195-бап. Соттың iске қатысатын тұлғалардың өтiнiшхаттарын шешуi
Iске қатысатын тұлғалардың және өкiлдердiң iстi талқылауға байланысты мәселелер бойынша өтiнiшхаттары iске қатысатын тұлғалардың пiкiрлерi тыңдалғаннан кейін шешіледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда соттың ұйғарымы шығарылады.
196-бап. Iске қатысатын тұлғалардың және өкiлдердiң сот отырысына келмеуінің салдары
1. Iске қатысатын тұлғалар сот отырысына келмеу себептерi туралы сотқа алдын ала хабарлауға және осы себептердiң дәлелдi екендiгiне дәлелдемелердi ұсынуға мiндеттi.
2. Iске қатысатын тұлғалардың қайсыбiрі сот отырысына келмеген жағдайда, олардың тиiстi түрде хабарландырылғаны туралы мәлiметтер жоқ болса, iстi талқылау кейiнге қалдырылады.
3. Егер iске қатысатын тұлғалар сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабарландырылса, олардың келмеу себептерi тек дәлелдi деп танылған жағдайда ғана сот iстi талқылауды кейiнге қалдырады.
4. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабарландырылған iске қатысатын тұлғалардың қайсыбiрi келмеген жағдайда, егер олардың келмеу себептерi дәлелсiз деп танылса, сот iстi қарауға құқылы.
5. Сот істі осы Кодекстің 256-бабында көзделген негіздер бойынша сырттай iс жүргiзуде қарауға құқылы.
6. Тараптар соттан iстi олардың қатысуынсыз қарау және оларға шешiмнiң көшiрмелерiн жiберу туралы жазбаша нысанда өтiнуге құқылы.
7. Сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылған iске қатысатын тұлға өкiлiнiң келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды. Талап қоюшының, жауапкердің не үшінші тұлғаның өтінішхаты бойынша оның өкiлiнің сот отырысына дәлелдi себеппен келмеуiне байланысты сот iстi талқылауды кейiнге қалдыруы мүмкін.
197-бап. Сот отырысына куәның, сарапшының, маманның, аудармашының келмеуінің салдары
1. Сот отырысына куә, сарапшы немесе маман келмеген жағдайда сот iске қатысатын тұлғалардың iстi олар жоқта қарау мүмкiндiгi туралы пiкiрiн тыңдайды және сот талқылауын жалғастыру немесе оны кейiнге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
2. Сот отырысына аудармашы келмеген жағдайда, егер аудармашыны алмастыру мүмкiн болмаса, сот iстi талқылауды кейiнге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
3. Егер куә, сарапшы, маман немесе аудармашы сот отырысына сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша келмесе, олар сотты құрметтемегені үшін осы Кодекстің 119 және 120-баптарында көзделген тәртіппен әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.
198-бап. Iстi талқылауды кейiнге қалдыру
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 153-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда қарсы талап қойылған кезде іске қатысатын адамдардың қайсыбірінің дәлелді себептермен келмеуі салдарынан осы сот отырысында істі қараудың мүмкін болмауы, осы Кодекстің 73-бабының қағидалары бойынша қосымша дәлелдемелерді ұсынудың немесе талап етудің қажет болуы себебі бойынша ғана істі талқылауды кейінге қалдыруға жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының уәкілетті органынан оның баланы Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткендігі немесе баланың Қазақстан Республикасында ұсталып отырғандығы туралы арыз алғаны туралы жазбаша хабарлама келіп түскен жағдайда сот осы бала туралы дауға байланысты істі талқылауды отыз күнге кейінге қалдыруға міндетті. Егер бала көрсетілген халықаралық шарт осы балаға қатысты қолданылуға жатпайтын жасқа толмаса, хабарламаға арыздың көшірмесі қоса берілуге тиіс.
3. Iс кейiнге қалдырылған кезде iстiң жаңа сот отырысында қаралуын және шешiлуiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн уақыт ескерiле отырып, жаңа сот отырысының күнi белгiленедi, бұл туралы келген адамдарға қол қойдыру арқылы хабарланады. Келмеген және процеске қатысуға жаңадан тартылған тұлғаларға жаңа сот отырысының уақыты мен орны туралы шақыру қағазы (хабар) жiберiледi.
199-бап. Iстi талқылау кейiнге қалдырылған кезде куәлардан жауап алу
Істі талқылау кейінге қалдырылған кезде, егер тараптар сот отырысында қатысып отырса, сот келген куәлардан жауап алуға құқылы. Осы куәларды қажет болған жағдайда ғана жаңа сот отырысына екінші рет шақыруға жол беріледі.
200-бап. Сарапшы мен маманға оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етушi сарапшыға оның процестік құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, сарапшыға көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертедi, ол туралы сарапшыдан қолхат алынады. Қолхат сот отырысының хаттамасына қоса тiркеледi.
Маманға оның қажетті процестік әрекеттерді орындауда сотқа жәрдем көрсетудің процестік құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі.
201-бап. Iстi мәнi бойынша қараудың басталуы
Істі мәні бойынша қарау төрағалық етушінің талап қоюшының өзінің талаптарын қолдайтынын не қолдамайтынын, талап қоюшының талаптарын жауапкердің мойындайтынын не мойындамайтынын және тараптардың істі татуласу келісімімен аяқтауды немесе істі төреліктің қарауына беруді не дауды (жанжалды) медиация тәртібімен не партисипативтік рәсім тәртібімен немесе заңда белгіленген басқа тәсілмен шешуді қалайтынын не қаламайтынын анықтауынан басталады.
202-бап. Iске қатысатын тұлғалардың түсiнiктемелерi және дәлелдемелерді зерттеу тәртібін белгілеу
1. Сот талап қоюшының және оның тарапынан қатысатын үшiншi тұлғаның, олардың өкілдерінің, сондай-ақ жауапкердiң және оның тарапынан қатысатын үшiншi тұлғаның, олардың өкілдерінің түсiнiктемелерiн тыңдайды.
Осы Кодекстің 54-бабының үшінші бөлігіне және 55-бабына сәйкес талап қоюшының мүдделері үшін талап қойған тұлғалар істің мән-жайлары бойынша түсініктемелер береді және дәлелдемелерді бірінші болып ұсынады.
Іске қатысатын адамдар төрағалық етуші белгілейтін тәртіппен және кезектілікпен бір-біріне сұрақтар қоюға құқылы. Қойылатын сұрақтардың санына шектеу болмайды, бірақ төрағалық етуші талап қоюшының талаптары мен жауапкердің қарсылығы негізделген даудың нысанасы мен мән-жайларға қатысы жоқ сұрақтарды алып тастауға құқылы.
2. Іске қатысатын, дәлелді себептермен сот отырысына келмеген тұлғалардың жазбаша түсініктемелерін, сондай-ақ осы Кодекстің 69, 71, 74, 75-баптарында көзделген тәртіппен алынған дәлелдемелерді төрағалық етуші жария етеді және олар сот отырысында зерттеледі.
3. Сот іске қатысатын адамдардың түсініктемелерін тыңдап, олардың пікірлерін ескере отырып, өзге де дәлелдемелерді зерттеу тәртібін белгілейді.
4. Сот іске қатысатын адамдардың түсініктемелерін осы тұлғалардың немесе дәлелдемелердің тұрған жеріндегі сот арқылы бейнеконференцбайланыс құралдарының көмегімен алуы, ал дәлелдемелерді зерттеуі мүмкін.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5-бөлікпен толықтырылды
5. Бейнеконференция байланысы құралдарын техникалық қолдану тәртібін соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып айқындайды.
203-бап. Айғақтар беруден бас тартқаны және көрінеу жалған айғақтар бергені үшін куәға жауаптылық туралы ескерту
1. Куәдан жауап алынғанға дейiн төрағалық етушi куәның жеке басын анықтайды, оның мiндеттерi мен құқықтарын түсiндiредi және оған айғақтар беруден бас тартқаны үшiн және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертедi. Куәға, оның ішінде он алты жасқа толмаған куәға өзіне, өзінің жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден, сондай-ақ діни қызметшіге - тәубаға келіп, өзіне сырын ашқандарға қарсы айғақтар беруден бас тарту құқығы түсіндіріледі.
2. Он алты жасқа толмаған куәға судья оған iс бойынша белгілі болғанның бәрiн шынайы түрде айтып беру мiндетiн түсiндiредi, бiрақ оған айғақтар беруден бас тартқаны үшiн және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлмейдi.
204-бап. Куәдан жауап алу тәртiбi
1. Әрбiр куәдан жауап жеке-жеке алынады. Әлi айғақтар бермеген куәлар iстi талқылау кезiнде сот отырысы залында қала алмайды.
2. Төрағалық етушi куәның iске қатысатын тұлғаларға қатысын анықтайды және куәға iс бойынша жеке өзiне белгілінiң бәрiн сотқа хабарлауды ұсынады.
3. Ерікті нысанда айғақтар бергеннен кейiн куәға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бiрiншi болып өзінің арызы бойынша куәны шақырған тұлға мен оның өкiлi, содан соң iске қатысатын басқа тұлғалар мен олардың өкiлдері сұрақ қояды. Судья куәдан жауап алудың кез келген сәтiнде оған сұрақ қоюға құқылы.
4. Қажет болған жағдайда сот нақ сол немесе келесi отырыста куәдан екiншi рет жауап ала алады, сондай-ақ олардың айғақтарындағы қайшылықтарды анықтау үшiн куәлар арасында беттестiру жүргiзе алады.
5. Егер сот ертерек кетуге рұқсат бермесе, жауап алынған куә iстi талқылау аяқталғанға дейiн сот отырысы залында қалады.
205-бап. Куәның жазбаша материалдарды пайдалануы
1. Айғақтар қандай да бір цифрлармен немесе басқа деректермен байланысты болған кезде куә айғақтар беру кезiнде жазбаша материалдарды пайдалана алады. Куә осы құжаттарды сотқа және iске қатысатын тұлғаларға ұсынады және ол iске қоса тiркелуi мүмкiн, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
2. Куәға оның айғақтарына қатысты қолында бар құжаттарды жария етуіне рұқсат етiледi, олар іске қоса тiркелуi мүмкiн, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
206-бап. Кәмелетке толмаған куәдан жауап алу
1. Он төрт жасқа толмаған куәдан жауап алу, ал соттың қалауы бойынша он төрттен он алты жасқа дейінгі куәдан жауап алу сотқа шақырылатын педагогтың және заңды өкілдердің қатысуымен жүргізіледі. Көрсетілген адамдар төрағалық етушiнiң рұқсатымен куәға сұрақтар қоя алады, сондай-ақ куәның жеке басына және оның берген айғақтарының мазмұнына қатысты өз пiкiрiн айта алады.
2. Iстiң мән-жайларын анықтау үшiн қажет болатын ерекше жағдайларда, кәмелетке толмаған куәдан жауап алынған уақытта iске қатысушы қандай да өзге адам сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымы бойынша сот отырысы залынан шығарып жіберілуі мүмкiн. Осы адам отырыс залына қайта келгеннен кейін оған кәмелетке толмаған куәның айғақтарының мазмұны хабарлануға және куәға сұрақтар қою мүмкiндiгi берiлуге тиiс.
3. Он алты жасқа толмаған куә, сот бұл куәны сот отырысы залында болуы қажет деп таныған жағдайларды қоспағанда, одан жауап алу аяқталған соң сот отырысы залынан шығарылады.
207-бап. Куәның айғақтарын жария ету
Куәлардың осы Кодекстiң 69, 71, 74, 75 және 199-баптарында көзделген тәртiппен жиналған айғақтары сот отырысында жария етiледi, iске қатысатын тұлғалар осыдан кейін олар бойынша түсiнiктемелер беруге құқылы.
208-бап. Құжаттарды зерттеу
Осы Кодекстiң 71, 75-баптарында және 165-бабының 12) тармақшасында көзделген тәртiппен жасалған құжаттар немесе оларды қарап-тексеру хаттамалары сот отырысында жария етiледi және iске қатысатын тұлғаларға, өкiлдерге, ал қажет болған жағдайларда сарапшыларға, мамандарға және куәларға көрсетiледi. Іске қатысатын адамдар осыдан кейін құжаттар мен хаттамалардың мазмұны бойынша түсiнiктемелер бере алады.
209-бап. Азаматтардың жеке хат жазысуын және телеграфтық хабарларын жария ету және зерттеу
Азаматтардың жеке хат жазысу және жеке телеграфтық хабарлар беру құпиясын қорғау мақсатында хат жазысу мен телеграфтық хабарлар тек олардың арасында жүрген тұлғалардың келiсiмiмен ғана ашық сот отырысында жария етiлуi және зерттелуi мүмкiн. Осы тұлғалардың жеке хат жазысулары мен жеке телеграфтық хабарламалары жабық сот отырысында олардың келісімінсіз жария етiледi және зерттеледi. Іске қатысатын адамдар осыдан кейін олар бойынша түсiнiктемелер бере алады.
210-бап. Заттай дәлелдемелердi зерттеу
1. Сот заттай дәлелдемелердi қарайды және олар iске қатысатын тұлғаларға, өкiлдерге, ал қажет болған жағдайларда - сарапшыларға, мамандарға және куәларға көрсетiледi. Заттай дәлелдемелер ұсынылған тұлғалар қарап-тексеруге байланысты мән-жайларға сот назарын аудара алады, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
2. Осы Кодекстiң 71, 75, 96, 97-баптарында және 165-бабының 12) тармақшасында көзделген тәртiппен жасалған заттай дәлелдемелердi қарап тексеру хаттамалары сот отырысында жария етiледi, осыдан кейін iске қатысатын тұлғалар, олардың өкілдері түсiнiктемелер бере алады.
211-бап. Орнында қарап-тексеру
1. Сотқа ұсынылуы қиын немесе жеткiзуге болмайтын құжаттар мен заттай дәлелдемелер тұрған орнында қарап тексеріледі және зерттеледi. Сот орнында қарап-тексеру туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
2. Қарап-тексеру уақыты мен орны туралы iске қатысатын тұлғаларға, олардың өкiлдерiне хабарланады, алайда олардың келмеуi қарап-тексеруді жүргiзуге кедергi болмайды. Қажет болған жағдайларда сарапшылар, мамандар және куәлар да шақырылады.
3. Қарап-тексерудің нәтижелерi сот отырысының хаттамасына енгiзiледi. Хаттамаға қарап-тексеру кезiнде жасалған немесе тексерiлген жоспарлар, схемалар, сызбалар, есептеулер, құжаттардың көшiрмелерi, сондай-ақ қарап-тексеру кезiнде жасалған құжаттардың және заттай дәлелдемелердiң фотосуреттерi, бейнежазбалар мен киноматериалдар қоса тiркеледi.
212-бап. Дыбысжазбаны тыңдау, бейнежазбаны, фото- және киноматериалдарды көрсету және оларды зерттеу
1. Жеке сипаттағы дыбысжазбаны тыңдау, бейнежазбаны, фото- және киноматериалдарды көрсету, сондай-ақ оларды зерттеу кезiнде осы Кодекстiң 19-бабының үшінші бөлігінде және 209-бабында көзделген қағидалар қолданылады.
2. Дыбысжазбаны тыңдау, бейнежазбаны, фото- және киноматериалдарды көрсету сот отырысы залында не осы мақсат үшiн арнайы жабдықталған өзге үй-жайда сот отырысының хаттамасында материалдың ерекше белгiлерi жазылып және көрсету уақыты көрсетiлiп жүргiзiледi. Осыдан соң сот iске қатысушы тұлғалардың, олардың өкілдерінің түсiнiктемелерiн тыңдайды.
3. Қажет болған жағдайда дыбысжазбаны тыңдау және бейнежазбаны, фото- және киноматериалдарды көрсету толығымен немесе олардың қандай да бір бөлiктерi қайталануы мүмкiн.
4. Дыбысжазбалардағы және бейнежазбалардағы, фото- және киноматериалдардағы мәлiметтердi анықтау мақсатында сот маманды тартуы, сондай-ақ сараптама тағайындауы мүмкiн.
213-бап. Сарапшының қорытындысын зерттеу
1. Сарапшының қорытындысы сот отырысында жария етiледi. Қорытындыны түсiндiру және толықтыру мақсатында сарапшыға сұрақтар қойылуы мүмкiн.
2. Бiрiншi болып арызы бойынша сараптама тағайындалған тұлға және оның өкiлi, ал содан соң iске қатысатын басқа тұлғалар мен өкiлдер сұрақтар қояды. Сот тағайындаған сараптаманы жүргiзу тапсырылған сарапшыға бiрiншi болып талап қоюшы мен оның өкiлi сұрақтар қояды. Сот сарапшыға одан жауап алудың кез келген сәтiнде сұрақтар қоюға құқылы.
3. Осы Кодекстiң 90-бабында көзделген жағдайларда сот қосымша немесе қайта сараптама тағайындауға құқылы.
214-бап. Маманның консультациясы (түсiндiрмесi)
1. Арнайы зерттеулер жүргiзу талап етiлмейтiн жағдайларда маман coтқa ауызша немесе жазбаша нысанда консультация (түсiндiрме) бередi.
Маманның жазбаша нысанда берген консультациясы сот отырысында жарияланады, зерттеледі және іске тіркеледі. Ауызша консультация тiкелей сот отырысының (процестік әрекеттің) хаттамасына енгiзiледi.
2. Консультацияны түсiндiру және толықтыру мақсатында маманға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бiрiншi болып өтінішхаты бойынша маманды қатыстырған тұлға және оның өкiлi, ал содан соң iске қатысатын басқа тұлғалар мен өкiлдер сұрақтар қояды. Сот қатыстырған маманға бiрiншi болып талап қоюшы және оның өкiлi сұрақ қояды. Сот маманға кез келген сәтте сұрақтар қоюға құқылы.
215-бап. Мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қорытындылары
Осы Кодекстiң 56-бабының негiзiнде сот iске қатысуға рұқсат берілген мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жазбаша қорытындылары сот отырысында жария етіледі және зерттеледі. Сот, сондай-ақ iске қатысатын тұлғалар мен олардың өкiлдері қорытындыларды түсiндiру және толықтыру мақсатында осы органдардың уәкiлеттi өкiлдерiне сұрақтар қоя алады.
216-бап. Iстi мәнi бойынша қараудың аяқталуы
Барлық дәлелдемелер зерттелгеннен кейiн судья iске қатысатын тұлғалар мен өкiлдерден толықтырулардың бар-жоғын анықтайды. Төрағалық етуші мұндай мәлiмдемелер болмаған жағдайда iстi зерттеу аяқталды деп жариялайды және сот жарыссөздеріне көшеді.
217-бап. Сот жарыссөздерi
1. Сот жарыссөздері іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің сөздерінен тұрады.
Сот жарыссөздеріне қатысушылар өз сөздерінде сот анықтамаған мән-жайларға, сондай-ақ сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқылы емес.
2. Алдымен - талап қоюшы мен оның өкiлi, ал содан кейін жауапкер мен оның өкiлi сөйлейдi.
3. Басталып кеткен процесте даудың нысанасына өз бетінше талап қойған үшiншi тұлға мен оның өкiлi тараптар мен олардың өкiлдерiнен кейiн сөйлейдi. Даудың нысанасына өз бетiнше талаптар қоймаған үшiншi тұлға мен оның өкiлi үшiншi тұлға iске қатысатын жақтағы талап қоюшыдан немесе жауапкерден кейiн сөйлейдi.
4. Прокурор, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өкiлдерi, басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшiн сотқа жүгiнген заңды тұлғалар мен азаматтар сот жарыссөздерiнде соңында сөйлейдi.
218-бап. Репликалар
Сот жарыссөздеріне қатысушылардың барлығы сөйлеп болғаннан кейін олар айтылған сөздерге байланысты реплика айтып, сөз сөйлей алады. Соңғы реплика құқығы әрдайым жауапкер мен оның өкiлiне тиесілі.
219-бап. Прокурордың қорытындысы
Іс бойынша тарап болып табылмайтын және осы Кодекстiң 54-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртіппен процеске қатысқан прокурор сот жарыссөздері аяқталғаннан кейін тұтастай алғанда, даудың мәні бойынша жазбаша қорытынды береді, ол азаматтық істің материалдарына қоса тіркеледі.
220-бап. Iстi мәнi бойынша қараудың қайта басталуы
Сот істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды қосымша анықтау немесе дәлелдемелерді зерттеу қажет деп тапса, сот жарыссөздері кезінде немесе одан кейін істі мәні бойынша қарауды қайта б стау туралы хабарлайды. Істі мәні бойынша қарауды қайта бастау туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. Істі мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін сот қайтадан сот жарыссөздерін, ал осы Кодекстің 219-бабында көзделген жағдайда прокурордың қорытындысын да тыңдайды.
221-бап. Соттың шешiм шығару үшiн шығып кетуi
Сот жарыссөздерiнен кейiн, ал осы Кодекстiң 219-бабында көзделген жағдайда, прокурор іс бойынша қорытынды бергеннен кейін сот актісін шығару үшін сот кеңесу бөлмесiне кетедi, төрағалық етушi бұл туралы сот отырысы залындағы адамдарға жариялайды және сот шешімі жария етілетін уақыт туралы хабарлайды.
222-бап. Шешiмдi жария ету
1. Соттың шешiмi қабылданғаннан және оған қол қойылғаннан кейiн судья сот отырысы залында сот шешiмiнiң қарар бөлiгiн жария етедi.
2. Төрағалық етуші сот шешімінің қарар бөлігі жария етілгеннен кейін шешімге шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдерін түсіндіреді, шешімнің түпкілікті нысаны дайын болатын және іске қатысатын адам оның көшірмесін ала алатын күнді жариялайды.
3. Төрағалық етушi осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер жасалғаннан кейiн сот отырысын жабық деп жариялайды.
19-тарау. СОТТЫҢ ШЕШІМІ ЖӘНЕ ОНЫ ОРЫНДАУ
223-бап. Шешiм шығару
1. Iстi мәнi бойынша шешетiн бiрiншi сатыдағы соттың сот актісі шешiм нысанында шығарылады.
2. Шешiм кеңесу бөлмесiнде шығарылады. Бұл бөлмеде өзге адамдардың болуына жол берiлмейдi. Жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, сондай-ақ жұмыс күнi iшiнде сот (судья) кеңесу бөлмесiнен шығып демалу үшiн үзiлiс жасауға құқылы.
3. Шешім іс талқыланғаннан кейін дереу шығарылады. Уәжді шешімді жасау кейінге қалдырылуы мүмкін, бірақ шешімнің қарар бөлігін сот істі талқылау аяқталған отырыста жария етуге тиіс. Шешімнің жария етілген қарар бөлігіне судья қол қоюға және ол іс материалдарына қоса тіркелуге тиіс.
4. Түпкілікті нысандағы шешім шешімнің қарар бөлігі жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде дайындалуға тиіс.
5. Істі мәні бойынша оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шешкен кезде сот кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын қысқаша шешім шығарады.
Тараптардың шешім заңды күшіне енгенге дейін мәлімдеген жазбаша өтінішхаты бойынша не өзінің қалауы бойынша сот кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын уәжделген шешім шығарады.
224-бап. Шешiмнiң заңдылығы және негiздiлiгi
1. Сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.
2. Сот шешiмдi тараптар ұсынған және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.
225-бап. Шешiм шығару кезінде шешiлетiн мәселелер
1. Шешiм шығарған кезде сот дәлелдемелерді бағалайды, iс үшiн маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын, тараптардың құқықтық қатынастарының қандай екенiн, осы iс бойынша қандай заң қолданылуға тиiс екенiн және мәлімделген талаптың қанағаттандырылуға жататынын-жатпайтынын айқындайды.
2. Сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешеді.
3. Сот кеңесу бөлмесіне кеткеннен кейін iс үшiн маңызы бар мән-жайларды қосымша анықтауды немесе дәлелдемелердi зерттеудi қажет деп тауып, iстi мәнi бойынша қарауды қайта бастау туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Сот iстi мәнi бойынша қарау аяқталғаннан кейiн сот жарыссөздерiн, ал осы Кодекстiң 219-бабында көзделген жағдайда прокурордың қорытындысын да қайта тыңдайды.
226-бап. Шешiмнiң мазмұны
1. Шешiм Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
2. Шешiм кiрiспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөлiктерiнен тұрады.
3. Шешiмнiң кiрiспе бөлiгiнде шешiмнiң шығарылған күнi мен орны; шешiм шығарған соттың атауы; соттың құрамы; сот отырысының хатшысы; тараптар; iске қатысатын басқа тұлғалар мен өкiлдер; даудың нысанасы немесе мәлiмделген талап көрсетiледi.
4. Шешiмнiң сипаттау бөлiгiнде талап қоюшының талаптарының, жауапкердің түсініктемелерінің және iске қатысатын үшінші тұлғалардың түсініктемелерінің қысқаша мазмұны, олар дәлелдерін негіздеген дәлелдемелер көрсетіле отырып, баяндалуға тиіс.
5. Шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде iстiң сот анықтаған мән-жайлары; соттың құқықтар мен міндеттер туралы түйіндері негізделген дәлелдемелер; соттың ол немесе өзге дәлелдемелерді қабылдамау дәлелдері және сот басшылыққа алған заңдар қысқаша көрсетіледі. Жауапкер талап қоюды мойындаған жағдайда уәждеу бөлігінде талап қоюдың мойындалғаны және оны соттың қабылдағаны ғана көрсетілуі мүмкін.
6. Шешiмнiң қарар бөлiгiнде соттың талап қоюды қанағаттандыру туралы немесе талап қоюдан толық немесе бір бөлігінде бас тарту туралы түйіні, сот шығыстарын бөлуді, шешімге шағым беру мерзімін көрсету және оның тәртібі, сондай-ақ өзге де түйіндер қамтылуға тиіс.
7. Сот шешімді орындаудың белгілі бір тәртібі мен мерзімін белгілеген немесе шешімді дереу орындауға жіберген немесе оның орындалуын қамтамасыз етуге шаралар қолданған жағдайда, бұл туралы шешімде көрсетіледі.
8. Судья шешімді жазбаша түрде шығарады және оған қол қояды.
227-бап. Мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің әрекеттерiнің (әрекетсiздiгiнің) және шешiмдерiнің заңдылығын даулау туралы арыз бойынша шешім
1. Сот мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің әрекеттерiнің (әрекетсiздiгiнің) және шешімдерінің заңсыздығы туралы арызды негізді деп танып, арызды қанағаттандыру туралы шешім шығарады. Шешімде осы әрекеттің (әрекетсіздіктің), шешімнің қандай заңдарға қайшы келетіндігі және сот шешімі орындалуға тиісті мерзім көрсетіледі.
Сот мемлекеттік органды, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органын, қоғамдық бірлестікті, ұйымды, лауазымды адам мен мемлекеттік қызметшіні жол берілген бұзушылықты толық көлемде жоюға және азаматтың немесе заңды тұлғаның бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге, тұлғаға қолданылған жауаптылық шараларының күшін жоюға не бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді өзге де тәсілмен қалпына келтіруге міндеттейді.