3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған іс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
269-бап. Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу
2022.01.07. № 131-VII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ғимараттарға, құрылыстарға (оның ішінде Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында орналасқан стационарлық платформаларға), қатынас және байланыс құралдарына, өзге де коммуникацияларға шабуыл жасау, сол сияқты оларды басып алу -
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып;
4) қаруды не қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып;
5) пайдакүнемдiк ниетпен немесе жалдау бойынша;
6) мемлекеттiк органдардың немесе мемлекеттiк мекемелердiң ғимараттарына қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік өзгертілді
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды қылмыстық топ жасаса не олар абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, -
мүлкi тәркiленiп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, сегiз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2021.02.07. № 62-VII ҚР Заңымен 269-1-баппен толықтырылды
269-1-бап. Күзетілетін объектіге заңсыз кіру
1. Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне айтарлықтай залал не елеулі зиян келтірген, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдары немесе арнаулы мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің органдары мен бөлімшелері, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары күзететін объектіге, сондай-ақ жеке күзет ұйымы күзететін қауіпті өндірістік объектіге заңсыз кіру -
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мынадай:
1) ірі залал келтіре отырып;
2) күш қолданып не оны қолдану қатерін төндіріп;
3) қаруды немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданып жасалған;
4) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет -
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, мынадай:
1) абайсызда адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға алып келген;
2) қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер -
жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
270-бап. Әуе немесе су кемесін не жылжымалы темiржол составын айдап әкету, сол сияқты басып алу
2022.01.07. № 131-VII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әуе немесе су кемесін не жылжымалы темiржол составын айдап әкету, сол сияқты айдап әкету мақсатында осындай кемені немесе составты басып алу -
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, екi жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып не осындай күш қолдану қатерін төндіріп;
4) қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып жасалған дәл сол іс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік өзгертілді
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды қылмыстық топ жасаса не олар абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, -
мүлкi тәркiленiп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, сегiз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
271-бап. Теңiз қарақшылығы
1. Теңiз немесе өзен кемесiне бөтеннiң мүлкiн иеленіп алу мақсатында күш қолданып не оны қолдану қатерін төндіріп шабуыл жасау -
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бiрнеше рет не қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып жасалған дәл сол іс-әрекет -
мүлкi тәркiленiп, сегiз жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды қылмыстық топ жасаса не олар абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, -
мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
272-бап. Жаппай тәртiпсiздiк
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру -
төрт жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жаппай тәртiпсiздiкке қатысу -
үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру -
үш жылдан бес жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалана отырып жасалған іс-әрекеттер –
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 273-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
273-бап. Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау
Дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау -
бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
274-бап. Көрінеу жалған ақпарат тарату
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату -
бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
2023.10.07. № 19-VIІІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 10 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет -
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер -
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалған іс-әрекеттер -
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2022.28.12. № 173-VІІ ҚР Заңымен 275-бап өзгертілді (2023 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
275-бап. Жаппай жою қаруын, қару-жарақты және әскери техниканы жасау кезінде пайдаланылатын технологиялардың, ғылыми-техникалық ақпараттың және көрсетілетін қызметтердің заңсыз экспорты және импорты
Жаппай жою қаруын, оны жеткізу құралдарын, қару-жарақты және әскери техниканы жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін және оларға қатысты өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау белгіленген технологиялардың, ғылыми-техникалық ақпараттың және көрсетілетін қызметтердің заңсыз экспорты және импорты -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
276-бап. Атом энергиясын пайдалану объектiлерiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Атом энергиясы пайдаланатын объектiлерді орналастыру, жобалау, салу, пайдалануға беру, пайдалану, жөндеу, пайдаланудан алып тастау кезiнде, сол сияқты ядролық материалдармен, радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен немесе иондаушы сәулелену көздерiмен жұмыс істеу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, егер бұл іс-әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқса, -
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет -
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Абайсызда адам өлiмiне немесе қоршаған ортаның радиоактивтiк зақымдануына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
277-бап. Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзудің қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соқса, -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
278-бап. Сапасыз салынған құрылыс
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Құрылыс ұйымдары басшыларының, жұмыс жүргiзушiлердiң және құрылыстың сапасын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың сапасыз салынған, аяқталмаған немесе шарттың және жобалау құжаттамасының талаптарына сәйкес келмейтiн ғимараттар мен құрылыстарды, автомобиль жолдарын, тоннельдердi, электр станцияларын, тұрғын үйлердi немесе өзге де құрылыс объектiлерiн пайдалануға тапсыруы және (немесе) қабылдауы, сол сияқты оларды сапасыз жөндеуi, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соқса, -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекеттер -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
279-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қағидаларды немесе нормативтердің талаптарын бұзу
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қағидаларды немесе нормативтердің талаптарын абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан бұзу -
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет -
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
280-бап. Сараптамалық жұмыстарды немесе инжинирингтiк қызметтер көрсетуді тиісінше орындамау
1. Сараптамалық жұмыстарды немесе инжинирингтiк қызметтер көрсетуді абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан тиісінше орындамау -
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет -
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
281-бап. Жарылыс қаупi бар объектiлерде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жарылыс қаупi бар объектiлерде немесе жарылыс қаупi бар цехтарда қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқса, -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет -
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет -
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
282-бап. Ғарыш қызметiн жүзеге асыру кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ғарыш қызметiн жүзеге асыру кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соқса, -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет -
белгілі бір лауазымдарда атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 283-баптың тақырыбы өзгертілді (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
283-бап. Радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен, сондай-ақ аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатын патогенді биологиялық агенттермен заңсыз жұмыс істеу
1. Радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, пайдалану, беру, қайта өңдеу, ыдырату, тозаңдату немесе көму -
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды заңсыз өткiзу, сол сияқты радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды өткiзу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, екi жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған не абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатын патогенді биологиялық агенттермен тиісті рұқсатсыз жұмыс істеу –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, екі жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 284-баптың тақырыбы өзгертілді (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
284-бап. Радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды, ядролық материалдарды, сондай-ақ аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатын патогенді биологиялық агенттерді жымқыру не қорқытып алу
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды, ядролық материалдарды, сондай-ақ аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатын патогенді биологиялық агенттерді жымқыру не қорқытып алу -
бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
4) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi емес күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп жасалған дәл сол іс-әрекет -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген:
1) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп жасалған;
2) қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 285-баптың тақырыбы өзгертілді (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
285-бап. Радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен жұмыс iстеу қағидаларын немесе аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатын патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі талаптарды бұзу
1. Радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды сақтау, пайдалану, есепке алу, көму, тасымалдау қағидаларын және олармен жұмыс iстеудiң басқа да қағидаларын бұзу, егер бұл адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкiн болса, -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға алып келген, аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатын патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі талаптарды бұзу –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
286-бап. Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы
2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.28.12. № 173-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-бөлік өзгертілді
1. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды, күштi әсер ететiн, улы, уландырғыш, радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды, жарылғыш заттарды, қару-жарақты, әскери техниканы, жарғыш құрылғыларды, атыс қаруын, газды пистолетті және револьверді, жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар газды қаруды, үрлемелі қуаты 7,5 Джоульдан жоғары пневматикалық қаруды, оқсыз атылатын, белгі беретін және лақтырылатын қаруды, олардың негізгі (құрамдас) бөліктерін, оқ-дәрiлердi, жаппай жою қаруының ядролық, химиялық, биологиялық немесе басқа да түрлерiн, жаппай жою қаруын жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн материалдарды, жабдықтарды немесе құрауыштарды, сондай-ақ жаппай жою қаруын, қару-жарақты және әскери техниканы жеткізу құралдарын жасау үшін пайдаланылуы мүмкін, оларға қатысты өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау белгіленген материалдар мен жабдықтарды кедендік бақылаудан тыс немесе одан жасырын не құжаттарды немесе кедендiк сәйкестендiру құралдарын алдап пайдалана отырып не декларацияламаумен немесе анық емес декларациялаумен не тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарлар шығару туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтер көрсетумен,оның ішінде жарамсыз, қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттар ұсынумен ұштасқан, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк шекарасы арқылы өткізу, сол сияқты Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы заңсыз өткізу -