Өзге тексеру түрлерін жүргізуге тыйым салынады.
1-4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган шығаратын тексеруді тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органда міндетті түрде тіркеледі. Төтенше экологиялық жағдайларға дереу назар аудару қажет болған жағдайда тексеру тағайындау туралы акт негізінде тексеру басталады, ол кейіннен белгіленген тәртіппен тіркелуге тиіс.
1-5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары өз құзыреті шегінде тексеру нәтижелері бойынша мынадай актілер шығарады:
1) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғау саласындағы заңнамасының сақталуын тексеру актісі;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама;
3) нұсқама;
4) әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы.
Кәсіпкерлік субъектісінің басшысы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты нұсқаманы орындау мерзімі аяқталған соң жеті күннен кешіктірмей беруге тиіс.";
2-тармақта:
үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және тиімді пайдалану жөніндегі бағдарламалардың, жоспарлар мен шаралардың орындалуын, қоршаған ортаны қорғау туралы заңнаманың, оның сапа нормативтері мен экологиялық талаптарының орындалуын, тазарту құрылыстары мен басқа да залалсыздандыратын құрылғылардың жұмысын, оларды бақылау құралдарын тексеруге;";
төртінші абзац "табиғи ресурстарды пайдалану" деген сөздердің алдынан "қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензияның, жергілікті атқарушы органдардың табиғи ресурстарды пайдалануға беру туралы шешімдерінің, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларының болуын," деген сөздермен толықтырылсын.
18. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 1997 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 17-18, 215-құжат; 1999 ж., № 11, 357-құжат; 2001 ж., № 3, 20-құжат; № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 10, 57-құжат; № 23, 142-құжат):
1) 7-баптың 1-тармағының жетінші абзацы алып тасталсын;
2) 10-баптың жетінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"мынадай жағдайларда:
қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар өзге де мемлекеттік органдар бекіткен тексерулердің жоспарларына сәйкес;
жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмасы бойынша;
жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарында жазылған расталған фактілер бойынша;
жоспарлы тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы күзет қызметін құрады және мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;";
3) 11-баптың 2-тармағының екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"мынадай жағдайларда:
облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының тексеру жоспарларына сәйкес;
жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмасы бойынша;
жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарында жазылған расталған фактілер бойынша;
жоспарлы іс-шаралар жүргізу нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;";
4) 25-баптың 1-тармағының бесінші абзацындағы "қадағалауды" деген сөз "мониторингін" деген сөзбен ауыстырылсын;
5) 22-тараудың атауы мынадай редакцияда жазылсын:
"22-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылау";
6) 81-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"81-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылауды өз құзыреті шегінде:
ерекше қорғалатын аумақтар саласындағы уәкілетті орган;
облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді және атқарушы органдары;
қарамағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар өзге де орталық атқарушы органдар жүргізеді.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес ерекше қорғалатын аумақтар саласындағы мемлекеттік инспекторлар құқығын иеленеді.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылау тексерулер жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы тексеру - ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың осы аумақтардың мемлекеттік табиғи-қорық қорын пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауын айқындау мақсатында жасайтын іс-әрекеті.
5. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар өздерінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.";
7) 82-бап алып тасталсын.
2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
19. "Нормативтік құқықтық актілер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 2-3, 25-құжат; 2001 ж., № 20, 258-құжат; 2002 ж., № 5, 50-құжат; 2004 ж., № 5, 29-құжат; № 13, 74-құжат; 2005 ж., № 20, 258-құжат; 2002 ж., № 5, 50-құжат; 2004 ж., № 5, 29-құжат; № 13, 74-құжат; 2005 ж., № 17-18, 73-құжат):
1) 14-баптың 3-тармағында:
екінші бөліктегі "нормативтік" деген сөзден кейін "құқықтық" деген сөзбен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
"Заңнан туындайтын нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу мен келісудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.";
2) мынадай мазмұндағы 14-1-баппен толықтырылсын:
"14-1-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін
қозғайтын нормативтік құқықтық актілердi
әзірлеудің және қабылдаудың ерекшеліктерi
1. Орталық және жергілікті атқарушы органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын сараптамалық қорытынды алу үшін сараптама кеңестері арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жібереді.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазбада нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енгізілуіне байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азайғанын және (немесе) ұлғайғанын растайтын есеп нәтижелері қамтылуға тиіс.
3. Сараптамалық қорытынды жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мүшелерінің ортақ пікірін білдіреді, ұсыныс сипатында болады және нормативтік құқықтық актінің жобасына оны мемлекеттік орган қабылдағанға дейін міндетті қосымша болып табылады.
4. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен ретте нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігіне сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерін негіздеп, жауап жібереді.
5. Жеке кәсіпкердің мүддесін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізудің мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектісіне қызметін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалуы үшін қажетті мерзімдерді негізге ала отырып белгіленуге тиіс.
Нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізудің тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне залал келтірмеуге тиіс.
6. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкердің мүддесін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қабылдаудың міндетті шарты болып табылады.
7. Жеке кәсіпкердің мүддесіне қатысты нормативтік құқықтық актінің жобалары оларды тиісті органда немесе Сараптама кеңесінің отырысында қарағанға дейін, көпшіліктің қолы жетімді телекоммуникациялық жүйелердегі WEB-сайттарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) тиіс.";
3) 27-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
"1-1. Жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде, оны іске асыру үшін қабылданған төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің де күші жойылды деп танылуға тиіс.
Бұл талап жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актіден төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерді іске асыру үшін қабылданған жекелеген нормалар алып тасталған жағдайларда да қолданылады.";
4) 30-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
"Нормативтік құқықтық актілер мәтіндерінің кейіннен ресми жариялануының белгіленген тәртібінің сақталуын бақылауды әділет органдары жүзеге асырады.";
5) 36-бапта:
2-тармақта:
4) тармақшадағы ", ал әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге тиістілері - мемлекеттік тіркеуден кейін" деген сөздер алып тасталсын;
5) тармақшадағы "азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты" деген сөздер "әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге тиісті," деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 38-бапта:
1-тармақтың бірінші бөлігіндегі "ведомствоаралық сипаттағы немесе" деген сөздер алып тасталсын;
7) 40-бапта:
3-тармақтағы "мемлекеттік тіркеу және (немесе) жариялау" деген сөздер "жариялау" деген сөзбен ауыстырылсын;
8) 43-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
"2-1) заңнан туындайтын нормативтік құқықтық актілердің тұрақты мониторингін жүргізу;";
2-тармақ мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
"6) өздері қабылдаған және (немесе) әзірлеуші болып табылатын заңнан туындайтын нормативтік құқықтық актілерге қатысты - заңнан туындайтын тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдаған және (немесе) оларды әзірлеушілер болып табылатын уәкілетті органдар.";
9) 43-1-баппен толықтырылсын:
"43-1-бап. Заңнан туындайтын нормативтік құқықтық актілердің
мониторингi
1. Уәкілетті органдар өздері қабылдаған және (немесе) әзірлеуші болып табылатын заңнан туындайтын нормативтік құқықтық актілердің Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін және ескірген құқықтық нормаларын анықтау, оларды іске асырудың тиімділігін бағалау үшін олардың тұрақты мониторингін жүзеге асыруға және оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу және олардың күші жойылды деп тану жөніндегі шараларды уақтылы қабылдауға міндетті.
2. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің мониторингін жүргізу ережесін Қазақстан Республикасының Yкіметі бекітеді.";
10) 44-баптың 4-тармағы "нормативтік" деген сөзден кейін "құқықтық" деген сөзбен толықтырылсын.
20. "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" 1998 жылғы 22 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 5-6; 49-құжат; 1999 ж., № 20, 727-құжат; 2002 ж., № 10, 102-құжат; 2003 ж., № 11, 56-құжат; № 24, 178-құжат; 2004 ж., № 5, 30-құжат; 2005 ж., № 14, 58-құжат) өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
43-баптың 2-тармағының 10) тармақшасындағы "бір ауыздан қабылданатын" деген сөздер алып тасталсын.
21. "Жосықсыз бәсеке туралы" 1998 жылғы 9 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 9-10, 84-құжат; 2000 ж., № 21, 397-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат):
мынадай мазмұндағы 5-1-баппен толықтырылсын:
"5-1-бап. Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасының сақталуына тексеру жүргізу
1. Нарық субъектілерінің, мемлекеттік органдардың (бұдан әрі - тексерілетін субъектілер) Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасын сақтауы монополияға қарсы орган жүргізетін тексерудің нысанасы болып табылады.
2. Монополияға қарсы орган жүзеге асыратын тексеру жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінуі мүмкін.
Жоспарлы тексерулер тексерілетін субъектілердің Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасын сақтауына байланысты мәселелердің барлық кешенін қамтиды және жылына бір реттен жиі жүргізілмейді.
Жоспарлы тексерулер тексерілетін субъектінің орналасқан жері бойынша немесе оның құрылымдық бөлімшесінің орналасқан жері бойынша жүргізілуі мүмкін.
Монополияға қарсы органның басшысы жыл сайын бекітетін органның жұмыс жоспары жоспарлы тексеру жүргізуге негіз болып табылады. Жоспарда тексеру жүргізілуі мүмкін субъектілердің тізбесі және тексеру жүргізілетін кезең қамтылуға тиіс.
Жоспардан тыс тексеру - монополияға қарсы органның жоспарында көзделмеген тексеру және Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасының бұзылуы туралы монополияға қарсы органға келіп түскен не жеке анықталған ақпаратты растау үшін жүргізіледі.
3. Жоспардан тыс тексеру жүргізуге мыналар негіз болып табылады:
жеке және заңды тұлғалардың жосықсыз бәсекенің нәтижесінде өздерінің құқықтары бұзылғандығы туралы өтініші;
Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасының бұзылуы туралы басқа да мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар;
монополияға қарсы органның тауар нарығын талдау, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары және өзге де мәліметтер негізіндегі жеке бастамасы;
монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасының бұзылуы мәселелері бойынша зерттеу жүргізуінің нәтижесі.
4. Тексеру жүргізу үшін монополияға қарсы орган монополияға қарсы органның басшысы қол қойған, мөрмен куәландырған және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық есептілікті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын уәкілетті органда тіркелген қатаң есептілік бланкісіндегі нұсқаманы қабылдап, тексеруді тағайындау туралы бұйрық шығарады және тексеру жүргізу бағдарламасын бекітеді.
Тексеру жүргізу туралы нұсқама екі данада жасалып, олар тіркеу үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық есептілікті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын уәкілетті органға табыс етіледі. Тіркеу туралы белгісі бар бір данасы істің материалдарына тіркеледі.
Нұсқаманың құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық есептілікті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын уәкілетті органда тіркелгені туралы белгісі бар көшірмесі, сондай-ақ тексеру бағдарламасы тексеру жүргізілетін күні тексерілетін субъектінің басшысына тапсырылады.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық есептілікті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын уәкілетті органда тіркелгені туралы белгісі жоқ тексерілетін субъектіге тапсырылатын тексеру жүргізілгені туралы нұсқаманың көшірмесі жарамсыз болып табылады.
Тексеру тағайындау туралы нұсқамада көрсетілген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргізе алады.
5. Тексеру жүргізудің бағдарламасы мен мерзімдерi
тексеру жүргізудің мерзімдерін;
тексеру жүргізудің негізгі міндеттері мен мақсаттарын, оларды іске асырудың рәсімін;
тексеру барысында анықталуға тиісті мәселелердің тізбесі мен мән-жайлардың ауқымын;
тексеру жүргізу кестесін;
тексерілетін субъектінің ерекшелігіне сәйкес өзге де ақпаратты қамтуға тиіс.
6. Тексеру жүргізудің мерзімі алда тұрған жұмыстардың ауқымы мен қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және ол тексеру жүргізу туралы нұсқаманы құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық есептілікті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын уәкілетті органда тіркеген кезден бастап күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
Тексерілетін субъект қызметінің ерекшеліктеріне және тексеру жұмысының ауқымдылығына байланысты тексеру заңда белгіленген мерзімде аяқталмайтын жағдайларда, монополияға қарсы органның тексеру жүргізуге жауапты лауазымды адамы монополияға қарсы органның басшысына жасалған жұмыстың нәтижелері жазылған қызметтік жазбаны және тексеруді ұзарту қажеттігі туралы негіздемені ұсынады.
Монополияға қарсы органның басшысы тексеру жүргізудің мерзімін ұзарту туралы бұйрық шығаруға құқылы. Монополияға қарсы органның басшысы тексеру жүргізу туралы нұсқамаға және тексеру бағдарламасына тексеруді ұзарту туралы белгі қояды.
Тексеру жүргізу мерзімін ұзарту күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
Тексеру жүргізу мерзімін ұзарту туралы бұйрықтың көшірмесі тіркелген күні тексерілетін субъектінің басшысына тапсырылады.
Тексеру нәтижелері туралы анықтаманы тексерілетін субъектіге тапсырған күн тексеру жүргізудің мерзімі аяқталған күн деп есептеледі, бірақ ол тексеру жүргізу туралы нұсқамада көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірілмеуге тиіс.
7. Монополияға қарсы органның лауазымды адамының тексеру жүргізген кезде:
1) тексерілетін субъектінің аумағына және үй-жайына кедергісіз кіруге;
2) тексеру нысанына сәйкес тексерілетін субъектінің автоматтандырылған деректер базасына (ақпараттық жүйесіне) қол жеткізуге;
3) тексерілетін субъектінің басшыларынан, лауазымды адамдарынан және басқа да қызметкерлерінен тексеруге қатысты қажетті ақпаратты, құжаттар мен олардың көшірмелерін, тексеру барысында туындайтын мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түрде түсініктемелерді сұратуға және алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтарға куә адамдар болған жағдайда олардан ауызша және жазбаша түрде түсініктемелер алуға құқығы бар.
Тексерілетін субъектінің басшысы және лауазымды адамдары тексеру жүргізуге жауапты монополияға қарсы органның лауазымды адамының ауызша сауалы бойынша ақпаратты, құжаттарды немесе олардың көшірмелерін беруден бас тартқан жағдайда, оған тиісінше жазбаша сауал табыс етіледі. Жазбаша сауалды тексерілетін субъектінің басшысына тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, ол тексерілетін субъекті басшысының атына жеткізілгені туралы хабардар ететін тапсырыс хатпен почта байланысы арқылы жіберіледі.
8. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпаратты басқа мемлекеттік органға беру жағдайларын қоспағанда, тексеру барысында монополияға қарсы орган алған тексерілетін субъект туралы кез келген ақпарат таратылуға жатпайды.
9. Тексеру жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасының бұзылғандығы анықталған жағдайда монополияға қарсы органның лауазымды адамы осы Заңға және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес тексерілетін субъектіге қатысты тиісті тексеру аяқталғанға дейін шаралар қолдануға құқылы.
10. Тексеру нәтижелері анықтамамен рәсімделеді, онда барлық тексерілетін мәселелер бойынша талдау, тұжырымдар мен ұсыныстар жазылуға тиіс және ол екі данада жасалып, оның біреуі тексерілетін субъектінің басшысына тапсырылады.
Тексеру нәтижелері тексерілген деректер мен фактілердің негізінде анықтамаға жазылады, олар тиісті құжаттармен расталады. Құжаттармен расталмаған тұжырымдарды, ұсыныстар мен деректерді анықтамаға енгізуге жол берілмейді.
Тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасы бұзылмаған жағдайда анықтамаға тиісінше жазба жасалады.
Тексеру нәтижелері бойынша ескертпелер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда тексерілетін субъектінің басшысы оларды жазбаша түрде жазып көрсетеді.
Ескертпелер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргізудің нәтижелері туралы анықтамаға қоса беріледі, ол туралы тиісінше белгі соғылады.
Тексерілетін субъектінің басшысы тексерудің нәтижелері туралы анықтамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, монополияға қарсы органның тексеру жүргізуге жауапты лауазымды адамы анықтамаға тиісті жазба жасайды.
Тексеру жүргізу аяқталғаннан кейін монополияға қарсы органның тексеру жүргізуге жауапты лауазымды адамы анықтаманың екінші данасын тексерілетін субъектінің басшысына тапсырады.
Анықтаманы тексерілетін субъектінің басшысына тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, анықтама тексерілетін субъектінің басшының атына почта арқылы тапсырылғандығы хабарланатын тапсырыс хатпен жіберіледі.
11. Тексеру жүргізу кезінде тексерілетін субъектінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, тексерілетін субъекті монополияға қарсы органның әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
12. Монополияға қарсы органның лауазымды адамының тексеру жүргізу кезіндегі заңсыз әрекеті (әрекетсіздігі) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.".
22. "Табиғи монополиялар туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 16, 214-құжат; 1999 ж., № 19, 646-құжат, 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 23, 309-құжат; 2002 ж., № 23-24, 193-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 23, 142-құжат):
мынадай мазмұндағы 18-5 - 18-7-баптармен толықтырылсын:
"18-5-бап. Табиғи монополиялар субъектілерін тексеру
1. Уәкілетті орган жүзеге асыратын табиғи монополиялар субъектілерін тексеру жоспарлы және жоспардан тыс болуы мүмкін.
2. Табиғи монополиялар субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметін жоспарлы тексеруді уәкілетті мемлекеттік орган жылына бір реттен жиі жүргізбейді. Шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын табиғи монополиялар субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметін жоспарлы тексеруді уәкілетті орган үш жылда бір реттен жиі жүргізбейді.
3. Жыл сайын уәкілетті органның басшысы бекітетін уәкілетті органның жұмыс жоспары жоспарлы тексеру жүргізуге негіз болып табылады. Жоспарда тексерулер жүргізілетін табиғи монополиялар субъектілерінің тізбесі және оларды жүргізу кезеңі қамтылуға тиіс.
4. Уәкілетті органның табиғи монополия субъектілеріне жоспардан тыс тексерулер жүргізуге мыналар негіз болады:
1) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жолданымдарында жазылған расталған фактілер;
2) мемлекеттік органдардың ақпараты;
3) құқық қорғау органдарының хабарламалары;
4) басқа мемлекеттік органдармен бірлескен тексерулер;
5) уәкілетті органның өз бастамасы;
6) бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары.
5. Осы баптың 4-тармағында көзделген негіздер туындаған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей, уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылық фактілеріне тексеру жүргізу туралы шешім қабылдайды;
2) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылық фактілеріне тексеру жүргізуден бас тартады.
18-6-бап. Табиғи монополиялар субъектілеріне тексеру
жүргізудің тәртібi
1. Табиғи монополиялар субъектілерін тексеру уәкілетті орган тексеру жүргізу туралы шешім қабылдағаннан кейін жүргізіледі. Уәкілетті органның тексеру жүргізу туралы шешімінде:
1) уәкілетті органның атауы, тексеру тағайындау жөнінде өкілеттігі бар адамның тегі, аты, әкесінің аты және лауазымы мен оның қолы;
2) тексерулер тағайындау туралы актінің шығарылған күні мен уәкілетті органның журналы бойынша тіркеу нөмірі;
3) тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның тегі мен аты-жөні;
4) салық төлеуші - табиғи монополия субъектісінің атауы, тұрған жері және тіркеу нөмірі;
5) тексеру түрі;
6) тексеру мәселесі;
7) тексеру жүргізу мерзімі;
8) тексеру тағайындаудың негіздемесі;
9) табиғи монополия субъектісінің құжаттарын белгілі бір уақыт мерзімінде зерделеу қажет болған жағдайда тексерілетін кезеңі;
10) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін өткен жылғы (өткен жыл деп тексеру жүргізу кезіндегі күнтізбелік жыл түсініледі) жүргізілген тексерулері туралы ақпарат;
11) табиғи монополия субъектісіне тексеру жүргізудің негізгі міндеттері мен мақсаттары көрсетілген тексеру бағдарламасы, табиғи монополия субъектісін тексеру барысында анықталуға тиісті мәселелер тізбесі мен жағдаяттар аясы қамтылуға тиіс.
2. Уәкілетті органның тексеру жүргізу туралы шешіміне басшы қол қояды және ол уәкілетті органның мөрімен расталады.
3. Табиғи монополиялар субъектілеріне тексеру жүргізу кезінде уәкілетті органның лауазымды тұлғасы табиғи монополиялар субъектісінің басшысына немесе оны ауыстырушыға уәкілетті органның тексеру жүргізу туралы шешімін және қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті.
4. Тексеру жүргізу туралы шешімді және қызметтік куәлікті көрсеткен кезде табиғи монополиялар субъектісі уәкілетті органның лауазымды адамын өздеріне тиесілі аумаққа немесе үй-жайға жіберуге және тексерілетін табиғи монополиялар субъектісінің лауазымды адамдарынан, басшылары мен басқа да қызметкерлерінен тексеру жүргізу үшін қажетті ақпаратты, құжаттарды сұрату және оларды алу мен тексеру барысында пайда болатын мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түрде түсіндірмелер алу мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті.