92-бап. Сарапшының құқықтары мен міндеттері
1. Сарапшының: істің сараптама нысанасына қатысты материалдарымен танысуға; қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне беру туралы өтінім жасауға; соттың рұқсатымен сот отырысына қатысуға және оған қатысушыларға сараптама нысанына қатысты сұрақтар қоюға; тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеті мен жауаптарының толық әрі дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті ескертулер жасауға; өзінің бастамасы бойынша сараптама жүргізу кезінде белгілі болған, іс үшін маңызы бар мән-жайларды қорытындыда көрсетуге; өзінің ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақ беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; сараптама жүргізу кезінде өз құқығына нұқсан келтіретін сот әрекетіне шағым жасауға; өзінің арнаулы білімінің шегінен тысқары мәселелер бойынша, сондай-ақ егер өзіне берілген материалдар қорытынды беру үшін жеткіліксіз болған жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға; сараптама жүргізу кезінде келтірілген шығындарға өтем және егер сот сараптамасын жүргізу өзінің қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмесе, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.
2. Сарапшының: соттан басқа іске қатысушы адамдармен сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге; сараптамалық зерттеу үшін өз бетінше материалдар жинауға; егер сараптама тағайындаған соттың оған арнаулы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқығы жоқ.
3. Сарапшы соттың шақыруы бойынша келуге; өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген және объективті қорытынды беруге; жүргізілген зерттеулер мен берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақ беруге міндетті.
4. Көрінеу жалған қорытынды бергені үшін сарапшы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 352-бабында көзделген қылмыстық жауаптылықта болады.
93-бап. Сараптама жүргізу тәртібі
1. Сараптама зерттеу сипатына не сот отырысында зерттеу үшін объектілерді жеткізудің мүмкіндігі жоқтығына немесе қиындығына байланысты сотта немесе соттан тыс жүргізіледі.
2. Сараптамалық зерттеу объектілерінің дұрыстығына және жол берілгендігіне сот кепілдік береді.
3. Сараптамалық зерттеудің объектілері, егер олардың көлемі және қасиеттері мүмкіндік берсе, сарапшыға буылып-түйілген және мөрлеп бекітілген түрде беріледі. Қалған жағдайларда сараптаманы тағайындаған сот сарапшыны зерттеу объектілері тұрған орынға жеткізуді, оларға кедергісіз бара алуын және зерттеу жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге тиіс.
4. Іске қатысушы адамдар сараптама жүргізу кезінде, соттан тыс сараптама жүргізу кезінде сарапшылардың қалыпты жұмысына кедергі келтіретін жағдайларды қоспағанда, қатысуға құқылы. Іске қатысушы адамдарды сараптама жүргізуге қатыстыру туралы өтініштерді сот қанағаттандырған жағдайда аталған адамдарға сараптама жүргізілетін орын мен уақыт хабарланады. Хабарландырылған адамдардың келмеуі сараптама жүргізуге кедергі келтірілмейді.
5. Соттан тыс сараптама жүргізу кезінде іске қатысушы адамдар болған жағдайда, сот приставының міндетті түрде қатысуын сот белгілейді.
6. Сараптаманы жүргізу сот сараптамасы органына тапсырылған кезде сот сараптама тағайындау туралы ұйғарымды және қажетті материалдарды оның басшысына жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органының ұйғарымда көрсетілген қызметкері жүргізеді. Егер сараптама тағайындау ұйғарымында нақты сарапшы көрсетілмесе, сарапшыны таңдауды сот сараптамасы органының басшысы жүзеге асырады, бұл туралы сараптама тағайындаған сотқа хабарлайды.
7. Сот сараптамасы органының басшысы сараптама жүргізуді ұйымдастырады, оны жүргізу мерзімдерін белгілейді, сараптамалық зерттеудің сапалы жүргізілуіне және сараптама объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асырады.
8. Сот сараптамасы органының басшысы сарапшыға зерттеу нәтижесін және қорытындының мазмұнын алдын ала шешетін нұсқаулар беруге құқылы емес.
9. Сараптама жүргізуге байланысты шағындарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 108-бабының ережелері бойынша жүргізіледі.
94-бап. Жеке және комиссиялық сараптама
1. Сараптама жүргізуді сарапшы жеке не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.
2. Комиссиялық сараптама күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандықтағы бірнеше сарапшы жүргізеді.
3. Сараптамалық комиссияның мүшелері алынған нәтижелерді бірлесіп талдайды және ортақ пікірге келе отырып, қорытындыға қол қояды не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаға қол қояды. Сарапшылар арасында келіспеушілік болған жағдайда олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бір бөлігі жеке қорытынды береді не пікірі комиссияның басқа мүшелерінің қорытындысымен сәйкес келмейтін сарапшы пікірін қорытындыда жеке тұжырымдайды.
4. Соттың комиссиялық сараптама жүргізу туралы ұйғарымы сот сараптамасы органының басшысы үшін міндетті болып табылады. Сот сараптамасы органының басшысы табыс етілген материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
95-бап. Кешенді сараптама
1. Кешенді сараптама іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін әртүрлі білім саласының негізінде зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны мамандығы әртүрлі сарапшылар өздерінің құзыреті шеңберінде жүргізеді.
2. Кешенді сараптаманың қорытындысында әрбір сарапшының қандай зерттеуді, оны қандай көлемде жүргізгені және оның қандай қорытындыға келгені көрсетілуге тиіс. Әрбір сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлігіне қол қояды.
3. Әрбір сарапшы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықтау үшін сараптама тағайындалған мән-жайлар туралы ортақ қорытынды (қорытындылар) тұжырымдайды. Ортақ қорытындыны (қорытындыларды) алынған нәтижелерді бағалауға құзыреті бар сарапшылар ғана тұжырымдайды және оған қол қояды. Егер комиссияның түпкілікті қорытындысына немесе оның бір бөлігінде сарапшылардың бірі (жекелеген сарапшылар) анықтаған фактілер негіз болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетілуге тиіс.
4. Сарапшылар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда зерттеулердің нәтижелері осы Кодекстің 94-бабының үшінші бөлігіне сәйкес ресімделеді.
5. Сот сараптамасы органына тапсырылған кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру оның басшысына жүктеледі. Сот сараптамасы органының басшысы сондай-ақ табыс етілген материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
96-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сарапшының қорытындысы - бұл сарапшының алдына сот немесе тараптар қойған мәселелер бойынша іс материалдарын зерттеуге, оның ішінде арнайы ғылыми білімдерді пайдалана отырып жүргізілген заттай дәлелдемелер мен үлгілерге негізделген осы Кодексте көзделген жазбаша нысанда ұсынылған қорытындылар.
2. Қажетті зерттеулер жүргізілгеннен кейін оның нәтижелерін ескере отырып сарапшы (сарапшылар) өз атынан қорытынды жасап, оны өз (олардың) қолын қоюы және жеке мөрі арқылы растап, сараптама тағайындаған сотқа жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргізген жағдайда сарапшының (сарапшылардың) қолы аталған органның мөрімен куәландырылады.
3. Сарапшының қорытындысында: қашан, қай жерде, кім (тегі, аты, әкесінің аты, білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс стажы, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын қызметі) қандай негізде сараптама жүргізілгені, көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылығы туралы өзіне ескертілгені туралы сарапшының қол қоюы арқылы куәландырылған белгі; сарапшының алдына қойылған сұрақтар; сараптама жүргізу кезінде кімнің қатысқаны және қандай түсініктемелер берілгені; сарапшы істің қандай материалдарын пайдаланғаны; қандай объектілердің зерттелгені; қандай зерттеулер жүргізілгені, қандай әдістер қолданылғаны және олардың қандай дәрежеде сенімді екені; қойылған сұрақтарға негізді жауаптар көрсетілуге тиіс. Егер сараптама жүргізу кезінде сарапшы іс үшін маңызы бар, олар туралы сұрақ қойылмаған мән-жайларды анықтаса, ол бұларды өз қорытындысында көрсетуге құқылы.
4. Егер зерттеу барысында осы Кодекстің 97-бабында аталған мән-жайлар анықталса, қорытындыда қойылған сұрақтардың бәріне немесе олардың кейбіреуіне жауап берудің мүмкін болмауының негіздемесі қамтылуға тиіс.
5. Қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер, сондай-ақ фотокестелер, тәсімдер, графиктер, кестелер және сарапшының қорытындысын растайтын басқа да материалдар қоса тіркелуге тиіс. Қорытындының қосымшасына сарапшы (сарапшылар) қол қояды.
6. Сарапшының ауызша түсініктемесі ол бұрын берген қорытындының бөлігін ғана түсіндірудің дәлелдемелері болып табылады.
7. Сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайды, бірақ оның қорытындымен келіспеуі дәлелді болуға тиіс.
97-бап. Қорытынды берудің мүмкін еместегі туралы хабарлама
Егер сарапшының зерттеу жүргізгенге дейін оның алдына қойылған мәселелер өзінің арнайы білімдерінің шегінен тыс екеніне не оған ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жарамсыз немесе жеткіліксіз екеніне және олардың толықтырылуы мүмкін емес екеніне, не ғылым мен сараптама практикасының жай-күйі қойылған сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік бермейтініне көзі жетсе, ол қорытынды берудің мүмкін еместегі туралы дәлелді хабарлама жазып, оны сотқа жібереді.
98-бап. Қосымша және қайталама сараптама
1. Қосымша сараптама қорытынды жеткілікті түрде айқын немесе толық болмаған, сондай-ақ бұрын зерттелген мән-жайларға қатысты жаңа мәселелер туындаған кезде тағайындалады.
2. Қосымша сараптама жүргізу сол сарапшының өзіне немесе басқа сарапшыға тапсырылуы мүмкін.
3. Қайталама сараптама сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткілікті түрде негізделмеген не оның дұрыстығы күмән тудырған, не сараптама жүргізудің іс жүргізу нормалары елеулі бұзылған кезде дәл сол объектілерді зерттеу және дәл сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады.
4. Қайталама сараптама тағайындау туралы ұйғарымда алдыңғы сараптаманың нәтижелеріне келіспеудің дәлелдері келтірілуге тиіс.
5. Қайталама сараптама жүргізу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргізген сарапшылар қайталама сараптама жүргізілген кезде қатысып, комиссияға түсініктемелер бере алады, алайда олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.
6. Қосымша және қайталама сараптама жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары табыс етілуге тиіс.
99-бап. Маманды іс жүргізу әрекеттеріне қатыстыруға тарту
1. Іс жүргізу әрекеттеріне қатыстыру үшін консультациялар алу және ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға жәрдем көрсету мақсатында сот мамандар тартуға құқылы. Маман тараптар ұсынған адамдардың арасынан тартылуы мүмкін.
2. Маманды тағайындау сот ұйғарымымен ресімделеді.
3. Маман ретінде шақырылған адамның: өзінің шақырылуы мақсатын білуге; егер арналуы білімі мен дағдысы болмаса, іс бойынша іс жүргізуге қатысудан бас тартуға; соттың рұқсатымен іс жүргізу әрекетіне қатысушыларға сұрақтар беруге; іс жүргізу әрекетіне қатысушылардың назарын заттарды немесе құжаттарды табу, бекіту және алу кезінде, ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, сараптама тағайындау үшін материалдарды дайындау кезінде өзінің іс-әрекетіне байланысты мән-жайларға аударуға; өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және өзінің қатысуымен жүргізілген әрекеттердің барысы мен нәтижелері көрсетілуінің толымдығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті мәлімдемелер мен ескертпелер жасауға; соттың іс-әрекетіне шағым жасауға; өзінің іс жүргізу әрекеттеріне қатысуға байланысты өзіне келтірілген шығындарға өтем және іс бойынша іс жүргізуге қатысу оның қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.
4. Маман болып тағайындалған адам: соттың шақыруы бойынша келуге; арнаулы білімді, дағдылар мен ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге және сот ісін қарауға қатысуға; консультациялар беруге, өзі орындаған әрекеттер бойынша түсініктемелер беруге міндетті.
8-тарау. Сот шығындары
100-бап. Сот шығындары ұғымы және олардың құрамы
Сот шығындары мемлекеттік баж бен іс жүргізуге байланысты шығындардан тұрады.
ҚР 24.12.01 ж. N 276-II Заңымен 101-бап өзгертілді
101-бап. Мемлекеттік баж
Мемлекеттік бажды төлеудің тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгіленеді.
102-бап. Талап қою бағасы
1. Талап қою бағасы:
1) ақша қаражатын өндіріп алу туралы талап қоюларда - өндірілетін сомамен;
2) мүлікті талап ету туралы талап қоюларда - талап ету кезінде мүліктің тұрған жерінде нарық бағасы бойынша анықталатын, табылған мүліктің құнымен;
3) алименттер өндіріп алу туралы талап қоюларда - бір жыл ішіндегі төлемдердің жиынтығымен;
4) мерзімді төлемдер мен оларды беру туралы талап қоюларда - барлық төлемдер мен берулердің жиынтығымен, бірақ үш жылдан аспайтын жиынтығымен;
5) мерзімсіз және өмір бойы төлемдер мен берулер туралы талап қоюларда - үш жыл ішіндегі төлемдер мен берулердің жиынтығымен;
6) төлемдерді немесе берулерді азайту немесе көбейту туралы талап қоюларда - өтінуші азайтуға немесе көбейтуге үміт артатын жалпы сомамен, бірақ бір жылдан аспайтын сомамен;
7) төлемдер мен берулерді тоқтату туралы талап қоюларда - қалған төлемдер мен берулердің жиынтығымен, бірақ бір жылдан аспайтын жиынтығымен;
8) мүліктік жалдау (жалға алу) шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы талап қоюларда - шарттың (келісім-шарттың) қолданылуының қалған мерзімінде мүлікті пайдаланғаны үшін төленетін төлемдердің жиынтығымен, бірақ үш жылдан аспайтын жиынтығымен;
9) азаматтар мен заңды тұлғаларға тиесілі құрылыстарға меншік құқығы туралы талап қоюларда - талап қою жасалған күнгі құрылыс тұрған жердегі нарық бағасы бойынша белгіленген құрылыс құнымен айқындалады, бірақ ол түгендеу бағасынан кем болмауға, немесе ол болмаған кезде - сақтандыру шарты бойынша бағалаудан төмен болмауға, ал ұйымдарға тиесілі құрылыстар үшін құрылыстың баланстық бағасынан төмен болмауға тиіс бағасымен;
10) бірнеше дербес талаптардан тұратын талап қоюларда - барлық талаптардың ортақ сомасымен айқындалады.
2. Талап қоюдың бағасын талап қоюшы көрсетеді. Көрсетілген бағаның табылған мүліктің шын мәніндегі бағасына анық сәйкес келмеген жағдайда талап қою бағасын талап арызын қабылдау кезінде судья айқындайды.
103-бап. Мемлекеттік бажды қосымша төлеу
1. Талап қою кезінде оның бағасын анықтау қиын болған жағдайда мемлекеттік баж мөлшерін сот істі шешу кезінде анықтаған талап қою бағасына сәйкес келетін бажды кейіннен қосымша өндіріп алу арқылы судья алдын ала белгілейді.
2. Істі қарау кезінде талап қою мөлшері ұлғайған жағдайда, баждың жетіспейтін сомасын талап қоюшы талаптың көбейген бағасына сәйкес қосымша төлейді.
ҚР 24.12.01 ж. N 276-II Заңымен 104-бап өзгертілді
104-бап. Мемлекеттік баж төлеуден босату
1. Мемлекеттік баж төлеуден босату Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2. Сот тараптардың мүліктік жағдайын негізге ала отырып, бір немесе екі тарапты да мемлекеттің кірісіне өндіріп алынатын мемлекеттік бажды төлеуден босатуға құқылы.
3. Осы Кодекстің 55, 56-баптарында аталған адамдар өздері қойған талаптан бас тартқан жағдайда мүддесінде осы талап қойылған талапкер, егер ол талапты қарауды талап етсе және мемлекеттік бажды төлеуден босатылмаса, жалпы тәртіппен мемлекеттік бажды төлеуге міндетті.
ҚР 24.12.01 ж. N 276-II Заңымен 105-бап жаңа редакцияда
105-бап. Мемлекеттiк бажды төлеудi кейiнге қалдыру немесе оның мерзiмiн ұзарту
Сот тараптың мүлiктiк жағдайын негiзге ала отырып, мемлекеттiк бажды төлеудi кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзартуға құқылы.
106-бап. Мемлекеттік бажды қайтару
1. Төленген мемлекеттік баж:
1) іс аралық сотқа берілген;
2) осы Кодекстің 337-бабында көзделген негіздер бойынша апелляциялық, кассациялық шағымдар қайтарылған жағдайда төлем жасаған адамға ішінара немесе толық қайтарылуға тиіс.
2. Мемлекеттік бажды қайтару туралы өтініш салық органына төлемді қабылдаған банктің (оның филиалының) орналасқан жері бойынша жергілікті бюджеттің кірісіне баж есептелген күннен бастап бір жылдың ішінде берілген жағдайда, ол қайтарылады.
3. Мемлекеттік баж:
1) талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан;
2) талап қоюшы өз талаптарын азайтқан;
3) іс тараптардың бітімгершілік келісімімен аяқталған жағдайларда қайтарылмайды.
107-бап. Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар
Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шағындарға:
1) куәгерлерге, сарапшыларға және мамандарға төленуге тиісті сомалар;
2) сол жерде қарау жүргізілуге байланысты шығындар;
3) заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шағындар;
4) жауапкерді іздестіру жөніндегі шығындар;
5) іс бойынша жарияланымдар мен хабарландыруларға байланысты шығындар;
6) тараптарға хабарлау және оларды сотқа шақыру жөніндегі шығындар;
7) тараптар мен үшінші тұлғалардың жолақысы және олардың сотқа келуіне байланысты шеккен тұрғын жайды жалға алу жөніндегі шығындар;
8) өкілдердің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындар;
9) соттың шешімдерін, үкімдерін, ұйғарымдарын және қаулыларын орындауға байланысты шығындар;
10) сот қажет деп таныған өзге де шығындар жатады.
108-бап. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға төленуге тиісті сомалар
1. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға сотқа келуге байланысты оларға келтірілген жол ақысы, бөлме жалдау жөніндегі шығындар өтеледі және іссапарға жіберілген адамдар үшін белгіленген мөлшерде тәулікақы төленеді. Сарапшы мен маманға сондай-ақ оларға тиесілі химиялық реактивтер мен тапсырылған жұмысты орындау кезінде олар жұмсаған басқа да шығын материалдарының құны, сонымен бірге олардың жұмысты орындау үшін құрал-жабдықтарды, коммуналдық қызметтерді пайдаланғаны және машиналық уақытты тұтынғаны үшін төлеген ақысы өтеледі.
2. Куә ретінде сотқа шақырылған жұмыс істейтін адамдарға сотқа келуге байланысты олардың болмаған уақыты үшін жұмыс істейтін жері бойынша орташа жалақысы сақталады. Еңбек қатынастарында тұрмаған куәлар өздерін әдеттегі айналысып жүрген істерінен алаңдатқаны үшін іс жүзіндегі уақыт шығындары ескеріліп және заңда белгіленген бір айлық жалақының ең төменгі мөлшері негізге алына отырып, өтемақы алады.
3. Сарапшылар мен мамандар, егер бұл жұмыс олардың қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, соттың тапсырмасы бойынша өздері орындаған жұмыс үшін сыйақы алады. Сыйақының мөлшерін тараптармен келісім бойынша сот анықтайды.
4. Сот сараптамасы органдары жүргізген сараптаманың ақысын төлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға сомаларды, сондай-ақ сот сараптамасы органы жүргізген сараптамаға ақыны тиісті өтініш берген тарап төлейді. Егер аталған өтінішті екі тарап берсе немесе куәні шақырту, сараптаманы тағайындау, маманды тарту соттың бастамасы бойынша жүргізілсе, талап етіліп отырған соманы тараптар тең бөліп төлейді.
6. Егер бұл жұмыс сарапшылар мен мамандардың қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмесе, соттың тапсырмасы бойынша істеген жұмыстары үшін оларға төленуге тиесілі сомаларды тиісті өтініш жасаған тарап сот депозитіне алдын ала төлеп қояды. Сыйақының мөлшерін тараптармен келісім бойынша сот белгілейді.
7. Сот сараптамасы органы сараптама жүргізгені не сот сараптамасы органының қызметкері болып табылатын адамның маман ретінде қатысқаны үшін төленуге тиесілі сомаларды тиісті өтініш жасаған тарап сот сараптамасы органының шотына алдын ала төлеп қояды.
8. Бір немесе екі тарап шығындарды төлеуден босатылған жағдайда сарапшылар мен мамандарға тиесілі сомаларды төлеу республикалық бюджеттің есебінен жүргізіледі.
109-бап. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу
1. Куәларға, сарапшыларға және мамандарға тиесілі сомаларды олар өз міндеттерін орындағаннан кейін депозиттік шоттан сот төлейді.
2. Аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу республикалық бюджеттің есебінен жүргізіледі. Сыйақының мөлшерін тиісті еңбекке ақы төлеудің қолданылып жүрген нормаларын негізге ала отырып сот белгілейді.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 110-бап өзгертілді
110-бап. Сот шығындарын тараптардың арасында бөлу
1. Пайдасына шешім шығарылған тарапқа, бұл тарап сот шығындарын төлеуден босатылса да, басқа тараптан іс бойынша жұмсалған барлық шығындарды сот алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығындар талап қоюшыға қойылған талаптардың сот қанағаттандырған мөлшеріне бара-бар, ал жауапкерге - талап қою талаптарының талап қоюшыға бас тартылған бөлігіне бара-бар беріледі.