«Қазақстан Республикасының экологиялық аудандарға
бөлiнуiн реттеу жөніндегі шұғыл шаралар туралы»
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 29 маусымдағы № 548 қаулысы
(1998.14.05. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2005.27.07. № 781 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының айналадағы орта тiршiлiкке қолайсыз болып келетiн аймақтарының ғылыми негiзделген шекараларын айқындау, экологиялық жағдайы қысылтаяң аудандардағы табиғи ресурстарды қалпына келтiру және оларда тұратын халыққа арналған қорғау-оңалту шараларын жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік шараларды түзудi қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясымен, Қазақ ауыл шаруашылық ғылымы академиясымен, мүдделi министрлiктермен, ведомстволармен және ұйымдармен, облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп әзiрленген республика аумағын экологиялық аудандарға бөлу бағдарламасының жобасын Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қарауына 1995 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi мерзiмде енгiзсiн.
ҚР Үкіметінің 1998.14.05. № 434 қаулысымен -згертілді
2. Экологиялық аудандарға бөлу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру Республикалық қоршаған ортаны қорғау қоры қаражатының есебiнен жүзеге асырылады деп белгiленсiн.
3. Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясымен, Қазақ ауыл шаруашылық ғылымы академиясымен, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитетiмен, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Гидрометеорология жөніндегі Бас басқармамен бiрлесiп:
1993 жылдың IV тоқсанында 2000 жылғы кезеңге дейiн тозығы жеткен аумақтарды қоса республиканың аудандары бойынша айналадағы табиғи ортаға түсетiн антропогендiк ауыртпалықтың жол беруге болатын өлшемдерiн белгiленген тәртiппен әзiрлеп бекiтсiн;
табиғи ортаның мониторингтiк және диагностикалық ахуалының бiрыңғай ұйымдық-техникалық жүйесiн қалыптастыруды, табиғат қорғау құрылыстарын салуды және қайта жаңартуды, табиғатты қалпына келтiрудiң кешендi шараларын жүзеге асыруды ескере отырып, табиғатты ұтымды пайдаланудың, Ұлттық бағдарламасының құрамдас бөлiгi ретіндегі республика аумағын экологиялық оңалтудың ғылыми негiзделген мемлекеттік бағдарламасының жобасын 1994 жылдың II тоқсанында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қарауына енгiзсiн.
4. Облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiне тиiстi мемлекеттік органдармен бiрлесiп, жергiлiктi бюджет қаражатының есебiнен экологиялық жағдайдың ушығуына байланысты ведомстволық бағыныстағы аумақтың жекелеген аудандары үшiн әлеуметтiк жеңiлдiктер мен өтемдердiң нормаларын белгiлеу ұсынылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi