Соңғы он жыл ішінде Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының Ертіс өңiрiнiң қарағайлы ормандарының орман өскен жерлерi 162,4 мың гектарға қысқарды, сүрек қоры 16,8 млн. текше метрге азайды.
Республиканың орман өскен жерлерiнiң iс жүзiнде тең жартысын алып жатқан сексеуiл екпелерiн молықтыру жөнiндегі iс-шаралар соңғы он жылда болымсыз көлемде орындалды.
Сексеуiл ормандары өскен аймақта, радиусы 100 километрге дейiнгi елдi мекендердiң төңiрегiнде пiскен екпелер iс жүзiнде жоқ десе де болады, ал бар жас және орта жастағы екпелер қатты бүлiнген, бұл жергiлiктi халықтың отынға сүректi заңсыз дайындауының салдары болып табылады.
Өртке қарсы iс-шаралар, соның iшiнде ормандарды күзету жөніндегі авиациялық жұмыстар көлемiнiң едәуiр азайып кетуi орман өрттерiнен болатын шығындарды сан мәрте көбейтiп жiбердi.
Астана төңiрегiнде табиғи шоқ ормандардың, сондай-ақ бұдан бұрын жасалған жасанды екпелердiң қатаң орман өсiру жағдайларына байланысты ағаш-бұта тұқымдарының түр-түрi жұтаң, ол қуаңшылыққа шыдамды, тұзға төзiмдi және аязға шыдамды оннан аса қоймайтын түрдi қамтиды.
Өткен жылдардың жасанды орман екпелерi 896,7 мың гектар алқапқа орналасқан, автомобиль және темір жолдардың бойындағы қорғаныштық белдеулер 76,1 мың гектарды құрайды.
Осы орман екпелерiне күтімнiң болмауы (күтiп-баптау мақсатында кесу мен санитарлық кесудiң дер кезiнде жүргізiлмеуi, топыраққа күтiм жасау жұмыстары көлемiнiң қысқаруы) едәуiр алқапта орман дақылдарының құрып кетуiне әкеп соқты, ал сақталып қалғандарының тоз-тозы шыққан. Сол себептi олар халықтың дем алуына онша тартымды емес және өзiнiң рекреациялық мақсатына сәйкес келмейдi.
Халықтың дем алуына жарамды ең жақын табиғи алқаптар астанадан 100-150 км қашықтықта орналасқан.
Орман мекемелерiнiң техникалық жарақтануы төмен деңгейде. Қажет 830 трактордың 154-i (18,5%), 285 жүк автомашинасының - 50-i (17,5%), 400 механикаландырылған агрегаттың - 33-i (8,2 %) және екi мыңнан астам тiркеме және аспалы құралдардың небәрi 120-ы (5,5%) ғана бар.
Саладағы қызметкерлер саны соңғы жылдары күрт қысқарып кеттi, бұл қаржыландырудың азаюымен және жұмыстар көлемiнiң қысқаруымен байланысты болды. Еңбекақы деңгейiнiң төмен болуы кадрлардың көп тұрақтамаушылығын туғызуда. Заңды тұлға мәртебесi бар орман мекемелерiнiң, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың инженер-техник қызметкерлерiнiң 30% жуығының жоғары білімi жоқ. Техникалық орта білімi бар мамандар жетiспейдi. Республикада қорықшы-орманшылар даярлайтын кәсiптiк-техникалық оқу орындары жоқ.
Орман өсiрудi жоспарлау жұмыстарын жүргiзу кезiнде ықшамдалған технологияларды қолдану олардың сапасына едәуiр әсер еттi. Орман өсiрудi жоспарлаудың жыл сайынғы көлемдерi де төмендеп кеттi, соның салдарынан орман өсiрудi жоспарлау жобаларының қолданылу мерзiмдерi орман мекемелерiнiң iс жүзiнде тең жартысы үшiн аяқталған.
Орманды аумақтарды өртке қарсы жасақтау, орман питомниктерi мен екпелер құру жөніндегі жобалау-iздестiру жұмыстары да жеткiлiктi дәрежеде қаржыландырылмауына байланысты толық көлемiнде орындалған жоқ.
Ағаш отырғызу жұмыстарын ұлғайту үшiн көшет материалын өсiру көлемiн едәуiр көбейтудi қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетiнiң мамандары Ресейде, Канадада, Финляндияда, Польшада тамыр жүйесi жабық көшет материалын өсiру тәжiрибесiн зерделедi және оған талдау жасады. Польшаның мемлекеттік ормандарында жердi микоризациялау саласында неғұрлым мол тәжiрибе жинақталған және елеулi түрде iлгерi басушылық байқалады. Польшада ормандар өсiру жұмысының өрт болып, құлазыған және бүлiнген жерлерде, қалалардың қалпына келтiрiлген жерлерiнде, сондай-ақ орман өспеген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жүргiзiлуi себептi Қазақстан жағдайларына бұл тәжiрибе жақын. Канада мен Ресейде орман өсiру көпшiлiк жағдайда бұдан бұрын орманнан шығып қалған орманды жерлерде жүзеге асырылады.
Сондықтан Астана қаласының және жалпы Қазақстанның жасыл аймағының жағдайлары үшiн Польшаның мемлекеттік ормандарында қолданылатын тамыр жүйесi жабық көшет материалын өсiру технологиясы неғұрлым қолайлы технология болып табылады. Осыған байланысты Қазақстанда жаңа технология қолдану жөнiнде ?кіметке ұсыныс енгізу көзделiп отыр.
Орман өрттерiн бастапқы кезеңiнде дер кезiнде байқаудың және сөндiрудiң неғұрлым тиiмдi әдiсi авиациямен күзету болып табылады. Бұл жұмыстарды Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасы (Қазавиаорманқорғау) орындайды. Қазiргi кезде ормандарды авиациямен күзету жалға алынған техникамен жүзеге асырылуда.
Өткен жылы "Қазавиаорманқорғау" қызметтерi орман өрттерiнiң 413 оқиғасын байқады, бұл қорғалатын аумақты өрттердiң жалпы санының 68% құрайды.
Ресей, Канада және АҚШ секiлдi мемлекеттердiң тәжiрибесi орман өрттерiн байқауда және жоюда меншiктi авиациялық техниканы пайдалану неғұрлым тиiмдi болып табылатынын көрсетедi. Осыған байланысты Орман және аңшылық шаруашылығы комитетiнiң дербес жеңiл моторлы авиация паркiн құру мәселесiн қарау ұсынылады.
3.2. Жастар ортасындағы қазiргi ахуалды талдау
Қазақстанның тәуелсiз даму кезеңiнде экономикалық және қоғамдық-саяси даму кезеңiнде түбегейлi өзгерістер жүзеге асырылып, соның арқасында Қазақстан экономика саласында да, саяси салада да елеулi нәтижелерге қол жеткiздi. Реформалар халықтың iс жүзiнде барлық әлеуметтiк топтарын, соның iшiнде жастарды да қамтыды.
Бүгiнгi таңда Қазақстан жастары қазақстан қоғамының перспективаларын айқындайтын негiзгi факторлардың бірi болып табылады. Қазақстан қоғамының тыныс-тiршiлiгiнiң барлық саласының iрi көлемдi реформаларына байланысты орын алып отырған жағдайлар жастардың даму ерекшелiгiн және оның қоғамдық құрылымдағы маңызын айқындап бердi. Өз кезегiнде, осының бәрi жас ұрпақтың сапалық өзге тұрпатының және тұтастай алғанда, жастардың әлеуметтiк келбетiнiң қалыптасуынан көрiнiс табуда. Сонымен бірге қоғамдық-саяси және экономикалық реформалардың факторлары жастардың қажеттiлiктерiне, мүдделерiне, құндылық бағдарларына және әлеуметтiк мiнез-құлқына тiкелей ықпал етуде.
Бүгiнде осыдан он бес жыл бұрынғы кеңес жастарын және мемлекеттің тәуелсiздiгi және демократиялық өзгерістер жағдайларында қалыптасқан қазiргi жас ұрпақты салыстыруға келмейтiнi айдан анық. Егемен Қазақстанның сапалық жаңа экономикалық және саяси жүйесi жастардың әлеуметтiк-экономикалық жағдайын, дүниетанымын, мәдениетiн, саяси және құндылық бағдарларын түбегейлi түрде өзгерттi.
Сонымен бірге сөзсiз жетiстiктермен қатар әлеуметтiк және саяси реформалардың, ең алдымен, қоғамдық құрылыстың және халық өмiрiнiң үйреншiктi қалпының күрт өзгеруiнен туындаған жайсыз әсерi де болды. Осындай жағдайларда мемлекеттің жастар саясаты саласында, басқа да салалардағы сияқты, бұрын осындай жоғары дәрежедегi көкейкестi сипаты болмаған жаңа проблемалар пайда болды.
Ең алдымен бұл жастардың жұмыспен қамтылу проблемасы. Мәселен, Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгiнiң 2004 жылғы 1 қаңтардағы деректерi бойынша, Қазақстанда жастардың жалпы саны 409310 адамды құрайды. Сөйтiп, қазiргi қазақстан қоғамының құрылымында жас азаматтардың жас санаты 2004 жылы республика халқының 27,3% құрады. Соңғы екi жылда жастардың саны 150 мың адамға дерлiк көбейдi.
1-кесте
Қазақстан жастары 2004 жылғы 1 қаңтардағы халық
Құрылымында
Жасы | 14-19 жас | 20-24 жас | 25-29 жас | Барлығы |
Саны | 1 573 300 | 1 317 300 | 1 202 500 | 4 093 100 |
Халықтың жалпы санындағы үлесi % | 10,5 | 8,8 | 8,0 | 27,3 |
Кестеден көрiнiп тұрғанындай, жас адамдар санының көбею үрдiсi бар. Бұл ретте жастар санының көбеюiне ауыл жастары санының өсуi негiз болып отыр. Егер 2002 жылдың басында республика ауыл тұрғындарының жалпы санында жас адамдар 29,8 %, ал қала тұрғындары санының - 27,9 % құраса, үстiмiздегi жылдың орта тұсында бұл көрсеткiш ауылда - 30,4 %, ал қалада - 28,2 % болды.
Жалпы алғанда республика бойынша экономикалық жағынан белсендi жастардың саны 2406775 адам, соның iшiнде 15-24 жастағылар - 1292121 адам, 26-29 жастағылар - 1114654 адам. Солай бола тұра, экономикада небәрi 2112458 адам, соның iшiнде 15-24 жастағы - 110301 адам, 25-29 жастағы - 1009157 адам жұмыс iстейдi.
Жастар негiзiнен экономиканың мынадай салаларында жұмыспен қамтылған: ауыл шаруашылығы, аңшылық және орман шаруашылығы - 887509 адам; сауда, автомобильдер, тұрмыстық бұйымдар мен жеке пайдаланылатын заттар жөндеу - 337295 адам; білім беру - 147560 адам; өнiм өңдеу өнеркәсiбi - 119236 адам; құрылыс - 106102 адам; көлiк және байланыс - 105512 адам; мемлекеттік басқару - 92759 адам. Қалған салаларда жұмыс iстейтiн жастардың саны 70000 адамға жетпейдi.
Жұмыссыз жастардың жалпы саны 294317 адамды немесе 12,2 %, соның iшiнде 15-24 жастағы - 188820 адамды немесе 64,2%, 25-29 жастағы - 105497 адамды немесе 35,2% құрайды.
Сонымен бірге көкейкестiлiк дәрежесi бойынша социологиялық сұрау салу барысында бүгiн таңда Қазақстан жастарын толғандырып отырған неғұрлым өзектi проблемалар анықталып, оларға талдау жасалды. Олардың iшiнде: жалақының төмен деңгейi, жұмыссыздық қатерi, тұрғын үй проблемасы, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердiң жоғары тарифтерi, медициналық қызмет көрсетудiң нашар сапасы, азық-түлiк өнiмдерi мен бірiншi қажеттегi тауарлар бағасының өсуi бар.
Мәселен, жастардың 42 % үшiн жеке проблемалардың iшіндегі ең маңыздысы жалақының, жәрдемақының төмен деңгейi болып табылады. Бiрiншi кезекте ол Қостанай (55,7%), Шығыс Қазақстан (46,1%), Маңғыстау (46 %), Жамбыл (45,9%), Алматы (45,7%) және Ақмола (45,5%) облыстарының жас тұрғындарын толғандырады. Статистика агенттiгiнiң деректерi бойынша, орташа айлық жалақының ең төмен деңгейi 2004 жылдың сәуiрiне Алматы және Жамбыл облыстарында байқалды, ол 10000 теңгеден 15000 теңгеге дейiн болды. Солай бола тұрып, Маңғыстау облысында оның деңгейi 30 000 теңге болды, алайда бұл аймақта азық-түлiк өнiмдерi мен бірiншi қажеттiлiктегi тауарлардың бағасы едәуiр жоғары.
Жеке сипаттағы екiншi бір орын алып отырған проблема жұмысқа орналасу және жұмыссыздық қатерi (31,5 %) болып табылады. Бұл көбiнесе Жамбыл (41,4 %), Алматы (41,2 %), Павлодар (40,6 %), Солтүстiк Қазақстан (38,9 %) облыстарының еңбекке қабiлеттi жас азаматтарына тән. Нақ осы аймақтарда соңғы жылы жұмыссыздықтың неғұрлым жоғары деңгейi байқалды. Атап айтқанда, бұл көрсеткiш Алматы облысында - 10,4 % болса, Жамбыл облысында - 14,2 % тең. Осы аймақтар жас тұрғындарының алаңдаушылығы мiне осымен түсiндiрiледi.
Маңыздылығы жөнiнен үшiнші проблема тұрғын үй проблемасы болып табылады - 30,5%. Бұл проблема ең алдымен мемлекетiмiздiң елордасы - Астана қаласының (77%), Павлодар (44,2 %), Қарағанды (37,1 %) облыстарының жас тұрғындарын алаңдатады, содан кейiн Алматы қаласы тұр (36,1%). Бұдан әрi азаюы бойынша Ақмола (35,2%), Батыс Қазақстан (35,1%), Ақтөбе (28,7%), Атырау (26,6%) облыстары көрсетiлген. Өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үй проблемасының өзiнiң көкейкестiлiгi жөнiнен бесiншi орыннан үшiншi орынға көтерiлгенiн атап өту керек.
Көкейкестiлiгi жөнiнен төртiншi проблема тұрғын үй-коммуналдық қызметтердiң жоғары тарифтерi болып табылады (26,5%). Бұл бәрiнен көп Маңғыстау (54,0 %), Астана қаласы (50,0%), Павлодар (36,5 %), Ақтөбе (33,0%), Қарағанды (31,2%), Батыс Қазақстан (31,1%) облыстарының жас тұрғындарын алаңдатуда.
Жоғарыда айтылғандардың негiзiнде "Жасыл ел" республикалық штабының жұмыс iстеуi арқылы көгалдандыру және көркейту жөніндегі жұмыстарға 2005 жылдың өзiнде-ақ жастардың еңбек отрядтарының 16 мың мүшесi тартылады. 2006 жылы - 18 мың, 2007 жылы - 20 мың. Осы еңбек жасақтары қызметiнiң негiзгi мақсаты ағаш отырғызу және екпелердi күтiп-баптау жұмыстарына тарту есебiнен жаз кезiнде мектеп оқушылары мен студенттердi, сондай-ақ жұмыссыз жастарды бүкiл жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету болып табылады.
4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
Бағдарламаның мақсаты ормандардың ортаны қорғау және ортаны қалыптастыру рөлiн арттыру, ағаш отырғызылған жерлердiң көлемiн ұлғайту, елдi мекендердi көгалдандыру және олардың төңiрегiнде осы процестерге жастарды тарту арқылы жасыл аймақтар құру мақсатында кейiннен орман шаруашылығын жүргiзу тиiмдiлiгiн арттыру, ағаш отырғызылған жерлердiң көлемiн ұлғайту үшiн ормандарды күзету, қорғау, молықтыру және оларды ұтымды пайдалану және әлеуетiн еселей түсу саласындағы ахуалды тұрақтандыру болып табылады.
Мақсатқа қол жеткізу үшiн мынадай негiзгi мiндеттердi шешу қажет:
орман шаруашылығы саласында нормативтiк құқықтық кесiмдер әзiрлеу және қабылдау;
ормандарды өрттерден және орман тәртібін бұзушылықтан күзету тиiмдiлiгiн арттыру, оларды зиянкестер мен аурулардан қорғау;
орман тұқымы және питомник шаруашылығын қалпына келтiру;
ормандарды молықтыру және орман өсiру жөнiнде жаңа технологиялар әзiрлеу және енгізу;
жаңа технологиялар негiзiнде орман орналастыруды жоспарлау және жобалау-iздестiру жұмыстарының көлемiн ұлғайту;
орман орналастыру жобаларының сапасын арттыру;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзiрлеудi қамтамасыз ету;
ормандардың ұтымды пайдаланылуын ұйымдастыру;
жеке орман қорын дамыту үшiн жағдай жасау;
орман және бақ-парк шаруашылығы саласында кадрлардың біліктiлiгiн арттыру;
ормандарды молықтыру және орман өсiру, елдi мекендердi көгалдандыру және көркейту жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыруға жастарды, соның iшiнде мектеп оқушылары мен студенттердi кеңiнен тарту;
жастар бастамашылығын дамыту.
5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттары мен тетiгi
Бағдарламаны iске асыру орман шаруашылығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды мемлекеттік басқаруды және орман шаруашылығы саласындағы нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiрудi, ормандарды өрттер мен Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзушылықтан күзету, оларды зиянкестер мен аурулардан қорғау тиiмдiлiгiн арттыруды, сондай-ақ ормандарды молықтыру мен орман өсiру жүйесi мен әдiстерiн және ормандарды ұтымды пайдалануды ұйымдастыруды жетiлдiрудi көздейдi. Ормандарды молықтыру және орман өсiру орман орналастыру материалдары мен жобалау-сметалық құжаттаманың негiзiнде, орман пайдалану - орман орналастыру материалдарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Сондай-ақ Бағдарлама қоршаған ортаны қорғау және биологиялық алуан түрлiлiктi сақтау жөніндегі халықаралық мiндеттемелердi орындауды көздейдi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мемлекеттік табиғи қорық қорын сақтау мен қалпына келтiру үшiн негiзгi база болып табылады және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желiсiн одан әрi дамыту Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттарының бірi болады.
Астана қаласының санитарлық-қорғаныштық жасыл аймағын құру жайсыз табиғи факторларды жұмсартуға, қала аумағының экологиясын, микроклиматын жақсартуға және халықтың дем алуына кең көлемдi аймақ құруға бағытталған.
Саланы орман шаруашылығы мамандарымен қажеттi мөлшерде қамтамасыз ету үшiн Бағдарламада орман бақ-парк шаруашылығы кадрларын даярлау және олардың біліктiлiгiн арттыру көзделген
.
5.1. Орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи
аумақтардың, елдi мекендердi көгалдандырудың нормативтiк
құқықтық базасын жетiлдіру
Қазақстан Республикасының Орман кодексiн iске асыру мақсатында мемлекеттік орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсiру жөніндегі негiзгi талаптарды айқындайтын барлық қажеттi нормативтiк құқықтық кесiмдер бекітілдi.
"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жаңа редакциясының жобасы әзiрлендi, ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және басқару, бірегей және әдеттегi табиғи ландшафтарды, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң объектілерін, олардың генетикалық қорын қорғау, осы аумақтарды ғылыми, экологиялық-ағартушылық, рекреациялық, туристiк және әлеуметтiк-экономикалық мақсаттарда пайдалану саласындағы қатынастарды реттейді. Бұл заңды 2005 жылы қабылдау жоспарланып отыр.
Республика аумағының орманды жерлерiн ұлғайтуды ынталандыру мақсатында жеке орман қорын дамытуға бағытталған нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жоспарлануда. Атап айтқанда, орман өсiру кезiнде салық жеңiлдiктерi мен преференциялар беру, тегiн көшет материалымен және фермерлердi қажеттi консультациялармен қамтамасыз ету мен т.б. көзделуде.
Елдi мекендердегi жасыл желектi алқаптарды (скверлер, парктер, жол бойындағы екпелер және басқалар) ұлғайту үшiн оларды құру жөніндегі техникалық және технологиялық нормалар мен стандарттар қайта қаралатын болады.
5.2. Қоршаған ортаны қорғау және биологиялық алуан
түрлiлiктi сақтау жөніндегі халықаралық мiндеттемелер
Ормандарды мен биологиялық алуан түрлiлiктi сақтау мақсатында бірқатар халықаралық жобалар iске асырылуда.
"Батыс Тянь-Шаньнiң биологиялық алуан түрлiлiктi сақтау" туралы Жаһандық Экологиялық Қордың жобасы Оңтүстiк Қазақстан облысында бірегей биологиялық қоғамдастықтарды күзетудi күшейтудi және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейтудi көздейдi.
Жоба экологиялық жүйе көзқарасын пайдаланып күзетiлетiн аумақтардың бірiктiрiлген жүйесiн құру арқылы биологиялық алуан түрлiлiктi сақтау саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған. Қазақстан бөлiгiнде жобаның қолданылу аймағы учаскелерiне Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы және Батыс Тянь-Шаньнiң басқа да күзетiлетiн аумақтары жатады.
Батыс Тянь-Шаньнiң күзетiлетiн аумақтарының тiкелей шегіндегі және одан тысқары жерлердегi құрып кету қаупi төнген (Қызыл кiтапқа енгiзiлген) маңызды, бірегей түрлердiң, қоғамдастықтардың және экологиялық жүйелердiң жай-күйiнiң нашарлап кету көрсеткiшiн төмендету Қазақстанның ұзақ мерзiмдi экономикалық және әлеуметтiк дамуына осы жобаның қосатын үлесi болып табылады. Жоба 2006 жылғы маусымда аяқталады.
"Республика ормандарын сақтау және оның аумағының орманды алабын ұлғайту" атты толық көлемдi жобаны әзiрлеу үшiн Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi (ХҚДБ) 410,6 мың АҚШ доллары мөлшерiнде грант бөлдi. 2005 жылы оның сараптамасы және мүдделi мемлекеттік органдарда келiсу рәсiмi жүргізiледi.
Толық көлемдi жобаны iске асыру 2006 жылдан бастап 7 жылға есептелген. Жоба дүниежүзiлiк Банктiң Қазақстан үшiн 2004-2006 жылдарға арналған елдiк бағдарламасына енгiзiлген.
Жобаны ХҚДБ қарызы, ҒЭҚ гранты қаражатының және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қосымша қаржыландыруының есебiнен қаржыландыру көзделуде. Ұсынылып отырған жобаның мақсаты - орман алқаптарын және iргелес жайылымдық жерлердi қалпына келтiру мен оларды тиiмдi және орнықты басқаруды дамыту. Ертіс өңiрiнiң жалды ормандары, Арал теңiзiнiң қаңсып қалған табаны және Қызылорда облысындағы сексеуiл екпелерi жобалық аумақ болып табылады.
5.3. Ормандарды өрттерден және Қазақстан Республикасының
орман заңнамасын бұзушылықтан күзету, оларды зиянкестер
мен аурулардан қорғау
Ормандарды өрттерден және орман заңнамасын бұзушылықтан қорғауды мемлекеттік орман күзетiнiң қызметкерлерi және ерекше қорғалатын табиғи орман аумақтарының мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады.
Жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының құрылуын ескере отырып, сондай-ақ ормандарды жерден күзетудi күшейту үшiн мемлекеттік инспекторларының штаты ұлғайтылды.
Орман өрттерiн бастапқы кезеңде байқау және оларды дер кезiнде оқшаулау мақсатында ормандарды авиациямен күзету жүзеге асырылуда.
Ормандарды өрттерден және Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзушылықтан күзету, оларды зиянкестер мен аурулардан қорға тиiмділігiн арттырудың негiзi осы бағыттардағы iс-шаралар кешенiн жүзеге асыратын жердегi және авиациялық қызметтердiң пәрмендi жүйесiн ұйымдастыру болып табылады.
Тиiмдiлікті арттыру мыналардың есебiнен қамтамасыз етiлетiн болады:
ормандарды жерден күзету қызметтерiнiң материалдық-техникалық базасын нормативтерге сәйкес осы заманғы өртке қарсы техникамен және жабдықтармен, күзет машиналарымен, байланыс құралдарымен, қызмет қаруымен және нысандық киіммен кезең-кезеңмен нығайту;
мемлекеттік орман қоры аумағындағы жабылып қалған өртке қарсы объектiлердi (бақылау пункттерi, өрт сөндiретiн су бөгендерi) қалпына келтiру;
ормандарды өртке қарсы жарақтандыру, соның iшiнде өртке қарсы жолақтар, жыртылған жер жиектерiн тарту және оларға күтiм жасау жөнiнде шаралар өткізу, орман шаруашылығы және өртке қарсы мақсаттағы жолдарды жөндеу, сондай-ақ негiзiнен биологиялық әдiстердi пайдаланып, ормандарды зиянкестер мен аурулардан қорғаудың белсендi тәсiлдерiн қолдану;
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң Орман және аңшылық шаруашылығы комитетi жүйесiнде жеңiл моторлы авиация паркiн қалыптастыру;
ормандардағы өрт қауiптiлiгiнiң дәрежесiне байланысты авиациямен қарауылдаудың қажеттi жиiлiгiн қамтамасыз ету, өрт сөндiрушi-десантшылар санын көбейту;
биотехникалық шаралар жүргiзу.
Материалдық-техникалық базаны нығайту Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2004 жылғы 19 қаңтардағы № 53 қаулысымен бекітілген нормаларға сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Орман мекемелерi мен ерекше қорғалатын табиғи орманды аумақтардың өртке қарсы жұмыстарды және ормандарды молықтыру мен орман өсiру жөніндегі iс-шараларды жүргізуi үшiн өрт сөндiру машиналары, күзет машиналары, доңғалақты және шынжыр табанды тракторлар, өртке қарсы техника, тiркеме және аспалы құралдар сатып алынады.
2005-2007 жылдары кордондарға, өрт сөндiру-химиялық станцияларға және өрт қадағалау мұнараларына жөндеу жұмыстары жүргiзiледi.
Облыстық атқарушы органдардың қарауындағы мемлекеттік орман қорының аумағында өртке қарсы жолақтар мен жыртылған жер жиектерi тартылатын болады.
Темір, автомобиль жолдары, арналар, магистральды құбыр желiлерi өтетiн және басқа да желiлiк құрылыстар тұрған жерлер жолақтарында орналасқан жалпы көлемi 76,1 мың га қорғаныштық екпелерде өртке қарсы алдын алу iс-шаралары жүзеге асырылатын болады. Жолдар бойындағы минералдандырылған жолақтарға күтiм жасаудың жыл сайынғы көлемi 17,0 мың км болады.
Қорғаныштық екпелердi күзетудi, қорғауды және пайдалануды олар жерлерiнде орналасқан меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жүзеге асырады.
Облыстық атқарушы органдардың қарауындағы мемлекеттік орман қорының аумағында 70 мың га, соның iшiнде 2005 жылы - 23 мың га, 2006 жылы - 21 мың га және 2007 жылы - 26 мың га алқапта, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 3,54 мың га, жыл сайын 1,18 мың га алқапта зиянкестермен күрестiң жойқын шаралары жүргiзiлетiн болады.
Ормандарды өрттерден күзету тиiмдiлiгiн арттыру, оларды жедел байқау және сөндiру үшiн авиациялық жұмыстар Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында өрттерге неғұрлым ұрымтал ормандарда - 5639 мың гектарда жүзеге асырылады, бұл ретте авиациямен қарауылдау ұзақтығы өрт қаупi бар маусымда 6803 сағат болады.
Облыстық атқарушы органдардың қарауындағы орман мекемелерi мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жыл сайын биотехникалық шаралар жүргiзiп тұратын болады.
5.4. Ормандарды молықтыру және орман өсiру, елдi
мекендердi көгалдандыру
ҚР Үкіметінің 2006.25.09. № 911 Қаулысымен 5.4.1.-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
5.4.1. Ормандарды молықтыру және орман өсiру
Қазақстанның кең-байтақ аумағын ескере отырып (272,49 млн. км2), мемлекеттің орманды жерлерiн бір пайызға ғана ұлғайту үшiн 2724,9 мың га алқапқа ағаш отырғызу және екпелер өсiру қажет. Салыстыру үшiн - өткен алпыс жыл iшiнде республика аумағында 1025,9 мың га жасанды екпелер алқабы құрылды.
Сондықтан ормандарды молықтыру мен орман өсiруге мол шығын жұмсалатынын назарға ала отырып (орташа есеппен 1 га 700 АҚШ долларына жуық), бірiншi кезекте орман екпелерi мына аумақтарда:
1) шөлейттену процесiне ұрымтал алқабы басым бұрын орман өскен жерлерде;
2) ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн қолайсыз жерлердi пайдалана отырып, елдi мекендердiң iшiнде және оларға жақын маңда (жасыл аймақтар, әртүрлi нысаналы мақсаттағы өнеркәсiп плантациялары);