5. Жер учаскесiнiң кадастрлық (бағалау) құнын арттыратын немесе кемiтетiн бiрнеше факторлар болған кезде коэффициенттер көбейтiледi. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге арналған жер учаскесiнiң кадастрлық (бағалау) құнын арттырудың немесе кемiтудiң жалпы мөлшерi осы Кодекстiң 10-бабының 1-тармағына сәйкес белгiленген төлемақының базалық ставкаларының елу процентiнен аспауға тиiс.
12-бап. Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Кодексте мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жердi жалдау төлемақысы - уақытша өтеулi жер пайдалану төлемақысы;
2) аффилиирленген тұлға - мемлекеттік емес заңды тұлғаға қатысты еншiлес болып табылатын немесе тәуелдi акционерлік қоғам деп танылатын ұйым;
3) төлемақының базалық ставкасы - мемлекет жер учаскесiне жеке меншiк құқығын берген кезде немесе уақытша өтеулi жер пайдалану құқығын сатқан кезде оның кадастрлық (бағалау) құнын айқындауға арналған жер учаскесiнiң нормативтiк бағасы;
4) уақытша жер пайдаланушылар - жер пайдалану құқығы белгiлi бір мерзiммен шектелген тұлғалар;
5) кейiнгi жер пайдаланушылар - өзiнiң бастапқы жер пайдаланушы мәртебесiн сақтап қалатын жер пайдаланушыдан кейiнгi жер пайдалану туралы шарт негiзiнде уақытша жер пайдалану құқығын алған тұлғалар;
6) мемлекеттік жер пайдаланушылар - мемлекеттік республикалық және коммуналдық заңды тұлғалар;
2005.04.05. № 48-III ҚР Заңымен 7) тармақша өзгерді (бұр. ред. қара)
7) мемлекеттік заттай гранттар - Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны iске асыру үшiн осы Кодексте және Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарында белгiленген тәртiппен уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен берiле отырып, кейiннен меншiкке немесе жер пайдалануға өтеусiз берiлетiн жер учаскелерi;
8) жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу - мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудiң кепiл шартына негiзделген не Қазақстан Республикасы заң актілерінiң негiзіндегі әдiсi, осыған орай кредитордың (кепiл ұстаушының) борышкер кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған жағдайда кепiлге салынған жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құнынан осы жер учаскесi немесе жер пайдалану құқығы тиесiлi тұлғаның (кепiл берушiнiң) басқа кредиторлары алдында қайтарым алуға басым құқығы болады, бұған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген алып қою жағдайлары қосылмайды;
9) жер үлесi - жер учаскесiне құқықтар мен мiндеттерге басқа тұлғалармен бiрге қатысудың осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгiленген тәртiппен және жағдайларда бөлiп шығарылуы мүмкiн сан жағынан айқындалған үлесi;
10) жер құқығы қатынастары - жерге меншiк құқығын және өзге де құқықтарды жүзеге асыра отырып, жер ресурстарын басқаруға, жекелеген субъектiлерге жер учаскелерiн бекітіп беруге байланысты жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі құқықтық қатынастар;
11) жер ресурстары - қоғамның материалдық, мәдени және басқа да қажеттерiн қанағаттандыру үшiн шаруашылық және өзге де қызмет процесiнде пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн жер;
12) жер кадастры - жер туралы мәлiметтер жүйесi, мемлекеттік кадастрлардың құрамдас бөлiгi;
13) жер учаскесi - осы Кодексте белгiленген тәртiппен жер қатынастары субъектiлерiне бекітілiп берiлетiн, тұйық шекара iшiнде бөлiнген жер бөлiгi;
14) жер - Қазақстан Республикасының егемендiгi белгiленетiн шектегi аумақтық кеңiстiк, табиғи ресурс, жалпыға ортақ өндiрiс құралы және кез келген еңбек процесiнiң аумақтық негiзi;
15) иммиграциялық жер қоры - оралмандарға беру үшiн резервке қалдырылған және арнайы жер қоры құрамына кiретiн жер учаскелерi;
16) шетелдiк жер пайдаланушылар - шет мемлекет азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, шет мемлекет заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлғалар (шетелдiк заңды тұлғалар), шет мемлекеттер, халықаралық бiрлестiктер мен ұйымдар;
17) жер учаскелерiнiң нысаналы мақсатының жiктемесi - аумақты аймақтарға бөлуге сәйкес учаске аумағын және онда орналасқан үйлер мен ғимараттардың (үй-жайлардың) функционалдық мақсатының (пайдаланылуының) үлгiсi мен түрi бойынша жер учаскелерiн мақсатты пайдалану түрлерiн топтастыру;
18) кондоминиум - жылжымайтын мүлiкке меншiктiң (өзге де құқықтың) ерекше нысаны, бұл ретте жылжымайтын мүлiктiң жекелеген бөлiктерi жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бөлек (дербес) меншiгiнде (өзге де құқықта) болады, ал жылжымайтын мүлiктiң бөлек меншiкке жатпайтын бөлiктерi, оның iшiнде жер учаскесi де, оларға ортақ үлестiк меншiк құқығымен (өзге де ортақ құқықпен) тиесiлi болады және бөлек (дербес) меншiгіндегі (өзге де ортақ құқықтағы) жылжымайтын мүлiк бөлiктерiне құқықтардан ажыратылмайды;
19) өзiндiк қосалқы шаруашылық - ауылдық жерде және қала маңындағы аймақта орналасқан жер учаскесiнде өз қажеттерiн қанағаттандыруға арналған қызмет түрi;
20) ұлттық жер пайдаланушылар - Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, соның iшiнде шетелдiк қатысушысы бар кәсiпорындар;
21) мемлекеттік емес жер пайдаланушылар - азаматтар және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
22) жер қатынастарының объектiсi - Қазақстан Республикасы аумағының шегіндегі бүкiл жер, онда не орналасқанына және олардың жекелеген субъектiлерге бекітілiп берiлуiнiң құқықтық негiздерiне қарамастан жекелеген жер учаскелерi, сондай-ақ жер учаскелерi мен жер үлестерiне құқықтар;
23) меншiк құқығының объектiлерi - мемлекеттік және жеке меншiктегi жер;
24) бастапқы жер пайдаланушылар - жер пайдалану құқығын осы Кодекстiң 32-бабында көзделген тәртiппен тiкелей мемлекеттен не осы құқықтан айыру тәртібімен басқа да бастапқы жер пайдаланушылардан алған тұлғалар;
25) жер учаскесiн жалдау құқығын сату төлемақысы - уақытша өтеулi жер пайдалану құқығымен берiлген мемлекеттік меншiктегi жер учаскесi үшiн бiржолғы төлем;
26) тұрақты жер пайдаланушылар - жер пайдалану құқығының мерзiмi шектеусiз сипатта болатын тұлғалар;
27) топырақ қабаты - жердiң құрғақ үстiңгi қабаты, тек өзiне тән құрылымы, құрамы мен қасиеттерi бар ерекше табиғи түзiлiм;
28) жер иелену құқығы - жердi iс жүзiнде иеленудi жүзеге асырудың заңмен қамтамасыз етiлген мүмкiндiгi;
29) жеке меншiктегi жер учаскесiн уақытша пайдалану құқығы - жер учаскесiнiң меншiк иесi мен уақытша пайдаланушы (жалға алушы немесе өтeуciз пайдаланушы) арасындағы жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарт негiзiнде туындайтын, субъектiнiң жер учаскесiн иелену және пайдалану құқығы;
30) жер пайдалану құқығы - тұлғаның мемлекеттік меншiктегi жер учаскесiн өтеулi және (немесе) өтеусiз негiзде шектеусiз мерзiмге (тұрақты жер пайдалану) немесе белгiлi бiр мерзiм iшiнде (уақытша жер пайдалану) иелену және пайдалану құқығы;
31) жерге билiк ету құқығы - мемлекеттiң Қазақстан Республикасы аумағындағы жердiң заңдық тағдырын айқындаудағы заңмен қамтамасыз етiлген құқығы, сондай-ақ жердiң жеке меншiк иесiнiң өз жер учаскесiне қатысты Қазақстан Республикасының заң актілерінде тыйым салынбаған мәмiлелер жасауға құқығы;
32) жер учаскесiне жеке меншiк құқығы - азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың өздерiне тиесiлi жер учаскесiн осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде иелену, пайдалану және оларға билiк ету құқығы;
33) жер учаскесiне құқық белгiлейтiн құжаттар - осылардың негiзiнде азаматтар мен заңды тұлғалардың жер учаскесiне тиiстi құқықтары (жеке меншiк құқығы, жер пайдалану құқығы, сервитуттар және жер учаскесiне өзге де заттық құқықтар) туындайтын құжаттар. Құқық белгiлейтiн құжаттарға атқарушы органдардың жер учаскесiне құқық беру туралы құқықтық актілері, сатып алу-сату шарттары (айырбастау, сыйға тарту немесе жер учаскесiн иелiктен шығару туралы өзге мәмiлелер) және сот органдарының жер учаскесiне жеке меншiк құқығын, жер пайдалану құқығын және жерге өзге заттық құқықтарды тану туралы шешiмдерi жатады;
34) жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттар - жер учаскесiнiң сәйкестендiру сипаттамаларын көрсететiн және жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдардың құқық белгiлейтiн құжаттардың негiзiнде жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға беретiн құжаттары. Құқықты куәландыратын құжаттарға жер учаскесiне жеке меншiк құқығы актiсi, тұрақты жер пайдалану құқығы актiсi және уақытша (өтеулi, өтеусiз) жер пайдалану құқығы актiсi жатады;
35) атқарушы органдардың шешiмдерi - атқарушы органдардың жер учаскесiне құқық беру туралы құқықтық актілері;
36) сервитут - бөтен жер учаскелерiн шектеулi мақсатты пайдалану, оның iшiнде жаяу өту, көлiкпен өту, қажеттi коммуникацияларды тарту мен пайдалану, аң аулау шаруашылығы және өзге де қажеттер үшiн пайдалану құқығы;
37) арнайы жер қоры - ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптардың, сондай-ақ мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан не Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскелерiнiң және шартты жер үлестерiнiң иелерi мен жер пайдаланушылар бас тартқан жердiң есебiнен құралатын резервтегi жер;
38) жер құқығы қатынастарының субъектiлерi - жер құқығы қатынастарына қатысушылар болып табылатын және соған орай құқықтары бар әрi осы құқық қатынасында мiндеттер атқаратын жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттер;
39) шартты жер үлесi - таратылған немесе қайта ұйымдастырылған ұжымшар мүшелерiнiң, мемлекеттік емес болып қайта құрылған мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдары қызметкерлерiнiң, сондай-ақ осы Кодексте аталған өзге дe тұлғалардың сандық тұрғыдан анықталған үлесі, оған сәйкес аталған ұйымдардың жер пайдалану құрамында бұдан бұрын болған жер учаскелерiне құқықтар беру жүзеге асырылады немесе осы Кодексте көзделген өзге де құқықтар iске асырылады.
2-тарау. Мемлекеттік органдардың жер қатынастары
саласындағы құзыреті
13-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретi
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыретiне мыналар жатады:
1) Республиканың жер қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
2) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқа да iс-шаралардың кешенiнде жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын сақтау мен арттыру, жер ресурстарын қорғау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды әзiрлеу;
3) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге, халықаралық мiндеттемелердi орындау мен жердi қорғаныс және қауiпсiздiк қажеттерi үшiн пайдалануға байланысты жағдайларда барлық санаттағы жерден жер учаскелерiн беру және алып қою, соның iшiнде сатып алу арқылы алып қою;
4) жер учаскесiне меншiк құқығына және жердi пайдалану құқығына берiлетiн құжаттардың нысандарын бекіту;
5) облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың шекарасын өзгерту мәселелерi жөніндегі ұсыныстарын келiсу, сондай-ақ облыстық маңызы бар қалалар төңiрегiнде қала маңы аймақтарын белгiлеу мен өзгерту;
6) жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызу және жердi осы аумақтардың резервiне қалдыру тәртібін, республикалық және халықаралық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тiзбесiн бекіту;
7) мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингiн жүргiзу тәртібін бекіту;
8) жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін белгiлеу;
9) облыстардың және астананың, республикалық маңызы бap қалалардың арасындағы жер қатынастарын реттеу;
10) оған Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функциялар.
14-бап. Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның және оның жергiлiктi
жерлердегi органдарының құзыретi
1. Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган мен оның жергiлiктi жерлердегi органдарының құзыретiне мыналар жатады:
1) жер ресурстарын басқару мен жер қатынастарын реттеу саласында бiртұтас мемлекеттік саясатты жүргiзу;
2) жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
3) мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингiн жүргiзудi ұйымдастыру;
4) жерге орналастыруды республикалық деңгейде жүргізуді ұйымдастыру;
5) жер қатынастары саласында мемлекет мүдделерiн қорғау;
6) жердi аймақтарға бөлу негiзiнде оның пайдаланылуын жоспарлау мен болжамдауды ұйымдастыру, жер учаскелерiнiң шекарасын белгiлеу;
7) жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзудi лицензиялау;
8) мемлекет жеке меншiкке сататын немесе жер пайдалануға беретiн нақты жер учаскелерiнiң бағалау құнын анықтау;
9) жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттар беру;
10) жердi аймақтарға бөлу жөніндегі жұмыстарды әдiстемелiк қамтамасыз ету;
11) жер учаскелерiнiң бөлiнетiндiгi мен бөлiнбейтiндiгiн айқындау;
12) пайдаланылмай жатқан жердi және Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылып жүрген жердi анықтау;
13) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзушылықты жою жөнiнде шаралар қолдану;
14) жердi пайдалану мен қорғау мәселелерiне қатысты республикалық, облыстық, аудандық бағдарламаларға, схемалар мен жобаларға сараптама жүргiзу;
15) егер құрылыс, пайдалы қазбалар кен орындарын қазу, объектiлердi пайдалану, геологиялық-барлау және басқа жұмыстар Қазақстан Республикасының жер заңдарын, жердi пайдаланудың белгiленген режимiн бұза отырып жүзеге асырылса, сондай-ақ бұл жұмыстар сараптамадан өтпеген немесе терiс қорытынды алған жобалар бойынша жүргiзiлсе, оларды тоқтата тұру;
16) Қазақстан Республикасының жер заңдарын анықталған бұзушылықтарды жою жөнiнде орындалуы мiндеттi нұсқамалар беру;
17) Қазақстан Республикасының жер заңдары саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істерді қарау;
18) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актілерінде олардың құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер.
2. Уәкiлеттi орган мен оның жергiлiктi жерлердегi органдары өз қызметiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен ережеге сәйкес жүзеге асырады.
15-бап. Жергiлiктi өкiлдi органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының құзыретi
1. Жергiлiктi өкiлдi органдардың тиiстi аумақтарда жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыретiне мыналар жатады:
1) басқа да табиғат қорғау iс-шаралары кешенiнде жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, жер ресурстарын қорғау жөніндегі аймақтық бағдарламаларды бекіту;
2) ауылдық (селолық) атқарушы органдардың қарамағына берiлген ауыл шаруашылығы алқаптарын қоса алғанда, елдi мекендер аумағында жер шаруашылық орналастыру жоспарларын бекіту;
3) жергiлiктi бюджеттер құрамында жер ресурстарын қорғау және топырақ құнарлылығын арттыру жөніндегі шығыстарды бекіту;
4) жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдар басшыларының жер ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуының жай-күйi туралы есептерiн тыңдау;
5) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген құзыретi шегiнде әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер арасындағы шекараны белгiлеу туралы шешiмдер қабылдау;
6) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актілерінде олардың құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер.
2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары жер қатынастарын реттеу саласында Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген өкiлеттiктер шегiнде тұрғын халықтың жергiлiктi маңызы бар мәселелердi шешуге қатысуын қамтамасыз етедi.
16-бап. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органның құзыретi
1. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органның жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыретiне мыналар жатады:
1) басқа да табиғат қорғау iс-шаралары кешенiнде жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, жер ресурстарын қорғау жөніндегі облыстық (қалалық) бағдарламаларды әзiрлеп, облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) өкiлдi органның бекітуiне енгізу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;
2) жер қойнауын пайдалану, магистральды құбырлар тарту, мұнай және газ өңдеу объектiлерiн салу мақсатында жер учаскелерiн беру және алып қою, соның iшiнде сатып алу арқылы алып қою;
3) ауданаралық маңызы бар уақытша пайдаланылатын мал айдау жолдарына жер учаскелерiн беру;
4) осы Кодекстiң 71-бабының 2-тармағына сәйкес iздестiру жұмыстарын жүргізу үшiн жер учаскелерiн пайдалануға рұқсат беру;
5) мемлекеттік ғылыми-зерттеу, оқу және басқа да ауыл шаруашылығы ғылыми ұйымдары мен олардың тәжiрибе шаруашылықтарына, сондай-ақ мемлекеттік тұқым өсiру шаруашылықтары мен асыл тұқымды мал зауыттарына жер учаскелерiн беру;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың барлық түрлерiн құру үшiн жердi резервте сақтау;
7) осы Кодекстiң 13-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге байланысты жағдайларда жердiң барлық санаттарынан жер учаскелерiн беру және алып қою, соның iшiнде сатып алу арқылы алып қою;
8) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерінде белгiленген құзыретiне сәйкес аудандар арасындағы жер қатынастарын реттеу;
9) орман қоры жерiн қоспағанда, осы Кодекстiң 90-бабында көзделген жағдайларда, жер учаскелерiн беру және алып қою, соның iшiнде сатып алу арқылы алып қою;
10) аудандық, қалалық (облыстық маңызы бар) атқарушы органдардың қызметiн жер ресурстарын пайдалану мен қорғауды үйлестiру, оған басшылық ету және бақылау жасау;
11) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актілерінде оның құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер.
2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың атқарушы органының жер ресурстарын реттеу саласындағы құзыретiне мыналар да жатады:
1) осы Кодекстiң 13-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру;
2) осы Кодекстiң 13-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қажеттiктер үшiн жер учаскелерiн алып қою, соның iшiнде сатып алу арқылы алып қою;
3) тиiстi өкiлдi органның бекітуi үшiн оларға әкiмшiлiк бағыныстағы елдi мекендер аумағының жер-шаруашылық орналастыру жоспарларын әзiрлеу және олардың орындалуын қамтамасыз ету.
17-бап. Аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органның құзыретi
Елдi мекендер жерiн қоспағанда, аудан шекарасының шегiнде жер қатынастарын реттеу саласында аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органның құзыретiне мыналар жатады:
1) осы Кодекстiң 13, 16, 18 және 19-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру;
2) осы Кодекстiң 13, 16 және 18-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн мемлекеттік қажеттiктер үшiн алып қою, соның iшiнде сатып алу арқылы алып қою;
3) басқа да табиғат қорғау шараларының кешенiнде жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, жер ресурстарын қорғау жөніндегі аудандық бағдарламаларды әзiрлеп, тиiстi өкiлдi органның бекітуiне енгізу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;
4) ауылдық (селолық) атқарушы органдардың құзырына берiлген ауыл шаруашылығы алқаптарын қоса алғанда, елдi мекендер аумағында жер-шаруашылық орналастыру жоспарларын тиiстi өкiлдi органның бекітуiне әзiрлеу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;
5) осы Кодекстiң 71-бабының 2-тармағына сәйкес iздестiру жұмыстары үшiн жер учаскесiн пайдалануға рұқсат беру;
6) арнайы жер қорын құру;
7) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актілерінде оның құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер.
18-бап. Қалалық атқарушы органның құзыретi
Облыстық маңызы бар қаланың атқарушы органының қала шекарасының (шегi) шебiнде және оның әкiмшiлiк бағыныстылығына берiлген аумақта жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыретiне мыналар жатады:
1) осы Кодекстiң 13, 16 және 19-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру;
2) осы Кодекстiң 13 және 16-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жердi мемлекеттік қажеттiктер үшiн алып қою, соның iшiнде сатып алу арқылы алып қою;
3) басқа да табиғат қорғау шаралары кешенiнде жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, жер ресурстарын қорғау жөніндегі қалалық бағдарламаларды әзiрлеп, тиiстi өкiлдi органның бекітуiне енгізу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;
4) тиiстi өкiлдi органның бекітуi үшiн өзiне әкiмшiлiк бағыныстағы елдi мекендер аумағында жер-шаруашылық орналастыру жоспарларын әзiрлеу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;
5) осы Кодекстiң 71-бабының 2-тармағына сәйкес iздестiру жұмыстары үшiн жер учаскесiн пайдалануға рұқсат беру;
6) арнайы жер қорын құру;
7) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актілерінде оның құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер.
19-бап. Аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округтер әкiмдерiнiң құзыретi
Аудандық маңызы бар қалалар, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округтер әкiмдерiнiң қаланың, кенттiң, ауылдық елдi мекеннiң шекарасы (шегi) шебiнде жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыретiне:
1) осы Кодекстiң 13 және 16-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру;
2) жер учаскелерiн мемлекеттік қажеттiктер үшiн алып қою, соның iшiнде сатып алу арқылы алып қою мәселелерi жөнiнде аудандық (қалалық) әкiмдiкке ұсыныстар енгізу;
3) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актілерінде олардың құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер кiредi.
2-бөлiм. Жерге меншік құқығы, жер пайдалану құқығы және
жерге өзге де заттық құқықтар
3-тарау. Жерге меншік құқығы
20-бап. Жерге меншiк құқығының түрлерi
1. Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.
2. Меншiк құқығының субъектiлерi:
республика аумағындағы жерге мемлекеттік меншiк құқығының субъектiсi - Қазақстан Республикасы;
осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады.
21-бап. Меншiк құқығының мазмұны
1. Меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi жер учаскесiн иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге құқығы бар.
2. Жердiң меншiк иесi ретіндегі мемлекеттiң құқықтарын осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгiленген өз құзыретiне сәйкес мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген негiздерде, шарттар мен шектерде меншiк иeci құқығын жүзеге асыра алады.
22-бап. Жер учаскесiне меншiк құқығының туындауы
1. Жер учаскесiне меншiк құқығы:
1) меншiк құқығын табыстау;
2) меншiк құқығын беру;
3) меншiк құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) ауысуы арқылы туындайды.
2. Меншiк құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескерiле отырып, жүзеге асырылуға тиіс.
3. Жер учаскесiне меншiк құқығы:
1) мемлекеттік органдар актілерінiң;
2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.
23-бап. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер учаскелерiне меншiгi
1. Осы Кодекске сәйкес жеке меншiкте болмайтын жер учаскелерiн қоспағанда, мемлекеттік меншiктегi жер учаскелерi азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке берiлуi мүмкiн.
2. Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке меншiгiнде шаруа (фермер) қожалығын, өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, орман өсiру, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшiн, сондай-ақ үйлердi (құрылыстарды, ғимapaттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) мен олардың кешендерiн салуға берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн.