2. Төленген алимент сомасын:
1) алимент алушының жалған мәліметтер хабарлауына байланысты немесе оның қолдан жасалған құжаттар беруіне байланысты алимент өндіріп алу туралы сот шешімінің күші жойылған;
2) алимент алушы тарапынан алдау, қорқыту немесе күш көрсетіп ықпал жасау салдарынан алиментті төлеу жөніндегі келісім жарамсыз деп танылған;
3) сот шешімінің, алимент төлеу туралы келісімнің немесе атқару парағының қолдан жасалу фактісі негізінде алимент төленгені сот үкімімен анықталған жағдайларды қоспағанда, кері талап етуге болмайды.
3. Егер осы баптың 2-тармағында келтірілген әрекеттерді кәмелетке толмаған баланың немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз алимент алушының өкілі жасаған болса, алимент кері өндіріліп алынбайды, ал төленген алименттің сомасы алимент төлеуге міндетті адамның талабы бойынша кінәлі өкілден өндіріп алынады.
159-бап. Алиментті индекстеу
Сот шешімі бойынша тұрақты ақша сомасымен өндіріп алынатын алименттің индекстелуін алиментті ұстайтын орын бойынша ұйымның әкімшілігі заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің өсуіне бара-бар жүргізеді.
160-бап. Алимент төлеуге міндетті адам шет мемлекетке тұрақты тұруға кеткен жағдайда алимент төлеу
1. Алимент төлеуге міндетті адам шет мемлекетке тұрақты тұруға кеткен жағдайда ол заң бойынша қаражат беруге міндетті отбасы мүшелерімен осы Заңның 143, 144, 147 және 148-баптарына сәйкес алимент төлеу туралы келісім жасасуға құқылы.
2. Келісімге қол жетпеген жағдайда мүдделі адам алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу туралы немесе алиментті бір жолғы төлеу туралы не алимент есебіне белгілі бір мүлікті беру туралы немесе алиментті өзге бір жолмен төлеу туралы талап етіп сотқа жүгінуге құқылы.
161-бап. Соттың бұрын белгіленген алимент мөлшерін өзгерту және алимент төлеуден босату
1. Егер алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда алимент мөлшері сот тәртібімен белгіленгеннен кейін тараптардың бірінің материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгерсе, сот кез келген тараптың талап етуі бойынша белгіленген алимент мөлшерін өзгертуге немесе алимент төлеуге міндетті адамды оны төлеуден босатуға құқылы. Алимент мөлшері өзгертілген немесе оны төлеуден босатылған жағдайда сот тараптардың назар аударарлық мүддесін де ескеруге құқылы.
2. Егер кәмелетке толған әрекетке қабілетті адам алиментті төлеуге міндетті адамға қатысты қасақана қылмыс жасағаны немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетті адам отбасында лайықсыз мінез-құлық көрсеткен жағдайы анықталса, сот оған алимент өндіріп беруден бас тартуға құқылы.
162-бап. Алименттік міндеттемелерді тоқтату
1. Алимент төлеу туралы келісіммен белгіленген алименттік міндеттемелер осы келісімнің күшінде болу мерзімі біткенде немесе осы келісімде көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ тараптардың бірі қайтыс болғанда тоқтатылады.
2. Сот тәртібімен өндіріп алынатын алиментті төлеу:
1) бала кәмелетке толғаннан кейін немесе кәмелетке толмаған балалар кәмелетке толғанға дейін толық әрекетке қабілетін алған жағдайларда;
2) асырап-бағу үшін алимент өндіріп алынған бала асырап алынғанда;
3) сот алимент алушының еңбекке жарамдылығы қалпына келтірілген немесе көмекке мұқтаждығы тоқтатылған деп танығанда;
4) еңбекке жарамсыз, бұрынғы жұбайының көмегіне мұқтаж болып келген алимент алушы жаңа некеге тұрғанда;
5) алимент алушы адам немесе алимент төлеуге міндетті адам қайтыс болғанда тоқтатылады.
6-бөлім. Азаматтық хал актілері
22-тарау. Жалпы ережелер
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 163-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
163-бап. Азаматтық хал актілерін тіркеу
Туу, қайтыс болу, неке қию, некені бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту азаматтық хал актілерін жазатын мемлекеттік органдарда , ал мұндай органдар жоқ жерлерде - аудандық маңызы бар қалада, кентте, ауылда (селода), ауылдық (селолық) округте - тиiстi әкiм аппаратында тіркелуге тиіс.
164-бап. Азаматтық хал актілерін тіркеуді жүргізетін органдар
Азаматтық хал актілерін тіркеуді азаматтық хал актілерін жазатын бөлімдер, ал мұндай бөлімдер жоқ жерлерде жергілікті атқарушы органдар жүргізеді.
165-бап. Азаматтық хал актілерін тіркеу ережелері. Акт кітаптары
1. Азаматтық хал актілері жазбаларын өзгерту, қалпына келтіру және күшін жою тәртібін белгілейтін ережелер, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу кітаптарының нысанын және осы кітаптардағы жазбалар негізінде берілетін куәліктердің нысанын, акт кітаптарын сақтаудың тәртібі мен мерзімін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Азаматтық хал актілерін тіркеу ережелері, сондай-ақ некеге тұратын адамдардың денсаулық жағдайы мен отбасы жағдайы туралы бірін-бірі хабардар ету, олардың болашақ ерлі-зайыптылар және ата-аналар ретіндегі құқықтары мен міндеттерін түсіндіру тәртібі осы Заңмен және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібі туралы нормативтік құқықтық актімен белгіленеді.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-11 Заңымен 166-бап өзгертілді
166-бап. Мемлекеттік баж
1. Тууды тіркеу, әке болуды анықтау, бала асырап алу, неке қию, некені бұзу, тегін, атын және әкесінің атын, ұлтын және жынысын өзгерту үшін, сондай-ақ туу, неке, некені бұзу, қайтыс болу туралы актілердің жазбаларын өзгертуге, толықтыруға, түзету мен қалпына келтіруге байланысты куәліктер және азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталап куәліктер беру үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгіленген мөлшерде мемлекеттік баж алынады.
2. Қайтыс болуды тіркеу, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде жіберілген қателерге байланысты куәліктер беру Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес мемлекеттік баж алынбай жүргізіледі.
167-бап. Азаматтық хал актілеріндегі жазбаларды өзгерту, толықтыру және түзету тәртібі
1. Жеткілікті негіздер болған жағдайда және мүдделі адамдардың арасында дау тумаған жағдайда азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуді азаматтық хал актілерін жазатын органдар жүргізеді. Мүдделі адамдардың арасында дау туған жағдайда азаматтық хал актілеріндегі жазбаларға өзгерістер енгізу, оларды түзету мәселелері сот тәртібімен шешіледі.
2. Азаматтық хал актілеріндегі жазбаларға өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы арыздар - арыз берушінің тұрақты тұратын жері бойынша азаматтық хал актілерін жазатын органға, ал шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін жазатын органдарында тіркелген және шетелде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемелерiне беріледі.
3. Азаматтық хал актілеріндегі жазбаларға өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуді жазба жазылған жер бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган жүргізеді. Азаматтық хал актілерін жазуға өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуден бас тартуға сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
168-бап. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру
1. Азаматтық хал актілерінің жоғалған жазбаларын қалпына келтіру туралы арыз сол арызды берушінің тұрақты тұратын жері бойынша азаматтық хал актілерін жазатын органға, ал шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ азаматтық хал актілері Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін жазатын органдарында тіркелген және шетелде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың арыздары Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемелерiне беріледі.
2. Азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру тиісті жазбаның бұрын болғанын растайтын құжаттар болған жағдайда немесе сот шешімінің негізінде жасалады.
3. Азаматтық хал актілері жазбасының жоғалғаны сол жоғалған жазба болған жер бойынша азаматтық хал актілері жазбасының облыстық (қалалық) архиві растауға тиіс.
4. Азаматтық хал актілерін жазатын органдардың жоғалған жазбаны қалпына келтіруі мүмкін болмаған жағдайда азаматтық хал актілерін тіркеу фактісі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген ережелер бойынша сот тәртібімен анықталады.
5. Азаматтық хал актілерінің қалпына келтірілген жазбаларын тіркеуді жоғалған жазба болған жердегі азаматтық хал актілерін жазатын орган жүргізеді.
169-бап. Азаматтық хал актілеріндегі жазбаларды жою
1. Азаматтық хал актілері жазбасының:
1) сот шешімінің негізінде;
2) мүдделі адамдардың арызы бойынша;
3) жойылуға тиісті бастапқы, қалпына келтірілген немесе қайталап жазылған жазбаны тапқан азаматтық хал актілерін жазатын органның бастамасымен жойылуы мүмкін.
2. Азаматтық хал актілері жазбаларын жою туралы арыз сол арыз берушінің тұрақты тұратын жері бойынша - сотқа немесе азаматтық хал актілерін жазатын органға, ал шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, азаматтық хал актілері Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін жазатын органдарында тіркелген және шетелде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың арыздары Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемелерiне беріледі.
3. Азаматтық хал актілері жазбаларын жою жойылуға тиісті жазба болған жерде жүргізіледі.
170-бап. Азаматтық хал актілерін жазу ережелерін бұзғаны үшін лауазымды адамдардың жауапкершілігі
Лауазымды адамдар азаматтық хал актілерін тіркеуден негізсіз бас тартқаны үшін, халықтың табиғи қозғалысын есепке алу жөніндегі мәліметтерді белгіленген мерзімде тапсырмағаны немесе теріс мәліметтер тапсырғаны үшін, сондай-ақ бала асырап алу құпиясын жария еткені үшін (осы Заңның 91-бабы) заңда белгіленген тәртіппен жауап беруге тиіс.
171-бап. Азаматтардың некеге тұруға кедергі келтіретін мән-жайларды жасырғаны немесе азаматтық хал актілерін жазатын органдарға жалған мәліметтер бергені үшін жауапкершілігі
Некеге тұруға кедергі келтіретін мән-жайларды жасырғаны немесе азаматтық хал актілерін жазатын органдарға жалған мәліметтер бергені үшін азаматтар заңдарға сәйкес жауап береді.
23-тарау. Тууды тіркеу
172-бап. Тууды тіркеу тәртібі
1. Балалардың тууын тіркеуді азаматтық хал актілерін жазатын органдар баланың туған жері бойынша немесе ата-анасының не олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша жүргізеді.
2. Туу туралы арызды ата-аналары немесе олардың біреуі, ал ата-аналары қайтыс болған, науқастанған жағдайда немесе басқа да себептермен арыз беру мүмкін болмаған ретте мүдделі адамдар немесе бала туған кезде шешесі жатқан емдеу мекемесінің әкімшілігі жазбаша немесе ауызша түрде береді. Арызға емдеу мекемесінің анықтамасы, ал бала үйде туған жағдайда дәрігердің, басқа бір медицина қызметкерінің немесе олар болмаған жағдайда кемінде екі куәнің арызы қоса беріледі. Азаматтық хал актілері жазылатын кітаптарға ата-анасын,ата-анасының атын, әкесінің атын, тегін, ұлтын жазу осы Заңның 49, 50, 55-баптарының 1-3-тармақтарына сәйкес жүргізіледі.
3. Кәмелетке толмаған ата-аналардың баласын тіркеу (осы Заңның 61-бабы) жалпы тәртіппен жүзеге асырылады.
173-бап. Әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке бұзылғаннан кейін не неке заңсыз деп танылғаннан кейін туған балалардың тууын тіркеу
Некеде тұрған кезде бойға біткен және әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке бұзылғаннан кейін не неке заңсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын тіркеу, егер әкесі қайтыс болған немесе неке бұзылған не ол заңсыз деп танылған күннен екі жүз жетпіс күннен аспаған болса, жалпы негізде жүргізіледі.
174-бап. Туу туралы арыз беру мерзімдері
Туу туралы арыз азаматтық хал актілерін жазу органдарына бала туған күннен бастап екі айдан, ал бала өлі туған жағдайда босанған кезден бастап бес тәуліктен кешіктірмей жасалуға тиіс.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) 175-бап өзгертілді
175-бап. Тауып алынған баланың туылғанын тіркеу тәртібі
Тауып алынған баланың туылғаны, егер ол бұрын тіркелмеген болса, оны тауып алған адамның, балалар мекемесі әкімшілігінің немесе ішкі істер органдарының мәлімдемесі бойынша тауып алынған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей тіркелуге тиіс. Мәлімдемеге бала тауып алынған уақытты, орынды және мән-жайларды көрсетіп, ішкі істер органы немесе аудандық (қалалық) атқарушы органдар жасаған хаттама қоса тіркеледі.
176-бап. Тууды салтанатты жағдайда тіркеу
Ата-аналардың тілегі бойынша азаматтық хал актілерін жазу органы баланың тууын салтанатты жағдайда - азаматтық хал актілерін жазу органының үй-жайында, сондай-ақ азаматтық хал актілерін жазатын органдар мен жаңа туған баланың ата-аналарының келісімімен өзге жерде тіркеуді Азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібіне сәйкес қамтамасыз етеді.
177-бап. Туу туралы жазбалар кітабына енгізілетін мәліметтер
1. Баланың туу туралы жазбалар кітабына баланың туған уақыты, туған жері, жынысы, оған қойылған аты, тегі, әкесінің аты, сондай-ақ атааналарының аты, әкесінің аты, тегі олардың тұрақты тұратын жері және атаананың тілегі бойынша олардың ұлты жазылуға тиіс.
Жазылған жазбаға сәйкес тууы туралы куәлік беріледі.
2. Бала өлі туған жағдайда туу туралы жазбалар кітабындағы ерекше бағанада тиісті белгі жасалады.
24-тарау. Әке болуды анықтауды тіркеу
178-бап. Әке болуды анықтауды тіркеу тәртібі
1. Әке болуды анықтауды тіркеу осы Заңның 46-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда ата-ананың біреуі тұратын жер бойынша азаматтық хал актілерін жазу органдарында, ал осы Заңның 47-бабында көзделген жағдайларда әке болуды анықтау туралы сот шешімі шығарылған жердегі азаматтық хал актілерін жазу органдарында жүргізіледі.
2. Кәмелетке толған адамдар жөнінде әке болуды анықтауды тіркеуге олардың келісімімен ғана жол беріледі.
179-бап. Әке болуды анықтау туралы куәлік және баланың тууы туралы жаңа куәлік беру
Әке болуды анықтауды тіркеген кезде азаматтық хал актілерін жазу органдары әке болуды анықтау туралы актілерді тіркеу кітабына бала, оның анасы мен әкесі туралы мәліметтерді жазады, әке болуды анықтау туралы куәлік және баланың тууы туралы жаңа куәлік береді.
25-тарау. Некені тіркеу
180-бап. Некені тіркеу туралы арыз
Некесін тіркегісі келетін адамдар арыз берушінің біреуі тұратын жердегі не өздерінің ата-аналары тұратын жердегі азаматтық хал актілерін жазу органына арыз береді.
181-бап. Некеге тұратын адамдардың арыздарын қабылдау
1. Некеге тұратын адамдар:
1) жеке басын куәландыратын құжаттарды;
2) белгіленген неке жасын кеміту қажет екенін растайтын, осы Заңның 10-бабында аталған құжаттарды;
3) бұрынғы некелері туралы мәліметтерді;
4) балалары туралы мәліметтерді көрсетуге міндетті.
2. Некеге тұратын адамдармен келісе отырып, некені тіркеу мерзімі белгіленеді (осы Заңның 13-бабы).
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) 182-бап өзгертілді
182-бап. Некені тіркеу тәртібі
1. Некені тіркеу азаматтық хал актілерін жазу органдарында (бөлімдерінде), ал мұндай органдар жоқ жерлерде - аудандық маңызы бар қалада, кентте, ауылда (селода), ауылдық (селолық) округте - әкiм аппаратында жүргізіледі.
Жоғарыда аталған органдардың лауазымды адамы:
1) некеге тұру ниеті туралы берілген арыздарды жария етеді;
2) некелесушілерге болашақ жұбайлардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
3) некеге тұруға келісетінін және жұбайлардың қалап алатын тектерін анықтайды.
2. Неке қиюға кедергі жоқ болған жағдайда азаматтық хал актілері жазылатын кітапқа неке туралы жазба жасалады, оған некеге тұратындар қол қояды және оны азаматтық хал актілерін жазу органының лауазымды адамы қол қойып бекітеді.
183-бап. Некені салтанатты жағдайда тіркеу
Некені тіркеу салтанатты жағдайда - азаматтық хал актілерін жазу органдарының некені салтанатты түрде тіркеуге арнайы белгіленген үйжайларында, сондай-ақ азаматтық хал актілерін жазу органдары мен некеге отыратын адамдардың келісуі бойынша өзге жерлерде де жүргізілуі мүмкін.
184-бап. Неке туралы жазбаны тоқтата тұру
Неке туралы жазба жасалғанға дейін некені тіркеу үшін кедергілер бар екендігі туралы арыз түскен жағдайда лауазымды адам жазбаны тоқтата тұруға және арыз берушіден белгіленген мерзімде тиісінше деректі айғақтар беруді талап етуге міндетті. Бұл мерзім бір айдан аспауы керек.
185-бап. Ерлі-зайыптыларға неке туралы куәлік беру
Некені тіркеу өткізілгеннен кейін ерлі-зайыптыларға неке туралы куәлік беріледі.
26-тарау. Некенің бұзылуын тіркеу
186-бап. Сот шешімі бойынша некенің бұзылуын тіркеу
Некенің тоқтатылуын соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тіркеу (осы Заңның 22-бабы) сот шешімі шығарылған жердегі азаматтық хал актілерін жазу органында некенің бұзылғаны туралы заңды күшіне енген сот шешімінің көшірмесі және сот шешімі бойынша өндіріп алынуға тиісті соманың төленгені туралы түбіршектің негізінде жүргізіледі.
187-бап. Некенің бұзылуын ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша тіркеу
1. Кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша некенің бұзылуын тіркеу (осы Заңның 16-бабының 1-тармағы) ерлізайыптылардың екеуі немесе біреуі тұратын жердегі азаматтық хал актілерін жазу органына некені бұзу туралы ерлі-зайыптылардың бірлесіп берген арызы негізінде жүргізіледі.
2. Некенің бұзылуын ресімдеу және некенің бұзылғаны туралы куәлікті ерлі-зайыптыларға беру олар өтініш берген күннен бастап бір ай өткеннен кейін жүргізіледі.
188-бап. Хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз немесе ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адаммен некенің бұзылуын тіркеу
1. Хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз немесе қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған (осы Заңның 16-бабының 2-тармағы) адаммен некенің бұзылуын тіркеуді екінші жұбайдың арызы мен соттың заңды күшіне енген шешімінің немесе үкімінің көшірмесін не шешім яки үкімнен алынған үзіндіні көрсету негізінде азаматтық хал актілерін жазу органы жүргізеді.
2. Азаматтық хал актілерін жазу органы арыз түскен күннен бастап бір апта мерзімде қамауда жатқан жұбайға не әрекетке қабілетсіз жұбайдың қорғаншысына немесе хабар-ошарсыз кеткен жұбайдың мүлкіне қорғаншыға хабарлама алынған күннен бастап он бес күн мерзім белгілей отырып хабарлауға міндетті, осы мерзім ішінде олар арыз бойынша өздерінің арасында дау бар екені туралы хабарлауға құқылы.
189-бап. Некенің бұзылуы туралы куәлік беру
1. Некенің бұзылуын тіркеу жасалғаннан кейін тараптардың әрқайсысына олардың арызы бойынша некені бұзылғаны туралы куәлік беріледі.
2. Егер неке сот тәртібімен бұзылса, некенің бұзылуы туралы куәлікте некенің бұзылуы туралы сот шешімінің заңды күшіне енгізілетін күні көрсетілуге тиіс.
27-тарау. Бала асырап алуды тіркеу
190-бап. Бала асырап алуды тіркеу негізі
Бала асырап алу соттың заңды күшіне енген бала асырап алу туралы шешімі негізінде бала асырап алу азаматтық хал актілерін жазу органдарында тіркеледі.
191-бап. Бала асырап алуды тіркеу орны
Бала асырап алуды тіркеу бала асырап алу туралы сот шешімі шығарылған жерде жүргізіледі.
192-бап. Бала асырап алу туралы куәлік және баланың тууы туралы жаңа куәлік беру
Азаматтық хал актілерін жазу органдары бала асырап алу туралы куәлік береді. Асырап алынған баланың тегін, атын және әкесінің атын өзгерткен жағдайда (осы Заңның 86-бабы), сондай-ақ туу туралы жазбалар кітаптарына бала асырап алушыны асырап алынған баланың ата-анасы ретінде жазғанда (осы Заңның 88-бабы) туу туралы жаңа куәлік беріледі.
193-бап. Бала асырап алу туралы жазбаны жою
1. Бала алу туралы жазба бала асырап алудың күшін жою туралы немесе бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жойылады.
2. Егер бала асырап алудың күші олардың өтініші бойынша жойылса, бала асырап алуды жою туралы өтінішті баланың ата-анасы, егер оның талап етуі бойынша бала асырап алудың күшін жою жасалса, қорғаншы немесе қамқоршы орган береді.
28-тарау. Атын, әкесінің атын және
тегін өзгертуді тіркеу
194-бап. Атын, әкесінің атын және тегін өзгертуді тіркеу тәртібі
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тегін, атын, әкесінің атын өзгертуіне олар он алты жасқа толғаннан кейін рұқсат беріледі. Тегін, атын, әкесінің атын өзгертуді және оны тіркеуді арыз берушінің тұрғылықты жеріндегі азаматтық хал актілерін жазу органдары жүргізеді. Тегін, атын, әкесінің атын өзгертуден бас тарту жөнінде сотқа заңда белгіленген мерзімде шағым жасалуы мүмкін.
2. Тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы өтініштерді қарау Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүргізіледі.
29-тарау. Қайтыс болуды тіркеу
195-бап. Қайтыс болуды тіркеу тәртібі
1. Қайтыс болу жағдайы, сондай-ақ азаматты өлді деп жариялау туралы және өлу фактісін анықтау туралы сот шешімдері азаматтық хал актілерін жазу органдарында тіркеледі.
2. Қайтыс болуды тіркеу өлген адамның тұрған жеріндегі немесе ол қайтыс болған жердегі азаматтық хал актілерін жазу органдарында жүргізіледі.
3. Адамды өлді деп жариялау туралы және өлу фактісін анықтау туралы сот шешімдерін тіркеу шешім шығарылған жерде жүргізіледі.
196-бап. Қайтыс болуы туралы мәлімдеме беру мерзімі
Қайтыс болу туралы мәлімдеме жеті тәуліктен кешіктірмей, ал адам зорлықпен өлтірілсе, өзін-өзі өлтірсе, жазатайым жағдайдан өлсе, сондай-ақ өлік табылған жағдайда өлген немесе өлік табылған кезден бес күннен кешіктірмей берілуге тиіс.
197-бап. Қайтыс болу туралы мәлімдеме беретін адамдар мен органдар
Қайтыс болу туралы мәлімдемені өлген адаммен бірге тұрған адамдар, ал ондай адамдар болмаған жағдайда көршілері, тұрғын үй-пайдалану ұйымдарының қызметкерлері немесе адам қайтыс болған жердегі мекеменің әкімшілігі немесе өлікті тапқан ішкі істер органы жазбаша немесе ауызша түрде жасайды.
198-бап. Қайтыс болу туралы мәлімдеменің мазмұны
Қайтыс болу туралы мәлімдемеде мәлімдеуші өлген адам туралы мына мәліметтерді: өлген адамның аты, әкесінің аты, тегі, туған жылы, соңғы тұрған жері және оның отбасылық жағдайы, қайтыс болған жылы, айы мен күні, қайтыс болу себебі, сондай-ақ қайтыс болу туралы мәлімдеме жасаған адамның аты, әкесінің аты, тегі және тұрғылықты жері көрсетіледі.
199-бап. Қайтыс болу фактісін куәландыру
1. Қайтыс болу фактісі дәрігердің куәлігімен, ал оны беру мүмкін болмаған жағдайда екі куәнің айғағымен куәландырылады.
2. Өліктің табылғаны туралы мәлімдемеге тиісті мемлекеттік органдар жасаған хаттама қоса тіркеледі.
7-бөлім. Неке-отбасы заңдары нормаларының
шетелдіктер мен азаматтығы жоқ
адамдарға қолданылуы
200-бап. Қазақстан Республикасының аумағында неке қию
1. Қазақстан Республикасының аумағында неке қиюдың нысаны мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының аумағында неке қиюдың ережелері, егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, некеге тұратын адамдардың әрқайсысының некеге тұратын кезде қай мемлекеттің азаматы болса, сол мемлекеттің заңдарымен, осы Заңның 9-11-баптарының неке қиюға кедергі болатын мән-жайлар жөніндегі талаптарын сақтай отырып белгіленеді.
3. Азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағында некесін қию ережелері сол адамның тұрақты тұратын жері бар мемлекеттің заңдарымен белгіленеді.
201-бап. Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемелерiнде неке қию
1. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары арасындағы неке Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемелерiнде қиылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердің елшіліктерінде немесе консулдық мекемелерінде шетелдіктер арасында қиылған некелер, егер бұл адамдар некелескен кезде Қазақстан Республикасындағы елшісін немесе консулын тағайындаған шет мемлекеттің азаматтары болып табылса, екі жаққа бірдей болу шартымен Қазақстан Республикасында заңды деп танылады.
202-бап. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде қиылған некені тану
1. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында қиылған некелер және Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың арасында қиылған некелер олар аумағында неке қиылған мемлекеттің заңын сақтай отырып жасалса, осы Заңның 11-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасында заңды ден танылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде шетелдіктер арасында қиылған некелер, олар аумағында жасалған мемлекеттің заңдарын сақтай отырып қиылса, Қазақстан Республикасында заңды деп танылады.
203-бап. Қазақстан Республикасының аумағында немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде қиылған некенің заңсыздығы
Қазақстан Республикасының аумағында немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде жасалған некенің заңсыздығы осы Заңның 200, 202 баптарына сәйкес неке қию кезінде қолданылған заңдармен айқындалады.
204-бап. Некенің бұзылуы
1. Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар арасындағы некені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер арасындағы некені бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
2. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жұбайымен некені оның азаматтығына қарамастан Қазақстан Республикасының сотында бұзуға құқылы. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес некені азаматтық хал актілерін жазу органдарында бұзуға жол берілетін жағдайда неке Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемелерiнде бұзылуы мүмкін.
3. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар арасындағы некені бұзу тиісті шет мемлекеттің заңдарын сақтай отырып жасалса, Қазақстан Республикасында заңды деп танылады.
4. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде шетелдіктер арасындағы некені бұзу тиісті шет мемлекеттің заңдарын сақтай отырып жасалса, Қазақстан Республикасында заңды деп танылады.