5-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
"3. Туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды туроператордың және (немесе) турагенттің туроператордың немесе турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуын растайтын құжаттарды сұрату жолымен облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) атқарушы орган жүзеге асырады. Туроператордың және (немесе) турагенттің сұратылған құжаттарды отыз күн ішінде бермеуі лицензияның қолданысын тоқтата тұруға негіз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.".
57. "Дәрілік заттар туралы" 2004 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 2, 8-құжат; № 23, 142-құжат):
1) 14-бапта:
тақырыбындағы "қызмет түрлерін" деген сөздер "қызметті" деген сөзбен ауыстырылсын;
1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Лицензиялауға мыналар жатады:";
2) мынадай мазмұндағы 14-1-баппен толықтырылсын:
"14-1-бап. Дәрілік заттар айналысы саласындағы
мемлекеттік бақылау
1. Дәрілік заттар айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды дәрілік заттар айналымы саласындағы субъектілердің Қазақстан Республикасында дәрілік заттар айналымын регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді, ережелер мен нормаларды сақтауын белгілеу мақсатында уәкілетті органның лауазымды адамдары жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік бақылау:
1) дәрілік заттардың қауіпсіздігін, тиімділігін және сапасын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ анонимдік хабарларды қоспағанда, өтініштерде жазылған, оның ішінде халықтың денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке қауіпті дереу жоюды талап ететін расталған фактілер бойынша тексерулер;
2) бұзушылықтарды жоюға және уәкілетті органның лауазымды адамдары берген нұсқамаларды орындауға бағытталған іс-шараларды жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
Бақылаушы органның шешім қабылдауы үшін қажетті қосымша ақпарат алу мақсатында үшінші тұлғаларға қатысты тексеру жүргізуге рұқсат етіледі.".
58. "Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы" 2004 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 5, 26-құжат):
1) 5-баптың 1-тармағы "уәкілетті орган" деген сөздерден кейін "мен оның аумақтық органдары" деген сөздермен толықтырылсын;
2) мынадай мазмұндағы 5-1-баппен толықтырылсын:
"5-1-бап. Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру
саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру
тәртібi
Өсімдік шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық органы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында:
1) агенттен өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтанушылардың тиісті аумақтағы сақтандырылған өсімдік шаруашылығы өнімдерінің түрлері көрсетілген тізбесін сұратады;
2) өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтанушылар тізбесіне кірмеген өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге сақтандыру шартының жасалғанын растау қажеттігі туралы хабарлама жолдайды;
3) өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіруші бір ай ішінде өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартының жасалғанын растамаған жағдайда, осы өндірушіге тексеру тағайындау туралы нұсқама шығарады;
4) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасайды және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жаза қолданады;";
3) 10-баптың 2-тармағында:
бірінші бөліктің үшінші абзацы "гидрометеорологиялық" деген сөздің алдынан "өтініш жасалған күннен бастап бір күндік мерзімде сақтанушыға тегін берілетін," деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы үшінші - бесінші бөліктермен толықтырылсын:
"Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартын жасасу нысанында жоспарлы тексеру жүргізу арқылы мемлекеттік бақылау жылына бір рет жүзеге асырылады.
Жоспарлы тексеруді жүргізу мерзімі отыз күнтізбелік күнді құрайды.
Тексеру тағайындау туралы акті тексерілетін кәсіпкерлік субъектісіне берілген сәт тексеру жүргізудің басталуы болып саналады.".
59. "Сауда қызметін реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 6, 44-құжат):
1) 8-баптың 2) тармақшасындағы "қызметін бақылауды" деген сөздер "қызметін реттеуді" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 33-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"33-бап. Сауда қызметін жүзеге асыруды бақылау
1. Қазақстан Республикасының аумағында сауда қызметінің жүзеге асырылуын бақылауды республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы сауда қызметі субъектілерінің нормативтік құқықтық актілерді, сауда қызметі субъектілеріне қойылатын талаптарды сақтауын анықтау мақсатында тексерулер, сауда қызметі субъектілерінен құжаттар сұрату жолымен жүргізеді.
2. Сауда қызметі субъектілерін тексерулер жоспарлы (тиісті мемлекеттік орган жоспарлаған және бекіткен тексеру) және жоспардан тыс (өтініштерде жазылған расталған фактілерге жедел назар аударуды талап ететін, қалыптасқан жағдайға сәйкес тағайындалатын тексеру) болып бөлінеді.
3. Жоспарлы тексерулер жылына бір реттен жиі жүргізілмейді.".
60. "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 14, 81-құжат):
1) 2-бап мынадай мазмұндағы 33-1) тармақшамен толықтырылсын:
"33-1) радиобақылау - радиосәуле таратуларды техникалық бақылауды орындау арқылы бөгеуілдерінің деңгейі жол берілетіндей радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың пайдаланылуын, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға инспекция жасауды, радиобөгеуіл көздерінің әсерін, радиожиіліктерді пайдалану тәртібін, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың сәуле тарату өлшемдерінің стандарттары мен нормаларын бұзылушылықтарды анықтауды және олардың жолын кесуді қамтамасыз ететін шаралар жүйесі;";
2) 8-бапта:
1-тармақта:
8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"8) өз құзыреті шегінде байланыс саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, оның ішінде радиоэлектрондық құралдарды, жоғары жиілікті құрылғыларды тіркеу және пайдалану, сондай-ақ оларды шет елдерден әкелу тәртібін, байланыс қызметтерін көрсету ережесін және Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникациялар желісін, Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін құру тұжырымдамаларын әзірлеу және қабылдау;";
мынадай мазмұндағы 8-1) және 8-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"8-1) радиобақылауды жүзеге асыру және байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың радиожиілік спектрін пайдалануына және байланыс қызметтерін көрсететін лицензиаттардың лицензия талаптарын сақтауына тексеру жүргізу;
8-2) радиобақылауды, байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың радиожиілік спектрін пайдалануын және байланыс қызметтерін көрсететін лицензиаттардың лицензия талаптарын сақтауын тексеруді жүргізуге қатысты құжаттардың (хаттаманың, нұсқаманың, тексеру тағайындау туралы актілердің) нысандарын әзірлеу және бекіту;";
2-тармақ мынадай мазмұндағы 9-1), 9-2), 9-3), 9-4) және 9-5) тармақшалармен толықтырылсын:
"9-1) радиобақылауды жүзеге асыру және байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың радиожиілік спектрін пайдалануына және байланыс қызметтерін көрсететін лицензиаттардың лицензия талаптарын сақтауына тексеру жүргізу;
9-2) лицензиаттардың Қазақстан Республикасының аумағында лицензия талаптарын сақтауын бақылау;
9-3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес телекоммуникациялар желілері мен құрылғылары құрылыстарының және почта байланысының техникалық нормалар мен оларды техникалық пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі талаптарға сәйкестігін тексеру;
9-4) Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жүрген радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды анықтау және олардың жолын кесу;
9-5) почта желісі объектілерін пайдалануды ұйымдастыру және байланыс қызметін пайдаланушыларға қызмет көрсету жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауды қамтамасыз ету;";
3) мынадай мазмұндағы 5-1-тараумен толықтырылсын:
"5-1-тарау. Қазақстан Республикасының аумағында байланыс
және радиобақылау саласындағы қызметті жүзеге
асыратын жеке және заңды тұлғаларға тексеру
жүргізу тәртібi
28-1-бап. Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке
және заңды тұлғаларды тексерудің түрлерi
Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды тексеру жоспарлы, жоспардан тыс және рейдтік болып бөлінеді.
Жоспарлы - алдыңғы тексерулерге қатысты заңдарда белгіленген уақыт аралығы ескеріліп жүргізілетін алдын-ала жоспарлаған тексеру;
Жоспардан тыс - қоғамдық тәртіпке, халықтың денсаулығына және ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді дереу жоюды талап ететін, сондай-ақ өтініштерге жедел назар аударуды талап ететін, қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты тағайындалатын тексеру;
Рейдтік - бірнеше жеке және заңды тұлғалардың қызметін олардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауы мәселелері бойынша бір мезгілде қамтитын тексеру.
28-2-бап. Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын
жеке және заңды тұлғаларға тексерудi
ұйымдастыру мен жүргізу тәртібi
1. Жоспарлы тексеру уәкілетті органның басшысы не оны ауыстыратын адам бекіткен тексеру жүргізудің жоспар-кестесіне сәйкес жүргізіледі.
2. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде есепте тұрған жеке және заңды тұлғаларға тексеру жүргізудің жоспар-кестесін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан түскен өтініштерді ескере отырып, сондай-ақ лицензиаттардың лицензия талаптарын және Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасын бірнеше рет бұзуын ескере отырып, әр тоқсанға жасайды және уәкілетті органның қарауына әрі бекітуіне жібереді.
3. Жоспарлы тексерудің кезеңділігі жылына бір ретті (шағын кәсіпкерлік субъектілері - жеке және заңды тұлғаларға үш жылда бір реттен жиі емес) құрайды.
4. Жоспардан тыс және рейдтік тексерулер байланыс немесе байланыс операторларының қызметін пайдаланушылардың өтініштері бойынша, сондай-ақ лицензиясыз қызмет, радиожиілік спектрін және радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды рұқсат құжаттарынсыз пайдалану және радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдаланудың техникалық нормаларын бұзушылықтар анықталған жағдайда жүргізілуі мүмкін.
28-3-бап. Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын
жеке және заңды тұлғаларға тексеру жүргізудi
ұйымдастыру
1. Тексеру жүргізу үшін тексеру тағайындау туралы акті шығарылады, онда:
1) бақылау органының атауы, тексеру тағайындау жөніндегі өкілеттігі бар тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы және оның қолы;
2) бақылау органының журналы бойынша тексеру тағайындау туралы актінің күні және тіркеу нөмірі;
3) тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның тегі, аты, әкесінің аты;
4) жеке және заңды тұлғаның атауы, орналасқан жері және салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
5) тексерудің түрі;
6) тексерудің мәселесі;
7) тексеру жүргізу мерзімі;
8) тексеру тағайындаудың негіздемесі;
9) егер заңды тұлғаның (филиалдың немесе өкілеттіктің) немесе жеке кәсіпкердің белгілі бір уақыт кезеңіндегі құжаттарын зерделеу қажет болған жағдайда тексерілетін кезең;
10) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне бұрын жүргізілген тексерулер туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
2. Тексеру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексеруді тағайындау туралы акті тіркелгеннен кейін жүргізіледі.
3. Тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеру жүргізу мерзімі қойылған міндеттер мен алдағы жұмыстардың көлемі ескеріле отырып белгіленеді, бірақ ол күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленгеннен басқа жағдайларда, күнтізбелік он бес күннен аспауға тиіс.
4. Негізді себептері болғанда тексеру жүргізу мерзімі ұзартылуы мүмкін, бірақ ол отыз күнтізбелік күннен аспауға тиіс, бұл ретте уәкілетті органның тексеру жүргізетін лауазымды адамы бұл туралы жиырма төрт сағаттың ішінде жеке және заңды тұлғаны хабардар етеді.
5. Тексеру жүргізу кезінде мыналар:
1) негізгі қорларға иелік ету және пайдалану құқығын пайдалана отырып жүзеге асырылатын лицензияланатын қызмет;
2) техникалық байланыс құралдарына қызмет көрсететін білікті персоналдың болуы;
3) жеке және заңды тұлғаларда лицензияланатын байланыс қызметтерін көрсетуге лицензияларының, сондай-ақ радиожиілік спектрін, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалануға рұқсаттарының болуы;
4) лицензияны қолдану талаптарының сақталуы;
5) тексерілетін тұлғалардың байланыс желілерін, тораптарын және объектілерін техникалық пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі нормативтік техникалық құжаттамалардың талаптарын және техника қауіпсіздігі талаптарын сақтауы;
6) тексерілетін тұлғалардың байланыс құралдарын техникалық пайдалану тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді сақтауы;
7) тексерілетін объектілерде қолданылатын техникалық байланыс құралдарына сәйкестік сертификаттарының болуы;
8) радиоэлектрондық құралдардың нақты санының уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде тіркелген радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың санымен сәйкес келуі;
9) байланыс құралдарының, объектілері мен құрылыстарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелуі және Қазақстан Республикасының аумағында радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану талаптарының орындалуы;
10) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың пайдалану-техникалық сипаттамасының радиожиілік спектрін пайдалану рұқсатында көрсетілген деректерге сәйкестігі;
11) байланыс объектілері мен құрылыстарына санитарлық паспорттардың және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы мемлекеттік органның қорытындысының болуы;
12) байланыс операторының коммутациялық жабдықтары құрамында арнайы жедел іздестіру іс-шараларын өткізу үшін құралдардың болуын тексеру анықталады.
6. Почта байланысы операторын тексеру почта байланысын пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызмет көрсетілуін тексеруді қамтиды.
28-4-бап. Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын
жеке және заңды тұлғаларды тексеруді жүргізу
тәртібi
1. Материалдық залал келтіруге әкеп соқтыруы мүмкін, технологиялық процестердегі еріксіз тоқтап қалулар мен үзілістерді болғызбау мақсатында жоспарлы тексерудің басталуынан кемінде екі апта бұрын тексерілетін тұлға алдағы тексеру туралы жазбаша хабарланады. Мұндай хабарлама алған соң тексерілетін жеке және заңды тұлғалар алдағы тексеруге қатысу үшін өзінің тексеру нәтижелері бойынша жасалған құжаттарға қол қоюға уәкілеттік берілген өкілін жібереді.
2. Тексеру мынадай кезеңдерден тұрады:
1) істің мән-жайын алдын ала зерделеу;
2) тексеру жүргізу;
3) тексеру жүргізу кезінде алынған нәтижелерді талдау және жинақтау, қорытындыларды шығару, тиісті құжаттарды ресімдеу;
4) тексерілген тұлғаны тексеру нәтижелері туралы хабарландыру;
5) жұмыс қорытындысын шығару;
6) егер бұзушылықтар анықталса, ондай фактілер бойынша шаралар қабылдау.
3. Тексеруді жүзеге асырған кезде лауазымды адамдар:
1) тексерілетін тұлғаға қызмет куәлігі мен тексеру тағайындау туралы актіні көрсетуге;
2) тексеру процесінде тексерілетін тұлғаның құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге;
3) лицензиялар мен радиожиілік спектрін пайдалану талаптарын бұзуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға және өз өкілеттігі шегінде оларды жою шараларын қабылдауға міндетті.
4. Тексеру жүргізу кезінде байланыс саласындағы лицензияланатын қызметті жүзеге асыратын тексерілетін тұлғалар, уәкілетті органның лауазымды адамдарының талаптары бойынша лицензияның түпнұсқасын қосымшасымен немесе олардың нотариалдық куәландырылған көшірмелерін және радиожиілік спектрін (радиожиілік спектрі пайдаланылған жағдайда) пайдалануға рұқсат қағазының түпнұсқасын, сондай-ақ жүзеге асырылатын қызметтің лицензиялық талаптарға сәйкестігін растайтын өзге де құжаттарды көрсетеді.
5. Тексеру нәтижесі бойынша тексеру нәтижесі туралы акті жасалады, онда мыналар көрсетіледі:
1) тексеру өткізілген жер, акт жасалған күн;
2) тексерудің түрі;
3) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы;
4) тексеру объектісі;
5) тексеру тағайындау туралы актінің деректемелері;
6) алдыңғы тексеру туралы және бұрын анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралар туралы мәліметтер (тек шағын кәсіпкерлік субъектілері - жеке және заңды тұлғалар үшін);
7) тексеру жүргізілген мерзім;
8) тексеру нәтижелері;
9) анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар;
10) тексерілетін жеке және заңды тұлғалардың тексеру нәтижелеріне шағым жасау құқығы;
11) тексеру жүргізген лауазымды адамдардың қолдары.
6. Тексеру нәтижелері туралы акт екі данада жасалады. Бір данасы тексеру жүргізуге қатысқан тексерілетін тұлғаның өкіліне беріледі, екінші данасы тексеру жүргізетін уәкілетті органның лауазымды адамында қалады.
7. Тексеру нәтижелері туралы акт жасаған кезінде уәкілетті органның лауазымды тұлғасы:
1) анықталған бұзушылықтар фактілерін тиісті нормативтік құқықтық актілерге сілтеме жасай отырып, дәйекті, объективті, нақты және толықтай сипаттауға;
2) тексеру нәтижелері туралы актінің мәтінінде актінің қосымшаларында көрініс табуға тиіс, анықтамалық деректер, қосымша фактілер, қайталанатын біртекті бұзушылықтарды тізбелеу болмауы керек;
3) анықталған бұзушылықтар туралы тек қана нақты, негізделген және құжаттамамен расталған деректерді ғана көрсетуге міндетті.
8. Тексеру нәтижелері туралы актіге құжаттамамен расталмаған әртүрлі қорытындыларды, ұсыныстар мен деректерді енгізуге жол берілмейді.
9. Тексеру нәтижелері туралы актіге, тексеру аяқталғаннан кейін бірден тексеруді жүргізген лауазымды адам мен тексерілген тұлғаның осы тексеруді жүргізуге қатысқан өкілі қол қояды.
Тексерілетін тұлға өкілінің тарапынан тексеру нәтижелері туралы акті бойынша қарсылықтар немесе ескертпелер болған жағдайда ол өзі қол қояр алдында бұл туралы ескертпе жасайды және жазбаша түсіндірмені қоса береді. Тексерілген тұлғаның өкілі тексеру нәтижелері туралы актіге қол қоюдан бас тартқан жағдайда, актіде тиісті жазба жасалады.
10. Тексеруді жүзеге асыру барысында лицензия талаптарын және Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасы талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті органның лауазымды адамы:
1) тексерілетін тұлғаға анықталған кемшіліктерді жою мерзімін белгілей отырып, оларды жою туралы нұсқама беруге;
2) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға;
3) радиоэлектрондық құралды және жоғары жиілікті құрылғыны пайдалану құқығына рұқсат болмаған жағдайда, оларды ажыратып тастауға;
4) егер аталған қызмет лицензияланатын болса, онда уәкілетті органның алдында жабдықтардың техникалық сипаттамасы стандарттарға толығымен сәйкес келтірілгенге дейін немесе радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін берешек өтелгенге дейін алты айға дейінгі мерзімге лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы өтініш жасауға;
5) егер лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың себептері жойылмаса, уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензияны кері қайтарып алу туралы өтініш жасауға құқылы.
11. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы уәкілетті органның тексеру жүргізген лауазымды адамы екі данада жасайды. Нұсқаманың бірінші данасы тексерілетін тұлғаның тексеруге қатысқан өкіліне беріледі, екіншісі тексеру жүргізген уәкілетті органда қалады.
12. Тексерілетін тұлға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген мерзім ішінде бұзушылықтарды жояды және бұл туралы тексеру жүргізген уәкілетті органға жазбаша түрде хабарлайды.
13. Бұзушылықтар жойылғаны туралы жазбаша жауап алғаннан кейін немесе ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде берілмеген жағдайда, уәкілетті органның лауазымды адамы жеке немесе заңды тұлғаны анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау нысанына тексеруді жүзеге асырады.
14. Тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеру аяқталған мерзімнен кешіктірілмей, сол тексеру жүргізуге қатысқан тексерілген тұлғаның өкіліне тексеру нәтижелері туралы акт берілген күн тексерудің аяқталған күні болып есептеледі.
28-5-бап. Радиобақылауды жүргізу тәртібi
1. Азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың сәуле таратуын радиобақылау радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың техникалық құжаттамасын және өлшемдеріне рұқсаттарын (құжаттамалық бақылау) тексеру, сондай-ақ олардың жұмыс режимдерін бақылау-өлшеу аппаратурасы мен радиотехникалық бақылау құралдарының көмегімен тексеру (аспаптық бақылау) жолымен жүзеге асырылады.
Радиобақылауды уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері уәкілетті органның басшысы не оны ауыстыратын адам бекіткен радиобақылау жоспар-кестелеріне сәйкес жүргізеді.
Радиобақылаудың жоспар-кестесін аумақтық бөлімшелер әрбір тоқсанға жасайды.
Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдаланушылар жол берген бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті орган оларға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жібереді.
Азаматтық мақсаттағы тіркелген радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың жұмысында бөгеуіл туындаған жағдайда:
1) бөгеуіл жасалып отырған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың иелері радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың техникалық өлшемдерінің, соның ішінде қабылдау құрылғыларының таңдау немесе қорғаныш қасиеттерінің нормалар мен стандарттарға сәйкестігіне көз жеткізуі қажет. Егер олар нормаларға сәйкес болмаса, радиоэлектрондық құралдардың иелері сипаттамалардың нормаларға сәйкес келтірілуі жөнінде шаралар қабылдауға немесе радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды ауыстыруға тиіс. Басқа радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың сәуле таратуы салдарынан бөгеуіл туындаған кезде бөгеуіл жасалып отырған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың иелері уәкілетті органға жүгінеді;
2) уәкілетті орган бөгеуілдердің көздерін және сипатын, олардың туындау себептерін анықтау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады және оларды жою шараларын қабылдайды;
3) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың белгіленген өлшемдерінің және (немесе) жұмыс режимінің бұзылуы, олардың қабылдау құрылғыларының таңдау немесе қорғаныш қасиеттерінің нашарлауы қатар құрған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың өзара әсеріне негізделген интермодуляциялық сипаттағы бөгеуілдер салдарынан болғанда уәкілетті орган бөгеуілдерді жою жөнінде нұсқама немесе ұсыным береді;
4) тағайындалған жиіліктердегі бөгеуілдерді жою мүмкін болмаған кезде уәкілетті орган радиожиіліктерді жаңадан тағайындауды жүргізеді;
5) қапияда болған, өнеркәсіптік немесе технологиялық сипаттағы бөгеуілдер болғанда уәкілетті орган бөгеуіл көзін анықтау және оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.
2. Шет мемлекеттердің байланыс әкімшіліктерінен Қазақстан Республикасының аумағындағы көздерден болған радиобөгеуілдерге шағымдар түскен кезде уәкілетті орган халықаралық келісімге сәйкес осы шағымдардың құқықтық негізін анықтайды, егер шағымдар негізделген болса, бөгеуілдердің себептерін белгілейді және оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.
3. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға басқа мемлекеттердің аумағында орналасқан көздерден бөгеуіл жасалып отырған жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар иелерінің мүдделерін қорғау мақсатында халықаралық келісімге сәйкес бөгеуілдерді жою жөнінде шаралар қабылдайды.