“Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 29 желтоқсандағы № 1449
қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 11 шілдедегі № 716 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. "Елдiң минералдық-шикiзаттық кешенi ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 29 желтоқсандағы № 1449 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 50, 496-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары А.С. Есiмовке жүктелсiн;
көрсетiлген қаулымен бекітілген Елдiң минералдық-шикiзаттық кешенi ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған бағдарламасында:
"Бағдарлама паспорты" деген 1-бөлiмде:
"Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi" деген жолда:
бiрiншi абзацтағы "Жұмыс iстеп тұрған тау-кен және мұнай өңдеу кәсiпорындары үшiн" және ", жер қойнауы мен қоршаған табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз етуге" деген сөздер алынып тасталсын;
екiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"1:200000 масштабтағы алаңдарды жете геологиялық зерттеу;";
екiншi абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
"кен аудандарын геологиялық-минерагендiк картаға түсiру;";
"Күтілетiн нәтижелер" деген жолда:
бiрiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Мынадай әскери сынақ полигондары мен маңызды тау-кен және мұнай-газ өндiретiн аудандардың аумақтары бойынша жер қыртысының құрылымы туралы қазiргi түсiнiктер негiзiнде 1:200000 масштабының геологиялық картографиялық негiзi жасалатын болады:
"2005 жылы - Сарыөзек, Ембi әскери полигондары, Балқаш маңы, Текелi, Жәйрем-Yшқатын, Көкшетау, Қарағанды және Батыс Қалба тау-кен аудандары;
2006 жылы - Көкшетау, Бенқала тау-кен аудандары мен солтүстiк Тянь-Шань;
2007 жылы - Семей полигонының шығыс жиектеуi, Ресеймен шекаралас Кендi Алтай аудандары, солтүстiк Жоңғар (Текелi), Орталық Қаратау, Жәйрем-Үшқатын тау-кен аудандары;
2008-2010 жылдары 1:200000 масштабтағы алаңдарды жете геологиялық зерттеу жұмыстары Қазақстан аумағының негiзгi тау-кен-өнеркәсiптiк аудандарды қамтитын үлкен бөлiгiнде аяқталатын болады;
кенденудiң әр түрлi типтерiнiң минерагендiк карталары, iздеу жұмыстарының одан арғы бағыты бойынша болжам мен ұсынымдар карталары жасалатын болады;";
екiншi абзацта "телiмдерi" деген сөз "объектілерi" деген сөзбен ауыстырылсын;
төртiншi абзацтан кейiн мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
"iздеу-бағалау жұмыстарын жүргiзу нәтижесiнде қорлардың күтiлетiн өсiмi:
2005 жылы - алтын - 5 тоннаны, мыс - 5 мың тоннаны, қорғасын - 30 мың тоннаны, мырыш - 70 мың тоннаны, күмiс - 70 тоннаны;
2006 жылы - мыс - 30 мың тоннаны, қорғасын - 50 мың тоннаны, мырыш - 100 мың тоннаны;
2007 жылы - алтын - 45-50 тоннаны, мыс - 100 мың тоннаны, қорғасын - 20 мың тоннаны, мырыш - 45 мың тоннаны;
2008-2010 жылдары - алтын - 25 тоннаны, мыс - 500 мың тоннаны, тантал - 500 тоннаны құрайды;";
алтыншы абзацта "ғылыми-зерттеу жұмыстары" деген сөздер "қолданбалы ғылыми зерттеулерi" деген сөздермен ауыстырылсын;
"Қаржыландыру көлемi мен көздерi" деген жолда:
"2005 ж. - 2400,4 млн. теңге;
2006 ж. - 2469,5 млн. теңге;
2007-2010 ж.ж. - 33852,7 млн. теңге" деген сөздер мынадай сөздермен ауыстырылсын:
"2005 ж. - 2922,7 млн. теңге;
2006 ж. - 3056,9 млн. теңге;
2007 ж. - 3210,4 млн. теңге;
2008-2010 ж.ж. - 23179,5 млн. теңге.";
"Елдiң минералдық-шикiзаттық базасының қазiргi жай-күйiн талдау" деген 3-бөлiмде:
"Елдiң минералдық-шикiзаттық базасының жай-күйi" деген 3.2-бөлiмшеде:
екiншi абзацтағы "1995 жылдан бастап никель бойынша және 1996 жылдан бастап қорғасын бойынша өнеркәсiптiк санаттағы қорлар бір тоннаға да өспеді" деген сөздер алынып тасталсын;
бесiншi абзацтағы "Ұңғымалар бұрғыланып әрi", "байқап" деген сөздер алынып тасталсын;
"Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi" деген 4-бөлiмде:
бiрiншi абзацтағы "жұмыс iстеп тұрған тау-кен және мұнай өңдеу кәсiпорындары үшiн" және ", жер қойнауы мен қоршаған табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз етуге" деген сөздер алынып тасталсын;
екiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"1:200000 масштабтағы алаңдарды жете геологиялық зерттеу";
екiншi абзацтан кейiн мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
"кендi аудандарды геологиялық-минерагендiк картаға түсiру;";
бөлiм мынадай мазмұндағы он екiншi абзацпен толықтырылсын:
"мұнай және өздiгiнен асып төгілетiн гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және консервациялау";
"Бағдарламаның негiзгi бағыттары мен іске асыру тетiгi" деген 5-бөлiмде:
"1:200000 масштабында жер қойнауын жете геологиялық зерттеу." деген 5.1-бөлiмшенiң атауында "масштабында жер қойнауын" деген сөздер "масштабтағы алаңдарды" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 5.1-1-бөлiмшемен толықтырылсын:
"5.1-1. Кендi аудандарды геологиялық-минерагендік картаға түсiру
Геологиялық-минерагендiк картаға түсiрудiң мақсаты берiлген түрдегi минералдық шикiзат кен орындарын табуға қатысты перспективалы алаңдарды жедел табу, контурлау және болжамды ресурстарын бағалау болып табылады. Кен алаңдары немесе телімдер болжау объектiлерi болады. Болжамды ресурстар қоса алғанда Р1 санатына дейiн анықталатын болады. Геологиялық-минерагендiк картаға түсiру минералдық шикiзат экономикасында негiзгi мәнi бар кен орындарының геологиялық-өнеркәсiптiк типтерiн құрайтын белгiлі бір кен формациялар шегiнде жүргiзiлетiн болады. Геологиялық-минерагендiк картаға түсiрудi жүргiзу нәтижесiнде кенденудiң әр түрлi типтерінің минерагендік карталары, iздеу жұмыстарының одан арғы бағыты бойынша болжам мен ұсынымдар карталары жасалады.
2006 жылы - Темірлiк-Тұйық алаңы (Оңтүстiк Қазақстан) мен Ақбастау-Қосмұрын металлогендік аймағы (Орталық және Шығыс Қазақстан шекарасы) шегiнде геологиялық-минерагендiк картаға түсiрудi жүргiзу.
2007 жылы - Темірлiк-Тұйық алаңы мен Ақбастау-Қосмұрын металлогендік аймағы шегiнде геологиялық-минерагендік картаға түсiрудi жалғастыру.
2008-2010 жылдары - Темірлiк-Тұйық алаңы мен Ақбастау-Қосмұрын металлогендiк аймағы шегiнде геологиялық-минерагендiк картаға түсiрудi жалғастыру.";
"Iздеу, iздеу-бағалау және iздеу-барлау жұмыстары" деген 5.3-бөлiмшеде бiрiнші абзацта "жете геологиялық зерттеу" деген сөздерден кейiн "және геологиялық-минерагендiк картаға түсiру" деген сөздермен толықтырылсын;
5.3-бөлiмшенiң 5.3.1., 5.3.2., 5.3.3-тараулары мынадай редакцияда жазылсын:
"5.3.1. Қатты пайдалы қазбаларды іздеу-бағалау жұмыстары
2005 жылы Бахрушинский және Лиманный кен орындарындағы, Алтын-Борлыкөл телiміндегі, Жекедуан кен алаңындағы iздеу-бағалау жұмыстары аяқталып келедi; Селекционный кен аймағы мен Құндызды кен орнындағы жұмыстар жалғастырылатын болады; Спасск кен аймағы шегіндегі Қамқор телiмiнде мысқа арналған жұмыстар жүргiзу жоспарланып отыр.
Қамқор телiмi Қарағанды қаласынан оңтүстiк шығысқа қарай 140 км жерде орналасқан. Алаңы 20 ш.км құрайтын телiмде габбройдтардың қойнауқатаралық интрузивтерiнде және вулканогендiк-шөгiндiлерге жапсарлас қабаттарда жергiлiктенген кен денелерi табылған. Кендену 280 м тереңдiкке дейiн қадағаланған. Кен денелерiнiң ұзындығы - 60-тан 150-300 м дейiн, қалыңдығы - 12-29 м, мыс құрамы 0,1-2,2 %. Мыс қорларының күтiлетiн өсiмi 100 - 150 мың тонна.
2006 жылы Құндызды кен орнында, Селекционный кен аймағында іздеу-бағалау жұмыстары аяқталады; Спасск кен аймағы шегіндегі Қамқор телiміндегі жұмыстар жалғастырылатын болады; Вавилон кен білінуi мен Глебовский, Қаратас, Қорғантас, Қадыр телiмдерiнде жұмыстарды орындау жоспарланып отыр.
Вавилон кен бiлінуi Семей қаласынан шығысқа қарай 70-80 км жерде орналасқан. Кендi алаң шегiнде табылған Вавилон кен орны мыспирротин типіне жатады. Кендегi мыстың құрамы 0,85 %. Р1 санатындағы мыстың күтiлетiн болжамды ресурстары - 200 мың тонна. Шығыс Қазақстандағы Вавилон кен алаңында іздеу-бағалау жұмыстарын жолға қою мыс кен өнеркәсiбiнiң минералдық-шикiзаттық базасын толықтыру проблемаларына негiзделген.
Глебовский телімі Жiтiқара қаласынан солтүстiк шығысқа қарай 30 км жерде орналасқан. Телiмде ұзындығы 3-5 км, енi 300-500 м үш алтынды аймақ белгiлендi. Олардың шегiнде алтынның орташа құрамы 2,1 - 6,6 г/т 12 кен денелері айқындалды. Кен денелерiнiң қалыңдығы 1,5 м болған кездегi жайылу ұзындығы 500 м дейiн, еңiстенуi - 110 м дейiнгi жердi алынып жатыр. Кен денелерi үстiңгi бетпен астасып жатыр. Телiм алаңы 20 ш.км. Жұмыстың мақсаты Жітiқара тау-кен ауданының минералдық-шикiзаттық базасын нығайту болып табылады. Алтын қорларының күтiлетiн өсiмi - 3000 кг.
Қаратас телiмi Алматы қаласынан батысқа қарай 150 км жерде Жамбыл облысында орналасқан. Телiмде гидротермалдық өзгерістерге ұшыраған таужыныстарымен жиектелген кварц тастамырларымен және қысқа тастарамыстармен қалыптасып, тiк еңiстелген минералданған аймақтар айқындалған. Аймақ шегiнде 26 кен денелерi белгiленген. 13 кен денелеріндегі алтын құрамы 3 г/т астам, қалғандарында - 1-3 г/т, кен бағаналарында - 5-тен 23 г/т дейiн. Телiм алаңы 2,5 ш.км құрайды. Алтын қорларының күтiлетiн өсiмi - 26,7 тонна.
Қорғантас телiмi Қарағанды облысында Балқаштан солтүстiк-батысқа қарай 170 км жерде орналасқан. Мыс кенінiң білінуi қайталама кварциттер алабымен байланысты. Ұңғымалардың 100-200 м тереңдiгi аралығында кварц-сирициттiк метасоматиттермен байланысты мыспорфирлiк типтегi кендену ашылды. 60-тан 120 м дейiнгi қалыңдықтағы мыс құрамы 0,64 %, көзге көрiнетiн қалыңдық 12 м болғанда 2,17%-ға жетедi. Мыстың болжамды ресурстары 400 мың тонна деп бағаланады.
Қадыр телiмi Солтүстiк Қазақстан облысында Көкшетау қаласынан солтүстiк-батысқа қарай 100 км жерде орналасқан. Телiм орлиногор кешенiнiң сирек кездесетiн металды граниттері жарып шыққан, зеренді свитасының метаморфикалық таужыныстарымен қалыптасқан. Телiм шегіндегі iздеу ұңғымаларымен құрамында бестотықты тантал 0,01 % шегiнде және 0,03-тен 0,08 %-ға дейiн бестотықты ниобий бар сирек кездесетiн металды граниттердiң желмен мүжілген қыртыстары ашылды. Бестотықты танталдың болжамды ресурстары 500 тонна деп бағаланады.
2007 жылы Қамқор, Глебовский, Қаратас, Қорғантас және Қадыр телiмдерiнде іздеу-бағалау жұмыстары аяқталатын болады.
2008-2010 жылдары пайдалы қазбалардың маңызды түрлерiне іздеу-бағалау жұмыстарын жүргiзу көзделiп отыр, атап айтқанда: алтын (Оңтүстiк Шығыс Бұйрақой кен білінуi, Тұз кен орны, Шуақ кен алаңы); мыс (Жангелдi кен алаңы, Соқырқой, Сәмембет, Ай кен білінулерi); тантал (Володар кен аймағы).
Төменде іздеу-бағалау жұмыстарына неғұрлым тән объектiлердiң сипаттамалары келтiрiледi.
Соқырқой кен орны Балқаш қаласынан оңтүстiк-батысқа қарай 100 км жерде орналасқан. Мыс-порфир және алтын кенденуі қайталама кварциттер алабына қосылған. Ұңғымаларды сынамалау деректерi бойынша қалыңдығы алғашқы метрлерден 10-20 м дейiнгi, 20,0 - 30,0-ден 160,0 м дейiнгi тереңдiкте өте тiк астасқан, етегi еңістенген 3 кен денесi бөлiніп алынды. Кендену қайталама сульфид байыту аймағына орайластырылған. Кендi аймақтың көлемi 1200 х 300 - 400 м шамасында. Мыстың болжамды ресурстары 200 мың тонна деп бағаланып отыр. Мыс кенi кенiштерiнiң батыс қанатында алтынның мол құрамы айқындалды, оның болжамды ресурстары 12,5 тоннаны құрайды.
Шуақ кен алаңы Көкшетау қаласынан оңтүстiк-шығысқа қарай 220 км жерде орналасқан және Манғұл VI, Шайтанды, Шуақ кен көрiнiстерiн қамтиды. Желмен мүжiлген желiлiк қыртыстар және негiзгi метасоматикалық өзгерістерге ұшыраған таужыныстарында орташа қалыңдығы 22 м болған кездегi ұзындығы 1200 м дейiн тастарамысты-сеппелi алтынмен кендену аймағы айқындалды. Аймақ шегiнде алтынның орташа құрамы 5 - 6 г/т кен денелерiнiң бар екенi анықталды. Алтынның серiктесi, құрамы 2 - 4 % дейiнгi мыс болып табылады. Жүргiзiлетiн жұмыстардың мақсаты - инвесторлар тарту үшiн кейiн тендерлік ұсыныстар жасап, экономикалық рентабельдi алтын кен объектiлерiн айқындау болып табылады. Алтын қорларының күтiлетiн өсiмi 8-10 тонна.
Сәмембет кен білінуi Қарағанды қаласынан оңтүстiк-шығысқа қарай 150 км жерде орналасқан. Кен орнында ұзындығы 800-1500 м, қалыңдығы 20-150 м 5 скарндық кен денесi белгiлi. Еңiстенуi бойынша анықталған тереңдiгi 150-250 м. Кендену халькопирит, борнит, халькозин, висмутин, галенит, сфалерит себеленген қысқа тастарамыстарды бiлдiредi. Кендерде мыстан басқа, 0,14-0,17% висмут, 1,16-1,62% - қорғасын, 1,73% - мырыш бар. 100 м дейiнгi тереңдiктегi мыстың болжамды ресурстары, кендегi орташа құрамы 1,25% болған кезде, 168,5 мың тонна деп бағалануда.
5.3.2. Көмiрсутектi шикiзатты iздеу жұмыстары
2005 жылы Арал маңы телiмiнiң шегiнде iздеу-бағалау жұмыстарын жүргiзу жоспарланып отыр. МОГТ - 2Д сейсмикалық зерттеулер жүргiзiлетiн, "Қазақойл-Жапон ұлттық мұнай компаниясы" жобасы бойынша мұрағаттық сейсмикалық деректер өңделетiн және қайта пайымдалатын, iздеу ұңғымасы бұрғыланатын болады. Жәнiбек аймағында сейсмикалық және гравиметриялық зерттеулердi жалғастыру көзделiп отыр.
2006 жылы - Арал маңы телiмiнде геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыру және Жәнiбек аймағында геологиялық барлау жұмыстарын аяқтау.
2007 жылы - Арал маңы телiмiнде iздеу-бағалау жұмыстарын аяқтау.
2008-2010 жылдары Шығыс Iле, Теңiз ойпаттарында, Арал маңында, Қарағанды және Екiбастұз көмiр бассейндерi шегiнде геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыру, Сырдария ойпатында жұмыстар жүргiзу.
5.3.3. Іздеу-барлау жұмыстары
Бағдарламада:
2005 жылы - Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстiк Қазақстан облыстарындағы 33 елдi мекендi сумен қамтамасыз етуге арналған iздеу-барлау жұмыстарын аяқтау және Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстiк Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы 34 елдi мекенге арналған iздеу-барлау жұмыстарын жүргiзудi бастау;
2006 жылы - Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстiк Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы 34 елдi мекендi сумен қамтамасыз етуге арналған iздеу-барлау жұмыстарын аяқтау және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк облыстарындағы 35 ауылдық елдi мекен үшiн iздеу-барлау жұмыстарын жүргiзудi бастау;
2007 жылы - 35 ауылдық елдi мекендi сумен қамтамасыз етуге арналған iздеу-барлау жұмыстарын аяқтау және Қазақстан Республикасы әкiмшiлiк облыстарындағы 36 ауылдық елдi мекен үшiн iздеу-барлау жұмыстарын жүргiзудi бастау;
2008-2010 жылдары - 36 ауылдық елдi мекендi сумен қамтамасыз етуге арналған iздеу-барлау жұмыстарын аяқтау және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк облыстарындағы 119 ауылдық елдi мекенге арналған іздеу-барлау жұмыстарын жүргiзудi бастау көзделiп отыр.";
"Минералдық-шикiзаттық база мен жер қойнауын пайдаланудың мониторингi" деген 5.4-бөлiмшеде:
екiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"1999 жылдан бастап Қазақстан Республикасының минералдық-шикiзаттық кешенiн дамытуды болжау және 2030 жылға дейiнгi кезеңге арналған минералдық-шикiзаттық базаның жай-күйiн үлгiлеу жөнiнде жұмыс жүргiзiлуде. Осы бағыт шеңберiнде қорғасын, мырыш, мыс, алтын, темір (2000 жылы), барит, фосфор, марганец, бокситтер, көмiр (2001 жылы), мұнай, газ, конденсат (2002 жылы), хром, никель, тантал, ниобий, уран, агрономиялық кендер (2003 жылы), вольфрам, молибден, қалайы, бериллий, литий, кобальт (2004 жылы), алмас, цирконий, талшықтас және бор (2005 жылдың 1-тоқсаны) бойынша жұмыстар аяқталды. Қалайының, тантал мен платинаның (2004 жылы) болжамды ресурстарына баға берiлді.";
5.5-бөлiмше мынадай редакцияда жазылсын:
"5.5. Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестердiң мониторингi
Мемлекеттік қадағалау торабы жер қойнауының жай-күйi мен жер асты суларының 150-ден астам көрсеткiштерiн бақылайды. Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мониторингiн жүргiзу жұмыс iстеп тұрған пункттерде режимдiк қадағалауды жалғастыруды, жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мониторингiнiң полигондарын құрумен қатар мемлекеттік торапты кеңейтудi (оңтайландыру), Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мемлекеттік мониторингiнiң дерекқорын толықтыруды және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттардың Орталық деректер банкi құрамында жұмыс iстеудi, "Жер асты сулары" кiшi жүйесi бойынша Мемлекеттік су кадастрын жүргiзудi, Ақпараттық компьютерлiк жүйенi жетiлдiрудi қоса алғанда, кезең-кезеңiмен жүзеге асырылады.
Бағдарламада:
2005 жылы - жер асты суларының 5005 пунктiнде мониторинг жүргiзу, қауiптi геологиялық процестердi қадағалау, жер асты сулары мониторингiнiң мемлекеттік торабын кеңейту (оңтайландыру), қауiптi геологиялық процестердiң (сырғымалар, селдер, құламалар) мониторингiн жүргiзу үшiн 20 бекеттi қалпына келтiру, жер асты сулары ластануының Елек полигонын құруды жалғастыру, Луговой сейсмомониторинг бекетiн, қауiптi геологиялық процестердi зерттеу бойынша Қаскелең-Талғар полигонын құруды аяқтау, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мемлекеттік мониторингiнiң дерекқорын жүргiзу және оның Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттардың Орталық деректер банкi құрамында жұмыс iстеуi, "Жер асты сулары" кiшi жүйесi бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік су кадастрын жүргiзудi, ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізу, жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестердiң мемлекеттік мониторингiн қамтамасыз ету үшiн нормативтiк құқықтық кесiмдер мен нормаларды даярлау, мемлекеттік қадағалау пункттерiне жер бөлiнiстерiн ресiмдеудi бастау;
2006 жылы - 5005 қадағалау пунктiнде жер асты суларының, 22 пунктте қауiптi геологиялық процестердiң мониторингiн жүргiзу, жер асты сулары мониторингiнiң мемлекеттік торабын кеңейту (оңтайландыру), 5 жаңа бекет құру және Шығыс Қазақстан облысындағы 20 бекет негiзiнде қауiптi геологиялық процестердiң (сырғымалар, селдер, құламалар) Ертіс және Бұқтарма полигондарын құру мен қадағалау жүргiзудi жалғастыру, жер асты суларының техногендiк ластануының Елек, Мiрғалымсай-Түркiстан полигондарын құру, қауiптi геологиялық процестердi зерттеу бойынша Қаскелең-Талғар полигонын құру, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мемлекеттік мониторингiнiң дерекқорын жүргiзу және оның Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттардың Орталық деректер банкi құрамында жұмыс iстеуi, "Жер асты сулары" кiшi жүйесi бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік су кадастрын жүргiзу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестердiң мемлекеттік мониторингiн қамтамасыз ету үшiн нормативтiк құқықтық кесiмдер мен нормаларды даярлау, мемлекеттік қадағалау пункттерiне жер бөлiнiстерiн ресiмдеу;
2007 жылы - 5005 қадағалау пунктiнде жер асты суларының, 13 пунктте қауiптi геологиялық процестердiң, Ертіс, Бұқтырма және Талғар-Қаскелең қауiптi геологиялық процестер полигондарында мониторингiн жүргiзу, қауiптi геологиялық процестердiң 3 жаңа бекетiн құру, мемлекеттік торапты кеңейту (оңтайландыру), қауiптi геологиялық процестердiң (сырғымалар, селдер, құламалар) жаңа бекеттерi мен полигондарын Жер асты суларының мемлекеттік мониторингiн құру, Елек, Қошқарата, Мiрғалымсай-Түркiстан, Тобыл-Обаған, Ертіс полигондарында жер асты суларының техногендiк ластануына қадағалау жүргiзу, жер сiлкiнiсiнiң хабаршыларын зерттеу бойынша Алматы болжау полигонында қадағалау жүргiзу, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мемлекеттік мониторингiнiң дерекқорын жүргiзу және оның Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттардың Орталық деректер банкi құрамында жұмыс iстеуi, "Жер асты сулары" кiшi жүйесi бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік су кадастрын жүргiзу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізу, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестердiң мемлекеттік мониторингiн қамтамасыз ету үшiн нормативтiк құқықтық кесiмдер мен нормаларды даярлау, мемлекеттік қадағалау пункттерiне жер бөлiнiстерiн ресiмдеу;
2008-2010 жылдары жұмыс iстеп тұрған қадағалау пункттерiне жер асты суларының мониторингiн жүргiзу, инфрақұрылымы анағұрлым дамыған және халқы тығыз орналасқан әрi қауiптi құбылыстарға үдемелi ұшыраған аумақтарда қауiптi геологиялық процестердiң (сырғымалар, селдер, құламалар) жаңа бекеттерi мен полигондарын және Жер асты суларының мемлекеттік мониторингiн құру, жер асты суларының техногендiк ластануының Iле, Қошқарата, Мiрғалымсай-Түркiстан, Тобыл-Обаған, Ертіс полигондарында қауiптi геологиялық процестердi зерттеу бойынша Қаскелең-Талғар полигонында, жер сiлкiнiсiнiң хабаршыларын зерттеу бойынша Алматы болжау полигонында қадағалау жүргiзудi жалғастыру, Балқаш-Алакөл, Ташкент маңы және Батыс Қазақстан артезиандық бассейндерiнде полигондардың автоматтандырылған үлгiсiн құруды бастау, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестер мемлекеттік мониторингiнiң дереққорын жүргiзу және оның Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттардың Орталық деректер банкi құрамында жұмыс iстеуi, "Жер асты сулары" кiшi жүйесi бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік су кадастрын жүргiзу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізу, Жер асты сулары мен қауiптi геологиялық процестердiң мемлекеттік мониторингiн қамтамасыз ету үшiн нормативтiк құқықтық кесiмдер мен нормаларды даярлау, мемлекеттік қадағалау пункттерiне жер бөлiнiстерiн ресiмдеудi бастау көзделiп отыр.";
"Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы қазiргi заманғы ақпараттық жүйе құру. Геологиялық зерттеулердi ақпараттық қамтамасыз ету" деген 5.6-бөлiмшеде сегiзiншi абзацтағы "жер қойнауын қорғау" деген сөздер "жер қойнауын пайдалану" деген сөздермен ауыстырылсын;
5.6-1-бөлiмше мынадай редакцияда жазылсын:
"5.6.1. Мұнай мен өздiгiнен асып төгiлетiн гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және консервациялау
Жұмыстар 1999 жылғы 21 қаңтардағы № 1019 "Қазақстан Республикасында пайдалы қазбаларды қазу барысында жер қойнауын қорғау бойынша бiрыңғай ережелердiң" II бөлiмiнiң 139-тармағына сәйкес жүргiзiледi.
2005 жылы - 11 мұнай ұңғымасын, оның iшiнде құрлықтағы 4 және Каспий теңiзiнiң су басып кеткен аймағындағы 7 өздiгiнен асып төгiлетiн 46 гидрогеологиялық, оның iшiнде 41 құрамында радионуклидтер бар ұңғымаларды, 5 жоғары дебиттi ұңғымаларды жою.
2006 жылы - Каспий теңiзiнiң су басып кеткен аймағындағы 6 мұнай ұңғымасын, 74 өздiгiнен асып төгiлетiн гидрогеологиялық ұңғымаларды жою.
2007 жылы - Каспий теңiзiнiң су басып кеткен аймағындағы 6 мұнай ұңғымасын, 77 өздiгiнен асып төгiлетiн гидрогеологиялық ұңғымаларды жою мен консервациялау.
2008-2010 жылдары - Каспий теңiзiнiң су басып кеткен аймағындағы 30 мұнай ұңғымасын, 1779 өздiгiнен ағып төгiлетiн гидрогеологиялық ұңғымаларды жою мен консервациялау.";
"Қажеттi ресурстар мен оларды қаржыландыру көздерi" деген 6-бөлiмде 2003-2010 жылдарға арналып жоспарланған геологиялық барлау жұмыстарының кестесi осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
"Бағдарламаны iске асырудан күтiлетiн нәтижелер" деген 7-бөлiмде:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1. 1:200000 масштабтағы алаңдарды жете геологиялық зерттеу нәтижесiнде 2010 жылға қарай Жер туралы ғылымдар саласындағы қазiргi заманғы ғылыми көзқарастар мен жетiстiктерге сәйкес жаңа буынның геологиялық негiзiн жасау көзделедi. Зерттелген алаңдар шегiнде минералдық шикiзаттардың алуан түрлерiнiң болжамды ресурстары анықталатын; әр түрлi геологиялық құрылымдардың металдылық перспективасы белгiленетiн; пайдалы қазбалар кен орындарын анықтауға перспективалы телiмдер бөлiнетiн болады.
2005 жылы Сарыөзек және Ембi әскери полигондары, Балқаш маңы, Текелi, Жәйрем-Үшқатын, Көкшетау, Текелi, Қарағанды және Батыс Қалба тау-кен аудандары шегiнде 120 мың ш. км астам аумақта 1:200000 масштабта жете геологиялық зерттеу жұмыстарын аяқтау көзделiп отыр. Алуан түрлi минералдық шикiзат түрлерiнiң кен орындарын анықтауға перспективалы телiмдер бөлiнетiн, пайдалы қазбалардың алуан түрiнiң болжамды ресурстары бағаланатын және зерттелген аумақ шегiнде минералдық-шикiзаттық базаны толықтыру мақсатында мейлiнше егжей-тегжейлi iздестiру жұмыстарын одан әрi жүргiзу жөнiнде ұсынымдар берiлетiн болады.
2006 жылы Көкшетау және Бенқала тау-кен аудандары, солтүстiк Тянь-Шань шегіндегі алаңдарды 1:200000 масштабта жете геологиялық зерттеу жұмыстары аяқталады.
2007 жылы Семей полигонының шығыс жиектеу шегiнде, Ресеймен шекаралас Кендi Алтай аудандарында, солтүстiк Жоңғар (Текелi тау-кен ауданы), Орталық Қаратау, Жәйрем-Үшқатын тау-кен аудандарында алаңдарды 1:200000 масштабта жете геологиялық зерттеу жұмыстарын аяқтау көзделiп отыр.
2008-2010 жылдар кезеңiнде 1:200000 масштабтағы алаңдарды геологиялық жете зерттеу жұмыстары, негiзгi тау-кен-өнеркәсiп аудандарын қамтитын және 1:200000 масштабтағы алаңдарға жете геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргiзу үшiн қолайлы Қазақстан аумағының көп бөлiгiнде аяқталатын болады. Нәтижесiнде түрлi аймақтардың геологиялық құрылымы туралы қазiргi ғылыми көзқарасқа жауап беретiн геологиялық негiз жасалатын болады. Барлық зерттелген аумақтарда пайдалы қазбалардың болжамды ресурстары айқындалатын, бәсекеге қабiлеттi минералдық шикiзаттың жаңа кен орындарын табу мақсатында жер қойнауын одан әрi зерттеудiң негiзгi бағыттары қалыптасатын болады.