6-тарау. Сәулет-құрылыс бақылауы
31-бап. Сәулет-құрылыс бақылауын ұйымдастыру
1. Сәулет-құрылыс бақылауын:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi;
2) өздерiнiң бақылау-қадағалау өкiлеттiктерi шегiнде жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдары;
3) құрылысты техникалық қадағалауды және объектiнi пайдалануға қабылдауды ұйымдастыру жолымен тапсырысшы;
4) құрылысқа авторлық қадағалау енгізу жолымен жобалық құжаттаманы әзiрлеушiлер;
5) жұмысшылар, қабылдау және мемлекеттік қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
2. Сәулет-құрылыс бақылауымен қоса:
1) құрылыс өнімдерiн стандарттау және сертификаттау бөлігiнде - стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттік орган;
2) өнеркәсiп және кен қадағалау жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу, объектiлердiң пайдаланылуы мен нормативтiк күтiп ұсталуына бақылау жүргiзу бөлігiнде - табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган;
3) аумақтар мен объектiлердiң санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйіне бақылау жүргізу бөлігінде - азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган;
2005.13.04 № 40-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) объектiлердi немесе олардың бөліктерiн салу және (немесе) пайдалану салдарынан аумақтың экологиялық жай-күйіне олардың әсер етуіне бақылау жүргізу бөлігінде - қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган.
2005.13.04 № 40-III ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (бұр. ред. қара)
5) мүгедектер мен халықтың қауқары аз топтары үшiн әлеуметтiк, көлiктiк және рекреациялық инфрақұрылым объектiлерiне қол жеткізудi қамтамасыз ету бөлiгiнде - халықты әлеуметтiк қорғау уәкiлеттi органы қадағалау қызметiн жүргiзедi.
3. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында аталған мемлекеттік органдардың заңдарда белгiленген тәртiппен берiлген ұйғарымдары, нұсқаулары мен өзге де шешiмдерi Қазақстан Республикасы аумағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң барлық субъектiлерi үшiн мiндеттi.
4. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi мен сәулет-құрылыс бақылауы органдарының (қызметтерiнiң, лауазымды адамдарының) арасындағы өзара талаптар мен даулы мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.
32-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы лицензиялау
1. Жеке және заңды тұлғалардың жобалау-iздену, сараптама, құрылыс-монтаж жұмыстарын, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiру жөніндегі жұмыстарды орындауға оларда сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің аталған түрлерін жүзеге асыруға құқық беретiн лицензия болғанда ғана жол берiледi.
Лицензиялауға жататын жобалау-iздену, сараптама, құрылыс-монтаж жұмыстарын, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiру жөніндегі жұмыстар түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы жобалау-iздену, сараптама, құрылыс-монтаж жұмыстарын, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiру жөніндегі жұмыстарды лицензиялауды сәулет, қала құрылысы және құрылыс жөніндегі жергiлiктi органдар жүзеге асырады.
3. Техникалық аудит жүргiзу, өтiнiш берушiлердiң (лицензияға талапкерлердiң) мамандандырылған және ерекше күрделi жұмыстар (қызмет көрсетулер) түрлерiн жүзеге асыру кезiнде заңдарда белгiленген тәртiппен талаптар мен ережелерге сәйкестiгiн растайтын құжаттарды (материалдарды) қарау және оларға сараптама жүргiзу, сондай-ақ лицензиаттардың оларды сақтау жөніндегi қызметiн бағалау үшiн лицензиар заңдарда белгiленген тәртiппен сараптаманы жүзеге асыруға құқық беретiн лицензиясы бар тiркелген жеке немесе заңды тұлғалар тартуы мүмкін.
4. Бас лицензияны иеленушiге қойылатын біліктілiк талаптарына лицензиаттардың сәйкестiгiн растайтын құжаттарды (материалдарды, ақпаратты) лицензиарға:
1) құрылыс-монтаж жұмыстарын және құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру жөніндегi жұмыстарды жүзеге асыратын заңды тұлғалар - жыл сайын;
2) жобалау-іздену және сараптама жұмыстарын жүзеге асыратын заңды тұлғалар - үш жылда кемiнде бiр рет;
3) жеке тұлғалар - бес жылда кемiнде бiр рет табыс етiп отырады.
33-бап. Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы
1. Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiстiк және өндірiстiк емес мақсаттағы объектiлер құрылысының сапасын бақылауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы тарапынан мыналар бақылау жасауға жатпайды:
1) сейсмикалық қауiптілігi жоғары аймақта немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалық шешiмдер мен iс-шараларды талап ететiн өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайларда салынған құрылысты қоспағанда, жеке тұрғын үйлер құрылысы;
2) жеке үй жанындағы учаскелерде немесе бау-бақша серiктестiктерiнiң учаскелерiнде орналастырылатын уақытша құрылыстар, сондай-ақ маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығы үшiн тұрғын және (немесе) шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар тұрғызу;
3) қосымша жер учаскесiн (аумақтың телiмiн) бөлiп берудi талап етпейтiн, тiреу конструкциялары, инженерлiк жүйелер мен коммуникациялар келтiретiн өзгерістерге байланысы жоқ, сәулеттiк-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаны нашарлатпайтын, пайдаланылған кезде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн тұрғын және тұрғындық емес үй-жайларды тұрғын ғимараттар (үйлер) етiп реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау);
4) азаматтардың жеке пайдалануына арналған техникалық жағынан күрделi емес басқа да құрылыстардың өзгерістерi.
2. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясына:
1) құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге (құрылыстың басталуына) рұқсат беру (рұқсат беруден негiздi бас тарту) және өтпелi құрылыстар бойынша жыл сайын олардың мерзiмiн ұзартып отыру;
2) салынып жатқан (салынбақшы болып белгiленген) объектiлердiң мониторингi және Қазақстан Республикасының аумағында салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделi жөндеуден өткізiлiп) жатқан объектiлер мен кешендердiң барысына және сапасына мемлекеттік бақылау жасау;
3) заңдарда белгiленген тәртiппен құрылыс объектiлерiн пайдалануға қабылдау жөніндегi комиссияның жұмысына қатысу;
4) жойылмайтын жолсыздықтарға жол берген не жол берiлген жолсыздықтарды белгiленген нормативтiк мерзiмде жоймаған заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты заңдарда белгiленген шараларды қолдану жүктеледi.
4. Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясына:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнен Қазақстан Республикасының аумағында салынуы белгiленген және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделi жөндеуден өткiзiлiп) жатқан объектiлер мен кешендер туралы ақпарат сұрау және алу;
2) тапсырысшылардан танысу үшiн осы құрылыс жөніндегі қажеттi жобалау және атқару құжаттамасын, сондай-ақ тиiстi жобалардың сараптама қорытындысын сұрау және алу;
3) салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделi жөндеуден өткізiлiп) жатқан объектiлер мен кешендерге кедергiсiз бару және оларда жүргiзiлiп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына оралымды инспекциялық тексеріс жүргізу құқығы берiледi.
5. Мемлекеттік нормативтердi бұзуға және (немесе) бекітілген жобалардан (жобалық шешiмдерден) ауытқуға жол берiлгендiгi анықталған жағдайда мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы:
1) мемлекеттік стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтiн құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкциялары мен жабдықтарын қолдануға тыйым салу туралы;
2) жол берiлген бұзушылықтарды тапсырысшының (құрылыс салушының) және (немесе) мердiгерлiк құрылыс-монтаж ұйымының (кәсiпорнының) белгiленген мерзiмде жоюы туралы;
3) құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру туралы шешiм қабылдай (нұсқама бере) алады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 6-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6. Салынып жатқан (салынбақшы болып белгiленген) объектiлерге мониторинг енгізу және құрылыстың барысы мен сапасына мемлекеттік бақылау жасау тәртібін облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) сәулет, қала құрылысы және құрылыс жөніндегі жергiлiктi атқарушы органы белгiлейдi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
7. Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының басшысы тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктiң Бас мемлекеттік құрылыс инспекторы болып табылады.
34-бап. Авторлық қадағалау
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеушiлердiң авторлық қадағалауы:
1) осы Заңның 68-бабына сәйкес мемлекеттік қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдайтын объектiлер құрылысы кезiнде;
2) объектiнi жобалауды, инвестициялауды және оның құрылысын жүргiзушi ұйымның өкiмдiк құжатына (бұйрығына) сәйкес;
3) осы Заңның 15-бабы мен "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдауға жататын объектiлердiң құрылысы барысында жүргiзiлетiн авторлық қадағалау шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
Мұндай жағдайларда авторлық қадағалау объект құрылысының (реконструкциялау, қалпына келтiру, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделi жөндеу) не аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қоюдың бүкiл кезеңi iшiнде жүзеге асырылуға тиiс.
3. Авторлық қадағалауды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртібі сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiтетiн мемлекеттік нормативтiк құжаттармен белгiленедi.
2005.12.04. № 38-III ҚР Заңымен 34-1-баппен толықтырылды
34-1-бап. Техникалық қадағалау
1. Мемлекеттік қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдануына жататын объектілердің құрылысы кезінде міндетті түрде техникалық қадағалау жүзеге асырылуға тиіс.
2. Техникалық қадағалауды тапсырысшы объектілер құрылысына жобалық-сметалық құжаттамада көзделген қаражат есебінен шарт негізінде инжинирингтік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымдарды тарта отырып, қолданыстағы нормативтерге сәйкес жүзеге асырады.
3. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері (тапсырысшылар) бюджет қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды іске асыруға техникалық қадағалауды жүзеге асыру үшін нарықта әрекет ететін инжинирингтік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымдарды тартуға құқылы.
35-бап. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
1) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2) облыстар мен республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік құрылыс инспекторлары;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган мен жергiлiктi органдардың мемлекеттік қабылдау және жұмыс комиссиялары жұмыс iстеген кезде сол комиссиялардың құрамына енгізілген штаттағы қызметкерлері;
4) комиссиялардың (топтардың) жұмысы кезiнде мемлекеттік қабылдау (жұмыс) комиссияларына не сараптама топтарына енгiзiлген өзге де заңды тұлғалардың уәкiлеттi өкiлдерi жатады.
2. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттік құрылыс инспекторлары сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен аттестатталуға тиiс.
3. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдардың мiндеттерiне:
1) Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi жол берген мемлекеттік нормативтер мен талаптардың (ережелердiң, шектеулердiң) бұзылу себептерiн анықтау және оларға талдау жасау;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi жол берген мемлекеттік нормативтер мен талаптардың (ережелердiң, шектеулердiң) бұзылуын, сондай-ақ олардың зардаптарын жоюға бағытталған әсер ету шараларын өз өкiлеттiктерiне сәйкес қолдану;
3) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асырудың нысандары мен әдiстерiн жетiлдiру жөніндегi iс-шараларды әзiрлеу кiредi.
4. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тиiстi сәулет-құрылыс бақылауы органдарының өкілеттiктерi шегiнде белгiленедi.
36-бап. Сәулет-құрылыс бақылауы органдарының нұсқамалары
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Анықталған жолсыздықтарға не мемлекеттік нормативтерде көзделген талаптардан (ережелерден, шектеулерден), өзге де мiндеттi талаптардан ауытқушылықтарға (сәйкес келмеушiлiкке) байланысты сәулет-құрылыс бақылауы органдары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерiне (субъектiлердiң атынан өкiлдiк ететiн жауапты адамдарға) нұсқама бере алады.
2. Нұсқамаларға қол қою құқығы, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға ғана берiледi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Сәулет-құрылыс бақылауы органдары заңдарға сәйкес берген нұсқамалар Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi.
2-бөлім. Сәулет және қала құрылысы
7-тарау. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры
37-бап. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының нысанасы мен мақсаты
1. Мемлекеттік қала құрылысының кадастры Қазақстан Республикасы кадастрларының мемлекеттік ақпараттық-құқықтық жүйесiне кiредi және жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң бұрынғы және осы кездегi нақты, заңдық және құндық жай-күйi туралы, сондай-ақ аумақтар мен елдi мекендердi дамыту мен құрылысын салудың қала құрылысын жоспарлау туралы мәлiметтердi, аумақтар мен объектiлердiң тиiстi функционалдық аймақтарға тиесiлiлiгi, олардың қазiргi және болашақтағы мақсаттары, экологиялық, инженерлiк- геологиялық, гидрогеологиялық, геотехникалық және сейсмикалық жағдайлары, инженерлiк қамтамасыз етiлуi туралы деректердi қамтиды.
2. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректерi:
1) қала құрылысы мен сәулет-құрылыс құжаттамасын әзiрлеу және iске асыру;
2) жылжымайтын мүлiк объектiлерiн дамыту және өзгерту;
3) жылжымайтын мүлiкпен мәмiлелер жасауды, оны тiркеудi жүзеге асыру;
4) инвестициялық қызметтi бағалау;
5) қала құрылысы және сәулет-жоспарлау тапсырмаларын, құрылысқа (жұмыс жүргiзудi бастауға) және объектiлердi кейiннен кәдеге жаратуға рұқсат беру;
6) сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру, қоршаған ортаны қорғау кезiнде пайдаланылуға тиiс.
3. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры жерге және басқа да жылжымайтын мүлiкке салынатын салық мөлшерiн белгiлеу, жылжымайтын мүлiк айналымын пайдалануды құқықтық реттеу, елдi мекендердiң аумақтарын ұтымды пайдалануға бақылау жасау, қала құрылысы регламенттерiн сақтау және жобаларды iске асыруды талдау үшiн пайдаланылады.
4. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры мынадай аумақтық деңгейлер бойынша:
1) республикалық;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2) облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық;
3) базалық (аудандық, облыстық бағыныстағы қалалық) болып бөлінедi.
38-бап. Республикалық деңгейдегi мемлекеттік қала құрылысы кадастры
1. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қала құрылысы кадастрының мемлекеттік тапсырысшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң республикалық деңгейдегi мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргiзу жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органы сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттік орган болып табылады.
3. Республикалық деңгейдегi мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық негiзi облыстық және базалық деңгейлердегi қала құрылысы кадастрлары болып табылады.
39-бап. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) және базалық деңгейдегi мемлекеттік қала құрылысы кадастры
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) және базалық деңгейдегi мемлекеттік қала құрылысы кадастрының тапсырысшылары облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкiмдiктерi болып табылады.
Облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) және базалық деңгейдегi мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргiзу жөніндегі облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдiктерiнiң уәкiлеттi мемлекеттік органы жергiлiктi сәулет, қала құрылысы және құрылыс органы болып табылады.
2. Облыстық деңгейдегi мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық негiзi базалық деңгейдегi қала құрылысы кадастрлары болып табылады.
3. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
40-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерi мен мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мониторингi
1. Мемлекеттік қала құрылысының кадастры Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерi жөніндегi ақпаратты жинаудың, өңдеудiң, есепке алудың, тiркеудiң, сақтау мен табыс етудiң Қазақстан Республикасы үшiн бiрыңғай жүйесi бойынша жүргiзiледi.
2. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры үшiн:
1) орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, жергiлiктi сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық органдары, мемлекеттік мүлiк пен жекешелендiрудi, статистиканы, жер ресурстарын, геодезия және картографияны, сәулет-құрылыс бақылауын аумақтық басқару органдары;
2) жылжымайтын мүлiктi тiркеу техникалық түгендеу және бағалау қызметтерi;
3) санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, қоршаған орта мен табиғи ресурстарды қорғау қызметтерi;
4) тарихи және мәдени мұраның пайдаланылуына бақылау жасау қызметтерi;
5) жердiң, судың және басқа да салалық кадастрлардың, тiркелiмдердiң деректерi, өзге де деректер банктерi бастапқы ақпарат (мәлiмет) көздерi болып табылады.
8-тарау. Аумақтарды дамытудың және
оларға құрылыс салудың қала
құрылысын жоспарлау
41-бап. Қала құрылысы регламенттерi
1. Аумақтар мен жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың қала құрылысы регламенттерi, сондай-ақ мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргiзген кезде олардың жай-күйiне енгiзiлген кез келген өзгерістер белгiленген мерзiм шегiнде қолданылып жүрген артықшылықтар берудiң, тыйым салулардың, шектеулер мен өзге де режимдердiң үлгiлерiмен, түрлерiмен және параметрлерiмен сипатталады.
Регламенттердiң көздерi заңдарда белгіленген тәртiппен бекітілген қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы болып табылады.
2. Мемлекеттік қала құрылысы регламенттерiнiң сыныптағышы мен олардың көрсеткiштерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес республикалық және жергiлiктi деңгейлерде белгiленедi.
3. Мемлекеттік қала құрылысының кадастрын жүргiзуге арналған қала құрылысы регламенттерiнiң жүйесi олардың мынадай үлгiлерiн:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру кезiнде аумақ пен соған байланысты жылжымайтын мүлiктi функционалдық пайдалануды белгілеуді және (немесе) өзгертуді;
2) аумақ пен елдi мекендердi дамытудың және жайғастырудың (құрылыс салудың) интенсивтілігiн;
3) аумақ пен елдi мекендердi дамытудың және жайғастырудың (құрылыс салудың) балансын қамтамасыз етудi;
4) аумақ пен елдi мекендердi жайғастырудың (құрылыс салудың) қоршаған ортаға әсер етуiн қамтуға тиiс.
4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру кезiнде аумақ пен соған байланысты жылжымайтын мүлiктердi функционалдық пайдалануды белгiлеу және (немесе) өзгерту мемлекеттік регламенттердiң мынадай түрлерi:
1) аумақты функционалдық белгiлеу және (немесе) өзгерту;
2) жаңадан салынып жатқан және реконструкцияланатын үйлер мен ғимараттарды функционалдық белгiлеу;
3) бар үйлер мен ғимараттарды функционалдық пайдалануды өзгерту арқылы iске асырылады.
5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру нәтижесiнде аумақтар мен елдi мекендердi дамыту және жайғастыру (құрылыс салу) қала құрылысы регламенттерiнiң мынадай түрлерi:
1) игерiлетiн аумақтардың ауқымдары;
2) осы аумақ үшiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң жекелеген түрлерiне тыйым салу, рұқсат беру мен шектеулер;
3) жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi нәтижесiнде аумаққа түсетiн ауыртпалықтар;
4) жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi нәтижесiнде аумақты немесе жылжымайтын мүлiк объектiлерiн дамыту мен өзгерту режимдерi;
5) елдi мекеннiң немесе оның бөлiгiнiң жоспарлы құрылымы мен сәулет келбетiн қалыптастыру;
6) елдi мекеннiң немесе оның бөлiгiнiң әлеуметтiк, рекреациялық, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдарын қалыптастыру (жетiлдiру) арқылы көрiнiс табуға тиiс.
6. Аумақты және елдi мекендi дамыту балансы қала құрылысы регламенттерiнiң мынадай түрлерi:
1) аумақтар мен объектiлердi дамытудың ресурстық жағдайлары;
2) аумақтар мен елдi мекендердiң ортаға байланысты жағдайлары;
3) халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз етудiң инженерлiк жағдайлары арқылы қамтамасыз етiлуге тиiс.
7. Аумақтар мен елдi мекендердi жайғастырудың (құрылыс салудың) қоршаған ортаға тигiзетiн әсерi қала құрылысы регламенттерiнiң мынадай түрлерi:
1) экологиялық және санитариялық осал объектiлердi орналастыру;
2) техногендiк қауiп төндіретiн объектiлердi орналастыру;
3) қауiптi табиғи құбылыстар көздерiне қатысты адам мекендейтiн ортаны орналастыру;
4) санитариялық, өртке қарсы және өзге де мiндеттi талаптар;
5) инженерлiк және көлiк жағдайлары арқылы бақыланады.
8. Қала құрылысы регламенттерiнiң мәлiметтерi мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгiзiлуге тиiс.
42-бап. Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасы
1. Аумақты ұйымдастыру және оның кеңiстiгiне өндiргiш күштердi орналастыру Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасында қабылданған шешiмдерге сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасы:
1) стратегиялық және экономикалық жоспарлаудың ережелерiне сәйкес өндіргiш күштердi жайғастыру мен орналастырудың негiзгi принциптерiн;
2) табиғатты ұтымды пайдаланудың және республикалық маңызы бар шаруашылық қызметтiң, өндiрiстiк, көлік, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамытудың негiзгi ережелерiн;
3) аймақтардағы экологиялық жағдайды жақсарту, тарихи және мәдени мұра объектiлерi және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектiлерi бар аумақтарды сақтау жөніндегі негiзгi шараларды;
4) ерекше қорғалатын аумақтарды, табиғи және техногендiк сипаттағы құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен зақымданған пайдалы қазбалар жатқан аумақтарды немесе сәулет-қала құрылысы қызметiн жүзеге асыру үшiн қысыл-таяң табиғи-климаттық жағдайларды пайдалану жөніндегі пайдалану немесе шектеу түрлерiн қамтиды.