"Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының редакциясын нақтылау мақсатында коммерциялық қағаздарды шығару тәртібін көздейтiн түзетулер енгiзiледi.
Индекстерге қосылатын бағалы қағаздардың бағамдық құны негiзiнде есептелген тиiстi индекстердi құру инвестициялау мүмкiндiктерiн кеңейту үшiн маңызды тұстарының бірi болады, мұндай бағалы қағаздардың көмегiмен өзiнде меншiктi қымбат тұратын талдамалық қызмет жоқ және көп қаражаты жоқ инвестор экономикадағы болашақ конъюнктура туралы талқылай алады.
Ақпараттық және талдамалық агенттiктермен олардың инвесторлары рыноктың жалпы бағытын бағалауға, макроэкономикалық ахуалды, салалардың тартымдылығын, институционалдық инвесторлар портфелiнiң серпiнi мен тиiмдiлігін бағалауға мүмкiндiк беретiн, негiзгi көрсеткiштердiң шағын жиынтығының негiзiнде есептелген бірқатар индекстердi әзiрлеуiн қамтамасыз ету жөнiнде жұмыс жүргiзiледi.
Тәуелсіз рейтингтiк агенттiктердiң, оның iшiнде ұлттық рейтингтiк шәкiл бойынша рейтингтiк бағалары институционалдық инвесторлар өз қаражатын инвестициялай алатын бағалы қағаздарды анықтау үшiн де пайдаланылуы мүмкiн. Перспективада инвестициялық қорлар белгiлi бір тәуекел дәрежесi бар құралдар портфелiн қалыптастыру кезiнде рейтингтiк бағаларды қолдануы мүмкiн.
Қаржы ұйымдарын реттеу саласында тәуелсіз рейтингтiк бағаларды қаржы құралдары мен контр әрiптестердiң тәуекелдерiн бағалау үшiн өлшем ретiнде пайдалану аясын өрiстету қажет.
Көрсетiлген нормаларды белгiлеу халықаралық рейтингтiк агенттiктердi тартуға және Қазақстанда олардың өңiрлiк офистерiн ашуға ықпал етуi тиiс.
Туынды бағалы қағаздар рыногын дамыту жөніндегі, соның iшiнде борыш мiндеттемелерiне құрылымдық және гибридтi туынды құралдардың, пайыздық және валюталық тәуекелдердi хеджирлеу құралдарының, шарт құралдарының пайда болуы мен қалыптасуын ынталандыру жөніндегі iс-шаралар көзделедi. Заңдарда туынды бағалы қағаздар рыногы ұғымы бірiздендiрiледi. Пайыздық және валюталық тәуекелдердi хеджирлеу құралдары рыногын дамыту институционалдық инвесторлардың ғана емес, сонымен қатар экспорт-импорт операцияларына қатысушы кәсiпорындардың да тәуекелiн төмендетуге ықпал етедi. Тауарларға базалық активi бар туынды шарт құралдарының пайда болуы сыртқы сауда операцияларының баға ауытқуларынан туындайтын тәуекелдерiн төмендетуге ықпал етедi.
Туынды бағалы қағаздар рыногы қаржы рыногының неғұрлым тәуекелдi сегменттерiнiң бірi болып табылатындықтан кәсiпқой қатысушылар хеджирлеу және алып-сату операцияларын жүзеге асыруы қажет. Бұл ретте кәсiпқой қатысушылардың мұндай операцияларды жүзеге асыруын реттеу тәуекел көлемiнiң кәсiпқой қатысушының меншiктi капиталына ара қатынасын белгiлеуге негiзделуi мүмкiн.
Агенттiк өз тарапынан кәсiпқой қатысушылардың тәуекелдердi хеджирлеуiн ынталандыруы, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорлары мен сақтандыру ұйымдарының активтерiн хеджирлеу операцияларын жасау тәртібін реттеуi қажет. Мұндай ұстаным институционалдық инвесторлардың тартылған активтерiн мақсатсыз хеджирлеудiң алдын алады.
Қойылған мiндеттердi шешуге валюталық операцияларды және рыноктық тәуекелдердi басқа да басқару стратегияларын орындауда резиденттердiң тәуекелдердi хеджирлеу құралдарын неғұрлым белсендi пайдалануына жағдай жасайтын, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 25 шiлдедегi № 705 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық режимді ырықтандырудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы да ықпал етедi.
Осы Бағдарламаны iске асыру барысында Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясын iске асыру жөніндегі 2003-2005 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарында көзделген тауар биржаларында астық, мұнай және мұнай өнiмдерiнiң жүйелi сауда-саттығы жүргiзiлген немесе аталған тауар белгiлерiнiң мемлекеттік мониторинг жүйесi iске қосылған жағдайда қор биржасы жеткiзiлмейтiн тауарлық фьючерстермен сауда-саттықты ұйымдастырады. Жеткiзiлмейтiн тауарлық фьючерстер (неғұрлым танымал шикiзат тауарларының, мысалы, бидайдың, мұнайдың және мұнай өнiмдерiнiң бағалары) оларды сатуды ұйымдастыру тұрғысынан қарағанда қаржылық фьючерстерден қағидаттық айырмашылығы жоқ - шетел валютасының бағамы немесе бағалы қағаздардың табыстылығы. Жеткiзiлмейтiн фьючерстер қаржы институттары үшiн де, тиiсiнше тауарлар рыногының қатысушылары үшiн де инвестициялаудың қызықты объектiсi бола алады.
Халықаралық қор рыноктарына өздерiнiң бағалы қағаздарын орналастыруды жүзеге асыруға ниеттенген қазақстандық ұйымдарға бағалы қағаздар мәлiметтерiн қазақстандық ұйымдастырылған рыноктың ресми тiзiмiне мiндеттi түрде алдын ала енгізу жөніндегі талаптарын белгiлеу бойынша алдыңғы Бағалы қағаздар рыногын дамыту бағдарламасының iс-шарасы iске асырылады. Бұл норма көптеген дамыған елдерде белгiленген және отандық бағалы қағаздар рыногында қаржы құралдарының жетiспеушiлігі мен инвестициялауға арналған активтердiң артықшылығы жағдайында әдiлеттi болып табылады. Бұдан басқа, еуропалық елдерде бағалы қағаздарды шығару шарты эмитенттердiң бағалы қағаздарын эмитенттiң резиденттілігi елiнiң ұйымдастырылған рыногының ресми тiзiмiне алдын ала енгізу талабын қамтиды.
Институционалдық инвесторлардың активтердi өтiмдiлiгi жоғары шетелдiк бағалы қағаздарға және өзге де қаржы құралдарына инвестициялаудың Агенттiк белгiлейтiн нормалары қажетiне қарай қайта қаралады. Бұрынғы кеңес кеңiстiгi елдерiне қатысты бұл шаралар Еуро-Азиялық Экономикалық Қоғамдастықтың (бұдан әрi - ЕуАзЭҚ), Бiртұтас Экономикалық Кеңiстiктiң (бұдан әрi - БЭК) және басқа да халықаралық қауымдастықтардың шеңберiнде елдердiң заңдарын үйлестiру жөніндегі iс-шаралармен қатар iске асырылады.
5.2.4. Шетелдік бағалы қағаздарға рұқсат беру
Ұлттық бағалы қағаздар рыногын толтырудың тартымды тәсiлдерiнiң бірi ретiнде шетелдiк мемлекеттік те, корпорациялық та бағалы қағаздарға қол жеткізу тәртібі жетiлдiрiледi. Бұл мiндеттi орындау үшiн Бағдарламада Қазақстан Республикасының бағалы қағаздарының ұйымдастырылған рыногында айналысқа жiберу мақсатында шетелдiк бағалы қағаздарға талаптарды белгiлеу бойынша өкiлеттiктi сауда-саттық ұйымдастырушысына беру көзделедi.
Тартымды құралдардың тапшылық деңгейiн төмендету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында шетел эмитенттерiнiң бағалы қағаздарының еркiн айналысына жағдайлар жасалады.
Қазақстандық инвесторлардың шетелдiк бағалы қағаздарға қол жетiмдiлiгiнiң қосымша мүмкiндiгiн қамтамасыз ету үшiн корреспонденциялық депозитарийаралық қатынастарды белгiлеу және шығару проспектiсiнде ашылуы тиiс ақпараттарға қойылатын талаптарды бірiздендiру жөніндегі және Қазақстан қатысушы болып табылатын ЕуАзЭҚ, БЭК және басқа да ықпалдас топтардың шеңберiнде бағалы қағаздарды сауда-саттық ұйымдастырушысының ресми тiзiмдерiне қосу кезіндегі бастамалар қолдау табады.
5.2.5. Бағалы қағаздар рыногында салық салу тәртібін жетiлдiру
Қор биржасының ресми тiзiмiне енгiзiлген акциялар мен облигацияларды сатуда құн өсiмiнен түскен табысқа салық салудан босату бойынша салық жеңiлдiгiн қолдану осы бағалы қағаздармен операцияларды жасайтын тұлғалардың тарапынан асыра пайдалану орын алғандығы жөнiнде болжауға негiз болатын бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногы көрсеткiштерiнiң белгiлi бір ауытқуларына алып келедi.
Мысалы, Қазақстан қор биржасының мәлiметтерi бойынша ресми тiзiмдегi бағалы қағаздар қатары бойынша 2003 жыл бойы оннан аз, ал көбiнесе - бір-ақ мәмiле жасалды. Сонымен қатар, бұл мәмiлелер бағалы қағаздардың бағаларын ресми белгiлеу үшiн негiз болып табылады, мұнда салық жеңiлдiгi оның қандай рынокта (ұйымдастырылған немесе ұйымдастырылмаған) жасалғандығына қарамастан қолданылады. Бұл жағдайда мынадай қайшылық туындайды: ұйымдастырылмаған рынокта жасалған операцияларға қатысты ресми саудаларда бірде-бір мәмiле жасалмаса да салық жеңiлдiгi қолданылады, ал бұл операциялардың бағалары (баға белгiлеуi) ұйымдастырылған рыноктың әдiлеттi рыноктық бағаларын анықтауда ескерiлмейдi. Қазақстан қор биржасының ресми тiзiмiне енгiзiлген акциялар мен облигациялар бағаларының ашықтығы төмендейдi және олардың бағаларын еркiн басқару мүмкiндiгiне жол берiледi.
Жоғарыда аталған кемшiлiктердi болдырмау мақсатында осы жеңiлдiктi қолдану тиiмдiлiгi туралы мәселенi қарау қажет.
Еуропалық одақ стандарттарына көшу қазiргi кезде әртүрлi қаржы құралдары бойынша қолданылатын салықтық жеңiлдiктер мен преференциялардың алынып тасталуын көздейдi.
Мысалы, қазiргi кезде банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын банктер мен ұйымдардағы салымдар бойынша сыйлықақы және жеке тұлғаларға төленетiн борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйлықақылар салық салудан босатылады. Бұл халықтың қаражатын қаржы жүйесiне тартудың басқа мүмкiндiктерi болмаған жағдайда, банктiк жүйеге халықтың салымдарын ынталандыру мақсатында жасалған.
Сондай-ақ МБҚ операциялары мен олардың сыйлықақылары салық салудан босатылады. Бұл осы қаржы құралына инвестициялауды неғұрлым тартымды етедi.
Айналысты ынталандыру үшiн жеңiлдетiлген салық режимiн талап ететiн Қазақстанның қаржы бөлiгi үшiн қаржы агенттiктерiнiң агенттiк бағалы қағаздары жаңа қаржы-құралының бірi болып табылады. 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап агенттiк бағалы қағаздарға салық салу тәртібі МБҚ-ға қатысты қолданылатын тәртiпке ұқсас болып табылады.
Уақытша жеңiлдiктердi енгізу кез-келген жаңа қаржы құралын, әсiресе экономиканың басым бөлiктерiнде және қаржы бөлiгiнде мемлекеттік инвестициялық саясатты iске асырумен байланысты, дамытуды ынталандыру мақсатында өзiн-өзi ақтады. Болашақта қаржы рыногында жаңа құралдың қалыптасуына жеткiлiктi белгiлi уақыт кезеңi өткеннен кейiн бұл жеңiлдiктер алынып тасталуы керек.
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамыту тұжырымдамасына және оны iске асыру жөніндегі Iс-шаралар жоспарына сәйкес 2006 жылы:
депозиттер мен борыштық бағалы қағаздар бойынша жеке тұлғалардың;
жеке және заңды тұлғалардың МБҚ мен агенттiк облигацияларымен жасаған операцияларынан түскен кiрiстерiн салық салудан босатуды алып тастау туралы мәселенi қарау көзделiп отыр.
"Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шiлдедегi Заңында туынды бағалы қағаз ұғымы көзделген. Бұл Заңға айналыс тәртібін ескере отырып, туынды бағалы қағаздардың жекелеген түрлерiнiң ұғымдарын нақтылайтын, сондай-ақ бағалы қағаздардың жаңа түрлерiнiң айналыс мүмкiндiгiн көздейтiн түзетулер енгiзiледi.
5.2.6. Эмитенттер кеңесiн құру
Бағалы қағаздар эмитенттерiнiң қызметiн үйлестiру, мiндеттердi бірiгiп шешу, эмитенттердiң мүдделерiн ұсыну мен қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттiктiң жанында Эмитенттер кеңесiн - үнемi жұмыс iстейтiн консультативтiк-кеңестiк орган құру ұсынылады. Оған Қазақстанның әртүрлi өңiрлерiнен iрi кәсіпорын-эмитенттердiң басшылары кiредi.
Мұндай органды құру қазақстандық кәсiпорындардың бағалы қағаздар рыногына шығуына және рынокта өтiмдiлігі жоғары және сенiмдi қаржы құралдарының пайда болуына ықпал етедi деп күтiлуде.
Эмитенттер кеңесi қызметiнiң шеңберiнде мынадай мәселелер талқыланады:
АҚ-да корпорациялық басқаруды жетiлдiру және енгізу;
бухгалтерлiк есептiң халықаралық стандарттарына көшуге ықпалдасу;
бағалы қағаздар айналысын жетiлдiру мен олардың өтiмдiлiгiн жоғарылату;
кәсiпорын жұмыскерлерiнiң бағалы қағаздар рыногының мүмкiндiктерi туралы білімдерiн жоғарылату.
5.3. Бағалы қағаздар рыногының
инфрақұрылымына қатысты саясат
Бағдарламаны iске асыру барысында бағалы қағаздар рыногының лицензиаттарын капиталдандыру және ұйымдастырушылық-құқықтық нысандарының талаптары оларды оңтайландыру мақсатында қайта қаралады.
ӨРҰ бірiге отырып бағалы қағаздар рыногының лицензиаттарын бағдарлама-техникалық қамсыздандыру мен бағдарламалық қамсыздандырудың сертификаттандыру талаптары әзiрленедi.
Бағалы қағаздар рыногының құжат айналымын қолданыстағы технологияларға сәйкес келтiру үшiн электрондық құжаттарды пайдалану мен енгізу бойынша және есеп тапсыруда электрондық қол қоюға, сондай-ақ көпшiлiк пайдаланушылар үшiн бағалы қағаздар мен олардың эмитенттерi туралы ақпараттың орталықтандырылған ашылуына шаралар қолданылады. Ең алдымен, бағалы қағаздар рыногында халықпен жұмыс iстеу үшiн тиiстi инфрақұрылым жасалатын болады.
Инфрақұрылымды құру және қазiргi заманғы технологияларды енгізу мақсатында халықпен бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн "Қазпочта" АҚ базасында трансфер-агенттi - бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылар мен олардың клиенттерi арасындағы құжаттарды (ақпаратты) қабылдау және беру жөнiнде қызметтер көрсететiн тұлғаны құру жөнiнде жобаны iске асыру қажет.
Осылайша, Қазақстанның барлық азаматтарының қаржы рыногына қол жетiмдiлiгi қамтамасыз етiледi. Бұдан басқа, мемлекеттік органдармен бірге халықпен қаржы рыногының мүмкiндiктерi туралы жүйелi түсiндiру және ақпараттық жұмыс жүргiзiлетiн болады.
Трансфер-агенттер қаржы рыногының лицензиаттар қызметтерiн Қазақстан Республикасының көптеген аумақтарында өткізуге және оларды жедел ұсынуға ықпал етуге арналған.
Алдағы кезеңнiң маңызды мiндеттерiнiң бірi дефолт жағдайына бағалы қағаздар рыногы лицензиаттарының жекелеген тәуекелдердi өз еркiмен сақтандыруды ынталандыру болып табылады.
Бағалы қағаздармен мәмiлелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыруда тәуекелдi төмендету және мұндай есеп айырысуды жылдамдату мақсатында "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийi" ЖАҚ брокерлiк-дилерлiк орталықтандырылған есеп айырысу ұйымының функциясын атқарады.
Қолданыстағы заңдарға және 30 топтың1 ұсынымдарына сәйкес орталықтандырылған депозитарий тиiстi қызметтi жүзеге асыратын жалғыз ұйым болып табылады. Осыған байланысты оның қызметiн осы сипаттағы рыноктың жалғыз қатысушысы ретiнде лицензиялаудың мәнi жоқ, өйткенi оның лицензиясын қайтару немесе қызметiн тоқтату нақты мүмкiн емес. Баяндалғанды назарға ала отырып, орталық депозитарийдiң қызметiн лицензиясыз деп тануға және орталық депозитарий функциясына бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзудi қосуға бағытталған шаралар жүргiзiледi.
__________________
130-топтың-клиринк пен есептер бойынша халықаралық сарапшылар тобы
Мүшелерi Нью-Йорк, Лондон, Токио, Франкфурт және басқа да биржалар сияқты iрi әлемдiк биржалар болып табылатын Биржалардың Әлемдiк Федерациясының қағидаттарына сәйкес биржалар өтiмдi әрi әдiл рынокты қамтамасыз ету үшiн жұртшылыққа ұсынылған акциялардың барабар мөлшерiне қатысты листингтiк компанияларға талаптар қоюға тиiс. Осылайша, Нью-Йорк биржасында жұртшылыққа ұсынылған акциялардың жалпы құны жария компаниялар үшiн кемiнде 100 млн. АҚШ долларын, басқа компаниялар үшiн 60 млн. АҚШ долларын құрайды. Лондон, Токио және Франкфурт биржаларында осы талап акциялар эмиссиясының көлемiнен кемiнде 25% құрайды.
Озық халықаралық тәжiрибенi есепке ала отырып, қазақстанның бағалы қағаздар рыногының өтiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн жоғарғы санаты бойынша биржаның ресми тiзiмiне қосу және онда болған сәтте орналастырылған және еркiн айналыстағы акциялардың көлемiне талаптар қойылатын болады, атап айтқанда, шағын акционерлердiң (миноритарийлердiң) меншiгіндегі және/немесе институционалдық инвесторлардың (жинақтаушы зейнетақы қорларының, инвестициялық қорлардың) меншiгіндегі орналастырылған акциялардың ең төменгi көлемi кемiнде акциялардың эмиссиясынан 25%-ды құрауы тиiс. Бұл ретте, осы талапты 2006 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізу көзделiп отыр.
Қазiргi таңда ресми тiзiмнiң жоғары санаты бойынша да биржаның листингтiк талаптары эмитенттiң кредитке қабiлеттiгiнiң көрсеткiшi болып табылмайды, бірақ листингтiк компаниялар қызметi мен олардың қаржылық жай-күйiнiң ашықтығының қажеттi деңгейiн ғана қамтамасыз етедi, сайып келгенде, эмитенттердiң кредитке қабiлеттілігiн бағалауда эмитенттiң кредитке қабiлеттілігiн тәуелсіз әрi сенiмдi бағалауды бiлдiретiн, оның негiзiнде рынокқа қатысушылар негiзделген қаржылық шешiмдер қабылдай алатын кредиттiк рейтингтi пайдалануын кеңейту қажет.
Ұйымдасқан рынокқа бағалы қағаздар эмитенттерiн тарту үшiн жағдайлар жасау мақсатында ресми тiзiмнiң жоғары санатын кiшi санаттарға бөлу жөнiнде iс-шаралар жүргiзiледi.
Эмитенттерге, олардың бағалы қағаздарын сауда-саттықты ұйымдастырушысы ресми тiзiмiнiң ең жоғары санатынан кейiнгi санаттарға қосу және онда болуы жөніндегі қойылатын талаптар ырықтандырылады.
Аталған шаралар, сондай-ақ көзделген салық жеңiлдiктерi биржа саудасын жандандыруға және объективтiк рынок бағасын қалыптастыруға ықпал етедi, бұл субъектiлердiң ұйымдасқан рынокқа шығу үшiн кіру кедергiлерiн төмендетедi, олардың инвестициялық портфельдерiне қосымша сенiмдiлiк пен ашықтық бередi.
Орталық депозитарийдiң аса тиiмдi қызметiнiң нәтижесiнде халықтық АҚ өздерiнiң акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзудi тапсыру шешіміне эволюциялық жолмен келетiндiгi көзделуде.
Бағалы қағаздар эмитенттерiн ұйымдастырылған рынокқа тарту үшiн жағдайлар жасау мақсатында ресми тiзiмнiң ең жоғарғы санаттарын кiшi санаттарға олардың қызметiнiң салалары мен ерекшелiгiн ескере отырып, эмитенттер түрлерi бойынша мамандандыру мақсатында бөлу жөнiндегі iс-шаралар жүргiзiледi.
Ұлттық рейтингтiк шәкiлдi бағалы қағаздардың ең жоғарғы санаттың ең аз талаптарымен ресми тiзiмнiң кiшi санатына және ең жоғарғыдан кейiнгi санатына қосылуы мен онда болуы үшiн пайдалану көзделiп отыр.
Сауда-саттық ұйымдастырушысының ресми тiзiмiне енгiзiлмеген бағалы қағаздарға баға белгiлеу жүйесiнiң рөлiн арттыру жөніндегі мәселе қаралады. Баға белгiлеу жүйесi баға белгiлеулерге қол жетiмдiлiктi қамтамасыз етуi тиiс және рыноктың барлық қатысушылар үшiн кеңiнен танымал болуы, оның қатысушыларына баға белгiлеулердi нақты уақыт режимiнде қоюға, бағалар туралы жедел ақпарат алуға және баға белгiлеу парағына қосылған бағалы қағаздар бойынша мәмiлелер жасауға мүмкiндiк беруi қажет. Баға белгiлеу жүйесiнiң көрсеткiштерiн бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi, соның iшiнде инвестициялық қорлар ресми тiзiмде қосылмаған және/немесе саудаланбайтын бағалы қағаздарды бағалау және бухгалтерлiк есептеу мақсатында шынайы рынок бағаларын айқындау үшiн пайдалануы тиiс. Қор биржасының листингтiк емес сауда алаңын баға белгiлеу жүйесi ретiнде пайдалану мүмкiндiгi жөніндегі мәселе қаралады.
Операциялық тәуекелдердi азайту мақсатында сауданы ұйымдастырушылардың, тiркеушiлердiң және бағалы қағаздарды номиналды ұстаушылардың резервтiк көшiру жүйесi мен ақпаратты сақтау талаптары жетiлдiрiледi. Қазақстандық бағалы қағаздар рыногының шетел рыноктарымен технологиялық үйлесiмдiгінiң мүмкiндiктерi зерттеледi.
Қазақстан мүшесi болып табылатын халықаралық қауымдастықтардың заңдарымен үйлестiру мақсатында Бағдарлама шеңберiнде халықаралық ынтымақтастықтың нысаны ретiнде, атап айтқанда, бағалы қағаздар нарығын жаһандандыру жағдайында кездесетiн бағалы қағаздардың есебi мен құқықтарын растау және бағалы қағаздар рыногында ақпаратты ашу мәселелерi бөлiгiнде заңды бірiздендiру көзделген.
Бағалы қағаздар рыногына халықты тарту және брокер компанияларын капиталдандыруын арттыруды ынталандыру арқылы инвестициялық банкинг дамитын болады.
5.4. Бағалы қағаздар рыногын реттеу саясаты
5.4.1. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік
реттеудi жетiлдiру
Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеу басты бағыттары бойынша - АҚ-дың және бағалы қағаздар рыногы кәсiпқой қатысушыларының қызметiн реттеу бөлігінде жүргiзiледi.
Инвесторлардың мүдделерiне АҚ-дың мониторингiне тиiстi назар аударылатын болады, себебi бүгiнгi күнi бағалы қағаздар рыногында олардың қызмет белсендiлiгiнiң төмендiгi олардың дамуын ұстап тұрған негiзгi фактор болып табылады. Бұл проблеманы шешу үшiн Ұлттық Банкпен бірiгiп АҚ-дың және басқа кәсiпорындардың мониторингiн жүзеге асыру, мониторингтiң құрамын жетiлдiру мен мониторингке тартылған компаниялардың санын ұлғайту көзделiп отыр.
"Акционерлік қоғамдар туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңдарының құқық қолдану тәжiрибесiнiң қорытындылары бойынша заңның жекелеген нормаларын нақтылау қажеттілігiнен "Акционерлік қоғамдардың қызметi мәселесi жөнiнде Қазақстан Республикасының кейбір заң кесiмдерiне қосымшалар мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заң жобасы әзiрленедi.
Заң жобасын қабылдаудың мақсаты АҚ-дың қызметiн, әсiресе, оларды құру, АҚ-дың қайта құру және жою тәртібін мемлекеттік реттеу жүйесiн жетiлдiру болып табылады.
Компанияның жеке немесе жария болып табылатынына байланысты ақпаратты ашуға және корпорациялық басқарудың қажеттi деңгейiне тиiстi талаптар белгiлеу үшiн компанияларды жария және жеке етiп заңнамалық ажыратуды енгізуге бағытталған түзетулердi енгізу күтiлуде. Компанияның "акционерлік қоғам" ұйымдық-құқықтық нысаны бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн жария компания ретiнде жұмыс iстеуiн мiндеттейтiн болады деп күтiлуде.
Заң жобасын қабылдау инвесторлар үшiн (оның iшiнде шетел инвесторлары) Қазақстан Республикасының резидент-эмитенттерi шығаратын бағалы қағаздардың тартымдылығын жоғарылатуға ықпал етедi, себебi сенiмдi инвесторларды қызметi барлығына ашық және қызмет ету тетiктерi неғұрлым қарапайым, практикалық қызметiнiң барысында пысықталған АҚ-тар ғана қызықтырады.
Облигацияларды қамтамасыз етудiң неғұрлым сенiмдi тәсiлдерiн айқындау мақсатында заң жобасында қамтамасыз етiлген облигациялар деген ұғым нақтыланады.
Әкiмшiлiк iс жүргiзу және қылмыстық кодекстерiне қаржы рыногына қатысушылардың құқықтарын қорғау жүйесiн жетiлдiру бөлiгiнде өзгерістер мен толықтырулар енгiзiледi.
Инсайдерлiк ақпарат пен инсайдерлiк мәмiле, оларды пайдалануға тыйым салу ұғымдарын нақтылап, бағалы қағаздарға әдiлеттi баға қалыптастыруды, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау және инсайдерлердiң қызметiн бақылауды қамтамасыз ету үшiн болашақта инсайдерлiк сауда мәселесi жөнiнде Қазақстан Республикасының заң кесiмдерiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларын мемлекеттік реттеудi жетiлдiру үшiн және инвесторлардың мүдделерiн қорғау мақсатында осы кезеңде оларды пруденциялық реттеудi олар көрсететiн қаржы қызметтерi мен тәуекелдi басқару мiндеттерiнiң барлық ауқымын ескерiп қайта қарау, бағалы қағаздар рыногында әдiлеттi бәсекелестiктi ынталандыру, Еуропалық одақтың негiзгi директиваларын енгізудi қамтамасыз ету, соның iшiнде бағалы қағаздар рыногында инсайдерлiк сауда және терiс пайдалану мәселесi жөнiнде, инфрақұрылым субъектiлерiнiң техникалық жүйелерiнiң сапасына қойылатын талаптарды жоғарылату керек.
5.4.2. Бағалы қағаздар рыногы көрсеткiштерiнiң толыққанды
дерекқорын қалыптастыру
Бағалы қағаздар рыногы көрсеткiштерiн талдау сапасын жоғарылату, осы рыноктың ұйымдастырылған, сондай-ақ ұйымдастырылмаған бөлiгiнде де көрсеткiштерiнiң толыққанды дерекқорынсыз оны дамытудың дұрыс стратегиясын әзiрлеу мүмкiн емес.
Мүдделi тұлғалардың пайдалануы үшiн рыноктың жағдайы туралы мәлiметтердi жинақтау айтарлықтай көлемдi және шығынды мiндет болып табылады, ол:
тиiмдi талдауды жүзеге асыруды қамтамасыз ететiн барлық лицензиаттардың есеп беру нысандарын әзiрлеу және енгізу;
ақпарат жинау процесiн, сондай-ақ дерекқорды қалыптастыру, жаңарту және мониторингтеудi ұйымдастыру;
рыноктың нақты сипатын барабар көрсететiн мәлiметтердi қалыптастыру мен жинақтау үшiн 3-5 жыл көлеміндегі жинақтау кезеңiнiң қажеттілігiмен негiзделедi.