратегиялық жоспарларда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Бағдарламасында, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес болады.
Инновациялық экономика құру және экономиканың шикізаттық емес секторын дамыту жөніндегі белсенді жұмыс экономиканың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға ықпал етуі тиіс.
Жоспарланып отырған кезеңде бәсекеге қабілетті экономика негіздерін құру үшін мынадай міндеттерді шешу ұйғарылып отыр:
2006-2008 жылдары ЖІӨ-нің орта есеппен 8,5%-ға орташа жылдық өсу қарқынын қамтамасыз ету;
инфляцияның орташа жылдық деңгейін 5-7%-дық межеде қамтамасыз ету;
сақтандыру жүйесін дамыту;
кәсіпкерлік ортаның бастамаларын іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау;
металлургия, тоқыма салаларында, тамақ өнеркәсібінде, мұнай-газ машина жасауда, құрылыс индустриясында, туризмде, көлік-логистикалық қызметтерде пилоттық кластерлерді құру және дамыту;
ауыл шаруашылығы шикізатын өндіру және өңдеу саласында кластерлік бастамаларды іске асыру арқылы аграрлық өндірісті индустрияландыру;
ауылдық аумақтардың әлеуметтік проблемаларын шешу және ауыл халқы мен қала халқының арасындағы өмір сүру деңгейінің алшақтығын азайту;
ғылымды қажетсінетін өндірістерді және ғарыш қызметін дамыту;
болашақтың жоғары технологиялы және ғылымды қажетсінетін өндірістері үшін кадрлық әлеуетті қалыптастыру;
халықтың әлеуметтік қорғалмаған жіктерінің өмірін лайықты қамтамасыз ету;
тұрғын үй проблемасын жеделдете шешу;
белсенді, жан-жақты және теңестірілген сыртқы экономикалық саясатты жүргізу;
Алматы қаласында өңірлік қаржы орталығын құру тұжырымдамасын одан әрі іске асыру.
Әлеуметтік-экономикалық дамудың 2006-2008 жылдарға арналған басымдықтары болып мыналар айқындалды:
ел экономикасының Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын одан әрі іске асыру, жеке сектормен ынтымақтастықты тереңдету;
ғылымды, білім беруді және халықтың кәсіби біліктілігін дамытудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру;
тұрғын үй құрылысын дамыту;
денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру;
шағын кәсіпкерлікті дамытуды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені;
халықты зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыруды одан әрі арттыру;
қоршаған ортаның ластану деңгейін қысқарту;
мемлекеттің астанасы Астана қаласын дамыту.
4. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету
§ 1. Макроэкономикалық саясат және 2006-2008
жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы
Қазіргі уақытта экономиканың "қызып кету" болдырмау проблемасы елдің тұрақты макроэкономикалық дамуын қолдау бөлігінде ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Соңғы уақыттарда Қазақстанның экономикасында белгілі бір үрдістер бар, олардың дамуы орта мерзімді перспективада экономиканың "қызып кетуіне" әкелуі мүмкін.
Қазақстанның экономикасы жоғары қарқынмен өсуде. 2000 жылдан бастап ЖІӨ өсуінің орташа қарқыны 10,3%-ды құрады. Алайда, экономикалық өсу ең бастысы әсер етуі күшейіп бара жатқан шикізат секторының дамуына байланысты.
Инвестициялардың құрылымы олардың басым бөлігінің экономиканың шикізат және сатылмайтын салаларына бағытталатынын көрсетті. Елдің жалпы экспортындағы мұнай мен газ конденсаты экспортының үлесі ұлғаюда.
2005 жылғы бірінші жарты жылда өткен жылмен салыстырғанда кейбір инфляциялық процестердің күшеюі байқалады. Бұл экономика "қызып кетуінің" басталуының басты белгілерінің бірі болып табылады.
Ағымдағы жылғы жарты жылдың қорытындылары бойынша қаңтар-маусымда инфляцияның деңгейі 3,5% құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,1 пайыздық пункт жоғары. Ал жылдық мәнде 2005 жылғы қаңтар-маусымда инфляция деңгейі өткен жылғы осы кезеңіне қарағанда орташа 7,3% құрады (2004 жылы 6,9).
Инфляцияға монетарлық факторлардың үлкен әсер етуі жалғасуда. Соңғы жылдары экономикаға қысым жасай отырып, ақша массасы жоғарғы қарқынмен өсуде. Ақша ұсынысы экономиканың өсуі қарқынынан едәуір оза отырып, қарқынды өсуін жалғастыруда.
Сыртқы рынокта қарыз алушылар ретінде банктердің белсенді қатысуы банк секторының экономиканы кредиттеу көлемінің өсуіне ықпал етті. Өз кезегінде банктердің сыртқы қарыз алуының өсуі ссудалық капиталдың төмен құнымен сипатталатын сыртқы рыноктағы қолайлы жағдайға негізделген.
2000 жылмен салыстырғанда екінші деңгейдегі банктердің сыртқы қарыздары 2004 жылы 34,5 есе өсті, 2001 жылмен салыстырғанда банктік емес жеке сектордың қарыздары 4 есеге өсті.
Сыртқы қарыз алудың және кредит беру көлемінің өсуімен қатар банктердің тәуекелдері де өсуде және екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфелінің сапасы нашарлауда.
1999 жылмен салыстырғанда 2004 жылдың соңында ақша массасы 6 есе, экономикадағы екінші деңгейдегі банктердің кредиттері 10 есеге өсті, ал номиналды ЖІӨ 2,7 есеге ғана өсті.
"Либералды" ретінде сипатталатын, соңғы уақыттарда жүргізіліп отырған фискалдық саясаттың елдің макроэкономикалық жағдайына белгілі бір әсері бар. Экономиканың "қызып кетуі" туындауы үшін белгілі бір алғышарттар байқалуда, атап айтқанда мемлекеттік бюджет шығыстары өсуінің орташа қарқыны номиналды ЖІӨ-нің өсу қарқынын басып озуы.
Либералды фискалдық саясат жүргізуден ақша агрегаттарының жылдам өсуімен қатар экономика өсуінің жоғарғы қарқыны инфляциялық процестердің жылдам жүруіне ықпал етті.
Мұнайға жоғары әлемдік бағаға байланысты мұнай секторының шапшаң дамуы, белсенді фискалдық саясатын жүргізу, инфляциялық процестерді жеделдету және ақша массасының өсуі 2001 жылдан бастап АҚШ долларына қатысты теңге бағамының нығаюына ықпал етті. Өз кезегінде ұлттық валютаның нығаюы отандық қайта өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне және импорттың жаппай көбеюіне әкеліп соғуы мүмкін.
Экономиканың бұдан әрі "қызып кетуін" болдырмау және орта мерзімді перспективада макроэкономикалық тұрақтылықты арттыру мақсатында шаралар кешенін қабылдау қажет.
Зерттеулер жүргізу негізінде жаңа мұнай кен орындарын пайдалануға тартуды есепке ала отырып, ұзақ мерзімді перспективаға арналған мұнай мен газ өндірудің барынша қолайлы кестесін әзірлеу қажет. Қазіргі уақытта Қазақстанда мұнай өндіруді еңсеру орынсыз, түсетін кірістерді экономиканы реформалауға, оның шикізаттық бағытынан кету, іске асырылатын бағдарламаларға мұрындық болатын басқа да факторларды жұмылдыруға жұмсау қажет.
Бұдан әрі мұнайға жоғары әлемдік баға және шетел капиталының көп көлемде елге ағылуы жағдайында фискалдық, сол сияқты ақша-кредит саясатын қатаңдату қажет.
Ақша-кредит саласында ақша агрегаттарының өсуіне бақылауды күшейту, сондай-ақ пайыздық ставкаларды өзгерту арқылы ақша рыногына әсер етудің тиімділігін арттыру қажет.
Қаржы секторын дамыту саясаты халықтың еркін ақша қаражатын инвестициялардың көзіне айналдыру үшін бағалы қағаздар рыногын одан әрі дамытуға бағытталуы тиіс. Бұдан басқа, екінші деңгейдегі банктердің сыртқы қарыз алуының шамадан тыс өсу қарқынын тежеу жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Бәсекеге қабілетті экономика құру мақсатында Қазақстанның бәсекелі басымдықтарына сәйкес экономиканың секторларын дамыту, инфрақұрылым саласындағы реформалардың жалғасуы қажет. Білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы стратегияларды іске асыру жолымен өнімділігі жоғары жұмысшы күшін құруға көп көңіл бөлу қажет. Ғылым мен инновацияларды дамыту саласында жоғары білім мен ғылым жүйесін айтарлықтай жаңарту қажет.
Экономика дамуының жоғарғы қарқынын қамтамасыз ету үшін 2006-2008 жылдары экономика өсуінің барлық негізгі факторларын жедел дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалады.
Қазақстан Республикасының 2005-2008 жылдарға арналған
макроэкономикалық көрсеткіштерінің болжамы
Көрсеткіштер | 2005 бағалау | Болжам |
2006 | 2007 | 2008 |
ЖІӨ, млрд.теңге | 6780 | 8065,4 | 9183,8 | 10471,6 |
Өткен жылға %-бен ЖІӨ-нің нақты өзгеруi | 108,8 | 108,3 | 108,3 | 108,9 |
ЖІӨ дефляторы, % | 112,5 | 109,8 | 105,1 | 104,7 |
ЖІӨ, млрд. АҚШ долл. ресми бағам бойынша | 52,2 | 63,5 | 74,1 | 87,3 |
ЖІӨ, млрд. АҚШ долл. сатып алу қабілетінің шамасы (САҚШ) бойынша | 157,1 | 174,4 | 193,7 | 216,2 |
Халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ, АҚШ долл. ресми бағам бойынша | 3439,9 | 4147,0 | 4794,8 | 5608,7 |
Халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ, АҚШ долл. САҚШ бойынша | 10361,4 | 11391,4 | 12541,8 | 13899,1 |
Тұтыну бағалары индексі, %-бен | | | | |
бір жылға орташа есеппен | 5-7 | 5-7 | 5-7 | 5-7 |
Ақша базасы, млрд. теңге | 778 | 962 | 1128 | 1280 |
Ақша массасы, млрд. теңге | 2123,0 | 2760,0 | 3470,0 | 4200 |
Экономиканы монеталандыру деңгейі, % | 31,3 | 34,2 | 37,8 | 40,1 |
Тауарлар экспорты, млрд. АҚШ долл. (ФОБ) | 26,8 | 29,1 | 29,0 | 27,8 |
Тауарлар импорты, млрд. АҚШ долл. (ФОБ) | 18,6 | 23,1 | 24,7 | 25,8 |
Негізгі капиталға инвестициялар | 2143 | 2529 | 2908 | 3315 |
өткен жылға %-бен | 140 | 118 | 115 | 114 |
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі, млрд. теңге | 722,5 | 774,7 | 823,5 | 886,4 |
өткен жылға %-бен | 100,5 | 102 | 102,2 | 103 |
Өнеркәсіптік өнім көлемі, млрд. теңге | 4526 | 4915,4 | 5377,2 | 5929,9 |
өткен жылға %-бен | 106,7 | 107,3 | 107,6 | 108,8 |
мұнай мен газ конденсатын өндіру, млн. тонна | 61 | 62 | 66 | 72 |
оның ішінде, экспорт, млн. тонна | 54,4 | 55,1 | 58,7 | 64,4 |
Шикі мұнай мен газ конденсаты экспортының құны, млн. АҚШ долл. | 15089 | 14735 | 14712 | 14664 |
Мұнайдың әлемдік бағасы (Brent қоспасы), бір баррель үшін АҚШ доллары | 48 | 47 | 44 | 40 |
Мұнайдың экспорттық бағасы, бір баррель үшін АҚШ доллары | 36 | 35,5 | 33 | 30 |
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бағалауы бойынша 2006-2008 жылдары ЖІӨ өсуінің жылдық орташа қарқыны орташа алғанда 8,5% құрайды, жинақталған экономикалық өсу 27,7% құрайды.
2006-2008 жылдары мұнайға қолайлы баға конъюнктурасының әлемдік рынокта сақталуы экономика өсуінің негізгі факторы болады. Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасы бір баррелі үшін 40-47 доллар шегінде болады, ал экспорттық бағасы бір баррелі үшін 30-35,3 доллар аралығында қалыптасады деп болжам жасалуда.
Сауда теңгерімінің оң сальдосы 2006-2008 жылдары орташа жылына 3,7 млрд. астам АҚШ долл. құрайды.
Инвестициялық сұраныстың кеңеюі бірінші кезекте, кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен алынатын инвестицияларды қаржыландырудың ішкі көздеріне байланысты болады. Негізгі капиталға инвестициялардың орташа жылдық өсуі 2006-2008 жылдары 15,7% құрайды.
2006-2008 жылдары өнеркәсіптің өсу қарқынының ұлғаюы болжанып отыр, ол орташа алғанда 7,9% құрайды.
ЖІӨ-нің өндірістік құрылымы, в-бен
Производственная структура ВВП, в %
Көз: Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі
Тауарлар өндірісімен салыстырғанда қызметтердің басып өсу үрдісі сақталады. Тауарлар өндірісі болжанып отырған кезеңде орташа жылына 7,8%-ғa, ал қызметтер өндірісі 9,3 %-ға өседі.
ЖІӨ көлеміндегі қызметтердің үлесі 2005 жылы 48,9 %-дан 2008 жылға қарай 49,7 %-ға дейін өседі.
Экономика салаларының үлесі, ЖІӨ-ге %-бен
Доля отраслей экономики в % к ВВП
Көз: Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі
ЖІӨ-нің өндірістік құрылымында 2004 жылы 5,9 %-дан 2008 жылы 7%-ға дейін құрылыс үлесінің ұлғаю үрдісі болжанып отыр. Бұл ретте, ауыл шаруашылығының үлесі 2005 жылы 6,3%-дан 2008 жылы
6%-ғa дейін кемиді.
Соңғы тұтыну әдісі бойынша ЖІӨ-нің құрылымы, ЖІӨ-ге %-бен
Структура ВВП по методу конечного потребления, в % к ВВП
Көз: Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігi
Болжам жасалып отырған кезеңде соңғы тұтыну мен жинақтау әдісі бойынша ЖІӨ-нің құрылымы капиталдың жинақталуының өсу пайдасына өзгереді, ол 2005 жылы 23 %-дан 2008 жылы 25,2 %-ға дейін өседі. Бұл тауарлар мен қызметтерді тұтынудың өсуімен салыстырғанда экономикаға инвестициялардың ағынының басып озу болжамына байланысты. Экономикалық өсудің дамуы тұрғысынан қарағанда мұндай үрдіс қолайлы болып табылады, алайда, инвестициялардың негізгі ағыны мұнай өндіруге байланысты салаларда күтілуде. 2005 жылы 9,4%-дан 9,1%-ға дейін тауарлар мен қызметтердің таза экспорты үлесінің төмендеуіне болжам жасалып отыр.
5. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету
§ 1. Ақша-кредит саясаты және қаржы секторын дамыту
Ақша-кредит саясаты
2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты саласындағы негізгі мақсаты бағалар тұрақтылығын қамтамасыз ету болады.
Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатының операциялары бойынша ықпал ету шараларын күшейтеді және өзінің негізгі ставкаларының реттеуші рөлін одан әрі жоғарылатуға жәрдемдесетін болады.
Айтарлықтай экономикалық өсу және Қазақстанға шетелдік валюта ағымының ауқымды көлемі сияқты 2004 жылы инфляцияның жоғарылауына ықпал еткен негізгі факторлар 2005 жылы да өз әсерін сақтайды деп көзделуде. Бұдан басқа 2004 жылы өндіруші кәсіпорындар бағаларының 23,8%-ға жоғары өсуі 2005 жылы тұтыну бағалары өсуінің айқындаушы факторына айналуы мүмкін. Осы факторлардың инфляцияға ықпал етуін азайту үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатын күшейту жөніндегі шараларды қолданатын болады.
Ақша-кредит саясатын күшейту Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми ставкаларының кредиттер бойынша рыноктық ставкаларға ықпал ету бағытын өзгертуді көздейді. Егер өткен жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шаралары банктердің экономикаға кредит беру, оның ішіңде ставкаларды төмендету жөніндегі қызметін жандандыру жөніндегі міндетті шешуге бағытталса, "экономиканың қызып кетуіне" жол бермеу қажетті жағдайларында ставкаларды төмендету мәселесі түпкі мұрат ретінде қойылмайды. Осыған байланысты 2005 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыруының ресми ставкасы жылдық 7%-дан 7,5%-ға дейін, ал 11 шілдеден бастап 7,5%-дан 8%-ға дейін артты.
Қайта қаржыландырудың ресми ставкасының реттеуші ерекшеліктерін күшейту үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі ақша рыногының жалпы жағдайына, қарыздар бойынша сұраныс пен ұсынысқа, инфляцияның деңгейіне мен инфляциялық күтулерге байланысты үнемі (тоқсан сайын) қайта қарайды және белгілейді.
Тұтастай алғанда, 2006-2008 жылдар ішінде ақша базасы мен ақша массасы шамамен 2 есе ұлғаяды деп күтілуде. Алайда соңғы жылдары байқалып отырған инфляция мен инфляциялық күтілімдердің қалыптасуына монетарлық факторлар әсерінің әлсіреу үрдісі салдарынан ақша базасының мұндай маңызды кеңеюі инфляциялық қысым көрсетпейді. Дегенмен, монетарлық факторлар есебінен инфляциялық әлеуеттің жинақталуын болдырмау мақсатында ұзақ мерзімді кезеңде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі банк жүйесінің шамадан тыс өтімділігін стерилизациялау жолымен ақша базасын кеңейту қарқындарын төмендету жөніндегі шараларды қолданатын болады.
Шамадан тыс өтімділік проблемасының өткірлігін бәсеңдету және банктер өтімділігін неғұрлым икемді түрде реттеу үшін ең аз резервтік талаптарды қалыптастыру тетігіне тиісті өзгерістер енгізіледі. Бұл мақсатта Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі ең аз резервтік талаптар нормативтерін, сондай-ақ оларды орындау тәртібін сақтауға тиіс банктер міндеттемелерінің құрылымын айқындаудың әртүрлі нұсқаларын қарайды және тиімді ақша-кредит саясатын жүргізу үшін барынша оңтайлы нұсқасы таңдалып алынады.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі өзінің күш-жігерін ақша-кредит саясаты құралдарының әрқилы түрлері және қысқа мерзімді ставкалардың реттеуші рөлін жоғарылату бойынша ставкаларды келісуге жұмсайды. Инфляция бойынша болжамдардың дәлдігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі трансмиссиялық тетік моделін әзірлеу жөніндегі жұмысты жалғастырады. Ашық рынок операциялары кеңейтіледі, меншікті бағалы қағаздар портфелін ұлғайту және жаңа қаржы құралдарын дамыту жөнінде шаралар қабылданады.
Валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында Қазақстандағы валюта режимін одан әрі ырықтандыруға бағытталған саясат іске асырылады. 2005 жылғы 17 желтоқсанда күшіне енетін "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының жаңа Заңына 2005 жылғы 17 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті қол қойды. Бұл заң ұлттық валютаның толық айырбасталу қағидаттарына біртіндеп көшу үшін тиімді база құрады.
Жаңа заңға сәйкес 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық банк валюталық операциялар жүргізу үшін рұқсаттар алуға арналған талаптарды толық жояды. Лицензиялау режимі валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметке ғана таралады. Валюта түсімін қайтару талаптары сыртқы сауда келісім-шарттарында айқындалған мерзімдерге байланысты белгіленеді, бұл валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртібін едәуір жеңілдетеді және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың валюталық заңнама талаптарын орындауға шығасыларын қысқартады.
Валюталық режимді ырықтандыру жеке сектордың инвестициялық шешімдерді қабылдауына мемлекеттің әкімшілік араласуын қысқартуды қамтамасыз етеді және қазақстандық капиталдың шетелдік рыноктарды барынша белсенді жаулап алуы үшін жағдайлар жасайды.
Валюталық режимді толық ырықтандырудың міндетті шарттарының бірі - заңсыз сипаттары бар операцияларды шектеуші және қадағалаушы жүйенің болуы. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауында заңсыз жолмен алынған ақшаны заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы әрекет ету жүйесін құру жөніндегі шаралар кешенін қамтитын заң жобасы жатыр. Онда барлық мүдделі тараптардың, оның ішінде банктердің қатысуымен, өйткені олардың ақпараттық ағымдары құрылатын жүйенің іргетасы болып табылады, және олардың мүдделерін ескере отырып, ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің тиімді жүйесін құру көзделеді.