«Мемлекеттік акциялар пакетiн сатудан алынған қаражатты уақытша
пайдалану тәртібі туралы»
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 31 қаңтардағы
№ 107 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 1996.25.04. № 507 қаулысымен күшi жойылды
Мемлекеттік акциялар пакетiн сатудан түскен қаражатты тиiмдi пайдалану, инвестициялық саясатты белсендi жүргiзу және жекешелендiру процестерiне байланысты әлеуметтiк мәселелердi шешу мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Акционерлік қоғамдардың мемлекеттік акциялар пакетiн сатудан алынған ақша қаражаттары сауда жасау бойынша шығыстарды жапқаннан кейiн, 2-тармақта көрсетiлгендердi қоспағанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiк жөніндегі мемлекеттік комитетiнiң шотына толық көлемiнде есептеледi және сауда жасағаннан кейiн тiкелей мынадай бағыттарға бөлiнедi:
40 процент мөлшерiнде қаражат жалпыұлттық әлеуметтiк және өзге де мiндеттердi шешу үшiн мемлекеттік бюджетке берiледi;
30 процент мөлшердегi қаражат жекешелендiрiлген акционерлік қоғам қызметкерлерiнiң босағандарына бiржолғы жәрдемақы төлеу үшiн, сондай-ақ жекешелендiрiлген кәсiпорындардың балансынан алынған әлеуметтiк сфералардың объектiлерiн қолдау және аймақтың басқа да әлеуметтiк мiндеттерiн шешу үшiн жергiлiктi бюджетке берiледi.
2. Сатудан түскен қаражаттың 30 процентi даму, қайта жаңарту бағдарламаларын және жаңа технологиялар енгiзудi қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ өзге де мақсаттар үшiн акциялар пакетi сатылған акционерлік қоғамның шотына тiкелей аударылады.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiк жөніндегі мемлекеттік комитетi, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі бiр ай iшiнде Мемлекеттік акциялар пакетiн сатудан түскен ақша қаражатын пайдалану тәртібінiң Уақытша ережесін бекiтсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi