ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 35-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
35-бап. Сайлау шараларын сайлау комиссияларының қаржыландыруы
1. Президенттi, Парламент, мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезіндегі сайлау iс-шараларын қаржыландыруды Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
2. Сайлау комиссияларының төрағалары ақшалай қаражатқа иелiк етедi және қаржы құжаттарының сайлау комиссияларының қаржы мәселелерi жөніндегі шешiмдерiне сай келуi үшiн жауап бередi.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 36-бап өзгертілді
36-бап. Сайлау науқанын өткізуге бөлiнген қаражаттың жұмсалуын бақылау
1. Сайлау науқандарына республикалық бюджеттен бөлiнген қаражатты кандидаттардың жұмсауын бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Сайлау қорлары қаражатының жұмсалуын бақылауды тиiстi сайлау комиссиялары және банк мекемелерi жүзеге асырады.
3. Тиiстi сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша аталған бақылауды жүргiзуге өздерiнiң құзыретiне сәйкес мемлекеттік органдардың мамандары тартылуы мүмкiн.
7-тарау. Дауыс беру тәртібі
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 37-бап өзгертілді
37-бап. Сайлау бюллетенi
1. Сайлау бюллетенiне мемлекеттік тiлдiң әлiпбилiк тәртібімен тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле отырып, барлық тiркелген кандидаттар енгiзiледi. Саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенiне жеребемен айқындалған тәртiппен саяси партиялардың атаулары енгiзiледi. Жеребе тартуды Орталық сайлау комиссиясы жүргiзедi. Жеребе тартуды өткізудiң тәртібін Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
2. Сайлау бюллетеньдерi мемлекеттік тiлде және орыс тілiнде басылады.
Сайлау бюллетеньдерi сайлау округіндегі сайлаушылардың жалпы санының 0,1 процентi резервiмен сайлау округіндегі сайлаушылардың санына тең мөлшерде дайындалады.
3. Сайлау бюллетеньдерi учаскелiк сайлау комиссияларына сайлаудан кем дегенде бір күн бұрын жеткiзiледi.
4. алынып тасталды
5. Сайлау бюллетеньдерi орналасқан үй мөрлеп бекiтіліп, iшкi iстер органдарының күзетуiне тапсырылады.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 38-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
38-бап. Дауыс беру уақыты мен орны
1. Президенттi, Парламент Мәжілісi мен мәслихаттар депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат жетiден жиырмаға дейiн өткiзiледi. Аумақтық немесе округтiк сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге хақылы. Бұл орайда дауыс берудi сағат алтыдан ерте бастап, сағат жиырма екiден кеш аяқтауға болмайды. Дауыс берудi бастау және аяқтау уақытын өзгерту туралы аумақтық немесе округтiк комиссиялардың шешiмi дауыс беру күнiне кем дегенде жетi күн қалғанда қабылданып, сайлаушыларға хабарлануға тиiс.
2. Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретiн уақыт пен орын туралы дауыс беру өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, ал жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiнiң сайлауын өткiзген кезде бес күннен кешiктiрмей сайлаушыларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ өзге де әдiстермен хабардар етуге тиiс.
3. Қазақстан Республикасының иелiгіндегі және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, әскер бөлiмдерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда, алыстағы мал шаруашылығы учаскелерiнде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан құрылған сайлау учаскелерiнде, егер тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс берудi кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады. Мұндай учаскелердiң тiзбесiн тиiстi сайлау комиссиясы сайлауға дейiн жетi күннен кешiктiрмей, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауды өткiзгенде үш күннен кешiктiрмей бекiтедi.
4. Сенат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру бір күннiң iшiнде өткiзiледi. Бұл ретте дауыс беру уақытын аумақтық сайлау комиссиясы анықтайды.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 39-бап өзгертілді
39-бап. Дауыс беруге арналған үй-жай
1. Президенттi, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауға дауыс беру арнайы бөлiнген бөлмелерде өткiзiлуге тиiс, оларда жасырын дауыс беруге арналған кабиналар жеткiлiктi мөлшерде жабдықталуға, сайлау бюллетеньдерiн беретiн орындар белгiленiп, дауыс беруге арналған жәшiктердiң қойылуы дауыс беретiн адамдар оларға жасырын дауыс беруге арналған кабиналар арқылы өтiп келетiндей болуға тиiс.Бұл ретте байқаушылар, сенім бiлдiрілген адамдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерi мен сайлау комиссиясы мүшелерiнiң сайлау жәшiктерін, жасырын дауыс беруге арналған кабиналарға кірудi және шығуды бақылауына жағдай жасалуға тиiс.
2. Дауыс беруге арналған үй-жайдағы адамдар дауыс берудi өткізу жөніндегі комиссия белгiлеген ережелердi қатаң сақтауға мiндеттi. Тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы бір мезгiлде дауыс беруге арналған үй-жайдағы сайлаушылардың санын реттейдi; тәртiпке жауапты болады және осы Конституциялық заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткізуге кедергi келтiрген кез келген адамның ол жерден кетуiн талап етуге хақылы.
Дауыс беру күнi сайлау учаскесiнде сайлау процесiне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңдарын бұзған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясының мүшесi оның жұмысына қатысудан дереу шеттетiледi, ал байқаушы мен өзге адамдар сайлау комиссиясының жазбаша нысанда қабылданған дәлелдi шешiмi бойынша дауыс беруге арналған үй-жайдан шығарылады.
Осы шешiмнің орындалуын iшкi iстер органдары жүзеге асырады, олар сонымен қатар сайлау комиссиясының шеттетiлген мүшесiн, сондай-ақ шығарылған байқаушыны немесе өзге адамды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тарту жөнiнде шаралар қабылдайды.
3. Дауыс беруге арналған үй-жайларда тәртiптi қамтамасыз ету iшкi iстер органдарына жүктеледi. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi дауыс беруге арналған үй-жайда комиссия төрағасының шақыруымен ғана болуға тиiс және тәртiп қалпына келтiрiлгеннен кейiн не комиссия төрағасының өтініші бойынша ол жерден дереу шығуға мiндеттi.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңдарымен 40-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
40-бап. Дауыс берудi ашу
1. Президенттi, Мәжілістiң, мәслихаттардың депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау жөнiнде дауыс беретiн күнi учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс беру басталғанға дейiн бір сағат бұрын дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастауға тиiс.
2. Сенат депутаттарын сайлау жөнiнде дауыс беретiн күнi тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру басталғанға дейiн бір сағат бұрын дауыс беруге арналған пункттердi аша бастауға тиiс.
3. алынып тасталды
4. Учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясының төрағасы;
1) дауыс беру басталардан отыз минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар екенiн немесе жоқ екенiн, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады;
2) комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 41-бап өзгертілді
41-бап. Дауыс берудi ұйымдастыру
1. Әрбір сайлаушы (таңдаушы) өзi дауыс бередi.
2. Сайлауда дауыс құқығын басқа біреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.
3. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушыларға (таңдаушыларға) сайлаушылар тiзiмдерi (таңдаушылар тiзiмдерi) негiзiнде сайлаушының (таңдаушының) жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуi бойынша берiледi.
4. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмге бюллетеньдердi алғандығы туралы қол қояды.
5. Комиссияның бюллетеньдi (бюллетеньдердi) берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi (бюллетеньдердi) алған сайлаушының (таңдаушының) тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.
Сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысының бюллетеньдер бepуге құқығы жоқ.
6. Жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасау себебiне байланысты дауыс беруге келе алмаған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясы олардың дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат он екiден кешiктiрілмей берiле алатын жазбаша өтініші бойынша осы сайлаушылардың тұрған жерiнде дауыс берудi ұйымдастыруға тиiс.
Осы тармақта көрсетілген өтініш келіп түскен жағдайда, сайлау комиссиясының төрағасы өтiнiш берген сайлаушының сайлаушылар тiзiміндегі аты-жөнiнің тұсына тиiстi белгi қояды.
Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастырған кезде тасымалданатын жәшiктердi сайлау комиссиясының екі мүшесi алып жүредi.
Учаскелiк сайлау комиссиясының мүшелерi байқаушыларды, сенім бiлдiрілген адамдарды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiн сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруі туралы хабардар етуге мiндеттi.
Сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастыру үшiн шыққан кезде оларға байқаушылар не сенім бiлдiрілген адамдар iлесiп жүруге құқылы.
Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастыру кезiнде сайлау комиссиясының мүшелерi, сайлау бюллетеньдерiнiң бүлiнуi мүмкiн екендiгi ескерiле отырып, олардың қажеттi мөлшерiмен қамтамасыз етiлуге тиiс.
Дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде дауыс берiлген жағдайда бюллетень (бюллетеньдер) сайлаушыларға дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiштерiнiң негiзiнде берiледi, олар бұл туралы өтiнiштерiне қол қояды.
Бюллетень (бюллетеньдер) берген комиссия мүшесi оған өз қолын қояды, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiшке де қол қояды.
7. алынып тасталды
8. алынып тасталды
9. Дауыс берудi осы баптың 6-тармағына сәйкес ұйымдастырып, өткізу азаматтардың сайлау құқықтарын бұзу, дауыс беру құпиясын бұзу немесе сайлаушының ерiк бiлдiруiн бұрмалау мүмкiндiгiн болдырмауға тиiс.
ҚР 06.11.98 ж. № 285-I; 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 42-бап өзгертілді
42-бап. Дауыс берудi өткізу
1. Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң болса да кiрiп тұруына тыйым салынады. Бюллетеньдердi өз бетінше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы (таңдаушы) өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы, оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының (таңдаушының) бюллетень алғандығы жөнiнде қолы қойылады. Мыналар ондай адам болуға тиiс емес:
1) сайлау комиссиясының мүшесi;
2) жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның лауазымды адамы;
3) кандидаттың сенім бiлдiрген адамы;
4) бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлi-журналист;
5) тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген байқаушы.
2. Сайлаушы (таңдаушы) өзi дауыс беретiн кандидат тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады.
Сайлаушы саяси партиялардың атаулары бар бюллетеньде өзі жақтап дауыс беретін саяси партия атауының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгi қояды.
3. Сайлаушы жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшелерiн сайлаған кезде өзi дауыс беретiн кандидаттар тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады.
3-1. Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгізуге жол берiлмейдi.
4. Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы (таңдаушы) дауыс беруге арналған жәшiкке салады.
5. алынып тасталды
8-тарау. Дауыс беру қорытындыларын анықтау
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 43-бап өзгертілді
43-бап. Сайлау учаскесіндегі (дауыс беру пунктіндегі) дауыстарды санау
1. Президенттi, Парламент мәжілісi мен мәслихаттар депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау кезiнде барлық сайлау учаскелерiнде дауыстарды санау, егер сол учаскеде осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмеген болса, жергiлiктi уақытпен сағат жиырмада басталады. Дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталады.
Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беру қорытындысы анықталғанға дейiн үзіліссiз жүргiзедi, қорытындылар осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысатын адамдардың назарына жеткiзiлуге тиiс. Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екi сағаттан аспауға тиiс.
Дауыс беруге арналған үй-жайдағы дауыстарды санау жүргiзiлетiн столдар учаскелiк сайлау комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекетiн үй-жайдағы қатысушы барлық адамдардың көрiп отыруы қамтамасыз етiлетіндей етiп орналастырылады. Дауыстарды санау кезiнде қатысатын сенім бiлдiрiлген адамдар мен байқаушылар дауыстарды санауды бюллетеньдердегi белгілердiң көрiнiп тұруы қамтамасыз етiлетiндей қашықтық пен жағдайда байқап тұрады. Сайлау бюллетеньдерiн санау кезiнде комиссия төрағасы немесе комиссияның белгiлi бір мүшесi қатысушыларға сайлау бюллетенiн көрсетедi және сайлаушының ерiк бiлдiруiн жариялайды.
Бұл ретте бюллетеньдер әрбір кандидат, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партия бойынша және жарамсыз бюллетеньдер бойынша жеке-жеке қатталып жиналады.
2. Парламент Сенаты депутаттарын сайлау кезiнде дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн кiдiрiссiз басталады.
3. Дауыстарды санау әрбір кандидат әрбір саяси партия бойынша жеке-жеке жүргiзiледi. Дауыс беруге арналған жәшiктердi төраға дауыс берудiң аяқталғаны туралы хабарлағаннан кейiн тиiстi сайлау комиссиясы ашуға тиiс. Дауыс беру аяқталғанға дейiн жәшiктердi ашуға тыйым салынады.
3-1. Дауыс беру аяқталған соң бюллетеньдер салынған жәшіктердi ашқанға дейiн учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша бюллетеньдер алған сайлаушылардың есебiн жүргiзедi және олардың жалпы санын анықтайды. Учаскелiк сайлау комиссиясының төрағасы не оның орнындағы комиссия мүшесi санау нәтижелерiн жария етедi және оларды дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаға енгiзедi.
Бірiншi болып тасымалданатын сайлау жәшiктерi кезегiмен ашылады. Тасымалданатын сайлау жәшiгіндегі бюллетеньдердің саны дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру мүмкiндiгiн жасау туралы жазбаша өтiніштердiң санына сәйкес келуге тиіс. Егер тасымалданатын сайлау жәшiгiнде белгiленген үлгідегі сайлау бюллетеньдерiнің саны жазбаша өтініштердің тиісті санынан артық болып шықса, онда бұл жәшіктегі барлық сайлау бюллетеньдерi жарамсыз деп танылады. Бұл жағдайда тасымалданатын сайлау жәшігінен алынған барлық сайлау бюллетеньдерiнiң жарамсыз деп танылғаны туралы акт жасалады, онда сонымен бірге осы тасымалданатын жәшiктiң көмегiмен дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi өткiзген комиссия мүшелерiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiледi. Дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшiктер ашылғаннан кейiн тұрақты жәшiктер ашылады.
4. Жәшiктердi ашардың алдында пайдаланылмаған барлық бюллетеньдердi тиiстi сайлау комиссиясы санайды және жояды. Сайлау комиссиясы сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша:
1) учаскедегi (дауыс беру пунктіндегі) сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;
2) бюллетеньдер алған сайлаушылар (таңдаушылар) санын;
3) комиссияның әрбір мүшесi берген бюллетеньдер санын анықтайды.
4-1. Жәшiктердi ашқаннан кейiн сайлау комиссиясы бюллетеньдердiң саны бойынша:
1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;
2) әрбір кандидат үшiн, әрбір саяси партия үшiн берілген дауыстар санын;
3) жарамсыз ден танылған бюллетеньдер санын;
4) учаскелiк сайлау комиссиясы алған бюллетеньдер санын;
5) жойылған бюллетеньдер санын анықтайды.
Дауыс беруге арналған жәшiктерден алынған бюллетеньдердiң саны сайлаушылар тiзiмдерiнің және дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiштердiң негiзiнде берiлген бюллетеньдер санынан асып кеткен жағдайда, сайлау комиссиясының әрбір мүшесi берген бюллетеньдер саны анықталады.
5. Мынадай бюллетеньдер:
1) белгiленбеген үлгiдегi;
2) тиiстi сайлау комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;
3) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде дауыс берудi қоспағанда, бір кандидаттан артық, бір саяси партиядан артық белгiленген;
4) белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, сондай-ақ сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.
Дауыстарды тiкелей санау кезiнде жарамсыз сайлау бюллетеньдерi дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) бюллетеньдерi қатарынан алып тасталады.
6. алынып тасталды
7. Келiспеушiлiк пайда болған жағдайда мәселенi учаскелiк комиссия дауыс беру жолымен шешедi. Бұл ретте шешiм комиссия мүшелерiнiң жалпы санының жартысынан астамы даусымен қабылданады.
7-1. Учаскелiк сайлау комиссиясы (Сенат депутаттарының сайлауы кезiнде аймақтық сайлау комиссиясы) сенім бiлдiрілген адамның талабы бойынша дауыстарды қайта санауды осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген мерзiмде бір рет қана жүргiзедi.
8. Дауыстарды санау нәтижелерiн учаскелiк сайлау комиссиясы қарап, хаттамаларға түсiредi, оларға сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Сайлау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаларға учаскелiк сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.
Дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаларды қарындашпен және әр түстi сиялармен толтыруға, сондай-ақ оларға қандай да бір түзетулер енгізуге жол берiлмейдi. Бұл ретте дауыс беру нәтижелерiнiң сандық мәнi сөзбен жазылып қайталануы тиiс.
Хаттаманың көшiрмесi жалпыжұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнiң үй-жайындағы арнайы белгiленген орынға дереу iлiнедi және үй-жайда екi күн бойы тұрады.
Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезiнде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшiрмесi беріледi.
8-1. Сайлау округi бойынша сайлау нәтижелерi округтiк сайлау комиссиясының отырысында анықталады, ол отырыс орны мен уақыты туралы мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жариялана отырып, округтік сайлау комиссиясы дауыс берiлетiн күннен кемiнде он күн бұрын айқындаған сайлау учаскелерiнiң бірiнде өткiзiледi. Нәтижелер осы учаскеге жеткiзiлетiн учаскелiк сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде анықталады.
Сайлау округi бойынша сайлау нәтижелерi туралы хаттаманың көшiрмесi жалпыжұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнің үй-жайында ілінедi және үй-жайда үш күн бойы тұрады.
Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезінде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшірмесі беріледі.
8-2. Округтік сайлау комиссиясы дауыс беру күнінен бастап бес күннен кешіктірмей сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санаудың нәтижелері туралы алдын ала жиынтық тiзiмдеме жасайды және оны жалпы жұрттың танысуы үшiн өз отырысы өткен сайлау учаскесiнiң үй-жайында iледi.
Ресми жиынтық тiзiмдеме учаскелiк сайлау комиссияларының дауыстарды санаудың нәтижелерi туралы алынған хаттамаларының негiзiнде жасалады, оған округтiк сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қояды және ол жалпы жұрттың танысуы үшiн iлiнедi.
9. Тиiстi жоғары тұрған сайлау комиссиясы учаскелiк сайлау комиссияларының (Сенат депутаттарын сайлаған кезде аумақтық сайлау комиссияларының) хаттамаларында қателердi, сәйкессiздiктердi анықтаған болса, сондай-ақ дауысты есептеудiң дұрыстығына күмәнданатын болса, ол комиссия тиiстi учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясы сайлаушыларының дауысын қайта санау туралы шешiм қабылдауға хақылы. Сайлаушылардың дауысын қайта санау жоғары тұрған сайлау комиссиясы мүшесiнiң және дауыстардың дұрыс саналмағандығы фактілерiн табыс еткен өтiнiш берушілердің қатысуымен жүргiзiледi.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 44-бап өзгертілді
44-бап. Сайлау қорытындыларын анықтау және жариялау
1. Президенттi, Парламент депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды.
2. Мәслихат депутаттарын, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау қорытындыларын аумақтық сайлау комиссиялары анықтайды.
3. Сайлау қорытындылары хаттамаға түсiрiлiп, оған сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Комиссияның төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаға комиссия төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.
4. Сайлау қорытындылары туралы хабарды:
1) Президенттi, Парламент Сенатының депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хабарды Орталық сайлау комиссиясы, Парламент Мәжілісiнiң депутаттарын сайлау қорытындылары туралы тиiстi округтiк сайлау комиссиялары сайлау өткiзiлген күннен бастап он күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;
2) мәслихаттар депутаттарын, сайлау қорытындылары туралы хабарды тиiстi аумақтық және округтік сайлау комиссиялары сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күннен кешiктiрмей жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
3) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлаудың қорытындысы туралы хабарды тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен кейiн төрт күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
5. Орталық (аумақтық) сайлау комиссиясының хабарламасында: сайлау датасы, сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiне енгiзілген және дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы саны; сайлау округтерiнiң жалпы саны; дауысқа түскен кандидаттардың жалпы саны; дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берген сайлаушылардың саны; сайлауға қатысқан саяси партиялардың саны; қайтадан сайлау өткiзiлетiн округтердiң саны; тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірлiк бойынша Президенттiкке, Парламент Сенаты депутаттығына әрбір кандидат үшiн, әрбір саяси партия үшiн берiлген дауыстар саны; сайланған Президент, Парламент Сенатының, мәслихаттардың депутаттары, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерi, олардың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, атқаратын лауазымы (жұмысы), тұрғылықты жерi, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы, қай ұлтқа жататыны туралы мәлiметтер көрсетiледi.
Тиiстi округтiк сайлау комиссиясының хабарламасында: сайлаушылар тiзiмдерiне енгiзiлген және дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы саны; әрбір кандидат үшiн берiлген дауыс саны; сайлау учаскелерi бойынша жарамсыз деп танылған бюллетеньдердiң саны; Парламент Мәжілісiнiң депутаттығына, мәслихаттар депутаттығына сайланған адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, атқаратын қызметi (жұмысы), тұрғылықты жерi, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы, қай ұлтқа жататыны туралы мәлiметтер көрсетiледi.
Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының хабарламаларындағы деректер - сайлау округтерi бойынша, ал округтiк сайлау комиссияларының хабарламаларындағы деректер сайлау учаскелерi бойынша ұсынылады. Тиiстi сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындылары туралы тiзiмдеме нысанындағы хабарламаны дауыстарды санау аяқталғаннан және тиiстi хаттама жасалғаннан кейiн қырық сегiз сағаттан кешiктiрмей жариялайды.
45-бап. Президенттi, Парламент, мәслихаттар депутаттарын және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн тiркеу
Тиiстi сайлау комиссиялары осы Конституциялық заң белгiлеген тәртiппен жетi күн мерзiм iшiнде олардан Конституцияға және Республика заңдарына сәйкес Президенттiң, Парламент, мәслихат депутатының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшесiнiң мәртебесiмен сыйыспайтын өз мiндеттерiн доғару туралы жазбаша өтiнiштерiн алғаннан кейiн сайланған Президенттi, Парламент, мәслихат депутаттары, жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарының мүшелерiн тiркейдi.
46-бап. Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутатының және жергiлiктi өзi-өзi басқару органдары мүшелерiнiң куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсi
1. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезде Президентке тиiстi куәлiгi мен Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi тапсырады.
2. Орталық сайлау комиссиясы Республика Парламентi депутаттарын сайлау қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейiн әрбір депутатқа куәлiгi мен белгiленген үлгiдегi омырауға тағатын белгiсiн тапсырады.
3. Бұқаралық ақпарат құралдарында тiзiмдер жарияланғаннан кейiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы:
1) мәслихаттар депутаттарына - олардың әрқайсысына мәслихат депутаттарының куәлiгiн және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi бередi;
2) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiне олардың әрқайсысына жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшесiнiң Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi куәлiгiн бередi.
9-тарау. Сайлау бостандығының кепiлдiктерi
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 47-бап өзгертілді
47-бап. Кандидаттар қызметiнiң сайлау науқаны барысындағы кепiлдiктерi
1. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар тiркелген күнiнен бастап сайлау қорытындысы жарияланғанға дейiн жұмыстан, әскери қызметтен және әскери жиындардан босатылуға құқылы. Кандидаттарын сайлауға қатысқан уақыты тiркелген күнге дейiн оның жұмыс iстеген мамандығы бойынша еңбек стажына есептеледi.
2. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелiгiне кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн өздерiнiң келісімiнсiз жұмысынан босатуға, басқа жұмысқа немесе лауазымға ауыстыруға, сондай-ақ iссапарларға жiберуге не әскери жиындарға шақыруға болмайды.