Егер жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы жер учаскесiнiң бөлiгi алып қойылғаннан кейiн қалған бөлiгiн бұрынғы мақсаты бойынша пайдалана алмаса, онда бүкiл жер учаскесi сатып алынады.
87-бап. Сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасы
1. Мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алынатын жер учаскесiне төленетiн баға, сатып алудың мерзiмi мен басқа да жағдайлары меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының келісімiмен айқындалады.
Осы Кодекстiң 24-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес меншiк иесi мемлекеттен сатып алған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiнiң және мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасы (шығынды есептемегенде) мемлекетке төленген сома мөлшерiнде айқындалады.
Мемлекет төлеу мерзiмiн ұзартып сатқан жер учаскесi үшiн сома толық төленбеген кезде (шығынды есептемегенде) және оны мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алу кезiнде, жер учаскесiнiң бағасы мемлекетке төленген соманың мөлшерiнде айқындалады.
2. Сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасын айқындау кезiнде оған жер учаскесiнiң немесе оған құқықтардың, онда орналасқан жылжымайтын мүлiктiң нарықтық құны, сондай-ақ үшiншi тұлғалар алдындағы мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуына байланысты өздерi шеккен шығындарды қоса алғанда, жер учаскесiнен айырылуына байланысты меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген барлық шығын қосылады.
3. Меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен келісім бойынша мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алынатын жер учаскесiнiң орнына осы жер учаскесiнiң немесе оған құқықтардың құнын бағаға шығарып есептей отырып, оған басқа жер учаскесi берiлуi мүмкiн. Мемлекеттік қажеттiктер үшiн алынатын жер учаскесi немесе оған құқық мемлекеттен сатып алынуға тиiстi болып, бiрақ сатып алу жүргiзiлмеген жағдайларда, жер учаскесiнiң нарықтық құны бағаға қосылмайды, жер пайдаланушымен келісім бойынша оның орнына оған басқа жер учаскесi берiлуi мүмкiн.
88-бап. Жер учаскесiн сот шешiмi бойынша сатып алу
Егер меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өздерiнен жер учаскесiн мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алу туралы шешiммен келiспесе не сатып алынатын жер учаскесi үшiн төленетiн баға немесе сатып алудың басқа да жағдайлары туралы онымен келісімге қол жеткiзiлмесе, сатып алу туралар шешiм қабылдаған атқарушы орган сотқа жер учаскесiн сатып алу туралы талап-арыз бере алады.
Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, мұндай талап-арыз учаскенiң меншiк иесiне немесе жер пайдаланушысына осы Кодекстiң 85-бабының 2-тармағында аталған хабарлама жiберiлген кезден бастап бiр жыл өткен соң, бiрақ екi жылдан кешiктiрiлмей берiлуi мүмкiн.
89-бап. Мемлекеттік қажеттiктер үшiн мемлекеттік жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою
Мемлекеттік қажеттiктер үшiн мемлекеттік жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою оны алып қоюды жүзеге асыратын атқарушы органның бiржақты шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
Мұндай шешiмге жоғары тұрған органға не сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкiн. Шағым беру алып қою туралы шешiмнiң орындалуын тоқтата тұрады.
90-бап. Жекелеген санаттағы жердi алып қоюды шектеу
Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бағдарындағы ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжiрибелiк алаңдарының, орман және су қорының жерлерiн алып қоюға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге, халықаралық мiндеттемелердi орындауға, учаскенiң астынан бағалы пайдалы қазбалардың кен орнының табылуына, жол, электр тарату желiлерiн, байланыс желiлерi мен магистральды құбырларды жүргiзуге, сондай-ақ мемлекеттік маңызы зор объектiлердi салып, оларды орналастырудың басқа да мүмкiн нұсқалары болмауына байланысты ерекше жағдайларда ғана жол берiледi.
91-бап. Төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесiн уақытша алып қою
1. Дүлей апаттар, соғыс жағдайындағы режим, авариялар, эпидемиялар, iндеттер жағдайында және өзге де төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесi жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмiмен меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға олардың шеккен шығыны өтеле отырып, олардан қоғам мүддесi үшiн уақытша алып қойылуы мүмкiн. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының шеккен шығынын өтеу бағасы сот тәртібімен даулануы мүмкiн.
2. Төтенше жағдайдың қолданылуы тоқтатылған кезде жер учаскесi меншiк иесiне (жер пайдаланушыға) қайтарылуға тиiс және дау туындаған жағдайда ол сот тәртібімен оның қайтарылуын талап етуге құқылы.
3. Жер учаскесiн меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға қайтару мүмкiн болмаған жағдайда жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны өтеледi.
4. Жер учаскесiн уақытша алып қойған кезде мүлiктi, соның iшiнде жылжымайтын мүлiктi реквизициялау тәртібі Қазақстан Республикасы азаматтық заңдарының нормалары бойынша жүзеге асырылады.
92-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскесiн меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан алып қою
Ауыл шаруашылығы өндiрiсiне не тұрғын үй құрылысы мен өзге де құрылысқа арналған учаске, егер Қазақстан Республикасының заңдарында неғұрлым ұзақ мерзiм көзделмесе, бiр жыл iшiнде тиiстi мақсатында пайдаланылмаған жағдайларда жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан алып қойылуы мүмкiн. Бұл кезеңге учаскенi игеруге қажеттi уақыт, сондай-ақ дүлей апаттар салдарынан немесе осылайша пайдалануға мүмкiндiк бермеген өзге де мән-жайларға байланысты учаскенi мақсаты бойынша пайдалану мүмкiн болмаған уақыт кiрмейдi.
93-бап. Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесiн меншiк иесi мен жер пайдаланушыдан алып қою
Егер учаскенi пайдалану осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген жердi ұтымды пайдалану ережелерiн өрескел бұза отырып жүзеге асырылса, атап айтқанда, егер учаске нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмаса немесе оны пайдалану ауыл шаруашылығы жерi құнарлылығының едәуiр төмендеуiне не экологиялық жағдайдың едәуiр нашарлауына әкеп соғатын болса, Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейiн жер учаскесi меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан алып қойылуы мүмкiн.
94-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған не Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесiн алып қою тәртібі
1. Меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан жер учаскесiн осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделгендей алып қою жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органның талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүргiзiледi.
2. Осы Кодекстiң 92-бабында көзделген жағдайда жер учаскесiн алып қою туралы талап-арыз меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға талап-арыз қойылғанға дейiн кемiнде бiр жыл бұрын учаскенi мақсаты бойынша пайдалану қажеттiгi туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейiн және осы уақыт iшiнде жер учаскесiнiң меншiк иесi не жер пайдаланушы учаскенi мақсаты бойынша пайдалану жөнiнде қажеттi шаралар қолданбаған жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.
3. Осы Кодекстiң 93-бабында көзделген жағдайда жер учаскесiн алып қою туралы талап-арыз Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан, талап-арыз беруден кемiнде үш ай бұрын меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын жою қажеттiгi туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейiн ғана және осы мерзiм iшiнде меншiк иесi немесе жер пайдаланушы учаскенi пайдалану кезiнде Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын жоймаған жағдайда берiлуi мүмкiн.
Егер меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы учаскенi нысаналы мақсатқа сай пайдаланбауында болса, алып қою туралы талап-арыз бергенге дейiн жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық орган учаскенiң меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өтiнiшi бойынша жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселенi қарауға мiндеттi. Бұл жағдайда учаскенiң нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселе оң шешiлмеген кезде ғана талап-арыз берiлуi мүмкiн.
4. Осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында аталған негiздер бойынша сот шешiмiмен учаскенi меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан алып қойған жағдайда жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы (жер учаскесiнiң мемлекеттен сатып алынған жалдау құқықтарына қатысты) Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу және атқарушылық заңдарында белгiленген тәртiппен ашық сауда-саттықта сатылады.
Сатудан түскен сома, учаскенi алып қою шығыстары шегерiле отырып, бұрынғы меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға төленедi. Бiр жыл iшiнде кемiнде үш рет сауда-саттыққа шығарудан кейiн ондай жер учаскесiн немесе оларға жер пайдалану құқығын сату мүмкiн болмаған жағдайда жер учаскесi сот шешiмiмен арнайы жер қорына қосылады.
95-бап. Тәркiлеу
Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, қылмыс немесе өзге де құқық бұзушылық жасағаны үшiн меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан жер учаскесi сот тәртібімен санкция түрiнде өтеусiз алып қойылуы мүмкiн.
Сотталған адам мен оның асырауындағы адамдар үшiн қажеттi, сотталған адамға жеке меншiк құқығымен тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, онда үйi мен шаруашылық қора-жайлары орналасқан жер учаскелерi, сондай-ақ өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн қажеттi жер учаскелерi Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарында көзделген тiзбеге сәйкес тәркiленбеуге тиiс.
Тәркiленген жер учаскелерi мемлекеттік меншiкке қайтарылады. Тәркiлеу объектiсi болып табылатын мұндай жер учаскелерi не жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатылуы мүмкiн.
96-бап. Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесiн бағалау
Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесi немесе жер пайдалану құқығы нарықтық құны бойынша бағаланады.
3-бөлiм. Жер санаттары
10-тарау. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер
97-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ұғымы және оның құрамы
1. Ауыл шаруашылығының қажеттерi үшiн берiлген немесе осы мақсаттарға арналған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деп танылады.
2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамына ауыл шаруашылығы алқаптары мен ауыл шаруашылығының жұмыс iстеуiне қажеттi iшкi шаруашылық жолдары, коммуникациялар, тұйық су айдындары, мелиорациялық жүйе, қора-жайлар мен ғимараттар орналасқан жер, сондай-ақ басқа да алқаптар (сор, құм, тақыр және ауыл шаруашылығы алқаптарының алабына қосылған басқа да алқаптар) жатқызылады.
3. Ауыл шаруашылығы алқаптары айрықша қорғалуға тиiс. Бұл жердi ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда жол берiледi (осы Кодекстiң 90-бабы).
4. Ауыл шаруашылығы алқаптарына егiстiктер, тыңайған жер, көп жылдық екпелер егiлген жер, шабындықтар мен жайылымдар жатады.
Егiстiк - жүйелi түрде өңделетiн және көп жылдық шөптердiң егiстiгiн қоса алғанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының егiстiгiне пайдаланылатын жер учаскелерi, сондай-ақ сүрi жер. Алдын ала егiлетiн дақылдардың егiстiгi орналасқан (үш жылдан аспайтын уақыт аралығында), түбегейлi жақсарту мақсатында жыртылған шабындықтар мен жайылымдардың жер учаскелерi, сондай-ақ бақтардың егiске пайдаланылатын қатар аралығы егiстiкке жатпайды.
Тыңайған жер - бұрын егiстiк құрамында болған және күзден бастап бiр жылдан аса ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылмайтын және пар айдауға әзiрленбеген жер учаскесi.
Көп жылдық екпелер - жемiс-жидек, техникалық және дәрi-дәрмек өнiмдерiнiң түсiмiн алуға, сондай-ақ аумақты сәндеп безендiруге арналып қолдан отырғызылған көп жылдық ағаш, бұта екпелерiне пайдаланылатын жер учаскелерi.
Табиғи шабындықтар мен жайылымдар - шөп шабуға және жануарларды жаюға жүйелi түрде пайдаланылатын жер учаскелерi.
Түбегейлi жақсартылған шабындықтар мен жайылымдар - шөп егу арқылы жаңадан отайған шабындық және жайылым учаскелерi.
Суландырылған жайылымдар - тиiстi мал басын сапасы ойдағыдай сумен қамтамасыз ете алатын су көздерi (көлдер, өзендер, тоғандар, апандар, суару және суландыру каналдары, құбырлы немесе шегендi құдықтар) бар жайылымдар.
5. Ауыл шаруашылығы алқаптары суармалы және суарылмайтын болуы мүмкін.
Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына ауыл шаруашылығында пайдалануға және суаруға жарамды, су ресурстары жүйесiнiң қазiргi пайдалы жұмыс коэффициентiнде суару нормаларының жобалау немесе қолданыстағы нормативтерi бойынша осы жердi сумен қамтудың қолайлы мерзiмi iшiнде қамсыздандырудың кемiнде 75 процентiнен кем емес су ағынымен қамтамасыз ететiн суару көзiмен байланысты тұрақты және уақытша суару жүйесi бар жер жатады.
Жайылма суару жерi қар суын және көктемгi тасқын суды, сондай-ақ топырақты ылғалдандыру үшiн суару және суландыру каналдарынан берiлетiн суды осы учаскелер аумағында ұстап қалуды және қайта бөлудi қамтамасыз ететiн су бөгейтiн белдеулерi, суды реттейтiн бөгеттерi мен басқа да гидротехникалық құрылыстары бар учаскелер болып табылады.
6. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер:
1) жеке меншiкке - Қазақстан Республикасының азаматтарына өзiндiк қосалқы шаруашылығын, бағбандықты, саяжай құрылысын дамыту үшiн;
2) жеке меншiкке немесе жер пайдалануға - Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына шаруа (фермер) қожалығын жүргiзуге, тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсi, орман өсiру, ғылыми-зерттеу, тәжiрибе жүргiзу және оқыту мақсатында, қосалқы ауыл шаруашылығын, бақша және мал шаруашылығын жүргiзу үшiн;
3) шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 10 жылға дейiнгi мерзiмге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға берiледi.
7. Азаматтар мен заңды тұлғаларға жер пайдалануға немесе меншiкке берiлетiн ауыл шаруашылығы алқаптарының сапасын мемлекеттік бақылау мақсатында республикалық бюджет қаражаты есебiнен топырақты зерттеу, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық зерттеулер мен топырақты бағалау материалдары деректерiнiң негiзiнде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң паспорты жасалады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi паспортының нысанын жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган бекiтедi.
Жер учаскесiнiң паспортын жасау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен оны берудi жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдар жүзеге асырады.
98-бап. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру тәртібі
1. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру (трансформациялау) қажеттiгi табиғи факторларға, оларды бұдан кейiн де басқа жер алқаптарының құрамында пайдаланудың экономикалық тұрғыдан орындылығына негiзделедi.
2. Жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiнiң орналасқан орны бойынша тиiстi жергiлiктi атқарушы органға берген өтiнiмi, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органның бастамасы ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге негiз бола алады.
3. Жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүргiзiлетiн ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі жерге орналастыру жұмыстарын қаржыландыру - жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен, ал жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өтiнiштерi бойынша - олардың өз қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.
4. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жер учаскесi, учаскелер тобы, суармалы алап, жер пайдалану бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
Топырақ-мелиорациялық жай-күйi оларды басқа алқап түрiне ауыстыруды қажет ететiн ауыл шаруашылығы алқаптарының болуы қолда бар жоспарлау-картографиялық материалдарды, жерге орналастыру, мелиорациялық құрылыс жобаларын, топырақты зерттеу, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық iзденiстер материалдарын, тұзданудың түсiрiлген суреттерiн, жер кадастрының, жердi түгендеудiң деректерiн зерделеу негiзiнде алдын ала анықталады.
5. Неғұрлым бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын бағасы төменгiлерiне ауыстыруға:
егiстiк үшiн - жердiң агроөндiрiстiк топырақ сипаттамасының олардың нақты пайдаланылуына сәйкес келмеуi, улы заттармен ластанудың жоғары деңгейi;
көп жылдық екпелер үшiн - екпелердiң шектi жасы, олардың сиреуi, жердiң кен құрамының жұтаңдығы, қолайсыз топырақ-мелиорациялық сипаттамасы;
шабындықтар үшiн - жердiң шөлейттенуi, шалғындық өсiмдiктердiң сиреуi, жердiң мелиорациялық күйiнiң нашарлауы;
жайылымдар үшiн - тапталып бүлiнуi негiз болып табылады.
Суармалы жердi суарылмайтын жерге ауыстыру кезiнде жоғарыда санамаланған факторлардан басқа, суару көзiмен байланыстың үзiлуi, сумен қамтылмауы, шаруашылық iшіндегі суару жүйелерiнiң техникалық жай-күйi, ал жайылма суармалы жер үшiн - су ағынын қайта бөлу салдарынан су басудың тоқтауы немесе су ресурстарының болмауы, құрылыстардың техникалық жай-күйi ескерiледi.
Қажет болған кезде жергiлiктi атқарушы органдар бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын бағасы төменгiлерiне ауыстырудың басқа да көрсеткiштерiн: ауыл шаруашылығы алқаптарының өнiмдiлiгiнiң тым төмен болуы, топырақтың тұздану, сортаңдану, ластану деңгейiн және алқаптардың сапалық сипаттамасына әсер ететiн басқа да өлшемдердi белгiлейдi.
6. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі материалдарда:
қорытындылар мен ұсыныстары бар түсiндiрме жазба;
бiр түрден екiншiсiне ауыстыру көзделген жерлердiң экспликациясы;
трансформацияға жататын анықталған ауыл шаруашылығы алқаптары көрсетiлген далалық зерттеу актiсi мен сызбасы;
жер учаскелерiнiң сапалық сипаттамасы;
суару жүйесiнiң, жайылма суару жүйесiнiң, суландыру құрылыстарының техникалық жай-күйi, сондай-ақ негізгі қорлардың құны туралы мәлiметтер болуға тиiс.
7. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі материалдар жер ресурстарын басқару жөніндегі аудандық органға аудан бойынша жинақтап қорыту, ауыл және су шаруашылығының аудандық органдарымен келiсу үшiн жiберiледi.
8. Жер ресурстарын басқару жөніндегі аудандық орган осы баптың 7-тармағында санамаланған органдардың ұсыныстарын ескерiп жасаған қорытындысымен бiрге:
неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі материалдарды - түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн аудандық атқарушы органға;
суармалы жердi - суарылмайтын жерге, суарылмайтын егiстiктi ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа неғұрлым бағасы төменiне ауыстыру жөніндегі материалдарды облыстық ауыл және су шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау органдарымен келiсу үшiн жер ресурстарын басқару жөніндегі облыстық органға жiбередi.
9. Келiсу нәтижелерi бойынша жер ресурстарын басқару жөніндегі облыстық аумақтық орган материалдарды тұтастай алғанда облыс бойынша тұжырымдайды және өз қорытындысымен бiрге оларды:
суарылмайтын егiстiктi неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарының түрiне ауыстыру бойынша - түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн аудандық атқарушы органға;
суарылатын егiстiктi алқаптардың суарылмайтын түрiне ауыстыру бойынша келiсу үшiн жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органға жiбередi.
10. Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган суармалар егiстiктi суарылмайтын алқап түрлерiне ауыстыру жөніндегі ұсынылған материалдарды ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі орталық уәкiлеттi органдармен келiседi және өзiнiң жинақталған қорытындысымен қоса, осы мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн облыстық атқарушы органға жiбередi.
11. Неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарын неғұрлым бағасы жоғары алқаптарға ауыстыру туралы шешiмдi, осы баптың 7-тармағында санамаланған органдардың ұсыныстарын ескере отырып, аудандық (қалалық) атқарушы орган қабылдайды.
99-бап. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы
жердi пайдалану
1. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiруге арнайы әзiрленген суландыру, тоспа-кәрiз жүйесiмен және ауыл шаруашылығы дақылдарын кезектестiрудiң (ротациялаудың) ғылыми негiзделген схемасы белгiленген құрылғылармен жабдықталған, инженерлiк тұрғыда жоспарланған жер жатады.
2. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасын жер ресурстарын, ауыл және су шаруашылықтарын басқару жөніндегі аумақтық органдардың ұсынысы бойынша жергiлiктi атқарушы орган бекiтедi. Дақылдарды кезектестiрудiң (ротациялаудың) бiрыңғай схемасымен және суармалы тоспа-кәрiз жүйесiмен байланыстырылған жер учаскелерi бөлiнбейтiн болып танылады. Осы ереже инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жердiң құрамынан осы Кодекс күшіне енгенге дейiн таратылып берiлген жер учаскелерiне де қолданылады.
3. Бұрын таратылып берiлген және бөлiнбейтiн болып танылған инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жердi пайдалану ортақ (үлестiк, бiрлескен) меншiк (ортақ (үлестiк, бiрлескен) жер пайдалану) құқығымен жүзеге асырылады және үлестi нақтылы қалпында бөлiп шығаруға жол берiлмейдi. Қатысушылар құрамынан шыққан ортақ үлестiк меншiкке қатысушы ортақ үлестiк меншiктiң басқа қатысушыларынан өз үлесiнiң құнын төлетiп алуға не осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес оны басқа тұлғаға сатуға құқылы.
4. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiрудiң белгiленген схемасын ұстануға, қажеттi мелиорациялық және қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзуге, соның iшiнде учаскеде бар суландыру және тоспа-кәрiз жүйелерiн тиiсiнше тәртiппен күтiп-ұстауға мiндеттi.
5. Осы баптың 4-тармағында белгiленген талаптарды бұзу, Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделген әкiмшiлiк жазалау шараларына әкеп соғады (ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi тиiмдi пайдаланбау), сондай-ақ осы Кодекстiң 93-бабының нормаларына сәйкес жер учаскесiн алып қоюға негiз болуы мүмкiн.
100-бап. Арнайы жер қоры
1. Жердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлердiң арасында қайта бөлу мақсатымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мен босалқы жер есебiнен арнайы жер қоры құрылады. Санитарлық нормалар мен талаптарға сай келетiн ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiруге мүмкiндiк бермейтiн жер учаскелерi арнайы жер қорына енгiзiлмейдi.
2. Арнайы жер қоры:
1) жер учаскесiнен ерiктi түрде бас тартқан кезде;
2) осы Кодекстiң 92, 93 және 95-баптарына сәйкес жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қойған кезде;
3) егер заң бойынша да, өсиет бойынша да мұрагерлерi жоқ, не бiрде бiр мұрагер мұраны қабылдамаған, не өсиет қалдырушы барлық мұрагерлердi мұрадан айырған, не мұрагер мемлекет пайдасына мұрадан бас тартқан немесе мұрадан кiмнiң пайдасына бас тартатынын атамай, мұрадан бас тартқан жағдайда, осы қорға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден түсетiн жер учаскелерi есебiнен құралады.
3. Осы баптың 2-тармағында аталған жер учаскелерiн арнайы жер қорының құрамына енгізу ауданның (қаланың) атқарушы органының шешiмi бойынша жүргiзiледi.
4. Арнайы жер қорының құрамына мемлекеттік жер пайдаланушылардың мақсаты бойынша пайдаланылмаған немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскелерiн енгізу аудандық (қалалық) атқарушы органның бiржақты шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
Аудандық (қалалық) атқарушы органның шешiмiне осы Кодекстiң 89-бабында көзделген тәртiппен шағымдануға болады.
5. Осы жер учаскелерiн жаңа меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға бергенге дейiн оларды аудандық (қалалық) атқарушы орган белгiлеген тәртiппен және жағдайларда бұрынғы мемлекеттік жердi пайдаланушылар пайдаланады.
6. Арнайы жер қорының жерлерiн пайдалану осы Кодекстiң 97-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Жерi бөлiсуге жатпайтын мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шыққан және шартты жер үлесi құқығы бұрын берiлмеген осы аумақта тұратын азаматтардың, сондай-ақ оралмандардың шаруа (фермер) қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты өзге де қызметтi жүргiзуi үшiн арнайы жер қорының жерiнен бiрiншi кезекте жер учаскесiн алуға құқығы бар.
7. Арнайы жер қорынан жер учаскелерiн беру жерге орналастыру тәртібімен, әдетте, тұтас алаппен беру және жердi пайдалануда қолайлы жағдай жасау ескерiле отырып жүргiзiледi.
8. Арнайы жер қорында жердiң бар екендiгi туралы мәлiметтер баршаға қолжетiмдi болып табылады.
Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы жер қорының жерi босалқы жер құрамында есептеледi.
101-бап. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзуге арналған жер учаскелерi
1. Жер учаскелерi шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншiк құқығымен немесе өтеулi уақытша жер пайдалану құқығымен 49 жылға дейiнгi мерзiмге, ал шалғайдағы мал шаруашылығын жүргiзу үшiн (маусымдық жайылым) уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен осы Кодекске және Қазақстан Республикасының шаруа (фермер) қожалығы туралы заңдарына сәйкес берiледi.
Жер учаскесiн шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн алуға басым құқықты жеке еңбегiмен қатысу негiзiнде шаруашылық жүргiзетiн, арнаулы ауыл шаруашылығы білімi мен біліктiлiгi бар, ауыл шаруашылығында iс жүзіндегі жұмыс тәжiрибесi бар және осы ауданда, қалада, ауылда (селода), кентте тұратын азаматтар пайдаланады.