1. Су объектiлерiнiң сапалық жай-күйiн нашарлататын және пайдаланылуын қиындататын заттардың немесе ластаушы нәрселердiң су объектiлерiне тасталуы немесе өзге де тәсiлмен түсуi су объектiлерiнiң ластануы деп танылады.
2. Су объектiлерiн, диффузиялық ластануды (жер бетi мен ауа арқылы ластану) қоса алғанда, ластанудың барлық түрiнен қорғау жүзеге асырылады.
3. Су объектiлерiн ластанудан қорғау мақсатында:
1) су объектiлерiнiң су жинау алаңында улы химикаттарды, тыңайтқыштарды қолдануға тыйым салынады. Су объектiлерiнiң су жинау алаңы мен санитарлық қорғау аймағында дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық iс-шаралар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келісім бойынша жүргiзiледi;
2) радиоактивтi және уытты заттарды су объектiлерiне тастауға және көмуге;
3) тазарту құрылыстары жоқ және нормативтерге сәйкес тиiмдi тазартуды қамтамасыз етпейтiн өнеркәсiп, тамақ объектiлерiнiң ағынды суларын су объектiлерiне ағызуға;
4) су объектiлерiнде радиоактивтi және уытты заттар бөлiнуi қоса жүретiн технологиялардың ядролық және өзге де түрлерi пайдаланылатын жарылыс жұмыстарын жүргiзуге;
5) су объектiлерiнде және су шаруашылығы құрылыстарында халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға қауiп төндiретiн техника мен технологиялардың қолданылуына тыйым салынады.
114-бап. Су объектiлерiн қоқыстанудан қорғау
1. Су объектiсiне қатты, өндiрiстiк, тұрмыстық және басқа да қалдықтардың, сондай-ақ салмақты бөлшектердiң түсуi, соның салдарынан оның гидрологиялық жай-күйi нашарлап, су пайдаланудың қиындауы су объектiлерiнiң қоқыстануы деп танылады.
2. Су объектiлерiне қатты, өндiрiстiк, тұрмыстық және басқа да қалдықтарды тастауға және оларды көмуге тыйым салынады.
3. Су объектiлерiнiң су жинау алаңдарын, су объектiлерiнiң мұз қабатын, мұздықтарды қатты, өндiрiстiк, тұрмыстық және шайылу кезiнде жер үстi және жер асты су объектiлерiнiң сапасын нашарлатуға әкеп соғатын басқа да қалдықтармен қоқыстауға жол берiлмейдi.
115-бап. Су объектiлерiн сарқылудан қорғау
1. Ағындының рұқсат етiлетiн деңгейiнiң ең аз мөлшерiнiң, жер үстi су қорының азаюы немесе жер асты су қорының кемуi су объектiлерiнiң сарқылуы деп танылады.
2. Су объектiлерiнiң сарқылуын болғызбау мақсатында су объектiлерiн пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар:
1) су объектiлерiнен лимиттен тыс қайтарымсыз су алуға жол бермеуге;
2) су қорғау аймақтары мен белдеулерi аумағында жер жыртуға, мал тоғыту мен санитарлық дауалауға, құрылыстар салуға және су объектiлерiнiң сарқылуына әкеп соғатын басқа да шаруашылық қызмет түрлерiн жүргiзуге жол бермеуге;
3) су қорғау iс-шараларын жүргiзуге мiндеттi.
3. Жеке және заңды тұлғалар жүргiзетiн су объектiлерiнiң сарқылуын болғызбауға бағытталған су қорғау iс-шаралары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен және жер қойнауын пайдалану және қорғау жөніндегі уәкiлеттi органмен алдын ала келісіледi.
116-бап. Су объектiлерiнiң және су шаруашылығы құрылыстарының су қорғау аймақтары мен белдеулерi
1. Су объектiлерiн және су шаруашылығы құрылыстарын санитарлық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес күйде ұстау, жер үсті суларының ластануын, қоқыстануы мен сарқылуын болғызбау, сондай-ақ жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн сақтау үшiн ерекше пайдалану шарттары бар су қорғау аймақтары мен белдеулерi белгiленедi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
2. Су қорғау аймақтарын, белдеулерiн және оларды шаруашылықта пайдалану режимiн облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келісім бойынша, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органмен, ал сел қаупi бар аудандарда - қосымша Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органымен келісілiп бекітілген жобалау құжаттамасының негiзiнде белгiлейдi.
3. Су қорғау аймақтары мен жағалаудағы қорғау белдеулерiнде орналасқан ормандарда негiзгi пайдаланудағы ағаш кесудi жүзеге асыруға тыйым салынады. Су объектiлерiн қорғауды қамтамасыз ететiн аралық пайдаланудағы ағаш кесудi және басқа да орман шаруашылығы іс-шараларын жүргізуге рұқсат етіледі.
4. Су қорғау аймақтарының ормандарын пайдалануға беру Қазақстан Республикасының орман және су заңдарына сәйкес су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.
5. Су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу ережелерiн Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiтедi.
117-бап. Суларды санитарлық қорғау аймақтары
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
1. Ауыз сумен жабдықтау, емдеу, курорттық және халықты сауықтырудың өзге мұқтаждары үшiн пайдаланылатын суларды қорғау мақсатында облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары санитарлық қорғау аймақтарын белгiлейдi.
2. Санитарлық қорғау аймақтары мен санитарлық қорғау белдеулерiн белгiлеу тәртібін халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
118-бап. Су объектiлеріндегі төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық апат аймақтары
1. Шаруашылық қызмет немесе табиғи процестер нәтижесiнде халықтың денсаулығына, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiне, қоршаған ортаның жай-күйiне қауiп төндiретiн өзгерістер болатын су объектiлерi төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық апат аймақтары деп жариялануы мүмкiн.
2. Cу объектiлеріндегі немесе өзен бассейндеріндегі және жер асты су көздеріндегі төтенше экологиялық жағдайды Қазақстан Республикасының Үкіметі жариялайды.
119-бап. Су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі жер учаскелерiн уақытша пайдалануға беру және олардың пайдаланылуын бақылау
1. Су объектiлерiнiң және су шаруашылығы құрылыстарының су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі жер учаскелерi шаруашылық қызмет режимiне қойылатын талаптарды сақтау шартымен, Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiнде белгiленген тәртiппен жеке және заңды тұлғаларға уақытша пайдалануға берiлуi мүмкiн.
2. Су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі шаруашылық қызмет режимiне қойылатын талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган өздерiнiң құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
120-бап. Жер асты су объектiлерiн қорғау ерекшелiктерi
1. Өндiрiстiк қызметi жер асты суларының жай-күйiне зиянды әсер етуi мүмкiн болатын жеке және заңды тұлғалар жер асты суларының мониторингiн жүргiзуге және су ресурстарының ластануы мен сарқылуын және сулардың зиянды әсерiн болғызбау жөнiнде уақтылы шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау үшiн пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн болатын жер асты суларының су жинау алаңдарында радиоактивтi және химиялық қалдықтар көмудi, үйiндiлердi, зираттарды, мал қорымдарын және жер асты суларының жай-күйiне әсер ететiн басқа да объектiлердi орналастыруға тыйым салынады.
3. Егер жер асты суларының жай-күйiне әсер етсе немесе әсер етуi мүмкiн болса, жерлердi ағынды сумен суаруға тыйым салынады.
4. Гидрогеологиялық ұңғымалар, соның iшiнде өздiгiнен төгiлетiн және барлау ұңғымалары, сондай-ақ пайдалануға жарамсыз немесе пайдаланылуы тоқтатылған ұңғымалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен консервациялау құрылғыларымен жабдықталуға немесе жойылуға тиіс.
5. Егер жеке және заңды тұлғалар бұрғылау және басқа да кен жұмыстарын жүргiзу кезiнде суы бар жиектердi ашса, олар өздiгiнен төгiлетiн және барлау ұңғымаларын реттеушi құрылғылармен және бақылау құралдарымен жабдықтауға, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, жер қойнауын пайдалану және қорғау жөніндегі уәкiлеттi органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен және өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органмен келісілген жобалау құжаттамасына сәйкес жер асты суларын қорғау жөніндегі басқа да шараларды қолдануға мiндеттi.
6. Жер асты суларының су алу құрылыстарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар жер асты суларының санитарлық қорғау аймағы мен олардың мониторингiн ұйымдастыруға мiндеттi.
7. Мелиорацияланған жерлерде сорғыту жүйелерiн салу мен пайдалану кезiнде арнайы cy пайдалануға рұқсаты болған жағдайда жер асты суларын сыртқа шығаруға жол берiледi.
8. Жер асты суларын пайдалануға байланысты су тарту құрылыстарын орналастыру, жобалау, салу және пайдалануға беру кезiнде олардың жер үстi су объектiлерi мен қоршаған ортаға зиянды әсерiн болғызбайтын шаралар көзделуге тиiс.
9. Пайдалы қазбаларды өндiруге байланысты емес жер қойнауын геологиялық зерттеу, пайдалы қазбаларды барлау және өндiру, жер асты құрылыстарын салу мен пайдалану кезiнде жер қойнауын пайдаланушылар жер асты суларының ластануы мен сарқылуының алдын алу жөнінде шаралар қолдануға мiндеттi.
24-тарау. Шағын су объектілері және
оларды қорғау ерекшеліктері
121-бап. Шағын су объектiлерi
1. Шағын су объектiлерiне көлемi мынадай табиғи су объектiлерi:
тұйық су объектiлерi бойынша - су бетiнiң алаңы он гектарға дейiнгi; өзендер бойынша - ұзындығы екi жүз километрге дейiнгi ағын сулар жатады.
2. Шағын су объектiлерiнiң су ресурстарын пайдалану, әдетте, ортақ су пайдалану тәртібімен жүзеге асырылады.
3. Шағын су объектiлерiнiң су ресурстарын арнайы су пайдалану тәртібімен пайдалану су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган осындай су пайдаланудың олардың жай-күйiне салдарларын зерттегеннен кейiн және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда мүмкiн болады.
122-бап. Шағын су объектiлерiн қорғау ерекшелiктерi
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
1. Шағын су объектiлерiнiң су қорғау аймақтары мен белдеулерi шегiнде ортақ су пайдалану режимiн және шаруашылық қызметтi жүзеге асыруды, сондай-ақ олардың ластануының, қоқыстануы мен сарқылуының алдын алу және жою жөніндегі шараларды облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, ал сел қаупi бар аймақтарда - Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органымен келісім бойынша белгiлейдi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
2. Шағын су объектiлерiнiң сарқылуын, ластануын және азып-тозуын болғызбау мақсатында су объектiлерiн кешендi пайдалану мен қорғаудың бассейндiк бағдарламаларында және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі өңiрлiк бағдарламаларында оларды қорғау және қалпына келтiру жөніндегі iс-шаралар кешенi жеке көзделедi.
3. Шаруашылық қызметi шағын су объектiлерiнiң жай-күйi мен режимiне әсер ететiн жеке және заңды тұлғалар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келісілген шағын су объектiлерiнiң су ресурстарын қалпына келтiру және олардағы сулардың тазалығын сақтау жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыруға мiндеттi.
25-тарау. Судың зиянды әсерінің алдын алу
және оларды жою
123-бап. Мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың судың зиянды әсерiнiң алдын алу және оларды жою жөніндегі мiндеттерi
Мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар судың мынадай зиянды әсерлерiнiң:
су тасу, су басу, топан су басу;
жағалаудың, қорғау бөгеттерiнiң және басқа да құрылыстардың қирауы;
жерлердiң батпақтануы мен сортаңдануы;
топырақ пен су объектiлерiнiң эрозиясы, жыралардың пайда болуы, сырғымалар, сел тасқындары мен басқа да зиянды құбылыстардың алдын алу және оларды жою жөнiнде iс-шаралар жүргiзуге мiндеттi.
124-бап. Судың зиянды әсерiнiң алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды жүзеге асыру тәртібі
1. Су шаруашылығы ұйымдары, су пайдаланушылар, жеке және заңды тұлғалар елдi мекендердi, өнеркәсiп объектiлерiн, ауыл шаруашылығы жерлерiн, қорғалатын аумақтарды судың зиянды әсерiнен қорғау жөніндегі алдын алу және ағымдағы iс-шараларды жоспарлауға және жүргiзуге мiндеттi. Судың зиянды әсерiнiң алдын алу және оларды жою жөніндегі алдын алу мен ағымдағы iс-шараларды қаржыландыру су пайдаланушылардың және мемлекеттiң қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
2. Судың зиянды әсерiнен туындаған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
26-тарау. Су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен
белдеулерінде жұмыстар жүргізу тәртібі
125-бап. Су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде кәсiпорындарды, объектiлердi және басқа да құрылыстарды орналастыру, жобалау, салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру шарттары
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
1. Су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде кәсiпорындарды және басқа да құрылыстарды орналастыру, жобалау, салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру шарттары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөніндегі уәкiлеттi органмен, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органмен, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен, ықтимал сел қаупi бар су объектiлерiнде - Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органымен, кеме қатынасына жатқызылғандарында - су көлiгi органдарымен келісіледi.
2. Жаңадан құрылатын және қайта жаңғыртылатын кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды жобалау және салу кезiнде, сондай-ақ су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн жаңа технологиялық процестердi енгізу кезiнде техникалық сумен жабдықтаудың тұйық жүйелерiн жасауды көздеу қажет.
3. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды және басқа да құрылыстарды қайта бейiмдеу, консервациялау және тарату су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, жер қойнауын пайдалану және қорғау жөніндегi уәкiлеттi органмен және өзге де мемлекеттік органдармен келісім бойынша, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қоршаған ортаға әсердi, анықталған заң бұзушылықтардың жойылуын және келтiрiлген зиянның өтелуiн бағалай отырып жүргiзiледi.
4. Судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды және басқа да құрылыстарды салу жобалары су объектiлерiн демалыс пен спорт үшiн пайдалану мүмкiндiктерiн ескере отырып жасалады.
5. Cу объектiлерi арқылы коммуникациялар салу жобалары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, жер қойнауын пайдалану және қорғау жөніндегі уәкiлеттi органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, энергиямен жабдықтау саласындағы уәкiлеттi органмен келісілуге жатады және тасқын сулар өткізудi, су объектiлерiн пайдалану режимiн, судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбауды, олардың зиянды әсерiнiң алдын алуды қамтамасыз ететiн iс-шаралардың жүргiзiлуiн көздеуге тиiс.
6. Құрылыс жұмыстарын орындау кезiнде құрылыс салуға бөлiнген жердi қайта өңдеу, аумақтарды абаттау және қоршаған ортаны сауықтыру жөнiнде шаралар қолданылуға тиiс.
126-бап. Су объектiлерiнде және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде жұмыстар жүргiзу
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
1. Су объектiлеріндегі немесе су қорғау аймақтарындағы су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн құрылыс, түбiн тереңдету және жарылыс жұмыстары, пайдалы қазбаларды және басқа да ресурстарды өндiру, кабельдердi, құбырлар мен басқа да коммуникацияларды төсеу, орман ағаштарын кесу, бұрғылау және өзге де жұмыстар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен, кеме қатынасына жатқызылған су объектiлерiнде - қосымша су көлiгi органдарымен де келісім бойынша жүргiзiледi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
2. Су объектiлерiнде және олардың су қорғау аймақтарында жұмыстар жүргiзу тәртібі су объектiлерiнiң жай-күйiн, қоршаған ортаның экологиялық тұрақтылығын сақтау талаптарын ескере отырып, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органмен, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен және өзге де мүдделi мемлекеттік органдармен келісім бойынша әрбiр су объектiсi бойынша жеке-дара айқындалады.
8-Бөлім. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су
объектілеріндегі шаруашылық қызметті
құқықтық реттеу ерекшеліктері
27-тарау. Ерекше мемлекеттік маңызы
бар су объектілері
127-бап. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлеріндегі шаруашылық қызметтiң құқықтық режимi
Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлеріндегі шаруашылық қызметтi реттеудiң құқықтық режимiне мыналар кiредi:
1) экономика мүдделерiнiң экологиялық, мәдени және тарихи құрамдас бөлiктермен балансын сақтау негiзiнде аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету;
2) табиғи су кешенiнiң су объектiлеріндегі судың деңгейiн белгiленген шектi белгiден төмен болмайтындай деңгейде сақтау;
3) өндiрiстердiң жұмыс iстеуiнiң технологиялық схемалары мен ұйымдастыру-экономикалық нысандарын тұрақты жетiлдiру негiзiнде су ресурстарын тиiмдi пайдалану;
4) су бассейнi мен су объектiсiнiң жай-күйiн жақсарту;
5) аймақтың экономикалық, ресурстық әлеуетiн және оның санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық салауаттылығын сақтауда жұртшылықтың рөлiн арттыру;
6) балық ресурстарын, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн сақтау және ұдайы молайту;
7) рекреациялық кешендi дамыту;
8) заңдылықты және экологиялық құқық тәртібін нығайту.
128-бап. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерiн қорғау ерекшелiктерi
Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерiн қорғаудың ерекшелiктерi мыналар болып табылады:
1) аймаққа бөлу және жеке аймақтар бойынша су және экологиялық нормативтер белгiлеу;
2) су объектiлерiне және олардың экологиялық жүйесiне антропогендiк жүктеме нормалау;
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
3) аймақтың су объектiлерiн пайдалану ережелерiн белгiлеу кезiнде олардың ерекшелiктерiн облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының есепке алуы;
4) өндiрiс қалдықтарын кәдеге жарату кезiнде кешендiлiктi қамтамасыз ету;
5) су объектiсi бассейнiнiң аумағын су және жел эрозияларынан, шөлейттенуден, батпақтанудан, қайталама сортаңданудан, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен және басқа да заттармен ластанудан қорғау;
6) бұзылған cy объектiлерiн және cy қорының жерлерiн қайта өңдеу;
7) су объектiлерiнiң арналары бойынша табиғат қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық су берудiң шаруашылық су беру алдындағы басымдығы.
129-бап. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерi аймағындағы шаруашылық қызметке қойылатын талаптар
Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерi аймағын қорғау мақсатында оларда шаруашылық қызметтiң ерекше режимi белгiленедi, ол:
1) санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық жағдайды сақтау мен жақсартуға бағытталған қызмет түрлерiнiң басымдығын;
2) су объектiлерiнiң экологиялық жүйесiне шаруашылық қызметтiң әсерiн ұдайы азайтуды;
3) тұрақты даму принциптерiнде әлеуметтiк-экономикалық мiндеттердi шешудiң және ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерiн қорғаудың баланстылығын көздейдi.
130-бап. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерi аумағында тыйым салынған қызмет түрлерi
Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерiнiң аумағында:
1) бассейннiң табиғи экологиялық жүйелерiнiң бұзылуын, қоршаған ортаның халықтың өмiрi мен денсаулығына қауiптi өзгерiсiн туғызатын шаруашылық және өзге де қызметке;
2) радиоактивтi қалдықтарды және зарарсыздандыруға немесе кәдеге жаратуға келмейтiн өнiмдi ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерi аймақтарына әкелуге, сондай-ақ онда сақтауға немесе көмуге;
3) қамыс шабуға және құрғақ өсiмдiктердi өртеуге, орман ағаштарын тамырымен жұлуға, балық уылдырық шашатын өзендердiң арналарын өңдеуге;
4) мiндеттi мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамасыз аумақта шаруашылық қызметтi және жұмыстар мен қызмет көрсетулердi жүргiзуге тыйым салынады.
131-бап. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерi аймағындағы шаруашылық қызметтi реттеуге мемлекеттiң қатысуы
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
1. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерiнiң экологиялық жүйесiн сақтау және қалпына келтiру мақсатында орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) аймақтық және салалық бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады;
2) су объектiлерiн кешендi пайдалану мен қорғаудың бассейндiк схемаларын жасау кезiнде аймақтың ерекшелiктерiн ескередi.
2. Мемлекеттік органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң және шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қызметiн республикалық деңгейде үйлестiру үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық үйлестiру кеңесiн құруы мүмкін.
9-Бөлім. Су қорын пайдалану мен қорғауды реттеудің
экономикалық тетігі
28-тарау. Су пайдалануды реттеудің
экономикалық әдістері
132-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы экономикалық реттеудiң түрлерi
Экономикалық реттеудiң негiзгi түрлерi:
1) су пайдаланушылардан Қазақстан Республикасының салық заңдарында көзделген төлемдер мен алымдарды алу;
2) су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғаудың бекітілген бағдарламаларын әзiрлеу және қаржыландыру;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың ресурстар сақтау, қалдығы аз технологияларды және энергияның дәстүрден тыс түрлерiн енгізуi және игеруi, су ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану жөніндегі басқа да тиiмдi шараларды жүзеге асыруы кезiнде оларға кредиттiк және өзге де жеңiлдiктер беру;
4) қоғамдық қорлар құру және оларды су объектiлерiн қалпына келтiру мен қорғау үшiн пайдалану болып табылады.
133-бап. Су ресурстарын пайдаланғаны үшiн ақы төлеу
1. Қазақстан Республикасында ортақ су пайдалану тегiн жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасында арнайы су пайдалану Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес ақылы негiзде жүзеге асырылады.
134-бап. Су беру жөнiнде көрсетiлетiн қызметтерге ақы төлеу
1. Суды алуға, суларды тасымалдауға, бөлуге, тазартуға, су пайдаланушыларға су беру кезіндегі жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын және басқа да су шаруашылығы iс-шараларын орындауға байланысты көрсетiлетiн қызметтер ақылы негiзде жүзеге асырылады.