1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабiлеттiлiгi оның өз қаржылық мiндеттемелерiн уақытылы және толық орындау қабiлетiмен анықталады.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы төлем қабiлеттiлiгiнiң көрсеткiштерi, активтердiң өтiмдiлiгi ескерiле отырып, қабылданған мiндеттемелер мен активтер арасындағы нормативтiк арақатынастардың сақталуы болып табылады.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық тұрақтылығы сыртқы қаржылық және өзге де факторлардың қолайсыз әсер ету мүмкiндiгiн ескере отырып, сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша қабылданған мiндеттемелердiң бүкiл қолданылу мерзiмi iшiнде өзiнiң төлем қабiлеттiлiгiн сақтау қабiлетiмен айқындалады.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық тұрақтылығының көрсеткiштерi:
1) жарғылық және өз капиталының ең аз мөлшерiн;
2) активтердiң құны және олардың әртараптандырылу дәрежесiн;
3) сақтандыру резервтерiнiң және өзге де мiндеттемелердiң мөлшерiн;
4) төлем қабiлеттiлiгiнiң көрсеткiштерiн;
5) сақтандыру және қайта сақтандыру бойынша мiндеттемелер көлемiнiң арақатынасын;
6) көрсетiлетiн сақтандыру және қайта сақтандыру қызметiнiң рентабельдiлiгiн (пайда келтiруiн);
7) жүзеге асырылатын инвестициялық саясаттың тиiмдiлiгiн қамтиды.
3. Уәкiлеттi органның белгiлеуiмен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабiлеттiлiгi мен қаржылық тұрақтылығын айқындаған кезде оның активтерiнiң құны оларды сапасы мен өтiмдiлiгi бойынша сыныптауды ескере отырып есептеп шығарылады.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз капиталы сақтандыру резервтерi мен өзге де мiндеттемелердiң сомасына азайтылған барлық активтердiң құны ретiнде айқындалады.
5. Жарғылық және өз капиталының ең аз мөлшерiне, активтердi әртараптандыру дәрежесiне, оларды орналастыру (инвестициялау) тәртiбiне, сақтандыру резервтерiнiң құрылымына қойылатын талаптарды, сондай-ақ активтердi сапасы мен өтiмдiлiгi бойынша сыныптауды ескере отырып, олардың құнын есептеу әдiстемесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 46-бап өзгертілді
46-бап. Пруденциялық нормативтер және сақталуға мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттер
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және шоғырландырылған негiзде қадағалау жүзеге асырылатын тұлғалардың төлем қабiлеттiлiгi мен қаржылық тұрақтылығын қадағалау олар үшiн пруденциялық нормативтер және сақталуға мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттер белгiлеу арқылы жүргiзiледi.
2. Пруденциялық нормативтердi уәкiлеттi орган белгiлейдi және ол, атап айтқанда:
1) төлем қабiлеттiлiгiнiң нормативтерiн;
2) қаржылық тұрақтылық нормативтерiн қамтиды.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандырудың немесе қайта сақтандырудың жекелеген шарттары бойынша мiндеттемелерiнiң ең көп көлемi өз капиталы мен сақтандыру резервтерi сомасының он процентiнен аспауы керек.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру немесе қайта сақтандыру шарты бойынша мiндеттемелердi, тек қабылданған мiндеттемелердiң орындалуы жөнiндегi тәуекелдердiң артық бөлiгi қайта сақтандырылған жағдайда ғана, осы баптың 3-тармағында көрсетiлген нормативтен асырып қабылдауға құқығы бар.
5. Қайта сақтандыруды жүзеге асырған кезде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өзiнiң ұстағаны, егер бұл ретте осы баптың 3-тармағының талаптары бұзылмайтын болса, қайта сақтандыруға берiлген сақтандыру шарты бойынша мiндеттеменiң жалпы көлемiнiң кем дегенде бec процентiн құрауы тиiс.
6. Уәкiлеттi орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық есебiне кiрмейтiн туынды қаржы құралдарының бар екендiгi туралы мәлiметтердi ашу жөнiнде және оларды пайдалануды шектеу жөнiнде талаптар белгiлеуге құқылы.
7. Пруденциялық нормативтердi есептеулердiң нормативтік маңызы мен әдiстемесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 47-бап өзгертілді
47-бап. Сақтандыру резервтерi
1. Сақтандырудың және қайта сақтандырудың қолданылып жүрген шарттары бойынша қабылдаған мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету үшiн сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының актуарий есептеген көлемде қалыптасқан сақтандыру резервтерiнiң болуы мiндеттi.
2. Сақтандыру резервтерiнiң қаражаты тек қана сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қолданылып жүрген сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша өз мiндеттемелерiн орындауға байланысты сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға арналған.
3. Сақтандыру резервтерiн есептеу әдiстемесiн қалыптастыруға және сақтандыру резервтерiнiң қаражатын орналастыру тәртiбiне қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
48-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мәмiлелер жасауына қойылатын шектеулер
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жинақталымы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз капиталының он процентiнен асатын мөлшерде заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысуына тыйым салынады, бұған мына жағдайлар:
1) басқа қаржы ұйымдарының жарғылық капиталына қатысу;
2) акциялары листингтен өткен және ұйымдастырылған сауда алаңдарында бiр эмитенттiң шығарған акцияларының жалпы санының он бес процентiнен аспайтын мөлшерде айналымға жiберiлген заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу қосылмайды.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына толық серiктестiктiң, қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiктiң ұйымдық-құқықтық нысанына ие заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуға, сондай-ақ сенiм (коммандиттiк) серiктестiгiнде толық серiктес мәртебесiне ие болуына тыйым салынады.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына өз капиталы мөлшерiнiң он процентiнен асатын көлемде заемдар тартуға тыйым салынады. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына тартылған заем мерзiмi үш айдан аспауы керек.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы бес күн мерзiмде өз мүлкiнiң кепiлi, кепiлдiк беру немесе басқа да баланста көрсетiлмеген мiндеттемелердi қабылдағаны туралы уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кепiлдiгi тiзiлiмiн жүргiзуге және өзге де мiндеттемелерiне байланысты қосымша талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
49-бап. Сақтандыру бойынша iрi мәмiлелер жасау
1. Егер сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жауапкершiлiк лимитi (сақтандыру сомасы немесе өздiгiнен ұстап қалу) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген нормативтен асып кетсе, сақтандыру (қайта сақтандыру) бойынша мәмiле iрi мәмiле деп танылады.
2. Iрi мәмiле жасау туралы шешiмдi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының директорлар кеңесi актуарийдiң алдын ала қорытындысы негiзiнде бекiтуге тиiс.
50-бап. Бағалы қағаздармен және вексельдермен мәмiлелер жасау
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларымен жасалған мәмiлелер Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес осы Заңда көзделген ерекшелiктердi ескере отырып тiркеледi.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының алтын акция, артықшылық берiлген акциялар, облигациялар, өзге де борыштық және солардан туындайтын бағалы қағаздар мен вексельдер шығаруға құқығы жоқ.
ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 51-бап өзгертілді
51-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларымен жасалған мәмiлелердi бақылау
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретiн акцияларының жалпы санының бес процентiнен астам дауыс беретiн акцияларын меншiк құқығына немесе басқару құқығына алатын тұлға уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша күнтiзбелiк он күн iшiнде уәкiлеттi органға көрсетiлген мәмiленiң жасалғандығы туралы жазбаша хабарлама табыс етуге мiндеттi.
1) мәмiленiң нәтижесiнде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретiн акциялары жинақталымының жиырма бес процентiнен астамын бiр тұлға немесе қосылма тұлғалар тобы иеленетiн, басқаратын немесе кепiлге иеленетiн болса;
2) осы Заңның 35-бабының 2-тармағындағы тармақшалардың бiрiне қатысы бар тұлға мәмiле тараптарының бiрi болып табылса уәкiлеттi органының алдын ала рұқсатын алуға мiндеттi.
2. алып тасталды
3. Оффшорлық аймақта тiркелген ұйым мәртебесiне ие заңды тұлғаның немесе оффшорлық аймақта тiркелген жарғылық капиталына заңды тұлғалар тiкелей немесе қосылма тұлғалар арқылы қатысатын заңды тұлғаның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретiн акциялары санының бес проценттен астам мөлшерiндегi дауыс беретiн акцияларды иеленуге құқығы жоқ.
4. Осы баптың талаптары сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының акцияларымен және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының акцияларына шығарылған депозитарийлiк қолхаттармен жасалған мәмiлелердiң барлық түрiне қолданылады.
52-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бiрлескен қызметке қатысуы
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы консорциум немесе жай серiктестiк құруға қатысуға құқылы.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қатысуымен бiрлескен қызмет туралы шарт оны жасаған күннен бастап он күн iшiнде уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, онымен және оның құрылтайшыларымен қосылма тұлғалардың және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары қатысатын консорциумдар мен жай серіктестіктерге қатысушы ұйымдардың қызметін қадағалау ынтымақтасқан негiзде жүзеге асырылады. Ынтымақтасып қадағалау ережелерiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
10-тарау. Санкциялар және өзге де ықпал ету шаралары
ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 53-бап өзгертілді
53-бап. Нұсқама және санкциялар
1. Сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдар бұзылған жағдайда уәкiлеттi орган анықталған жолсыздықтарды жою туралы сақтандыру қызметi субъектiлерiне жазбаша нұсқама жiберуге құқылы.
Жазбаша нұсқама - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының анықталған кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған, орындалуы мiндеттi түзету шараларын қолдану туралы нұсқамасы.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына санкцияларды уәкiлеттi орган не сот осы Заңға сәйкес қолданады.
3. Уәкiлеттi орган санкциялар ретiнде мынадай шаралар қолдануға:
1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген негiздер бойынша айыппұл салуға;
2) осы Заңның 54-бабында белгiленген негiздер бойынша лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға;
3) осы Заңның 55-бабында көзделген негiздер бойынша лицензияны керi қайтарып алуға;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары акцияларын оның акционерлерiнен мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм қабылдауға және оларды осы Заңның 61-бабының талаптарына сәйкес жаңа инвесторларға сатуға;
5) осы Заңның 34-бабында аталған адамдарды осы мәселенi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тиiстi органы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аталған басшы қызметкерiнiң iс-әрекетiн Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмейдi деп тануға жеткiлiктi деректер негiзiнде қарағанға дейiн қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттетуге құқылы.
ҚР 11.06.03 ж. N 436-11 Заңымен 54-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
54-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокерi лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру
1. Мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) уәкiлеттi органның сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдардың бұзылуын жою туралы жазбаша нұсқамасын орындамаған;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген пруденциялық нормативтердiң талаптарын және өзге де сақталуға мiндеттi нормалар мен лимиттердi сақтамаған;
3) қатарынан екi ай бойы уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген есептi табыс етпеген;
4) сақтандыру қызметiн тексеруге байланысты уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде талап еткен құжаттар мен ақпаратты беруден бас тартқан;
5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басшы қызметкерлерiн келiсу тәртiбiне байланысты талаптарды бұзған;
6) уәкiлеттi орган салған айыппұлды белгiленген мерзiмде төлемеген;
7) бухгалтерлiк есепте сақтандыру (қайта сақтандыру) жөнiндегi қаржы операцияларын тиiсiнше көрсетпеуге, сондай-ақ есепке алудың өзге де мiндеттi нысандарын жүргiзуге байланысты Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу фактiсi анықталған;
8) лицензия беруге негiз болған құжаттарда жалған ақпарат беру фактiсi анықталған ;
9) сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату кезінде міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтанушылардың (сақтандырылушылардың, пайда алушылардың) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін қорға міндетті немесе төтенше жарналарды соңғы он екі айдың ішінде екі және одан да көп рет төлемеген, уақытылы төлемеген не толық көлемінде төлемеген жағдайларда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары мен сақтандыру брокері лицензиясының қолданылуы алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру оның жаңа сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасауына, қолданылып жүрген сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын ұзартуды қоса, тыйым салуға әкеп соғады. Бұрын жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өзi қабылдаған мiндеттемелердi орындауға мiндеттi.
3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың негiздерi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
Мұндай шешiм сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атқарушы органының назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған болып есептеледi.
4. Осы баптың 1-тармағының 2) және 5) тармақшаларындағы талаптар сақтандыру брокерiне қатысты қолданылмайды.
ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 55-бап өзгертілді
55-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокерiнiң лицензиясын керi қайтарып алу
1. Уәкiлеттi орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар белгiленген мерзiмде жойылмаған;
2) лицензияның қолданылуы бiрнеше рет (соңғы он екi айдың iшiнде екi рет) тоқтатыла тұрған;
2-1) уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңдарын бұзушылықты жою жөнiндегi жазбаша нұсқамасын бiрнеше мәрте (қатарынан он екi күнтiзбелiк ай iшiнде екi және одан да көп рет) орындамаған;
3) сот сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының немесе сақтандыру брокерiнiң қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылдаған;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы немесе сақтандыру брокерi қызметiн өз еркiмен тоқтатқан;
5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабiлетi болмаған жағдайларда лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм шығаруға құқылы.
2. Керi қайтарып алу туралы шешiмде оны керi қайтарып алудың негiздемесi көрсетiлуге тиiс.
3. Лицензиясы керi қайтарылып алынған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру қызметiн немесе өзге де қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ұстауға арналған ағымдағы шығыстарға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына түсетiн ақшаны есепке алуға және бұрын жасалып, сақтандыру оқиғасы туындаған сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерiн жүргiзуге байланысты жағдайларды қоспағанда, қолда бар банк шоттары бойынша барлық операцияларды тоқтатуға мiндеттi.
ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 56-бап өзгертілді
56-бап. Сақтандыру қызметi субъектiлерi мен сақтандыру брокерiнiң лицензиясын қайтарып алудың зардаптары
1. Сақтандыру қызметi субъектiлерi мен сақтандыру брокерiнiң лицензияларын керi қайтарып алу туралы шешiмi оның лицензиат назарына жеткiзiлген не баспасөзде жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi. Лицензияны керi қайтарып алу туралы ақпарат екi республикалық газетте жарияланады.
2. Лицензия керi қайтарылып алынған күннен бастап он бес күн iшiнде уәкiлеттi орган сотқа заңдарда белгiленген тәртiппен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерiнiң қызметiн мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтiнiшпен жүгiнуге мiндеттi.
3. Лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм күшiне енген күннен бастап уәкiлеттi орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiн тағайындайды, оған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының барлық басқару органдарының өкiлеттiгi көшедi.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бұрын жұмыс iстеп келген органдарының өкiлеттiгi тоқтатыла тұрады. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерiнiң лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмiне сот тәртiбiмен шағым жасауға құқығы бар.
4. Уақытша әкiмшiлiк өз қызметiн уәкiлеттi орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясын тағайындағанға дейiнгi кезеңде жүзеге асырады.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiнiң қызметiне сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы тағайындалғанға дейiн бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiнiң есебi уәкiлеттi органға және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату туралы шешiм қабылдаған сотқа ұсынылады.
Уақытша әкiмшiлiктiң сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттары мен мүлкiн уақытша әкiмшiлiктен тарату комиссиясының төрағасына беру төрт дана етiп жасалатын қабылдау-өткiзу актiсiмен ресiмделедi және оны уәкiлеттi орган бекiтедi. Бекiтiлген актiнiң бiр данасы ic материалдарына тiгу үшiн сотқа жiберiледi.
6. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiнiң өз қызметi кезеңiнде, осы Заңның 55-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, шығыс операцияларын жүзеге асыруға құқығы жоқ.
7. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiк тағайындалған кезеңдегi жұмыс тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
8. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiнiң құрамына енгiзiлген уәкiлеттi орган қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу жағдайларын қоспағанда, уәкiлеттi органның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және тарату комиссиясының қызметiн мәжбүрлеп тоқтату жөнiндегi сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкi болмаған жағдайларда не осы шығыстарды жабу үшiн оның құны жеткiлiксiз болса, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын мерзiмдiк екi баспасөз басылымында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату жөнiнде сот қабылдаған шешiм туралы ақпаратты жариялау бойынша шығыстарын жабу үшiн шығыстарды қаржыландыруына тыйым салынады.
57-бап. Уәкiлеттi аудитор лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру
1. Уәкiлеттi аудитор лицензиясының қолданылуын уәкiлеттi орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) уәкiлеттi органның жазбаша сұратуы бойынша құжаттарды және ақпаратты бермеген;
2) аудиторлық қызметтi сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдардың талаптарын бұза отырып жүзеге асырған;
3) аудиторлық ұйымда сақтандыру қызметiне аудит жүргiзуге уәкiлеттi органның қолданылатын лицензиясы бар аудитор болмаған;
4) лицензия беруге негiз болған құжаттарда жалған ақпарат беру фактiсi анықталған жағдайда алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата алады.
2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың негiздемесi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Мұндай шешiм лицензиаттың назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған болып есептеледi.
58-бап. Уәкiлеттi аудитордың лицензиясын керi қайтарып алу
1. Уәкiлеттi орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар белгiленген мерзiмде жойылмаған;
2) лицензияның қолданылуы бiрнеше рет (соңғы он екi айдың iшiнде екi рет) тоқтатыла тұрған;
3) аудит барысында алынған және сақтандыру құпиясы немесе коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтер жарияланған немесе үшiншi тұлғаға (уәкiлеттi органнан басқасына) берiлген;
4) уәкiлеттi аудитор аудиторлық қызметке жатқызылған мәселелер бойынша жалған қорытынды (растау) берген;
5) лицензия беруден бас тартуға негiз болатын мән-жайлар туындаған;
6) жалпы аудиторлық қызметтi лицензиялау жөнiндегi тиiстi органның аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмi болған;
7) сот уәкiлеттi аудитордың лицензиясын керi қайтарып алу немесе қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылдаған;
8) уәкiлеттi аудитордың қызметi тоқтатылған жағдайда лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм шығаруға құқылы.
2. Лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмде оны керi қайтарып алу негiздемесi көрсетiлуге тиiс. Мұндай шешiм лицензиаттың назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензия керi қайтарылып алынған болып есептеледi.
59-бап. Актуарий лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру
1. Актуарий лицензиясының қолданылуын уәкiлеттi орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде талап еткен мiндеттi актуарий қорытындысын және өзге де құжаттарды беруден бас тартқан;
2) сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдардың талаптарын бұза отырып актуарий қызметiн жүзеге асырған;
3) лицензия беруге негiз болған құжаттарда жалған ақпарат беру фактiсi анықталған;
4) актуарий осы Заңның 40-бабының 3-тармағына сәйкес бiлiктiлiк емтиханын тапсырмаған;
5) лицензияланған қызметтi сақтандыру рыногында соңғы екi жыл бойы жүзеге асырмаған жағдайда алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұра алады.
2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың негiздемесi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Мұндай шешiм лицензиаттың назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған болып есептеледi.
60-бап. Актуарийдiң лицензиясын керi қайтарып алу
1. Уәкiлеттi орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар белгiленген мерзiмде жойылмаған;
2) лицензияның қолданылуы бiрнеше рет (соңғы он екi айдың iшiнде екi рет) тоқтатыла тұрған;
3) актуарий есептеулерiн жүргiзу барысында алынған және сақтандыру құпиясы немесе коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтер жария етiлген немесе үшiншi тұлғаға (уәкiлеттi органнан басқасына) берiлген;
4) осы Заңның 19-бабының 6-тармағындағы талаптар орындалмаған;
5) сот актуарийдiң кәсiпкерлiк қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылдаған жағдайларда лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм шығаруға құқылы.
2. Лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмде оны қайтарып алудың негiздемесi көрсетiлуге тиiс. Мұндай шешiм лицензиаттың назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензия керi қайтарылып алынған болып есептеледi.
ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 61-бап өзгертілді
61-бап. Акцияларды мәжбүрлеп сатып алу
1. Уәкiлеттi орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында активтердiң сапасы мен өтiмдiлiгi бойынша оларды сыныптау ескерiле отырып есептелген құны мен мiндеттемелер арасында терiс айырма барын анықтаған жағдайда уәкiлеттi орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын олардың акционерлерiнен мәжбүрлеп сатып алып, оларды сақтандыру және қайта сақтандыру шарты бойынша барлық мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жағдайында сатып алуға тiлек бiлдiрген жаңа инвесторға сату туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Акцияларды мәжбүрлеп сатып алу, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мiндеттемелерi шегерiлiп, баланстық құннан аспайтын, бiрақ оның активтерiнiң сапасы мен өтiмдiлiгiн ескере отырып есептелген құннан төмен болмайтын жиынтық құн бойынша жүргiзiледi.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сатып алынған акцияларын олардың сатып алынған бағасынан төмен емес бағамен сатуды уәкiлеттi орган жүргiзедi.
Акцияларды акционерлерден сатып алу бағасы мен акцияларды жаңа инвесторларға сату бағасының арасындағы айырма акционерлерге жiберiледi.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын мәжбүрлеп сатып алу мен оларды кейiннен жаңа инвесторға сату тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.