Жер учаскесiнің меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күн жер учаскесін пайдаланбау фактісі анықталған кез деп есептеледі.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды; 2021.30.06. № 59-VII ҚР Заңымен 3-1-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3-1. Осы баптың 2-тармағында көзделген, жер учаскесі мақсаты бойынша пайдаланылмаған кезеңге:
белгіленген тәртіппен бекітілген қала құрылысы құжаттамасы (бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобалары, аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобалары), сондай-ақ инженерлік желілерге қосылу мүмкіндігі болмаған;
жер учаскесі еңсерілмейтін күш немесе осындай пайдалануды болғызбайтын өзге де мән-жайлар салдарынан мақсаты бойынша пайдаланыла алмаған уақыт кірмейді.
Жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалануды болғызбайтын өзге де мән-жайларға белгіленген тәртіппен бекітілген қала құрылысы құжаттамасын (бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобалары, аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобалары) өзгерту, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын лауазымды адамдарының меншік иелері мен жер пайдаланушылардың сәулет-жоспарлау тапсырмаларын алуға арналған өтінімдерін қараудағы және табиғи монополиялар субъектілері лауазымды адамдарының меншік иелері мен жер пайдаланушылардың инженерлік желілерге қосуға техникалық шарттарды және объектілерді салу кезінде көзделген өзге де келісу рәсімдерін алуға арналған өтінімдерін қараудағы әрекетсіздігі (егер мұндай әрекетсіздік сотта дәлелденсе) жатады.
2021.30.06. № 59-VII ҚР Заңымен 3-2-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-2. Осы баптың 3-тармағында көзделген, жер учаскесі мақсаты бойынша пайдаланылмаған кезеңге жер учаскесін еңсерілмейтін күш салдарынан мақсаты бойынша пайдаланыла алмаған уақыт кірмейді.
2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбау жағдайларына:
1) егістікте - жер учаскесін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін өңдеу жөніндегі жұмыстардың жүргізілмеуі;
2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) шабындықтарда - жер учаскесінде шөп шабудың жүргізілмеуі, оны арамшөптердің, бұталардың, шіліктердің басып кетуі және шөп бітіктігі жұтаңдануының өзге де белгілерінің болуы;
2017.20.02. № 48-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2024.27.02. № 65-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 29 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3) тармақша өзгертілді
3) жайылымдарда - жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарларының болмауы не олардың саны агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган белгілеген жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының елу пайызынан аз болуы және (немесе) жемшөп дайындау мақсатында шөп шабудың болмауы;
4) көпжылдық екпелерде - егісті күтіп өсіру, жинау жұмыстарының жүргізілмеуі және есептен шығарылған көпжылдық екпелердің тамырларының алынбауы жатады.
5. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған және игерілмеген жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға меншік құқығымен тиесілі жер учаскесіне олар жиырма бір жасқа толғанға дейін қолданылмайды.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
6. Кепіл мүлкін өндіріп алу нәтижесінде екінші деңгейдегі банктің, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 61-4-бабының 8-тармағында көрсетілген ұйымның меншігіне қабылданған жер учаскесін екінші деңгейдегі банктен, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 61-4-бабының 8-тармағында көрсетілген ұйымнан мәжбүрлеп алып қоюды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес оларда жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күннен бастап алты ай ішінде жүзеге асыруға болмайды.
Жер учаскесін иеліктен шығару осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім өткеннен кейін жүзеге асырылмаған жағдайда жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Екінші деңгейдегі банк, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 61-4-бабының 8-тармағында көрсетілген ұйым жер учаскесін иеліктен шығарған жағдайда, жаңа құқық иеленуші үшін игеру мерзімі осы баптың нормаларына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкiмдерi, ал арнайы экономикалық аймақ аумағында - тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары немесе арнайы экономикалық аймақтың басқару органы айқындайтын бастапқы мерзім ретінде белгіленеді.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 93-бап жаңа редакцияда
93-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесін меншік иесінен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою
1. Жер учаскесін немесе оның бір бөлігін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдалану Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Егер жер учаскесі Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
3. Жер учаскесін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдалану жағдайларына:
1) жер учаскесін немесе оның бір бөлігін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбау;
2024.27.02. № 65-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2024 ж. 29 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) жер учаскесін немесе оның бір бөлігін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану қағидаларында және жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидаларында айқындалған талаптарды бұза отырып пайдалану;
3) осы Кодекстің 99-бабында белгіленген талаптарды сақтамау;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) жер учаскесін экологиялық залалға әкеп соғатындай етіп пайдалану жатады.
2021.30.06. № 59-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Егер жер учаскесінің меншік иесінің немесе жер пайдаланушының Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбауын білдірсе, онда жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы алған кезден бастап екі ай ішінде жер учаскесі орналасқан жер бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне оның нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш білдіру құқығы беріледі.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Жер учаскесін немесе оның бір бөлігін пайдалану ауыл шаруашылығы жері құнарлылығының едәуір төмендеуіне не экологиялық залалға алып келген жағдайларда, жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес залалды жоюға міндетті.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 94-бап өзгертілді; 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 94-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
94-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою тәртібі
1. Жер учаскелерінің меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан жер учаскелерін осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделгендей мәжбүрлеп алып қою жер учаскесі орналасқан жер бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың талап арызы бойынша сот тәртібімен жүргiзiледi.
Кепілге алынған жер учаскелерін осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделген негіздер бойынша мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз берілген жағдайда, кепіл ұстаушы мұндай жер учаскелерін алып қою рәсімінің басталғаны туралы хабардар етілуге тиіс.
Кепіл ұстаушыға хабарламаны сотқа талап арыз берген, жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын тиісті орган жібереді.
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2021.30.06. № 59-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейін және жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға берілген Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін беріледі.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу кезінде осы Кодекстің 92 және 93-баптарында көзделген жағдайларда жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қою жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға берілген Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін ұсынылады.
Жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалану жөнінде шаралар қабылдау үшін мерзім - бір жыл, ал Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін мерзім, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін ұтымсыз пайдалануды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық анықталған кезден бастап үш ай болып белгіленеді.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін ұтымды пайдалану жөнінде шаралар қабылдау үшін мерзім бір жыл болып белгіленеді.
Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жер учаскесіне құқық ауыртпалығы ретінде «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жатады.
Жер учаскесіне осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген құқық ауыртпалығы жер учаскесі меншік иесінің немесе жер пайдаланушының жер учаскесін немесе жер пайдалану құқығын иеліктен шығару құқықтарын шектемейді және ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жаңа құқық иеленушіге ауысады.
Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қою жаңа құқық иеленушіге қойылады.
2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды; 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2-1. Егер мақсатқа сай пайдаланылмай жатқан не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскесі осы Кодекстің 84-бабына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жататын болса, онда жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын тиісті орган аталған жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы қаулыны қабылдаған жергілікті атқарушы органның өтінішхаты негізінде жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою рәсімін тоқтатуға құқылы.
3. Жер учаскесі осы Кодекстің 92 және 93-баптарында көрсетілген негіздер бойынша сот шешімімен жер учаскесінің меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылған жағдайда, жер учаскесіне меншік құқығы немесе жер пайдалану құқығы (мемлекеттен сатып алынған, жер учаскесiне жалдау құқықтарына қатысты) Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында және Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сауда-саттықта (аукциондарда) сатылады.
4. Өтеусіз негізде берілген жер учаскесі осы Кодекстің 92-бабында көрсетілген негіздер бойынша сот шешімімен меншік иесінен мәжбүрлеп алып қойылған жағдайда, осы жер учаскесі жер учаскесінің меншік иесіне құнын өтеместен одан әрі қайта бөлу үшін арнайы жер қорына алынады.
Бұл ретте мұндай меншік иесінің (алып қойылған жер учаскесі осы Кодекстің 9-бабы 3-тармағы 2) тармақшасының негізінде берілген жағдайда) осы Кодекстің 96-1-бабында белгіленген ережелерді ескере отырып, жер учаскесін осы мақсаттар үшін өтеусіз негізде қайтадан алуға құқығы бар.
5. Жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою шығыстары шегерiлгеннен кейін және орындалуы жер учаскесінің және жер пайдалану құқығының кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша талаптар мөлшерінде кепіл ұстаушыға төленгеннен кейін түскен сома жер учаскесінің бұрынғы меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға төленедi.
Бiр жыл iшiнде кемiнде үш сауда-саттық (аукциондар) өткізілгеннен кейiн мұндай жер учаскесiн немесе оған жер пайдалану құқығын өткізу мүмкiн болмаған кезде жер учаскесi сот шешiмiмен арнайы жер қорына алынады.
6. Жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы заңды күшіне енген сот шешімі жер учаскесі мәжбүрлеп алып қойылған тұлғаны жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тиісті тізіліміне енгізу үшін негіз болып табылады.
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен; 2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 95-бап өзгертілді
95-бап. Тәркiлеу
Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда, жер учаскесi меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн санкция түрiнде сот тәртiбiмен өтеусiз алып қойылуы мүмкiн.
Сотталған адам мен оның асырауындағы адамдар үшiн қажеттi, сотталған адамға жеке меншiк құқығымен тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, онда үйi мен шаруашылық қора-жайлары орналасқан жер учаскелерi, сондай-ақ өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн қажеттi жер учаскелерi Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарында көзделген тiзбеге сәйкес тәркiленбеуге тиiс.
Тәркiленген жер учаскелерi мемлекеттік меншiкке қайтарылады. Тәркiлеу объектiсi болып табылатын мұндай жер учаскелерi не жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатылуы немесе одан әрі пайдаланылуы мүмкiн.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 96-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
96-бап. Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесiн бағалау
Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесiнің немесе жер пайдалану құқығының құны мемлекетке төленген сома шегінде белгіленеді.
Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жеке тұрғын үй орналасқан жерде жеке тұрғын үй салуы үшін, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін (егістік телімдерін қоспағанда) берілген жер учаскесінің құны жер учаскесінің нарықтық құнынан аспайтын құны мөлшерінде белгіленеді.
Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға азаматтық-құқықтық мәміле бойынша немесе сот шешімі бойынша ауысқан жер учаскесінің құны азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешімінде көрсетілген құн мөлшерінде, бірақ нарықтық құннан аспайтын мөлшерде белгіленеді. Азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешімінде жер учаскесінің бағасы көрсетілмеген жағдайда, жер учаскесінің құны оның кадастрлық (бағалау) құны бойынша бағаланады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 96-1-баппен толықтырылды
96-1-бап. Жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізілімі
2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2021.30.06. № 59-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізілімін қалыптастыруды және жүргізуді аумақтық бөлімше ұсынатын ақпараттың негізінде орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2021.30.06. № 59-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Аумақтық бөлімше осы Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде үш жұмыс күні ішінде орталық уәкілетті органға ақпарат жібереді, онда:
1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, оның жеке сәйкестендіру нөмірі;
2) заңды тұлғаның атауы және оның бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
3) алып қойылған жер учаскесінің орналасқан жері, алаңы және нысаналы мақсаты;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтың түрі мен құрамы;
5) сот шешімі қабылданған және оның заңды күшіне енген күні көрсетіледі.
Орталық уәкілетті орган ақпаратты алған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде оны жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізіліміне енгізеді.
3. Жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізіліміндегі мәліметтер осы Кодекстің 92 және 93-баптарының негізінде жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жыл өткеннен кейін алып тасталады.
Көрсетілген мәліметтер жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы сот шешімінің күші жойылған жағдайларда да жер учаскесі мәжбүрлеп алып қойылған тұлғаның өтініші бойынша бір жұмыс күні ішінде алып тасталады.
Өтінішке сот шешімінің көшірмесі қоса беріледі.
4. Жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізіліміндегі жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерін беруге жол берілмейді.
3-бөлiм. Жер санаттары
10-тарау. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер
97-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ұғымы және оның құрамы
1. Ауыл шаруашылығының қажеттерi үшiн берiлген немесе осы мақсаттарға арналған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деп танылады.
2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамына ауыл шаруашылығы алқаптары мен ауыл шаруашылығының жұмыс iстеуiне қажеттi iшкi шаруашылық жолдары, коммуникациялар, тұйық су айдындары, мелиорациялық жүйе, қора-жайлар мен ғимараттар орналасқан жер, сондай-ақ басқа да алқаптар (сор, құм, тақыр және ауыл шаруашылығы алқаптарының алабына қосылған басқа да алқаптар) жатқызылады.
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.02.07. № 355-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.30.06. № 59-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Ауыл шаруашылығы алқаптары айрықша қорғалуға жатады. Бұл жерлерді ауыл шаруашылығы өндірісіне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда жол беріледі (осы Кодекстің 90-бабы).
Ауыл шаруашылығы өндірісін, шаруа немесе фермер қожалықтарын жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларға берілген жер учаскелерінде және жеке қосалқы шаруашылықтың егістік телімдерінде, ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған антенна-діңгекті құрылыстар және (немесе) тіреуіштер салуды қоспағанда, ауыл шаруашылығын жүргізуге қатысы жоқ объектілер, оның ішінде тұрғын үйлер (жеке тұрғын үйлерді қоса алғанда) салуға жол берілмейді. Бұл ретте мал шаруашылығы кешендерін салуға, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған уақытша құрылыстарға және шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарға суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрлері, егістік, тыңайған жерлер, көп жылдық екпелер егілген жерлер жататын бағалы ауыл шаруашылығы алқаптары пайдаланыла алмайды.
Шаруа немесе фермер қожалығын және ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскелерінде ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты объектілер салынған кезде және шаруашылық жүргізуші субъектінің ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген кезде мұндай жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту талап етілмейді.
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды; 2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3-1. Жеке меншіктегі немесе жер пайдаланудағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін алаңдары осы Кодекстің 50-бабының 5-тармағына сәйкес белгіленген ең аз мөлшерден төмен учаскелерге бөлуге жол берілмейді.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ауыл шаруашылығын жүргізумен байланысты емес мақсатта учаскелерге бөлуге жол берілмейді.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3-2-тармақпен толықтырылды; 2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2021.30.06. № 59-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-2-тармақ өзгертілді
3-2. Елді мекендердің жерін бас жоспарларына (немесе тұрғындарының саныбес мыңадамға дейiнгi елдi мекендердi дамытудың және оларда құрылыс салудың осы жоспарларды алмастыратын схемасына) сәйкес кеңейту жағдайларын қоспағанда, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің нысаналы мақсатын жеке тұрғын үй құрылысы мақсаттары үшін және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, бақ шаруашылығы және саяжай құрылысы үшін өзгертуге жол берілмейді.
2017.20.02. № 48-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2024.27.02. № 65-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 29 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Ауыл шаруашылығы алқаптарына егiстiктер, тыңайған жер, көп жылдық екпелер егiлген жер, шабындықтар мен жайылымдар жатады.
Егiстiк - жүйелi түрде өңделетiн және көп жылдық шөптердiң егiстiгiн қоса алғанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының егiстiгiне пайдаланылатын жер учаскелерi, сондай-ақ сүрi жер. Алдын ала егiлетiн дақылдардың егiстiгi орналасқан (үш жылдан аспайтын уақыт аралығында), түбегейлi жақсарту мақсатында жыртылған шабындықтар мен жайылымдардың жер учаскелерi, сондай-ақ бақтардың егiске пайдаланылатын қатар аралығы егiстiкке жатпайды.
Тыңайған жер - бұрын егiстiк құрамында болған және күзден бастап бiр жылдан аса ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылмайтын және пар айдауға әзiрленбеген жер учаскесi.
Көп жылдық екпелер - жемiс-жидек, техникалық және дәрi-дәрмек өнiмдерiнiң түсiмiн алуға, сондай-ақ аумақты сәндеп безендiруге арналып қолдан отырғызылған көп жылдық ағаш, бұта екпелерiне пайдаланылатын жер учаскелерi.
Табиғи шабындықтар - шөп шабу үшін жүйелi түрде пайдаланылатын жер учаскелерi.
Жайылым - ауыл шаруашылығы жануарларын жыл бойы немесе маусымдық жаю үшін берілетін және пайдаланылатын жер учаскелері. Жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын жаю кезінде, жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормалары сақталған кезде жайылымдардың өнімділігі жайылатын ауыл шаруашылығы жануарларына жемшөп қажеттілігінен асатын жағдайларда, жемшөп дайындау мақсатында шөп шабуға рұқсат етіледі.
Түбегейлi жақсартылған шабындықтар - шөп егу арқылы жаңа шалғын өсірілген шабындық учаскелерi.
Түбегейлі жақсартылған жайылымдар - көпжылдық шөптердің шығымдылығы жоғары соттарын егу арқылы жаңа шалғын өсірілген жайылым учаскелері.
Суландырылған жайылымдар - тиiстi мал басын сапасы ойдағыдай сумен қамтамасыз ете алатын су көздерi (көлдер, өзендер, тоғандар, апандар, суару және суландыру каналдары, құбырлы немесе шегендi құдықтар) бар жайылымдар.
Көпшілік пайдаланатын жайылымдар - елді мекендердің іргелес аумағында орналасқан және мемлекет меншігіндегі, жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларының аналық мал басын жаю бойынша жергілікті халық мұқтажын қанағаттандыруға арналған жайылымдар.