911-бап. Сыйақыға жария уәде беру
1. Жұмысты жақсы орындағаны немесе өзге де нәтижелерге жеткенi үшiн ақшалай немесе өзгеше нысанда сыйақы төлеу туралы жария хабарлаған кез келген тұлға конкурс шарттарына сәйкес оның жеңiмпазы болып танылған кез келген тұлғаның алдында өз мiндеттемесiн орындауы тиiс.
2. Сыйақыға жария уәде беру тапсырманың мәнiн, нәтижелердi ұсынудың өлшемдерi мен тәртібін, сыйақының мөлшерi мен нысанын, сондай-ақ нәтижелердi жариялаудың тәртібі мен мерзiмдерiн көздейтiн шарттарды мiндеттi түрде қамтуға тиiс.
3. Сыйақы төлеу туралы шешiм мен оны төлеудiң өзi уәдеде белгiленген мерзiмдерде қабылдануға және iске асырылуға тиiс.
4. Егер конкурс ғылым, әдебиет немесе өнер туындысын жасауға арналып хабарланса, сыйақыға жария уәде беруде өзгеше белгiленбесе, жария уәде берген тұлға туындыны жасаушымен оған қаламақы төлей отырып, оны пайдалануға шарт жасасуға басым құқық алады.
5. Сыйақы туралы жария уәде берген тұлға, егер конкурс шарттарында өзгеше көзделмесе, сыйақы тағайындалмаған жұмыстарды олардың жасаушыларына қайтарып беруге міндетті.
912-бап. Сыйақыға жария уәде берудiң күшiн жою
1. Сыйақы төлеу туралы жария хабарлаған тұлға, бас тартуға жол берiлмейтiндiгi хабарландырудың өзiнде көзделген немесе содан туындайтын немесе сыйақыға уәде берiлген iс-әрекеттердi жасау үшiн белгiлi бiр мерзiм берiлген немесе бас тарту туралы хабарланған кезде соған үн қосқан адамдардың ең болмағанда бiреуі мiндеттемеде көрсетiлген iс-әрекеттердi орындап қойған жағдайлардан басқасында, берiлген уәдеден сол нысанда бас тартуға құқылы.
2. Сыйақыға жария уәде берудiң күшiн жою сыйақы туралы хабарлаған тұлғаны үн қосқан адамның хабарландыруда көзделген iс-әрекеттердi жасауға байланысты шеккен шығындарын өтеуден босатпайды. Барлық жағдайларда өтеудiң мөлшерi хабарландыруда аталған сыйақыдан аспауға тиiс.
913-бап. Лотереялар, тотализаторлар және өзге де ойындар өткізу ерекшелiктерi
1. Мемлекеттiң, әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң немесе уәкiлеттi мемлекеттік органнан лотереялар, тотализаторлар мен тәуекелге негiзделген басқа да ойындар өткізуге лицензия алған адамның осы ойындарға қатысушылармен арадағы қатынастары шартқа негiзделген. Мұндай шарт лотереялық билет, түбiртек немесе өзге құжат берумен ресiмделедi және ойынға қатысушы лотереялық билеттiң құнын немесе ойынға қатысудың өзге төлемiн төлеген кезден бастап жасалған болып танылады.
2. Лотерея, тотализатор немесе өзге де ойындар өткізу шарттарына сәйкес ұтыскер болып танылатын адамдарға ойындардың бастамашысы (ұйымдастырушысы) ойындарды өткізудiң шарттарында көзделген мөлшерде, нысанда (ақшалай немесе заттай) және мерзiмдерде, ал егер бұл шарттарда мерзiм көрсетiлмесе - ойындардың нәтижелерi шыққан кезден бастап он күннен кешiктiрмей ұтысты төлеуге тиiс.
3. Ойындардың бастамашысы (ұйымдастырушысы) осы баптың 2-тармағында аталған мiндеттерiн орындамаған жағдайда лотереяда, тотализаторда немесе өзге ойындарда ұтып алған қатысушы оған ұтысты төлеудi, сондай-ақ өзiне келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқылы.
914-бап. Ойындар мен бәс тiгудi өткізуге және оларға қатысуға байланысты талаптар
Азаматтар мен заңды тұлғалардың тәуекелге негiзделген ойындар немесе бәс тiгу (құмар ойындар мен бәстер) ұйымдастыруға, өткізуге немесе оларға қатысуға байланысты талаптары осы Кодекстiң 913-бабында аталған қатынастардан туындайтын талаптарды қоспағанда, сот қорғауына жатпайды.
915-бап. Тендер
1. Тендер нысанындағы конкурстық саудаластық кезiнде оның бастамашысы (ұйымдастырушы) өзi ұсынған бастапқы шарттардың негізiнде тендер бастамашысы үшiн шарттың ең жақсы талаптарын ұсынған тендер қатысушысымен шарт жасасуға (сатушы, сатып алушы, тапсырысшы, мердiгер, жалға берушi, жалға алушы және т.б. ретiнде) мiндеттенедi.
2. Тендерге қатысушылар, тендер шарттарында белгiленген мерзiмнiң шегiнде, тендер бастамашысына немесе оның ұйымдастырушысына тендермен ұйғарылған барлық құжаттаманы қоса бере отырып, өз ұсыныстарын жазбаша түрде жiбередi. Тендердiң шарттарында ұсыныстарды желiмделген конверттермен және девиздермен жiберу көзделуi мүмкiн.
Ұсыныстарды беру мерзiмдерiн бұзу, егер оның бастамашысы мерзiмiн өткiзiп алған тұлғаның тендерге қатысуға жiберiлгенi туралы жазбаша түрде хабарламасы, мерзiмiн өткiзiп алған тұлғаны тендерге қатысушылардың қатарынан шығаруға әкеп соғады.
3. Тендерге қатысушылардың арасынан оның жеңiмпазын таңдауды тендер бастамашысы немесе ол құрған тендер комиссиясы жабық немесе тендердiң шарттары бойынша ашық тәртiппен жүргiзедi.
4. Егер тендерге қатысушылар екеуден аз болса немесе тендерге қатысушылардың ұсыныстарын оның бастамашысы тендердiң талаптарын қанағаттандырмайды деп таныса, оның бастамашысы тендердi өткiзiлмеген деп тануы мүмкiн.
5. Тендердiң жеңiмпазы мен оның бастамашысы тиiстi шарт жасасады. Тендердiң бастамашысы жеңiмпазбен тиiстi шарт жасасудан бас тартқан жағдайда тендердiң жеңiмпазы оған келтiрiлген залалдарды өтетiп алуға құқылы.
6. Тендердiң шарттарында тендерге әрбiр қатысушының тендер қорытындылары шығарылғаннан кейiн қатысушыларға қайтарылатын кепiлдiк жарна енгiзiлуi көзделуi мүмкiн. Егер тендерге қатысушы тендердiң мерзiмi өткенге дейiн өз ұсынысынан бас тартса немесе оны өзгертсе, кепiлдiк жарна қайтарылмайды.
Жеңiмпаз тендер жеңiмпазының ұсыныстарына жауап беретiн жағдайларда тендер бастамашысымен тиісті шарт жасасудан бас тартса, кепiлдiк жарна жеңімпазға қайтарылмайды.
916-бап. Аукцион
1. Аукцион нысанындағы конкурстық саудаластық кезiнде сатушы аукционның затын ол үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынатын аукционға қатысушыға сатуға мiндеттенедi.
2. Аукцион сатушы жариялаған бағаны арттыру немесе кемiту талаптарымен өткiзiлуi мүмкiн.
3. Бағаны төмендетумен өткiзiлетiн аукцион шарттарында заттың сатылуы мүмкiн болатын ең төмен баға көзделуi мүмкiн.
4. Азаматтық айналымнан шығарылмаған кез келген қозғалатын немесе қозғалмайтын мүлiк, оның iшiнде интеллектуалдық меншiк объектiлерi, импорттық, экспорттық және өзге де квоталар мен лицензияларды қоса алғанда, шарттар мен мүлiктiк құқықтар аукционның нысанасы болуы мүмкiн.
5. Аукционға қатысу туралы ұсыныстар аукцион заты, оның өтетiн орны мен уақыты туралы мәлiметтердi қамтуға тиiс.
6. Аукционға қатысуға тiлек бiлдiрген тұлғалар, егер оны өткізудiң шарттарында өзгеше белгiленбесе, аукцион басталғанға дейiн аукционға қатысуға өтiнiш беруге және кепiлдiк жарнаның белгiленген сомасын енгізуге тиiс.
7. Егер аукционға кемiнде екi қатысушы (сатып алушы) қатысса, ол өте алады.
8. Егер аукционның затын оған қатысушылардың бiрде-бiрiнiң сатып алғысы келмесе, бастапқы баға төмендетiлуi немесе аукционның заты осы аукционнан алып тасталуы мүмкiн.
9. Егер аукцион шарттарында өзгеше белгiленбесе, ең жоғары баға ұсынған аукционға қатысушымен оған аукционның затын сату туралы шарт жасалады.
10. Егер сатып алушы осы баптың 9-тармағында көзделген шартты жасасудан бас тартса, ол аукционға қатысушылардың қатарынан шығарылады, оған кепiлдiк жарна қайтарылмайды, ал сатып алушы сатып алудан бас тартқан аукционның заты қайтадан саудаластыққа қойылуы мүмкiн.
11. Аукционға қатысқан, бiрақ онда ештеңе сатып алмаған тұлғаларға кепiлдiк жарнаның сомасы қайтарылады.
Аукционның қандай да болсын затын сатып алған тұлғаға кепiлдiк жарнасының сомасы төленген сатып алу бағасының есебiне есептеледi.
47-тарау. Зиян келтірудің салдарынан туындайтын
міндеттемелер
1. Жалпы ережелер
917-бап. Зиян келтiргенi үшiн жауаптылықтың жалпы негiздерi
1. Азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс.
Заң актілерінде зиянды өтеу мiндетi зиян келтiрушi болып табылмайтын тұлғаға жүктелуi, сондай-ақ өтеудiң неғұрлым жоғары мөлшерi белгiленуi мүмкiн.
2. Зиян келтiрушi, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, егер зиян өзiнiң кiнәсiнен келтiрiлмегендiгiн дәлелдесе, оны өтеуден босатылады.
3. Заңды iс-әрекеттермен келтiрiлген зиян осы Кодексте және өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларда өтелуге тиiс.
918-бап. Зиян келтiрудің алдын алу
1. Болашақта зиян келтiру қаупi мұндай қауiптi тудыратын iс-әрекеттерге тыйым салу туралы талап қоюға негiз бола алады.
2. Егер келтiрiлген зиян оны келтiрудi жалғастыратын немесе жаңадан зиян келтiру қаупiн туғызатын кәсiпорынды, ғимаратты пайдаланудың не өзге де өндiрiстiк қызметтiң салдарынан болса, сот зиянды өтеуден басқа, жауапкерге тиiстi қызметiн тоқтатуды мiндеттеуге құқылы.
Егер тиiстi қызметтiң тоқтатылуы қоғамдық мүдделерге қайшы келсе, сот оны тоқтату туралы талаптан бас тарта алады. Мұндай қызметтi тоқтатудан бас тарту жәбiрленушiлердi осы қызметтен келтiрiлген зиянды өтеттiру құқығынан айырмайды.
919-бап. Қажеттi қорғану жағдайында зиян келтiру
Қажеттi қорғану жағдайында келтiрiлген зиян, егер бұл ретте оның шегiнен асып кетпесе, өтеуге жатпайды.
920-бап. Аса қажеттi жағдайда зиян келтiру
Аса қажеттi жағдайда, яғни зиян келтiрушiнiң өзiне немесе басқа тұлғаларға қатер туғызатын қауiптi жою үшiн келтiрiлген зиян, егер бұл қауiптi осы жағдайларда өзге құралдармен жою мүмкiн болмаса, оны зиян келтiрген тұлға өтеуге тиiс.
Мұндай зиян келтiрiлген мән-жайларды ескере отырып, сот оны өтеу мiндетiн зиян келтiрушi мүддесiне iс-әрекет жасаған үшiншi бiр тұлғаға немесе үлестiк тәртiппен осы үшiншi тұлға мен зиян келтiрушiге жүктеуi, сондай-ақ осы үшiншi тұлғаны да, зиян келтiрушiнi де зиянды өтеуден толық немесе iшiнара босатуы мүмкiн.
921-бап. Заңды тұлғаның немесе азаматтың өз қызметкерi келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiгi
1. Заңды тұлға немесе азамат өзiнiң қызметкерi еңбек (қызметтiк, лауазымдық) мiндеттерiн атқару кезiнде келтiрген зиянды өтейдi.
2. Зиян келтiруi салдарынан туындайтын мiндеттемелер туралы осы Кодекстiң ережелерiне қатысты қызметкерлер деп жұмысты еңбек шартының (келісім-шарттың) негiзiнде, сондай-ақ азаматтық-құқықтық шарттың негiзiнде орындаған, егер бұл ретте жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу үшiн жауапты тиiстi заңды тұлғаның немесе азаматтың тапсырмасымен және бақылауымен iс-әрекет жасаған немесе iс-әрекет жасауға тиiстi болған азаматтар танылады.
Шаруашылық серiктестiктер, акционерлік қоғамдар мен өндiрiстiк кооперативтер өздерiнiң қатысушылары (мүшелерi) серiктестiктiң, акционерлік қоғамның немесе кооперативтiң кәсiпкерлiк, өндiрiстiк немесе өзге де қызметiн жүзеге асыруы кезiнде соңғылары келтiрген зиянды өтейдi.
922-бап. Мемлекеттік органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, сондай-ақ олардың лауазымды адамдары келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiк
1. Мемлекеттік органдардың заң актілеріне сәйкес келмейтiн актілерді шығаруының салдарынан келтiрiлген зиян актiнi шығарған органдар мен лауазымды адамдардың кiнәсiне қарамастан, сот шешiмi негiзiнде өтелуге тиiс. Зиян мемлекеттік қазына есебiнен өтеледi. Қаржы органдары не арнайы тапсырма бойынша басқа органдар мен азаматтар қазына өкiлдерi болады.
2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары өз органдары мен лауазымды адамдары келтiрген зиян үшiн сот тәртібімен жауап бередi.
3. Мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының әкiмшiлiк басқару саласындағы заңсыз iс-әрекетiнен (әрекетсiздiгiнен) келтiрiлген зиян осы органдардың иелiгіндегі ақшаның есебiнен (осы Кодекстiң 917-бабы) жалпы негiздерде өтеледi. Олар жеткiлiксiз болған кезде зиян мемлекеттік қазынаның есебiнен субсидиарлық жолмен өтеледi.
923-бап. Анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдарының заңсыз iс-әрекеттерiмен келтiрiлген зиян үшін жауапкершiлiк
1. Заңсыз соттау, заңсыз қылмыстық жауапқа тарту, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алу, үйде қамауда ұстау, ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды заңсыз қолдану, қамау немесе еңбекпен түзеу түріндегі әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолдану, психиатриялық емдеу мекемесiне немесе басқа емдеу мекемесiне заңсыз орналастыру салдарынан азаматқа келтiрiлген зиянды анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдары лауазымды адамдарының кiнәсiне қарамастан, заң актілерінде белгiленген тәртiппен толық көлемде мемлекет өтейдi.
2. Анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура органдарының өзге де заңсыз iс-әрекетiнiң салдарынан азаматқа немесе заңды тұлғаға келтiрiлген зиян осы Кодекстiң 922-бабында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша өтеледi.
3. Судьялардың және басқа сот қызметкерлерiнiң заңсыз iс-әрекетiмен (әрекетсiздiгiмен) сот төрелiгiн жүзеге асыру кезiнде келтiрiлген зиян, осы баптың 1-тармағында көзделгеннен басқа ретте, осы Кодекстiң 922-бабының 3-тармағында белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша өтеледi.
924-бап. Өзiнiң жауаптылығын сақтандырған тұлғаның зиянды өтеуi
Ерiктi немесе мiндеттi түрде сақтандыру тәртібімен өзінің жауаптылығын сақтандырған заңды тұлға немесе азамат, келтiрiлген зиянды толық өтеу үшiн сақтандыру сомасы жеткіліксіз болған жағдайда сақтандыру сомасы мен залалдың нақты мөлшерiнiң арасындағы айырманы өтейдi.
925-бап. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiк
1. Жасы он төртке жетпеген кәмелетке толмағандар (жас балалар) келтiрген зиян үшiн, егер зиян өздерiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, оның ата-анасы (асырап алушылары), қорғаншылары жауап бередi.
2. Егер қорғаншылыққа мұқтаж жас бала тиiстi тәрбиелеу, емдеу мекемесiнде, халықты әлеуметтiк қорғау мекемесiнде немесе заңға орай өзiнiң қорғаншысы болып табылатын осы сияқты басқа мекемеде болса, егер зиян өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, жас бала келтiрген зиянды сол мекеме өтеуге мiндеттi.
3. Егер жас бала оқу орнының, тәрбиелеу, емдеу немесе оны қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi өзге мекеменiң, сондай-ақ шарттың негiзiнде қадағалауды жүзеге асыруға міндеттi адамның бақылауында болған уақытта зиян келтiрсе, зиян олардың қадағалауды жүзеге асырудағы кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, келтiрiлген зиян үшiн осы мекемелер мен адамдар, жауап бередi.
4. Ата-аналардың (асырап алушылардың), қорғаншылардың, оқу орындарының, тәрбиелеу, емдеу және өзге де мекемелердiң зиянды өтеу жөніндегі мiндетi жас баланың кәмелетке толуымен немесе оның зиянды өтеу үшiн жеткiлiктi мүлiк алуымен тоқтатылмайды.
Егер ата-аналары (асырап алушылары), қорғаншылары қайтыс болса немесе олардың, сондай-ақ осы баптың 3-тармағында аталған басқа да азаматтардың жәбiрленушiнiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу үшiн жеткiлiктi қаражаты болмаса, ал толық әрекет қабiлеттілігi болған зиян келтiрушiнiң өзiнде мұндай қаражат болса, сот жәбiрленушi мен зиян келтiрушiнiң мүлiктiк жағдайын, сондай-ақ басқа да мән-жайларды ескере отырып, зиянды зиян келтiрушiнiң өзiнiң мүлкi есебiнен толық немесе iшiнара өтеу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
926-бап. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiк
1. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар өздерi келтiрген зиян үшiн жалпы негiздер бойынша дербес жауап бередi.
2. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандардың зиянды өтеу үшiн жеткiлiкті мүлкі немесе өзге кiрiс көздерi болмаған жағдайда, егер олар зиянның өз кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, зиянды толық немесе оның жетпей тұрған бөлiгiн ата-аналары (асырап алушылары) немесе қамқоршылары өтеуге тиiс.
Егер он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi қамқоршылыққа мұқтаж кәмелетке толмаған адам тиiстi тәрбиелеу, емдеу мекемесiнде, халықты әлеуметтiк қорғау мекемесiнде немесе заңға орай оның қамқоршысы болып табылатын сол сияқты басқа да мекемеде болса, зиян өздерiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, зиянды толық немесе оның жетiспей тұрған бөлiгiн сол мекемелер өтеуге мiндеттi.
3. Ата-аналардың (асырап алушылардың), қамқоршының және тиiстi мекеменiң зиянды өтеу жөніндегі мiндетi зиян келтiрушiнiң кәмелетке толуы бойынша немесе онда кәмелетке толғанға дейiн зиянды өтеуге жеткiлiктi мүлiк немесе кiрiс көздерi пайда болса не ол кәмелетке толғанға дейiн әрекет қабiлеттілігiне ие болса тоқтатылады (осы Кодекстiң 17-бабының 2-тармағы).
927-бап. Ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналардың кәмелетке толмағандар келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiгi
Ата-ана құқықтарынан айырылған ата-анаға, егер баланың зиян келтiруге әкеп соқтырған мiнез-құлқы ата-ананың баланы тәрбиелеу жөніндегі мiндеттерiн дұрыс жүзеге асырмауының салдары болып табылады деп анықталса, сот ата-анаға ата-ана құқықтарынан айырылғаннан кейiн үш жыл бойы оның кәмелетке толмаған балалары келтiрген зиян үшiн жауаптылық жүктеуi мүмкiн.
928-бап. Әрекетке қабiлетсiз деп танылған азамат келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiк
1. Әрекетке қабiлетсiз деп танылған азамат келтiрген зиянды (осы Кодекстiң 26-бабы), егер олар зиян өздерiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, оның қорғаншысы немесе оны қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi ұйым өтейдi.
2. Қорғаншының немесе ұйымның әрекетке қабiлетсiз деп танылған азамат келтiрген зиянды өтеу жөніндегі мiндетi оның әрекетке қабiлеттілігi қалпына келген жағдайда да тоқтатылмайды.
3. Егер қорғаншы қайтыс болса не оның зиянды өтеу үшiн жеткiлiктi қаражаты болмаса, ал зиян келтiрушiнiң өзiнде мұндай қаражат болса, сот жәбiрленушi мен зиян келтiрушiнiң мүлiктiк жағдайын, сондай-ақ басқа да мән-жайларды, атап айтқанда, зиян келтiрушiнiң әрекетке қабiлеттілігiнiң қалпына келуiн ескере отырып, жәбiрленушiнiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды сол зиян келтiрушiнiң мүлкi есебiнен толық немесе iшiнара өтеу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
929-бап. Әрекетке қабiлеттілігi шектеулi деп танылған азамат келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiк
Әрекетке қабiлеттілігi шектеулi деп танылған азаматтың спирттi iшiмдiктердi немесе есiрткi заттарды жөнсiз пайдалануы салдарынан келтiрген зиянды (осы Кодекстiң 27-бабы) зиян келтiрушiнiң өзi жалпы негiздерде өтейдi.
930-бап. Өз iс-әрекетiнiң мәнiн түсiнуге қабiлетсiз азамат келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiк
1. Өз iс-әрекетiнiң мәнiн түсiне алмаған немесе өзiне-өзi ие бола алмайтын жағдайда зиян келтiрген әрекетке қабiлеттi азамат, сондай-ақ он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар өздерi келтiрген зиян үшiн жауап бермейдi.
Егер жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiрiлсе, сот жәбiрленушi мен зиян келтiрушiнiң мүлiктiк жағдайын, сондай-ақ басқа да мән-жайларды ескере отырып, зиянды өтеу жөніндегі мiндеттi зиян келтiрушiге толық немесе iшiнара жүктей алады.
2. Егер спирттi iшiмдiктердi, есiрткi заттарды пайдаланып немесе өзге әдiспен өзiн осындай жағдайға келтiрсе, зиян келтiрушi жауаптылықтан босатылмайды.
3. Егер зиянды жүйке ауруы және ақыл-ойының кемiстiгi салдарынан өз iс-әрекетiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе өзiне-өзi ие бола алмайтын адам келтiрсе, сот зиянды өтеу мiндетiн осы адаммен бiрге тұратын еңбекке қабiлеттiлерге: зиян келтiрушiнiң осындай жағдайын бiлген, бiрақ оны әрекетке қабiлетсiз деп тану және оған қорғаншылық жасау туралы мәселе қоймаған жұбайына, ата-анасына, кәмелетке толған балаларына жүктеуi мүмкiн.
931-бап. Айналасындағыларға жоғары қауiп туғызатын қызмет (жоғары қауiптілік көздерi) арқылы келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк
1. Қызметi айналасындағылар үшiн жоғары қауiптілікпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (көлiк ұйымдары, өнеркәсiп орындары, құрылыстар, көлiк құралдарының иелерi және т.б.), егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауiптілік көздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi.
Зиянды өтеу мiндетi меншiк құқығымен, шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе жедел басқару құқығымен немесе кез келген басқа да заңды негiзбен (мүлiктiк жалдау шарты, көлiк құралын басқару құқығына берiлген сенімхат, көздердi беру туралы құзыреттi органның өкімі арқылы және т.б.) жоғары қауiптілік көзiн иеленушi заңды тұлғаға немесе азаматқа жүктеледi.
2. Жоғары қауiптілік көздерiнiң иелерi қауiптілік көздерiнiң өзара iс-қимылының (көлiк құралдарының соқтығысуы және т.б.) салдарынан үшiншi тұлғаларға келтiрiлген зиян үшiн осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер бойынша ортақ жауапты болады.
Жоғары қауiптілік көздерiнiң өзара iс-қимылы салдарынан олардың иелерiне келтiрiлген зиян жалпы негiздерде өтеледi. Бұл орайда:
1) бiр тараптың кiнәсiнен келтiрiлген зиянды осы тарап толық көлемiнде өтейдi;
2) екi немесе бiрнеше тараптың кiнәсiнен келтiрiлген зиян олардың әрқайсысының кiнәсiнiң дәрежесiне сай өтеледi.
Тараптардың әрқайсысының кiнәсiнiң дәрежесiн белгiлеу мүмкiн болмаған кезде жауаптылық олардың арасында тең бөлiнедi.
Зиян келтiруде тараптардың кiнәсi болмаған кезде олардың бiрде-бiреуiнiң зиянды өтеудi талап етуге құқығы жоқ. Тараптардың әрқайсысы мұндай жағдайда өзi шеккен шығындар тәуекелiн көтередi.
3. Жоғары қауiптілік көзiнiң иесi, егер қауiптілік көзi басқа тұлғалардың заңға қарсы iс-әрекеттерi салдарынан иеленушiнiң иелiгiнен шыққанын дәлелдесе, осы көз келтiрген зиян үшiн жауап бермейдi. Мұндай жағдайларда жоғары қауiптілік көзi келтiрген зиян үшiн ондай көздi заңға қайшы иеленушiлер жауап бередi. Жоғары қауiптілік көзiн оның иелiгiнен заңға қайшы алуда иеленушiнiң кiнәсi болған жағдайда жауаптылық иеленушiге де, жоғары қауiптілік көзiн иеленген тұлғаларға да жүктелуi мүмкiн.
932-бап. Бiрлесiп келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк
Бiрлесiп зиян келтiрген тұлғалар жәбiрленушiнiң алдында ортақтасып жауап бередi.
Сот жәбiрленушiнiң арызы бойынша және оның мүдделерi үшiн бiрлесiп зиян келтiрген тұлғаларға үлестiк жауаптылық жүктеуге құқылы.
933-бап. Зиян келтiрген тұлғаға керi талап қою құқығы
1. Басқа адамның (еңбек (қызмет, лауазымдық) мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкердiң, көлiк құралын жүргізушi адамның және т.б.) келтiрген зиянды өтеушiнiң, егер заң актілерінде өзгеше мөлшер белгiленбесе, төленген төлем мөлшерiнде осы адамға керi талап қоюға (регресс) құқығы бар.
2. Бiрлесiп келтiрiлген зиянды өтеген зиян келтiрушi, осы зиян келтiрушi кiнәсiнiң дәрежесiне сәйкес мөлшерде жәбiрленушiге төленген үлестi зиян келтiрушiлердiң әрқайсысынан талап етуге құқылы. Кiнәнiң дәрежесiн айқындау мүмкiн болмаған жағдайда үлестер тең деп танылады.
3. Анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдарының лауазымды адамдары келтiрген зиянды өтеген мемлекеттiң (осы Кодекстiң 923-бабының 1-тармағы) мұндай адамдардың кiнәсi соттың заңды күшiне енген үкімімен белгiленсе, осы адамдарға керi талап қоюға құқығы бар.
4. Осы Кодекстiң 925-928-баптарында аталған негiздер бойынша зиянды өтеген адамдардың зиян келтiрген адамға керi талап қоюға (регресске) құқығы жоқ.
934-бап. Мүлiктiк зиянды өтеу әдiстерi
Зиянды өтеу туралы талапты қанағаттандыра отырып, сот iстiң мән-жайына сәйкес зиян үшiн жауапты адамды келтiрген зиянды толық өтеуге немесе оны заттай өтеуге (тегi мен сапасы нақ сондай зат беруге, бүлiнген затты жөндеуге және т.б.) мiндеттейдi.
935-бап. Жәбiрленушiнiң кiнәсi мен зиян келтiрген адамның мүлiктiк жағдайын есепке алу
1. Жәбiрленушiнiң терiс пиғылы салдарынан пайда болған зиян өтеуге жатпайды.
2. Егер жәбiрленушiнiң өзiнiң өрескел абайсыздығы зиянның пайда болуына немесе ұлғаюына себеп болса, жәбiрленушi мен зиян келтiрушi кiнәсiнiң дәрежесiне қарай өтеу мөлшерi азайтылуға тиiс.
3. Жәбiрленушi өрескел абайсыздық жасап, зиян келтiрушiнiң кiнәсi болмаған жағдайда, оның жауапкершiлiгi кiнәсiне қарамастан туындаған кезде, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, өтеу мөлшерi азайтылуға тиiс немесе зиянды өтеуден бас тартылуы мүмкiн. Азаматтың өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда зиянды өтеуден толық бас тартуға жол берiлмейдi.
4. Жәбiрленушiнiң кiнәсi қосымша шығындарды өтеу кезiнде (осы Кодекстiң 937-бабы), азаматтың қайтыс болуы салдарынан залал шеккен адамдарға зиянды өтеу кезiнде (осы Кодекстiң 940-бабы), сондай-ақ жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу кезiнде (осы Кодекстiң 946-бабы) ескерiлмейдi.
5. Қасақана жасалған әрекеттермен зиян келтiрiлген реттердi қоспағанда, сот азаматтың мүліктік жағдайын ескере отырып, ол келтірілген зиянды өтеу мөлшерін азайта алады.
2. Азаматтың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген
зиянды өтеу
936-бап. Азаматтың шарттық және өзге де мiндеттемелердi орындау кезiнде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу
Азаматтың шарттық мiндеттемелердi, еңбек (қызмет) мiндеттерiн, әскери қызмет мiндеттерiн орындауы кезiнде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян, егер заң актілерінде немесе шартта көтерiңкi жауаптылық көзделмесе, осы тараудың ережелерi бойынша өтеледi.
937-бап. Денсаулықты зақымдау арқылы келтiрiлген зиянды өтеудiң көлемi мен сипаты